Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Заңы 1993 жылғы 9 сәуiр N 1500. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2005.01.07. N 29 Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының қорғанысын ұйымдастыру негiздерiн, мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарының қорғаныс мәселелерiн шешудегi өкiлеттiгiн, оны экономикалық жағынан қамтамасыз ету жүйесiн, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн нығайту жөнiндегi мiндеттерiн белгiлейдi; Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң жалпы жүйесiндегi Қарулы Күштердiң рөлiн, орнын және мiндеттерiн, сондай-ақ қорғаныс шараларын жүргiзу тәртiбiн анықтайды. 
       ЕСКЕРТУ. Кiрiспеге өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.

  I БӨЛIМ.
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Қазақстан Республикасы қорғанысының негiздерi

      Қазақстан Республикасының қорғанысы - республиканың егемендiгiн, аумақтық тұтастығын және оның шекараларына қол сұғылмауын қорғауға әзiрлiгiн қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын саяси, әскери, экономикалық, экологиялық және әлеуметтiк-құқылық сипаттағы мемлекеттiк шаралар жүйесi. 
      Қазақстан Республикасының қорғанысы Қазақстан Республикасына қарсы соғыс шабуылына жол бермеу және жасалуы ықтимал агрессияға қарулы тойтарыс беру үшiн қажеттi жағдайлар жасауды көздейдi. 
      Қазақстан Республикасының қорғанысы мемлекеттiң аса маңызды мiндетiне жатады, бүкiл халықтың iсi болып табылады. 
      Қазақстан Республикасының қорғанысы мемлекеттiң қорғаныс бағыты бар әскери iлiмiне сәйкес құрылады. 

       2-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысын ұйымдастыру

      Қазақстан Республикасының қорғанысын ұйымдастыру мыналарды қамтиды: 
      жоғары мемлекеттiк басқару органдарының мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн нығайтуға, әскерлердi (күштердi) үнемi жауынгерлiк әзiрлiкте ұстауға бағытталған қызметтi; 
      соғыс қаупiн болжау мен бағалау; 
      мемлекеттiң әскери саясаты мен әскери iлiмiн әзiрлеу; 
      басқа мемлекеттермен әскери-саяси және әскери ынтымақтастықты қамтамасыз ету және бiрлескен қорғаныс жөнiндегi күш-жiгердi үйлестiру, сондай-ақ соғысқа жол бермеу үшiн халықаралық майданда тиiстi шараларды жүргiзуге қатысу; 
      мемлекеттiк шекараны қорғау, азаматтық және аумақтық қорғаныс шараларын әзiрлеу мен жүргiзу; 
      Қарулы Күштердiң құрылымын әзiрлеу, қажеттi санын анықтау және оларды қорғанысқа жеткiлiктi деңгейде ұстау; 
      әскери-техникалық саясатты әзiрлеу мен жүргiзу, қару-жарақ мен әскери техниканы, әскери ғылымды дамыту бағдарламаларын (жоспарларын) iске асыру; 
      экономиканы, мемлекеттiк басқару органдары мен жүйелерiн соғыс кезiнде жұмыс iстеуге жұмылдыру жағынан әзiрлеу, сондай-ақ республиканың халқы мен аумағын, қатынас жолдарын қорғанысқа әзiрлеу; 
      мемлекеттiк және жұмылдыру резервтерiнде материалдық қазыналар қорын жасау;
      Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке даярлау, соғыс кезiнде жұмылдырылатын адам ресурстарын жинақтау;
      соғыс кезiнде мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарының қызметiн үйлестiру;
      мемлекеттiк және әскери құпияны сақтау;
      әскери қызметке байланысты айналадағы ортаны қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асыру.
       ЕСКЕРТУ. 2-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.

       3-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысы
             туралы заңдар

      Қазақстан Республикасының қорғанысы туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да заң және өзге де нормативтiк актiлерiне негiзделедi.
       ЕСКЕРТУ. 3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен .

  II БӨЛIМ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРI, БАСҚА
ӘСКЕРЛЕРI МЕН ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ

       4-бап. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң
             мақсаты мен құрамы

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң мақсаты:
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасына қол сұғылмауын, оның аумақтық тұтастығы мен егемендiгiн қорғау;
      агрессордың шабуылын тойтару және оны жеңiлiске ұшырату;
      мемлекеттiк және әскери объектiлердi күзету мен қорғау; 
      Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлескен қорғаныс жөнiндегi мiндеттердi орындау. 
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн басқа жағдайларда қолдану Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады. 
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi мыналарды қамтиды: Қарулы Күштердiң әскери басқару органдары (орталық және жергiлiктi әскери басқару органдары); Қарулы Күштердiң түрлерi - Құрылықтағы әскерлер, Әуе қорғанысы күштерi. Құрлықтағы әскерлер құрамына: әскери округтер (Шығыс, Батыс, Орталық, Оңтүстiк) әскер тектерi (ракета әскерлерi және артиллерия, әуе қорғанысы әскерлерi) Ұтқыр күштер; Арнаулы әскерлер; Қарулы Күштердiң тылы; әскери-оқу орындары, әскери-ғылыми мекемелер кiредi. 
      Бұдан басқа соғыс уақытында Қарулы Күштер құрамына: Iшкi iстер министрлiгiнiң iшкi әскерлерi; Шекара қызметi және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң әскерлерi; Республикалық ұлан; Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгi азаматтық қорғанысының басқару органдары мен бөлiмдерi (бұдан әрi - басқа да әскерлер мен әскери құралымдар) кiредi. 
      Қазақстан Республикасының жекелеген әскери құралымдары бiрiккен (коалициялық) қарулы күштердiң (әскерлер тобының) құрамына уақытша енуi немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес бiрiккен командованиеде болуы мүмкін. 
       ЕСКЕРТУ. 4-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 4-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       5-бап. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi
             құрылысының принциптерi

      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жалпыға бiрдей әскери мiндеттiлiк және шарттасу жүйесi негiзiнде жасақталады, демократиялық басқаруды орталықтандырылған басшылықпен және дара билеумен ұштастыру, заң шығарушы және атқарушы өкiметтiң конституциялық органдарға есеп беруi, әскери қызметшiлердiң үнемi жауынгерлiк әзiрлiгi, әлеуметтiк-құқылық қорғаулы принциптерi негiзiнде құрылады.
       ЕСКЕРТУ. 5-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен .

       6-бап. Әскерлердi орналастыру

      Әскери бiрлестiктердi, құрамаларды, бөлiмдер мен мекемелердi орналастыру мен жайғастыру Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi әзiрлеген жоспарларға сәйкес Қарулы Күштер Бас Қолбасшысының шешiмi бойынша жүзеге асырылады. 
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларына бөлiнген жерлерге құрамалардың, бөлiмдер мен мекемелердiң орналастыруы мен жайғастырылуы Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен соң Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрiнiң, Iшкi iстер министрiнiң, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттігі төрағасының, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi төрағасының және Республикалық ұлан қолбасшысының шешiмiмен жүзеге асырылады. 
       ЕСКЕРТУ. 6-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 1995.05.19. N 2283 заң күші бар Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 6-баптың 2-бөлігінде сөздер ауыстырылды - Қазақстан  Республикасының 1999.04.05. N 360  Заңымен.
       ЕСКЕРТУ. 6-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       7-бап. Азаматтық қызметкерлер

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының жұмысшылары мен қызметшiлерi әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу, шаруашылық, өндiрiс, құрылыс жұмыстары мен басқа да жұмыстарды атқарады. Олардың саны бөлiнген қаражат шегiнде белгiленедi. 
       Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының жұмысшылары мен қызметшiлерi еңбек және мемлекеттiк қызмет туралы Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген еңбек құқылары мен мiндеттерiнiң бүкiл жиынтығына ие болады.
      Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құрамалар  жұмысшылары мен қызметшiлерiнiң негiзгi мiндеттерiнiң бiрi қызметтiк және мемлекеттiк құпияны сақтау болып табылады.
       ЕСКЕРТУ. 7-бапқа   өзгерiстер   енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 7-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       8-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi,
             басқа әскерлерi мен әскери құрамаларындағы
             тәрбие жұмысының мақсаттары мен принциптерi

      Қазақстан Республикасының  Қарулы  Күштерiндегi,  басқа әскерлерi мен әскери құрамаларындағы тәрбие жұмысының мақсаты адам құрамында жоғары моральдық-қайраттылық, жауынгерлiк және психологиялық қасиеттердi қалыптастыру болып табылады. Бұл ретте iзгiлiк, қазақстандық патриотизм және интернационализм принциптерiне басымдық берiледi. 
       ЕСКЕРТУ. 8-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы   Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 8-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       9-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi,
             басқа әскерлерi мен әскери құрамаларындағы саяси
             партиялардың қызметi туралы

      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларында саяси партиялар құруға және олардың қызметiне тыйым салынады.
       ЕСКЕРТУ. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар Жарлығына сәйкес.

       10-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде,
             басқа да әскерлерiнде және әскери құралымдарында
             заңдылықтың сақталуын   қадағалау әскери
             қызметшiлердiң құқықтық қорғалуын, әскерлерде
             құқық тәртiбiн қамтамасыз ету

      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының қызметiнде заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оған бағынысты әскери прокурорлар жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы аумағында уақытша орналасқан басқа мемлекеттердiң әскери құрамаларының заңдылықты сақтауын қадағалау жасалған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. 
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларында әскери қызметшiлер құқығын қорғауды, азаматтық және қылмыстық iстердiң қаралуын соттар жүзеге асырады. 
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерiнде және әскери құралымдарында құқық тәртiбiн қамтамасыз етудi ұйымдық жағынан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң құрамына кiретiн әскери полиция жүзеге асырады. Әскери полицияның мiндеттерi мен құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi. 
       ЕСКЕРТУ. 10-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы    Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

  III БӨЛIМ
МЕМЛЕКЕТТIК ӨКIМЕТ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ
ӨКIЛЕТТIГI ЖӘНЕ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРГЕ, БАСҚА ӘСКЕРЛЕР МЕН
ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРҒА БАСШЫЛЫҚ ЕТУ

       11-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысына, Қарулы
              Күштерiне, басқа әскерлерi мен әскери
              құрамаларына басшылық ету

      Қазақстан Республикасының қорғанысына, Қарулы Күштерiне, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларына жалпы басшылықты Қазақстан Республикасының мемлекеттiк өкiмет органдары - Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады. 
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне әскери-саяси басшылық жасау Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министріне жүктеледі. 
      Басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметтiк-жауынгерлiк қызметiне жедел басшылық жасау: 
      iшкi әскерлерге - Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрiне; 
      Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi мен әскерлерiне - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасына; 
      азаматтық қорғаныстың басқару органдары мен бөлiмдерiне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң төрағасына; 
      Республикалық ұланға - Республикалық ұлан қолбасшысына жүктеледi. 
      Қарулы Күштердiң түрлерiне, әскер тектерiне, әскери округтерге, бiрлестiктерге (құрамалар мен бөлiмдерге) тiкелей басшылық жасауды және басқаруды тиiстi қолбасшылар (командирлер және бастықтар) жүзеге асырады. 
       ЕСКЕРТУ. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 11-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       12-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады. Ол мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн қамтамасыз ету және оның Қарулы Күштерiн үнемi жауынгерлiк әзiрлiкте ұстау жөнiндегi қажеттi шаралар қолданады. 
      Қазақстан Республикасы Президентi: 
      әскери iлiмдi, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының құрылымын, штат саны лимитін, әскери құрылысының, республика аумағын жедел жабдықтаудың негiзгi бағыттарын, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы дамытудың ұзақ мерзiмдi бағдарламаларын бекiтедi; 
      Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасалған немесе оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қауiп төнген жағдайда Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде соғыс жағдайын енгiзедi, iшiнара немесе жаппай жұмылдыруды жариялайды және бұл жайында дереу Республика Парламентiн хабардар етедi; 
      соғыс кезiнiң нормативтiк актiлерiн күшiне енгiзедi және олардың қолданылуын тоқтатады, жұмылдырудан босату туралы шешiм қабылдайды; 
      әскери iлiмнiң қағидаларын негiзге ала отырып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне ұрыс қимылдарын жүргiзуге шешiм қабылдап, бұйрық бередi; 
      әскери саладағы ынтымақтастық туралы келiссөздер жүргiзiп, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қояды; 
      әскери басқару органдарының өкiлеттiгiн, қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбiн белгiлейдi; 
      Қарулы Күштердiң жоғарғы қолбасшылығын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; жоғары атақтар бередi; 
     Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының әскери антының мәтiнiн, жарғыларын, тулары мен жалауларын, әскери киiм үлгiлерi мен айырым белгiлерiн бекiтедi;
     Қазақстан Республикасының азаматтарын мерзiмдi әскери қызметке шақыру және мерзiмдi әскери қызметтегi әскери қызметшiлердi запасқа шығару туралы шешiм қабылдайды.
       Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы     Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 12-баптың 2-бөлігінде сөздер ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 1999.04.05. N 360  Заңымен.

       13-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң
              өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Парламентi:
      мемлекеттiк қорғаныс пен қауiпсiздiк саласындағы мәселелердiң заң жүзiнде реттелуiн жүзеге асырады;
      қорғанысқа бөлiнетiн жыл сайынғы шығыстарды бекiтедi;
      әскери атақтарды белгiлейдi;
      Қазақстан Республикасының қорғаныс пен әскери ынтымақтастық жөнiндегi халықаралық шарттарын бекiтедi және күшiн жояды;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынысы бойынша бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн Қарулы Күштердi, басқа әскерлер мен әскери құрамаларды пайдалану туралы шешiм қабылдайды;
      соғыс және бiтiм мәселелерiн шешедi;
       ЕСКЕРТУ. 13-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.

       14-бап. Қазақстан Республикасы Қауiпсiздiк кеңесiнiң
              өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк кеңесi Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгi мәселелерi бойынша алқалы басшылық ететiн арнаулы орган болып табылады.
      Қауiпсiздiк кеңесiнiң өкiлеттiгiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.

       15-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi: 
      мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн, қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы саясаттың негiзгi бағыттарын белгiлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады; 
      қорғаныс пен Қарулы Күштердi, басқа әскерлер мен әскери құрамалар мұқтаждарына арналған жабдықтау нормаларын бекiтедi және материалдық-техникалық ресурстардың, азық-түлiктiң, заттай және басқа да мүлiктердiң көлемiн, қаржы көлемiн белгiлейдi; 
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларын қарумен, әскери техникамен және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етудi ұйымдастырады. 
      қару-жарақты дамытудың мемлекеттiк бағдарламалары мен жоспарларын орындауды қамтамасыз етедi; 
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының инфрақұрылымын жасауға басшылық етедi; 
      әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың жыл сайынғы шектi мөлшерiн, сондай-ақ даярлау мен қайта даярлауға жататын әскери машықтандырылған мамандардың жыл сайынғы санын белгiлейдi; шақыруға дейiнгiлер мен шақырылушыларды әскери қызметке даярлауға әрi азаматтарды әскери қызметке шақыруға және әскери машықтандырылған ресурстардың жинақталуына жалпы басшылықты жүзеге асырады, әскери мiндеттiлердi жиынға шақыру туралы қаулылар шығарады; 
      Әскери мiндеттiлер мен шақырылушылардың әскери есебiн жүргiзу тәртiбi туралы ереженi, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiндегi әскери қызметтен және запастағы қызметтен өту ережесiн бекiтедi; 
      меншiк нысанына қарамастан ұйымдар үшiн жұмыс күшiн броньдау мәселелерi жөнiндегi комиссияны құрады; 
      Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құрамалар жоғары және орта әскери-оқу орындарын, ғылыми-зерттеу ұйымдарын, жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын, республикалық әскери мектептер, өнеркәсiп орындарында әскери өкiлдiктер құрады және оларды таратады, сондай-ақ олардың қызметi туралы ереженi бекiтедi; 
      жергiлiктi әскери басқару органдары туралы ереженi бекiтедi; 
      азаматтық және аумақтық қорғанысқа басшылық етедi; 
      экономиканы жұмылдыру жоспарларын жасауды ұйымдастырады, министрлiктерге, агенттiктерге және меншiк нысанына қарамастан, ұйымдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жұмылдыру резервтерi мен жұмылдыратын құжаттарды жинақтау мен сақтау жөнiндегi тапсырмаларды белгiлейдi; 
      министрлiктердiң, меншiк нысанына қарамастан агенттiктердiң, ұйымдардың әскери-көлiк мiндеттерi туралы ереженi бекiтедi; 
      экономиканы жұмылдыруға әзiрлiкке, жұмылдыруды өрiстетуге және оны соғыс кезi жағдайындағы жұмыс режимiне көшiруге басшылық етедi, соғыс кезiнiң нормативтiк актiлерiн шығарады; 
      жұмылдыру жарияланған жағдайда және соғыс кезiнде көлiк, байланыс құралдарын, басқа да материалдық-техникалық құралдарды әзiрлеу мен Қарулы Күштерге беру жөнiндегi тапсырмаларды белгiлейдi, өзге де жұмылдырушылық тапсырмалар жүктейдi; 
      қару мен әскери техниканың, стратегиялық материалдардың, озық технологиялардың және екi жақты мақсаттағы өнiмдердiң экспортын бақылауды ұйымдастырады; 
      Қазақстан Республикасының аумағында қорғаныс объектiлерiн құру және олардың пайдаланылу тәртiбi туралы шешiм қабылдайды. 
      қаруды, әскери техниканы, қорғаныс объектiлерi мен басқа да әскери мүлiктердi беру, жалға тапсыру, өткiзу мен кәдеге жарату тәртiбiн белгiлейдi; 
      әскери қызметшiлердiң, запасқа немесе отставкаға шығарылған адамдардың, олардың үйелмендерiнiң, сондай-ақ қызмет мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған), хабар ошарсыз кеткен немесе тұтқынға түскен әскери қызметшiлер үйелмендерiнiң әлеуметтiк және құқылық кепiлдiктерi мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдайды; 
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлер мен әскери құрамалар азаматтық қызметкерлерi үшiн жеңiлдiктер белгiлейдi; 
      мемлекеттiк қорғаныс тапсырысы бойынша жасалатын өнiмнiң сапасына қойылатын талап пен техникалық қабылдау тәртiбiн бекiтедi. 
      Ескерту. 15-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       16-бап. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң
              өкілеттiлiктерi және Қарулы Күштерi Бас штабының
              мiндеттерi

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мемлекетте бiрыңғай әскери-техникалық саясатты жүргiзетiн және Қазақстан Республикасында Қарулы Күштер мен қорғаныс құрылысына басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы әскери басқару органы болып табылады. 
      Қорғаныс министрлiгiнде саны мен жеке құрамын Қорғаныс министрi бекiтетiн алқа құрылады. 
      Қорғаныс Министрi бейбiт кезде Қарулы Күштерге басшылықты Бас штаб арқылы жүзеге асырады. 
      Қорғаныс министрлiгi: 
      мемлекеттiң әскери саясаты мәселелерi жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi; 
      Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын, Қарулы Күштерiнiң Құрылысы мен дамуы тұжырымдамаларын әзiрлеу жөнiндегi жұмысты жүргiзедi; 
      Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметi бекiткен Қарулы Күштердiң, Министрлiк аппаратының және министрлiкке бағыныстағы мемлекеттiк мекемелердiң штат санының лимитi шегiнде Қарулы Күштер түрлерiнiң, әскер тектерiнiң құрылымын, штат санын, сондай-ақ Қорғаныс министрлiгiне бағыныстағы мемлекеттiк мекемелердiң штат санын белгiлейдi; 
      Әскери мiндеттiлер мен шақырылушылардың әскери есебiн жүргiзу тәртiбi туралы ереженi, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде әскери қызметтен және запастағы қызметтен өту ережесiн әзiрлейдi; 
      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн күзету мен қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi; 
      елдiң қауiпсiздiгi мен қорғанысын қамтамасыз ету мақсатында барлау қызметiн жүзеге асырады; 
      Қарулы Күштер түрлерiнiң, әскер тектерi мен арнаулы әскерлердiң жедел мақсаттары мен мiндеттерiн, оларды Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерiмен және әскери құралымдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердiң қарулы күштерiмен өзара iс-қимыл жасай отырып, қолдануды айқындайды; 
      Қарулы Күштердi жауынгерлiк және жұмылдырушылық дайындықта ұстау жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырып, жүргiзедi; 
      ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және басқа жұмыстарға басшылықты жүзеге асырады, олардың сапасын бақылауды ұйымдастырады; 
      әскерлердi инспекциялауды және Қарулы Күштерде қаржы қаражатының жұмсалуын бақылауды жүзеге асырады; 
      елдiң әскери қауiпсiздiгi мен қорғанысын қамтамасыз ету мәселелерi бойынша мемлекеттiк басқару органдарымен өзара iс-қимылды ұйымдастырады; 
      әскери-оқу орындарының, азаматтық оқу орындары әскери кафедраларының қызметi мен оқу-тәрбие жұмысының сапасын бақылауды жүзеге асырады; 
      басқа мемлекеттiк уәкiлеттi органдармен бiрлесiп азаматтық және аумақтық қорғаныс жоспарларын әзiрлеуге қатысады; 
      азаматтарды заңдарға сәйкес әскери қызметке (жиындарға) шақыруды және белгiленген қызмет мерзiмiн өткерген әскери қызметшiлердi запасқа шығаруды, сондай-ақ азаматтарды соғыс уақытында жұмылдыру бойынша шақыруды және жұмылдырудан кейiн босатуды жүзеге асырады; 
      шақырылуға дейiнгi және шақырылатын жастарды әскери қызметке даярлауға қатысады; 
      Қарулы Күштердегi тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыстарға басшылықты жүзеге асырады; 
      республикалық бюджет жобасында қорғанысқа арналған шығыстар бойынша ұсыныстар әзiрлейдi және бөлiнген қаржы қаражатының жұмсалу тәртiбiн белгiлейдi; 
      Қарулы Күштер үшiн қару-жарақ, әскери техника мен жарақтар өндiрудi, күрделі жөндеудi және сатып алуды, сондай-ақ әскери объектiлердi салу мен жөндеудi ұйымдастырады; 
      Қарулы Күштер үшiн азық-түлiкке, заттай және басқа да мүлiкке көбiнесе отандық тауар өндiрушiлерге тапсырыстар беру мен олардың өндiрiсiн қаржыландыруды және оларды сатып алуды жүзеге асырады; 
      қорғаныс өнеркәсiбiн дамыту мен конверсиялаудың, қорғаныс және екiұдай мақсаттағы өнiмдi жоюдың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеу мен орындауға қатысады; 
      шет мемлекеттердiң әскери ведомстволарымен халықаралық әскери ынтымақтастықты жүзеге асырады; 
      Қарулы Күштерде заңдылық пен құқық тәртiбiнің сақталуы жөнiндегi iс-шараларды әзiрлейдi және әскери қызметшiлерге, олардың отбасы мүшелерi мен азаматтық қызметкерлерге әлеуметтiк және құқықтық кепiлдiктердi қамтамасыз етедi; 
      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген реттерде қорғаныс мәселелерi жөнiнде нормативтiк құқықтық актілер шығарады және олардың орындалуын бақылайды; 
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғаныс және қауiпсiздiк мәселелерi бойынша өзге де қажеттi өкiлеттiктердi жүзеге асырады. 
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Бас штабы бейбiт уақытта және соғыс кезiнде мемлекеттiң Қарулы Күштерiн басқарушы басты орган болып табылады. 
      Бас штаб бейбiт уақытта: 
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары құрылысының, дамуының жоспарларын әзiрлеудi үйлестiредi; 
      әскерлердiң жедел, жауынгерлiк және жұмылдырушылық даярлығына басшылықты жүзеге асырады; 
      Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жедел-стратегиялық жоспарлануын және өзара iс-қимылын ұйымдастырып, жүзеге асырады, сондай-ақ қорғаныс мүддесiн көздеп ел аумағын жедел жабдықтау жоспарын әзiрлейдi; 
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi және әскери құралымдарының Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердiң қарулы күштерiмен оралымды қолданылуы мен өзара iс-қимылының жоспарын әзiрлеуге қатысады. 
      Соғыс кезiнде Бас штаб Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы Ставкасының негiзгi жұмыс органы болып табылады. 
      Бас штабтың бастығы Қорғаныс министрiнiң бiрiншi орынбасары болып табылады. 
       ЕСКЕРТУ. 16-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 16-баптың 2-бөлігінің 7-азатжолы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.04.05. N 360  Заңымен.
         ЕСКЕРТУ. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының  2002.01.29. N 287  Заңымен.

       17-бап. Министрлiктердiң, агенттiктердiң және
              ұйымдардың өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгi жұмылдыру жоспарын әзiрлейдi, Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң мемлекеттiк мұқтаждарын, сондай-ақ үкiметаралық келiсiмдер мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiне сәйкес қару-жарақ, әскери техника мен басқа да материалдық құралдарды экспорттауды көздейтiн мемлекеттiк қорғаныс тапсырысының жобасын жасап, Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге ұсынады. 
      Жұмылдыру жоспарын, мемлекеттiк қорғаныс тапсырыстарын қалыптастыру, бекiту мен орындау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 
      Министрлiктер мен ведомстволар: 
      ағымдағы жылға және соғыс кезiне арналған қару-жарақ пен әскери техника шығару мен беру; 
      қару-жарақ, әскери техника мен басқа да әскери мүлiктердi өндiруге арнап жұмылдырылатын қуаттар жасау, дамыту және сақтау; 
      қорғаныс мұқтаждары үшiн азық-түлiк тауарлары мен заттан мүлiктер беру; 
      мемлекеттiк және жұмылдырылатын материалдық резервтер жасау жоспарларының; 
      тиiстi жоспарлы кезеңге арналған қорғаныс мұқтаждары үшiн материалдық-техникалық ресурстар көлемi жөнiндегi жоспарлардың жобаларын жасайды. Республиканың Қорғаныс министрлiгiмен бiрлесе отырып аталған жобалар мен ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзедi. 
      Министрлiктер, агенттiктер, ұйымдары экономиканың тапсырылған саларында қорғаныс мұқтаждары үшiн қажеттi өнiмдердiң берiлуi және осы салада өздерiне жүктелген басқа да мiндеттердiң жүзеге асырылуы үшiн жауапты болады. 
      Министрлiктер, агенттiктер, ұйымдар: 
      қару-жарақты, әскери техниканы зерттеу, әзiрлеу, сынау, өндiру мен жөндеу жөнiндегi, сондай-ақ қорғаныс мұқтаждарына арналған материалдық-техникалық ресурстарды, азық-түлiк тауарлары мен заттай мүлiктердi беру жөнiндегi тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етедi; 
      саланың жұмылдырушылық әзiрлiгiне, жұмылдыруға арналған объектiлердi, қорғаныс мұқтаждарына қажеттi өнiмдердi әзiрлеу, өндiру, шығару мен жөндеу жөнiндегi қуаттарды жасауға, дамытуға және сақтауға басшылық жасайды әрi жұмылдырылатын резервтердiң жинақталуын қамтамасыз етедi; 
      соғыс кезiнде саланың тұрақты жұмыс iстеуi жөнiндегi шараларды жүзеге асырады, оны соғыс кезiнiң жұмыс режимiне көшiру жоспарларын жасайды; 
      көлiктi соғыс кезiнде жұмыс iстеуге дайындауды қамтамасыз етедi, сондай-ақ жұмылдыру жариялануына байланысты және соғыс кезiнде өзге де жұмылдырушылық мiндеттердi орындайды; 
      азаматтық және аумақтық қорғаныс шараларын ұйымдастырып, жүргiзедi және оларды қарамағындағы кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың орындауын қамтамасыз етедi; 
      республика халқы мен аумағын қорғанысқа әзiрлеуге қатысады, өз қаражаты есебiнен азаматтарды әскери қызметке даярлау үшiн қажеттi оқу-материалдық база жасайды, қорғаныс мәселелерi жөнiндегi Қазақстан Республикасы заңдарының сақталуына үнемi бақылау жасауды жүзеге асырады; 
      қарамағындағы кәсiпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға қорғаныс шараларын орындау үшiн қажеттi қаржы бөледi; 
      Қарулы Күштердiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамалардың әуе кемелерiне олардың өтiнiмдерi бойынша әуе-жай жүйелерiн ақысыз бередi. 
      Өнеркәсiптiң қорғаныс салалары ұйымдары 2-абзацта аталған мiндеттерден басқа Қазақстан Республикасының Үкiметiне, Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгiне ғылыми-зерттеу және тәжiрибе-конструкторлық жұмыстар, қару-жарақ пен әскери техниканың күрделi бұйымдарын жасау мен дайындаудың салааралық кооперациясын қамтамасыз ету жөнiнде және қорғаныс мүдделерi үшiн өнеркәсiптiң салааралық әрi салалық дамуының басым бағыттары бойынша ұсыныстар бередi; 
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тағайындауымен қару-жарақ пен әскери техника өндiретiн, қорғаныс мүдделерi үшiн ғылымды, өнеркәсiптi дамытудың iрi кешендi бағдарламаларын орындайтын басты мекемелердiң қызметiн жүзеге асырады. 
      Өнеркәсiптiң қорғаныс салалары ұйымдары құрылтай шартында (жарғысында) осы Заңның 19-бабында аталған мiндеттердi жүзеге асыру жөнiндегi шараларды көздеуге мiндеттi. 
       ЕСКЕРТУ. 17-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 17-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       18-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының
              өкiлеттiгi

      Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары қорғаныс туралы Қазақстан Республикасының заңдарын қарамағындағы барлық кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың, сондай-ақ лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауына жауапты болады. 
      Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары өздерiнiң құзыретi шегiнде: 
      қорғаныс саласындағы шаралар мен жұмылдыру тапсырмаларының орындалуын ұйымдастырып, бақылайды; 
      қорғаныс мұқтаждары үшiн жер берiп, оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының, әскери бөлiмдерiнiң, мекемелерiнiң әскери-оқу орындарының, кәсiпорындары мен ұйымдарының пайдалануына және қорғауына бақылау жасайды; 
      әскерлердiң орналастырылуы мен пәтерлерге жайғасуына көмектеседi, шарттық негiзде басымдық тәртiбiмен әскери бөлiмдерге, мекемелер мен ұйымдарға жергiлiктi бағыныстағы кәсiпорындар өндiретiн өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдер мен азық-түлiктiң берiлуiн қамтамасыз етедi, сондай-ақ сумен, электр және жылу энергиясымен үздiксiз жабдықталуы, байланыс құралдарының берiлуi, коммуналдық-тұрмыстық және басқа да қызметтердiң көрсетiлуi үшiн жауап бередi; 
      өз аумағындағы азаматтық қорғанысқа басшылық етiп, оның жай-күйiне жауап бередi; 
      әскери басқару органдарымен бiрлесе отырып аумақтық қорғанысты ұйымдастыруға қатысады; 
      Қазақстан Республикасының заңдарымен өздерiне жүктелген есептi-шақыру және жұмылдыру жұмысын жүргiзу жөнiндегi шығыстарды жергiлiктi бюджетте қарастырады және олардың жұмсалуын жүзеге асырады; 
      әскери комиссариаттармен өзара iс-қимыл жасай отырып, ескерткiштердi, әскери зираттар мен жауынгерлер қабiрлерiн тиiстi тәртiпте күтiп ұстайды, қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердi жерлеуге көмек көрсетедi; 
      әскери комиссариаттармен өзара iс-қимыл жасай отырып, шақыруға дейiнгiлердiң, шақырылушылар мен әскери қызметшiлердiң әскери есебi, азаматтарды әскери қызмет пен жиындарға даярлау мен шақыру, Қазақстан Республикасын қорғау мен азаматтық қорғанысқа қатысу жөнiндегi конституциялық борышын орындауға халықты әзiрлеу жөнiнде, жүргiзiлетiн қорғаныс шараларын материалдық, медициналық жағынан және өзгелей де қамтамасыз ету жөнiнде шаралар жүргiзедi; 
      әскери қызметшiлердi, әскери қызметтен босатылған адамдарды және олардың үйелмендерi мүшелерiн белгiленген тәртiп бойынша тұрғын жайлармен қамтамасыз етедi; 
      әскери объектiлер, әскери қалашықтар, әскери қызметшiлер, олардың үйелмендерi мүшелерi жөнiнде олар тұратын жерлерде құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеу шараларын қолданады; 
      өз аумағына орналасқан әскери бөлiмдермен байланыс орнатып, оны үзбейдi және әскери қызметшiлер мен олардың үйелмендерi мүшелерiн мәдени-ағарту, сауда-тұрмыстық және медициналық жағынан қамтамасыз етудi жақсарту жөнiнде, әскери қызметшiлер мен әскери қызметтен босатылған адамдардың үйелмендерi мүшелерiн жұмысқа орналастыру жөнiнде шаралар қолданады.
       ЕСКЕРТУ. 18-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 18-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       19-бап. Меншiк нысанына қарамастан ұйымдардың қорғанысты
              қамтамасыз   ету жөнiндегi қызметi

      Меншiк нысанына қарамастан ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:  
      қорғаныс үшiн қажеттi қару-жарақ, техника мен басқа да мүлiктi, өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдердi, азық-түлiктi, электр энергиясын, отынды, жанар-жағар май материалдарын жасау, өндiру, беру және жөндеу жөнiндегi мемлекеттiк қорғаныс мұқтажының өтiнiмдерiн, шарттық мiндеттемелердi басымдық тәртiбiмен орындайды, сондай-ақ мердiгерлiк жұмыстарды жүзеге асырады және әскери бөлiмдерге коммуналдық, тұрмыстық қызмет көрсетедi; 
      өз қызметкерлерiне олардың әскери мiндеттерiн орындауы үшiн қолданылып жүрген заңдарға сәйкес қажеттi жағдайлар туғызады;
      Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген жұмылдырылатын қуаттарды жасау, ұлғайту мен сақтау, сондай-ақ жұмылдырылатын резервтiң материалдық құндылықтарын жинауды, жаңартуды, сақтау мен оған қол сұғылмауын қамтамасыз етедi.
       ЕСКЕРТУ. 19-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 19-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

  IV БӨЛIМ.
ЖАУЛАСУ ЖАҒДАЙЫ, СОҒЫС КЕЗI, СОҒЫС ЖАҒДАЙЫ, ЖҰМЫЛДЫРУ

       20-бап. Жауласу жағдайы, соғыс кезi

      Жауласу жағдайын республикаға соғыс шабуылы (агрессия) жасалған ретте немесе агрессиядан бiрлесiп қорғану жөнiндегi халықаралық шарттар мiндеттемелерiн орындау қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Парламентi жариялайды. 
      Жауласу жағдайының жариялануына немесе ұрыс қимылдарының басталуына байланысты соғыс кезi туады. Жауласу жағдайын жарияланған немесе Қазақстан Республикасына соғыс шабуылы (агрессия) жасалған күн мен уақыт соғыс кезiнiң басталуы болып табылады. Соғыс қимылдарының тоқтатылған жарияланған күн мен уақыт соғыс кезiнiң аяқталуы болып табылады. 
      Қазақстан Республикасына соғыс шабуылы (агрессия) жасалған ретте әскери командование және мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдары соғыс жариялауды күтпестен шабуылға (агрессияға) тойтарыс беру үшiн барлық шараны қолдануға мiндеттi. 
       ЕСКЕРТУ. 20-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.

       21-бап. Соғыс жағдайы

      Республикаға қарсы агрессия болған не оның қауiпсiздiгiне тiкелей сырттан қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының Президентi Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде соғыс жағдайын енгiзедi, iшiнара немесе жалпы жұмылдыруды жариялайды және бұл туралы Қазақстан Республикасының Парламентiне дереу хабарлайды. 
      Соғыс жағдайы жарияланған жерлерде әскери командованиенiң өкiлеттiгi кеңейтiледi, оған қорғаныс және қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарының барлық қызметi көшедi, халық үшiн кәсiпорындар мен ұйымдар қызметiне шектеулер енгiзiледi. Соғыс жағдайы режимi Қазақстан Республикасының заңымен белгiленедi. 
       ЕСКЕРТУ. 21-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 21-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       22-бап. Жұмылдыру

      Жауласу жағдайының немесе соғыс жағдайының жариялануына байланысты, егер бұдан бұрын жарияланбаса, iшiнара немесе жаппай
жұмылдыру жарияланады.
      Жұмылдыру жариялануына байланысты Республика Қарулы Күштерiне, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларына және экономика салаларын жұмылдыруды өрiстету жөнiндегi шаралар жүзеге асырылады.
      Жұмылдыруды жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңымен белгiленедi.
       ЕСКЕРТУ. 22-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.

  V БӨЛIМ.
ҚОРҒАНЫСТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒЫНАН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

       23-бап. Экономиканы қорғанысты қамтамасыз етуге 
              дайындау

      Қазақстан Республикасының экономикасын қорғанысқа дайындауға жауаптылық Қазақстан Республикасының Үкiметiне жүктеледi. 
      Қорғаныс қажеттерiн қанағаттандыру мақсатында: зерттеулер жүргiзу мен талдамалар жасау үшiн, қару-жарақты, әскери техника мен қорғаныс мақсатындағы басқа да өнiмдердi өндiру және жөндеу үшiн ғылыми-техникалық қуат, өндiрiстiк қуаттар, материалдық резервтер жасалып, пайдаланылады. Сонымен қатар, қаржымен және материалмен қамтамасыз ету, бағалар, несиелер, экономикалық нормативтер, жеңiлдiктер мен тыйым салу жүйелерi, сондай-ақ қорғаныс мақсатындағы өнiмдер жөнiндегi тапсырыстар мен шарттардың орындалу тәртiбi қалыптастырылады. Еңбек ресурстарын, экономиканы соғыс кезiндегi жағдайларда жұмыс iстеуге әзiрлiк жүргiзiледi. 
      Бұл жұмыс бейбiт кезде алдын ала жүзеге асырылады. Осы мақсатта жұмылдыруға әзiрлiк және өнеркәсiптiң, ауыл шаруашылығының, көлiктiң, байланыстың, денсаулық сақтау мен экономиканың басқа да салаларының тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенi жүргiзiледi. Соғыс кезiнде экономиканы басқаруды тәртiптейтiн құжаттар әзiрленедi. Экономиканы соғыс кезiнде жұмыс iстеуге әзiрлеудi жоспарлау мен бақылау үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi министрлiктерде, агенттiктерде, ұйымдарда әскери-жұмылдыру органдарын құрады. 
       ЕСКЕРТУ. 23-бабының 2-бөлiгiндегi сөз алынып тасталды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996.10.05. N 2488 заң күші бар Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 23-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       24-бап. Ғылыми-зерттеу қызметi және кадрлар даярлау

      Қорғаныс қажетiн қамтамасыз ету мақсатында әскери бағыттағы ғылыми-зерттеу мекемелерi әскери iс саласында iргелi зерттеулердi, сондай-ақ нақты талдамалар мен қару-жарақтың жаңа түрлерiн енгiзудi жүзеге асырады.
      Әскери кадрларды даярлау мен қайта даярлау Қазақстан Республикасының әскери және азаматтық оқу орындарында, сондай-ақ халықаралық шарттар негiзiнде шет елдерде жүзеге асырылады.
       ЕСКЕРТУ. 24-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы  Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.

       25-бап. Қаржымен қамтамасыз ету

      Қарулы Күштердi, басқа әскер мен әскери құрамаларды қаржыландыру, сондай-ақ қару-жарақ, әскери техника, өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдер жасауға, өндiруге, сатуға, жөндеуге және сатып алуға, күрделi құрылысқа, әскери қызметшiлердi зейнетақымен қамтамасыз етуге, мiндеттi мемлекеттiк жеке сақтандыруға жұмсалатын шығындар республикалық және жергiлiктi бюджеттерде көзделген және Қазақстан Республикасының Парламентi және маслихаттары бекiткен қаражат есебiнен және сол шекте Қазақстан Республикасының тиiстi министрлiктерi мен агенттiктерi арқылы бiр орталықтан жүзеге асырылады. 
      Достастық мемлекеттерiмен бiрлесiп пайдаланатын, Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан әскери объектiлердi қаржыландыру арнаулы келiсiмдер мен шарттарда айтылған үлес қосып қатысу қаражаты есебiнен жүргiзiледi. 
       ЕСКЕРТУ. 25-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 25-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       26-бап. Материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету

      Мемлекет қорғаныстың материалдық қажеттерiн қамтамасыз етедi және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларына республиканы қарумен қорғау үшiн не қажеттiң бәрiмен жарақтандырады. 
      Қарулы Күштердi, басқа әскерлер мен әскери құрамаларды, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мемлекеттiк мұқтаж үшiн өнiм беру тапсырыстары негiзiнде, қару-жарақ пен әскери техниканы қоса алғанда өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдердi жасауға, өндiруге, беруге және қамтамасыз етуге, сондай-ақ заттай мүлiкпен, азық-түлiкпен, медициналық техникамен және медициналық дәрi-дәрмекпен, басқа да материалдық құралдармен қамтамасыз етуге арналған мемлекетаралық келiсiмдер негiзiнде басым тәртiппен жүзеге асырылады. 
      Мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын қалыптастыру тәртiбi, оны материалдық-техникалық жағынан және қаржымен қамтамасыз етудi, сатып алу шарттарын Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi. Министрлiктердiң, агенттiктердiң және басқа да мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын орындаудан бас тартуға хақысы жоқ. 
       ЕСКЕРТУ. 26-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 26-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       27-бап. Мүлiктердi қорғаныс мүдделерi үшiн пайдалану

      Әскери объектiлер мен ғимараттар, қару-жарақтың, әскери техниканың барлық түрi, оқ-дәрiлер және басқа да әскери-техникалық мүлiк республикалық меншiк болып табылады, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының жедел басқаруында болады, олар заңдармен белгiлеген негiзде және шекте бұларды иелену, пайдалану және билiк ету құқығын жүзеге асырады. 
      Мемлекет меншiгi болып табылатын әрi жедел басқару шаруашылық жүргiзу құқығындағы экономика салаларының ұйымдарына бекiтiлiп берiлген және қорғаныс мұқтаждарын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын, орындауға арналған мүлiк меншiк иесiнiң келiсiмiмен еңбек ұжымдарының меншiгiне көшiруге жатпайды және сатып алу-сату объектiсi бола алмайды. Аталған мүлiк жалға берiлуi мүмкiн. 
      Бейбiт кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi пайдаланбайтын Қазақстан Республикасы аумағындағы қорғаныс объектiлерi оларды иеленушiлер есебiнен сақтауға қоюға жатады және жергiлiктi атқарушы органдарына, сондай-ақ мүдделi мемлекеттер үкiметтерi арасындағы арнаулы келiсiмдер негiзiнде Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының басқа мемлекеттерi ұйымдарына уақытша пайдалануға берiлуi (соның iшiнде жалға берiлуi) мүмкiн. Қажет болмай қалған қорғаныс объектiлерiнiң сатылуы ықтимал. 
      Осы тармақта көрсетiлген мүлiктер мен қорғаныс объектiлерiн беру (сату) тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 
      Мемлекет меншiгi емес объектiлер мен мүлiктер соғыс кезiнде қажет болған ретте Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қорғаныс мұқтаждарын қамтамасыз ету және жұмылдыру тапсырмаларын орындау үшiн пайдаланылуы мүмкiн. 
       ЕСКЕРТУ. 27-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 27-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       28-бап. Қорғаныс мұқтаждары үшiн жер бөлу, үйлер,
              ғимараттар, объектiлер және басқа да
              мүлiктер беру
 
        Жер қорғаныс мұқтаждары үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiп бойынша ақыға берiледi. 
      Әскери бөлiмдердi, мекемелердi, әскери-оқу орындарын, өзге де ұйымдарды орналастыру және олардың тұрақты қызметi үшiн берiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының иелiгiнде және пайдалануында болады. 
      Қорғаныс мұқтажына жердi алып қоюға байланысты жер иеленушiлер мен жер пайдаланушыларға келтiрiлген зиян толық көлемiнде өтеледi. 
      Қорғаныс мұқтажы үшiн жердi алып қойған кезде ауыл шаруашылық өндiрiсiнiң тартқан шығынын өтеудi әрбiр нақты жағдайда жер бөлудi ресiмдеу барысында Қазақстан Республикасының Үкiметi шешедi. 
      Қорғаныс мұқтаждары үшiн берiлген жерлердi пайдаланған кезде Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құрамалар Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға мiндеттi, ал орын ауыстыруы және көшiрiлуi кезiнде босаған жерлердi өз есебiнен толық қалпына келтiредi. 
      Қорғаныс мұқтаждары үшiн әскери ведомстволарға үйлер, ғимараттар, әртүрлi объектiлер мен басқа да мүлiк берiлуi мүмкiн, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен керi қайтарылуы мүмкiн. 
      Қазақстан Республикасының жерлерiн және әскери объектiлерiнiң жылжымалы және жылжымайтын мүлiктерiн, соның iшiнде басқа мемлекеттердiң әскери құрамаларына жалға берiлетiн мүлiктерiн иелiкке беру мен пайдалану тәртiбi халықаралық шарттармен белгiленедi.
       ЕСКЕРТУ. 28-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 28-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

   VI БӨЛIМ
АЗАМАТТАРДЫҢ ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ МIНДЕТТЕРI
МЕН ҚҰҚЫЛАРЫ

       29-бап. Азаматтардың қорғаныс саласындағы мiндеттерi

      Қазақстан Республикасын қорғау және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа әскерлерi мен құрамаларында қызмет ету Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының қасиеттi борышы әрi мiндетi болып табылады.
      Азаматтар Қазақстан Республикасының мүдделерiн қорғауға, оның қуатын нығайтуға, өзiн Қазақстан Республикасын қорғауға әзiрлеуге және жалпыға бiрдей әскери мiндетiн орындауға, азаматтық қорғаныс шараларына қатысуға және қорғаныс мүдделерi үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен көзделген өзге мiндеттердi орындауға мiндеттi. Қазақстан Республикасының азаматтары әскери қызметтен жалтарғаны үшiн заңда белгiленген тәртiппен жауапты болады. 
      ЕСКЕРТУ. 29-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.
       ЕСКЕРТУ. 29-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

       30-бап. Азаматтардың қорғаныс саласындағы құқылары

      Қазақстан Республикасы қорғанысын қамтамасыз етуге қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасы азаматтарына арналып заңдарда көзделген, қорғаныс мiндеттерiн атқарудың ерекшелiктерiмен байланысты тыйым салулар мен шектеулердi қоспағанда, әлеуметтiк-экономикалық саяси және жеке құқылар мен бостандыққа ие болады. Мемлекеттiк әскери қызметшiлерге Қазақстан Республикасын қорғау жөнiндегi өзiнiң әскери борышын орындау үшiн тиiсiнше жағдай жасауға кепiлдiк бередi, әскери қызмет өтеу тәртiбiн белгiлейдi. 
      Қазақстан Республикасында тұратын басқа мемлекеттердiң азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының мүддесi үшiн әскери қызмет атқаруға құқылы. 
      Осы бапта аталған адамдардың Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген құқылары мен бостандығын шектеуге немесе олардан айыруға тыйым салынады. Бұған кiнәлi адамдар жауапқа тартылады.
       ЕСКЕРТУ. 30-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.29. N 287  Заңымен.

  VII БӨЛIМ
АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС. АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС

       31-бап. Азаматтық қорғаныс

      Қазақстан Республикасының азаматтық қорғанысы  жалпы  мемлекеттiк қорғаныс шараларының құрамдас бөлiгi болып табылады әрi бейбiт уақытта және соғыс кезiнде республика халқы мен экономикасын табиғи зiлзалалар, iрi апаттар мен опаттар және агрессордың қазіргi замандағы қырып-жоятын құралдар қолдануы зардаптарынан қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады, сондай-ақ төтенше жағдай пайда болған аудандар мен зақымдану ошақтарында құтқару жұмыстарын және басқа да кiдiртуге болмайтын жұмыстарды жүргiзедi. 
      Төтенше жағдай зардаптарын жою мiндеттерi, оларды ұйымдастыру мен жою тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi. 
       ЕСКЕРТУ. 31-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы      Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.

       32-бап. Аумақтық қорғаныс

      Аумақтық қорғанысты Қазақстан Республикасының Үкiметi ұйымдастырады және ол мемлекеттiк шекараның учаскелерiн қорғау, Қазақстан Республикасының аумағындағы маңызды объектiлер мен коммуникацияларды қорғау мен агрессия болған жағдайда десанттар мен диверсиялық күштерге қарсы күрес, сондай-ақ соғыс жағдайы режимiн ұстау мақсатында жүзеге асырылады.
      Аумақтық қорғаныс күштерi мен құралдарының мiндеттерiн, ұйымдастырылуын және өзара iс-қимыл тәртiбiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы белгiлейдi.
       ЕСКЕРТУ. 32-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N 2636 заң күші бар  Жарлығымен.

  VIII БӨЛIМ
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       33-бап. Халықаралық құқық және Қазақстан Республикасының
              қорғанысы

      Қорғанысты ұйымдастырып, жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасы халықаралық құқық нормаларын, өзi қатысушы болып табылатын шарттар мен келiсiмдердi сақтайды. 
      Қазақстан Республикасының агрессиядан бiрлесiп қорғануды қамтамасыз ету, халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi басқа мемлекеттермен ынтымақтастығы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының жеке-дара және ұжымдық қорғаныс құқығы туралы Жарғысының ережелерiне сәйкес құрылады. 

       34-бап. Қазақстан Республикасының қорғаныс туралы
              заңдарын бұзғандық үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының қорғаныс туралы заңдарын мемлекеттiк органдардың және меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың орындамағаны үшiн олардың басшылары және басқа да лауазымды адамдары, сондай-ақ қорғанысты қамтамасыз ету жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамағаны үшiн азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына белгiленген тәртiппен жауапты болады. 
      Әскери бөлiмдердiң, бөлiмшелердiң, әскери қызметшiлердiң өздерiне жүктелген мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн әрекеттер және оларға қарсылық бiлдiру, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа әскерлер мен әскери құрамаларын көпшiлiк алдында қорлау және оларға жала жабу, сондай-ақ әскери рәмiздердi, қаза тапқан (қайтыс болған) жауынгерлердiң ескерткiштерiн, зираттары мен қабiрлерiн жәбiрлеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылыққа әкеп соқтырады.
       ЕСКЕРТУ. 34-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.14. N  2636 заң күші бар Жарлығымен,   2002.01.29. N 287  Заңымен.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады