2017 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң) қол қойды.
Заңның мақсаты Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) мәселелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын жетілдіру және дамыту болып табылады.
Заң:
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (бұдан әрі – ӘМСҚ) жарналардың және аударымдардың мөлшерлерін қайта қарауды;
ӘМСҚ-ға жарналары мемлекеттен түсетін, сондай-ақ ӘМСҚ-ға жарналарды төлеушілер адамдарының тізбелерін нақтылауды;
Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі - МӘМС) жүйесінде ел азаматтарымен қатар медициналық көмек алу құқығын ұсынуды;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМККК көрсету бойынша қызметтерді сатып алуды ӘМСҚ құзыретіне жатқызуды;
әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету тетіктерін реттеуді;
ӘМСҚ банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын уақытша шектеу мен тоқтатуды қолданбау арқылы, сондай-ақ оларға тыйым салу және өндіріп алу өтініші арқылы ӘМСҚ активтерінің қаржылық тұрақтылығы мен сақталуын қамтамасыз етуді көздейді.
Жобаны қабылдау жалпы әлеуметтік, экономикалық, құқықтық жағымсыз салдарға әкелмейді.
МӘМС жүйесі денсаулық сақтау қызметтерін көрсету жүйесінің қолжетімділігін, сапасы мен экономикалық тиімділігін арттыру және халық денсаулығының маңызды проблемаларына байланысты қаржылық тәуекелдерін төмендету мақсатында енгізіледі. МӘМС жүйесін енгізу әлеуметтік бағытталған ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің әлеуметтік әділдік, денсаулық үшін ортақ жауапкершілік, халықты жалпыға ортақ қамту және сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету қағидаттарын сақтай отырып, әлеуметтік бағытталған ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығына және қарқынды дамуына мүмкіндік туғызады.