2017 жылғы 30 қарашада Минскіде жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. НАЗАРБАЕВ |
(Бейресми аударма)
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы
КЕЛІСІМ
(2019 жылғы 1 сәуірде күшіне енген - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2019 ж., № 3, 30-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер
1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың, 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Жарғысының, 2016 жылғы 14 қазандағы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Шешімімен бекітілген Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған ұжымдық қауіпсіздік стратегиясының ережелерін, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Тараптардың мүддесінде ақпараттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бойынша күш-жігерді біріктіруге бағытталған басқа да шешімдерін басшылыққа ала отырып,
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық және ұжымдық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге қабілетті ақпараттық кеңістіктегі қатерлердің өршуіне алаңдаушылық білдіре отырып,
бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдау мақсатында халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басым бағыттарының бірі болып табылады деп есептей отырып,
ақпараттық инфрақұрылымды пайдаланып деструктивті ақпараттық ықпал ету, ішкі істерге араласу үшін ақпараттық технологияларды пайдалану, ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін арандату қабылданбайды деп есептей отырып,
ақпараттық технологиялар мен ресурстарды аса маңызды құрылымдардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіру мақсатында Тараптардың аумағындағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануға кедергі жасауға ұмтыла отырып,
ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудағы сенім мен қауіпсіздік ақпараттық қоғамның іргелі негіздеріне жататынын мойындай отырып,
Тараптардың ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығының құқықтық және ұйымдастыру негіздерін нығайтуға ұмтыла отырып,
ақпараттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған бірлескен практикалық іс-шараларды кейіннен іске асыру үшін жағдайлар жасау қажет деп есептей отырып,
адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты сақтау басымдығына негізделген ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды қолдай отырып,
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік егемендігінің басымдығы қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
Тараптардың әрқайсысының ақпараттық қауіпсіздігі ҰҚШҰ-ның ақпараттық қауіпсіздігін қалыптастыратынын және тұтастай ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздігінің жай-күйіне тікелей әсер ететінін атап көрсете отырып,
адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары және ақпараттық қауіпсіздік қатерлеріне қарсы тиімді іс-қимыл арасындағы теңгерімді сақтау қажеттігін мойындай отырып,
ақпараттық кеңістікте Тараптардың мүдделері қорғалуын қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде Тараптардың өзара іс-қимылын дамыту болып табылады.
Келісімнің мақсатына жету үшін Тараптар:
- Тараптардың мемлекетаралық ынтымақтастығы және ведомствоаралық өзара іс-қимылын нығайту негізінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамытуды;
- ақпарат саласындағы қатерлерге қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіруді;
- ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық кеңістігінде ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға және құқыққа қайшы қызметке қарсы іс-қимылға бағытталған бірлескен, оның ішінде практикалық сипаттағы іс-шараларды өткізуді;
- халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде өзара іс-қимыл жасауды;
- халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша келісілген ұстанымды әзірлеуді және оны халықаралық аренада ілгерілетуге қатысуды;
- мемлекеттердің ақпараттық кеңістіктегі жауапты әрекеттерінің әмбебап қағидаларын, нормалары мен қағидаттарын әзірлеуге және олардың БҰҰ аясында жылдам қабылдануына жәрдемдесуді;
- Тараптардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің технологиялық негізін (базасын) дамыту мақсатында өзара көмекті қамтамасыз етеді.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
"деструктивті ақпараттық ықпал ету" - билік органдарының қызметін бұзу, ұлттық қауіпсіздікті әлсірету, ақпараттық-коммуникациялық жүйелерге, желілер мен ресурстарға, аса маңызды және басқа да құрылымдарға нұқсан келтіру, мемлекетаралық қатынастарды нашарлату, ішкі әлеуметтік-саяси шиеленіс тудыру, дәстүрлі рухани және адамгершілік құндылықтарды жою, ұлттық ақпараттық ресурстарға бақылау орнату, төтенше жағдайлардың туындау қатерін қалыптастыру, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық мүдделеріне өзге де нұқсан келтіру мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану;
"ақпаратты қорғау" - ақпараттың тұтастығын, құпиялылығын және қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешені;
"ақпараттық қауіпсіздік" - тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің және олардың мүдделерінің ақпараттық кеңістікте қатерлерден, деструктивті және өзге де теріс ықпал етулерден қорғаудың жай-күйі;
"ақпараттық кеңістік" - ақпараттық инфрақұрылымның және ол өңдейтін ақпараттың жиынтығы;
"компьютерлік шабуыл" - ақпараттық-коммуникациялық жүйелерге, желілерге, ресурстарға, оның ішінде аса маңызды құрылымдардың автоматтандырылған басқару жүйелеріне олардың жұмыс істеуін бұзу және (немесе) тоқтату және (немесе) олар өңдейтін ақпараттың қауіпсіздігіне қатер тудыру мақсатында жүзеге асырылатын бағдарламалық-техникалық құралдармен мақсатты ықпал ету;
"компьютерлік оқыс оқиға" - ақпараттық инфрақұрылым элементінің немесе тұтастай ақпараттық инфрақұрылымның штаттық жұмыс істеу режимінің бұзылу фактісі;
"аса маңызды құрылымдар" - мемлекеттің объектілері, жүйелері мен институттары, оларға ықпал етудің тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қоса алғанда, ұлттық қауіпсіздікті тікелей қозғайтын салдары болуы мүмкін;
"ақпараттық қауіпсіздік жүйесі" - ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, саяси, әскери, ұйымдастыру, кадрлық, қаржылық, ғылыми-техникалық және арнайы сипаттағы шаралар кешені;
"ақпараттық қауіпсіздік қатері" - ақпараттық кеңістікте тұлға, қоғам, мемлекет үшін қауіп тудыратын фактор (факторлардың жиынтығы).
3-бап
Тараптар ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі қатерлері ретінде:
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге және тұтастай Ұйымға деструктивті ақпараттық ықпал етуді жүзеге асыруды;
ақпараттық-коммуникациялық технологияларды террористік және экстремистік ұйымдардың, ұйымдасқан қылмыстық топтардың (қоғамдастықтардың) пайдалануын;
ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланып құқыққа қайшы қызметті жүзеге асыруды қарастырады.
4-бап
Тараптар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мынадай негізгі бағыттар:
ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін әзірлеуде және ілгерілетуде өзара іс-қимыл жасау, халықаралық құқықтық базаны жетілдіруге жәрдемдесу;
ақпараттық қауіпсіздік қатерлеріне бірлескен ден қоюдың практикалық тетіктерін қалыптастыру;
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында сенімді нығайту шараларын дамыту;
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің технологиялық негізін жетілдіру;
осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың құзыретті органдарының өзара іс-қимылдарына жағдай жасау бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.
5-бап
Тараптар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін қалыптастыру және халықаралық құқықтық базаны жетілдіру бойынша бірлескен күш-жігер жұмсайды:
осы Келісімді іске асыруға бағытталған халықаралық шарттардың және өзге де құжаттардың жобаларын әзірлейді;
Тараптардың ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық нормативтік құқықтық базасын жетілдіреді;
Тараптардың ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді реттейтін ұлттық заңнамасын үйлестіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
ақпараттық қауіпсіздік саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты реттейтін нормаларды жетілдіреді;
ақпарат саласындағы құқыққа қайшы қызметке қарсы іс-қимыл бойынша құқықтық шараларды жетілдіреді.
6-бап
Тараптар ақпараттық қауіпсіздік қатерлеріне бірлескен ден қоюдың практикалық тетіктерін қалыптастыруға жәрдемдеседі:
ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін анықтау, олардың алдын алу және бейтараптандыру, олардың көріністерінің салдарын жою үшін бірлесіп күш-жігер жұмсайды;
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша үйлестірілген іс-шараларды жоспарлауды және өткізуді қамтамасыз етеді;
қажет болған кезде аса маңызды құрылымдарды қорғау мәселелерінде өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
деструктивті ақпараттық ықпал етуге қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастасады;
ақпараттық кеңістікте құқыққа қайшы қызметтің жүзеге асырылуына қарсы іс-қимыл жасайды;
ҰҚШҰ-ға мүше басқа мемлекетке деструктивті ақпараттық ықпал ету, оның ішінде компьютерлік шабуыл үшін үшінші тараптың ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттің юрисдикциясындағы аумақты және (немесе) ақпараттық инфрақұрылымды пайдалануына жол бермеуге арналған шараларды өз бетінше немесе тиісті өтініш жасалған кезде жүзеге асырады;
олардың аумақтары пайдаланылып жасалған компьютерлік шабуылдардың көзін анықтау, осы шабуылдарға қарсы іс-қимыл жасау және олардың салдарын жою мүддесінде өзара іс-қимыл жасайды;
зиянды бағдарламалық қамтылымның жасалуына және таратылуына қарсы іс-қимыл жасайды;
құқыққа қайшы мақсаттарда пайдаланылатын ақпараттық ресурстарды айқындаудың өлшемшарттарын әзірлеу, оларды анықтау және бұғаттау бойынша тәжірибе алмасады;
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында кадрлар даярлауда өзара іс-қимыл жасайды.
7-бап
Тараптар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы сенімді нығайту шараларын дамыта отырып:
ақпараттық қауіпсіздік қатерлері мен олардың көздері, компьютерлік оқыс оқиғалар, қолданатын ден қою шаралары, оның ішінде салдарын жою туралы ақпарат алмасуды және өзара хабарлауды қамтамасыз етеді;
ұлттық заңнамаға сәйкес Келісімнің қолданылу аясында құқыққа қайшы әрекеттерді тергеп-тексеру үшін қажет сұратылған ақпаратты береді;
ақпараттық технологиялар пайдаланылып жасалатын құқыққа қайшы әрекеттерді болдырмау, құқықтық талқылау және олардың салдарын жою, ақпараттық қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасады;
террористік және өзге де құқыққа қайшы мақсаттарда ортақ пайдаланылатын байланыс желілерін пайдалану белгілері, фактілері, әдістері мен құралдары туралы ақпарат алмасуға жәрдемдеседі;
ұлттық заңнамаға сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен, ақпараттық-талдамалық және анықтамалық материалдармен, нормативтік құқықтық актілермен алмасуды жүзеге асырады;
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ғылыми-техникалық әзірлемелерді ынталандырады.
8-бап
Тараптар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің технологиялық негізін жетілдіру бойынша келісілген шараларды қабылдайды:
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірлескен, сондай-ақ үйлесімді жүйелерін жасауды қолдайды;
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын техникалық талаптарды үйлестіруге жәрдемдеседі;
Тараптарға ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бағдарламалық-техникалық құралдарымен жарақтандыруға және оларды жаңғыртуға қатысты мәселелерде жәрдемдеседі.
9-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың құзыретті органдарының практикалық өзара іс-қимылы ҰҚШҰ шеңберінде қабылданған халықаралық құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
10-бап
Тараптар осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастық барысында берілетін немесе жасалатын, қолжетімділігі мен таратылуы Тараптардың заңнамасына сәйкес шектелген ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етеді.
Мұндай ақпаратты қорғау Тараптардың заңнамасына және (немесе) ҰҚШҰ-да қабылданған өзге де көпжақты келісімдер шеңберіндегі тиісті өзара міндеттемелеріне, алушы Тараптың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Алынатын ақпарат осы ақпараттың көзі болып табылатын беруші Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа ашылмайды, берілмейді.
Осы Келісімді іске асыру барысында Тараптардың мемлекеттік құпиясын (құпияларын) құрайтын мәліметтермен алмасу тәртібі, оларды қорғау жөніндегі шарттар мен шаралар 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімде айқындалады.
11-бап
Осы Келісімнің ережелері өздері қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
12-бап
Осы Келісім егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде қолданылады.
13-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің 16-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
14-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
Тараптар осындай консультациялар мен келіссөздер кезінде осы Келісімнің ережелеріне сәйкес өз міндеттемелерін орындауды жалғастырады.
15-бап
Тараптар осы Келісімді орындау жөніндегі тиісті іс-шараларға өздерінің өкілдері мен сарапшыларының қатысуы бойынша шығыстарды өз бетінше көтереді.
Тараптар осы Келісімді орындауға байланысты өзге де шығыстарға қатысты әрбір жекелеген жағдайда Тараптардың заңнамасына сәйкес қаржыландырудың өзге тәртібін келісе алады.
16-бап
Осы Келісім депозитарий оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті жазбаша хабарламаны тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
17-бап
Әрбір Тарап осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған барлық міндеттемелерді реттеп, депозитарийге шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей бұл туралы жазбаша хабарлама жіберіп, осы Келісімнен шыға алады.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Тараптарды Тараптың Келісімнен шығатыны және осы Тарап үшін оның қолданысы тоқтатылғаны туралы хабардар етеді.
2017 жылғы 30 қарашада Минск қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Армения Республикасы үшін | Қырғыз Республикасы үшін |
Беларусь Республикасы үшін | Ресей Федерациясы үшін |
Қазақстан Республикасы үшін | Тәжікстан Республикасы үшін |