2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 10 ақпандағы № 162-VIII ҚРЗ.

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы 2023 жылғы 21 қарашада Мәскеуде жасалған хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 115-бабын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Кедендік әкелім баждарының (баламалы қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомасын есепке жатқызу және бөлу, оларды мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібі туралы хаттамаға (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 5 қосымша) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      28-тармақта "АҚШ долларымен" деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 291-тармақпен толықтырылсын:

      "291. Мүше мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктері осы Хаттаманы орындау үшін өздерінің арасында жасалған шарттарда өзара келісу бойынша уақытша негізде 2 жылдан аспайтын мерзімге осы Хаттаманың 29-тармағының бірінші абзацында көрсетілген, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қарсы міндеттемелердің АҚШ долларындағы сомасы немесе осы Хаттаманың 29-тармағының төртінші абзацында көрсетілген осы міндеттемелер шамаларының арасындағы айырманың АҚШ долларындағы сомасы көрсетілген соманы төлеуші болып табылатын ұлттық (орталық) банк бір мүше мемлекеттің ұлттық валютасындағы ақша қаражатын екінші мүше мемлекеттің шетел валютасындағы шотына аударған күннен кейінгі жұмыс күніне белгілеген ресми бағам бойынша Ресей рублімен аударылады деп белгілей алады.

      Мүше мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктері осы тармақтың бірінші абзацына сәйкес аударымдарды жүзеге асырған жағдайда осы Хаттаманың ережелерін қолдану мынадай ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады:

      ақша қаражатын Ресей рублімен аудару жөніндегі міндеттемелер осы Хаттаманың 29-тармағының екінші абзацында белгіленген мерзімде орындалады;

      осы Хаттаманың 29-тармағының бесінші - сегізінші абзацтарында көзделген талаптарды қанағаттандырудың кезектілігі, сондай-ақ мүше мемлекеттің осы Хаттаманың 29-тармағының тоғызыншы абзацында көзделген ұлттық (орталық) банкпен ортақ жауаптылығы ақшалай міндеттемелерге Ресей рублімен қолданылады;

      осы Хаттаманың 30-тармағында көзделген мүше мемлекеттер арасындағы өзара есеп айырысулар ақша қаражаты ұлттық валютамен аударылған күннен кейінгі жұмыс күніне ұлттық (орталық) банктер белгілеген ресми бағам бойынша Ресей рублімен жүзеге асырылады;

      осы Хаттаманың 31-тармағында көзделген өсімпұлдар сомасы көрсетілген өсімпұлдарды төлеуші болып табылатын ұлттық (орталық) банк оларды аудару күніне белгілеген ресми бағам бойынша Ресей рублімен төленеді;

      осы Хаттаманың 35-тармағын қолдану кезінде екі мүше мемлекет арасындағы есеп айырысулар (оның ішінде екі мүше мемлекеттің ұлттық (орталық) банктері арасындағы есеп айырысулар) жүзеге асырылатын жұмыс күні деп осы екі мүше мемлекет үшін және Ресей Федерациясы үшін бір мезгілде жұмыс күні болып табылатын күн ұғынылады.";

      38-тармақтағы "осы Хаттаманың АҚШ долларымен ақша қаражатын сату міндеті" деген сөздер "және 291-тармағындағы ақша қаражатын сату міндеті" деген сөздермен ауыстырылсын.

2-бап

      2022 жылғы 1 қаңтардан бастап осы Хаттама күшіне енген күнге дейінгі кезеңде мүше мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктерінің міндеттемелерді орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін Кедендік әкелім баждарының (баламалы қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомасын есепке жатқызу және бөлу, оларды мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібі туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 5 қосымша) 31-тармағында көзделген өсімпұлдар қолданылмайды.

3-бап

      Осы Хаттамаға қол қойылған күннен бастап мүше мемлекеттер оны уақытша қолданады, ал заңнамасы халықаралық шарттарды уақытша қолдану мүмкіндігін көздемейтін мүше мемлекет үшін осы Хаттама осындай мүше мемлекет осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындаған күннен бастап қолданылады.

      Осы Хаттаманың ережелері 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Осы Хаттама мүше мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді және 2024 жылғы 31 мамырды қоса алғанға дейін қолданылады.

      2023 жылғы "21" қарашада Мәскеу қаласында орыс тіліндегі бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Хаттаманың төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Армения
Республикасы
үшін

Беларусь
Республикасы
үшін

Қазақстан
Республикасы
үшін

Қырғыз
Республикасы
үшін

Ресей
Федерациясы
үшін

      Осы құжатпен аталған мәтін 2023 жылғы 21 қарашада Мәскеу қаласында қол қойылған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманың толық және теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын:

      Армения Республикасы үшін - Армения Республикасының Премьер-Министрі Н.В.Пашинян;

      Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасының Президенті А.Г.Лукашенко;

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев;

      Қырғыз Республикасы үшін - Қырғыз Республикасының Президенті С.Н. Жапаров;

      Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путин.

      Төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Құқық департаментінің директоры
В.И. Тараскин

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманың аудармасы орыс тіліндегі түпнұсқасына сәйкес келеді.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық
Банкі Төрағасының орынбасары
Ә. Молдабекова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады