Осы Заң ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiру мен өткiзудiң маусымдылығын ескере отырып, аграрлық-өнеркәсiптiк кешенге кредит берудiң құқылық негiздерiн белгiлейдi және халықты азық-түлiкпен, ал өнеркәсiптi шикiзатпен жабдықтауды жақсарту мақсатында ауылда шаруашылық жүргiзудiң әр алуан түрлерiн қолдауға, нығайтуға және дамытуға бағытталған.
1-бап. Кредит беру субъектiлерi
Осы Заң қолданылатын шаруашылық қызмет субъектiлерi мыналар болып табылады:
- ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрумен, дайындаумен, ұқсатумен, сақтаумен және өткiзумен айналысатын заңды ұйымдар мен нақты адамдар;
- Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтетiн тiзбеге сәйкес ауыл шаруашылық машиналарын жасау, ауылдағы құрылыс және аграрлық-сервистiк қызмет көрсету кәсiпорындары.
2-бап. Аграрлық-өнеркәсiптiк кешен салаларына
мемлекеттiк қаржы ресурстары есебiнен
кредит беру
1. Аграрлық-өнеркәсiптiк кешен салаларына мемлекеттiк қаржы ресурстары есебiнен кредит беру қолданылып жүрген заңдармен реттеледi.
2. Шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге күрделi қаржыны қаржыландыруға және ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiру көлемiнiң арттырылуын, оларды ұқсату, сақтау мен өткiзу және аграрлық-өнеркәсiптiк кешенге аграрлық-сервистiк қызмет көрсету жөнiндегi базаның дамытылуын қамтамасыз ететiн ұлттық бағдарламаларда көзделген шараларды орындауға қайтарымдылық және өтемдiлiк шарттарымен мемлекеттiк қаржы ресурстары есебiнен ұзақ мерзiмдi несиелер берiледi.
Кредиттер Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiсi мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлейтiн қайта қаржыландырудың ресми нарқы бойынша тиiстi жылдың бюджетi бекiтiлген кезде 10 жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
3. Мемлекеттiк қаржы ресурстары есебiнен жеңiлдiктi жағдайлармен мерзiмдi несиелер меншiк түрлерiне қарамастан, аграрлық-өнеркәсiптiк кешеннiң кәсiпорындары мен ұйымдарына, сондай-ақ өнеркәсiп орындарының сауда-дайындау ұйымдарына Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi мен Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiсi белгiлеген тәртiп бойынша берiледi.
4. Кепiлге салатын мүлкi жоқ жаңадан құрылған шаруа шаруашылықтарына ұзақ мерзiмдi және қысқа мерзiмдi кредиттер жергiлiктi бюджеттер мен басқа да төлем қабiлеттi заңды ұйымдар мен нақты адамдардың кепiлдiгiмен берiледi.
5. Банкiлердiң жеңiлдiктi жағдайлармен кредиттер беруге байланысты шығынын өтеуге бөлiнетiн бюджет қаржысының сомасын Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң ұсынуы бойынша жоспарланып отырған жылға арналған мемлекеттiк бюджетте Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi бекiтедi.
ЕСКЕРТУ. 2-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.
3-бап. Мемлекеттiк мұқтаждарға арналған өнiм
жеткiзiлiмiне аванс беру
Мемлекеттiк мұқтаждарға арналған ауыл шаруашылық өнiмiнiң жеткiзiлiмiн орындау меншiк түрлерiне қарамастан тауар өндiрушiлерге, дайындау және ұқсату кәсiпорындары мен ұйымдарына сатып алынатын өнiм үшiн сыйақысыз (мүддесiз) кемiнде мынадай мөлшерде аванс беру арқылы ынталандырылады:
астық пен ет бойынша - контрактiлеу шартымен белгiленген бағаның 40 процентi;
басқа өнiмдер бойынша - 25 процентi.
Дайындау ұйымдары мен ұқсатушы өнеркәсiп орындары ауыл
шаруашылық өнiмдерiн сатып алуға банк кредиттерiн тартқан жағдайда сыйақы (мүдде) төлеу жөнiндегi шығындар дайындау қызметi жөнiндегi
шығындарға жатқызылады.
ЕСКЕРТУ. 3-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.
4-бап. Мемлекеттiк шараларды қаржыландыру
1. Мыналарға:
1) мемлекеттiк жерге орналастыру жөнiндегi шараларды жүргiзуге;
2) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбе бойынша
өсiмдiктердiң жаппай зиянкестерi мен ауруларына қарсы күреске және малдың аса қауiптi жұқпалы ауруларын жоюға, табынды сауықтыруға;
3) тұқымдық және отырғызылатын материалдардың сорттық және егiс сапасын айқындауға;
4) ауыл шаруашылық дақылдарын сорттап сынақтан өткiзу;
5) балық запастарын (балық шабақтарын) молықтыруға;
6) мемлекеттiк мал дәрiгерлiк желiсiндегi, өсiмдiктер карантинi, өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi, суармалы жердiң мелиорациялық жай-күйiн қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк мекемелердi ұстауға;
7) мемлекетаралық, облысаралық және ауданаралық мақсаттағы су қоймалары мен каналдарды, тұтынушыларға су беруге байланысты емес басқа да объектiлердi пайдалануға;
8) ауылдық тауар өндiрушiлердi қолдауға жұмсалған шығындар мемлекеттiк бюджет есебiнен қаржыландырылады.
2. Шараларды мемлекеттiк валюта қаражаты есебiнен қаржыландыру республикалық бюджетте жеке жолда көзделедi және Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейтiн тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
ЕСКЕРТУ. 4-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.12.24. N 334 Заңымен.
5-бап. Аграрлық-өнеркәсiптiк кешендi дамытуға
жұмсалатын экономиканы қайта құру қорының
қаражаты
Қазақстан Республикасының экономикасын қайта құру қоры қаражатының аграрлық-өнеркәсiптiк кешен бойынша жобалар мен бағдарламаларға инвестиция беруге жұмсалатын үлесi аграрлық-өнеркәсiптiк кешеннiң заңды ұйымдары мен нақты адамдарынан түсетiн қаржы сомасының сомасынан кем емес мөлшерде белгiленедi.
6-бап. Шетелдiк инвестициялар
Аграрлық-өнеркәсiптiк кешен салаларын шетелдiк инвестициялар есебiнен қаржыландырудың тәртiбi мен шарттары "Қазақ КСР-iндегi шетелдiк инвестициялар туралы" Заңмен және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен белгiленедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi