Ауылшаруашылық серіктестіктері және олардың қауымдастықтары (одақтары) туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 133-II Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 372-V Заңымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 29.10.2015 № 372-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

МАЗМҰНЫ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕРIКТЕСТIКТЕРI ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ
ҚАУЫМДАСТЫҚТАРЫ (ОДАҚТАРЫ) ТУРАЛЫ

      Осы Заң ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң құқықтық жағдайын айқындайды, серiктестiк пен оның мүшелері арасындағы қатынастарды реттейдi.

1 тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң қауымдастығы (одағы)- ауыл шаруашылық серiктестiктерi жалпы жиналысының шешiмдерi негiзiнде құрылатын, олардың жалпы мүлiктiк және өзге де құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, қызметiн үйлестiру, мемлекеттiк органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында және халықаралық ұйымдарда олардың мүдделерiн бiлдiру, сондай-ақ серiктестiк мүшелерiне құқықтық, ақпараттық және өзге де қызметтер көрсету үшiн ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң ерiктi түрде бiрiгуi;
      2) пай - ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшесiнiң оның мүлкiндегi мүше енгiзген пай жарнасының мөлшерiне бара-бар үлесi;
      3) пай жарнасы - ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшесiнiң пай қорына ақшалай, жер учаскелерiмен, жер және мүлiк үлестерiмен не ақшалай бағасы бар өзге де мүлiкпен қосқан мүлiктiк жарнасы;
      4) мiндеттi пай жарнасы - мiндеттi түрде енгiзiлетiн және серiктестiктi басқару органдарында тең дауыс беру, оның жарғыда көзделген қызметтерi мен жеңiлдiктерiн пайдалану құқығын беретiн пай жарнасы;
      5) қосымша пай жарнасы - ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшесiнiң өз қалауы бойынша мiндеттi пайдан тыс не серiктестiктiң жалпы жиналысы көздеген жағдайларда енгiзетiн пай жарнасы;
      6) пай қоры - ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшелерi енгiзетiн мүлiк (пай) жарналарынан тұратын және серiктестiк мүлкiн қалыптастыру көздерiнiң бiрi болып табылатын қор;
      7) ауыл шаруашылық өнiмi - өндiрiстiң толық технологиялық циклынан өткен және белгiленген стандарттарға сәйкес келетiн өсiмдiк және мал өнiмi;
      8) ауыл шаруашылық тауар өндiрушiсi - тауарлы ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
      9) серiктестiктiң көрсететiн қызметтерi - ауыл шаруашылық өнiмiн өткiзу, қайта өңдеу, материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау, сервистiк қызмет көрсету немесе ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң тауар өндiрушiлерге көрсететiн басқа да кез келген қызметi;
      10) ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшесi - ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi болып табылатын және серiктестiкке осы Заң мен серiктестiк жарғысында белгiленген тәртiппен кiрген жеке немесе заңды тұлға;

      2-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктерi туралы заңдар

      Ауыл шаруашылық серiктестiктерi туралы заңдар Азаматтық кодекстен, осы Заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.

      3-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгi

      1. Ауыл шаруашылық серiктестiгi - ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнiң ауыл шаруашылық өнiмiн өткiзу, сақтау, қайта өңдеу, материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау, сумен қамтамасыз ету немесе серiктестiк мүшелерiне басқа да сервистiк қызмет көрсету қажеттерiн қанағаттандыру үшiн олардың мүлiктiк жарналарын ерiктi түрде бiрiктiру жолымен мүшелiк негiзiнде құрылатын заңды тұлға.
      Серiктестiктiң кәсiби бағытына сай тауарлы ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрумен айналысатын жеке және заңды тұлға ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшесi болуы мүмкiн.
      2. Ауыл шаруашылық серiктестiктерi коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және кәсiпкерлiк қызметпен өздерiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады.
      Ауыл шаруашылық серiктестiгi алған таза табысты оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды және жарғылық мақсаттарға жұмсалуға тиiс.
      3. Егер құрылтай құжаттарында ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң белгiлi бiр мерзiмге және белгiлi бiр мақсатқа жету үшiн құрылатыны көзделмесе, ол белгiленбеген мерзiмге құрылған деп есептеледi.

      4-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiн құрудың мақсаты

      Ауыл шаруашылық серiктестiктерi:
      1) ауыл шаруашылық өнiмiн өткiзудi, сақтауды, қайта өңдеудi қамтамасыз ету, материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау сумен қамтамасыз ету және серiктестiк мүшелерiне басқа да сервистiк қызмет көрсету үшiн ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiн ерiктi түрде бiрiктiру арқылы олардың әлеуметтiк-экономикалық қажеттерiн қанағаттандыру;
      2) серiктестiктердiң пайда алмайтын негiзде жұмыс iстеуi кезiнде ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнiң өз пайдасын қамтамасыз ету;
      3) өнiмдi өткiзу, сақтау, қайта өңдеу және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау салаларында бәсекелестiк орта жасау;
      4) ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушiден тұтынушыға тiкелей жеткiзiп берудi қамтамасыз ету;
      5) ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнiң қажеттi ресурстарды тиiмдi жағдайлармен сатып алуына жәрдемдесу және өздерiнiң шаруашылық қызметiн қаржыландыруға қол жеткiзе алуы мақсатында құрылады.

      5-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң құрылуы мен
             қызметiнiң негiзгi принциптерi

      Ауыл шаруашылық серiктестiктерi:
      1) серiктестiкке мүше болудың ерiктiлiгi және кәсiби бағыты бойынша серiктестiк қызметтерiн қажет ететiн және өзiне оның мүшесiнiң мiндеттерiн қабылдауға әзiр кез келген ауыл шаруашылық тауар өндiрушiсiнiң мүше болу мүмкіндігі;
      2) серiктестiк мүшелерiнiң тең құқықтылығына: бiр мүше - бiр дауыс дегенге негiзделген демократиялық басқару сипаты;
      3) басшы органдар құрамының сайланбалылығы мен оның мерзiмдi түрде ауысып тұруы және олардың серiктестiк мүшелерiне есеп берiп отыруы;
      4) серiктестiк қызметiн өз мүшелерiнiң мүдделерi үшiн "өзiндiк құн бойынша қызмет көрсету" принципiмен жүзеге асыруы;
      5) мiндеттi және қосымша пай жарналарының мөлшерiн қызметтердi тұтыну көлемiне қарай белгiлеу;
      6) серiктестiк көрсететiн қызметтердi оның мүшелерiнiң келiсiм-шартта көзделген көлемде тұтыну мiндеттілігi;
      7) ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң, қауымдастығының (одағының) қызметi туралы ақпаратқа оның барлық мүшелерiнiң қолжетiмдiлiгi принциптерi негiзiнде құрылады және өзiнiң қызметiн сол принциптер негiзiнде жүзеге асырады.

2-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕРIКТЕСТIКТЕРIНIҢ ТҮРЛЕРI

      6-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктерi қызметiнiң
             негiзгi түрлерi

      Ауыл шаруашылық серiктестiктерi негiзгi қызмет түрiне байланысты: өткiзу, қайта өңдеу, жабдықтау, сервистiк серiктестiктерi және олардың аралас түрлерi болып бөлiнуi мүмкiн.
      Ауыл шаруашылық серiктестiктiгi қызметiнiң негiзгi түрi оның атауында көрсетiледi.

      7-бап. Өткiзушi ауыл шаруашылық серiктестiктерi

      Өткiзушi серiктестiктер серiктестiк мүшелерi өндiретiн өнiмдi сатады. Өткiзу қызметiне сонымен қатар шикiзатты жас немесе қайта өңделген түрiнде жинау, сақтау, сұрыптау, кептiру, оларды көтере немесе бөлшектеп сату және серiктестiк мүшелерiнiң өнiмiн тасымалдау жатады.

      8-бап. Қайта өңдеушi ауыл шаруашылық серiктестiктерi

      Қайта өңдеушi ауыл шаруашылық серiктестiктерi ауыл шаруашылық өнiмiн қайта өңдеумен, оны өзiнiң көтерме және бөлшек сауда жүйесi арқылы сатумен айналысады.

      9-бап. Жабдықтаушы ауыл шаруашылық серiктестiктерi

      Жабдықтаушы серiктестiктер ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiн өндiрiстiк процеске қажеттi ресурстармен және материалдармен: жанар-жағармай материалдарымен, тұқыммен, тыңайтқыштармен, улы химикаттармен, жемшөппен, қосалқы бөлшектермен, құрылыс материалдарымен және ауыл шаруашылық өндiрiсiне қажет басқа да iлеспе материалдармен қамтамасыз етедi.

      10-бап. Сервистiк ауыл шаруашылық серiктестiктерi

      Сервистiк серiктестiктер өз мүшелерiне ауыл шаруашылық өнiмiн өндiру мен өткiзу процесiне, сондай-ақ басқа салалардағы (материалдық-техникалық және агрохимиялық қызмет көрсету, сумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, техниканы жөндеу мен оған қызмет көрсету, телефон желiсiн тарту, мал тұқымын асылдандыру және селекция қызметi, мал шаруашылығы мен өсiмдiк шаруашылығындағы, ормандар өсiрудегi және басқа да зерттеулер бойынша қызметтер көрсету) ортақ қажеттердi қанағаттандыруға байланысты қызметтер көрсетедi.

3-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕРIКТЕСТIКТЕРIН ҚҰРУ

      11-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктiгiн құру тәртiбi

      1. Ауыл шаруашылық серiктестiгi құрылтайшылардың жалпы жиналысының шешiмiмен оны құру арқылы, сондай-ақ жұмыс iстеп тұрған ауыл шаруашылық серiктестiгiн қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылуы мүмкін.
      2. Ауылшаруашылық серiктестiгiнiң айналысу үшiн рұқсат алу қажет болатын қызмет саласындағы құқық қабiлеттiлiгi осындай рұқсат алған кезден бастап пайда болады.
      Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң айналысу үшiн лицензия алу қажет болатын қызмет саласындағы құқық қабiлеттiлiгi осындай лицензия алған кезiнен бастап пайда болады.
      3. Жарғы мен құрылтай шарты ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң құрылтай құжаттары болып табылады.
      4. Құрылтай жиналысында құрылтайшылар ауыл шаруашылық серiктестiгiн құру туралы шешiм қабылдайды, оның жарғысын бекiтедi, мемлекеттiк тiркеу үшiн серiктестiктiң құжаттарына қол қоюға және оларды табыс етуге, серiктестiктiң пай қорына құрылтайшылар енгiзетiн мүлiктi, соның iшiнде мүлiктiк құқықты ақшамен бағалауды белгiленген тәртiппен жүргiзуге уәкiлеттiк берiлген адамдарды сайлайды.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      12-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң атауы
              және орналасқан жерi

      1. Серiктестiктiң атауына оның қалай аталатыны және ұйымдық-құқықтық нысаны кiредi. Серiктестiктiң атауында заңдардың талаптарына немесе қоғамдық мораль нормаларына қайшы келетiн атауларды, егер қатысушылардың есiмдерiне сәйкес келмесе не қатысушылар сол адамдардан (олардың мұрагерлерiнен) өз есiмiн пайдалануға рұқсат алмаса, адамдардың өз есiмiн пайдалануға жол берiлмейдi.
       2. Серiктестiктiң тұрақты жұмыс iстейтiн органы орналасқан жер оның орналасқан жерi деп танылады.
      3. Серiктестiктiң атауы мен орналасқан жерi оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi.

      13-бап. Құрылтай шарты

      1. Құрылтай шарты құрылтайшылар арасында жасалады.
      2. Құрылтай шартында:
      1) ауыл шаруашылық серiктестiгiн құру туралы шешiм, оның қызметiнiң негiзгi бағыттары, мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi толық және қысқартылған атауы, оның орналасқан жерi;
      2) оның құрылтайшыларының (егер құрылтайшы заңды тұлға болса) атаулары, орналасқан жерi, банк реквизиттерi немесе (егер құрылтайшы жеке адам болса) тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күнi, айы, жылы, тұрақты тұратын жерi және жеке басын куәландыратын құжаттардың деректерi көрсетiлген тiзбесi;
      3) ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң құрылу тәртiбi; құрылтайшылардың оны құруға байланысты мiндеттерi, сондай-ақ құрылтайшылардың серiктестiк құру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруының өзге де шарттары; аталған тұлғалардың, сондай-ақ ауыл шаруашылық серiктестiгiн құру мен тiркеу барысында оның мүдделерiн бiлдiру тапсырылатын басқа да тұлғалар өкiлеттiгiнiң айқындамасы;
      4) ауыл шаруашылық серiктестiгi пай қорының мөлшерi;
      5) әрбiр құрылтайшының ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң пай қорына қосатын ақша салымының немесе заттай түрдегi салымының құрамы, мөлшері және оны енгiзу мерзімі туралы мәліметтер, сондай-ақ серіктестіктің пай қорына салымдарды дер кезiнде енгiзбеудiң зардаптары;
      6) құрылтайшылардың шығу тәртiбi;
      7) ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысын бекiту туралы жазба келтiрiлуге тиiс.
      3. Құрылтай шарты коммерциялық құпия болып саналатын құжаттар құрамына енедi және заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың талап етуi бойынша көрсетiледi.

      14-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысы

      1. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысы заңды тұлға ретiндегi серiктестiктiң құқықтық мәртебесiн айқындайтын құжат болып табылады.
      2. Жарғы құрылтай жиналысында серiктестiк құрылтайшыларының басым көпшiлiк даусымен қабылданады және онда:
      1) атауы;
      2) орналасқан жерi;
      3) қызметiнiң нысанасы мен мақсаты;
      4) серiктестiктiң басқару органдарын құру тәртiбi мен олардың құзыретi, олардың шешiмдер қабылдау тәртiбi;
      5) серiктестiкке кiру тәртiбi мен талаптары, мүшелiктi тоқтатудың немесе серiктестiкте құқықтардың пайдаланылуын уақытша тоқтата тұрудың негiздемесi мен тәртiбi;
      6) серiктестiк мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi;
      7) серiктестiк мүлкiнiң қалыптасу көздерi;
      8) серiктестiктiң құрылтай құжаттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi;
      9) аудит жүргiзу тәртiбi;
      10) қорларды құрау мен пайдалану тәртiбi, олардың түрлерi мен мөлшерлерi;
      11) серiктестiктi қайта ұйымдастыру мен оның қызметiн тоқтату талаптары келтiрiлуге тиiс.
      3. Серiктестiктiң жарғысында заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де мәлiметтер қамтылуы мүмкiн.

       15-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысына
              өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу

      Жарғыға өзгерiстер немесе толықтырулар жалпы жиналыста басым көпшілік дауыспен немесе серіктестік мүшелерiнiң басым көпшілiгiнiң жазбаша келiсiмiмен қабылданады. Басым көпшiлiк серiктестiк мүшелерi жалпы санының үштен екiсi болады.

      16-бап. Филиалдар мен өкiлдiктер

      1. Серiктестiк Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес филиалдар мен өкiлдiктер құра алады.
      2. Серiктестiктiң орналасқан жерiнен тыс жерде орналасқан және оның мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн, соның iшiнде өкiлдiк мiндетiн жүзеге асыратын оқшауланған бөлiмшесi серiктестiктiң филиалы болып табылады.
      3. Серiктестiктiң орналасқан жерiнен тыс жерде орналасқан және серiктестiктi қорғау мен оның мүдделерiн білдiрудi жүзеге асыратын, оның атынан мәмiлелер және өзге де құқықтық iс-қимылдар жасайтын оқшауланған бөлiмшесi серiктестiктiң өкiлдiгi болып табылады.
      4. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлға болып табылмайды. Оларға өздерiн құрған серiктестiк мүлiк бередi және олар серiктестiк бекiткен ереже негiзiнде жұмыс iстейдi.
      5. Филиалдар мен өкiлдiктердi тiркеу заңдармен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      17-бап. Мемлекет және ауыл шаруашылық серiктестiгi

      1. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары серiктестiктiң, оның қауымдастығының (одағының) шаруашылық, қаржы және өзге де қызметiне араласуға құқылы емес.
      2. Мемлекеттiк органдардың немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының серiктестiк, оның қауымдастығы (одағы) құқығын бұзатын актiлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
      3. Мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерi салдарынан серiктестiкке, оның қауымдастығына (одағына) келтiрiлген залал азаматтық заңдарда көзделген тәртiппен өтеледi.

  4-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕРIКТЕСТIГIНЕ МҮШЕЛІК

      18-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiне мүшелiк

      1. Серiктестiктiң кәсiби бағытына сәйкес тауарлы ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар серiктестiк мүшелерi бола алады.
      2. Егер ондай серiктестiктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, жеке және заңды тұлғалар бiрнеше серiктестiкке мүше бола алады.

      19-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшелiгiне
              қабылдау

      1. Серiктестiктiң жаңа мүшелерiн қабылдау осы Заң мен серiктестiк жарғысын сақтай отырып жүргiзiледi және басқарманың немесе жалпы жиналыстың шешiмiмен жарғыға сәйкес ресiмделедi.
      2. Серiктестiк мүшелiгiне қабылдау туралы өтiнiш жасалған арызда жарғының талаптарын сақтау жөнiнде мiндеттеме болуға, соның iшiнде жарғыда көзделген пай жарналарын төлеу және серiктестiк қызметтерiн пайдалану жөнiндегi мiндеттемелер келтiрiлуге тиiс.
      3. Арыз берушi мiндеттi пай жарнасын енгiзген күннен бастап серiктестiк мүшелігiне қабылданған болып есептеледi.
      4. Серiктестiк мүшесiне мүшелiк кiтапша берiледi, онда: мiндеттi пайдың мөлшерi және оны енгiзу мерзiмi; қосымша пай жарналарының мөлшерi мен саны, пай жарнасының нысаны (ақшалай, мүлiктiк) көрсетiледi.

      20-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiне мүше болуды
              тоқтату

      1.Серiктестiкке мүше болу:
      1) пай басқа тұлғалардың иелiгiне берілген;
      2) серiктестiк мүшесi болып табылатын шаруа немесе фермер қожалығы қызметiн тоқтатқан немесе заңды тұлға таратылған;
      3) серiктестiктен шығарылған;
      4) серiктестiк мүшесi болып табылатын жеке тұлға қайтыс болған;
      5) ауыл шаруашылық тауар өндiрушi қызметi тоқтатылған немесе қызметтiң өзге түрлерiне көшiрiлген;
      6) серiктестiк таратылған жағдайларда тоқтатылады.
      2. Серiктестiктің әрбiр мүшесiнiң осы Заңда және жарғыда белгiленген тәртiппен өзiнiң серiктестiктегi мүшелiгiн өз еркiмен тоқтатуға құқығы бар. Серiктестiк мүшелiгiнен өз еркiмен шығу туралы арыз отыз күн iшiнде қаралуға тиiс.
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      21-бап. Серiктестiктен шығу кезiнде пайды сату,
              төлеу (беру)

      1. Серiктестiк мүшесi өзiнiң пайын басқа тұлғаның иелiгiне беруге және серiктестiктен шығуға хақылы. Пайды серiктестiктiң мүшелерi болып табылмайтын тұлғалардың иелiгiне, егер жарғыда өзгеше белгiленбеген болса және ондай тұлғалар серiктестiкпен кәсiби бағыттас ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi болып табылса, беруге болады. Пайды сату кезiнде серiктестiк мүшелерi артықшылықпен сатып алу құқығын пайдаланады.
      2. Осы Заңның 20-бабының 1-тармағының 2)-5) тармақшаларында көрсетiлген негiздемелер бойынша серiктестiктегi мүшелiк тоқтатылған жағдайда серiктестiк мүшесiне немесе оның құқық мирасқорына пай төленедi (берiледi). Пай беру немесе төлеу туралы шешiмдi, жарғыға сәйкес, серiктестiктiң жалпы жиналысы немесе басқармасы қабылдайды.
      3. Пайды төлеу (беру) серiктестiк басқармасы белгiлеген мерзiмде жүргiзiледi, бiрақ ол мүшелiк тоқтатылған күннен бастап бiр жылдан аспауға тиiс.
      4. Егер осы баптың 2-тармағында аталған жағдайларда серiктестiктiң шығатын мүшесiне оның пайын төлеуге (беруге) серiктестiктiң мүмкiндiгi болмаса, жалпы жиналыс серiктестiктiң басқа мүшелерiнiң қосымша жарналар енгiзуi туралы шешiм шығарады, пай солардың есебiнен төленедi (берiледi).

      22-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiне мүшелiктi
              уақытша тоқтата тұру немесе одан шығару

      1. Жарғыда серiктестiк мүшелiгiнен шығару не оның құқықтарын пайдалануды уақытша тоқтата тұру жағдайлары, сондай-ақ шығару немесе құқықты уақытша тоқтата тұру тәртiбi көзделедi. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшесiнен шығарылған тұлғаға он күн iшiнде жазбаша түрде хабарлануға тиiс.
      2. Ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшелiгiнен шығарылған немесе құқығын пайдалануы уақытша тоқтатылған тұлға жалпы жиналыстың шешiмi жөнiнде сотқа шағымдануға хақылы.

      23-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшесiнiң
              борыштары бойынша пайды өндiрiп алу және
              серiктестiк мүшесiнiң құқық мирасқорларының
              мұраға қалдыру және серiктестiк мүшесi болып
              табылатын заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру
              кезiндегi құқықтары

      1. Серiктестiк мүшесiнiң пайы осындай борыштарды өтеу үшiн өзге мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда азаматтық және азаматтық-iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен оның кредиторларының талап етуi бойынша өндiрiп алу нысанасы болуы мүмкiн.
      2. Жеке тұлғаның мұрагерлерi, егер серiктестiктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, өтініш негiзiнде серіктестің мүшесі құқығын иемденуге хақылы. Мұндай тұлғалар серiктестiктiң кәсiби бағыты бойынша ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi болып табылса, олар мүше құқықтарын иемдене алады.
      3. Заңды тұлғаны қайта құру жолымен оны басқа ұйымдық-құқықтық нысандарға қайта ұйымдастырған кезде, қайта кәсiби бағыттауға байланысты мүшелiктi тоқтатуға негiз болған жағдайларды қоспағанда, мүше құқығын жаңадан құрылған заңды тұлға иемденедi.
      4. Заңды тұлға бiрiгу арқылы қайта ұйымдастырылған кезде бiрiккен заңды тұлғаның мүшелiгi тоқтатылады. Оның пайы өзi бiрiккен заңды тұлғаға ауысады. Егер соңғысы серiктестiк мүшесi болып табылмаса, оны серiктестiкке мүше етiп қабылдау жалпы тәртiппен жүзеге асырылады.
      5. Заңды тұлға бөлiну немесе қосылу арқылы қайтадан ұйымдастырылған жағдайда қайтадан ұйымдастырылған заңды тұлғалардың мүшелiктерi тоқтатылады. Мұндай мүшелердiң пайын алу құқығы бөлiну балансына және алыс-берiс актiсiне сәйкес қайтадан құрылған заңды тұлғаларға ауысады. Мұндай адамдар серiктестiк мүшесi құқығын өтiнiш негiзiнде алады.
      6. Серiктестiк мүшесiнiң мұрагерлерi мүше құқықтарын иемденбеген жағдайда оларға мұрагерлiк анықталған кезден бастап бiр жыл iшiнде оның пайы төленуге немесе бөлiп берiлуге тиiс.

5 тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕРIКТЕСТIГIН БАСҚАРУ

      24-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiн басқару
              органдарының құрылымы

      1. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң басқару органдары:
      жоғары органы - серiктестiк мүшелерiнiң жалпы жиналысы;
      атқарушы органы - төраға басшылық ететiн басқарма;
      бақылау органы - тексеру комиссиясы.
      2. Серiктестiктi басқару органдарының өкiлеттiгi, құрылымы, серiктестiк басқармасының мүшелерiн сайлау мен керi шақырып алу тәртiбi, сондай-ақ серiктестiк мүшелерiнiң жалпы жиналысын шақыру мен өткiзу тәртiбi осы Заңға және серiктестiктiң жарғысына сәйкес белгiленедi.
      3. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшелерi сот тәртiбiмен басқару органдарының шешiмдерi мен әрекеттерiне шағымдана алады.

      25-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жалпы жиналысы

      1. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жалпы жиналысы серiктестiктiң жоғары басқару органы болып табылады.
      2. Серiктестiктiң әрбiр мүшесiнiң серiктестiк қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша шешiм қабылдаған кезде, өзiнiң пай қорындағы пайының мөлшерiне немесе серiктестiк көрсететiн қызметтiң өзi тұтынатын көлемiне қарамастан, бiр дауыс құқығы болады.
      3. Жалпы жиналыс басқарма түрiндегi атқарушы органды және бақылау органын (тексеру комиссиясын) сайлайды.
      4. Жалпы жиналыстың ерекше құзыретi:
      1) басшы органдарды сайлау және оларды босату;
      2) тексеру комиссиясын сайлау;
      3) серiктестiктiң жарғысына өзгерiстер енгiзу;
      4) атқарушы органдардың қаржылық есеп беру тәртiбi мен кезеңдiлiгiн, сондай-ақ бақылаушы органның тексеру жүргiзу тәртiбiн және олардың нәтижелерiн бекiтудi анықтау;
      5) пай жарналарының мөлшерiн белгiлеу;
      6) серiктестiк қорларының түрлерiн, мөлшерiн, құралу және пайдаланылу тәртiбiн белгiлеу;
      7) пай қорының мөлшерiн азайту немесе көбейту;
      8) серiктестiк мүшелiгiнен шығару немесе құқықтарын пайдалануды уақытша тоқтату;
      9) серiктестiк мүшелерiнiң серiктестiк көрсететiн қызметтердi мiндеттi тұтыну принципiн қамтамасыз ету үшiн серiктестiк мүшелерiмен келiсiм-шарт жасасудың негiзгi ережелерiн белгiлеу;
      10) серiктестiктi қайта ұйымдастыру және тарату;
      11) серiктестiктiң басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өздерiнiң филиалдары мен өкiлдiктерiн құруға немесе олардың қызметiне осы Заңда белгiленген шекте қатысуы жөнiнде шешiм қабылдау;
      12) жарғыда көзделген басқа да мәселелер болып табылады.
      Жалпы жиналыс серiктестiк қызметiне қатысты кез келген мәселені өзiнiң қарауына қабылдауға хақылы.
      5. Жалпы жиналыс жылына кемiнде екi рет шақырылады. Серiктестік мүшелерiнiң кемiнде үштен бiрiнiң талап етуiмен кезектен тыс жиналыс шақырылады. Жалпы жиналысты шақыру тәртiбi серiктестiк жарғысымен белгiленедi.
      6. Егер серiктестiк мүшелерiнiң кемiнде жартысы қатысса, жалпы жиналыстың шешiм қабылдауға құқығы бар. Жиналыста шешiм ашық дауыс беру арқылы қабылданады және қатысушылардың көпшiлiк дауысымен қабылданған болып есептеледi. Жиналысқа қатысушылардың кемiнде үштен бiрiнiң талап етуi бойынша жасырын дауыс берiлуi мүмкiн.
      7. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшесi жалпы жиналысқа өзi немесе өкiлi арқылы қатысуға құқылы. Сенiмхаты бар кез келген адам өкiл ретiнде қатысуға хақылы.

      26-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң басқармасы
              және оның өкiлеттiгi

      1. Серiктестiктiң басқармасы оның атқарушы органы болып табылады, басқарма мүшелерiн тек серiктестiк мүшелерi арасынан жалпы жиналыс қана сайлайды. Басқарма серiктестiк қызметiне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады.
      2. Басқарма серiктестiкке мүше емес адамды серiктестiктiң күнделiктi қызметiн басқару мiндетiн атқаратын жұмысқа жалдай алады.
      Басқарма мұндай адаммен басқарушының (менеджердiң) құқықтары мен мiндеттерiн, оның еңбегiне ақы төлеу мөлшерi мен тәртiбiн, онымен еңбек қатынастарын тоқтатудың негiзiн айқындайтын еңбек шартын жасасады. Басқарушыға басқа адамдарды жұмысқа жалдауға, сондай-ақ серiктестiктiң өз қызметiн тиiмдi жүзеге асыруына қажеттi мiндеттердi атқаруға құқық берiледi.
      3. Басқарманың сан құрамы мен iс-қимыл мерзiмi жарғымен белгiленедi.
      4. Серiктестiк басқармасының мүшелерi серiктестiктiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша атқаратын мiндеттерiнен кез келген уақытта босатылуы мүмкiн.
      5. Серiктестiк басқармасының мүшелерi өздерiнiң құзыретiне қатысты, жалпы жиналыс және серiктестiктiң жарғысы белгiлеген мәселелердi бiрлесiп шешуге өкiлеттi.
      6. Жалпы жиналыс сайланбалы органдардың мүшелерiне олардың мұндай органдар мүшелерiнiң мiндеттерiн атқаруға тiкелей байланысты шығыстарын өтеу және басқарма төрағасының еңбегiне ақы төлеу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      Ауылшаруашылық серіктестіктерінің штаттағы қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, Қазақстан Республикасының  әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру туралы заңнамасы қолданылады.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 200.05.15. N 253 Заңымен.

       27-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң тексеру
              комиссиясы

      1. Серiктестiктiң жалпы жиналысы серiктестiктiң атқарушы органының қызметiне бақылау жасау мақсатымен тексеру комиссиясын құрады.
      2. Тексеру комиссиясының құрамына серiктестiктiң мүшелерi, аудиторлық қызметтi жүзеге асырушы адамдар, қаржы және бухгалтерлiк есеп саласындағы мамандар және басқа адамдар кiре алады.
      Атқарушы органдардың мүшелерi тексеру комиссиясының мүшелерi бола алмайды.
      Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң тексеру комиссиясы серiктестiктiң жалпы жиналысына есеп бередi.
      3. Тексеру комиссиясы серiктестiктiң қаржы-шаруашылық қызметiне тексеру жүргiзген кезде серiктестiктiң барлық құжаттамасына даусыз қол жеткiзу құқығына ие болады. Тексеру комиссиясының талап етуiмен атқарушы органның мүшелерi қажетті түсiндiрмелердi ауызша немесе жазбаша түрде беруге мiндеттi. Тексеру нәтижесiн тексеру комиссиясы серiктестiктiң жалпы жиналысына жiбередi.
      4. Тексеру комиссиясы жылдық баланс пен серiктестiктiң басқа да есептерi бойынша қорытынды жасайды. Тексеру комиссиясының қорытындысы болмайынша серiктестiктiң жалпы жиналысы серiктестiктiң жылдық балансы мен басқа да есептерiн бекiтуге хақысы жоқ.
      5. Серiктестiктiң тексеру комиссиясының жұмыс тәртiбi жарғымен белгiленедi.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.05.05. N 139 Заңымен.

       28-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң аудитi

      1. Серiктестiктiң жылдық қаржылық есебiнiң, сондай-ақ оның ағымдағы iсiнiң жай-күйiнiң дұрыстығын тексеру және растау үшiн серiктестiк оның жарғысында көзделген жағдайларда және тәртiпте серiктестiкпен, оның атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының мүшелерiмен немесе серiктестiк мүшелерiмен мүлiктiк мүддеге байланысы жоқ аудиторлық ұйымды тартуға хақылы.
      2. Серiктестiк мүшесi өз қаражаты есебiнен серiктестiктiң қаржылық есебіне аудит жүргiзілуiн талап етуге хақылы.
      3. Егер серiктестiктiң атқарушы органы серiктестiктiң қаржылық есебiне аудит жүргiзуден жалтарса, аудит мiндетті болған не оны жүргiзудi серiктестiк мүшесi талап еткен жағдайда, аудит мүдделі тұлғаның не серiктестiк мүшесiнiң өтiнiшiмен соттың шешімі бойынша тағайындалуы мүмкiн.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.05.05. N 139 Заңымен.

  6 тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕРIКТЕСТIКТIГIНIҢ МҮЛКI

      29-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүлкi және
              оны қалыптастыру көздерi

      1. Серiктестiктiң мүлкi оның мүшелерiнiң пай жарналары, өз қызметiнен алынатын табыстар есебiнен және заңда тыйым салынбаған өзге де көздерден қалыптасады.
      2. Серiктестiктiң мүлкi оған меншiк құқығымен тиесiлi болады.
      3. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысында көзделген жағдайларда серiктестiктiң мүлкiне билiк ету жалпы жиналыстың шешiмiмен жүзеге асырылады.
      4. Серiктестiк өз қызметiн жүзеге асыру үшiн қорлар құрады. Бұл қорлардың түрлерiн, мөлшерiн, оларды құру мен пайдалану тәртiбiн серiктестiк мүшелерiнiң жалпы жиналысы оның жарғысына сәйкес белгiлейдi.

      30-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшелерiнiң пай
              жарналары мен пайлары

      1. Серiктестiкке тиесiлi мүлiк жарғыға сәйкес оның мүшелерiнiң пайларына ақша түрiнде бөлiнедi.
      2. Серiктестiктiң әрбiр мүшесi үшiн пай қорының, мiндеттi және қосымша пай жарнасының мөлшерiн оған серiктестiк көрсететiн қызметтердiң көлемiне қарай жалпы жиналыс белгiлейдi.
      3. Пай жарналарының есебi құнына балап жүргiзіледi. Пай жарнасы есебiне заттай түрде мүлiк немесе мүлiктiк құқықтар енгiзiлген жағдайда пай жарналарын ақшамен бағалауды серiктестiктiң басқармасы жүргiзедi және оны жалпы жиналыс бекiтедi. Серiктестiк мүшелерiнiң жалпы жиналысы берiлетiн мүлiктi ақшамен бағалау әдiстемесiн бекiтiп, басқармаға осы әдiстеме негiзiнде аталған мүлiктi ақшамен бағалау жөнiндегi жұмысты ұйымдастыруды тапсыра алады. Серiктестiк мүшелерi жалпы жиналысының шешiмi бойынша пай жарналарының ақшамен бағалануы тәуелсiз сарапшылық тексеруге берiлуi мүмкiн.
      4. Пай жарнасы бағалану құнының мiндеттi пай мөлшерiнен асып түсетiн бөлiгi серiктестiк мүшесiнiң келiсiмiмен оның қосымша пай жарнасы деп танылады.
      5. Серiктестiк мүшелерi жалпы жиналысының шешiмiмен серiктестiк жарғысына тиiстi өзгерiстер енгiзiле отырып, пай қорының мөлшерi ұлғайтылуы немесе азайтылуы мүмкiн. Аталған өзгерiстер заңмен белгiленген тәртiпте қайта тiркелуге жатады.
      6. Пай қоры мөлшерiнiң ұлғайтылуы қосымша пай жарналарын енгізу жолымен жүзеге асырылады.
      7. Серiктестiктiң кредиторларына пай қоры мөлшерiнiң азайтылуы немесе оны қалыптастырудың мерзiмдерi туралы аталған өзгерiстер күшiне енгеннен кейiн бiр ай iшiнде хабарлануға тиiс. Аталған пай қоры мөлшерiнiң азайтылуы туралы хабар жарияланғаннан кейiн алты ай iшiнде серiктестiкке талап қойған кредиторлардың талаптары қанағаттандырылуға тиiс.

      31-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүлiктiк
              жауапкершiлiгi

      Ауыл шаруашылық серiктестiгi өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлiкпен заңдарға сәйкес жауапты болады.

7-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕРIКТЕСТIГIНIҢ ӨЗ
МҮШЕЛЕРІМЕН ӨЗАРА ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ НЕГIЗДЕРI

      32-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшелерiнiң
              өнiм сатуы және қызметтер тұтынуы туралы
              келiсiм-шарт (келiсiм)

      Серiктестiк пен оның мүшелерi өнiм өткiзу, сондай-ақ серiктестiк өз мүшелерiне көрсететiн қызметтердiң көлемi мен түрлерi туралы келiсiм-шарттар (келiсiмдер) жасаса алады.

8 тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕРIКТЕСТIГIН ҚАЙТА
ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

      33-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiн қайта ұйымдастыру

      1. Серiктестiктi қайта ұйымдастыру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру) заң актiлерiне сәйкес серiктестiк мүшелерi жалпы жиналысының шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
       Серiктестiктi селолық тұтыну кооперативi етiп қайта құруға болмайды.
      2. Келiспеушiлiктер туындаған жағдайларда серiктестiктi оның құрамынан бiр немесе бiрнеше заңды тұлғалардың бөлiнуi немесе бөлiнiп шығуы нысанында қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Серiктестiк қайта ұйымдастырылған кезде оның жарғысына өзгерiстер енгiзу немесе жаңа жарғыны қабылдау заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу туралы заңдардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Серiктестiк қайта ұйымдастырылған жағдайда оның құқықтары мен мiндеттерi алыс-берiс актiсiне немесе бөлу балансына сәйкес құқық мирасқорларына ауысады. Аталған құжаттарда тараптар дауласып отырған мiндеттемелердi қоса алғанда, қайта ұйымдастырылатын серiктестiктiң барлық кредиторлары мен борышкерлерiне қатысты барлық мiндеттемелерi бойынша құқық мирасқорлығы туралы ережелер болуға тиiс.
      5. Алыс-берiс актiсi мен бөлу балансы серiктестiк мүшелерiнiң жалпы жиналысында бекiтiледi және құрылтай құжаттарымен бiрге мемлекеттiк тiркеуге ұсынылады.
      6. Егер бөлу балансы қайта ұйымдастырылған серiктестiктiң құқық мирасқорын белгiлеуге мүмкiндiк бермесе, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар қайта ұйымдастырылған серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша оның кредиторлары алдында ортақ жауапкершiлiкте болады.

      34-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiн тарату

      1. Ауыл шаруашылық серiктестiгi жалпы жиналыстың шешiмi бойынша немесе сот шешiмiнiң негiзiнде таратылуы мүмкiн.
      2. Ауыл шаруашылық серiктестiгiн тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және өзге де заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүргізіледі.

  9 тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕРIКТЕСТIКТЕРIНIҢ
ҚАУЫМДАСТЫҚТАРЫ (ОДАҚТАРЫ)

      35-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң
              қауымдастықтары (одақтары)

      1. Ауыл шаруашылық серiктестiктерi облыстық және республикалық деңгейлерде қауымдастықтарға (одақтарға) бiрiгуi мүмкiн.
      2. Бастауыш ауыл шаруашылық серiктестiктерi өз қызметiн үйлестiру, экономикалық мүдделерiн қорғау мақсатында мемлекеттiк және өзге де құрылымдарда коммерциялық емес ұйым болып табылатын ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң қауымдастықтарын (одақтарын) құрады.
      3. Қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi құрылтай шартының және жарғының негiзiнде iс-қимыл жасайды, бiрақ өзiнiң дербестігi мен заңды тұлға құқығын сақтайды.
      4. Қауымдастықтың (одақтың) негiзгi мiндеттерi:
      1) ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi бiрлестiктерiнiң дамуын реттеу және оған жәрдемдесу;
      2) ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң құқықтары мен экономикалық мүдделерін қорғау;
      3) аймақаралық байланыстарды әзiрлеу мен жүзеге асыру, iшкi және сыртқы экономикалық өзара қатынастарды жетiлдiру;
      4) материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге жәрдемдесу, салааралық айырбастың баламалылығы мен ауыл шаруашылық өнiмiнiң және өнеркәсiп беретiн ресурстардың бағасын реттеп отыру;
      5) кәсiпорындардың даму үрдiсiн айқындау, соның негiзiнде одан әрi даму перспективасының жалпы бағытын белгiлеу;
      6) жаңа техниканың, технологияның енгiзiлуiне жәрдемдесу, тәжiрибе, ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды ұйымдастыру және патент-лицензия жұмысы мен лизингтi ұйымдастыру.
      5. Қауымдастықтар (одақтар) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн, құрылтай шартында немесе жарғыда көзделген басқа да мiндеттердi жүзеге асыруға хақылы.
      6. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң қауымдастықтары (одақтары) ерiктi негiзде құрылады, құрылтайшылар жүктеген мiндеттерді атқарады.
      7. Қауымдастықтардың (одақтардың) қызметiн қаржыландыру осы қауымдастыққа (одаққа) бiрiккен ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң жыл сайынғы шарттық аударымдары арқылы жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады