Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым арасындағы Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымның Аусыл бойынша субөңірлік үйлестіру кеңсесін Астана қаласында құру туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 284-V ҚРЗ

      2013 жылғы 16 қазанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым арасындағы Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымның Аусыл бойынша субөңірлік үйлестіру кеңсесін Астана қаласында құру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы
жөніндегі дүниежүзілік ұйымы арасында Жануарлардың саулығы
жөніндегі дүниежүзілік ұйымның Аусыл бойынша субөңірлік
үйлестіру кеңсесін Астана қаласында құру туралы келісім

      Бұдан әрі бірлесе Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымы (бұдан әрі - ХЭБ),
      «Парижде халықаралық эпизоотиялық бюроны құру туралы халықаралық келісімді ратификациялау туралы» 2008 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 1924 жылы 25 қаңтардағы Парижде Халықаралық эпизоотиялық бюроны құру туралы халықаралық келісімді назарға ала отырып;
      1977 жылғы 21 ақпанда Париж қаласында жасасылған Француз Республикасының Үкіметі мен Халықаралық эпизоотиялық бюро арасында Халықаралық эпизоотиялық бюроның штаб-квартирасы және француз аумағындағы артықшылықтары мен қол сұғылмаушылығына қатысты келісімді назарға ала отырып;
      Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 19 сәуірден бастап ХЭБ мүшесі ретіндегі мәртебесін ескере отырып;
      Халықаралық эпизоотиялық бюроға жалпы атауды пайдалануға қатысты 2003 жылғы 23 мамырдағы № XVI Қарарды ескере отырып;
      жануарлардан алынатын өнімдерді дамыту жануарлар ауруларының, әсіресе, аусыл секілді трансшекаралық аурулардың алдын алу және бақылау арқылы жануарлардың саулығын жақсартуға байланысты екенін ескере отырып;
      осы Келісімнің Астана қаласында ХЭБ-тің Аусыл бойынша субөңірлік үйлестіру кеңсесін (бұдан әрі - ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі) құрумен және Қазақстан Республикасындағы ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің міндеттемелерін, артықшылықтарын және иммунитеттерін айқындаумен байланысты мәселелерін реттеуге ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      «ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі» - заңды тұлғаның құқықтары берілген, Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымның Астана қаласындағы Аусыл бойынша субөңірлік үйлестіру кеңсесі;
      «персонал» - ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің қызметіне әкімшілік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда, ХЭБ-тің Бас директоры тағайындайтын немесе іссапарға жіберетін ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің қызметкерлері;
      «отбасы мүшелері» - ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі қызметкерінің жұбайы (зайыбы), кәмелетке толмаған балалары мен асырауындағы және онымен тұрақты бірге тұратын адамдар;
      «мұрағат» — ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесіне тиесілі немесе оның иелігіндегі есептер және хат-хабарлар, құжаттар, қолжазбалар, электронды-есептеу машиналарының деректері, фототүсірілімдер, таспалар, дыбыстық жазбалар және басқа да материалдар;
      «мүлік» — ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесіне тиесілі немесе оның иелігіндегі немесе өзінің функцияларын орындау кезінде басқаруындағы қорларды немесе өзге де активтерді қоса алғандағы мүлік.

2-бап

      ХЭБ кеңсесінің қызмет аясы:
      1) суб-өңірдегі эпизоотиялық ахуал мониторингін (ХЭБ анықтайтын елдер);
      2) аусылды бақылау жөніндегі жедел ақпаратмен және қазіргі заманғы технологиялармен алмасуды;
      3) аусыл жөніндегі ғылыми ақпаратты жинауды, талдауды және таратуды;
      4) ұлттық деңгейде Аусылды прогрессивті бақылау бағдарламасын іске асыру бойынша заңнамалық базаны жетілдіруге суб-өңір шеңберінде жәрдемдесуді;
      5) аусыл екпесінің субөңірлік банкін құруды және басқаруды;
      6) Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарымен келісе отырып, ХЭБ-тің Бас директоры ХЭБ кеңсесіне жүктеген, ХЭБ мандатымен байланысты басқа да іс-шараларды қамтиды.

3-бап

      Қазақстан Республикасының аумағында ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесіне заңды тұлғаның құқықтары, оның ішінде шарт жасасу, оның қызметіне қажетті жылжымалы және жылжымайтын мүлікті иемдену және билік ету, сотта қуынушы және жауапкер болу құқығы беріледі.

4-бап

      ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі осы ғимаратқа немесе ғимараттың бір бөлігіне қызмет көрсететін жер учаскесін қоса алғанда, ол өзінің қызметін жүзеге асыру үшін орналасатын немесе болашақта орналасуы мүмкін ғимараттан немесе ғимараттың бір бөлігінен тұрады. ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесіне өз персоналы үшін пайдаланатын ғимарат немесе ғимараттың бір бөлігі жатпайды.

5-бап

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі қол сұғылмайтын болып табылады. Лауазымды адамдар өздерінің ресми міндеттерін орындау үшін ХЭБ-тің Бас директорының немесе ХЭБ-тің Бас директоры жіберген жергілікті өкілдің келісімінсіз ХЭБ кеңсесінің үй-жайына кіре алмайды. Мұндай келісімнің болуы шұғыл қорғау шараларын қолдануды талап ететін өрт жағдайында немесе басқа да төтенше жағдайларда талап етілмейді.
      2. ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің үй-жайын қылмыс жасаумен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзумен байланысты іздеу салынған немесе оларға қатысты Қазақстан Республикасының құзыретті органдары сот ісін жүргізу әрекеттерін жүзеге асырып жатқан адамдар үшін баспана ретінде пайдалануға рұқсат етілмейді.
      3. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің мұрағаты және оған тиесілі барлық ғылыми құжаттар кез келген уақытта және олардың орналасқан жеріне қарамастан қол сұғылмайтын болып табылады.

6-бап

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің мүлкі тыйым салуға, тәркілеуге, реквизициялауға және экспроприациялауға немесе кез келген нысандағы әкімшілік немесе өзге де заңдық араласуға ұшырамайды.

7-бап

      1. Орын алуы немесе қандай да бір уақытта енгізілуі мүмкін, кез келген түрдегі қаржылық бақылау шараларына, қағидаларға немесе мораторийға қарамастан, ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі:
      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кез келген нысандағы қорларының немесе валютасының болуына және оларды пайдалануға әрі кез келген валютада және кез келген елде есепшот ұстауға;
      2) өзінің қорларын және валютасын Қазақстан Республикасының аумағына немесе Қазақстан Республикасынан басқа елдерге еркін аударуға және керісінше Қазақстан Республикасында шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге ұсынылатыннан қолайлығы кем емес режимді пайдалануға құқылы.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес берілген құқықтарды жүзеге асыру кезінде ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан кез келген ұсыныстармен санасады.

8-бап

      ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі, оның мүлкі, осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген қызметтен алынған табыстар, жанама салықтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында барлық салықтардан босатылады.

9-бап

      ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі тауарлар құнына қосылған акциздер мен салықтарды төлейді. Алайда, ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі салық салынуға немесе басқа да алымдарға жататын тауарларды сатып алуды жүргізген кезде қосылған құн салығының төленген сомасы Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес өтеледі.

10-бап

      1. ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі әкелген немесе әкеткен жиһаз, кеңсе жабдығы және оның қызметіне тікелей қатысты жарияланымдар кедендік баж салығынан босатылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлар санатына енгізілген заттар, бұл Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қайшы келуді қоспағанда, оларды әкелуге және әкетуге қатысты кез келген тыйым салудан немесе шектеуден босатылады.
      3. Осы бапта ұсынылатын шарттарға сәйкес иемденген немесе импортталған тауарлар, Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсат етілгендерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында ақылы немесе ақысыз кез келген құқықтық мәмілелерге тартылмауға тиіс.

11-бап

      ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің басшысы мен персоналын Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісе отырып, ХЭБ-тің Бас директоры тағайындайды немесе іссапарға жібереді. Қазақстан Республикасының Үкіметі олардың ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесіне тағайындалу немесе миссиясы кезінде:
      1) ХЭБ делагаттарына, ХЭБ өткізетін конференциялардағы сарапшылар мен бақылаушыларға;
      2) ХЭБ Бас кеңсесінің, ХЭБ-тің өңірлік және субөңірлік өкілдіктерінің мүшелеріне;
      3) ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің персоналына және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне визалар үшін төлем алмай және кідіріссіз кіруіне және Қазақстан Республикасында болуына рұқсат беретін болады.

12-бап

      ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің жануарлардың ауруларын бақылауға қатысты мақсаттарының ерекше сипатын назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесіне почта, телефон, телеграф, радиотелефон және радиотелеграф сияқты коммуникация құралдарын Қазақстан Республикасындағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктеріне ұсынылатын шарттарда ұсынады.

13-бап

      ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің басшысы мен персоналы ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесіндегі өздерінің жұмысына ақы төленген кезде алатын жалақысына және сыйақысына салынатын барлық салықтардан босатылады.

14-бап

      1. ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің персоналы өздерінің жеке автомобильдерін уақытша әкелуге баж салығынан босатылады.
      2. ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі персоналының:
      1) қызметтік әрекетіне байланысты кез келген заңды іс-әрекеттеріне қатысты иммунитетке;
      2) өздерінің Қазақстан Республикасында болу уақытында пайдаланатын жиһазы мен жеке заттарын, егер олар өздерінде бұрын шетелде тұрған кезде болса, салықсыз әкелуге;
      3) халықаралық дағдарыстар кезінде жылжымалы мүлікті шет мемлекеттері өкілдіктерінің ұқсас дәрежедегі дипломатиялық персоналының мүшелері сияқты, нақ сол шарттарда иеліктен шығаруға құқығы бар.

15-бап

      Осы Келісім шеңберінде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттер оларды алушыларға жекелеген тұлғалардың жеке пайдасы үшін емес, ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің тиісті түрде жұмыс істеу мүддесінде беріледі.
      ХЭБ-тің Дүниежүзілік Делегаттарының Ассамблеясы немесе ХЭБ-тің Бас директоры, егер мұндай иммунитет Қазақстан Республикасында сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіретін болса және ХЭБ мүдделері үшін шығынсыз алып тасталатын болса, кез келген осындай алушыға берілген иммунитетті алып тастауға келіседі.
      ХЭБ және ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі сот төрелігінің тиісті түрде жүзеге асырылуына жәрдемдесу мен құқық қорғау органдары ұйғарымдарының орындалуын қамтамасыз ету және осы Келісімнің 5678910111213 және 14-баптарында көзделген иммунитеттер мен жеңілдіктердің кез келген заңсыз пайдаланылуын алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметімен тұрақты ынтымақтастықта болады.

16-бап

      Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтарына осы Келісімнің 13 және 14-баптарында көрсетілген артықшылықтар мен иммунитеттер берілмейді.

17-бап

      1. Қазақстан Республикасы Астана қаласындағы ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің тиісті түрде жұмыс істеуі үшін 250 000 (екі жүз елу мың) АҚШ доллары мөлшерінде жыл сайын ерікті жарна аударады. Бұл жарнаны және ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесінің бюджетін ХЭБ-тің Бас кеңсесі (Париж, Франция) басқарады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі ХЭБ-тің аусыл бойынша кеңсесі үшін жеке кіру есігі мен кемінде үш жұмыс кабинеті және шамамен 15 (он бес) адамға арналған конференц-залы бар үй-жаймен, сондай-ақ оның тиісті түрде жұмыс істеуі үшін қажетті кеңсе жиһазымен және жабдықпен қамтамасыз етеді.

18-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ХЭБ арасындағы кез келген даулар, егер келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмаса, онда түпкілікті шешім қабылдау үшін шағым жасалмай-ақ Комитетке беріледі, оның құрамы:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындаған төрешіден және ХЭБ тағайындаған төрешіден;
      2) екі тарап немесе, мұндай келісімнен бас тартылған жағдайда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы тағайындаған төрешілерден тұрады.

19-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Қазақстан Республикасының орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 12 (он екі) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
      2013 жылғы 16 қазанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының        Жануарлардың саулығы жөніндегі
           Үкіметі үшін                     дүниежүзілік ұйым үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады