1-бап. 1992 жылғы 23 мамырда Нассауда қабылданған Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы америкааралық конвенция ратификациялансын.
2-бап. Қазақстан Республикасының атынан орталық орган болып Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындалсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Сертификат
Америкалық мемлекеттер ұйымының құқықтық мәселелер бойынша хатшылығы Халықаралық құқық департаментінің аға құқық офицері Луис Торо Утиллано,
Осымен келесіні растайды:
1. Америкалық мемлеттер ұйымы жарғысының 112.f бабына сәйкес Ұйымның Бас Хатшылығы Америкааралық шарттар мен келісімдердің, олардың ратификациясының құралы ретінде, депозитариі болып табылады;
2. 58 беттен тұратын жіберіліп отырған құжат 1992 жылы 23 мамырда Нассау, Багам аралдарының Достастығыда жасалынған «Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы америкааралық конвенцияның» ағылшын, француз, португал және испан тілдеріндегі аутентикалық мәтінінің дұрыс және нақты көшірмесі.
Төменде қол қойғандар осы сертификатты Қазақстан Республикасының Вашингтондағы (Колумбия округі) Елшілігінің сұранысына орай бекітті.
Халықаралық құқық департаменті
Шартына жауаптылар
Луис Торо Утиллано
аға құқық офицері
Вашингтон, К.О., 5 қараша 2014 жыл
Бас хатшылық кеңсесі
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША ӨЗАРА КӨМЕК ТУРАЛЫ
АМЕРИКААРАЛЫҚ КОНВЕНЦИЯ
Кіріспе
Америка мемлекеттерінің ұйымы Хартиясының 2-бабында Америка мемлекеттерінің негізгі мақсаты «Өздерінің арасында туындауы мүмкін саяси, заңдық және экономикалық мәселелер шешімін іздестіру» болып табылады деп белгіленгендігін; және
қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету саласында ортақ қағидаларды қабылдау осы мақсатқа жетуге ықпал ететінін назарға ала отырып,
АМЕРИКА МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ҰЙЫМЫНА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕР
Осы Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы америкааралық конвенцияны қабылдайды:
I ТАРАУ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап
КОНВЕНЦИЯНЫҢ МАҚСАТЫ
Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес қылмыстық істер бойынша бір-біріне өзара көмек көрсетуге міндеттенеді.
2-бап
КОНВЕНЦИЯ САЛАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
Қатысушы мемлекеттер тергеп-тексеруде, қылмыстық қудалауда және Сұрау салушы мемлекеттің көмек туралы сұрау салуы кезінде юрисдикциясы бар қылмыстарға жататын іс-әрекеттерде бір-біріне өзара көмек көрсетуге тиіс.
Осы Конвенция қандай да бір қатысушы мемлекетті басқа қатысушы мемлекеттің аумағында юрисдикцияны жүзеге асыруға немесе басқа қатысушының ішкі заңнамасына сәйкес оның органдарының айрықша құзыретіндегі функцияларды орындауына уәкілеттік бермейді.
Осы Конвенция қатысушы мемлекеттер арасында өзара көмек көрсетуге ғана қолданылады. Оның ережелері қандай да бір жеке адамға қатысты қандай да бір дәлелдемелерді алуға немесе алып тастауға не көмек көрсету туралы кез келген сұрау салудың орындалуына кедергі келтіруге ешқандай да құқық бермейді.
3-бап
ОРТАЛЫҚ ОРГАН
Әрбір мемлекет осы Конвенцияға қол қою немесе оны ратификациялау немесе осы Конвенцияға қосылу кезінде Орталық органды айқындайды. Орталық органдар көмек көрсету туралы сұрау салуды жіберуге және алуға жауапты.
Осы Конвенцияның мақсаты үшін Орталық органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
4-бап
Қатысушы мемлекеттердің құқықтық жүйелерінің әртүрлілігі ескеріле отырып, осы Конвенцияда көзделген көмек көрсету сұрау салушы мемлекетте қылмысты тергеп-тексеруге немесе қылмыстық қудалауға жауапты органдардан ынтымақтастық туралы сұрау салуларға негізделуге тиіс.
5-бап
ҚОСАРЛЫ СОТТЫЛЫҚ
Сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес көмек көрсетуге алып келетін іс-әрекет жазаланатын болып табылмаса да көмек көрсетілуге тиіс.
Көмек көрсету туралы сұрау салу мынадай: (а) айналыстан мүлікті алып қою мен мүлікке тыйым салу және (b) тінту мен алып қою, оның ішінде үйді тінту шараларына қатысты болса, сұрау салынатын мемлекет, егер сұрау салудың себебі болып табылған іс-әрекет оның заңнамасына сәйкес жазалануға жатпаса, көмек көрсетуден бас тартуы мүмкін.
6-бап
Осы Конвенцияның мақсатында сұрау салудың себебі болып табылатын іс-әрекет сұрау салушы мемлекетте бір немесе одан да көп жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануға тиіс.
7-бап
ҚОЛДАНЫЛУ САЛАСЫ
Осы Конвенцияда көзделген көмек мынадай рәсімдерді, оның ішінде:
а. қаулылар мен сот шешімдері туралы хабарлауды;
b. жекелеген адамдардан айғақтарды немесе өтініштерді қабылдауды;
с. көзімен көргендер мен куәларды айғақтар беру үшін шақыруды;
d. айналыстан мүлікті алып қою және мүлікке тыйым салу, активтермен операцияларды тоқтата тұрумен және алып қоюмен байланысты рәсімдерге жәрдемдесуді;
е. тінту мен алып қоюды;
f. объектілер мен орындардың сараптамасын;
g. сот құжаттарын тапсыруды;
h. құжаттарды, есептерді, мәліметтер мен деректерді жіберуді;
і. осы Конвенция мақсатында ұсталған адамдарды беруді; және
j. сұрау салушы мемлекет пен сұрау салынатын мемлекет арасында келісім болған кезде көзделген кез келген басқа да рәсімді қамтиды.
8-бап
ӘСКЕРИ ҚЫЛМЫСТАР
Осы Конвенция тек әскери заңнамаға қатысты қылмыстарға қолданылмайды.
9-бап
КӨМЕК КӨРСЕТУДЕН БАС ТАРТУ
Сұрау салынатын мемлекет, егер:
а. көмек көрсету туралы сұрау салу сұрау салушы немесе сұрау салынатын мемлекеттің сотында адам сотталған немесе ақталған айыптау бойынша сол адамды сот қудалауы мақсатында пайдаланылатынын;
b. тергеп-тексеру жеке адам немесе адамдар тобының жынысы, нәсілдік тиесілігі, әлеуметтік жағдайы, ұлты, діни сенімі немесе идеологиясы себебі бойынша оған қатысты қылмыстық қудалау, жазалау немесе кез келген нысанда кемсіту мақсатында басталатынын;
с. сұрау салу саяси қылмысқа немесе саяси қылмыспен байланысты немесе саяси себептер бойынша қудаланатын жалпы қылмысқа жататынын;
d. сұрау салу арнайы трибунал немесе ad hoc трибуналдың өтініші бойынша жасалғанын;
е. мемлекеттік саясатқа (ordre public), егемендікке, қауіпсіздікке немесе негізгі қоғамдық мүдделерге нұқсан келтірілгенін; және
f. сұрау салу салық қылмысына жататынын анықтаса көмек көрсетуден бас тартуы мүмкін. Алайда, егер қылмыс ауызша немесе жазбаша түрде көрінеу дұрыс айтпау арқылы не осы Конвенцияда көзделген кез келген басқа қылмыстан алынған кірістерді, мұндай кірістерді жасыру мақсатында әдейі декларацияламау арқылы жасалса, көмек көрсетілуге тиіс.
ІІ ТАРАУ
КӨМЕК КӨРСЕТУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУЛАР,
ПРОЦЕСС ЖӘНЕ ОНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ
10-бап
КӨМЕК КӨРСЕТУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУЛАР
Сұрау салушы мемлекет ұсынған көмек көрсету туралы сұрау салулар жазбаша нысанда жолдануға және сұрау салынатын мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес орындалуға тиіс.
Көмек туралы сұрау салуда көрсетілген рәсімдер сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасы бұзылмайтын шамада сұрау салушы мемлекет айқындаған тәртіпке сәйкес орындалады.
11-бап
Сұрау салынатын мемлекет өзіне жіберілген кез келген сұрау салуды орындау мерзімін, егер сұрау салынатын мемлекетте тергеп-тексеруді немесе сот талқылауын жалғастыру қажет болса, мұндай кейінге қалдырудың негіздерін түсіндіре отырып, кейінге қалдыра алады.
12-бап
Көмек көрсету туралы сұрау салуға сәйкес ұсынылатын құжаттар мен заттар, егер соңғы тарап өзгеше шешім қабылдамаса, сұрау салынатын мемлекетке мүмкіндігінше қысқа мерзімде қайтарылады.
13-бап
ТІНТУ, АЛЫП ҚОЮ, МҮЛІКТІ ТӘРКІЛЕУ ЖӘНЕ БЕРУ
Егер құзыретті орган сұрау салу ұсынылатын шараларды негіздейтін ақпаратты қамтиды деп анықтаса, сұрау салынатын мемлекет қандай да бір заттарды, құжаттарды, жазбаларды немесе мүлікті тінту, оларға тыйым салу, тәркілеу және беру бойынша сұрау салуы мүмкін. Осы шара сұрау салынатын мемлекеттің процестік және материалдық заңнамасының нысанасы болуға тиіс.
Осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес сұрау салынатын мемлекет өз заңнамасына сәйкес олар берілуге тиіс заттар бойынша үшінші тұлғалардың мүдделерін қорғау үшін қандай талаптар сақталуға тиіс екендігін шешеді.
14-бап
АКТИВТЕРДІ ҚОРҒАУ БОЙЫНША ШАРАЛАР
Әрбір тараптың Орталық органы екінші тараптың Орталық органына екінші тараптың аумағында кірістердің болуы, жасалған қылмыстың салдары немесе қылмыс құралдары туралы ақпаратты бере алады.
15-бап
Тараптар өздерінің ішкі заңнамаларына сәйкес ескерту шаралары мен кірістерді қамтамасыз ету, жасалған қылмыстың салдары немесе қаруы бойынша шараларда бір-біріне көмек көрсетуге тиіс.
16-бап
КӨМЕК КӨРСЕТУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУДЫ ОРЫНДАУ КҮНІ, ОРНЫ ЖӘНЕ ТӘСІЛІ
Сұрау салынатын мемлекет көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау күні мен орнын белгілейді, сондай-ақ ол туралы сұрау салушы мемлекетке хабарлайды.
Сұрау салушы мемлекеттің ресми және мүдделі тараптары немесе олардың өкілдері егер осыған сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасында тыйым салынбаса, және сұрау салынатын мемлекеттің үкіметі осыған өз келісімін берген жағдайда сұрау салынатын мемлекеттің Орталық органын бұл туралы хабардар ете отырып, көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау кезінде бола және қатыса алады.
ІІІ ТАРАУ
СОТ ШЕШІМДЕРІН, ҚАУЛЫЛАРЫ МЕН ҮКІМДЕРІН БЕРУ ЖӘНЕ КӨРГЕН
АДАМДАР МЕН КУӘЛАРДЫҢ БОЛУЫ
17-бап
Сұрау салушы мемлекеттің сұратуы бойынша сұрау салынатын мемлекет сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органдары беретін шешімдер, сот қаулылары немесе басқа да құжаттар бойынша құжаттарды беруге тиіс.
18-бап
СҰРАУ САЛЫНАТЫН МЕМЛЕКЕТТЕГІ АЙҒАҚТАР
Сұрау салушы мемлекеттің сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес сұратуы бойынша сұрау салынатын мемлекетте жүрген кез келген адам айғақтар беру немесе құжаттар, жазбалар немесе дәлелдемелер ұсыну үшін құзыретті органға шақырылуы мүмкін.
19-бап
СҰРАУ САЛУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕГІ АЙҒАҚТАР
Егер сұрау салушы мемлекет адам куәлік айғақтар немесе есеп беру үшін оның аумағында болуын талап етсе, сұрау салынатын мемлекет көрген адамды немесе куәны өз еркімен қорқыту немесе мәжбүрлеу шараларын қолданбай, сұрау салушы мемлекеттің тиісті органының алдына келуге шақыруға тиіс. Егер бұл қажет деп табылатын болса, сұрау салынатын мемлекеттің Орталық органы адамның сұрау салушы мемлекетте сөз сөйлеу ниетін жазбаша түрде жазып алуы мүмкін. Сұрау салынатын тараптың Орталық органы сұрау салушы мемлекеттің Орталық органын адамның жауабы туралы дереу хабардар етеді.
20-бап
ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАНУҒА ЖАТАТЫН АДАМДАРДЫ БЕРУ
Осы Конвенцияға сәйкес көмек көрсету мақсатында сұрау салушы мемлекетте қатысуы қажет болған сұрау салынатын мемлекетте қылмыстық талқылауға тартылуға жататын адам осы мақсат үшін сұрау салушы мемлекетке, егер бұл адам және сұрау салынатын мемлекет оны беруге өз келісімін берсе уақытша берілуі мүмкін.
Осы Конвенцияға сәйкес көмек көрсету мақсатында сұрау салынатын мемлекетте болуы қажет сұрау салушы мемлекетте қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жататын адам, егер адам және екі мемлекет те келісім берсе, сұрау салынатын мемлекетке уақытша берілуі мүмкін.
Жоғарыда көрсетілген шаралар мынадай себептер бойынша, атап айтқанда:
а. егер күзетпен ұстауда отырған немесе жазасын өтеп жатқан адам беруге келісімін бермесе;
b. егер оның қатысуы осы уақытта ол тартылған юрисдикцияға сәйкес жүргізіліп жатқан тергеп-тексерулер немесе қылмыстық талқылаулар үшін қажет болса;
с. сұрау салынатын және сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органы анықтаған заңды немесе басқа да сипаттағы басқа да себептер бар болса, бас тартылуы мүмкін.
Осы баптың мақсатында:
а. егер жіберуші мемлекетте өзгеше көзделмесе, қабылдаушы мемлекеттің берілген адамды күзетпен ұстауға құқығы және міндеті бар;
b. егер екі мемлекеттің орталық органдары өзгеше келіспесе, қабылдаушы мемлекет берілген адамды жіберуші мемлекетке қайтаруға жағдайлар болған кезде қайтаруға міндеттенеді;
с. жіберуші мемлекетке берілген адамды қайтару үшін беру рәсімін қозғау талап етілмейді;
d. берілген адам қабылдаушы мемлекетте жазасын өтеу уақытында жіберуші мемлекетте шығарылған үкімді өтеу бойынша кепіл алуы мүмкін; және
е. егер адам және екі мемлекет мерзімін ұзартуға келісім берсе, адамның қабылдаушы мемлекетте болған мерзімінің ұзақтығы олардың қайсысының өз болуына қарай үкімді өтеу үшін қалған немесе 60 күн мерзімінен аспауы тиіс.
21-бап
ТРАНЗИТ
Тиісті орталық орган осындай транзит туралы алдын ала хабардар етілетін және егер мұндай адамдарға сұрау салушы мемлекеттің қызметкерлері ілесіп алып жүрген жағдайда, Тараптар мүмкіндігінше алдыңғы бапта көрсетілген адамдарды олардың аумағы бойынша жүріп-тұруына жәрдем көрсетеді.
Егер әуе көлігі пайдаланылса және тараптардың бірінің аумағына қону жоспарланбаса, алдын ала хабарлау қажет емес.
22-бап
ҚОЛСҰҒЫЛМАУШЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛДІГІ
Осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес айғақтар мен өтініш беруге келіскен адамның келуі немесе жүріп-тұруы, адам немесе жіберуші мемлекет осындай келуге немесе жүріп-тұруға дейін қабылдаушы мемлекеттің қолсұғылмаушылық кепілдігін қамтамасыз етуін, оған сәйкес адам қабылдаушы мемлекетте болғанда:
а. жіберуші мемлекеттің аумағынан кеткенге дейін жасаған қылмысы үшін ұсталмаса, қылмыстық қудалауға ұшырамаса;
b. сұрау салуда көрсетілмеген мәселелер бойынша айғақтар немесе мәлімдемелер беруге міндетті болмаса;
с. сотқа құрметтемеушілік білдіруді және жалған куәлікті қоспағанда, өз өтініштері негізінде ұсталмаса немесе қылмыстық қудалауға ұшырамаса, талап етіледі.
Алдыңғы абзацта көрсетілген қолсұғылмаушылықтың кепілдігі, егер адам өзінің қабылдаушы мемлекетте болуы қажет болып табылмағаннан кейін сол мемлекеттің аумағында өзінің болуын өз еркімен 10 күннен асатын мерзімге ұзартқан жағдайда қолданылмайды, ол туралы жіберуші мемлекетке хабарланады.
23-бап
Куәларға немесе сарапшыларға қатысты тиісті сұрақтарды қамтитын құжаттар, сұрау парақтары мүмкіндігінше және қажеттілігі бойынша жіберілетін болады.
ІV ТАРАУ
АҚПАРАТТЫ ЖӘНЕ ЖАЗБАЛАРДЫ БЕРУ
24-бап
Осы Конвенцияға сәйкес көмек көрсетілген жағдайларда сұрау салынатын мемлекет сұрау салу бойынша және өзінің ішкі рәсімдеріне сәйкес сұрау салынатын мемлекеттің үкіметтік органдарында немесе департаменттерінде бар ресми құжаттардың, жазбалардың немесе ақпараттың көшірмелерін сұрау салушы мемлекетке ұсынады.
Сұрау салынатын мемлекет осы мемлекеттің үкіметтік органдарында немесе департаменттерінде бар, ресми болып табылмайтын барлық құжаттардың, жазбалардың немесе ақпараттың көшірмелерін өздері оларды құқық қорғау немесе сот органдарына беретін көлемде және тәртіппен ұсынады. Сұрау салынатын мемлекет өз қалауы бойынша осы абзацтың ережелеріне сәйкес жіберілген кез келген сұрау салуды қанағаттандырудан ішінара немесе толығымен бас тарта алады.
25-бап
АҚПАРАТТЫ НЕМЕСЕ ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕРДІ ПАЙДАЛАНУ БОЙЫНША ШЕКТЕУ
Сұрау салушы мемлекет сұрау салынатын мемлекеттің орталық органының алдын ала келісімінсіз көмек туралы сұрау салуда көрсетілмеген мақсаттар үшін осы Конвенцияны қолдану барысында алынған ақпаратты және дәлелдемелерді жария ете алмайды немесе пайдалана алмайды.
Айрықша жағдайларда, егер сұрау салушы мемлекетке сұрау салуда көрсетілмеген мақсаттар үшін ақпаратты немесе дәлелдемелерді толығымен немесе ішінары жария ету және пайдалану қажет болса, ол сұрау салынатын мемлекеттен тиісті растамаларға сұрау салады, ол өз қалауы бойынша мұндай сұрау салуға толығымен немесе жартылай келісім беруі немесе бас тартуы мүмкін.
Сұрау салуда көрсетілген рәсімдерді немесе формальдылықтарды тиісті түрде орындау үшін қажеттілігінше жария етілуге немесе пайдаланылуға тиіс ақпарат немесе дәлелдемелер осы бапта айтылған растауды қажет етпейді.
Қажет болған жағдайда, сұрау салынатын мемлекет ақпараттың немесе дәлелдемелердің орталық орган белгілеген шарттарға сәйкес құпиялы болып қалуын сұрай алады. Егер сұрау салушы тарап мұндай өтінішті қабылдай алмаса, орталық органдар құпиялылықтың өзара тиімді шарттарын анықтау үшін кеңеседі.
V ТАРАУ
РӘСІМ
26-бап
Көмек туралы сұрау салулар мынадай ақпаратты:
а. іс-жүргізу әрекеттері жүргізілетін қылмыс, қылмыстың, тергеудің, қылмыстық қудалаудың елеулі фактілерінің қысқаша сипаттамасы және сұрау салуда қозғалатын фактілердің сипаттамасын;
b. сот талқылаы дәлме-дәл сипаттала отырып, көмек туралы сұрау салуға алып келетін осындай талқылауды;
с. орынды болғанда, сұрау салушы мемлекеттің сот талқылауының немесе басқа да нақты талабының сипаттамасын;
d. сұрау салынатын көмектің және сұрау салуды орындау үшін қажетті ақпараттың нақты сипаттамасын қамтуға тиіс.
Сұрау салынатын мемлекет көмек туралы сұрау салуды орындауға қабілетсіз болса, ол себептерін негіздей отырып, сұрау салуды сұрау салушы мемлекетке қайтарады.
Сұрау салынатын мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салуды орындауды жеңілдету үшін қосымша ақпаратты сұрай алады.
Егер қажет болса, сұрау салушы мемлекет осы Конвенцияның 24-бабының соңғы абзацының ережелеріне сәйкес әрекет етеді.
27-бап
Осы Конвенцияға сәйкес орталық органдар орындаған құжаттар куәландырудан немесе төлнұсқасын растаудан босатылады.
28-бап
Көмек туралы сұрау салулар және ілеспе құжаттар сұрау салынатын мемлекеттің ресми тіліне аударылуға тиіс.
29-бап
Сұрау салынатын мемлекет сұрау салушы мемлекет көтеретін төмендегілерді:
а. сарапшылардың гонорарларын;
b. бір елдің аумағынан басқа елге жүріп-тұру бойынша шығыстар және көлікке арналған басқа да шығыстарды қоспағанда, өз аумағында сұрау салуды орындау бойынша барлық шығыстарды көтереді.
Күтпеген шығыстар туындаған жағдайда, мемлекеттер көрсетілетін көмектің шарттарын анықтау үшін кеңеседі.
30-бап
Қажеттілігіне және орындылығына қарай тараптар осы Конвенцияны қолдануға қатысты ақпаратпен алмасуы мүмкін.
31-бап
Тараптар осы Конвенцияны орындау кезінде органдардың әрекеттерінен келтірілген нұқсанды реттеуде ұлттық заңнаманы басшылыққа алады.
Тараптар осы Конвенцияға сәйкес сұрау салуларды тұжырымдауда немесе орындауда екінші тараптың әрекеттерінен келтірілген нұқсан үшін жауапты болмайды.
VI ТАРАУ
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
32-бап
Осы Конвенция Америка Мемлекеттерінің Ұйымына мүше мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.
33-бап
Осы Конвенция ратификациялауға жатады. Ратификациялау құралдары Америка мемлекеттері ұйымының Бас хатшылығында сақталады.
34-бап
Осы Конвенция кез келген басқа мемлекеттің кіруі үшін ашық. Кіру құралдары Америка мемлекеттері ұйымының Бас хатшылығында сақталады.
35-бап
Әрбір мемлекеттің қол қою, мақұлдау, ратификациялау немесе кіру кезінде ескертпенің кем дегенде бір нақты ережеге қатысты екенін және Конвенцияның мәні мен мақсатына қайшы келмейтінін ескере отырып, осы Конвенцияға ескертпесі болуы мүмкін.
36-бап
Осы Конвенция қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық көмектің белгілі бір аспектілері жөнінде ережелерді немесе осы мәселе бойынша бұл мемлекеттер пайдалануы мүмкін тиімдірек практикаларды толық немесе ішінара қамтитын басқа халықаралық, екіжақты немесе көпжақты конвенциялардың шеңберінде әсер ететін немесе тараптардың міндеттемелерін шектейтін ретінде түсіндірілмейді.
37-бап
Осы Конвенция екінші ратификациялау құралы сақтауға берілгеннен кейін отызыншы күні күшіне енеді.
Осы Конвенцияны ратификациялаған немесе оған қосылған әрбір мемлекет үшін екінші ратификациялау құралы сақтауға тапсырылғаннан кейін Конвенция осы мемлекет ратификациялауға немесе күшіне енуіне өзінің құралын сақтауға бергеннен кейін отызыншы күні күшіне енеді.
38-бап
Егер тараптың осы Конвенцияға қатысты мәселелері түрлі құқықтық жүйелермен реттелетін екі немесе одан көп аумақтық бірліктері болса, ол осы Конвенцияның барлық аумақтық бірліктерге немесе тек біреуіне немесе олардың ішінде бірнешеуіне қолданылатынына қарамастан, бұл туралы қол қою, ратификациялау немесе күшіне ену уақытында мәлімдейді.
Мұндай мәлімдемелер аумақтық бірлікті немесе Конвенция қолданылатын бірлікті көрсететін мәлімдемелерді ауыстыру жолымен өзгертілуі мүмкін. Мұндай ауыстыратын мәлімдемелер Америка мемлекеттері ұйымының Бас хатшылығына беріледі және ол алынған күнінен бастап отыз күн өткен соң күшіне енеді.
39-бап
Осы Конвенция белгіленбеген мерзімге қолданылады, бұл ретте тараптардың кез келгені оның қолданысын тоқтата алады. Күшін жою құралы Америка мемлекеттері ұйымының Бас хатшылығына беріледі. Күшін жою құралы берілгеннен кейін бір жыл өткен соң күшін жойған мемлекет үшін Конвенция жарамсыз болып қалады, бірақ басқа тараптар үшін жарамды болып қалады.
40-бап
Осы Конвенцияның ағылшын, француз, португал және испан тілдеріндегі мәтіндері тең түпнұсқалы болып табылатын түпнұсқасы Америка мемлекеттері ұйымының Бас хатшылығында сақталатын болады, ол мәтіннің тең түпнұсқалы көшірмелерін Біріккен Ұлттар Ұйымының Хартиясының 102-бабына сәйкес тіркеу және жариялау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшылығына жібереді. Америка мемлекеттері ұйымының Бас хатшылығы осы Ұйымға мүше мемлекеттерге және Конвенцияға қосылған мемлекеттерге қол қою және ратификациялау, қосылу және күшін жою, сондай-ақ егер болса, ескертпелердің бар екендігі туралы хабарлайды. Ол сондай-ақ осы Конвенцияның 38-бабында айтылған мәлімдемелерді оларға да береді.
1992 жылы 23 мамырда Нассау, Багам аралдарының Достастығыда жасалған Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы америкааралық конвенцияның қазақ және орыс тілдеріндегі осы мәтіні Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен көрсетілген Конвенция куәландырылған көшірмелерінің ағылшын тіліндегі мәтіне сай келетінің растаймын.
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Халықаралық ынтымақтастық
Департаменті бастығының орынбасары Ә.Нұрбеков
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Конвенцияның ағылшын, француз, португал және испан тілдеріндегі мәтіні берілген.