Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 27 маусымдағы № 98-VIII ҚРЗ.

      2023 жылғы 27 қарашада Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып;

      Тараптар мемлекеттерінің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін қалаған 2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартты назарға ала отырып;

      өзара құрмет пен сенім қағидаттары негізінде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісім білдіре отырып;

      Тараптар мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы достық қатынастарды нығайтуға және өрістетуге ниет білдіре отырып;

      "Бір белдеу - бір жол" бастамасы шеңберіндегі мәдени өзара іс-қимылды тереңдетудің маңыздылығын ескере отырып;

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Өзаралық негізде Қазақстан Республикасының Үкіметі Бейжің қаласында Қазақстан мәдени орталығын, Қытай Халық Республикасының Үкіметі Астана қаласында Қытай мәдени орталығын құрады, бұдан әрі олар "мәдени орталықтар" деп аталады.

      Теңдік пен өзаралық қағидаттары негізінде Тараптар өздерінің мәдени орталықтарының құрылуы мен жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

      Ресми сұрау түскен жағдайда Тараптар мәдени орталықтардың қызметі мен жұмыс істеуі туралы ақпарат алмасады.

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті органдар:

      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі;

      Қытай Тарапынан - Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі болып табылады.

      Жоғарыда көрсетілген құзыретті органдардың ресми атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

2-бап

      Екі халық арасындағы өзара түсіністікті жан-жақты нығайту және достық қатынастарды дамытуға, мәдени-гуманитарлық салада Тараптар мемлекеттері арасындағы алмасу мен ынтымақтастыққа жәрдемдесу мәдени орталықтарды құрудың мақсаттары болып табылады.

3-бап

      Екі мемлекеттің мәдени орталықтарының заңды тұлға мәртебесі болады, жіберуші Тарап аккредиттеген, сондай-ақ болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.

      Осы Келісімнің 5-бабында көзделген іс-шараларды ұйымдастырған кезде мәдени орталықтар болатын мемлекеттің мемлекеттік органдарымен, мемлекеттік кәсіпорындарымен, заңды және жеке тұлғаларымен тікелей байланыс орната алады және азаматтық-құқықтық сипатта шарттар жасаса алады.

4-бап

      Мәдени орталықтар осы Келісімнің 5-бабында аталған іс-шараларды өздері немесе басқа ұйымдармен бірлесіп өздерінің офистік үй-жайларынан тыс жерде ұйымдастыру және өткізу мақсатында болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес болатын мемлекеттің тиісті құзыретті органдарын бұл туралы алдын ала хабардар етеді.

      Өз қызметін жүзеге асырған кезде, сондай-ақ болатын мемлекет заңнамасының сақталуын ескере отырып, Тараптардың бірі мәдени орталықтарға еркін кіруді және мәдени орталықтардың үй-жайларының ішінде және олардан тыс жерлерде өткізілетін іс-шараларға қатысуды қамтамасыз етеді.

      Мәдени орталықтар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында тыйым салынған мақсаттарды көздемеуге немесе қандай да бір қызметті жүзеге асырмауға тиіс.

      Мәдени орталықтардың діни, миссионерлік немесе болатын мемлекеттің заңнамасына қайшы келетін өзге де қызмет жүргізуіне, сол сияқты жіберуші мемлекеттің жеке немесе заңды тұлғаларының болатын мемлекеттің аумағында осындай қызметті жүзеге асыруына жәрдемдесуіне тыйым салынады.

5-бап

      Мәдени орталықтар болатын мемлекеттің заңнамасын сақтау шартымен мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:

      1) тарихи және мәдени мұрамен, музыка, театр және кино өнерімен таныстыру, кітап көрмелері мен тақырыптық көрмелер, спектакльдер, семинарлар, дәрістер, фильмдер мен басқа да аудио-визуалды өнімдерді көрсету, туристік әлеуетті таныстыру сияқты негізгі мақсаттарға сәйкес әрқилы мәдени іс-шараларды ұйымдастыру. Іс-шараларда пайдаланылатын баспа өнімдерінің барлық түрі болатын мемлекеттің аумағында жарияланған немесе оның аумағына заңды негізде әкелінген жарияланымдар болуға тиіс, аудио-визуалды материалдарды көрсету болатын мемлекеттің аудио-визуалды өнімін тарату саласындағы болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес болуға тиіс;

      2) мәдени орталықтардың үй-жайларында жіберуші мемлекеттің тілі мен мәдениетін дәріптейтін білім беру іс-шараларын ұйымдастыру;

      3) азаматтарды жіберуші мемлекеттің тарихымен және қазіргі заманғы дамуымен, сондай-ақ мәдени, көркем, білім беру, ғылыми және қоғамдық өмірімен, кітаптармен, мерзімді басылымдарымен, басқа да жарияланымдарымен және аудио-визуалды материалдарымен таныстыру үшін мәдени орталықтардың үй-жайларында кітапханалар, оқу залдарын, кинозалдар, тамашалау залдарын, мультимедиалық кеңістік құру;

      4) мәдени орталықтардың қызметі туралы ақпарат орналастыру;

      5) осы Келісімнің мақсаттарына қайшы келмейтін өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру.

6-бап

      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мәдени орталықтардың қызметін пайда алу мақсатында жүзеге асыруға болмайды.

      Дегенмен мәдени орталықтар мына жағдайларда коммерциялық емес негізде белгілі бір ақы алуы мүмкін:

      1) мәдени орталықтар ұйымдастыратын көркемөнер қойылымдарына, көрмелерге және басқа да мәдени іс-шараларға кіру үшін. Көрме іс-шаралары болатын мемлекеттің баспа өнімдерінің импорты мен импортталатын баспа өнімдерінің көрмелердегі демонстрациясы бөлігіндегі заңнамасына сәйкес өткізілуге тиіс;

      2) мәдени орталықтар ұйымдастыратын тіл үйрету және мәдениетті зерделеу курстарына қатысу үшін;

      3) болатын мемлекеттің заңнамасында тыйым салынбаған және мәдени орталықтар ұйымдастыратын іс-шараларға тікелей қатысы бар мерзімді басылымдарды, каталогтарды, афишаларды және аудио-визуалды материалдарды таратуға байланысты, бұл ретте бұл заттар болатын мемлекеттің сауда алаңдары арқылы таратылмауы және сауда қызметінің қағидаларына нұқсан келтірмеуі, сондай-ақ болатын мемлекеттегі зияткерлік меншік иелерінің құқықтарын бұзбауы шарт.

7-бап

      Тараптар мәдени орталықтар орналасатын жерді болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындайды.

      Мәдени орталықтарды орналастыру мақсатында жіберуші Тарап жылжымайтын мүлікті жалға немесе сатып алған жағдайда болатын мемлекет өз заңнамасының сақталуы шартымен жіберуші Тарапқа барынша мүмкін болатын жағдай жасауға және жәрдемдесуді қамтамасыз етуге тиіс.

      Мәдени орталықтардың ғимараттарын жобалауға, салуға, реконструкциялауға және көркем безендіруге рұқсат алғаннан кейін жіберуші Тарап жобалауды, салуды, реконструкциялауды және көркем безендіруді болатын мемлекеттің қалалық жобалау нормаларына сәйкес орындауға тиіс. Құрылыс мердігерін жіберуші Тарап таңдайды және тағайындайды.

8-бап

      Болатын мемлекеттің кедендік заңнамасын сақтау негізінде және олардың болатын мемлекетте сатуға немесе коммерциялық қызметке арналмағанын негізге ала отырып, сондай-ақ өзаралық қағидаттар негізінде екі Тараптың мәдени орталықтары мына заттарды әкелген кезде кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден босатуды пайдаланады:

      1) автомобильдік көлік құралдарын қоспағанда, мәдени орталықтардың күнделікті әкімшілік жұмысына қажетті жабдықтар, жиһаздар мен кеңсе тауарлары;

      2) мәдени орталыққа қызметін жүзеге асыруы үшін қажетті ақылға қонымды мөлшердегі фотоальбомдар, плакаттар, бағдарламалар тізімдері, кітаптар, компакт-дискілер, пластинкалар, оқу жабдықтары мен әрқилы жеткізгіштердегі аудио-визуалды материалдар;

      3) мәдени орталықтың үй-жайларында көрсетуге арналған фильмдер.

      Жоғарыда көрсетілген заттарды Қазақстанның тиісті уәкілетті органдарының және Қытайдың кеден органының рұқсатынсыз тұрақты және уақытша пайдалануға беруге, жалға беруге, кепілге қоюға, басқа мақсаттар үшін беруге немесе өзге түрде иеліктен шығаруға болмайды.

9-бап

      Мәдени орталықтың жетекшісі не оны алмастыратын тұлға болатын мемлекеттің аумағында қызметті жүзеге асыру үшін қажетті заңды құжаттарға қол қою құқығына ие.

      Мәдени орталық болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес банктік шоттар ашу құқығына ие.

10-бап

      Мәдени орталықтарға және мәдени орталық қызметкерлеріне салынатын табыс және мүлік салықтары болатын мемлекеттің заңнамасына және 2001 жылғы 12 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы келісімге сәйкес алынады.

11-бап

      Мәдени орталықтың жетекшісін жіберуші Тарап тағайындайды.

      Мәдени орталықтың жетекшісінде, сондай-ақ оның жіберуші Тарап аккредиттелген қызметкерлерінде жіберуші мемлекеттің азаматтығы, қызметтік паспорттары болады және қабылдаушы Тарап мемлекетінде дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланбайды. Мәдени орталық жалдайтын басқа жұмыскерлер жіберуші немесе қабылдаушы мемлекеттің азаматтары болуы мүмкін.

      Тараптар өздерінің мәдени орталықтарының қызметкерлерін тағайындау және жұмыстан босату туралы бірін-бірі хабардар етеді және болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес тиісті формальдылықтарды уақтылы орындайды.

12-бап

      Егер Тараптар өзгеше келіспесе, мәдени орталықтың жіберуші Тарап тағайындаған және қызметтік паспорты бар жетекшісі мен қызметкерлеріне жіберуші Тараптың еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы заңнамасы қолданылады. Мәдени орталық жалдайтын басқа жұмыскерлерге болатын Тараптың еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы заңнамасы қолданылады.

13-бап

      Тараптар мәдени орталықтардың жіберуші Тарап тағайындаған және қызметтік паспорттары бар қызметкерлерінің, сондай-ақ олардың жұбайлары мен 18 жасқа дейінгі балаларының келу/кету және болу рәсімдерінде қолайлы жағдай жасайды және жәрдемдеседі.

14-бап

      Осы Келісім Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

15-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 16-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      Осы Келісімді түсіндіру және іске асыру барысында туындайтын барлық даулар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

16-бап

      Осы Келісім бес жылдық кезеңге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Егер Тараптардың ешқайсысы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы оның бастапқы немесе кез келген кейінгі бес жылдық кезеңі аяқталғанға дейін кемінде 6 ай бұрын жазбаша нысанда хабардар етпесе, осы Келісім келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      2023 жылғы 27 қарашада Астана қаласында қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтіннің күші басым болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады