Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары және қорғанысты ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 14 наурыздағы № 206-VII ҚРЗ

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне:

      3-баптың 9) тармағындағы ", әскери полиция органының қызметкері" деген сөздер "қызметкері, әскери полиция органының әскери қызметшісі" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне:

      61-баптың екінші бөлігінің 5) тармағы мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның азаматтық қорғаныстың басқару органдары мен әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері жасаған барлық қылмыстық құқық бұзушылық туралы істер бойынша да – Қарулы Күштердің әскери полиция органдары;".

      3. "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы" 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      12-бапта:

      16-1) тармақшадағы "жəне жауынгерлік қызметті" деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 16-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "16-2) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы айқындайтын тәртіппен ұлттық қауіпсіздік органдарында жауынгерлік қызметті ұйымдастыруға және атқаруға;".

      4. "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" 1999 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 2-бап мынадай мазмұндағы 5-1) және 11-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "5-1) гауптвахта – әскери полиция органдарының жанынан жабдықталған, мынадай:

      әкімшілік қамаққа алынған;

      қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталған, сондай-ақ өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау таңдалған, қылмыс жасады деп күдік келтірілген, айыпталған, сотталушы;

      қамаққа алуға сотталған;

      бас бостандығынан айыруға сотталған әскери қызметшілерді – соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгенге дейін және оларды жазаны орындау органдарына жібергенге дейін қоғамнан заңды негізде уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы үй-жай;";

      "11-2) уақытша ұсталғандарға арналған үй-жай – әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе әкімшілік іс жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында әскери қызметшілерді заңда белгіленген мерзімге мәжбүрлеп ұстауға арналған арнайы бейімделген үй-жай;";

      2) 3-бапта:

      тақырып "арнаулы үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", гауптвахталарда, уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      "арнаулы үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", гауптвахталарда, уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 4-бапта:

      тақырып "арнаулы үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", гауптвахталарда, уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      "арнаулы үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", гауптвахталарда, уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      "арнаулы мекемелерде" деген сөздерден кейін ", гауптвахталарда" деген сөзбен толықтырылсын;

      4) мынадай мазмұндағы 5-2-баппен толықтырылсын:

      "5-2-бап. Әскери қызметшілерді гауптвахталарға және уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларға жабу негіздері

      1. Әскери қызметшілерді гауптвахталарға жабу негіздері:

      1) әкімшілік қамаққа алынғандарды жабу судьяның қамаққа алу туралы қаулысының негізінде жүзеге асырылады;

      2) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталғандарды жабу тергеуші не анықтаушы жасаған ұстау хаттамасы бойынша жүзеге асырылады;

      3) өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылған, қылмыс жасады деп күдік келтірілгендерді, айыпталушыларды, сотталушыларды жабу судьяның қаулысы бойынша жүзеге асырылады;

      4) қамаққа алуға сотталғандарды жабу сот үкімі мен оны орындау туралы өкімнің негізінде жүзеге асырылады.

      Бас бостандығынан айыруға сотталған әскери қызметшілер айыптау үкімі заңды күшіне енгенге дейін және оларды жазаны орындау органдарына жібергенге дейін сот үкімі негізінде гауптвахталарда ұсталуы мүмкін.

      2. Әскери қызметшілерді уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларға жабу әскери полиция органдарының уәкілетті лауазымды адамы жасаған әкімшілік ұстап алу туралы хаттама негізінде жүзеге асырылады.

      Шалғайлығы немесе тиісті қатынас жолының болмауы салдарынан гауптвахтаға немесе уақытша ұстау изоляторына жеткізу мүмкін болмаған жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталған әскери қызметшілерді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органы бойынша кезекшінің жанындағы уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларға жабуға жол беріледі.";

      5) 6-бапта:

      тақырып "арнаулы үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", гауптвахталарда, уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      1-тармақ "арнаулы үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", гауптвахталарда, уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      6) мынадай мазмұндағы 8-1 және 9-3-баптармен толықтырылсын:

      "8-1-бап. Гауптвахталар

      1. Гауптвахталар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полиция органдары жанынан жабдықталады және олардың құрылымдық бөлімшелері болып табылады.

      2. Гауптвахталарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешімді олардың ведомстволық тиесілігіне қарай тиісінше Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қабылдайды.

      3. Гауптвахталар қызметінің тәртібі мен ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының гарнизондық және қарауылдық қызметтерінің жарғысында айқындалады.";

      "9-3-бап. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайлар

      1. Гауптвахталар ішінде уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайлар жабдықталады, оларға гауптвахта қызметінің тәртібі мен ұйымдастырылуы қолданылады.

      Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайлар қызметінің тәртібі мен ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының гарнизондық және қарауылдық қызметтерінің жарғысында айқындалады.

      2. Гарнизондарда гауптвахталар болмаған кезде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органы бойынша кезекшінің жанынан уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайлар құрылады.

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органы бойынша кезекшінің жанындағы уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайлардың қызметін ұйымдастыру тәртібін және олардағы ішкі тәртіптеменің үлгілік қағидаларын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі айқындайды.";

      7) 3-2-тараудың тақырыбы "изоляторларында" деген сөзден кейін ", гауптвахталарда" деген сөзбен толықтырылсын;

      8) 46-8-бапта:

      тақырып "изоляторларында" деген сөзден кейін ", гауптвахталарда" деген сөзбен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Әкімшілік қамаққа алынған, гауптвахталарда ұсталатын әскери қызметшілерге әскери қызметшілердің гауптвахтада әкімшілік қамақты өтеу тәртібіне сәйкес осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері қолданылады.";

      9) 46-9-бапта:

      тақырып "изоляторынан" деген сөзден кейін ", гауптвахтадан" деген сөзбен толықтырылсын;

      1-тармақ "изоляторынан" деген сөзден кейін ", гауптвахтадан" деген сөзбен толықтырылсын;

      4-тармақ "изоляторында" деген сөзден кейін ", гауптвахтада" деген сөзбен толықтырылсын;

      10) 3-4-тараудың тақырыбы "үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      11) 46-21-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларға жабылатын әскери қызметшілерді қабылдау және тіркеу, жеке жете тексеруді, медициналық куәландыруды (қажет болған кезде дактилоскопиялауды және фотосуретке түсіруді) жүргізу тәртібі, сондай-ақ алып қоюға жататын заттардың тізбесі уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайлардың қызметін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес айқындалады.";

      2-тармақтың бірінші бөлігіндегі "отырғызылғаны туралы олардың тұрғылықты жері бойынша жақын туыстарына" деген сөздер "жабылғаны туралы олардың тұрғылықты жері бойынша жақын туыстарына, әкімшілік ұстауға алынған әскери қызметшілердің уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларға жабылғаны туралы әскери бөлімдердің (мекемелердің) қолбасшылығына (бастықтарына)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      12) 46-22-бапта:

      тақырып "үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда әскери қызметшілерді ұстау режимі уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайлардың қызметін ұйымдастыру қағидаларында айқындалады.";

      13) 46-23-бапта:

      тақырып "үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      1-тармақта:

      1) және 2) тармақшалар "үй-жайда" деген сөздерден кейін ", уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайда" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) тармақшадағы "полиция органының" деген сөздер "полиция, әскери полиция органдарының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Арнаулы үй-жайларға, уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларға орналастырылған адамдар тиісінше полиция органының, әскери полиция органының басшысы бекітетін арнаулы үй-жайдың, уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайдың ішкі тәртіптеме қағидаларын орындауға міндетті.";

      14) 46-24-бапта:

      тақырып "үй-жайдан" деген сөздерден кейін ", уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайдан" деген сөздермен толықтырылсын;

      4-тармақ "үй-жайда" деген сөздерден кейін ", уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайда" деген сөздермен толықтырылсын;

      15) 49-бапта:

      тақырып "үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", гауптвахталарда, уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      "үй-жайларда" деген сөздерден кейін ", гауптвахталарда, уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайларда" деген сөздермен толықтырылсын.

      5. "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      21-баптың екінші бөлігіндегі "әскери полицияның, әскери-тергеу бөлiмшелерiнiң" деген сөздер "әскери полиция органдарының, әскери-тергеу органдарының" деген сөздермен ауыстырылсын.

      6. "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) Арнаулы операциялар күштері – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің арнаулы операциялар жүргізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндеттерді орындауға арналған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бір бөлігі;";

      2) 5-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) әскери жоспарлау жүйесін бекітеді;";

      3) 19-бапта:

      бірінші бөлік "Қарулы Күштер түрлерiн," деген сөздерден кейін "Арнаулы операциялар күштерін," деген сөздермен толықтырылсын;

      екінші бөліктегі "әскери полиция" деген сөздер "әскери полиция органдары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 22-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) әскери жоспарлау жүйесін әзірлейді;".

      7. "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" 2010 жылғы 29 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 9-1-баптың 4) және 5) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) профилактикалық есепке алуды жүргізеді және профилактикалық бақылауды жүзеге асырады;

      5) әскери бөлімдердің (мекемелердің) қолбасшылығымен, азаматтармен және ұйымдармен құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;";

      2) 9-2-бап мынадай мазмұндағы 5-1) және 5-2) тармақшаларымен толықтырылсын:

      "5-1) әскери қызметшілерге қатысты құқық бұзушылық профилактикасының жалпы шараларын қабылдайды;

      5-2) профилактикалық әңгімелесу түріндегі құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шарасын жүзеге асырады;";

      3) 23-1-бап алып тасталсын.

      8. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-баптың 7-тармағында:

      бірінші бөліктегі "əскери қызметшілері мен қызметкерлеріне" деген сөздер "əскери қызметшілеріне" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші бөліктегі "əскери қызметшілері мен қызметкерлерінің" деген сөздер "əскери қызметшілерінің" деген сөздермен ауыстырылсын.

      9. "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      54-баптың ескертулерінің 1-тармағындағы "әскери полиция органдары қызметкерлерінің" деген сөздер "әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің" деген сөздермен ауыстырылсын.

      10. "Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы" 2015 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      6-баптың 1-тармағының 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) Ұлттық ұланның әскери полиция органдарынан;".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады