Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 29 қазандағы № 372-V ҚРЗ.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар

      Осы Заң ауыл шаруашылығы кооперативтері мүшелерінің құқықтық жағдайын, құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының) құқықтық жағдайын, олардың құрылуы, қызметі, қайта ұйымдастырылуы және таратылуы тәртібін айқындайды.

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастығы (одағы) – өз мүшелерінің қызметін үйлестіруді және олардың ортақ мүлiктiк және өзге де мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ерiктi түрде бiрiгуi;

      2) ауыл шаруашылығы кооперативінің қауымдасқан мүшесі (бұдан әрі – кооперативтің қауымдасқан мүшесі) – осындай мүше үшін ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында көзделген ақша түрінде мүлік (пай) жарнасын енгізген, ол бойынша дивидендтер алатын, өзі енгізген мүлік (пай) жарнасы құнының шегінде ауыл шаруашылығы кооперативі қызметімен байланысты залалдар тәуекелін көтеретін, ауыл шаруашылығы кооперативінде кеңесші дауыс құқығы бар, сондай-ақ осы Заңда және ауыл шаруашылығы кооперативі жарғысында белгіленген шектеулер ескеріле отырып, басқа да құқықтар мен міндеттер берілген жеке немесе заңды тұлға;

      3) ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтайшылары (бұдан әрі – кооператив құрылтайшылары) – құрылтай жиналысында ауыл шаруашылығы кооперативін құру туралы шешім қабылдайтын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;

      4) ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшесi (бұдан әрі – кооператив мүшесі) – осы Заңның және ауыл шаруашылығы кооперативі жарғысының талаптарына сәйкес келетін, мүлік (пай) және кіру жарналарын енгізген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пай сатып алған, сондай-ақ осы Заңда және ауыл шаруашылығы кооперативі жарғысында белгіленген басқа да құқықтары мен міндеттері бар жеке (немесе) заңды тұлға;

      5) ауыл шаруашылығы кооперативінің пай қоры (бұдан әрі – пай қоры) – кооператив құрылтайшылары оны құрған кезде, кооператив мүшелері, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелері енгізетін мүлік (пай) жарналарынан тұратын және ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкін қалыптастыру көздерінің бірі болып табылатын қор, оны қалыптастыру және пайдалану тәртібі ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында айқындалады;

      6) ауыл шаруашылығы кооперативінің резервтік қоры (бұдан әрі – резервтік қор) – ауыл шаруашылығы кооперативі қызметінің процесінде туындайтын, оның ішінде күтпеген мән-жайлардың салдарынан келтірілген залалдарды жабуға және өзге шығыстарды қамтамасыз етуге арналған қор, оны қалыптастыру және пайдалану тәртібі ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында айқындалады;

      7) ауыл шаруашылығы кооперациясы – ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының) жүйесі;

      8) кіру жарнасы – мөлшерін кооперативтің құрылтайшылары айқындайтын және республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бес еселенген мөлшерінен аспайтын, кооператив құрылтайшылары ауыл шаруашылығы кооперативін құрған кездегі не оған кооперативтің мүшелері кірген кездегі ұйымдастыру мәселелерімен байланысты шығыстарды жабуға арналған және кооператив мүшесі одан шыққан кезде қайтаруға жатпайтын ақша түріндегі бастапқы жарна;

      9) қосымша жарна – өзінің пайын ұлғайту үшін не кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімімен көзделген жағдайларда ерікті түрде өзі енгізетін кооператив мүшесінің мүліктік жарнасы;

      10) мүлік (пай) жарнасы – кооператив құрылтайшысының және мүшесінің пай қорына мүлік түріндегі (ақша, бағалы қағаздар және басқа да қаржы құралдары, заттар, шығармашылық зияткерлік қызметтің объектілендірілген нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер және бұйымдарды дараландырудың өзге де құралдары, мүлік және зат құқықтары және басқа да мүлік), сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшесiнiң пай қорына ақша түріндегі жарнасы;

      11) пай – кооператив мүшесінің пай қорындағы үлесі.

3-бап. Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

4-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылуы мен қызметінің негізгі мақсаттары мен қағидаттары

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылуы мен қызметінің негізгі мақсаттары:

      1) кооператив мүшелерінің әлеуметтiк-экономикалық және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыру және олардың мүдделерін қорғау;

      2) кооператив мүшелерінің кірістерін арттыру;

      3) ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіру, қайта өңдеу, өткізу, сақтау, өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау салаларында бәсекелестік ортаны құру;

      4) инфрақұрылымды дамыту және ауыл шаруашылығы өнiмiн, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндiрушiден тұтынушыға тiкелей беруді қамтамасыз ету;

      5) кооператив мүшелерінің қажетті ресурстарды тиімді шарттар бойынша сатып алуына жәрдемдесу және өздерiнiң өндірістік және өзге де шаруашылық қызметiн қаржыландыруға қол жеткiзе алу болып табылады.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылуы мен қызметінің негізгі қағидаттары:

      1) ауыл шаруашылығы кооперативіне кірудің және одан шығудың ерiктiлiгi, осы Заңның және ауыл шаруашылығы кооперативі жарғысының талаптарына сәйкес келетін кез келген тұлғалардың кіру мүмкіндігі;

      2) кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, кооператив мүшелерiнiң тең құқықтылығына негiзделген басқарудың демократиялылығы: мүлік (пай) жарналарының мөлшері мен санына қарамастан бiр мүше – бiр дауыс;

      3) ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарының сайланбалылығы және оның мүшелерінің жалпы жиналысына есеп берiп отыруы;

      4) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің дербестігі және қызметінің тәуелсіздігі;

      5) ауыл шаруашылығы кооперативінің өз мүшелеріне тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өзіндік құны бойынша сатуы;

      6) өзара көмек және кооператив мүшелері үшін экономикалық пайданы қамтамасыз ету;

      7) ауыл шаруашылығы кооперативінің, ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығының (одағының) қызметi туралы ақпаратқа олардың барлық мүшелерiнiң қолжетiмдiлiгi болып табылады.

5-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құқықтық жағдайы

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативі ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіруде, қайта өңдеуде, өткізуде, сақтауда, өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтауда, кредиттеуде, сумен қамтамасыз етуде немесе кооперативтің мүшелеріне, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелеріне басқа да сервистік қызмет көрсетуде олардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында бірлескен өндірістік және (немесе) өзге де шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін жеке және (немесе) заңды тұлғаларды ерікті түрде біріктіру жолымен мүшелік негізінде құрылатын өндірістік кооперативтің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативі, егер құрылтай құжаттарында оның белгілі бір мерзімге немесе белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін құрылатыны көзделмесе, белгіленбеген мерзімге құрылған болып есептеледі.

      3. Ауыл шаруашылығы кооперативі коммерциялық ұйым болып табылады, оның азаматтық құқықтары болады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған қызметтің кез келген түрін жүзеге асыруға қажетті, оның қызметімен байланысты міндеттерді атқарады.

      4. Ауыл шаруашылығы кооперативінің фирмалық атауы "Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі" деген сөздерді немесе "АӨК" деген аббревиатураны көрсете отырып, оның атауын қамтуға тиіс.

      Ауыл шаруашылығы кооперативі фирмалық атаудың қысқарған нысанын және оның шет тілдердегі баламаларын пайдалануға да құқылы.

      5. Ауыл шаруашылығы кооперативіндегі еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

      Кооператив мүшелерінің ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметіне жеке еңбегімен қатысуы міндетті болып табылмайды.

6-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтері қызметінің негізгі түрлері

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативтері қызметінің негізгі түрлері ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіру, қайта өңдеу, өткізу, сақтау, өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау және кооперативтің мүшелеріне, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелеріне сервистік қызмет көрсетудің басқа да түрлері болып табылады.

      Ауыл шаруашылығы кооперативі қызметтің бір және (немесе) бірнеше түрлерімен айналысуға құқылы, бұл оның жарғысында көрсетіледі.

      Ауыл шаруашылығы кооперативтері тиісті рұқсаттың (лицензияның) негізінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қызметтің жекелеген түрлерімен айналысуға құқылы.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативі қызметінің негізгі түрі оның фирмалық атауында көрсетілуі мүмкін.

7-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіру жөніндегі қызметі

      Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіру жөніндегі қызметі ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатынан жасалатын кең тұтынылатын тауарларды өндіруге және қайта өңдеуге бағытталған.

8-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін қайта өңдеу жөніндегі қызметі

      Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін қайта өңдеу жөніндегі қызметі ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін қайта өңдеуге және көтерме және (немесе) бөлшек сауда жүйесі арқылы, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің (мұндайлар болған кезде) сауда жүйесін пайдалану арқылы оларды одан әрі сатуға бағытталған.

9-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өткізу жөніндегі қызметі

      Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің кооператив мүшелерінің және (немесе) ауыл шаруашылығы кооперативінің өзі тікелей өндіретін ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өткізу жөніндегі қызметі кооператив мүшелерінің және басқа да тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.

      Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өткізу жөніндегі қызметіне жас және (немесе) қайта өңделген түрінде шикізатты жинау, дайындау, сақтау, сұрыптау, кептіру, сату да, сондай-ақ маркетингтік қызметтер және кооператив мүшелері және (немесе) ауыл шаруашылығы кооперативінің өзі өндіретін ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін тасымалдау қызметтері жатады.

10-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау жөніндегі қызметі

      Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау жөніндегі қызметі кооператив мүшелерін өндіріс процесінде қажетті өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен: жанар-жағармай материалдарымен, тұқымдармен, тыңайтқыштармен, пестицидтермен, ветеринариялық препараттармен, жемшөппен, ауыл шаруашылығы техникасымен және технологиялық жабдықтармен, қосалқы бөлшектермен, құрылыс және ауыл шаруашылығы өндiрiсiне арналған басқа да iлеспе материалдармен қамтамасыз етуге бағытталған.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

11-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің сервистік қызмет көрсету жөніндегі қызметі

      Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің сервистiк қызмет көрсету жөніндегі қызметі кооператив мүшелеріне ауыл шаруашылығы өнiмiн, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндiруге, қайта өңдеуге және сатуға, сондай-ақ әртүрлі салада (материалдық-техникалық, агрохимиялық, көліктік қызмет көрсету, кредиттеу, сумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, техниканы жөндеу мен оған қызмет көрсету, телефондандыру, мал тұқымын асылдандыру және селекция қызметi, ветеринариялық қызмет көрсету, мал шаруашылығы мен өсiмдiк шаруашылығындағы, ормандар өсiрудегi зерттеулер, бухгалтерлік есеп және аудит, консультациялық қызмет көрсету және басқа салаларда) олардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға байланысты көрсетілетін қызметтерді ұсынуға бағытталған.

2-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАЦИЯСЫН ДАМЫТУ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

12-бап. Мемлекеттік органдар және ауыл шаруашылығы кооперативтері

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативтері өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жарғысына, сондай-ақ кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімдеріне сәйкес жүзеге асырады.

      Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыл шаруашылығы кооперативінің, ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығының (одағының) шаруашылық, қаржылық және өзге де қызметіне араласуға құқығы жоқ.

      2. Мемлекеттiк органдардың немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының ауыл шаруашылығы кооперативінің, ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығының (одағының) құқықтарын бұзатын актiлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылуы мүмкiн.

      3. Мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының заңсыз шешімдері, әрекеттерi (әрекетсіздігі) салдарынан ауыл шаруашылығы кооперативіне, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастығына (одағына) келтiрiлген залалдар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртiппен өтеледi.

13-бап. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы уәкілетті орган агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік саясатын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды ынталандыру мақсатында:

      1) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылуының және қызметінің тәжірибесін, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы тарату және енгізу жөніндегі іс-шараларды әзірлеуде және іске асыруда ақпараттық, консультациялық және әдістемелік көмек көрсетуді жүзеге асырады;

      2) мыналар:

      ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметіне қатысты қолайлы салықтық, қаржы-кредиттік, инвестициялық саясатты құру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтерін мемлекеттік қолдау бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      3) ауыл шаруашылығы кооперациясы үшін кадрларды даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға және ауыл шаруашылығы кооперациясы мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдеседі;

      4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

14-бап. Жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың)және жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) құзыреті

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті өкілді органдары (мәслихаттары) агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік саясатын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды ынталандыру мақсатында:

      1) тиісті аумақтарды дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын бекіту, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджетті бекіту кезінде көрсетілген құжаттарда, ақпараттық және қаржылық қолдауды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кооперациясын дамыту саласындағы іс-шараларды қаржыландырудың қажетті көлемдерін көздейді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары (әкімдіктері) агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік саясатын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды ынталандыру мақсатында:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтерін мемлекеттік қолдау жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді және іс-шараларды жүзеге асырады;

      2) ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және олардың мүшелеріне шығаратын өнімінің ассортименті бойынша сауда орындарын бере отырып, өңірлік көрмелер, жәрмеңкелер ұйымдастырады;

      3) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өнімін сату үшін коммуналдық базарларда сауда орындарын жеңілдікті шарттармен ұсынады;

      4) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылу және қызметінің тәжірибесін тарату және енгізу жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;

      5) ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту үшін қаржы ұйымдарының инвестициялары мен кредиттерін тарту, сондай-ақ бәсекеге қабілетті өндірістерді қалыптастыру мен дамыту, оларды жаңғырту үшін жағдайлар жасау және сапа менеджментінің халықаралық жүйелеріне көшіру жөніндегі іс-шараларды әзірлейді;

      6) ауыл шаруашылығы кооперациясының ақпараттық-маркетингтік жүйесінің жұмыс істеуі және дамуы үшін жағдайлар жасайды;

      7) жергілікті мемлекеттік басқарудың мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
КООПЕРАТИВІН ҚҰРУ

15-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін құру тәртібі

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативі құрылтай жиналысының шешімі бойынша, сондай-ақ заңды тұлғаларды ауыл шаруашылығы кооперативіне қайта құру жолымен құрылады.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативі кемінде үш құрылтайшының шешімі бойынша құрылады.

      3. Құрылтай жиналысында құрылтайшылар ауыл шаруашылығы кооперативін құру туралы шешімді қабылдайды, оның жарғысын, кооператив құрылтайшыларының тізімін бекітеді, мемлекеттік тіркеу үшін ауыл шаруашылығы кооперативінің құжаттарына қол қоюға және оларды ұсынуға, кооперативтің құрылтайшылары мүлік (пай) жарнасы ретінде енгiзетiн мүлiктi, оның iшiнде мүлiктiк және заттық құқықты ақшамен бағалауды белгiленген тәртiппен жүргiзуге уәкiлеттiк берiлген адамдарды сайлайды, ауыл шаруашылығы кооперативінің фирмалық атауын және орналасқан жерін, қызмет түрлерін айқындайды, ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарын сайлайды және ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылуына және қызметінің басталуына қатысты басқа да мәселелерді шешеді.

      4. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай құжаттары ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай шарты және жарғысы болып табылады.

      5. Заңды тұлға ретінде ауыл шаруашылығы кооперативінің құқық қабілеттілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оны мемлекеттік тіркеу сәтінен басталады.

      6. Ауыл шаруашылығы кооперативін мемлекеттік тіркеуден кейін оның құрылтайшылары құқықтарға ие болады және кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, осы Заңда, құрылтай шартында және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында оның мүшелері үшін белгіленген міндеттерді атқарады.

16-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай шарты

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай шарты кооператив құрылтайшыларының арасында жасалады.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай шартында мыналар:

      1) ауыл шаруашылығы кооперативін құру туралы шешім, оның қызметінің негізгі бағыттары мен түрлері, толық және қысқартылған атауы, оның орналасқан жері (атқарушы басқару органының орналасқан жері), басқару органдары;

      2) кооператив құрылтайшыларының атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмiрлерi (егер құрылтайшы заңды тұлға болса) немесе тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса), тұрақты тұратын жері мен жеке сәйкестендіру нөмiрi (егер құрылтайшы жеке тұлға болса) көрсетілген кооператив құрылтайшыларының тізбесі;

      3) ауыл шаруашылығы кооперативін құру бойынша қызметтің тәртібі; кооперативтің құрылуына байланысты оның құрылтайшыларының міндеттері, сондай-ақ кооператив құрылтайшыларының оны құру жөніндегі қызметті жүзеге асыруының өзге де шарттары; көрсетілген адамдардың, сондай-ақ кооперативті құру мен тіркеу процесінде құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативінің тиісті мемлекеттік органдарда мүдделерін білдіру тапсырылатын басқа да адамдардың өкілеттіктерін айқындау;

      4) кооперативтің әрбір құрылтайшысының мүлік (пай) жарнасының құрамы, мөлшері мен енгізу мерзімдері туралы мәліметтер, сондай-ақ мүлік (пай) жарналарының уақтылы енгізілмеуінің салдары;

      5) кіру жарналарының мөлшері мен енгізу мерзімдері туралы мәліметтер;

      6) ауыл шаруашылығы кооперативінен оның құрылтайшыларының шығу тәртібі;

      7) ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысын бекіту тәртібі қамтылуға тиіс.

      3. Құрылтай шарты коммерциялық құпия болып табылатын құжаттар құрамына кіреді және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда ұсынылады.

17-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысы

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысы оның заңды тұлға ретіндегі құқықтық жағдайын айқындайтын құжат болып табылады.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысы құрылтай жиналысында кооператив құрылтайшыларының айқын басым көпшiлiк даусымен (кемінде үштен екі бөлігі) бекітіледі және онда:

      1) фирмалық атауы мен ұйымдастыру-құқықтық нысаны;

      2) кәсіпкерлік субъектісінің мәртебесі;

      3) орналасқан жері (атқарушы басқару органының орналасқан жері);

      4) құру мақсаттары мен қызметінің түрлері;

      5) ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарын қалыптастыру тәртібі және олардың құзыреті, шешімдер қабылдау тәртібі;

      6) кооператив мүшелерінің, оның ішінде сырттай, кезекті және кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру және өткізу тәртібі;

      7) ауыл шаруашылығы кооперативіне мүшелердің кіру тәртібі мен шарттары, оның ішінде кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің кіру тәртібі мен шарттары, ауыл шаруашылығы кооперативінен шығу тәртібі;

      8) ауыл шаруашылығы кооперативінен шығарудың негіздері мен тәртібі;

      9) ауыл шаруашылығы кооперативінде мүшелігін тоқтатқан кооператив мүшелеріне пай төлеу (беру) тәртібі;

      10) ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметінде пайда болатын құжаттардың нысандары мен түрлері, ауыл шаруашылығы кооперативінің құжаттамасын жүргізу тәртібі;

      11) кооператив мүшелерінің, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің құқықтары мен міндеттері;

      12) ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкін қалыптастыру көздері;

      13) кооператив мүшелерінің мүлік (пай) және кіру жарналарының мөлшері мен оларды енгізу тәртібі, кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің мүлік (пай) жарналарын енгізу тәртібі мен шарттары, сондай-ақ мүлік (пай) жарналарын уақытында енгізбеу салдары;

      14) кооператив мүшелерінің оның қызметіне қатысу сипаты мен тәртібі;

      15) кооператив төлемдері мен кірісін бөлу тәртібі;

      16) ауыл шаруашылығы кооперативінің залалдарын жабу тәртібі мен шарттары;

      17) ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;

      18) қорлардың (пай, резерв) түрлері, мөлшерлері, оларды қалыптастыру және пайдалану тәртібі;

      19) ауыл шаруашылығы кооперативі қызметінің түрін өзгерту шарттары;

      20) ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру және тарату шарттары міндетті түрде қамтылуға тиіс.

      3. Кооператив құрылтайшылары жалпы жиналысының шешімі бойынша оның жарғысы өзге де, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін ауыл шаруашылығы кооперативінің үлгілік жарғысында қамтылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін мәліметтерді қамтуы мүмкін.

18-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, ауыл шаруашылығы кооперативінің жаңа редакциядағы жарғысын қабылдау

      Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар, ауыл шаруашылығы кооперативінің жаңа редакциядағы жарғысын қабылдау кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында айқын басым көпшілік дауыспен немесе кооперативтің айқын басым көпшілік мүшелерінің жазбаша келісуімен (сырттай дауыс беру) қабылданады. Айқын басым көпшілік кооператив мүшелерінің жалпы санының үштен екісін құрайды.

19-бап. Филиалдар мен өкілдіктер

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес филиалдар мен өкiлдiктер құра алады.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативінің орналасқан жерiнен тыс жерде орналасқан және оның функцияларының бәрiн немесе бiр бөлiгiн, оның iшiнде өкiлдiк функцияларын жүзеге асыратын оның оқшауланған бөлiмшесi ауыл шаруашылығы кооперативінің филиалы болып табылады.

      3. Ауыл шаруашылығы кооперативінің орналасқан жерiнен тыс жерде орналасқан және ауыл шаруашылығы кооперативін қорғауды және оның мүдделерiн білдiрудi жүзеге асыратын, оның атынан мәмiлелер және өзге де құқықтық iс-қимылдар жасайтын оның оқшауланған бөлiмшесi ауыл шаруашылығы кооперативінің өкiлдiгi болып табылады.

      4. Ауыл шаруашылығы кооперативінің филиалдары мен өкiлдiктері заңды тұлға болып табылмайды. Оларға өздерiн құрған ауыл шаруашылығы кооперативі мүлiк бередi және олар кооператив бекiткен ереже негiзiнде жұмыс iстейдi.

      5. Ауыл шаруашылығы кооперативінің филиалдары мен өкiлдiктерін есептік тiркеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

4-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІНІҢ МҮЛКІ

20-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкін қалыптастыру көздері

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкі оның мүшелерiнiң мүлік (пай) жарналарының, кіру, қосымша жарналарының, кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің мүлік (пай) жарналарының, өз қызметiнен алынатын табыстар есебiнен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкi оған меншiк құқығымен тиесiлi болады.

      3. Ауыл шаруашылығы кооперативінінің мүлкіне иелік етуді, оны пайдалануды және оған билік етуді оның басқару органдары өздеріне берілген өкілдіктер шегінде жүзеге асырады.

      Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында көзделген жағдайларда оның мүлкіне билік ету бойынша өкілеттіктер кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      4. Ауыл шаруашылығы кооперативі өз қызметiн жүзеге асыру үшiн қорлар (пайлық, резервтік) құруға құқылы. Бұл қорлардың түрлерi, мөлшерлерi, оларды қалыптастыру және пайдалану тәртiбi ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысының шешіміне сәйкес көзделеді.

      5. Ауыл шаруашылығы кооперативі таратылған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген кезектілік тәртіппен жүргізілген төлемдерден, сондай-ақ пайлар төленгеннен (берілгеннен), кооперативтік төлемдер мен кірістер бөлінгеннен кейін қалған оның мүлкі кооператив мүшелерінің арасында енгізілген мүлік (пай) жарналарына пропорционалды түрде бөлінеді.

21-бап. Кооператив мүшелерінің пайлары мен жарналары

      1. Пайдың мөлшері кооператив мүшесі енгізген мүлік (пай) жарнасына пропорционалды болады. Қосымша жарна енгізген кезде пайдың мөлшері тиісінше ұлғаяды.

      2. Мүлік (пай) жарналарының есебі құндық мәнде жүргізіледі. Мүлік (пай) жарнасы есебiне заттай нысанда мүлiк енгiзiлген жағдайда осындай жарнаны ақшамен бағалауды ауыл шаруашылығы кооперативінің басқармасы кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы бекітетін әдістеме бойынша жүргiзедi.

      Егер мүліктің құны республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жиырма мың есе мөлшеріне барабар сомадан асатын болса, оны бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталуға тиіс.

      Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мүлік (пай) жарнасы ретінде заттай нысанда енгiзiлетін мүлiктің бағалауын ауыл шаруашылығы кооперативі қаражатының есебінен жүргізу туралы шешім қабылдауы мүмкін.

      Кооператив мүшесі кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы бекіткен әдістеме бойынша енгізілген мүлік (пай) жарнасының бағалануымен келіспеген жағдайда енгізілетін жарналарды бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның есебінен жүргізіледі.

      Ауыл шаруашылығы кооперативіне мүлік (пай) жарнасы ретінде мүлікті пайдалану құқығы берілген жағдайларда осындай жарнаның мөлшері құқық белгілейтін немесе құрылтай құжаттарында көрсетілген, бүкіл мерзімге есептелген пайдаланғаны үшін төлеммен айқындалады.

      Жерді пайдалану құқығын мүлік (пай) жарнасы ретінде беру Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      3. Қосымша жарналар енгізу туралы шешімді кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы қабылдайды.

22-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі мен оның мүшелерінің мүліктік жауапкершілігі

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативі өзінің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап береді.

      Ауыл шаруашылығы кооперативі өзінің мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      2. Кооператив мүшелері ауыл шаруашылығы кооперативінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында өзгеше көзделмесе, өздері енгізген мүлік (пай) жарналарының құны шегінде ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметімен байланысты залалдардың тәуекелін көтереді.

23-бап. Кооператив мүшелеріне кооперативтік төлемдер

      1. Кооператив мүшелеріне кооперативтік төлемдер – кооператив мүшелеріне ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында белгіленген тәртіппен олардың ауыл шаруашылығы кооперативінің өндірістік және (немесе) өзге де шаруашылық қызметінде қатысуына пропорционалды түрде төленетін ауыл шаруашылығы кооперативі табысының бір бөлігі.

      2. Кооперативтік төлемдерді бөлу туралы шешім ауыл шаруашылығы кооперативінің тиісті жылдағы қызметінің нәтижелерін бекіту бойынша кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі қабылданғанға дейін қабылданады.

24-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің таза табысын оның мүшелері арасында бөлу

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативінің бір жыл ішіндегі өз қызметінің нәтижелері бойынша алған таза табысын кооператив мүшелерінің арасында бөлу ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысына сәйкес кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша жүргізіледі.

      Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы таза табысты немесе оның бір бөлігін кооператив мүшелерінің арасында бөлуден алып тастау туралы шешім қабылдауға құқылы.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативі кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының таза табысты бөлу туралы шешімі қабылданған күннен бастап бір ай ішінде таза табысты төлеуді ақшалай нысанда жүргізуге тиіс.

5-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІНДЕГІ МҮШЕЛІК

25-бап. Кооператив мүшелерінің, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің құқықтық жағдайы

      1. Осы Заңда және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында белгіленген тәртіппен ауыл шаруашылығы кооперативіне қабылданған жеке және (немесе) заңды тұлғалар кооперативтің мүшелерi бола алады.

      Жеке және заңды тұлғалар қызмет түрлері бойынша әртүрлі бірнеше ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелері бола алады.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативінде қауымдасқан мүшелікке жол беріледі. Бұл ретте кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің жалпы саны кооператив мүшелерінің жалпы санының бестен бір бөлігінен аспауға тиіс.

      Ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін және басқа да өнімдерді өндірушілер болып табылатын жеке немесе заңды тұлғалар қауымдасқан мүшелер бола алады, олар ауыл шаруашылығы кооперативінің (сондай-ақ оның мүшелерінің) өндірісті, оның ішінде өз өндірісін ұйымдастыру және дамыту үшін аталған өнімді беруіне кепілдік ету мақсатында шикізат үшін алдын ала төлем ретінде ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында кооперативтің қауымдасқан мүшелері үшін көзделген мүлік (пай) жарнасын енгізеді.

      3. Кооперативтің қауымдасқан мүшелері ауыл шаруашылығы кооперативінің өндірістік және (немесе) өзге де шаруашылық қызметіне қатысуға міндетті емес.

      4. Кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің мүлік (пай) жарналарының мөлшері және олар бойынша дивидендтер төлеу шарттары, қауымдасқан мүшені қабылдау және мүшелікті тоқтату тәртібі осы Заңға сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысымен айқындалады және ауыл шаруашылығы кооперативінің кооперативтің қауымдасқан мүшелерімен жасасатын шартының талаптарында көзделеді. Осындай шартта осы Заңға және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысына қайшы келмейтін басқа да ережелер көзделуі мүмкін.

26-бап. Кооператив мүшелерінің, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің құқықтары

      1. Кооператив мүшесі:

      1) ауыл шаруашылығы кооперативінің істерін басқаруға, сондай-ақ, кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, бір дауысқа ие құқығымен кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының жұмысына қатысуға құқылы. Бұл ретте осы құқығын кооперативтің басқа мүшелеріне беруге болмайды;

      2) ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметін жақсарту, оның органдарының жұмысындағы және кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, лауазымды адамдарының жұмысындағы кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар енгізуге;

      3) ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметі туралы толық ақпарат алуға, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативінің жылдық қаржы есебімен, бухгалтерлік және басқа да құжаттамасымен танысуға;

      4) кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында кооперативтік төлемдерді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативі алған таза табысты бөлуге қатысуға;

      5) кооперативтік төлемдерді және кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, кооператив мүшелерінің арасында бөлуге жататын таза табыстың үлесін алуға;

      6) ауыл шаруашылығы кооперативіндегі өзінің еңбегі үшін төлем алуға;

      7) ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында өз мүшелері үшін көзделген, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкін пайдалану, ауыл шаруашылығы кооперативінен материалдық және өзге де көмек алу бөлігінде жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдалануға;

      8) кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша ауыл шаруашылығы кооперативінің тауарларын (жұмыстарын, көрсетілетін қызметтерін) өзіндік құны бойынша және бірінші кезектегі тәртіппен сатып алуға;

      9) осы Заңда белгіленген жағдайларда пайды төлеуге (беруге);

      10) ауыл шаруашылығы кооперативінен осы Заңда және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында белгіленген тәртіппен шығуға құқылы.

      2. Кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің мыналарға:

      1) кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында оған кірген және мүлік (пай) жарнасын енгізген кезде айқындалған бағалар бойынша кооператив мүшелерімен қатар ауыл шаруашылығы өніміне, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өніміне қажеттіліктерін бірінші кезекте қанағаттандыруға;

      2) өзі енгізген мүлік (пай) жарналары бойынша дивидендтер алуға;

      3) ауыл шаруашылығы кооперативінен шыққан немесе ол таратылған кезде өзінің мүлік (пай) жарналары құнының төленуіне;

      4) кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы шешімдер қабылдаған кезде кеңесші дауыс беруге;

      5) ауыл шаруашылығы кооперативінен осы Заңда және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында белгіленген тәртіппен шығуға құқығы бар.

      3. Кооператив мүшесінің осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай құжаттарында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкін.

      4. Осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай құжаттарында көзделген кооператив мүшесінің құқықтарын, оның ішінде кооператив мүшелерінің келісімі бойынша кез келген нысанда шектеуге жол берілмейді.

27-бап. Кооператив мүшелерінің міндеттері

      1. Кооператив мүшесі:

      1) ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай құжаттарында көзделген талаптарды сақтауға;

      2) кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының, басқа да ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарының өздерінің құзыретіне сәйкес қабылдаған шешімдерін орындауға;

      3) ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкіне мүлік (пай) және кіру жарналарын, сондай-ақ қосымша жарналарды ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай құжаттарында көзделген тәсілмен, тәртіппен және мөлшерде енгізуге;

      4) ауыл шаруашылығы кооперативі өзінің коммерциялық құпиясы деп жариялаған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.

      2. Кооператив мүшесі осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай құжаттарында көзделген басқа да міндеттерді атқаруы мүмкін.

28-бап. Кооператив мүшелерін, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелерін ауыл шаруашылығы кооперативіне қабылдау

      1. Кооператив мүшелерін, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелерін ауыл шаруашылығы кооперативіне қабылдау осы Заңның және ауыл шаруашылығы кооперативі жарғысының нормалары сақтала отырып жүргізіледі және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысына сәйкес кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімімен ресімделеді.

      Кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қабылдау ауыл шаруашылығы кооперативінің кооперативтің қауымдасқан мүшелерімен жасасатын шарты негізінде жүзеге асырылады.

      2. Кооперативтің мүшелiгiне қабылдау туралы өтiнiште ауыл шаруашылығы кооперативі жарғысының талаптарын сақтау, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында көзделген мүлік (пай) және кіру жарналарын енгізу жөнiндегi мiндеттемелер қамтылуға тиіс.

      3. Өтініш берушi мүлік (пай) және кіру жарналарын енгізген күннен бастап кооператив мүшелігiне қабылданған болып есептеледi.

      4. Кооператив мүшесiне ауыл шаруашылығы кооперативіндегі мүшелiкті растайтын құжат болып табылатын мүше кiтапшасы берiледi, онда: кооператив мүшесі туралы деректер, сондай-ақ хронологиялық тәртіппен өзі енгізген мүлік (пай) жарнасының мөлшері және оны енгізу мерзімдері; кіру жарнасының мөлшері; қосымша жарналардың мөлшері мен саны, сондай-ақ олардың нысаны (ақшалай, мүліктік) туралы мәліметтер көрсетіледі.

29-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативіндегі мүшелікті тоқтату

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативіндегі мүшелік:

      1) ауыл шаруашылығы кооперативінен шыққан;

      2) пай басқа тұлғалардың иелiгiне берілген;

      3) кооператив мүшесi немесе кооперативтің қауымдасқан мүшесі болып табылатын жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған;

      4) ауыл шаруашылығы кооперативінен шығарылған;

      5) кооператив мүшесi немесе кооперативтің қауымдасқан мүшесі болып табылатын жеке тұлға қайтыс болған, оны сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған;

      6) ауыл шаруашылығы кооперативі таратылған жағдайларда тоқтатылады.

      2. Кооперативтің әрбiр мүшесiнің осы Заңда және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында белгiленген тәртiппен ауыл шаруашылығы кооперативіндегі өзiнiң мүшелiгiн өз еркiмен тоқтатуға құқығы бар. Өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде ауыл шаруашылығы кооперативінен шығу туралы өтініш қаралуға тиiс.

30-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативіндегі мүшелік тоқтатылған кезде пайды сату, төлеу (беру)

      1. Кооператив мүшесi өзiнiң пайын басқа тұлғаның иелiгiне беруге және ауыл шаруашылығы кооперативінен шығуға құқылы. Егер ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында өзгеше белгiленбесе, пайды кооперативтің мүшелерi болып табылмайтын тұлғалардың иелiгiне беруге болады. Пайды сату кезiнде кооперативтің басқа мүшелерi артықшылықпен сатып алу құқығын пайдаланады.

      2. Осы Заңның 29-бабы 1-тармағының 1), 3 — 6) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша ауыл шаруашылығы кооперативіндегі мүшелiк тоқтатылған кезде кооператив мүшесiне немесе оның құқықтық мирасқорына оның пайы, сондай-ақ кооператив мүшесіне тиесілі кооперативтік төлемдер мен ауыл шаруашылығы кооперативінің таза табысының бір бөлігі төленедi (берiледi). Пай төлеу (беру) туралы шешiмдi ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысына сәйкес кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы қабылдайды.

      3. Пайды төлеу (беру) ауыл шаруашылығы кооперативінің басқармасы белгiлеген мерзiмде жүзеге асырылады, бiрақ ауыл шаруашылығы кооперативіндегі мүшелiк тоқтатылған күннен бастап бiр жылдан аспауға тиiс.

      4. Егер ауыл шаруашылығы кооперативінің кооперативтен шығатын мүшесiне оның пайын төлеуге (беруге) мүмкіндігі болмаса, кооперативтің жалпы жиналысы кооперативтің басқа мүшелерiнiң қосымша жарналар енгiзуi туралы шешiм шығарады, пай солардың есебiнен төленедi (берiледi).

      5. Кооперативтің қауымдасқан мүшесі болып табылатын жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған кезде оның енгізген мүлік (пай) жарнасын төлеу ауыл шаруашылығы өнімі, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімі есебінен, оның ішінде кооператив мүшелерінің қосымша жарналары есебінен ақшалай және (немесе) заттай нысанда жүзеге асырылуы мүмкін. Кооперативтің қауымдасқан мүшелері ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін үшінші тұлғаларға кепілдікті беруін талап ету құқығын иеліктен шығарған кезде міндеттемелерді орындауды ауыл шаруашылығы кооперативі кооперативтің қауымдасқан мүшесімен жасалған шарттың немесе өзге де құжаттың талаптарына сәйкес осындай тұлғалар жүзеге асырады.

      6. Кооператив мүшелері ауыл шаруашылығы кооперативінен шыққан кезде оларға жер учаскелері немесе оларға заттық құқық түрінде пай төлеу (беру) ерекшеліктері Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленеді.

31-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінен шығару

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында ауыл шаруашылығы кооперативінен шығару шарттары, сондай-ақ осындай шығару тәртібі көзделуі мүмкін. Ауыл шаруашылығы кооперативінен шығарылған тұлға кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы оны шығару туралы шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде жазбаша түрде хабарлануға тиіс.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативінен шығарылған тұлға кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

32-бап. Кооператив мүшесiнiң борыштары бойынша өндiрiп алу және кооператив мүшесiнiң құқықтық мирасқорларының мұрагерлік және кооператив мүшесiболып табылатын заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезiндегi құқықтары

      1. Кооператив мүшесiнiң пайы осындай борыштарды жабу үшiн өзге мүлкi жеткiлiксiз болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен оның кредиторларының талаптары бойынша өндiрiп алу нысанасы болуы мүмкiн.

      2. Кооператив мүшесінің мұрагерлерi, егер ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында өзгеше көзделмесе, өтініш негiзiнде кооператив мүшесінің құқығын иемденуге құқылы.

      3. Кооператив мүшесі немесе кооперативтің қауымдасқан мүшесі болып табылатын заңды тұлғаны басқа ұйымдық-құқықтық нысандарға қайта құру жолымен оны қайта ұйымдастырған кезде, қайта кәсiби бейіндеуге байланысты мүшелiктi тоқтатуға негiздер болған жағдайларды қоспағанда, кооператив мүшесінің құқығына жаңадан құрылған заңды тұлға ие болады.

      4. Кооператив мүшесі немесе кооперативтің қауымдасқан мүшесі болып табылатын заңды тұлғаны қосу жолымен қайта ұйымдастырған кезде қосылған заңды тұлғаның мүшелiгi тоқтатылады және оның үлесі өзi қосылған заңды тұлғаға ауысады. Егер өзiне қосылған заңды тұлға кооператив мүшесі болып табылмаса, оны кооператив мүшелігіне қабылдау жалпы тәртiппен жүзеге асырылады.

      5. Кооператив мүшесі немесе кооперативтің қауымдасқан мүшесі болып табылатын заңды тұлғаны бөлу немесе біріктіру жолымен қайта ұйымдастырған кезде қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның мүшелiгі тоқтатылады. Мұндай мүшелердiң үлестерін алу құқығы бөлу балансына және тапсыру актiсiне сәйкес жаңадан құрылған заңды тұлғаларға ауысады. Мұндай адамдар кооператив мүшесiнің құқықтарын өтiнiш негiзiнде алады.

      6. Кооператив мүшесiнiң мұрагерлерi кооператив мүшесінің құқықтарына ие болмаған жағдайда оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында белгіленген тәртіппен өздерінің пайы, сондай-ақ кооперативтің мүшесіне тиесілі кооперативтік төлемдер және ауыл шаруашылығы кооперативінің таза табысының бір бөлігі төленуге (берілуге) тиіс.

6-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІН БАСҚАРУ

33-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарының жүйесі

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдары:

      1) жоғары орган – кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы;

      2) атқарушы орган – осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, төраға басшылық ететiн басқарма;

      3) бақылау органы – тексеру комиссиясы болып табылады.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарының жүйесі және олардың өкілеттіктері, басқарма мүшелерін сайлау және кері шақыртып алу тәртібі, сондай-ақ кооператив мүшелерiнің жалпы жиналысын шақыру және өткізу тәртібі осы Заңға сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында белгіленеді.

      3. Кооператив мүшелері сот тәртiбiмен ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарының шешiмдерi мен әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағым жасай алады.

34-бап. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы

      1. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы ауыл шаруашылығы кооперативін жоғары басқару органы болып табылады.

      2. Кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, кооперативтің әрбiр мүшесiнiң ауыл шаруашылығы кооперативі қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдаған кезде өзiнiң мүлік (пай) жарналарының мөлшерiне және санына қарамастан бiр дауысқа ие құқығы болады.

      3. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының ерекше құзыретi:

      1) атқарушы органды және оның басшысын сайлау, сондай-ақ оларды қайта сайлау;

      2) ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысын жаңа редакцияда қабылдау;

      3) атқарушы органдардың қаржылық есеп беру тәртiбi мен кезеңдiлiгiн айқындау;

      4) ауыл шаруашылығы кооперативінің жылдық есептерін және бухгалтерлік баланстарын бекіту, кооперативтік төлемдерді және ауыл шаруашылығы кооперативінің табысын немесе залалын бөлу;

      5) кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, кооператив мүшелері жауапкершілігінің нысандарын айқындау;

      6) кооператив мүшелерінің, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің мүлік (пай) жарналарының және қосымша жарналардың мөлшерін белгілеу және өзгерту;

      7) ауыл шаруашылығы кооперативі қорларының түрлерін, мөлшерін, оларды қалыптастыру және пайдалану тәртібін белгілеу;

      8) ауыл шаруашылығы кооперативіне мүшелікке қабылдау және мүшелікті тоқтату;

      9) ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру және тарату;

      10) ауыл шаруашылығы кооперативінің басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өзінің филиалдары мен өкілдіктерін құруға және (немесе) олардың қызметіне қатысуы туралы шешімдерді осы Заңда белгіленген шектерде қабылдау;

      11) осы Заңда және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында көзделген басқа да мәселелер болып табылады.

      Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметiне қатысты кез келген мәселені өзiнiң қарауына қабылдауға құқылы.

      4. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы қажеттілігіне қарай, бірақ жылына бір реттен сиретпей шақырылады. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы атқарушы органның ұсынысы бойынша немесе кооператив мүшелерінің кемінде үштен бірінің талабы бойынша шақырылады.

      5. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы, егер онда кооператив мүшелерінің айқын басым көпшілігі үштен екі бөлігі қатысса, шешім қабылдауға құқылы. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында шешiм ашық дауыс беру арқылы қабылданады және осы Заңның 18-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, кооперативтің қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданды деп есептеледі. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында қатысып отырғандардың кемінде үштен бірінің талабы бойынша жасырын дауыс берiлуi мүмкiн.

      6. Кооператив мүшесі кооператив мүшелерінің жалпы жиналысына өзi немесе өкiлi арқылы қатысуға құқылы. Осы ауыл шаруашылығы кооперативінің басқа мүшелерін, оның ішінде қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, кооператив мүшесінен нотариат куәландырған сенімхаты бар, іс-әрекетке қабілетті жеке тұлға өкіл ретінде болуға құқылы.

35-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің басқармасы

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативінің атқарушы органы оның басқармасы болып табылады, оның мүшелерiн кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы сайлайды.

      2. Басқарманы кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы басқарма мүшелерінің арасынан сайлайтын басқарманың төрағасы басқарады.

      Мүшелерінің саны оннан аспайтын ауыл шаруашылығы кооперативтерінде басқарманың функцияларын ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасына (жеке-дара атқарушы орган) жүктеуге жол беріледі.

      Басқарма мүшелерінің саны, сондай-ақ басқарма (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы) сайланатын мерзім ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында айқындалады.

      Басқарма мүшесі (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы), кооператив мүшелерінің жалпы жиналысын қоспағанда, бір мезгілде ауыл шаруашылығы кооперативі басқармасының басқа органының мүшесі бола алмайды.

      3. Басқарма мүшелері (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы) кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша кез келген уақытта міндеттерін атқарудан босатылуы мүмкін.

      Басқарманы (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасын) кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы бақылайды және басқарма оған есеп береді.

      4. Басқарманың (ауыл шаруашылығы кооперативі төрағасының) құзыретіне ауыл шаруашылығы кооперативі қызметінің осы Заңмен және ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай құжаттарымен кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының ерекше құзыретіне жатқызылмаған барлық ағымдағы мәселелерін шешу жатады.

      5. Басқарма өзінің шешімдерін қажеттілігіне қарай, бірақ үш айда бір реттен сиретпей өткізілетін отырыстарда қабылдайды.

      Басқарманың отырысы, егер онда басқарма мүшелерінің үштен екісі қатысса, заңды болып есептеледі.

      Басқарма отырысындағы мәселелер ашық дауыс берумен шешіледі. Басқарманың шешімі, егер оған басқарма мүшелерінің отырысында қатысып отырғандардың үштен екісі дауыс берсе, қабылданған болып есептеледі.

      Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында бірқатар мәселелер көзделуі мүмкін, олар бойынша шешімдер, басқарманың барлық мүшелері бірауыздан дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

      6. Басқарма төрағасы (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы) ауыл шаруашылығы кооперативінің атынан сенімхатсыз әрекет етеді; осы Заңда және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында көзделген шектерде ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкіне билік етеді; ауыл шаруашылығы кооперативінің атынан сенімхаттар, оның ішінде сенімді басқа біреуге аудару құқығымен береді; екінші деңгейдегі банктерде және басқа да қаржы ұйымдарында ауыл шаруашылығы кооперативінің шоттарын ашады; ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметкерлерін жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады; өз құзыреті шегінде кооператив мүшелерінің және оның жұмыскерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді.

36-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативі өзінің қаржы-шаруашылық қызметіне тексеруді кооператив мүшелерінің кемінде үштен бір бөлігінің бастамасымен (бастамашы тексеру тобы) дербес немесе кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімімен бақылау органын – тексеру комиссиясын құру жолымен немесе осы Заңның 37-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағына кіру арқылы жүзеге асыруға құқылы.

      2. Бастамашы тексеру тобының немесе тексеру комиссиясының құрамында тексеру жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аудиторлар, қаржы және бухгалтерлік есеп саласындағы мамандар және көрсетілетін қызметтері үшін төлем ауыл шаруашылығы кооперативінің есебінен жүзеге асырылатын басқа да адамдар тартылуы мүмкін.

      Басқарма мүшелері бастамашы тексеру тобының немесе тексеру комиссиясының мүшелері бола алмайды.

      Бастамашы тексеру тобы және тексеру комиссиясы кооператив мүшелерінің жалпы жиналысына есеп береді.

      3. Бастамашы тексеру тобының немесе тексеру комиссиясының мүшелері ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізген кезде ауыл шаруашылығы кооперативінің барлық құжаттамасына кедергісіз қол жеткізу құқығына ие болады. Олардың талап етуі бойынша басқарма мүшелері (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы) ауызша немесе жазбаша нысанда қажетті түсіндірмелер беруге міндетті. Тексерудің нәтижелері кооператив мүшелерінің жалпы жиналысына тиісті шешімдер қабылдау үшін жолданады.

37-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағы

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағы (бұдан әрі – тексеру одағы) – коммерциялық емес ұйым нысанында құрылған және оған кіретін ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қаржы-шаруашылық қызметінің ішкі аудитін, осы қызметті үйлестіруді, тексеру одағының мүшелеріне ішкі аудитке ілеспе қызметтер көрсетуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, тексеру одағының құрылтай құжаттарында көзделген өзге де қызметті жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ерікті бірлестігі.

      2. Тексеру одағы оның құрылтайшылары болып табылатын кемінде он ауыл шаруашылығы кооперативінің бастамасы бойынша құрылады.

      3. Ауыл шаруашылығы кооперативі өзінің таңдауы бойынша тексеру одақтарының біріне кіруге құқылы. Ауыл шаруашылығы кооперативінің бір мезгілде біреуден артық тексеру одағына мүше болуға құқығы жоқ.

      4. Тексеру одағы өз қызметін осы Заңға, жарғыға және құрылтай шартына сәйкес жүзеге асырады. Тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысы және тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысы сайлайтын оның байқаушы кеңесі тексеру одағын басқарудың жоғары органдары болып табылады. Байқаушы кеңесі еңбек шарты негізінде жалдайтын атқарушы директоры тексеру одағының атқарушы органы болып табылады.

      5. Тексеру одағы тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысы бекітетін тексеру одағының қағидаларына сәйкес ішкі аудитті жүзеге асырады.

      6. Тексеру одағының қаржылық қызметі оның құрылтай құжаттарына сәйкес тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысында бекітілетін кірістер және шығыстар сметасы негізінде жүзеге асырылады. Тексеру одағының ішкі аудитті жүзеге асыруға және ішкі аудитке ілеспе қызметтерді көрсетуге жұмсалған шығыстары мүшелік жарналар есебінен өтеледі, олардың мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілген смета немесе өзге де көздер негізінде белгіленеді.

      7. Тексеру одағы ішкі аудит нәтижелері бойынша жазбаша нысанда ішкі аудит қорытындысын жасайды, ол кооператив мүшелеріне және ауыл шаруашылығы кооперативінің бухгалтерлік есептілігін өзге де пайдаланушыларға арналған және тексеру одағының ауыл шаруашылығы кооперативінің бухгалтерлік есептілігінің дұрыстығы, ауыл шаруашылығы кооперативінің бухгалтерлік есептілікті жүргізу тәртібінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі, ауыл шаруашылығы кооперативін басқарушы органдардың жарғының және Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерін сақтауы туралы белгіленген нысанда білдірген пікірін, сондай-ақ тексеру одағы мүшелерінің қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелерін нашарлатуға немесе олардың дәрменсіздігіне (банкроттығына) әкеп соғуы мүмкін анықталған бұзушылықтар туралы деректерді қамтитын ресми құжат болып табылады.

      8. Ішкі аудит қорытындысының нысаны, мазмұны, оған қол қою және оны ұсыну тәртібі тексеру одағының қағидаларында айқындалады.

      9. Тексеру одағы анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар беруге және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

      10. Тексеру одағының байқаушы кеңесі мүшелері санының кемінде елу пайызын осы тексеру одағының мүшелері болып табылатын ауыл шаруашылығы кооперативтері тексеру комиссияларының мүшелері құрауға тиіс.

      11. Тексеру одағының атауы "Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағы" деген сөздерді қамтуға тиіс.

38-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметінің аудитi

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жылдық қаржылық есебiнiң, сондай-ақ оның iстерінің ағымдағы жай-күйiнiң дұрыстығын тексеру және растау үшiн кооператив мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша шақырылатын оның мүшелерінің жалпы жиналысы ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметіне тәуелсіз аудит ұйымын тарту арқылы аудит жүргізу туралы шешім қабылдауға құқылы.

      Аудит қорытындылары бойынша есепті кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы ол аяқталғаннан кейін бір айдың ішінде қарайды және бекітеді.

      2. Кооператив мүшелері ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметіне аудитті өз есебінен жүргізуді талап етуге құқылы.

      3. Егер атқарушы орган ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметіне аудит жүргiзуден жалтарса және (немесе) өзгеше кедергі келтірсе, аудит мүдделі тұлғалардың өтiнiшi бойынша қабылданған соттың шешімі бойынша тағайындалуы мүмкiн.

39-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтары (одақтары)

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативтері коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтарына (одақтарына) бiрiгуi мүмкiн.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтары (одақтары) ерiктi негiзде құрылады, олардың құрылтайшылары жүктеген функцияларды атқарады.

      3. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтарын (одақтарын) ауыл шаруашылығы кооперативтері олардың қызметін үйлестіру, олардың ортақ мүліктік және өзге де құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда, халықаралық ұйымдарда олардың мүдделерін білдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығының (одағының) мүшелеріне құқықтық, ақпараттық, консультациялық және өзге де қызметтерді көрсету мақсатында кемінде екі ауыл шаруашылығы кооперативінің жалпы жиналысының шешімдері негізінде құрады.

      4. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастығы (одағы) құрылтай шарты және жарғы негiзiнде әрекет етеді, бұл ретте оның мүшелері өзiнiң дербестігi мен заңды тұлға құқығын сақтайды.

      5. Ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығының (одағының) негiзгi функциялары мыналар:

      1) ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiнің бiрлестiктерiн дамытуда үйлестіру және оған жәрдемдесу, ауыл шаруашылығы кооперациясының идеялары мен қағидаттарын насихаттау;

      2) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің, олардың мүшелерінің құқықтарын, мүліктік және экономикалық мүдделерін қорғау, оларға құқықтық, әдістемелік және басқа да қажетті практикалық көмек көрсету, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметінде пайда болатын құжаттарды әзірлеу;

      3) мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүдделерін білдіру, сыртқы экономикалық байланыстарды, халықаралық өзара қатынастарды дамыту, инвестицияларды тартуға жәрдемдесу;

      4) ауыл шаруашылығы кооперативтерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету, салааралық алмасуды және ауыл шаруашылығы өніміне, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өніміне баға белгілеуді реттеу мәселелерінде жәрдемдесу;

      5) мемлекеттік органдармен бірлесіп нарық инфрақұрылымын қалыптастыруға, ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығының (одағының) мүшелеріне ақпараттық және білім беру қызметтерін дамытуға қатысу;

      6) жаңа техниканың, технологияның енгiзiлуiне жәрдемдесу, тәжiрибе, ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды ұйымдастыру және патент-лицензия жұмысы мен лизингтi ұйымдастыру.

      6. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтары (одақтары) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн, құрылтай шартында немесе жарғыда көзделген басқа функцияларды жүзеге асыруға құқылы.

      7. Ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастықтарының (одақтарының) қызметiн қаржыландыру осы қауымдастыққа (одаққа) бiрiккен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жыл сайынғы шарттық аударымдары (мүшелік жарналары) арқылы жүзеге асырылады.

      8. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтарын (одақтарын) қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

7-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

40-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша немесе соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативі қайта ұйымдастырылған кезде ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар немесе ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысын жаңа редакцияда қабылдау Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Ауыл шаруашылығы кооперативі қайта ұйымдастырылған кезде оның құқықтары мен мiндеттерi тапсыру актiсiне және (немесе) бөлу балансына сәйкес құқықтық мирасқорларына ауысады. Көрсетілген құжаттарда тараптар дауласып отырған мiндеттемелердi қоса алғанда, қайта ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы кооперативінің барлық кредиторлары мен борышкерлерiне қатысты барлық мiндеттемелерi бойынша құқықтық мирасқорлық туралы ережелер қамтылуға тиiс.

      4. Тапсыру актісі және (немесе) бөлу балансы кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысында бекiтiледi және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттiк тiркеу үшін ұсынылады.

41-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін тарату

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативі кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешiмi бойынша (ерікті түрде тарау) немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда сот шешiмiнiң негiзiнде таратылуы (мәжбүрлеп тарату) мүмкiн.

      2. Ауыл шаруашылығы кооперативін тарату Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасының, сондай-ақ осы Заңның талаптары ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жүзеге асырылады.

42-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      2. Мыналардың:

      1) "Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы" 1999 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 770-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2012 ж., № 21-22, 124-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат);

      2) "Ауылшаруашылық серіктестіктері және олардың қауымдастықтары (одақтары) туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 23, 413-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат);

      3) "Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативi туралы" 2003 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 6, 35-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 10, 52-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Селолық тұтыну кооперативтері, су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативтері, ауыл шаруашылығы серіктестіктері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қайта ұйымдастыру немесе тарату рәсімдерінен өтуге міндетті.

      Көрсетілген талаптар осы Заң күшіне енген сәттен бастап бір жыл ішінде орындалмаған кезде көрсетілген кооперативтер соттың шешімі бойынша таратылуға жатады.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады