Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 1 шілдедегі № 100-VIII ҚРЗ.

      2023 жылғы 17 қазанда Бейжіңде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ


Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий Халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қытай Халық Республикасының Үкіметі

      2023 жылғы 17 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды тереңдету жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумның ережелерін басшылыққа ала отырып,

      екі мемлекет басшыларының "Бір белдеу - бір жол" бастамасы мен "Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясатының ұштасуын нығайту жөніндегі уағдаластықтарын назарға ала отырып,

      екі ел арасындағы және Транскаспий Халықаралық көлік бағытының (бұдан әрі - ТХКБ) бойында орналасқан елдер арасындағы тығыз сауда қатынастарын ескере отырып,

      ТХКБ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы практикалық ынтымақтастықтың негізгі жобаларының бірі болып табылатынын мойындай отырып,

      халықаралық аралас тасымалдардың әлеуетін, сауда мен инвестициялар ұлғайтуды ынталандыруға ниет білдіре отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің мүдделі шаруашылық жүргізуші субъектілерінің экономикалық тиімді ұзақ мерзімді шарттар жасасуы үшін жағдайлар жасауға ұмтылысына сүйене отырып,

      тең әріптестік, өзара тиімділік және сыйластық қағидаттарына сүйене отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары ТХКБ бәсекеге қабілеттілігінің өсуін, оның ішінде көлік инфрақұрылымын салуды бірлесіп қамтамасыз ету, жүктерді тасымалдау бойынша озық технологияларды енгізу, теміржол, автомобиль және су көлігі сияқты көліктің әралуан түрлерін пайдалана отырып, аралас тасымалдауды дамыту, ТХКБ дамыту үшін инвестициялар тарту, Тараптардың аумақтары арқылы жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ транзиттің қосымша көлемін тарту және үздіксіз аралас тасымалдауды қамтамасыз ету үшін логистикалық орталықтарды дамыту болып табылады.

2-бап

      1. Осы Келісімді іске асыруды үйлестіретін құзыретті органдар (бұдан әрі - құзыретті органдар):

      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі;

      Қытай Тарапынан - Қытай Халық Республикасының Көлік министрлігі болып табылады.

      2. Тараптар осы баптың 1-тармағында көрсетілген Тараптардың құзыретті органдары атауларының өзгергені туралы, сондай-ақ көрсетілген мәселелердің басқа органдардың құзыретіне жатқызылуы туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабардар етеді.

      өздерінің арасындағы ынтымақтастық жариялылық, еріктілік және тәуелсіздік, өзара сенім мен ашықтық, тепе-теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарына негізделетінін және жүзеге асырылатынын мәлімдейді.

      Тараптардың әрқайсысы Тараптар мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын Халықаралық шарттарға сәйкес ТХКБ-ны дамытудағы ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету бойынша күш-жігерін жұмсайды.

3-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде ТХКБ-ны одан әрі дамыту мақсатында іс-қимылдарды үйлестіруді қамтамасыз етеді және мынадай:

      Тараптар мемлекеттерінің аумағында көлік инфрақұрылымы объектілерін тиісті түрде пайдалану жай-күйін және олардың жеткілікті өткізу қабілетін қамтамасыз ету;

      көліктің реттеуші салаларындағы ведомстволар мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, ТХКБ-ның тұрақты және тиімді жұмыс істеуін қолдау үшін даму ортасын бірлесіп калыптастыру;

      екі Taрaп бағытында мақсатқа бағытталған, практикалық және тиімді эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

      Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында халықаралық тасымалдаудың жүк көлік құралдарының бос тұрып қалуына жол бермеу үшін Тараптарды алдын ала хабардар ету тетігін енгізу;

      өз аумақтары шегінде транзиттік тасымалдауды жүзеге асыратын пойыздардың немесе көлік құралдарының өтуін жеңілдету үшін екі Тараптың аралас тасымалдауды ұйымдастырудың оңтайлы нұсқаларын зерделеуі және транзиттік жүк көздерін игеруі;

      транзиттік және сыртқы сауда жүктерін ТХКБ бойынша Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тарту;

      ТХКБ бойындағы порт инфрақұрылымының жобаларын қаржыландыруға жәрдемдесу;

      порттар мен түйісу станцияларында мультимодальды жүктерді қайта өндеуге байланысты әкімшілік кедергілерді төмендетуге жәрдемдесу;

      логистикалық және көлік операцияларын оңтайландыру, тасымалдау уақытын қысқарту, көрсетілетін кызметтердің сапасын арттыру;

      ТХКБ-ның жылдық әлеуетті жүк айналымдарын болжауға қатысу бағыттары бойынша қажетті шаралар қабылдайды.

4-бап

      Осы Келісім бойынша уағдаластықтардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастыру мәселелері туындаған жағдайда, Тараптар өзара қолайлы шешімдерді әзірлеу үшін қажетті екіжақты консультацияларды жүзеге асыратын болады.

5-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 7-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

6-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Тараптар арасында туындайтын мәселелер мен келіспеушіліктер Тараптардың құзыретті органдары арасындағы келіссөздер мен консультациялар арқылы, оның ішінде дипломатиялық арналарды пайдалана отырып шешіледі.

7-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.

      Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналармен екінші Тарапқа тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарламаны алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатылады.

      2023 жылғы 17 қазанда Бейжің қ. әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады