Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 17 шілдедегі № 332-V ҚРЗ

      2014 жылғы 29 қыркүйекте Астраханьда жасалған Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н.Назарбаев

Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды
пайдалану туралы
КЕЛІСІМ

(2016 жылғы 24 мамырда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 3, 54-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Түрікменстан Үкіметтері,
      Тараптар мемлекеттерінің арасында тату көршілік қатынастарды дамыту ниетін басшылыққа ала отырып,
      Каспий теңізінің бірлескен су биологиялық ресурстары Тараптар мемлекеттерінің ортақ игілігі екенін мойындай отырып,
      Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау үшін Тараптардың келісілген әрекеттері қажет екенін атап көрсете отырып,
      2003 жылғы 4 қарашада Тегеран қаласында жасалған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның ережелерін назарға ала отырып,
      Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау, олардың өсімін молайту және оларды ұтымды пайдалану үшін келісілген ғылыми зерттеулер жүргізудің маңыздылығын атап көрсете отырып,
      Тараптар мемлекеттері мен олардың халықтарын жұмыспен қамту үшін Каспий теңізінде су биологиялық ресурстарын кәсіби аулаудың экономикалық маңызын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарына қолданылады.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай терминдер мыналарды білдіреді:
      «су биологиялық ресурстар» - балықтар, ұлулар, шаян тәрізділер, сүтқоректілер және су жануарлары мен өсімдіктерінің басқа да түрлері;
      «Комиссия» - Су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және олардың бірлескен қорларын басқару жөніндегі комиссия;
      «бірлескен су биологиялық ресурстары» - бекіре тұқымдас балықтар, майшабақтар, итбалықтар, сондай-ақ осы тізбеге Комиссия енгізген балықтардың түрлері;
      «өсімді молайту» - су биологиялық ресурстарының қорын жаңарту:
      - тұқымдық балықтардың табиғи көбею орындарын және уылдырық шашу орындарына барып-қайту бағдарларын сақтау мен қалпына келтіруге;
      - жасанды жолмен өсімін молайту арқылы дернәсілдерді немесе шабақтарды көбейтуге және жіберуге;
      - балықтардың жайылу, уылдырық шашу аудандары мен қыстау шұңқырлары орындарын сақтауға бағытталған іс-шараларды қамтиды.
      «аулау» - белгілі бір кезеңде кез келген күйде өзінің тіршілік ететін ортасынан ауланған барлық су биологиялық ресурстар;
      «кәсіптік аулау» - мақсаты су биологиялық ресурстарын олардың тіршілік ететін табиғи ортасынан алып қою болып табылатын қызметтің кез келген түрі;
      «мамандандырылған кәсіптік аулау» - балық аулау қызметінің негізгі мақсаты болып табылатын балық түрлерін аулау;
      «коммерциялық кәсіптік аулау» - жасанды жолмен өсімін молайту мақсатындағы кәсіптік аулау мен ғылыми мақсаттардағы кәсіптік аулауды қоспағанда, мамандандырылған кәсіптік аулау;
      «кездейсоқ ауланым» - биологиялық ресурстардың басқа түрлерін мамандандырылған кәсіптік аулауды жүргізу кезінде биологиялық ресурстардың түрлерін аулау, алып қою немесе алу.

3-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, оның ішінде бірлескен су биологиялық ресурстарын басқару болып табылады.

4-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар:
      1) Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын коммерциялық пайдалану алдында олардың сақталу басымдығы;
      2) бірлескен су биологиялық ресурстарын орнықты пайдалану;
      3) Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын кәсіптік аулауды реттеуге және сақтауға қатысты Тараптар үшін қолайлы, жалпыға бірдей қабылданған халықаралық қағидаларды қолдану;
      4) Каспий теңізінің экологиялық жүйесін және су биологиялық ресурстарының биологиялық әралуандығын сақтау;
      5) су биологиялық ресурстарын сақтау және бірлескен су биологиялық ресурстарын басқару үшін негіз ретінде ғылыми зерттеулерді қолдану;
      6) Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және түрлердің барлық таралу аймағы бойынша бірлескен су биологиялық ресурстарын басқару жөніндегі шаралардың үйлесімдігін қамтамасыз ету қағидаттары негізінде ынтымақтастықты жүзеге асырады.

5-бап

      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде:
      1) келісілген ғылыми зерттеулер жүргізу;
      2) бірлескен су биологиялық ресурстарын кәсіптік аулауды реттеу жөніндегі шараларды әзірлеу;
      3) су биологиялық ресурстарының заңсыз, хабарландырусыз, реттеусіз кәсіптік аулануына және заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі шараларды әзірлеу;
      4) Тараптармен келісілген форматта кәсіптік аулау статистикасының деректерін жинау, беру және алмасу;
      5) бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын жіберуді қоса алғанда, бірлескен су биологиялық ресурстарын және олардың тіршілік ету ортасын молайтудың және сақтаудың қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
      6) бірлескен су биологиялық ресурстарына арналған аулау құралдары мен кәсіптік аулау технологияларын пайдалану жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
      7) ғылыми ақпараттар және мамандар алмасу, семинарлар, конференциялар және оқу курстарын өткізу салаларында ынтымақтасады.

6-бап

      1. Тараптар бірлескен су биологиялық ресурстарын кәсіптік аулауды Комиссия белгілеген бірыңғай критерийлер негізге алынып айқындалған жалпы жол берілетін аулау, ұлттық квоталар, бірыңғай реттеу шаралары, заңсыз кәсіптік аулауға қарсы күрес жөніндегі өзара міндеттемелер және өсімді молайту жөніндегі шаралар негізінде жүзеге асырады.
      2. Тараптар квоталарға келіспеген жағдайда, Комиссияның квоталар жөніндегі соңғы шешімі қолданылады.
      3. Егер Тараптардың бірінің жалпы жол берілетін аулаудағы өз квотасын игеруге мүмкіндігі болмаса, ол ұлттық заңнамаға сәйкес екіжақты келісімдер жасасу және басқа да уағдаластықтар арқылы басқа Тарапқа өзінің жалпы жол берілетін аулаудағы квотасының қалғанына рұқсат береді.

7-бап

      Бекіре тұқымдас балық түрлерін коммерциялық кәсіптік аулау өзендерде және олардың сағаларында, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің әрбірінің дәстүрлі кәсіптік аулау әдістері ескеріле отырып, Комиссия шешімімен белгіленетін теңіз аудандарында жүзеге асырылады.

8-бап

      1. Бекіре тұқымдас балық түрлерінің кездейсоқ ауланымы, мұндай фактілер міндетті түрде тіркеле отырып, барынша азайтылуға тиіс.
      2. Кездейсоқ ауланған бекіре тұқымдас балық түрлерін ұстап тұруға жол берілмейді және мұндай бекіре тұқымдас балық түрлері дереу тіршілік ететін табиғи ортасына қайтарылуға тиіс.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері ғылыми зерттеулерді жүргізу, сондай-ақ өсімді жасанды молайту мақсаттарындағы кәсіптік аулауға қатысты қолданылмайды.

9-бап

      Тараптар су биологиялық ресурстарының, сондай-ақ олардан алынатын өнімдердің заңсыз, хабарландырусыз, реттеусіз кәсіптік аулануына және заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі барлық мүмкін болатын шараларды қолданады.

10-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін Тараптар Комиссия құрады.
      2. Әрбір Тарап Комиссияға бір өкілін және оның орынбасарын тағайындайды. Әрбір Тараптың өкілі бір дауысқа ие. Комиссия отырыстарында әрбір өкілге сарапшылар ілесіп келе алады. Комиссия отырысын өткізу үшін барлық Тараптардың өкілдері қатысуы қажет.
      3. Комиссия бірінші отырыста рәсім қағидаларын қабылдайды және қажетті жұмыс топтарын құрады.
      4. Комиссияға төрағалық етуді әр Тараптың өкілдері кезекпен ағылшын әліпбиі ретімен екі жыл бойы атқарады.
      5. Комиссияның кезекті отырыстары төрағалық етуші Тарап мемлекетінің аумағында кемінде жылына бір рет өткізіледі.
      Қажет болуына қарай кезектен тыс отырыстар өткізіледі. Мұндай отырыстар Комиссия төрағасына жазбаша түрде жүгінген Тараптардың бірінің өтініші бойынша өткізіледі. Кезектен тыс отырыс оны өткізуді кемінде үш Тарап қолдаған жағдайда өткізіледі.
      6. Комиссияның жұмыс тілі ағылшын және орыс тілдері болып табылады. Комиссия отырыстарының тілі орыс және парсы тілдері болып табылады.
      7. Комиссияның шешімдерін Тараптар өкілдері бірауыздан қабылдайды және олар жазбаша түрде ресімделеді.
      8. Тараптар Комиссия шешімдерінің орындалуын ұлттық деңгейде қамтамасыз етеді.

11-бап

      Комиссия:
      1) бірлескен су биологиялық ресурстарды сақтау, олардың өсімін молайту, оларды ұтымды пайдалану жөніндегі қызметті үйлестіру;
      2) бірлескен су биологиялық ресурстары түрлерінің тізбесіне өзгерістер енгізу;
      3) бірлескен су биологиялық ресурстарына жалпы жол берілетін аулауды жыл сайын айқындау және оларды ұлттық квоталарға бөлу;
      4) бірлескен су биологиялық ресурстарына жалпы жол берілетін аулауды ұлттық квотаға бөлудің критерийлерін белгілеу;
      5) бекіре тұқымдас балық түрлерін кәсіптік аулауды өзінің өзендерінде жүзеге асыратын басқа Тарапқа ұлттық квота берілген жағдайда, оны аулау көлемін келісу;
      6) мынадай:
      - белгілі бір аудандарда және белгілі бір кезеңдерде су биологиялық ресурстарының жекелеген түрлеріне қатысты кәсіптік аулауға тыйым салу;
      - белгілі бір аудандарда және су биологиялық ресурстарының жекелеген түрлеріне қатысты кәсіптік аулауды маусымдық жабу;
      - өндірілетін (аулап алынатын) су биологиялық ресурстарының ең аз мөлшерін және салмағын белгілеу;
      - су биологиялық ресурстарын өндіретін (аулайтын) құралдар торының көлемі мен конструкциясын айқындау;
      - кәсіптік аулауға өзге де келісілген шектеулер қою шараларын қамтуы мүмкін бірлескен су биологиялық ресурстарын кәсіптік аулауды реттеу және оларды сақтау;
      7) бірлескен су биологиялық ресурстарын аулауға арналған квотаның игерілуі туралы табыс етілген есептерді және Комиссияның басқа да шешімдерін Тараптардың іске асыруы жөніндегі есептерді қарау;
      8) кәсіптік аулауға қатысатын кемелер санын қоса алғанда, кәсіптік аулау статистикасының және олар жүзеге асырған аулау деректерін қарау;
      9) бірлескен су биологиялық ресурстарына қатысты балық аулау қағидаларын бекіту;
      10) тізбесін Комиссия бекітетін, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген бірлескен су биологиялық ресурстары түрлерін және олардың тіршілік ететін ортасын қорғау жөніндегі қажетті бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және бекіту;
      11) бірлескен су биологиялық ресурстары жөніндегі ғылыми зерттеу жұмыстарының келісілген бағдарламаларын бекіту және үйлестіру, мұндай жұмыстарды жүргізудің кезеңділігін белгілеу;
      12) осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін тиісті мамандандырылған халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасау;
      13) бірлескен су биологиялық ресурстарын сақтау, олардың өсімін молайту және оларды ұтымды пайдалану саласындағы даулы мәселелерді шешуге жәрдемдесу;
      14) суға жіберілетін шабақтардың сандық және сапалық сипаттамаларын бірлескен бағалау рәсімін қамтамасыз ету;
      15) жұмыс топтарын құру, олардың қызмет бағыттарын және бағдарламаларын айқындау;
      16) қабылданған шешімдердің орындалуы мониторингін жүзеге асыру;
      17) бекіре тұқымдас балық түрлеріне және олардан алынатын өнімдерге қатысты экспорттық квоталарды белгілеу;
      18) осы Келісімді іске асыруға қажет болуы мүмкін өзге де функцияларды жүзеге асыру және басқа да шешімдер қабылдау өкілеттіктеріне ие.

12-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

13-бап

      Осы Келісімнің ешқандай ережесі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша келіссөздердің нәтижесін алдын ала айқындаушы ретінде түсіндірілмейді.

14-бап

      Осы Келісімге ешқандай ескертпелер жасауға жол берілмейді.

15-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты кез келген даулар Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.

16-бап

      1. Осы Келісімнің ережелері Тараптардың уағдаласуы бойынша өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.
      2. Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар оның ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің 18-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен рәсімделеді.

17-бап

      Осы Келісімнің депозитарийі Ресей Федерациясының Үкіметі болып табылады.

18-бап

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Депозитарий алған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы Депозитарийге өзінің осы Келісімнен шығу ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімге өзінің қатысуын тоқтата алады. Бұл Тарап үшін осы Келісім Депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап он екі ай бойы қолданыста болады.
      2014 жылғы 29 қыркүйекте Астрахан қаласында әзербайжан, қазақ, орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдерінде бір данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Депозитарийге сақтауға тапсырылады, ол оның куәландырылған көшірмелерін Тараптарға жібереді.

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін

      Иран Ислам Республикасының Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін

      Түрікменстанның Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің әзербайжан, түрікмен, парсы және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады