Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 24 маусымдағы № 52-VII ҚРЗ.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне:

      1) 44-баптың 7-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақтың екінші бөлігінің ережелері әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне де қолданылады.";

      2) 44-1-баптың 8-тармағы мынадай мазмұндағы он бірінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақтың оныншы бөлігінің ережелері әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне де қолданылады.".

      2. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне:

      1) 49-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 22-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "22-1) цифрлық майнинг үшін төлемақы;";

      2) 53-баптың 1-тармағының 11) тармақшасы мынадай мазмұндағы оныншы абзацпен толықтырылсын:

      "әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау;";

      3) 54-баптың 1-тармағының 11) тармақшасы мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:

      "әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау;";

      4) 55-баптың 1-тармағының 11) тармақшасы мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:

      "әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау;";

      5) 56-баптың 1-тармағының 9) тармақшасы мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау;".

      3. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      1) 20-бапта:

      тақырып "жауапкершілігін" деген сөзден кейін "және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттары және өзге де ұйымдар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.";

      2) 24-баптың 2-тармағының алтыншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соңғы үш жылдағы жылдық жиынтық кірістердің немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес патент, оңайлатылған декларация негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлік субъектілері кірістерінің үшке бөлінген сомасы жылдық орташа кіріс деп есептеледі.";

      3) мынадай мазмұндағы 6-1-тараумен толықтырылсын:

      "6-1-тарау. Әлеуметтік кәсіпкерлік

      79-1-бап. Әлеуметтік кәсіпкерлік

      Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтар мен қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге ықпал ететін, осы Кодекстің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметі әлеуметтік кәсіпкерлік болып табылады.

      Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

      79-2-бап. Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі міндеттері

      Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      1) кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік проблемаларды шешуге, оның ішінде әлеуметтік инновацияларды ендіру және осы Кодекстің 79-3-бабында көзделген әлеуметтік қызметтер көрсетуге жәрдемдесу арқылы қатысуын қамтамасыз ету.

      Осы Кодекстің мақсаттары үшін әлеуметтік инновациялар деп қоғамда әлеуметтік өзгерістер туындататын әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге ықпал ететін жаңа идеялар, стратегиялар, технологиялар түсініледі;

      2) осы Кодекстің 79-3-бабында аталған халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жәрдемдесу және олар үшін қоғамдық пайдалы қызметке қатысуға басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасау;

      3) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері өндіретін тауарларды, орындайтын жұмыстарды, көрсететін қызметтерді нарыққа, оның ішінде осы Кодекстің 79-3-бабында көрсетілген халықтың әлеуметтік осал топтарының өз еңбегімен қатысуы арқылы жылжыту.

      79-3-бап. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары

      Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері осы бапта санамаланған шарттардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкестігіне қарай мынадай санаттарға бөлінеді:

      1) бірінші санат – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі азаматтардың мынадай санаттарын:

      мүгедектерді;

      мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарды және басқа да заңды өкілдерді;

      зейнеткерлерді және зейнеталды жастағы азаматтарды (жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне құқық беретін жасқа келгенге дейін бес жыл ішінде);

      балалар ауылдарының тәрбиеленушілерін және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектерін – жиырма тоғыз жасқа дейін;

      қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінен жазасын өтеуден босатылған адамдарды – босатылғаннан кейін он екі ай ішінде;

      белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды;

      аз қамтылған, көпбалалы немесе толық емес отбасыларға жататын ата-аналарды және басқа да заңды өкілдерді, сондай-ақ "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарды;

      наркологиялық науқастарды медициналық-әлеуметтік оңалтудан немесе психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділікті емдеуден өткен адамдарды – оңалту немесе емдеу жүргізілгеннен кейін он екі ай ішінде;

      қандастарды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі қызметкерлерінің арасында осындай санаттардың кез келгеніне (осындай санаттардың біріне немесе бірнешеуіне) жататын адамдардың орташа жылдық саны алдыңғы күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша кемінде елу пайызды құраған (бірақ осындай санаттарға жататын кемінде екі адам болған), ал еңбекке ақы төлеу шығыстарында осындай санаттардың кез келгеніне (осындай санаттардың біріне немесе бірнешеуіне) жататын адамдардың еңбегіне ақы төлеуге арналған шығыстардың үлесі кемінде жиырма бес пайызды құраған жағдайда, жұмыспен қамтуға ықпал етеді (жұмыскердің әлеуметтік мәртебесі еңбек шартын жасасқан кезде белгіленеді);

      2) екінші санат – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі осы баптың 1) тармақшасында аталған санаттар қатарындағы азаматтар өндіретін тауарларды, орындайтын жұмыстарды, көрсететін қызметтерді өткізуге ықпал етеді. Бұл ретте, алдыңғы күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асырудан түсетін кірістердің үлесі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі кірістерінің жалпы көлемінің кемінде елу пайызын құрауға тиіс, ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде алған таза кірістің ағымдағы күнтізбелік жылда осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асыруға бағытталған үлесі көрсетілген кіріс мөлшерінің (алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде таза кіріс болған жағдайда) кемінде елу пайызын құрайды;

      3) үшінші санат – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі мүгедектердің тыныс-тіршілігіндегі шектеулерді еңсеруге немесе орнын толтыруға мүмкіндік беретін жағдайлар жасау мақсатында мүгедектерге, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке қатысу үшін басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасау мақсатында осы баптың 1) тармақшасында аталған өзге де адамдарға арналған тауарлар өндіру, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету жөніндегі қызметті алдыңғы күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асырудан түсетін кірістердің үлесі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі кірістерінің жалпы көлемінің кемінде елу пайызын құраған, ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде алған таза кірістің ағымдағы күнтізбелік жылда осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асыруға бағытталған үлесі көрсетілген кіріс мөлшерінің (алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде таза кіріс болған жағдайда) кемінде елу пайызын құраған жағдайда, мынадай:

      тұрмыста тыныс-тіршілікті қолдауға бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерді көрсету жөніндегі;

      күтімді ұйымдастыру, сауықтыру іс-шараларын жүргізуге жәрдем көрсету, азаматтардың денсаулық жағдайының өзгеруін анықтау үшін жүйелі түрде байқау арқылы денсаулықты қолдауға және сақтауға бағытталған әлеуметтік-медициналық қызметтерді көрсету жөніндегі;

      әлеуметтік ортаға бейімдеу үшін психологиялық жай-күйін түзетуде көмек көрсетуді көздейтін әлеуметтік-психологиялық қызметтерді көрсету жөніндегі;

      мінез-құлқындағы ауытқушылықтардың профилактикасына бағытталған әлеуметтік-педагогикалық қызметтерді көрсету жөніндегі;

      жұмысқа орналасуда және еңбекте бейімделуге байланысты өзге де проблемаларды шешуде көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік-еңбек қызметтерін көрсету жөніндегі;

      коммуникациялық әлеуетті арттыруды, оңалту мен әлеуметтік бейімдеуді көздейтін қызметтерді, әлеуметтік қолдап отыру бойынша қызметтерді көрсету жөніндегі;

      аурулардың профилактикасы, мүгедектерді оңалту, оның ішінде мүгедек балаларды медициналық абилитациялау үшін ғана пайдаланылуы мүмкін медициналық техниканы, протездік-ортопедиялық құралдарды, цифрлық денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық қамтылымды, сондай-ақ техникалық құралдарды өндіру және (немесе) өткізу жөніндегі;

      мүгедектер мен зейнеткерлердің демалысын және оларды сауықтыруды ұйымдастыру жөніндегі;

      қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыру жөніндегі;

      мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін әлеуметтік, көліктік және рекреациялық инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділікті, көлік құралдарын пайдалануды, ақпарат беру кезінде әмбебап байланыс қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ету бойынша жағдайлар жасау жөніндегі қызмет түрлеріне сәйкес жүзеге асырады;

      4) төртінші санат – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі қызметті алдыңғы күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асырудан түсетін кірістердің үлесі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі кірістерінің жалпы көлемінің кемінде елу пайызын құраған, ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде алған таза кірістің ағымдағы күнтізбелік жылда осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асыруға бағытталған үлесі көрсетілген кіріс мөлшерінің (алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде таза кіріс болған жағдайда) кемінде елу пайызын құраған жағдайда, мынадай:

      отбасын нығайтуға, балалардың отбасында тәрбиеленуін қамтамасыз етуге және ана мен баланы қолдауға бағытталған психологиялық-педагогикалық және өзге де қызметтерді көрсету жөніндегі;

      балалардың демалысын және оларды сауықтыруды ұйымдастыру жөніндегі;

      мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыру жөніндегі;

      мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, негізгі орта және жалпы орта білімнің оқу бағдарламаларын меңгеруде, дамуда және әлеуметтік бейімделуде қиналатын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге медициналық және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі;

      әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдардың қызметтер ұсыну сапасын арттыруға бағытталған, осы ұйымдардың қызметкерлері мен еріктілерін (волонтерлерді) оқыту жөніндегі;

      мәдени-ағартушылық (оның ішінде, жеке музейлердің, театрлардың, кітапханалардың, архивтердің, мектеп-студиялардың, шығармашылық шеберханалардың, ботаникалық және зоологиялық бақтардың, мәдениет үйлерінің, халық шығармашылығы үйлерінің қызметі);

      қоршаған ортаны қорғау жөніндегі;

      осы Кодекстің 79-3-бабында аталған халықтың әлеуметтік осал топтарына гериатриялық және геронтологиялық көмек көрсету, денсаулық және ұзақ өмір сүру орталықтарын, саламатты өмір салтын жүргізу бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі қызмет түрлерінің ішінен жүзеге асырады.

      79-4-бап. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі

      1. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы деректерді пайдалану үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді.

      Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді, атап айтқанда:

      1) дара кәсіпкердің атауын не заңды тұлғаның атауы мен тіркелген күнін;

      2) сәйкестендіру нөмірін;

      3) заңды мекенжайын (тұрған жерін);

      4) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілу күнін;

      5) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісінің санатын қамтитын электрондық дерекқор әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі болып табылады.

      Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін алдыңғы күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ағымдағы жылғы 1 ақпаннан кешіктірмей бекітеді.

      Көрсетілген мәліметтерді кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган арнаулы комиссияның қарау қорытындылары бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған мәліметтерді ескере отырып, осы Кодекстің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкестігі тұрғысынан алдыңғы күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша жыл сайын жаңартып отырады.

      Дара кәсіпкер немесе заңды тұлға осы Кодекстің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкес келген кезде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган арнаулы комиссияның қарау қорытындылары бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға ұсынған мәліметтердің негізінде күнтізбелік тоқсанның 1-күні тізілімге жаңа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін енгізуге құқылы.

      Арнаулы комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіптік одақтардың өкілдері кіреді. Арнаулы комиссияны қалыптастыру тәртібін және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      2. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін орналастырады.

      3. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.";

      4) 85-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді;";

      5) 92-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы ", оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлік" деген сөздермен толықтырылсын;

      6) мынадай мазмұндағы 232-1-баппен толықтырылсын:

      "232-1-бап. Әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау

      Әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау осы Кодекстің 93-бабында көзделген жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларынан және осы Кодекстің 232-бабында көзделген шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларынан басқа, мынадай түрде жүзеге асырылады:

      1) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау инфрақұрылымының болуын қамтамасыз ету;

      2) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салықтық жеңілдіктер беру;

      3) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылай қолдау көрсету (оның ішінде екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесіне және мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) ақы төлеуге субсидиялау беру шеңберінде);

      4) мемлекеттік мүлікті "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беру;

      5) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне ақпараттық қолдау көрсету;

      6) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне консультациялық және әдістемелік қолдау көрсету, акселерациялық бағдарламалар арқылы дамыту (оның ішінде қаражат тарту, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысу мәселелері бойынша).

      Осы Кодекстің мақсаттары үшін акселерациялық бағдарламалар деп оқыту және сараптамалық қолдау арқылы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қарқынды дамыту және ілгерілету бағдарламалары түсініледі;

      7) өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, іскерлік әріптестерді іздестіруге жәрдемдесу (оның ішінде іскерлік іс-шаралар өткізу, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің көрсетілген іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету арқылы);

      8) кәсіптік білім беру мен қосымша білім беруді ұйымдастыру;

      9) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру.".

      4. 2020 жылғы 7 шілдедегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      1) мазмұны алып тасталсын;

      2) 69-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.

      Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қалыптастырады.".

      5. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 27-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4-5) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-5) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеді;";

      2) 31-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-3) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеді;";

      3) 35-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "8-1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеді;".

      6. "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      2-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимдерін қолданатын;".

      7. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      74-бап мынадай мазмұндағы 11-тармақпен толықтырылсын:

      "11. Мемлекеттік мүлік мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) берілуі мүмкін.".

      8. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      29-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларды, арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, агенттер міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының есептелген, ұстап қалынған (есепке жазылған) сомалары жөнiндегі мәліметтерді көрсететін жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген мерзімде тоқсан сайын тапсырады.".

      9. "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;";

      2) 5-бапта:

      мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:

      "2-2. Осы баптың 2-тармағының ережелері осы Заңның 14-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген адамдарға қолданылмайды.";

      3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Егер кезең төленбеген кезеңді есептеу кезінде:

      1) 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін туындаған;

      2) салықтар мен әлеуметтік төлемдердің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мөлшерлемелеріне 0 түзету коэффициенті белгіленген қызмет түрлерінің тізбесіне жататын немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін немесе төндіруі мүмкін дағдарысты жағдайлар кезеңінде елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған құқықтық актілердің ережелеріне сай жұмыс беруші міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар есептемеген және (немесе) төлемеген еңбек қызметі кезеңінде кіріс алған кезді қамтыса, есептелетін төленбеген кезеңге қосылмайды.";

      3) 10-бап мынадай мазмұндағы 5-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-2) осы Заңның 26-бабының 1-тармағында аталған адамдардың санаттары бойынша және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын және еңбекші көшіп-қонушылар болып табылатын шетелдіктер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері бойынша деректерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ақпараттық жүйесіне одан әрі беру үшін Мемлекеттік корпорацияға ұсынуға жауапты мемлекеттік органдардың тізбесін айқындайды;";

      4) 14-бап мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:

      "8. Жұмыс берушілер ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей, салықтар мен әлеуметтік төлемдердің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мөлшерлемелеріне 0 түзету коэффициенті белгіленген қызмет түрлерінің тізбесіне жататын еңбек қызметі кезеңінде кіріс алған немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін немесе төндіруі мүмкін дағдарысты жағдайлар кезеңінде елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған құқықтық актілердің ережелеріне сай өздері үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар есептелмейтін және (немесе) төленбейтін қызметкерлердің тізімдерін қорға береді.";

      5) 17-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Мемлекеттік корпорация өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды уәкілетті органмен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша, орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын уәкілетті орган белгілейді.";

      6) 26-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Қор растайтын құжаттар болған кезде осы баптың 1-тармағында аталған адамдарға қордың ақпараттық жүйесінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы мәртебесін мемлекет жарналары төленгенге дейін бір айға береді.";

      7) 40-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Дербес төлеушілер 2021 жылғы 1 шілдеге дейін жарналарды медициналық көмек алатын күннің алдында кемінде үш ай қатарынан қорға төлейді деп белгіленсін.";

      8) 41-бап мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:

      "3. Осы Заңның 5-бабының 2-2-тармағы 2021 жылғы 1 шілдеге дейін қолданылады деп белгіленсін.

      4. Осы Заңның 30-бабы 6-тармағы 6) тармақшасының қолданысы 2021 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын.".

      10. "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      27-баптың 12-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Клиент салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінде көрсетілген салықтық берешек сомасын өтеген жағдайда, банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімді кері қайтарып алғанға дейін клиенттің банктік шоты (шоттары) бойынша шығыс операцияларын қайта бастайды.".

      11. "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      16-баптың 2-тармағы "патент негізінде" деген сөздерден кейін "немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын" деген сөздермен толықтырылсын.

      2-бап. Осы Заң 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағын, 3-тармағының 2) және 6) тармақшаларын, 5, 6, 8, 10 және 11-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады