2014 жылғы 3 маусымда Будапештте жасалған Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы сотталған
адамдарды беру туралы
ШАРТ
(2016 жылғы 10 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 1, 11-құжат)
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Мажарстан
егемендікті және теңдікті өзара құрметтеу негізінде,
екі мемлекет арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,
сотталған адамдардың бұдан әрі қоғамға қайта араласуына жәрдемдесу мақсатында олардың жазаны өздерінің азаматтығы тиесілі мемлекеттерінде өтеуі мүдделерінде,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап. Анықтамалар
Осы Шарт мақсатында:
а) «Беруші Тарап» — бұл сотталған адамды өз аумағынан беретін немесе берген Тарап;
b) «Қабылдаушы Тарап» — бұл сотталған адамды өз аумағына қабылдайтын немесе қабылдаған Тарап;
с) «Сотталған адам» — бұл Беруші Тараптың соты шығарған үкімге сәйкес белгіленген мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адам;
d) «Азамат» — бұл тек Қазақстан Республикасының немесе Мажарстанның азаматтығы бар адам.
2-бап. Жалпы ережелер
Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Беруші Тарап шығарған үкімдерді Қабылдаушы Тараптың аумағында орындау үшін Тараптар бір-біріне сотталған адамдарды беруге құқылы.
3-бап. Орталық органдар
1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық
органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
2. Орталық органдар:
Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;
Мажарстаннан - Әділетке жетекшілік ететін министр болып табылады.
3. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда Тараптар ол туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
4-бап. Беру шарттары
1. Сотталған адамды беру:
а) сотталған адам Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылған;
b) адам Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша да қылмыс болып табылатын әрекет үшін сотталған;
с) беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған үкім заңды күшіне енген және сотталған адамның жазасын өтеуге тиіс уақыт кезеңі кемінде бір жыл болған;
d) сотталған адамның жасына, дене бітімінің немесе психикасының жай-күйіне орай, беруге сотталған адамның өзімен келісуге мүмкіндігі болмаған кезде сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің жазбаша келісімі бар болған;
е) екі Тарап беруге келіскен жағдайларды сақтағанда ғана жүзеге асырылады.
2. Ерекше жағдайларда Тараптар, егер сотталған адамның жазаны өтейтін уақыт кезеңі осы баптың 1-тармағының с) тармақшасында көрсетілгеннен кем болса да, сотталған адамды беруге келісе алады.
5-бап. Беруден бас тарту үшін негіздер
1. Егер:
а) бір Тарап беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіреді немесе ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарына қайшы келеді деп шешсе;
b) сотталған адамға қатысты үкім мемлекеттік қауіпсіздікке қол сұғатын қылмысы үшін шығарылса;
с) сотталған адам Беруші Тараптың аумағында қуыным рәсімдеріне тартылған болса, сотталған адамды беруден бас тартылады.
2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайларға қарамастан, екінші Тарап сұратып отырған беруге келісетінін немесе келіспейтінін өз қалауы бойынша шешуге құқылы.
6-бап. Сұрау салу және жауап
1. Сотталған адам не оның заңды өкілі осы Шартқа сәйкес беруге
қатысты кез келген Тарапқа сұрау салуды жібереді. Сотталған адамның сұрау салуын алған Тарап бұл туралы екінші Тарапты жазбаша хабардар етуге тиіс.
2. Сотталған адамды беру туралы сұрау салуды кез келген Тарап жібере алады. Сұрау салынатын Тарап сұратылып отырған беруге қатысты өз шешімі туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.
3. Сотталған адамды беру туралы сұрау салулар мен жауаптар жазбаша нысанда жасалады.
7-бап. Қажетті құжаттар мен ақпараттарды ұсыну
1. Бір Тараптан беру туралы сұрау салу түскен жағдайда және егер екінші Тарап одан бас тартпаса, Беруші Тарап Қабылдаушы Тарапқа мынадай құжаттарды:
а) сотталған адамның аты мен тегін, туған күні мен жерін, тіркелген орнын және егер бар болған жағдайда тұрақты тұратын мекенжайын;
b) олар негізделген тиісті заң ережелерін қоса алғанда, заңды күшіне енген сот үкімінің, сондай-ақ бар болған жағдайда соттың оларға байланысты кез келген өзге де шешімдерінің расталған көшірмесін;
с) сотқа дейін ұстау мерзімдерін қоса алғанда, жаза бөліктерінің өтелген және өтелуге тиіс мерзімдері туралы мәліметтерді және үкімді орындау үшін маңызы бар өзге де мәліметтерді;
d) осы Шарттың 4-бабы 1-тармағының d) тармақшасында көзделген беруге жазбаша келісімді;
(е) сотталған адамның денсаулық жағдайы туралы ақпаратты;
(f) адамның жазасын өтеу кезіндегі мінез-құлқын сипаттайтын мәліметтерді ұсынады.
2. Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапқа мынадай құжаттарды:
а) сотталған адамның Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылатынын растайтын құжаттарды;
b) сотталған адамға қатысты үкім шығарылған әрекеттің қылмыстық жазаланатындығын куәландыратын Қабылдаушы Тарап заңының баптарын;
с) Беруші Тарап шығарған үкімнің Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша орындалу тәртібі туралы мәліметтерді ұсынады.
8-бап. Сотталған адамды хабардар ету
1. Әрбір Тарап өз аумағында осы Шарт қолданылатын сотталған адамдарды олардың осы Шарттың ережелеріне сәйкес берілуі мүмкін екендігін хабардар етеді.
2. Әрбір Тарап өз аумағында сотталған адамдарды осы Шарттың 6-бабында көзделген беру туралы сұрау салу бойынша Беруші немесе Қабылдаушы Тараптар қабылдаған шешімдер туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
9-бап. Сотталған адамның келісім беруі және оны растау
1. Беруші Тарап сотталған адамның не оның заңды өкілінің беруге оның құқықтық салдарын толық түсініп, оған өз еркімен келісім беретіндігіне және беруге арналған жазбаша келісімі арқылы оны растайтынына кепілдік береді. Мұндай келісімді алу тәртібі Беруші Тараптың ұлттық заңнамасымен реттеледі.
2. Беруші Тарап Қабылдаушы Тараптың сұрау салуы бойынша Қабылдаушы Тарапқа уәкілетті тұлға арқылы сотталған адамның осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес беруге өз келісімін білдіргеніне көз жеткізуіне мүмкіндік береді.
10-бап. Сотталған адамды беру
Беруге келісімге қол жеткізілген жағдайда Тараптар консультациялар арқылы сотталған адамды берудің уақытын, орнын және тәртібін айқындайды.
11-бап. Үкімнің орындалуы
1. Сотталған адамды қабылдағаннан кейін Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Беруші Тарап шығарған үкімнің орындалуын Беруші Тарап айқындаған режім мен мерзімдерге сәйкес жалғастырады.
2. Егер Беруші Тарап айқындаған үкім бойынша жазаны өтеу режімдері мен мерзімдері Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасымен үйлеспейтін болса, Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасында соған ұқсас қылмыс үшін көзделген жазалау шарасын тағайындай отырып, үкімді өзгертеді. Мұндай өзгерту жағдайында:
а) Қабылдаушы Тарап Беруші Тараптың үкімінде қамтылған фактілерді мойындауға міндетті;
b) Қабылдаушы Тараптың бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай өндіріп алу жазасына ауыстыруға құқығы жоқ;
с) Қабылдаушы Тараптың үкімді өзгертуі өзінің мәні бойынша және барынша мүмкіндігінше Беруші Тараптың үкіміне сәйкес келуге тиіс;
d) Қабылдаушы Тараптың үкімді өзгертуі Беруші Тараптың үкімін ауырлатпауға және Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасында соған ұқсас қылмыс үшін көзделген жазаның ең ұзақ мерзімінен аспауға тиіс;
е) үкімді өзгерту Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша соған ұқсас қылмысқа қолданылатын жазаның ең аз мерзімімен шектелмеуге тиіс;
f) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне Беруші Тараптың аумағында өтелген мерзім қоса есептеледі.
3. Үкім осы баптың 2-тармағына сәйкес өзгертілген жағдайда Қабылдаушы Тарап үкімді өзгерту туралы ресми құжаттың көшірмесін Беруші Тарапқа дереу береді.
4. Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес сотталған адамның жазасын өтеу мерзімін қысқартуға немесе оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға құқылы.
12-бап. Юрисдикцияны сақтау
1. Осы Шарттың мақсатында Беруші Тарап өзінің соты шығарған үкімді қайта қарау үшін юрисдикциясын сақтайды.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес Беруші Тараптан қайта қаралған үкімді алған жағдайда Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Беруші Тарап шығарған сот шешімін орындауға тиіс.
13-бап. Кешірім немесе рақымшылық жасауды қолдану
Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес берілген сотталған адамға қатысты кешірім немесе рақымшылық жасау актісін екінші Тарапты ол туралы дереу хабардар ете отырып, қолдануға құқылы.
14-бап. Үкімнің орындалуы туралы хабарлау
Қабылдаушы Тарап, егер:
а) үкім орындалғанда;
b) сотталған адам қамаудан қашып кеткенде немесе жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болғанда;
с) Беруші Тарап арнайы хабарламаны талап еткенде Беруші Тарапқа үкімнің орындалуы туралы хабарлайды.
15-бап. Транзит
1. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тарапқа үшінші мемлекет жазасын одан әрі өтеу үшін берілетін адамды өз аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат беруге құқылы.
2. Қабылдаушы Тарап екінші Тарапқа тасымалданатын адамның сәйкестендіру деректерін, оның азаматтығы туралы мәліметтерді және қылмыс жасау фактілерін қысқаша баяндауды қамтитын транзитке рұқсат сұрауды жолдайды. Транзитке рұқсат сұрау және қосымша мәліметтер орталық органдар арқылы не шұғыл жағдайларда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы жіберіледі. Транзитке рұқсат сұрауға беруге келісуді растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
3. Транзит мемлекеті тасымалданып жатқан адамды өз аумағында қамауда ұстауға тиіс.
4. Егер транзит әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит мемлекетінің аумағында қону көзделмесе, транзитке рұқсат талап етілмейді. Транзит мемлекетінің аумағында жоспарланбаған қону болған жағдайда, транзитті сұратып отырған мемлекет транзит мемлекетін бұл туралы дереу хабардар етеді және транзит мемлекеті осы баптың 2-тармағында көзделген транзит туралы сұратуды алуды күту кезінде тасымалданатын адамды он бес (15) тәулік бойына қамауда ұстауға тиіс.
16-бап. Тілі
Осы Шарттың мақсаттарына жету үшін Тараптар екінші Тараптың мемлекеттік тіліне не ағылшын тіліне аудармасы жасалған өздерінің мемлекеттік тілдерін қолданады.
17-бап. Құжаттардың жарамдылығы
Осы Шарттың мақсаттарына жету үшін бір Тараптың орталық органы қол қойып және елтаңбалы мөрмен бекітіп жіберілген кез келген құжаттарды екінші Тараптың органдары бұдан әрі растаусыз немесе заңдастырусыз қолданатын болады.
18-бап. Шығыстар
1. Қабылдаушы Тарап:
а) Беруші Тараптың аумағында ғана жұмсалған шығыстардан басқа, сотталғанды тасымалдауға байланысты;
b) беруден кейін үкімнің орындалуын жалғастыруға байланысты шығыстарды көтереді.
2. Транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды транзиттік тасымалдауға рұқсат алу туралы өтінішпен жүгінген Тарап көтереді.
19-бап. Басқа да халықаралық шарттармен арақатынасы
Осы Шарт әрбір Тараптың олар қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
20-бап. Дербес деректерді қорғау
1. Осы баптың 2-тармағы үшін нұқсан келтірмей Тараптар дербес деректерді бере алады, сондай-ақ осындай деректер, егер бұл осы Шартқа сәйкес сотталған адамдарды беру мақсаттары үшін қажетті және жеткілікті болса, берілген Тарап оларды өңдей алады.
2. Мұндай деректер оған деректерді жіберілген Тарап не осындай деректердің субъектісі болып табылатын адам, егер бұған алдын ала келісім берсе, кез келген басқа да мақсаттарда өңделе алады. Келісім дербес деректерді беретін Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес берілуге тиіс.
3. Осы Шарттың ережелерін орындау нәтижесінде дербес деректерді беруді жүзеге асыратын кез келген Тарап деректер берілген Тараптан осындай деректердің өңделуі туралы ақпаратты ұсынуын сұратуға құқылы.
4. Осы баптың 6-тармағы үшін нұқсан келтірмей, осы Шартқа сәйкес берілген дербес деректер осындай деректер берілген Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өңделуге және жойылуға тиіс. Көрсетілген шектеулерге қарамастан алынған деректер олар берілген мақсаттар үшін қажеттілік жоғалған бойда жойылуға тиіс.
5. Дербес деректердің субъектісі Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес:
а) оның дербес деректерін құзыретті органдардың өңдеуіне қатысты ақпаратты сұратуға;
b) оның дербес деректерін өзгертуді және толықтыруды, жоюды немесе оқшаулауды сұратуға;
с) егер оның сұрау салуы сақталмаса, өз құқықтарын қорғауға құқылы.
6. Дербес немесе басқа да деректерді беруші Тараптар берілген деректерді өңдеуге қатысты қосымша шарттарды қоя алады. Осы тармаққа сәйкес қосымша шарттар қойылған жағдайда, деректер берілген Тарап деректерді осы шарттарға сәйкес өңдеуге тиіс.
21-бап. Дауларды реттеу
Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындаған кез келген дау Тараптар арасында келіссөздер немесе дипломатиялық консультациялар өткізу арқылы шешіледі.
22-бап. Шарттың күшіне енуі және бұзылуы
1. Осы Шарт белгіленбеген уақыт кезеңіне жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.
2. Тараптардың келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізіле алады. Өзгерістер мен толықтырулар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.
3. Тараптардың кез келгені дипломатиялық арналар арқылы ол туралы жазбаша хабарламаны екінші Тарапқа жіберу арқылы осы Шарттың қолданысын кез келген уақытта тоқтатуға құқылы. Осы Шарт өз қолданысын осындай хабарламаны алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткен соң тоқтатады.
4. Осы Шарт бұзылған жағдайда, оның қолданысы сотталған адамдарды беру бойынша оны қолдану кезеңінде басталған іс-шаралар аяқталғанға дейін күшінде қалады.
5. Осы Шарт оларға қатысты үкімдер ол күшіне енгенге дейін шығарылған сотталған адамдарға да қолданылады.
Осының дәлелі ретінде, бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
2014 жылғы 3 маусымда Будапешт қаласында әрқайсысы қазақ, мажар және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндері тең түпнұсқалы болып табылады және олардың күші бірдей.
Осы Шартты түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасы үшін Мажарстан үшін
2014 жылғы 3 маусымда Будапештте қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың қазақ, мажар және ағылшын мәтінінің орыс тіліндегі мәтінімен дәлме-дәлдігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Халықаралық ынтымақтастық
департаменті бастығының
міндетін атқарушы Ә. Нұрбеков
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Шарттың мажар және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.