Құқық бұзушылық профилактикасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 29 сәуірдегі № 271-IV Заңы.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      ҚР Заңының қолданысқа енгізілу тәртібін 31-баптан қараңыз.

      Осы Заң Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдарының және азаматтарының құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтік бейімдеу - қоғамдағы мінез-құлықтың нормалары мен қағидаларын қабылдауға және сақтауға қабілетті жеке адамды қалыптастыруға бағытталған, құқық бұзушылық профилактикасының субъектілері жүзеге асыратын шаралар кешені;

      2) әлеуметтік оңалту - құқыққа қарсы мінез-құлқы бар адамға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық, педагогтік көмек көрсетуге бағытталған, құқық бұзушылық профилактикасының субъектілері жүзеге асыратын шаралар кешені, сондай-ақ психологиялық және (немесе) моральдық зардаптарды еңсеру процесі;

      3) заңға мойынсынушылық мінез-құлық - адамның Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мінез-құлық нормаларына сәйкес келетін, адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін бұзбайтын саналы мінез-құлқы;

      4) құқық бұзушылық профилактикасы - құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою арқылы құқықтық тәртіпті сақтауға және күшейтуге бағытталған, құқық бұзушылық профилактикасының субъектілері жүзеге асыратын құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық шаралар кешені;

      5) құқық бұзушылық профилактикасының субъектілері - құқық бұзушылық профилактикасын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдары мен азаматтары;

      6) құқықтық тәрбие - азаматтардың заңға мойынсынушылық мінез-құлқын, құқықтық санасын және құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені.

2-бап. Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, Қазақстан Республикасының осы Заңынан және өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Осы Заңның мақсаты мен міндеттері

      1. Осы Заңның мақсаты құқық бұзушылық профилактикасы саласында бірыңғай мемлекеттік саясат белгілеу болып табылады.

      2. Осы Заңның міндеттері:

      1) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету;

      2) құқық бұзушылық деңгейін төмендету;

      3) құқық бұзушылық профилактикасы жүйесін жетілдіру, сондай-ақ оларға итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою;

      4) арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарды әлеуметтік бейімдеу және әлеуметтік оңалту;

      5) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру;

      6) азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру;

      7) азаматтар мен ұйымдардың құқық бұзушылық профилактикасына қатысуларын қамтамасыз ету болып табылады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-бап. Құқық бұзушылық профилактикасының принциптері

      Құқық бұзушылық профилактикасы:

      1) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және сақтау;

      2) заңдылық;

      3) жариялылық;

      4) құқықтар мен міндеттердің бірлігі;

      5) ізгілік;

      6) ғылыми негізділік;

      7) жеке өмірге қол сұғылмаушылық;

      8) құқық бұзушылық профилактикасында алдын алу шараларының жазалау шараларынан басымдығы;

      9) кешенділік пен жүйелілік принциптеріне негізделеді.

2-тарау. ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПРОФИЛАКТИКАСЫНЫҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі республикалық ведомствоаралық комиссияны құрады және таратады;

      4) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің өзара іс-қимылын және олардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;

      5) құқық бұзушылық санының өсуіне әкеп соғатын дағдарыстық демографиялық процестерге жол бермеу, жұмыссыздықтың күрт өсуін және халықтың өмір сүру деңгейінің құлдырауын тежеу жөнінде уақтылы шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді;

      6) өзiне Конституциямен, заңдармен және Президент актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

6-бап. Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреті

      1. Жергілікті өкілді органдар:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) әкімнің ұсынуы бойынша құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жергілікті ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамын бекітеді;

      3) жергілікті бюджеттерді құқық бұзушылық профилактикасына арналған шығыстар бөлігінде бекітеді және олардың орындалуын бақылайды;

      4) азаматтар мен ұйымдардың осы Заңның нормаларын орындауына жәрдемдеседі;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Жергілікті атқарушы органдар:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің өзара іс-қимылын жергілікті деңгейде қамтамасыз етеді;

      3) құқық бұзушылықтар профилактикасына қатысатын азаматтардың және ұйымдардың есебін жүргізеді, азаматтарды және ұйымдарды қоғамдық тәртіпті сақтауға тарту жөнінде шаралар қолданады, оларды көтермелеудің түрлері мен тәртібін айқындайды;

      4) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі;

      4-1) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі сотталғандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі;

      5) тиісті жергілікті өкілді органдарға құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамын бекіту үшін ұсынады және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      6) құқық бұзушылық профилактикасы жүйесінің ұйымдарын құруды және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      7) арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің ұсынылуын ұйымдастырады;

      8) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолданады;

      9) азаматтардың құқықтық тәрбиесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.11.2015 № 388-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті

      Ішкі істер органдары:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      1-1) алып тасталды - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) азаматтарға құқықтық тәрбие беруге қатысады, құқық тәртібінің жай-күйі және ішкі істер органдарының құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі қызметінің тиімділігін арттыруы бойынша шаралар туралы қоғамдық пікірді зерделейді;

      4) құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

      5) профилактикалық есепке алуды жүргізеді және профилактикалық бақылауды жүзеге асырады;

      6) қоғамдық тәртіпті қорғауға және құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      7) күзет қызметі субъектілерімен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады;

      8) өздеріне белгілі болған, өзге де құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы осы органдарға хабарлайды;

      9) қылмыстық қудалауды, пробациялық бақылауды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асырады;

      10) ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша арнаулы оқу курстарын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

      11) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      11-1) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын және пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдардың құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында профилактикалық және жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуді қамтамасыз етеді;

      11-2) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес сотталғандарға тәрбиелік ықпал етуді жүзеге асырады;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.12.29 № 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.18 № 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның құзыреті

      Ескерту. 8-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 06.10.2020 № 365-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган:

      1) сыбайлас жемқорлықтың қауіп-қатері туралы халықтың хабардарлығын арттырады;

      2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгеріс енгізілді – ҚР 06.10.2020 № 365-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Әділет органдарының құзыреті

      Әділет органдары:

      1) мемлекеттік органдардың құқықтық насихат жөніндегі қызметін үйлестіреді;

      2) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін нормалар қабылдануының алдын алу мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларына заңдық сараптама жүргізеді;

      3) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 № 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

      4) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 № 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

      5) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 № 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

      6) өздеріне белгілі болған, құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы осы органдарға хабарлайды;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.18 № 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

9-1-бап. Әскери полиция органдарының құзыреті

      Әскери полиция органдары:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) әскери қызметшілерге құқықтық тәрбие беруге қатысады;

      3) құқық бұзушылықтар профилактикасы жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

      4) профилактикалық есепке алуды жүргізеді және профилактикалық бақылауды жүзеге асырады;

      5) әскери бөлімдердің (мекемелердің) қолбасшылығымен, азаматтармен және ұйымдармен құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;

      6) өзге де құқық қорғау органдарына өздеріне белгілі болған, сол органдардың құзыретіне жататын дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлайды;

      7) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қылмыстық қудалауды, іс жүргізуді жүзеге асырады;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. Заң 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.03.2023 № 206-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-2-бап. Əскери басқару органдарының құзыреті

      Əскери басқару органдары:

      1) əскерлерде тəрбие, əлеуметтік-құқықтық жəне насихат жұмысын ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      2) құқық бұзушылық профилактикасы мəселелері бойынша азаматтармен жəне ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, оларды көтермелеу түрлері мен тəртібін айқындайды;

      3) құқық бұзушылық профилактикасы бойынша əскери басқару органдарында ведомствоаралық комиссияларды құрады;

      4) құқық бұзушылық профилактикасы бойынша қызметті үйлестіруді жүзеге асырады;

      5) жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйін жəне əскери тəртіпті нығайту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      5-1) әскери қызметшілерге қатысты құқық бұзушылық профилактикасының жалпы шараларын қабылдайды;

      5-2) профилактикалық әңгімелесу түріндегі құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шарасын жүзеге асырады;

      6) əскери полиция органдарына өздеріне белгілі болған дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылықтар фактілері туралы хабарлайды;

      7) құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шараларды қолданады;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 2-тарау 9-2-баппен толықтырылды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 14.03.2023 № 206-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Прокуратура органдарының құзыреті

      Прокуратура органдары:

      1) құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады;

      2) қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;

      3) мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастырады және арнаулы есепке алуды жүргізеді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

11-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Білім беру саласындағы уәкілетті орган:

      1) білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне құқықтық тәрбие беру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      2) білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінде заңға мойынсынушылық мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлейді және оларды білім беру ұйымдарының жұмыс практикасына енгізеді;

      3) өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілері арасында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі іс-шараларды өткізеді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:

      1) салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;

      2) психикаға белсенді әсер ететін заттарды жүйелі түрде медициналық емес мақсатта тұтынуды ерте анықтау және олардың профилактикасы әдістемелерін әзірлейді;

      3) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

13-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының құзыреті

      Денсаулық сақтау ұйымдары:

      1) салауатты өмір салтын насихаттауды жүргізеді;

      2) наркологиялық, психологиялық, психиатриялық, емдеу-профилактикалық көмек көрсетеді және оны қажет ететін адамдарға медициналық оңалтуды жүргізеді;

      3) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды анықтауды, есепке алуды және байқауды жүзеге асырады;

      4) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      5) құқық бұзушылықтан зардап шеккен адамдардың жәрдем сұрауы және оларға медициналық көмек көрсету фактілері туралы ішкі істер органдарына хабарлайды;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган:

      1) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және кедейлікті азайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысады;

      2) алып тасталды - ҚР 2010.12.29 № 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

      3) халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесудің белсенді нысандарын қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 № 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

15-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды дене шынықтыру және спорт сабақтарына тартуға жәрдемдеседі;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

16-бап. Масс-медиа саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Ескерту. 16-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 19.06.2024 № 94-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Масс-медиа саласындағы уәкілетті орган:

      1) бұқаралық ақпарат құралдарында құқықтық насихат жүргізуді қамтамасыз етеді;

      2) бұқаралық ақпарат құралдарында құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін жазып-көрсетуге ықпал етеді;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.06.2024 № 94-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-бап. Азаматтар мен ұйымдардың құқық бұзушылық профилактикасына қатысуы

      1. Азаматтар мен ұйымдардың құқық бұзушылық профилактикасына қатысуы Қазақстан Республикасының осы Заңына және өзге де заңдарына сәйкес құқық бұзушылық профилактикасының басқа субъектілеріне ерікті түрде жәрдем көрсету жолымен жүзеге асырылады.

      2. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысушы азаматтар мен ұйымдар өздерінің қызметін заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және сақтау принциптері негізінде жүзеге асырады.

      3. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысушы азаматтар мен ұйымдар өздерінің қызметін:

      1) құқықтық насихатты ұйымдастыруға қатысу;

      2) консультативтік-кеңесші және сараптама органдарының жұмысына қатысу;

      3) құқық бұзушылық профилактикасының басқа субъектілеріне жәрдемдесу арқылы жүзеге асырады.

18-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру

      1. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру құқық бұзушылықтың уақтылы алдын алу, анықтау және жолын кесу, оларды жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі келісілген іс-әрекеттерді әзірлеу және оларды өздері жүзеге асыру арқылы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасындағы құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіруді құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар жүзеге асырады.

      Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жанынан құрылады.

      3. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      Ведомствоаралық комиссиялар қызметінің негізгі міндеттері:

      1) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру;

      2) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері қызметінің тиімділігін бағалау;

      3) Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы құжаттарының іске асырылу барысын қарау;

      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының қарауына құқық бұзушылық профилактикасы шараларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      6) адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөнінде шаралар қолдану;

      7) құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша ақпараттық материалдарды дайындау және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне, тиісті жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жіберу;

      8) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері басшыларының және лауазымды адамдарының жүргізген жұмыстары туралы есептерін тыңдау және олардың қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      9) мемлекеттік органдарға және ұйымдарға лауазымды адамдарды құқық бұзушылық профилактикасы жөнінде шаралар қолданбағаны үшін тәртіптік және өзге де жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстар енгізу болып табылады.

      4. Ведомствоаралық комиссиялардың құрамы, өкілеттіктері және қызмет тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары бекітетін ережелермен айқындалады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Үйлестіру қызметінің нысандары

      1. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіруді құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар мынадай негізгі:

      1) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу;

      2) ақпаратпен алмасу;

      3) оң тәжірибені зерделеу және тарату;

      4) бірлескен жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу;

      5) отырыстар мен кеңестер өткізу;

      6) бюллетеньдер (жинақтар) және басқа да ақпараттық басылымдар шығару нысандарында жүзеге асырады.

      2. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері өздеріне белгілі болған, мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын, дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы осы органдарға дереу хабарлауға міндетті.

3-тарау. ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПРОФИЛАКТИКАСЫНЫҢ ШАРАЛАРЫ

20-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы шараларының жүйесі

      Құқық бұзушылық профилактикасы жалпы, арнаулы және жеке шаралар арқылы жүзеге асырылады.

21-бап. Құқық бұзушылық профилактикасының жалпы шаралары

      Құқық бұзушылық профилактикасының жалпы шаралары:

      1) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын қорғау жөніндегі шараларды;

      2) экономиканы, әлеуметтік саланы, құқық қорғау қызметін басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді жоюға, сондай-ақ құқық бұзушылық профилактикасын нормативтік, ақпараттық, әдістемелік және ресурстық қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған ұйымдастырушылық-басқарушылық шараларын;

      3) азаматтардың жалпы, тұрмыстық және құқықтық мәдениетін арттыратын, жалпы адамзаттық құндылықтарға, заңға мойынсынушылық мінез-құлыққа, құқыққа қарсы мінез-құлыққа төзбеушілікке бағдарланған адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру арқылы криминогендік факторларды жоятын немесе шектейтін идеологиялық шараларды;

      4) құқық бұзушылық жасауға тосқауыл болатын ғылым мен техника жетістіктерін қолдану арқылы іске асырылады.

22-бап. Құқық бұзушылық профилактикасының арнаулы шаралары

      Ескерту. 22-бап алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

23-бап. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары

      1. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары адам не адамдардың шектеулі тобы тарапынан құқық бұзушылық жасаудың алдын алу, сондай-ақ оны жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою мақсатында олардың құқықтық санасына және мінез-құлқына жүйелі түрде мақсатты ықпал ету үшін қолданылады.

      2. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары:

      1) профилактикалық әңгімелесу;

      2) қорғау нұсқамасы;

      3) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс;

      4) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары;

      5) құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу;

      6) профилактикалық есепке алу және бақылау;

      7) әкімшілік жаза қолдану;

      8) ата-ана құқықтарынан айыру не оларды шектеу, бала (ұл, қыз) асырап алудың күшін жою, қамқоршыларды және қорғаншыларды өздерінің міндеттерін орындаудан босату және шеттету, баланы патронаттық тәрбиешінің тәрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу;

      9) сот үкімі бойынша қабылданатын шаралар;

      10) әкімшілік қадағалау орнату;

      11) жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу болып табылады.

      3. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары оған қатысты қолданылатын адамның жеке ерекшеліктері, оның жасаған құқық бұзушылығының қоғамға қауіптілігінің сипаты мен деңгейі ескеріле отырып айқындалады.

      4. Мүдделі адамдар құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.

      5. Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.

      6. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары Қазақстан Республикасының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.

      7. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану Қазақстан Республикасының осы Заңына және өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын есепке алу орталық атқарушы органдар айқындаған тәртіппен олардың құзыреті шегінде жүзеге асырылады.

23-1-бап. Əскери қызметшілерге қатысты қолданылатын құқық бұзушылық профилактикасы шаралары

      Ескерту. 23-1-бап алып тасталды – ҚР 14.03.2023 № 206-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

24-бап. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға негіздер

      1. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға мына мән-жайлардың бірі:

      1) жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе өтініштерi, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар;

      2) құқық бұзушылық жасау не жасауға әрекет ету фактісін уәкілетті лауазымды адамның тікелей анықтауы;

      3) мемлекеттік органдардан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан түскен материалдар негіз болып табылады.

      2. Құқық бұзушылық жасау туралы немесе оны жасау қатері туралы өтініштер мен хабарламаларды мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.

25-бап. Профилактикалық әңгімелесу

      1. Профилактикалық әңгімелесудің негізгі міндеттері құқыққа қарсы мінез-құлықтың себептері мен жағдайларын анықтау, құқық бұзушылықтың әлеуметтік және құқықтық салдарларын түсіндіру және заңға мойынсынушылық мінез-құлықтың қажеттігіне сендіру болып табылады.

      2. Профилактикалық әңгімелесуді құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану құзыретіне жататын құқық бұзушылық субъектісі құқық бұзушылық жасаған немесе оған қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға негіз бар адаммен өткізеді.

      3. Профилактикалық әңгімелесу құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ тұратын жері, оқу, жұмыс орны бойынша не тікелей құқық бұзушылық анықталған жерде өткізіледі және оның ұзақтығы бір сағаттан аспауға тиіс.

      4. Профилактикалық әңгімелесу өткізілетін адамға құқыққа қарсы іс-әрекеттерді тоқтату қажеттілігі туралы ескертіледі.

      5. Кәмелетке толмаған адаммен профилактикалық әңгімелесу оның ата-анасының, педагогтарының немесе басқа да заңды өкілдерінің қатысуымен өткізіледі.

26-бап. Құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс

      1. Құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайлар анықталған жағдайда мемлекеттік органдар тиісті ұйымның басшысына немесе лауазымды адамына оларды жою туралы ұсыныс жібереді.

      2. Тиісті ұйымның басшысы немесе лауазымды адамы ұсынысты алған күннен бастап бір ай мерзім ішінде мемлекеттік органға ұсынысты қарау нәтижелері және қолданылған шаралар туралы жазбаша түрде ақпарат беруге міндетті.

27-бап. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу

      1. Сот құқық бұзушының мінез-құлқына оның жаңа құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында ерекше талаптар белгілеуі мүмкін.

      2. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы болып табылады және ол әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамға әкімшілік жаза қолданылумен қатар және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамды әкімшілік жауаптылықтан босатқан кезде оның орнына да қолданылады.

      3. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамның белгілі бір құқықтарын шектеуге және оған белгілі бір міндеттер жүктеуге әкеп соғады.

      4. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу тәртібі, оның қолданылу мерзімі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен айқындалады.

      5. Мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамды ішкі істер органдары профилактикалық есепке қояды және оған профилактикалық бақылауды жүзеге асырады.

28-бап. Профилактикалық есепке алу және бақылау

      1. Профилактикалық есепке, оған қатысты:

      1) қорғау нұсқамасы шығарылған;

      2) оның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген;

      3) бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылданған;

      4) әкімшілік қадағалау белгіленген;

      5) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза немесе қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шаралары қолданылған;

      6) ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтегеннен кейін бас бостандығынан айыру орындарынан босату туралы шешім қабылданған немесе қасақана қылмыстары үшін екі және одан да көп рет бас бостандығынан айыруға сотталған;

      7) соттың қылмыстық жаза тағайындап және жазаны өтеуге кедергі келтіретін ауыр науқасына байланысты жазаны өтеуден босата отырып, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға кінәлі деп тану туралы айыптау үкімі шығарылған;

      8) ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған сотталғандарды ауыр науқасына байланысты бас бостандығынан айыру орындарынан босату туралы сот шешімі қабылданған адам қойылады.

      Адамдарды профилактикалық есепке қою үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де негіздер көзделуі мүмкін.

      2. Профилактикалық есепке алуды ішкі істер органдары жүргізеді.

      3. Профилактикалық бақылау профилактикалық есепте тұратын адамның белгіленген шектеулерді сақтауын және жүктелген міндеттерді орындауын жүйелі түрде байқау болып табылады. Бұл адамдардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ оларға профилактикалық бақылауды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

      4. Мүдделі адамдар профилактикалық есепке қоюға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.

      5. Ішкі істер органдары адамға қорғау нұсқамасы шығарылған күні не соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде профилактикалық есепке қойылғаны туралы жазбаша нысанда хабарлайды.

      6. Профилактикалық бақылау профилактикалық есепке алу қолданылатын мерзім ішінде жүзеге асырылады. Белгіленген шектеулердің қолданылу және жүктелген міндеттердің орындалу мерзімі біткеннен кейін адам профилактикалық есептен шығарылып, оған бұл туралы үш тәулік ішінде жазбаша нысанда хабарланады.

      7. Профилактикалық есептегі қамтылған мәліметтер құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі міндеттерді шешу шеңберінде ғана пайдаланылуы мүмкін.

      8. Профилактикалық есепке алуды жүргізу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 28-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.01.18 № 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 18.02.2014 № 175-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

29-бап. Жүріп-тұру еркіндігін алдын-ала шектеу

      1. Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу:

      белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басты куәландыратын құжаттары жоқ адамдардың әрекеттерінде қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмаған кезде және мұндай адамдардың жеке басын өзге де тәсілдермен анықтау мүмкін болмаған кезде оларға;

      заңды күшіне енген сот үкімінің, шешімінің, қаулысының негізінде мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберілуге жататын, сол сияқты шығарып жіберу туралы сот актісінде көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан кетпеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты жеке профилактика шарасы болып табылады.

      2. Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді ішкі істер органдары соттың санкциясымен қолданады және ол осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде отыз тәулікке дейінгі мерзімге уақытша оқшаулауды білдіреді.

      3. Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді қолданудың тәртібі мен шарттары, сондай-ақ ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінен босатудың негіздері Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

      Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.12.2020 № 385-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

30-бап. Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады