Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 3 қаңтардағы № 188-VII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне:

      1) 3-бапта:

      16) тармақтағы "Парламент" деген сөз "Қазақстан Республикасы Парламентінің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      27) және 29) тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "27) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам – мемлекеттік қызметтегі адам, мәслихат депутаты, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді мемлекеттік қызметке тағайындалғанына дейін уақытша атқаратын адам, сондай-ақ офицерлер құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшісі әскери лауазымына уақытша тағайындалған немесе оның міндетін уақытша атқаратын адам;";

      "29) сыбайлас жемқорлық қылмыстар – осы Кодекстің 189 (үшінші бөлігінің 2) тармағында, үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген белгілер болған жағдайда төртінші бөлігінде), 190 (үшінші бөлігінің 2) тармағында, үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген белгілер болған жағдайда төртінші бөлігінде), 218 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 234 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 249 (үшінші бөлігінің 2) тармағында), 361, 362 (төртінші бөлігінің 3) тармағында), 364, 365, 366, 367, 368, 369, 370, 450, 451 (екінші бөлігінің 2) тармағында) және 452-баптарында көзделген іс-әрекеттер;";

      2) 189-бапта:

      үшінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      төртінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, ал осы баптың үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      3) 190-бапта:

      үшінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      төртінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, ал осы баптың үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      4) 297-баптың үшінші бөлігінің бірінші абзацындағы "бірінші бөлігінде" деген сөздер "бірінші немесе екінші бөліктерінде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 345-1-баптың үшінші бөлігінің екінші абзацындағы "жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға" деген сөздер "жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 347-баптың бірінші абзацы "345," деген цифрлардан кейін "345-1 және" деген сөздермен толықтырылсын;

      7) 372-баптың екінші абзацында:

      "екі мың" деген сөздер "үш мың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "алты жүз" деген сөздер "тоғыз жүз" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) 423-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерін жариялауға жол берілмейтіндігі туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен ескертілген адамның не олар қызметі, жұмысы бойынша не Қазақстан Республикасының заңында көзделген өзге де негіздер бойынша сеніп тапсырылған немесе белгілі болған адамның жария етуі, егер сотқа дейінгі іс жүргізудің деректерін жария ету прокурордың келісуінсіз, сондай-ақ жабық сот талқылауының деректерін жария ету судьяның келісуінсіз жасалған болса –";

      9) 424-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "424-бап. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария ету";

      бірінші бөлікте:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету, егер бұл іс-әрекетті көрсетілген мәліметтер оның қызметтік жұмысына байланысты сеніп тапсырылған немесе белгілі болған адам жасаса, сол сияқты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беру немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, оның жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру үшін маңызы бар (кейіннен болған) өзге де жәрдем көрсету мақсатында адамның өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуі туралы ақпаратты жария ету, егер бұл іс-әрекетті өзімен көрсетілген ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасалған адам жасаса –";

      екінші абзацта орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

      2. 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне:

      1) 35-баптың тоғызыншы бөлігіндегі "(сыбайлас жемқорлық)" деген сөздер алып тасталсын;

      2) 96-баптың төртінші бөлігіндегі "жіберіле" деген сөз "табыс етіле" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 97-бапта:

      бірінші бөліктің 3) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) оның жеке қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы қаулы шығарады;";

      төртінші, 4-1 және алтыншы бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Куәгерлердiң, күдіктілердің, айыпталушылардың, жәбірленушілердің және қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының жеке қауiпсiздiгi шараларын қамтамасыз ету тәртiбi "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.

      4-1. Қылмыстық қудалау органы "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген қауіпсіздік шараларын қабылдаған кезде құпиялылық сақтала отырып, жиырма төрт сағат ішінде қадағалаушы прокурор хабардар етіледі.";

      "6. Қауіпсіздік шараларының күші оларды қолдану қажеттілігі жойылғанда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, соттың уәжді қаулысымен, соттың үкімімен, ал қорғалатын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар анықталған жағдайда прокурордың не соттың қаулысымен жойылады. Қорғалатын адам өзінің қауіпсіздігі шараларының күшінің жойылғандығы немесе қылмыстық процеске қатысатын адамдарға ол туралы деректердің ашылғандығы туралы дереу хабардар етілуге тиіс. Қорғалатын адамның "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жеке қауіпсіздік шарасын қолдану туралы не қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы шешімге сотқа немесе прокурорға шағым беруі шағым жасалатын шешімнің орындалуын тоқтата тұрады.";

      4) 187-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 189 (үшiншi бөлiгiнiң 2) тармағында, үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген белгілер болған жағдайда төртінші бөлігінде), 190 (үшiншi бөлiгiнiң 2) тармағында, үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген белгілер болған жағдайда төртінші бөлігінде), 216 (екiншi бөлігінің 4) тармағында), 217 (үшiншi бөлiгiнiң 3) тармағында), 218 (үшiншi бөлiгiнiң 1) тармағында), 234 (үшiншi бөлiгінің 1) тармағында), 249 (үшiншi бөлiгінің 2) тармағында), 307 (үшiншi бөлiгінің 3) тармағында), 361, 362 (төртiншi бөлiгінің 3) және 4) тармақтарында), 364, 365, 366, 367, 368, 369 және 370-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша алдын ала тергеудi сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеушiлерi жүргiзедi.";

      5) 190-бапта:

      4-3-бөліктің үшінші абзацы алып тасталсын;

      жетінші бөліктің бірінші абзацындағы ", ал күдікті ұстап алынған жағдайда дереу" деген сөздер алып тасталсын;

      6) 192-2-бапта:

      бесінші бөліктің екінші абзацы алып тасталсын;

      алтыншы бөліктің бірінші абзацындағы ", ал күдікті ұстап алынған жағдайда дереу" деген сөздер алып тасталсын;

      7) 193-бапта:

      екінші бөліктің үшінші абзацындағы "облыстар прокуратураларының" деген сөздер "облыстар прокуратураларының құрылымдық бөлімшелерінің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші бөлікте:

      бірінші абзацтағы "Прокуратура басшысы" деген сөздер "Прокуратура органының басшысы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші абзацтағы "прокуратура басшысының" деген сөздер "прокуратура органы басшысының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) 288-баптың төртінші бөлігіндегі "мәжбүрлеу, тергеу және процестік әрекеттер шараларының күшін жою туралы нұсқау, заттай дәлелдемелердің тағдыры туралы, сондай-ақ адамға қатысты қауіпсіздік шараларының күшін жою немесе оны одан әрі жүзеге асыру" деген сөздер "мәжбүрлеу шараларының, тергеу және процестік әрекеттердің күшін жою, заттай дәлелдемелердің тағдыры туралы нұсқау, сондай-ақ егер қорғалатын адамға қатысты жеке қауіпсіздік шаралары қолданылған болса, олардың күшін жою немесе жүзеге асырылуын жалғастыру" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 327-бапта:

      екінші сөйлем "дәлелдемелер" деген сөзден кейін ", егер қорғалатын адамның қауіпсіздігі шаралары қолданылған болса, олардың күшін жою немесе жүзеге асырылуын жалғастыру" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші сөйлеммен толықтырылсын:

      "Қауіпсіздік шараларының күшін жою немесе жүзеге асырылуын жалғастыру туралы шешім қабылданған кезде қаулының көшірмесі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін органдарға жіберіледі.";

      10) 401-баптың бірінші абзацының 5) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) қорғалатын адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларының күшін жою, оларды қолдану, өзгерту немесе жүзеге асыруды жалғастыру туралы мәселенің шешімі;";

      11) 476-бап 23) тармағындағы "туралы мәселелерді қарау жатады." деген сөздер "туралы;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 24) тармақпен толықтырылсын:

      "24) қорғалатын адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларының күшін жою, оларды қолдану, өзгерту немесе жүзеге асыруды жалғастыру туралы мәселелерді қарау жатады.".

      3. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:

      1) 22-баптың 1-тармағы 25) тармақшасындағы "алуға құқығы бар." деген сөздер "алуға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 26) тармақшамен толықтырылсын:

      "26) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға құқығы бар.";

      2) 23-баптың 2-тармағы 28) тармақшасындағы "етуге міндетті." деген сөздер "етуге;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 29) тармақшамен толықтырылсын:

      "29) жұмыскер өзі жұмыскері болып табылатын ұйымда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жәрдем көрсету мақсатында жүгінген кезде осы жұмыскермен оның ниеті болған кезде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға міндетті.";

      3) 26-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) жұмысқа орналасқанға дейін үш жыл ішінде "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес адамның шығыстарының өз кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылған, сол сияқты өкілеттіктері тоқтатылған адамды квазимемлекеттік сектор субъектісіндегі мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға;";

      4) 32-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Адам азаматтық қызметтің мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымына немесе квазимемлекеттік сектор субъектісіндегі жұмысқа кірген кезде жұмыс беруші осы адамға қатысты оның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтерді өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы талап етіп алдырады.

      Адам азаматтық қызметтегі немесе квазимемлекеттік сектор субъектісіндегі мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кірген кезде жұмыс беруші осы адамға қатысты "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес адамның шығыстарының өз кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты теріс себептер бойынша жұмыстан шығару немесе атқарып жүрген лауазымынан босату, сол сияқты өкілеттіктерін тоқтату туралы мәліметтерді өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы талап етіп алдырады.";

      5) 52-баптың 1-1-тармағы 2) тармақшасындағы "жасаған жағдайларда жұмыс берушінің бастамасымен бұзуға жатады." деген сөздер "жасаған;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес теріс себептер бойынша атқарып жүрген лауазымынан шығаруға немесе босатуға, сол сияқты өкілеттіктерін тоқтатуға алып келетін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптары қолданылатын адамның шығыстары өз кірістеріне сәйкес келмеген жағдайларда жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуға жатады.";

      6) 53-бап мынадай мазмұндағы 13-тармақпен толықтырылсын:

      "13. Осы Кодекстің 52-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзу сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның хабарламасы негізінде жүргізіледі.";

      7) 137-1-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында қабылдаушы тарапқа жұмысқа орналасуға тыйымдар мен шектеулер белгіленсе, онда бұл тыйымдар мен шектеулер жіберуші тараптың қабылдаушы тарапқа жіберілетін жұмыскеріне қолданылады.";

      8) 139-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Азаматтық қызметтің мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымдарына:

      1) бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

      2) азаматтық қызметке кіргенге дейін үш жыл ішінде "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес адамның шығыстарының өз кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылған, сол сияқты өкілеттіктері тоқтатылған адам қабылдана алмайды.";

      9) 159-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Жұмыскер, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болған, ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына ақпарат беру арқылы осы ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) жұмыскер тарапы болатын жеке еңбек дауы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы бапта белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілі міндетті түрде шақырыла отырып және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен жасалған, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім болған кезде құпиялылық қамтамасыз етіле отырып қаралады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілін шақыру осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ұйымның хабарламаны және еңбек дауына байланысты тиісті материалдарды еңбек дауы қаралғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, оның қаралатын орны мен уақытын көрсете отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға жіберуі арқылы жүргізіледі.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілі еңбек дауын қарауға келмеген жағдайда келісу комиссиясының отырысы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы бапта айқындалған тәртіппен оның қатысуынсыз өткізіледі.

      Осы тармақтың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінің талаптары уәкілетті мемлекеттік органдар жұмыскердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарын қабылдаған күннен бастап немесе ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жәрдем көрсеткен кезден бастап үш жыл бойы қолданылады.

      Ұйымның басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жұмыскер, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болған, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жеке еңбек дауын қарау қажеттілігі туралы хабарламасы келіп түскен жағдайда жұмыс беруші "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы бапта айқындалған тәртіппен осы дауды қарау жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.".

      4. "Жедел-іздестіру қызметі туралы" 1994 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      10-баптың 1-тармағы д) тармақшасындағы "қажеттігі негіздер болып табылады." деген сөздер "қажеттігі;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы е) тармақшасымен толықтырылсын:

      "е) өздеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдар жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы қаулылар шығарған қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі негіздер болып табылады.".

      5. "Мемлекеттік құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      14-бап мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) өздеріне қатысты қылмыстық процеске қатысушылардың жеке қауіпсіздігі шараларын қолдану туралы шешім қабылданған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтің күштерін, құралдарын, нысандарын, әдістерін және нәтижелерін ашатын мәліметтер, осы қызметті қаржыландыру туралы деректер, егер олар санамаланған мәліметтерді ашатын болса, сондай-ақ өздеріне қатысты "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 6) және 7) тармақшаларында көзделген қауіпсіздік шаралары қолданылған адамдар туралы мәліметтер;".

      6. "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-2 және 2-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-2-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету

      Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарын мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету оларға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекет жасау қатері төнген кезде қолданылатын, осы Заңда көзделген қауіпсіздік, құқықтық және әлеуметтік қорғау шараларын (бұдан әрі – мемлекеттік қорғау шаралары) уәкілетті мемлекеттік органдардың жүзеге асыруынан тұрады.

      2-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар

      1. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін:

      1) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын орган;

      2) қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қамтамасыз етеді.

      2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, әскери басқару органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеп-тексеру қызметіне жүктеледі.

      Бұл ретте жекелеген қауіпсіздік шаралары өзге уәкілетті мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.

      Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігі шараларын жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісу бойынша бекітетін бірлескен нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.

      3. Сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес сот талқылауына қатысатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы шешім қабылдаған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырған орган не судья айқындаған өзге де қылмыстық қудалау органы, сондай-ақ жазаны орындайтын мекемелер мен органдар, сот приставтары қауіпсіздік шараларын орындайды.";

      2) 3-бапта:

      бірінші бөлікте:

      мынадай мазмұндағы 6-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "6-3) қылмыстың алдын алуға немесе оларды ашуға ықпал ететін адамдар;";

      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) куәлер, қорғалуға құқығы бар куәлер;";

      екінші бөлік алып тасталсын;

      3) 4-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекет жасау қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар өз құзыреті шегінде осы Заңда көзделген мемлекеттік қорғау шараларын қабылдауға міндетті.";

      4) 7 және 8-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-бап. Қауiпсiздiк шараларының түрлерi

      1. Анықтауды, алдын ала тергеуді жүргiзу кезiнде немесе сот талқылауы барысында қорғалатын адамдардың жеке және мүлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық процестi жүргiзетін орган нақты мән-жайларды ескере отырып, мынадай қауiпсiздiк шараларын қолдануға құқылы:

      1) күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер қатерін төндiретiн адамға оның қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми алдын ала ескерту;

      2) қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қолжетімділікті шектеу;

      3) қылмыстық процеске қатысушы адамдарға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық іс-әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгiн болғызбайтын бұлтартпау шарасын Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен айыпталушыға (күдіктіге) қатысты қолдану;

      4) жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберу;

      5) соттың жабық отырысын өткiзу;

      6) соттың куәден:

      бүркеншiк атын пайдалана отырып, оның жеке басы туралы деректерді жарияламай;

      оны танып қоюды болғызбайтын жағдайларда;

      сот талқылауына басқа қатысушылардың оны сырттан байқауынсыз;

      қажет болғанда бейне, дыбыс жазуға және жауап алу барысын түсiрiп алудың өзге де тәсiлдерiне тыйым сала отырып жауап алуы;

      7) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен жақындауға тыйым салу;

      8) қорғалатын адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

      2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар қылмыстық процесті жүргiзетін органның қорғалатын адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулысының негізінде бір мезгілде жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мынадай шараларының бірнешеуін не біреуін таңдайды және қолданады:

      1) жеке күзет, тұрғынжайын және өзге де мүлкiн күзету;

      2) жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарымен, техникалық құралдармен және қарумен қамтамасыз ету;

      3) қауiпсiз орынға уақытша орналастыру;

      4) қорғалатын адамдар туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз ету;

      5) басқа тұрғылықты жерге көшiру, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру, жұмысқа орналасуына көмектесу;

      6) құжаттарды ауыстыру;

      7) сырт пішінін өзгерту.

      Басқа тұрғылықты жерге көшіру, құжаттарды ауыстыру және сырт пішінін өзгерту қауіпсіздіктің айрықша шаралары болып табылады және қорғалатын адамның қауіпсіздігін басқа қауіпсіздік шараларын қолданумен қамтамасыз ету мүмкін болмайтын жағдайларда қолданылады.

      3. Осы бапта көзделген қауіпсіздік шараларын іске асыру мақсатында "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуі мүмкін.

      8-бап. Күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер қатерін төндiретiн адамға оның қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми алдын ала ескерту

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, қорғалатын адамдарға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер жасау қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде қылмыстық процестi жүргiзетін орган күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер жасау қатерін төндiретiн адамға оның қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми алдын ала ескерту жасайды. Қылмыстық процестi жүргiзетін орган жасаған алдын ала ескерту адамға қолхат алынып хабарланады.";

      5) 10-бапта:

      тақырыптағы "(сезіктіге)", "таңдап алу" деген сөздер тиісінше "(күдіктіге)", "қолдану" деген сөздермен ауыстырылсын;

      бірінші бөліктегі "(сезікті)", "таңдап алуға" деген сөздер тиісінше "(күдікті)", "қолдануға" деген сөздермен, үшінші бөліктегі "(сезікті)" деген сөз "(күдікті)" деген сөзбен ауыстырылсын;

      6) мынадай мазмұндағы 13-1-баппен толықтырылсын:

      "13-1-бап. Жақындауға тыйым салу

      Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес жақындауға тыйым салу белгіленеді.";

      7) 14 және 15-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14-бап. Жеке күзет, тұрғынжай мен өзге де мүлiктi күзету

      Қауiпсiздiк шараларын жүзеге асыратын органдар қорғалатын адамдардың келiсiмiмен олардың жеке күзетілуін, тұрғынжайлары мен өзге де мүлкiнiң күзетiлуiн қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда өртке қарсы және күзеттiк дабылдатқыш құралдары, қорғалатын адамның келісімімен бақылаудың техникалық құралдары орнатылады, телефон нөмiрлерi мен пайдаланылатын көлiк құралдарының мемлекеттiк тіркеу нөмірлік белгiлерi өзгертiлуi мүмкiн.

      15-бап. Жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарымен, техникалық құралдармен және қарумен қамтамасыз ету

      Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар қорғалатын адамдарға жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарын, сондай-ақ оларға қатысты болуы мүмкін құқыққа қарсы қолсұғушылықты тіркеу және қауіптілік туралы хабарлау үшін техникалық құралдарды бере алады.

      Осы Заңның 3-бабы бірінші бөлігінің 1), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында санамаланған адамдарға қару, оның ішінде қызметтік, жауынгерлік қару немесе өзін-өзі қорғау қаруы да берілуі мүмкін. Қорғалатын адамдардың өздеріне берілген қаруды сақтауы, алып жүруі және қолдануы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс, қауіптілік туралы хабарлау құралдарын және техникалық құралдарды беру тәртібін, олардың түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.";

      8) 17-баптағы "Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін" деген сөздер "Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 21, 21-1, 21-2, 22, 23, 24, 25 және 26-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану және жүзеге асыру

      Осы Заңның 7-бабында көзделген қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді:

      1) 1-тармақтың 1), 2), 3) және 7) тармақшалары бойынша – қылмыстық iсті жүргiзiп жатқан органдар;

      2) 1-тармақтың 4), 5) және 6) тармақшалары бойынша – соттар;

      3) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшалары бойынша – қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар;

      4) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы бойынша – жергiлiктi атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар;

      5) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 6) тармақшасы бойынша – уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар;

      6) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 7) тармақшасы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен және денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар жүзеге асырады.

      Әскери соттардың судьяларына, прокурорларға, әскери полицияның, әскери-тергеу бөлiмшелерiнiң әскери қызметшiлерiне, сол сияқты олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарына қатысты қауiпсiздiк шараларын тиiстi әскери бөлiмнiң қолбасшылығы немесе тиiстi әскери мекеменiң бастығы да жүзеге асыра алады.

      Уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын және қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға осы Заңның нормаларын орындауға өз құзыреті шегінде жәрдем көрсетуге міндетті.

      Қылмыстық іс одан әрі тергеп-тексеру үшін басқа қылмыстық қудалау органына берілген кезде қорғалатын адамның қауіпсіздігі шараларын іске асыруды істі өзінің іс жүргізуіне қабылдаған орган жүзеге асырады.

      21-1-бап. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери жиындардан өтуі кезінде запастағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      1. Қорғалатын адамдар болып табылатын Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ әскери жиындардан өтуі кезінде запастағы азаматтардың қауіпсіздігі Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери қызмет, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарында қызметті өткеру ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Заңның 7-бабында көзделген қауіпсіздік шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.

      2. Әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатарындағы қорғалатын адамға қатысты тиісті мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметшіні Қарулы Күштердің, әскери қызмет көзделген басқа мемлекеттік органның басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының басқа әскери бөліміне;

      2) әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан, қорғалатын адамға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекетті жасау қатері төнуі мүмкін әскери қызметшіні Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басқа әскери бөліміне;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік орган қызметкерін өзі қызмет өткеріп жатқан орган құрамындағы жаңа қызмет орнына не өзге арнаулы мемлекеттік органға;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органының қызметкерін өзі қызмет өткеріп жатқан орган құрамындағы жаңа қызмет орнына не өзге құқық қорғау органына, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөліміне ауыстыру да (іссапарға жіберу де) қолданылуы мүмкін.

      3. Ауысу кезінде әскери қызметші, қызметкер негізгі немесе бір бейінді мамандығы бойынша пайдаланылуы қамтамасыз етіле отырып, тең немесе жоғары тұрған лауазымға тағайындалады.

      4. Қорғалатын адамды ауыстыру (іссапарға жіберу) оның жазбаша түрде білдірген келісімімен жүзеге асырылады.

      21-2-бап. Күзетпен ұсталынатын немесе жазасын өтеу орнындағы қорғалатын адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      Күзетпен ұсталынатын немесе қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеу орындарындағы қорғалатын адамның қауіпсіздігі оған қатысты осы Заңның 7-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көзделген қауіпсіздік шаралары не Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде көзделген өзге де шаралар қолданылып қамтамасыз етіледі.

      Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:

      1) қорғалатын адамды немесе қорғалатын адамға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекетті жасау қатерін төндіретін адамды күзетпен ұстайтын және жазаны өтейтін бір орыннан екіншісіне ауыстыру да;

      2) қорғалатын адамды және қорғалатын адамға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекетті жасау қатерін төндіретін адамды бөлек ұстау да қолданылуы мүмкін.

      22-бап Қауіпсіздік шараларын қолдану негіздері

      Қылмыстық процесті жүргізетін орган қорғалатын адамға қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде мемлекеттік қорғауға жататын адамның ауызша (жазбаша) өтінішінің негізінде немесе өз бастамасы бойынша қауіпсіздік шараларын қабылдайды.

      23-бап. Қауіпсіздік шараларын қолдану тәртібі

      1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган мемлекеттік қорғауға жататын адамнан өзіне қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері туралы ауызша (жазбаша) өтінішті алған соң не нақты қатер туралы куәландыратын жеткілікті деректер келіп түскен кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілген өтінішті немесе келіп түскен деректерді тексеруге және оны (оларды) алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану не оларды қолданудан бас тарту туралы шешім қабылдауға міндетті.

      Мемлекеттік қорғауға жататын адамға тиісті қаулының көшірмесі табыс етіле отырып, ол қабылданған шешім туралы дереу хабардар етіледі.

      Кідіртуге болмайтын жағдайларда қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім дереу қабылданады.

      2. Қауіпсіздік шараларын қолданудан бас тартуға не қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы қаулыға сотқа немесе прокуратураға шағым жасалуы мүмкін. Шағым дереу қаралуға жатады.

      3. Судья немесе прокурор қауіпсіздік шараларын қолданудан бас тартқан не қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы қаулы қабылдаған жағдайда шағым жоғары тұрған соттың немесе прокурордың дереу қарауына жатады.

      4. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қорғалатын адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулыны алған соң осы Заңда көзделген жеке қауіпсіздіктің қажетті шараларын таңдайды, оларды қолдану мерзімдері мен тәсілдерін айқындайды, бұл туралы тиісті қаулы шығарады.

      5. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің таңдап алынған шаралары, оларды өзгерту, толықтыру және қолдану нәтижелері туралы қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органға хабар береді.

      6. Осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қорғалатын адаммен қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар айқындаған тәртіппен, осы Заңға сәйкес қауіпсіздік шараларын қолдану шарттары, тараптардың өзара міндеттемелері мен жауаптылығы туралы жазбаша түрде шарт жасасады. Қолданылатын қауіпсіздік шаралары қорғалатын және басқа да адамдардың зейнетақымен қамсыздандырылу, тұрғын үй, еңбек және өзге де құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс.

      7. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қорғалатын адамды ішкі орнықтылықтың бұзылуын болғызбауға, қауіпсіздік шараларын қолдануға байланысты жайлы әлеуметтік-психологиялық жағдайлар жасауға, қылмыстық процеске қатысуға байланысты әлеуметтік зиянды салдарды барынша азайтуға бағытталған психологиялық қолдап отыруды қамтамасыз етеді.

      Соттан басқа, қылмыстық процесті жүргізетін орган қауіпсіздік шараларының қабылдануына қарамастан, қылмыстық процеске қатысушы адамға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттің жасалу қатерінің анықталуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін негіздер болған кезде оны жүргізуге міндетті.

      8. Кәмелет жасқа толмағандарға немесе өздерінің дене немесе психикалық жағдайына байланысты өз құқықтары мен мүдделерін өз бетінше іске асыру мүмкіндігінен айырылған адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану олардың заңды өкілдері тартыла отырып жүзеге асырылады. Заңды өкілдердің осы Заңда көзделген шектерде өздері өкілдік ететін жеке тұлғалардың құқықтары сияқты құқықтары бар.

      24-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiмдердi орындаудың мiндеттiлiгi

      1. Қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн органдардың өз құзыретiне сәйкес қабылдаған шешiмдерi, олардың атына жiберiлген атқарушы органдардың, мекемелердiң, ұйымдардың лауазымды адамдарының орындауы үшін мiндеттi.

      2. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың лауазымды адамдары мен басқа да жұмыскерлері өздеріне осы Заңмен жүктелген міндеттерді шешуде мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ететін органдарға жәрдем көрсетуге міндетті және көрсетілген органдар мен олардың өкілдеріне өз құзыреті шегінде қызметін жүзеге асыруына кедергі жасауға құқылы емес.

      25-бап. Қорғалатын адамдардың құқықтары

      Қорғалатын адамдардың:

      1) өздерiне, өздерінің отбасы мүшелеріне, жақын туыстарына қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы бiлуге;

      2) қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдарға осы Заңның 7-бабында санамаланған нақты қауiпсiздiк шараларын өздерiне қатысты қолдану немесе қолданбау не олардың күшін толық жою туралы өтiнішхат беруге;

      3) қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін лауазымды адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған органға, прокуратураға немесе сотқа шағым жасауға;

      4) осы Заңда көзделген қосымша қауіпсіздік шараларын қолдану не олардың күшін жою туралы өтінішпен жүгінуге құқығы бар.

      26-бап. Қорғалатын адамдардың мiндеттерi

      Қорғалатын адамдар:

      1) өздерiне қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану шарттарын және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органның заңды талаптарын орындауға;

      2) өздерiне қатысты қатер төнген әрбір жағдай немесе құқыққа қарсы әрекеттердiң фактілері туралы қауiпсiздiктi қамтамасыз ететін органға дереу хабар беруге;

      3) қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн өздерiне берiлген мүлiктi күтіп-ұстауға, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға берілген мүлікті сатқан, басқа адамға берген немесе қасақана бүлдірген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болуға;

      4) өздерiне қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария етпеуге;

      5) қажет болған кезде жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарын, техникалық құралдарды және қаруды пайдалануды оқып-үйренуге мiндеттi.";

      10) 26-1-бапта:

      1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері туралы өтініштер немесе деректер бойынша қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардан, жеке тұлғалардан және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, заңды тұлғалардан сұратуға және олардан алуға;".

      2-тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) қорғалатын адамға қатысты қажетті жеке қауіпсіздік шараларын таңдап алуға, оларды қолдану тәсілдері мен мерзімдерін айқындауға, қолданылатын жеке қауіпсіздік шараларын қажет болған кезде өзгертуге және толықтыруға;";

      5) тармақшадағы "жүргізуге құқығы бар." деген сөздер "жүргізуге;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:

      "6) осы Заңда көзделген жағдайларда қорғалатын адамдардың жеке қауіпсіздігі шараларының күшін жоюға құқығы бар.";

      11) 27 және 29-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "27-бап. Қауiпсiздiк шараларының күшін жою

      1. Қауіпсіздік шараларының күші қорғалатын адамға қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері жойылған, қорғалатын адам осы Заңның 23-бабының 6-тармағында көрсетілген шартты жасасудан бас тартқан немесе қорғалатын адам осы шарттың талаптарын орындамаған жағдайларда не егер қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын орган объективті деп таныған өзге де негіздердің туындауына орай қауіпсіздік шараларын одан әрі қолдану мүмкін болмаса, жойылады.

      2. Қауіпсіздік шараларының күші Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және осы Заңда көзделген тәртіппен, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, соттың, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органның уәкілетті лауазымды адамының уәжді қаулысымен немесе соттың үкімімен жойылады.

      3. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы жазбаша өтініші немесе қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органның олардың күшін жою туралы өтінішхаты үш тәуліктен аспайтын мерзімде қаралады. Қабылданған шешім туралы қаулы шығарылады, ол шығарылған күні қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органға жіберіледі, сондай-ақ өзіне қатысты көрсетілген қаулы шығарылған адамға табыс етіледі.

      4. Қылмыстық процесті жүргізетін орган қауіпсіздік шараларын жалғастыру туралы мәселені шеше отырып, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан не үкім шығарылған кезде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдардың уәкілетті лауазымды адамдары жеке қауіпсіздік шараларының күшін жою үшін кейіннен негіздер туындаған жағдайларда, кейіннен прокурорды хабардар ете отырып, өз қаулысымен жеке қауіпсіздік шараларының күшін жоюға құқылы. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға қорғалатын адамның жеке қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы өтініші келіп түскен кезден бастап үш тәулікке дейінгі мерзімде қаралады. Оны қарау нәтижелері туралы тиісті қаулы шығарылады, оның көшірмесі кейіннен прокурор хабардар етіле отырып, өтініш берушіге табыс етіледі.

      5. Қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы қаулыға Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және осы Заңның 23-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.";

      "29-бап. Мемлекеттiк қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      1. Осы Заңда көзделген мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың басшылары бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      2. Қауiпсiздiк шараларын қолдануға байланысты шығыстарды қорғалатын адамға жүктеуге болмайды.

      Тұрғылықты жерi мен жұмыс орнын ауыстыруға, сондай-ақ сырт пiшiнiн өзгертуге байланысты жәрдемақылар төлеу мен шығыстарды өтеуді қауiпсiздiкті қамтамасыз ететiн орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырады.";

      12) 30-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әлеуметтік қамсыздандырылуы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетін адамдардан басқа, қорғалатын адамдарға олардың қылмыстық процеске қатысуына байланысты өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтірілген жағдайда бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік кепілдіктер қорғалатын адамға нұқсан келтіруге кінәлі адамнан осы қаражат кейіннен өндіріп алына отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен қамтамасыз етіледі.".

      7. "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" 2003 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      12-баптың 3-тармағының 12) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылған, сол сияқты өкілеттіктері тоқтатылған, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарды, оларға теңестірілген адамдарды, лауазымды адамдарды және жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарды;".

      8. "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-баптың 2-тармағында:

      9) тармақшадағы "босатылған, сондай-ақ", "шығарылған адам қабылданбайды." деген сөздер тиісінше "босатылған, сондай-ақ осы тармақтың 10) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша жұмыстан шығару немесе өкілеттіктерін тоқтату жағдайын қоспағанда,", "шығарылған;" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:

      "10) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес адамның шығыстарының өз кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылған, сол сияқты өкілеттіктері тоқтатылған, мұндай жұмыстан шығарылғаннан немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылғаннан, сол сияқты өкілеттіктері тоқтатылғаннан кейін үш жыл өткен соң құқық қорғау қызметіне кіруге құқылы адам қабылданбайды.";

      2) 80-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 14-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "14-1) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыстан шығаруға алып келетін, қызметкердің шығыстарының өз кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты;".

      9. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      38-баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде:

      11) тармақшадағы "мемлекеттік немесе" деген сөздер "осы тармақтың 11-1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша жұмыстан шығару немесе өкілеттіктерін тоқтату жағдайын қоспағанда, мемлекеттік немесе" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "11-1) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес адамның шығыстарының өз кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылған, сол сияқты өкілеттіктері тоқтатылған, мұндай жұмыстан шығарылғаннан немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылғаннан, сол сияқты өкілеттіктері тоқтатылғаннан кейін үш жыл өткен соң әскери қызметке кіруге құқылы;".

      10. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам – мемлекеттік қызметтегі адам, мәслихат депутаты, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді мемлекеттік қызметке тағайындалғанына дейін уақытша атқаратын адам, сондай-ақ офицерлер құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшісі әскери лауазымына уақытша тағайындалған немесе оның міндетін уақытша атқаратын адам;";

      2) 4-баптың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды қорғау және көтермелеу;";

      3) 8-баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін қозғайтын құқықтық және өзге де актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;";

      4) 11-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші бөліктермен және ескертпемен толықтырылсын:

      "Осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған мүлікті сатып алуға жұмсалған шығыстарының өз кірістеріне сәйкестігін бақылауды, сондай-ақ кірістер мен мүлік туралы декларацияларда көрсетілген, осы мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтердің анықтығын тексеруді мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

      Осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың шығыстарының өз кірістеріне сәйкес келмеуі, атап айтқанда осы баптың 3-тармағында аталған адамдар есепті күнтізбелік жыл ішінде сатып алған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған мүлікті сатып алуға арналған шығыстардың көрсетілген мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздерінің сомасынан мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен көп мөлшерде асып кетуі аталған адамдардың Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген әкімшілік жауаптылығына алып келеді.

      Бұл ретте, егер мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың есепті күнтізбелік жыл ішінде сатып алған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған мүлікті сатып алуға арналған шығыстары көрсетілген мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздерінің сомасынан республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшері шегерілгенде аталған адамдардың есепті күнтізбелік жыл ішіндегі кірісінің мөлшерінен асып кетсе, онда аталған адамдар теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылуға немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылуға жатады, сол сияқты олардың өкілеттіктері тоқтатылады.

      Шығыстардың кірістерге осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген сәйкес келмеуі анықталған адамдар туралы мәліметтерді мемлекеттік кіріс органдары Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген салықтық құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган осы тармақтың төртінші бөлігінде аталған, шығыстары кірістеріне сәйкес келмейтіні анықталған адамдарды жұмыстан шығаруға немесе атқарып жүрген лауазымынан босатуға, сол сияқты өкілеттіктерін тоқтатуға құқығы бар мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) тиісті лауазымды адамдарын аталған адамдарды жұмыстан шығару немесе атқарып жүрген лауазымынан босату, сол сияқты олардың өкілеттіктерін тоқтату бойынша шаралар қабылдау қажеттігі туралы хабардар етеді.

      Осы тармақтың төртінші бөлігінде аталған, шығыстары кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылған, сол сияқты өкілеттіктері тоқтатылған адамдар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, келесі үш жыл бойы мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға орналаса алмайды.

      Ескертпе. Осы тармақтың мақсаттары үшін осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған мүлікті сатып алуға арналған шығыстарын жабу көздері деп салық декларацияларында көрсетілген мәліметтер, сондай-ақ көрсетілген шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған, есепті жыл және алдыңғы күнтізбелік жылдар ішінде алынған кірістерді растайтын, уәкілетті органдардың, екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, үшінші тұлғалардың, шет мемлекеттердің құзыретті органдарының деректері және басқа да ақпарат көздерінен алынған деректер түсініледі.";

      5) 12-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамауы лауазымға қабылдаудан бас тартуға не жұмыстан шығаруға (атқарып жүрген лауазымынан босатуға, өкілеттіктерін тоқтатуға) алып келеді, оларды сақтамау жұмыстан шығаруға (атқарып жүрген лауазымынан босатуға, өкілеттіктерін тоқтатуға) негіз болып табылады.";

      6) 13-бапта:

      1-тармақта:

      бірінші абзацтағы ", квазимемлекеттік сектор субъектілерде қызметін жүзеге асыратын адамдарды" деген сөздер алып тасталсын;

      1) тармақшадағы "заңдарына" деген сөз "заңнамасына" деген сөзбен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде (мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда) қызметін жүзеге асыратын адамдар тиісті квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың еншілес, тәуелді ұйымдарының басқару органдарында, байқау кеңестерінде, атқарушы органдарында ақы төленетін лауазымдарды атқаруға құқылы.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) және пайдаланылуы кірістер алуға алып келетін өзге де мүлікті сатып алған жағдайда осы баптың 1-тармағында аталған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, сатып алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде оларды сенімгерлік басқаруға беруге және жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) мүлікті сенімгерлік басқаруға арналған шарт нотариаттық куәландырылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде нотариаттық куәландырылған шарттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін ұсынуға міндетті.";

      7) 14-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың квазимемлекеттік сектор субъектісінің бір басқару органында (байқау кеңесінде, атқарушы органында) өзінің жақын туыстарымен, жұбайымен (зайыбымен) және (немесе) жекжаттарымен бірге лауазымдарды атқаруына тыйым салынады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптарын бұзатын адамдар, егер олар көрсетілген бұзушылық анықталған кезден бастап үш ай ішінде оны ерікті түрде жоймаса, квазимемлекеттік сектор субъектісінің бір басқару органында (байқау кеңесінде, атқарушы органында) бірлескен қызметті (жұмысты) болғызбайтын лауазымға ауысуға жатады, ал мұндай ауысу мүмкін болмаған кезде осы жұмыскерлердің біреуі қызметтен шығарылуға немесе көрсетілген функциялардан өзге де босатылуға жатады.";

      8) 16-баптың 3-тармағында:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Квазимемлекеттік сектор субъектісінде негізгі міндеті осы ұйымның және оның жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылатын құрылымдық бөлімше немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің функцияларын атқаратын жауапты адам айқындалады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің функцияларын атқаратын жауапты адам мүдделердің ықтимал қақтығысы ескеріле отырып айқындалады.";

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді.";

      9) 20-бап мынадай мазмұндағы 4-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-3) квазимемлекеттік сектор субъектісінде әдіснамалық қолдау, оқыту іс-шараларын жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ақпарат алмасу шеңберінде квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің қызметін үйлестіруді;";

      10) 24-бапта:

      1-тармақтағы "қызметкері" деген сөз "жұмыскері" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін (көрсеткен) адам Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және осы Заңға сәйкес мемлекет қорғауында болады және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен көтермеленеді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпаратты хабарлаған, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болатын адамдарға қолданылмайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің көтермелеу бөлігіндегі ережелері:

      1) жедел-іздестіру немесе қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органмен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құпия негізде ынтымақтасатын адамға;

      2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтауға, оның жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге жәрдем көрсеткен, ол бойынша орындаушы немесе сыбайлас қатысушы болып табылған адамға қолданылмайды.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесу:

      1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі туралы хабарлауды;

      2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беруді;

      3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, оның жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру үшін маңызы бар (кейіннен болған) өзге де жәрдемдесуді қамтиды.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беру немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, оның жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру үшін маңызы бар (кейіннен болған) өзге де жәрдем көрсету мақсатында адамның өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуі туралы ақпарат көрсетілген ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасалған жағдайда құпия ақпарат болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі.

      Көрсетілген ақпаратты жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.";

      11) 3-тарау мынадай мазмұндағы 24-1, 24-2, 24-3 және 24-4-баптармен толықтырылсын:

      "24-1-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдарды қорғаудың мемлекет кепілдік берген шаралары

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдарды қорғаудың мемлекет кепілдік берген шаралары:

      1) уәкілетті мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарды қабылдаған күннен бастап немесе адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жәрдем көрсеткен кезден бастап үш жыл бойы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамды еңбек қатынастары саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуынан қорғауды;

      2) адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткені туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім болған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету мақсатында осы адамның өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуі туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуді қамтиды.

      24-2-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамды еңбек қатынастары саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуынан қорғау

      1. Өзі жұмыскері болып табылатын (болған) ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына хабарлау арқылы ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адам тарапы болып табылатын жеке еңбек дауын Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес құрылатын келісу комиссиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілін міндетті түрде шақыра отырып қарайды.

      Арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдарда, сондай-ақ келісу комиссиялары жоқ ұйымдарда өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына хабарлау арқылы мемлекеттік органда немесе ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адам мемлекеттік органның немесе ұйымның аталған адамның тәртіптік теріс қылық жасауының мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтау, сондай-ақ адамды жұмыстан шығарудың (атқарып жүрген лауазымынан босатудың) немесе басқа лауазымға ауыстырудың негізділігін анықтау үшін құрылатын тәртіптік комиссиясының немесе өзге де алқалы органының (бұдан әрі – алқалы орган) ұсынымдарынсыз тәртіптік жауаптылыққа тартылмайды немесе жұмыстан шығарылмайды (атқарып жүрген лауазымынан босатылмайды) немесе басқа лауазымға ауыстырылмайды.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілі осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер қаралатын алқалы орган отырысына қатысуға міндетті түрде шақырылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік орган немесе басқа ұйым сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша материалдарды келісу комиссиясының немесе алқалы органның отырысы өткізілетін күнге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын жібереді.

      Көрсетілген отырысқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілі қатыса алады.

      3. Келісу комиссиясының шешіміне немесе алқалы орган отырысының хаттамасына отырысқа қатысқан оның мүшелері қол қояды.

      Келісу комиссиясы шешімінің не алқалы орган отырысы хаттамасының көшірмесі шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.

      4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган келісу комиссиясы немесе алқалы орган отырысының қорытындылары бойынша қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган келісу комиссиясы шешімінің немесе алқалы орган отырысы хаттамасының көшірмесін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға не прокуратураға жұмыскердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы хабарлама жібереді.

      Бұл ретте көрсетілген хабарламаны жіберу сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамның сотқа жүгінуіне кедергі болып табылмайды.

      24-3-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету

      1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беру немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, оның жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру үшін маңызы бар (кейіннен болған) өзге де жәрдем көрсету мақсатында адамның өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуі туралы ақпараттың құпиялылығын тиісті мемлекеттік органда не ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетілген жағдайда осы адам жұмыс істейтін мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысы және (немесе) басшылығы, келісу комиссиясының немесе алқалы органның мүшелері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім болған кезде уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

      2. Өзі жұмыскері болып табылатын мемлекеттік органда немесе ұйымда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау не осы мемлекеттік органда немесе ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жәрдем көрсету мақсатында адам осы мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына жүгінген кезде мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысы және (немесе) басшылығы аталған адаммен оның ниеті болған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға міндетті.

      Адам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау не сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылға өзге де жәрдем көрсету мақсатында уәкілетті мемлекеттік органға жүгінген кезде уәкілетті мемлекеттік орган аталған адаммен оның ниеті болған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға міндетті.

      3. Осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген, жұмыскермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасқан, жұмыскердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы келіп түскен хабары бойынша шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органға жүгінген басшымен және тиісті уәкілетті мемлекеттік органмен де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасалады.

      4. Адам осы Заңның 24-4-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген құқықты іске асыру үшін осы Заңның 24-4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген құпия ақпаратты беруге жазбаша келісімнің негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға жүгінген кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган осы адаммен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға міндетті.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның осы Заңның 24-4-бабының 2-тармағында көзделген хабарламасы келіп түскен мемлекеттік органның немесе ұйымның басшысы, егер бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен адам мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында осындай келісім жасалған болса, осы адаммен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға міндетті.

      5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасу тәртібін және оның нысанын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      24-4-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдардың құқықтары

      1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адам:

      1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарды қарау қорытындылары бойынша қабылданған шешім туралы ақпаратты алуға;

      2) уәкілетті мемлекеттік органның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы өзінің хабарын қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешімдеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес шағым жасауға;

      3) осы тармақтың 4) тармақшасында көзделген құқықты іске асыру үшін құпия ақпаратты беруге жазбаша келісім алу үшін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органды қоспағанда, бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасалған уәкілетті мемлекеттік органға жүгінуге;

      4) уәкілетті мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарды қабылдаған күннен бастап немесе адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жәрдем көрсеткен кезден бастап үш жыл ішінде оны тәртіптік жауаптылыққа тарту немесе жұмыстан шығару немесе басқа лауазымға ауыстыру оның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлауына немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жәрдем көрсетуіне байланысты деп пайымдаған жағдайда келісу комиссиясының немесе алқалы органның осы мәселелерді осы Заңның 24-2-бабында көзделген тәртіппен бұрын қарамауы шартымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға жүгінуге құқылы.

      2. Адам осы баптың 1-тармағы 4) тармақшасының негізінде жүгінген кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган ұсынылған материалдарды қарайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен адамның жүгіну негізділігі анықталған жағдайда жолданым келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде мемлекеттік органның не басқа ұйымның басшысына осы Заңның 24-2 және 24-3-баптарында белгіленген тәртіппен осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген мәселелерді қайтадан қарау қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

      Хабарламада мыналар қамтылуға тиіс:

      1) хабарлама жіберілетін мемлекеттік орган не ұйым басшысының тегі мен аты-жөні;

      2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен адамның тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса);

      3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың қысқаша фабуласы;

      4) мемлекеттік орган не ұйым басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен адаммен, егер бұрын осы адам мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасалған болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасу міндеті туралы, сондай-ақ мұндай келісім жасалған жағдайда адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетуі туралы ақпаратты жария еткені үшін жауаптылығы туралы ескерту.

      Бұл ретте мемлекеттік органның не ұйымның басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен адамның жолданымы келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде келісу комиссиясының немесе алқалы органның отырысын өткізуге және қаралатын мәселе бойынша шешім қабылдауға міндетті.";

      12) 27-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Осы Заңның 11-бабы 9-тармағының күші 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.".

      11. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 16-баптың 3-тармағында:

      14) тармақшадағы "негізінде", "шығарылған азаматты;" деген сөздер тиісінше "негізінде және осы тармақтың 14-1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша", "шығарылған;" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 14-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "14-1) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес азаматтың шығыстарының өз кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылған, сол сияқты өкілеттіктері тоқтатылған, мұндай жұмыстан шығарылғаннан немесе атқарып жүрген лауазымынан босатылғаннан, сол сияқты өкілеттіктері тоқтатылғаннан кейін үш жыл өткен соң мемлекеттік қызметке кіруге құқылы азаматты;";

      2) 52-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақта көзделген міндетті орындаған жағдайда мемлекет мемлекеттік қызметшіге "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қорғау шараларына кепілдік береді.";

      3) 59-баптың бірінші бөлігінде:

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес теріс себептер бойынша өкілеттіктерін тоқтатуға алып келетін, мемлекеттік саяси қызметшінің шығыстары кірістеріне сәйкес келмеген;";

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) мемлекеттік саяси қызметші активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынбаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін алғаш рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған жағдайды қоспағанда, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;";

      4) 61-бапта:

      1-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "7-1) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыстан шығаруға алып келетін, мемлекеттік қызметшінің шығыстарының өз кірістеріне сәйкес келмеуі;";

      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) мемлекеттік әкімшілік қызметші активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынбаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін алғаш рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған жағдайды қоспағанда, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы;";

      3-тармақтағы "7)" деген цифр "7), 7-1)" деген цифрлармен ауыстырылсын.

      2-бап. Осы Заң:

      1) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 10-тармағының 12) тармақшасын, 11-тармағының 3) тармақшасының бірінші, төртінші және бесінші абзацтарын, 4) тармақшасының бірінші, екінші, бесінші және алтыншы абзацтарын;

      2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағының 3) тармақшасын, 4) тармақшасының үшінші абзацын, 5) және 6) тармақшаларын, 8) тармақшасының төртінші абзацын, 7, 8 және 9-тармақтарын, 10-тармағының 4) тармақшасын, 11-тармағының 1) тармақшасын, 3) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 4) тармақшасының үшінші, төртінші және жетінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады