Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз келген адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 19 ақпандағы № 456-V ҚРЗ

      2011 жылғы 23 ақпанда Прагада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз келген адамдардың реадмиссиясы туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН ЧЕХ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ЗАҢСЫЗ КЕЛГЕН АДАМДАРДЫҢ РЕАДМИССИЯСЫ ТУРАЛЫ
КЕЛІСІМ

(2016 жылғы 01 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 3, 55-құжат)

      Бұдан әрі «УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТАР» деп аталатын
      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ
      мен
      ЧЕХ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ,
      Заңсыз иммиграцияға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында ынтымақтастықты нығайтуға толық шешім қабылдай отырып;
      Мигранттар контрабандасы жөніндегі ұйымдасқан қылмыстық топтардың іс-әрекетінің айтарлықтай өсуіне алаңдаушылық білдіре отырып;
      Осы Келісімді жасасу жолымен өзара негізде Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумағында келу, болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамдарды анықтау және оларды қауіпсіз және реттелген қайтару үшін жылдам және тиімді рәсімдер жасауға, мұндай адамдардың транзитіне ынтымақтастық аясында ықпал етуге ниет білдіре отырып,
      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын және қабылдаған халықаралық міндеттемелерін ескере отырып,
      ТӨМЕНДЕГІЛЕР ТУРАЛЫ КЕЛІСТІ:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      1) реадмиссия - осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Сұрау салатын тарап мемлекетінің аумағына заңсыз келген, болатын немесе тұрып жатқан Сұрау салынатын тарап мемлекетінің азаматтарын, үшінші мемлекеттердің азаматтарын немесе азаматтығы жоқ адамдарды Сұрау салатын тараптың құзыретті органының қайтаруы және Сұрау салынатын тараптың құзыретті органының қабылдауы білдіреді.
      2) Қазақстан Республикасының азаматы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның азаматтығына ие адам;
      3) Чех Республикасының азаматы - Чех Республикасының заңнамасына сәйкес оның азаматтығына ие адам;
      4) үшінші мемлекеттің азаматы — Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің азаматтығынан өзге азаматтығы бар адам;
      5) азаматтығы жоқ адам - ешбір азаматтығы жоқ адам;
      6) тұруға рұқсат - баспана беру туралы қолдаухат немесе тұруға рұқсат беру туралы қолдаухатты қарау рәсіміне байланысты Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумағында болуға уақытша рұқсаттарды қамтымайтын, адамға Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумағында тұруға құқық беретін Уағдаласушы Тараптар құзыретті органдары берген кез келген түрдегі рұқсат;
      7) виза - әуежайларда берілетін транзиттік визаларды қамтымайтын, Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіру немесе оның аумағы арқылы транзит үшін қажетті Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары берген рұқсат;
      8) транзит - Сұрау салатын тарап мемлекетінен баратын мемлекетке өту кезінде үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың Сұрау салынатын тарап мемлекетінің аумағы арқылы өтуі;
      9) Сұрау салатын тарап - осы Келісімнің 5-бабына сәйкес реадмиссия туралы қолдаухат немесе осы Келісімнің 10-бабына сәйкес транзит туралы қолдаухат жіберетін Уағдаласушы Тарап;
      10) Сұрау салынатын тарап - осы Келісімнің 5-бабына сәйкес реадмиссия туралы қолдаухат немесе осы Келісімнің 11-бабына сәйкес транзит туралы қолдаухат жіберетін Уағдаласушы Тарап;
      11) құзыретті орган - осы Келісімді іске асыру үшін жүктелетін, осы Келісімді іске асыру Хаттамасында көрсетілген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің органы;
      12) шекарамаңы ауданы - Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің халықаралық әуежайлары.

1-БӨЛІМ
РЕАДМИССИЯҒА ҚАТЫСТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

2-бап
Уағдаласушы тараптар мемлекеттері азаматтарының реадмиссиясы

      1. Сұрау салынатын тарап Сұрау салатын тараптың қолдаухаты бойынша осы Келісімнің шеңберінде өз мемлекетінің аумағында Сұрау салатын тарап мемлекетінің аумағында кіру, болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан кез келген адамды егер осы адам Сұрау салынатын тараптың азаматы болып табылатыны анықталса, қабылдайды. Осы Ереже Сұрау салатын тарап мемлекетінің аумағына кірген соң Сұрау салынатын тарап мемлекетінің азаматтығынан айырылған немесе бас тартқан және Сұрау салатын тарап мемлекетінің азаматтығын алмаған адамдарға да қатысты қолданылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың реадмиссиясымен бір уақытта Сұрау салынатын тарап мыналардың:
      - Сұрау салатын тарап мемлекетінің аумағында болуға немесе тұруға тәуелсіз құқығы болмаса, олардың туған жеріне немесе азаматтығына қарамастан, кәмелетке толмаған, некеде тұрмайтын балаларының;
      - егер Сұрау салынатын тарап мемлекетінің аумағына келуге, болуға және тұруға құқығы болса немесе олар осы құқықты алса және Сұрау салатын тарап мемлекетінің аумағында болуға және тұруға тәуелсіз құқығы болмаған жағдайда осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардан басқа азаматтығы бар жұбайларының реадмиссиясын жүзеге асырады.
      3. Сұрау салынатын тарап реадмиссиясы келісілген адамның тілек білдіруіне қарамастан, қажет болғанда, реадмиссиямен келісімге қол жеткізілген күннен кейін 3 жұмыс күн ішінде осы адамды қайтару үшін қажет, 6 айдан кем емес жүру құжатын береді. Егер заңды немесе нақты себептер бойынша көрсетілген адамды жол жүру құжатының жарамдылық ішінде беру мүмкін болмаса, Сұрау салынатын тарап 14 күнтізбелік күн ішінде жол жүру құжатының жарамдылық мерзімін ұзартады немесе қажет болғанда сондай жарамдылық мерзімімен жаңа жол жүру құжатын береді. Егер 14 күнтізбелік күн ішінде Сұрау салынатын тарап жаңа жол жүру құжатын бермесе және оның жарамдылық мерзімін ұзартпаса, онда Сұрау салынатын тарап мерзімі өтіп кеткен құжатты қабылдауы тиіс.

3-бап
Үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ
адамдардың реадмиссиясы

      1. Осы Келісімнің шеңберінде Сұрау салынатын тарап Сұрау салатын тараптың қолдаухаты бойынша өз мемлекетінің аумағына егер:
      1) бұл адамға бір Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына тікелей екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағынан заңсыз кіргеніне; немесе
      2) кіру сәтінде Сұрау салынатын тарап берген жарамды тұруға рұқсаты бар екендігіне; немесе
      3) кіру сәтінде Сұрау салынатын тарап берген жарамды визасы бар екендігіне және Сұрау салатын тарап мемлекетінің аумағына тікелей Сұрау салынатын тарап мемлекетінің аумағынан кіргеніне дәлел берілсе, Сұрау салатын тарап мемлекетінің аумағында кіру, болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан кез-келген үшінші мемлекеттің азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды қабылдайды.
      2. Егер:
      1) үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам Сұрау салынатын тарап мемлекетінің аумағында тек халықаралық әуежайдың транзиттік аймағында ғана болса; немесе
      2) Сұрау салатын тарап:
      - осы адамның Сұрау салынатын тарап берген және қолданылу мерзімі ұзақ виза немесе тұруға рұқсаты болса; немесе
      - Сұрау салатын тарап берген виза немесе тұруға рұқсат қолдан жасалған немесе жалған құжаттардың көмегімен алынған жағдайларды қоспағанда, өз мемлекетінің аумағына кіргенге дейін немесе одан кейін үшінші мемлекеттің азаматына немесе азаматтығы жоқ адамға тұруға виза немесе рұқсат берген болса;
      3) Сұрау салатын тарап мемлекетінің аумағына үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам кіру үшін визаны қажет етпесе, осы баптың 1-тармағында көзделген реадмиссияға қатысты міндет қолданылмайды.
      3. Сұрау салынатын тарап реадмиссия туралы қолдаухатқа оң жауап бергеннен кейін, Сұрау салатын тарап реадмиссиясы келісілген адамға Сұрау салынатын тарап мойындайтын жол жүру құжатын береді.

4-бап
Қате реадмиссия

      Сұрау салатын тарап егер осы адамды берген күннен кейін 3 ай ішінде осы Келісімнің 2 және 3-баптарындағы талаптар сақталмағаны анықталса, Сұрау салынатын тарап қабылдаған кез келген адамды кері қабылдайды. Мұндай жағдайларда қажетті өзгерістерді ескере отырып, осы Келісімнің іс жүргізу ережелері қолданылады және Сұрау салынатын тарап қайтаруға жататын адамның жеке басы және азаматтығы туралы қолда бар барлық ақпаратты береді.

2-БӨЛІМ
РЕАДМИССИЯ РӘСІМІ

5-бап
Реадмиссия туралы қолдаухат

      1. Осы баптың 2-тармағын сақтай отырып, осы Келісімнің 2 және 3-баптарында көзделген міндеттемелердің бірінің негізінде реадмиссияға жататын адамды кез келген беру үшін Сұрау салынатын тараптың құзыретті органына реадмиссия туралы қолдаухат жіберу қажет.
      2. Егер реадмиссияға жататын адамда жарамды жол жүру құжаты немесе жеке басын куәландыратын құжаты болса, Сұрау салынатын тараптың құзыретті органына реадмиссия туралы қолдаухат немесе жазбаша өтініш білдіру, ал осы адам үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам болып табылған жағдайда, Сұрау салынатын тарап берген жарамды виза немесе тұруға рұқсат талап етілмейді.
      3. Егер Сұрау салатын тараптың шекаралас ауданында адам мемлекеттік шекараны заңсыз өткеннен кейін 48 сағаттың ішінде осы адам ұсталса, осы баптың 2-тармағына зиян келтірмей, егер ол тікелей Сұрау салынатын тараптың аумағынан өткен болса (жеделдетілген рәсім) Сұрау салатын тарап осындай адамның реадмиссиясы туралы қолдаухатты осындай адам ұсталғаннан кейін 2 күн ішінде жібере алады.
      4. Реадмиссия туралы қолдаухат, атап айтқанда:
      1) осы Келісімді іске асыру Хаттамасына сәйкес реадмиссияға жататын адам туралы қолда бар барлық мәліметтерді;
      2) осы Келісімнің 6-бабына сәйкес дәлелдемелерді қамтуы тиіс.
      5. Қажет болған жағдайда реадмиссия туралы қолдаухат сондай-ақ:
      1) осы адам осындай өтінішке нақты айтылған келісім берген жағдайда, беруге жататын адам көмекке немесе медициналық күтімге мұқтаж екені туралы куәландыратын арызды;
      2) беру жағдайында қажет болуы мүмкін қорғаныс және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кез келген басқа шаралар туралы мәліметтерді қамтуы тиіс.

6-бап
Дәлелдемелер

      1. Осы Келісімнің 2-бабына сәйкес азаматтыққа қатыстылық дәлелдемелерінің түрлері және осы Келісімнің 3-бабына сәйкес үшінші мемлекеттердің азаматтарына немесе азаматтығы жоқ адамдарға қатысты дәлелдемелер осы Келісімді іске асыру Хаттамасында қамтылған.
      2. Егер азаматтыққа қатыстылық дәлелдемелерінің бір де бірі осы Келісімнің 2-бабына сәйкес ұсынылмаса, Сұрау салынатын тараптың дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі реадмиссия туралы қолдаухатты алған күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде реадмиссияға жататын адаммен оның азаматтығын анықтау мақсатында әңгімелесу өткізеді.

7-бап
Мерзімдер

      1. Реадмиссия туралы қолдаухат үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам кіру, болу немесе тұру шарттарын орындамағаны немесе орындауды тоқтатқаны туралы Сұрау салатын тараптың құзыретті органы білген күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімде Сұрау салынатын тараптың құзыретті органына беріледі.
      Егер мұндай адамдардың реадмиссиясы туралы қолдаухат жоғарыда көрсетілген мерзім өткен соң берілген жағдайда, реадмиссияға қатысты міндеттеме туындамайды. Қолдаухатты уақтылы беруге кедергі келтіретін мән-жайлар болған жағдайда негізделген сұрау салу негізінде жауап беру мерзімі оларды жойғанға дейін ұзартылады.
      2. Реадмиссия туралы қолдаухатқа жауапты Сұрау салынатын тарап дәлелсіз кешігусіз және кез келген жағдайда мұндай қолдаухатты алған күннен бастап 14 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жіберілуі тиіс. Қолдаухатқа уақтылы жауап беруге кедергі келтіретін мән-жайлар болған кезде негізделген сұрау салудың негізінде жауап беру мерзімі барлық жағдайда 30 күнтізбелік дейін ұзартылады.
      3. Осы Келісімнің 5-бабының 3-тармағында көзделген жеделдетілген рәсім бойынша реадмиссия туралы қолдаухат жіберілген жағдайда реадмиссия туралы қолдаухатты алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жауап беріледі.
      4. Егер осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген мерзімдер ішінде жауап алынбаған болса, беру туралы мәселе келісілген деп есептеледі.
      5. Сұрау салатын тарапқа реадмиссия туралы қолдаухатқа жауап бермеу себептері көрсетіледі.
      6. Келісімге қол жеткізілгеннен кейін немесе бұл қолайлы болғанда, осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін реадмиссияға жататын адам 90 күнтізбелік күн ішінде беріледі. Осы Келісімнің 5-бабының 3-тармағына сәйкес жеделдетілген рәсім қолданылған жағдайда адам 5 жұмыс күні ішінде беріледі. Сұрау салатын тараптың өтініші бойынша бұл мерзім заңдық немесе практикалық кедергілерді жою үшін қажетті уақыты ескеріле отырып, ұзартылады.

8-бап
Беру шарттары және көлік түрлері

      1. Осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағы үшін зиян келтірмей, реадмиссияға жататын адамды бергенге дейін Уағдаласушы тараптардың құзыретті органдары алдын ала жазбаша нысанда беру күні, шекара арқылы өткізу пункті, ықтимал ілесіп жүру және беруге қатысты басқа да мәселелер туралы келіседі.
      2. Реадмиссияға жататын адамды беру үшін әуе және құрлық көлік түрі пайдаланылуы мүмкін. Мұндай адамды әуе көлігімен тасымалдау кезінде таңдау Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық әуе компанияларын пайдаланумен шектелмейді. Бұл мақсаттар үшін тұрақты да, чартерлік те рейстер пайдаланыла алады. Ілесіп жүру қажет болғанда ол Уағдаласушы тараптардың бірінің уәкілетті адамдарымен шектеледі.

3-БӨЛІМ
ТРАНЗИТ ТӘРТІБІ

9-бап
Қағидаттар

      1. Уағдаласушы тараптар үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзитін мұндай адамдар баратын мемлекетке тікелей қайтарыла алмаған жағдайларда шектейді.
      2. Егер басқа транзит мемлекеттерінің аумағы арқылы одан әрі жол жүруі мүмкіндігіне және баратын мемлекеттің оларды қабылдауына кепілдік берілсе, Сұрау салынатын тарап үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың транзитіне рұқсат береді.
      3. Сұрау салынатын тараптың талабы бойынша үшінші мемлекет азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзиті ілесіп жүрумен жүзеге асырылады.
      4. Сұрау салынатын мемлекет:
      1) егер баратын мемлекетте немесе транзит мемлекетінде үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам азаптау, адамгершілікке жат немесе ар-намысты қорлауға ұшырау, қарым-қатынасқа немесе жазалауға, өлім жазасы немесе нәсілдік, діни, ұлттық тиесілілігі бойынша, сондай-ақ белгілі бір әлеуметтік топқа немесе саяси көзқарастары үшін қудалану қаупі болса;
      2) егер Сұрау салынатын тарап мемлекетінде немесе транзит мемлекетінде үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам қылмыстық қудалауға немесе жазалауға тартылатын болса;
      3) халық денсаулығын қорғау, ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық қауіпсіздік немесе Сұрау салынатын тараптың басқа да ұлттық мүдделері себебінен транзиттен бас тартуы мүмкін.
      5. Сұрау салынатын тарап, егер кейіннен осы баптың 4-тармағында көзделген транзитке кедергі жасайтын жағдайлар туындаса немесе анықталса немесе адамның басқа транзит мемлекеттерінің аумағы арқылы жол жүруіне немесе баратын мемлекеттің қабылдау кепілдігі берілмесе, кез келген берілген рұқсатты кері қайтарып ала алады. Мұндай жағдайда, Сұрау салатын тарап үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адамды еш кідірусіз қабылдауы тиіс.

10-бап
Транзит рәсімі

      1. Транзит туралы қолдаухат Сұрау салынатын тараптың құзыретті органдарына жазбаша нысанда ұсынылады және ол мынадай ақпаратты қамтуы тиіс:
      1) транзит түрі, транзит маршруты, транзит мемлекеттері, егер осындайлар болса, және баратын мемлекет;
      2) осы Келісімді іске асыру Хаттамасына сәйкес транзитке жататын адам туралы барлық қолда бар мәліметтер;
      3) пайдалануы ықтимал шекараны кесіп өту пункті, адамды беру уақыты және ықтимал ілесіп жүру;
      4) Сұрау салатын тараптың, оның пікірінше, осы Келісімнің 9-бабының 2-тармағында көзделген шарттардың орындалғаны және оған осы Келісімнің 9-бабының 4-тармағына сәйкес транзитті қабыл алмауға негіз болып табылатын жағдайлар туралы белгісіз екені туралы өтініші.
      2. Сұрау салынатын тарап осындай қолдаухатты алғаннан кейін 10 күнтізбелік ішінде жазбаша нысанда өзінің транзитке келісімі туралы Сұрау салатын тараптың құзыретті органына хабарлайды және шекараны кесіп өту пункті мен транзиттің жоспарланған уақытын растайды немесе транзиттен бас тарту және оның себептері туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
      3. Егер транзит әуе көлігімен жүзеге асырылса, онда транзитке жататын адам және оған ілесіп жүруі мүмкін адамдар транзиттік визалар алу қажеттілігінен босатылады.
      4. Сұрау салынатын тараптың құзыретті органдары транзитті жүзеге асыруға, атап айтқанда аталған адамдарды қадағалауға және қажетті мүмкіндіктерді беруге жәрдемдеседі.
      5. Сұрау салатын тараптың ілесіп жүретін адамдары өздерімен бірге Сұрау салынатын тараптың транзитке келісімін растайтын құжаттардың көшірмелерін алып жүруі тиіс. Сұрау салатын тараптың ілесіп жүретін адамдары Сұрау салынатын тараптың аумағында ешқандай өкілеттілікке ие болмайды және қаруланбаған болады.

4-БӨЛІМ
ШЫҒЫСТАР

11-бап
Шығыстар

      Осы Келісімге сәйкес соңғы баратын мемлекеттің шекарасы арқылы өткізу пунктіне дейін реадмиссияны және транзитті жүзеге асыру кезінде туындайтын барлық шығыстар, сондай-ақ осы Келісімнің 4-бабына сәйкес адамдарды қайтаруға байланысты Сұрау салынатын тарап көтеретін оның шығыстары мұндай шығыстарды өтеуге Сұрау салатын тараптың құзыретті органдарының құқығына зиян келтірмей Сұрау салатын мемлекет реадмиссияға жататын адамдардың немесе үшінші тараптардың есебінен жабады.

5-БӨЛІМ
ДЕРЕКТЕРДІ ҚОРҒАУ

12-бап
Деректерді қорғау

      Дербес деректерді беру, егер бұл Уағдаласушы тараптардың құзыретті органдарының осы Келісімді іске асыруы үшін қажет болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Дербес деректерді беру, өңдеу және қолдану кезінде Уағдаласушы тараптардың құзыретті органдары өз заңнамаларына сәйкес әрекет етеді.
      Осыған қосымша ретінде мынадай қағидаттар қолданылуы тиіс:
      1) дербес деректер әділ және заңды негізінде өңделуі тиіс;
      2) дербес деректерді жинау осы Келісімді іске асыруға байланысты нақты, айқын көрінетін және заңды мақсатта жүзеге асырылуы тиіс, ал дербес деректерді беретін құзыретті органның да, оны алатын құзыретті органның оларды кейіннен өңдеуі көрсетілген мақсатқа келмейтіндей етіп жүзеге асыруы тиіс.
      3) дербес деректер бара-бар, іске қатысы бар және/немесе оларды жинау және/немесе кейіннен өңдеу жүзеге асырылатын мақсаттар аясы шамадан тыс болмауы тиіс; атап айтқанда, берілетін дербес деректер тек қана мыналарға:
      - реадмиссияға немесе транзитке жататын адам туралы мәліметтерге (аты, тегі, адам пайдаланатын өзге де аттары немесе ол белгілі болған аттары, жынысы, азаматтық жағдайы, туған күні мен жері, қазіргі және бұрынғы кез-келген азаматтығы);
      - паспорттарына, жеке куәлігіне, жүргізуші куәліктеріне немесе басқа да жеке куәліктеріне немесе жол жүру құжаттарына (нөмірі, қолданылу мерзімі, берілген күні, берген орган, берілген жері);
      - аялдау орындары мен қозғалыс маршрутына;
      - егер бұл өзінің мүддесі мен қоғамдық саулықты сақтау мүддесі үшін болса, оның денсаулығының жай-күйі туралы деректерді қоса алғанда, реадмиссияға немесе транзитке жататын адамды сәйкестендіруге қажетті, осы Келісімге сәйкес реадмиссия үшін негіз болып табылатын жағдайлардың болуы туралы мәселесін зерттеу үшін өзге де ақпаратқа қатысты бола алады;
      4) дербес деректер нақты және қажет болған кезде жаңартылған болуы тиіс;
      5) дербес деректер осы деректердің субъектілерін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нысанда және оларды жинау және кейіннен өңдеу үшін талап етілетін мерзімнен ұзақ емес мерзімде сақталуы тиіс;
      6) дербес деректерді беретін құзыретті орган және дербес деректерді алатын құзыретті орган, егер оларды өңдеу осы баптың ережелеріне сәйкес келмеген жағдайда дербес деректердің түзету, жою немесе жауып тастау үшін, атап айтқанда бұл деректер іске қатысты барабар, дәл болып табылмаса немесе оларды өңдеу мақсаты аясында шектен тыс болып табылса, барлық саналы шараларды қолданады. Бұл басқа Уағдаласушы Тараптың аталған деректерді кез келген түзетулер, жою немесе жауып тастау туралы хабардар етуді көздейді;
      7) дербес деректерді алатын құзыретті орган сұрау салу бойынша дербес деректерді беретін құзыретті органды жіберілген деректерді қолданғаны және олардың негізінде алынған нәтижелер туралы хабарлайды;
      8) дербес деректер құзыретті органдарға ғана беріледі. Олардың басқа органдарға кейіннен берілуі дербес деректерді беретін құзыретті органның алдын ала жазбаша түрде келісімін талап етеді;
      9) дербес деректерді беретін құзыретті орган және дербес деректерді алатын құзыретті орган дербес деректерді жіберуді және қабылдауды жазбаша нысанда тіркеуге міндетті;
      10) Уағдаласушы Тараптар жеке деректерді заңсыз алудан, өзгертуден немесе жариялаудан тиімді қорғайды, деректері берілетін адам Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес берілген деректер туралы ақпарат сұратуға және алуға құқылы.

6-БӨЛІМ
ОРЫНДАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАНУ

13-бап
Орындаушы ережелер

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Чех Республикасының Ішкі істер министрлігі осы Келісімді іске асыру жөніндегі Хаттама жасасады, ол атап айтқанда мыналарды:
      1) осы Келісімнің 6-бабына сәйкес құжаттар мен басқа да дәлелдерді,
      2) осы Келісімнің 5 және 10-баптарына сәйкес реадмиссия және транзит туралы қолдаухаттардың үлгі нысандарын,
      3) өзара іс-қимыл жасасу тәсілдерін қоса алғанда, осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдарды,
      4) осы Келісімді іске асыру үшін қолданылатын Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің әуежайларын және мемлекеттік шекараларын кесіп өту пункттерін,
      5) осы Келісімнің 11-бабына сәйкес шығыстардың толық сипаттамасын және оларды қайтару тәртібін қамтиды.

7-БӨЛІМ
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

14-бап
Басқа халықаралық міндеттемелерге қатысы

      Осы Келісім Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

15-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты ықтимал даулар Уағдаласушы Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар жолымен шешілетін болады.

16-бап
Келісімге түзетулер

      Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 17-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап
Осы Келісімнің күшіне енуі, қолданылу мерзімі және қолданылуын тоқтату

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
      2. Осы Келісімнің 3-бабының ережелері осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімнен бастап 18 ай өткеннен кейін қолданылады. Осы 18 айлық кезең ішінде олар Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында тұруға жарамды рұқсаты бар азаматтығы жоқ адамдарға немесе үшінші мемлекеттердің азаматтарына немесе Уағдаласушы Тарап реадмиссия туралы келісім жасасқан мемлекеттермен үшінші мемлекеттердің азаматтарына ғана қатысты қолданылады.
      3. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      4. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптың бірі екінші Уағдаласушы Тараптың дипломатиялық арналар арқылы өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 6 ай өткенге дейін күшінде қалады.

      Прага қаласында 2011 жылғы 23 ақпанда екі түпнұсқа данада әрқайсысы қазақ, чех, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының        Чех Республикасының
            Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын және чех тілдеріндегі мәтіні берілген.

      2011 жылғы 23 ақпанда Прага қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз келген адамдардың реадмиссиясы туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                      Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады