Осы заң мемлекеттiк емес қосымша ерiктi зейнетақы қорларының құрылуы және олардың жұмыс iстеуi кезiнде пайда болатын құқықтық қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Азаматтардың ерiктi зейнетақыны сақтандыру құқығы
Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қосымша ерiктi зейнетақымен сақтандырылуға құқығы бар.
Осы Заңның күшi мемлекеттiк зейнетақымен қамсыздандыруды жүзеге асыруға байланысты пайда болатын қатынастарға қолданылмайды және олардың мемлекеттiк зейнетақымен қамсыздандырылу құқықтарын шектеуге негiз бола алмайды.
2-бап. Осы Заңда қолданылатын негiзгi ұғымдар
Ерiктi зейнетақымен сақтандыру - азаматтарды әлеуметтiк қорғаудың қосымша зейнетақылар құру және оларды мамандандырылған ерiктi қорлары арқылы төлеу жолымен жүзеге асырылатын нысаны.
Мемлекеттiк емес ерiктi зейнетақы қоры (бұдан әрi - Қор)- банктiк емес қаржы мекемесi болып табылатын жабық үлгiдегi акционерлiк қоғам түрiнде құрылатын заңды тұлға, ол осы Заңға сәйкес заңды және жеке тұлғалардан ерiктi зейнетақы жарнасын тарту, тартылған қаражатты инвестициялау және осы Заңда белгiленген тәртiппен қосымша зейнетақылар төлеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға құқылы.
Қордың Салымшысы (бұдан әрi - Салымшы) - зейнетақы жарналарын Қордың зейнетақы Алушысының пайдасына жарататын заңды немесе жеке тұлға.
Қордың зейнетақысын Алушы (бұдан әрi - Алушы) - зейнетақы жарналарын пайдасына жарататын және қосымша зейнетақы төленетiн жеке тұлға.
Салымшы мен Алушы бiр адам болуы да мүмкiн.
Зейнетақы шарты - Қор мен Салымшы арасында жасалатын және Қор, Салымшы мен Алушы арасындағы қатынастарды белгiлейтiн келiсiм.
Зейнетақы куәлiгi - Алушының Қордағы жинақталған зейнетақыға мүлiктiк құқығын куәландыратын құжат.
Ерiктi зейнетақы жарнасы (бұдан әрi - зейнетақы жарнасы)- зейнетақы шартына сәйкес Салымшы Алушының пайдасына немесе Алушы өз пайдасына енгiзген ақшалай қаражат.
Зейнетақы есепшоты - зейнетақы жарналарының түсуiн, инвестициялық табыстың есептелуiн және Алушыға қосымша зейнетақы төленуiн бейнелейтiн талдау есебiнiң нысаны.
Зейнетақы қорлануы - қосымша есептеулердi қоса алғанда зейнетақы есепшотында бейнеленген ақшалай қаражат.
Қосымша зейнетақы - зейнетақы шартының ережелерi мен зейнетақы схемасына сәйкес Алушы пайдасына Қор жүзеге асыратын ақшалай нысанда төленетiн төлем.
Актуарий - зейнетақы схемаларына сараптама жасауға өкiлеттiк берiлген заңды немесе жеке тұлға.
Зейнетақы схемасы - зейнетақы қорлануын қалыптастыру және қосымша зейнетақылар төлеу шарттары мен тәртiбi.
Қор ережелерi - таңдап алынған зейнетақы схемасына сәйкес Қордың, оның Салымшылары мен Алушыларының құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейтiн, зейнетақы шартының ажырамас бөлiгi болып табылатын және Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiмен (бұдан әрi - Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi) келiсiлген құжат.
Зейнетақы агентi - зейнетақы шартын жасасқан кезде Қордың тапсыруымен және оның атынан жұмыс жүргiзетiн заңды немесе жеке тұлға.
Зейнетақы делдалы - қосымша зейнетақымен сақтандыру саласында
делдалдық қызметтi жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға.
Қордың зейнетақылық активтерi - қосымша зейнетақылармен
қамсыздандыруға және оларды төлеуге арналған қаражат жиынтығы.
Инвестициялық табыс - ақшалай нысанда бейнеленген, Қордың
зейнетақылық активтерiн инвестициялау нәтижесiнде алынған қаражат.
3-бап. Қордың құрылтайшылары (қатысушылары)
Қазақстан Республикасының резиденттерi және резиденттерi емес
заңды және жеке тұлғалар қордың құрылтайшылары бола алады.
2-тарау. Қордың қызметiн тiркеу, лицензиялау және
бақылау
4-бап. Қорды мемлекеттiк тiркеу
Қорды мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарында
белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
5-бап. Қордың қызметiн лицензиялау
1. Қор өзiнiң қызметiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан әрi - Қазақстан Ұлттық Банкi) берген лицензия негiзiнде жүзеге асырады. Лицензия құрылтайшылардың (қатысушылардың) өтiнiштерi негiзiнде берiлiп, оған мынадай құжаттар қоса тiркеледi.
Қорды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк;
Қордың құрылтай құжаттары;
қордың ережелерi;
Құрылтайшылар туралы мәлiметтер (Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлеген тiзбе бойынша), заңды тұлғалар құрылтайшыларының соңғы - екi есептi күндегi бухгалтерлiк баланстары, құрылтайшылардың қаржылық жағдайы туралы аудиторлық фирманың (аудитордың) қорытындысы;
Қордың басшы қызметкерлерiнiң осы Заңның 8-бабында белгiленген
талаптарға сай келетiнiн растайтын мәлiметтер;
Қордың қызметiн экономикалық жағынан негiздеу;
жарғылық қордың толық мөлшерде төленгенiн растайтын құжаттар.
2. Лицензия беру туралы өтiнiш осы Заңға сәйкес құжаттардың
толық топтамасы Қазақстан Ұлттық Банкiне берiлгеннен кейiн отыз күн
iшiнде қаралуға тиiс.
6-бап. Лицензия беруден бас тарту негiздерi
1. Қазақстанның Ұлттық Банкi мынадай негiздер бойынша:
құрылтай құжаттарды қолданылып жүрген заңдарға сай келмесе;
жарғылық қордың мөлшерi, құрылымы осы Заңның талаптарына сай
келмесе;
құрылтайшының (қатысушының) қаржылық жағдайы тұрақсыз болса;
лицензия бергенi үшiн алым енгiзбесе;
Қордың құрылтайшы-жеке тұлғасының немесе құрылтайшы-заңды тұлғасы басшысының өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен алынбаған соттылығы болса, не ол басқарған уақытта банкрот деп танылған немесе қызметiн тоқтатуға, санацияға, мәжбүрлеп таратылуға ұшыраған заңды тұлғаның басшы қызметкерi болған жағдайда лицензия беруден бас тартуға құқылы.
2. Лицензия беруден бас тартылған жағдайда, Қазақстанның Ұлттық Банкi толық құжаттар топтамасын бергеннен кейiн бiр ай мерзiм iшiнде өтiнiш берушiге өз шешiмiн жазбаша хабарлайды. Хабарлауда бас тартудың негiзi көрсетiлуге тиiс.
3. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң лицензия беруден бас тарту туралы шешiмiне сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.
7-бап. Лицензияны тоқтата тұру және керi қайтарып
алу үшiн негiздер
1. Қазақстан Ұлттық Банкi Қордың қызметiне берiлген лицензияның күшiн мына негiздердiң кез-келгенi бойынша:
лицензия беруге негiз болған ақпарат дұрыс болмаса;
Қор қызметiнiң басталуы лицензия берiлген сәттен бастап бiр жылдан аса мерзiмге кiдiртiлсе;
Қор зейнетақы шарттары бойынша мiндеттемелерiн үнемi (бұдан кейiнгi он екi күнтiзбелiк ай iшiнде үш және одан көп рет) орындамаса немесе ойдағыдай орындамаса;
Қордың ережелерi немесе Қазақстан Ұлттық Банкi мен Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң заңдарда белгiленген тәртiппен Әдiлет министрлiгiнде тiркелген нормативтiк актiлерi бұзылса, не Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жазбаша нұсқамалары орындалмаса:
есеп пен мәлiметтер берiлмесе немесе көрiнеу жалған берiлсе, алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
2. Қазақстан Ұлттық Банкi Қордың қызметiне берiлген лицензияны мынадай негiздердiң кез-келгенi бойынша:
лицензияның күшiн тоқтата тұруға себеп болған кемшiлiктер түзетiлмесе;
Қор лицензияда келтiрiлген талаптарды орындамаса, оның iшiнде Қордың осы Заңда белгiленген құзыретi шегiнен шығып кететiн қызметтi жүзеге асырса;
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң рұқсатымен Қордың өз қызметiн қайта құру немесе тарату арқылы ерiктi түрде тоқтату туралы шешiмi болса;
Қор банкротқа ұшыраса, керi қайтарып алуға құқылы.
3. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң лицензияны керi қайтарып алуы банк заңдарында және осы Заңда белгiленген тәртiппен Қордың таратылуына әкелiп соғады.
8-бап. Қордың басшы қызметкерлерi
1. Байқау кеңесiнiң төрағасы, Басқарма төрағасы және оның орынбасарлары, бас бухгалтер және оның орынбасарлары Қордың басшы қызметкерлерi деп танылады.
2. Мынадай адамдар:
тиiстi бiлiктiлiгi болмаса;
заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы болса;
ол басқарған кезде өзiнiң кiнәсiнен бұрын банкрот деп танылған немесе қызметiн тоқтатуға, санацияға, мәжбүрлеп таратылуға ұшыраған заңды тұлғаның басшы қызметкерi болған адам Қордың басшы қызметкерi бола алмайды.
3. Қордың басшы қызметкерiне кандидатура Қазақстан Ұлттық Банкiнiң келiсiмiмен сайланады не тиiсiнше тағайындалады.
9-бап. Қорға бақылау жасау құқығына ие болу шарттары
1. Қордың құрылу және оның қызмет iстеу кезiнде бiрде-бiр адамның дауыс беру құқығымен мұндай Қордың акцияларының 25 процентiнен астамына бақылау жасауға құқығы жоқ.
2. Қорға бақылау жасау құқығына ие болу Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банктерге арналған нормативтiк актiлерiнде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
10-бап. Қор қызметiн бақылау және қадағалау
1. Қор қызметiн бақылауды Қазақстан Ұлттық Банкi және Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бақылау мен қадағалау қызметiн атқару жүктелген өзге де мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
2. Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлеген өлшемдер бойынша Қордың қаржылық тұрақтылығын және ол атқарып отырған қызметтiң осы Заңның талаптарына, осы заңды орындау үшiн шығарылған нормативтiк актiлерге сәйкестiгiн айқындау мақсатымен Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi мен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қор қызметiне тексеру жүргiзуге құқығы бар.
3. Қор қызметiне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары, осы Заңға сәйкес жариялануға жататын мәлiметтердi қоспағанда, Қор қызметiн тексеру барысында алынған ақпаратты жария еткенi және үшiншi бiр адамдарға бергенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендей жауапты болады. Лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген шығын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтеледi.
11-бап. Қорға қолданылатын санкциялар және өзге де
ықпал ету шаралары
1. Қор қолданылып жүрген заңдарды бұзған немесе Қордың басшы қызметкерлерiнiң тарапынан оның Алушыларының мүддесiне, Қор жұмысының қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтiруi мүмкiн заңсыз iс-әрекеттер анықталған жағдайда Қазақстан Ұлттық Банкi Қорға мынадай ықпал ету шараларын қолдануға:
лицензияның күшiн тоқтата тұруға не оны керi қайтарып алуға;
Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген негiздер бойынша және мөлшерде айыппұл салуға және оны өндiрiп алуға;
қойылған талаптарға сай келмеген жағдайда Қордың лауазымды
адамын орнынан түсiру туралы құрылтайшылар (қатысушылар) алдында
мәселе қоюға;
орын алып отырған кемшiлiктердi жоспарланған шаралардың
тiзбесiн көрсете отырып қатаң белгiленген мерзiмде жою туралы
жазбаша мiндеттеме талап етуге;
мiндеттi түрде орындау үшiн жазбаша нұсқама беруге;
санкциялар қолдану мүмкiндiгi туралы ескерту жасауға құқылы.
2. Қазақстан Ұлттық Банкi осы Заңға сәйкес ықпал ету шараларын
қолданған Қор немесе тұлға Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң
iс-әрекетiне сот тәртiбiмен шағым жасауға құқылы.
3-тарау. Алушылардың меншiгi және Қордың пайдасын бөлу
12-бап. Алушылардың меншiгi
Зейнетақы қорлануы Алушының меншiгi болып табылады.
13-бап. Қордың табысын бөлу
1. Зейнетақы қорлануын орналастырудан алынған табыс зейнетақы қорлануына толық көлемiнде жiберiледi, одан мөлшерi зейнетақы шартында белгiленетiн, бiрақ табыстың 5 процентiнен аспайтын қаржы комиссиялық аударым қаражаттары ретiнде шегерiлiп тасталады.
2. Қордың өз қаражатын инвестициялаудан алынған табысты заңда
белгiлеген салықтар мен басқа да мiндеттi аударылым қаражаттары
төленiп, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк актiлерiнде
белгiленген мөлшерде қорлар (резервтер) құрылғаннан кейiн Қорға
қатысушылар бөледi.
14-бап. Қордың жарғылық қоры
1. Жарғылық қордың ең төменгi мөлшерiн Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкi белгiлейдi.
Жарғылық қор тек ақшалай қаражатпен ғана төленуге тиiстi.
2. Барлық жағдайда Жарғылық қор құрылатын қаражат
құрылтайшылардың тек өз қаражаты есебiнен ғана салынуға тиiс.
Несиеге, кепiлге алынған қаражатты және өзге де сырттан тартылған
қаражатты жарғылық қорға енгiзу үшiн пайдалануға тыйым салынады.
3. Лицензия алу үшiн өтiнiш берiлген сәтте жарғылық қор толық
төленуге тиiс.
15-бап. Резервтiк және өзге де қорлар
1. Резервтiк және өзге де қорларды құру тәртiбi мен оның
мөлшерi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк актiлерiмен
белгiленедi.
2. Резервтiк қор Салымшылар мен Алушылар алдындағы Қордың
мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету мақсатында өз қаражаттары
есебiнен құрылады және қордың өз мiндеттемелерiн уақытылы орындауына
кепiлдiк қызметiн атқаруға тиiс.
4-тарау. Қор, Салымшы және Алушы арасындағы
қатынастарды реттеу
16-бап. Ерiктi зейнетақымен сақтандыру жүйесiндегi
қатынастарды айқындайтын құжаттар
Ерiктi зейнетақымен сақтандыру жүйесiндегi қатынастарды
айқындайтын құжаттар мыналар болып табылады:
зейнетақы шарты, онда: осы Заңға сәйкес Салымшының, Алушының және Қордың құқықтары мен мiндеттерi: зейнетақы жарнасының мөлшерi, оны төлеу мерзiмi мен тәртiбi; Алушылардың паспорттық деректерi мен тұратын мекен-жайы көрсетiлген толық тiзiмi; шарттың қолданылу мерзiмi; шартты тоқтатудың себептерi, тәртiбi мен ережелерi; шартты
жасаушы тараптар арасындағы дауларды қараудың тәртiбi болуға тиiс;
зейнетақы куәлiгi, онда: Алушының паспорттық деректерi мен
тұратын мекен-жайы, таңдап алынған зейнетақы схемасы; зейнетақы
есепшотының нөмiрi мен коды; зейнетақы қорлануын басқа Қорға аудару
тәртiбi мен шарттары; қосымша зейнетақы алатыны туралы мәлiметтер
болуға тиiс.
17-бап. Салымшының құқықтары мен мiндеттерi
1. Салымшы:
өз пайдасына немесе үшiншi бiр адамның яки адамдардың пайдасына
зейнетақы жарнасын қосуға;
зейнетақы қорлануының жайы туралы ақпарат алуға;
Қордың iс-әрекетiне сот тәртiбiмен шағым жасауға;
зейнетақы шартының күшiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға;
басқа Қордың келiсiмi болса, зейнетақы қорлануын сол Қорға
аударуға;
зейнетақы шартына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға
құқылы.
2. Салымшы:
зейнетақы шартының ережелерiне сәйкес зейнетақы жарнасын қосуға;
зейнетақы шартының ережелерiне сәйкес өзге де мiндеттемелердi
орындауға мiндеттi.
18-бап. Алушының құқықтары
1. Алушы:
зейнетақы схемасын таңдауға;
өзiнiң зейнетақы қорлануы жайы туралы ақпарат алуға;
зейнетақы қорлануын басқа Қорға аударуға;
зейнетақы жасына жеткен кезде және заңдарда көзделген өзге де
жағдайларда зейнетақы алуға;
Қордың iс-әрекетiне сот тәртiбiмен шағым жасауға;
зейнетақы қорлануын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес
мұраға қалдыруға құқылы.
2. Алушы мен Салымшы бiр адам болған жағдайда оған Салымшының
құқықтары мен мiндеттерi қосымша қолданылады.
19-бап. Қордың құқықтары мен мiндеттерi
1. Қор:
заңды және жеке тұлғалардан зейнетақы жарнасын жинауға;
зейнетақы жарнасының ең төменгi мөлшерiн белгiлеуге;
зейнетақы шартының ережелерiне сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге
асыруға құқылы.
2.Қор:
таңдап алынған зейнетақы схемасына сәйкес Алушыларға зейнетақы
төлеуге;
осы Заңның 20-бабына сәйкес зейнетақы қорлануына меншiк құқығын
және онымен байланысты өзге де құқықтарды беруге;
әрбiр Алушы мен Салымшыға зейнетақы қорлануының жайы туралы
жылына кемiнде бiр рет, сондай-ақ олардың сұрау салуы бойынша
ақпарат беруге;
Алушының зейнетақы қорлануының жайы туралы ақпараттың
құпиялылығын сақтауға;
зейнетақы шартының ережелерiн бұзғаны үшiн заңдарға сәйкес
мүлiктiк жауапты болуға;
зейнетақы шартының ережелерiне сәйкес өзге де мiндеттемелердi
орындауға;
Алушының өтiнiшi бойынша оның зейнетақы қорлануын басқа қорға
аударуға мiндеттi.
3. Зейнетақы қорлануы банктердегi есепшоттарға Қазақстан
Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiп пен шартқа сәйкес орналастырылады.
4. Қордың зейнетақы шартының ережелерiн нашарлататын шешiмдердi
бiржақты түрде қабылдауға құқығы жоқ.
20-бап. Зейнетақының қорлануына меншiк құқықтарын
және онымен байланысты өзге де құқықтарды беру
Зейнетақы қорлануына құқықтар Алушы қайтыс болған жағдайда,
сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де
жағдайларда берiледi.
21-бап. Зейнетақы шартын жасасушы тараптардың
жауапкершiлiгi
1. Қор мiндеттемелерi бойынша өз активтерiмен және өзiне
тиесiлi өзге де мүлiкпен жауапты болады.
2. Алушылар мен Салымшылар, сондай-ақ мемлекет Қордың
мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, сол сияқты Қор да оның
құрылтайшыларының, Алушылардың, Салымшылардың және мемлекеттiң
мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
Мемлекет қолданылып жүрген заңдарға сәйкес Қордың Салымшылары
мен Алушылардың құқықтарын қорғайды.
5-тарау. Қордың зейнетақыны сақтандыру жөнiндегi
қызметтi жүзеге асыруы
22-бап. Қордың қызметтерi
1. Қор мынадай қызметтердi атқарады:
Қордың ережелерiн жасайды және оларды Халықты әлеуметтiк қорғау
министрлiгiмен келiседi;
Салымшылармен шарттар жасасады;
зейнетақы агенттерiмен және делдалдарымен шарттар жасасады;
Алушыларға зейнетақы куәлiктерiн бередi;
зейнетақы жарнасын жинауды жүзеге асырады;
түскен қаражаттың жеке есебiн жүргiзедi;
қаражаттың уақытылы және толық түсуiн бақылауды жүзеге асырады;
осы Заңға сәйкес инвестициялық қызметтi жүзеге асырады;
қосымша зейнетақы төлеудi жүргiзедi;
Алушылар мен Салымшыларға зейнетақы есепшоттарының жайы туралы
хабарлап отырады;
өзiнiң құзыретiне сәйкес өзге де қызметтердi жүзеге асырады.
2. Барлық ерiктi зейнетақының сақтандыру қорларына материалдық
өндiрiс, қозғалатын мүлiкпен сауда жасау саласындағы қызметтi жүзеге
асыруға және сақтандыру қызметiнiң өзге де барлық түрлерiн жүзеге
асыруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық қорларына қатысуға тыйым
салынады.
23-бап. Қордың қаражатын орналастыру
1. Қордың қаражатын орналастыру тәртiбi мен шарттарын Қазақстан
Республикасы Үкiметiмен келiсiм бойынша Қазақстан Ұлттық Банкi
белгiлейдi.
2. Қор қаражатын орналастыру мынадай актив түрлерiнде жүзеге
асырылуы мүмкiн:
мемлекеттiк бағалы қағаздар;
банктердегi депозиттер және банктердiң депозиттiк
сертификаттары;
қозғалмайтын мүлiктерге және жердi тұрақты пайдалану құқықтарына
ие болу;
Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiп пен шарттардағы
активтердiң басқа да түрлерi.
6-тарау. Қорды қайта құру және тарату
24-бап. Қорды қайта құру
Қорды қайта құру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару, өзгерту)
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң рұқсатымен акционерлердiң жалпы
жиналысының шешiмi бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң
"Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметi туралы" заң
күшi бар Жарлығында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
25-бап. Қорды тарату
1. Қор:
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң рұқсаты болған жағдайда оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) шешiмi бойынша;
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң шешiмi бойынша;
Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда соттың шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн.
2. Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының лицензияның күшiн жою туралы қаулысы оны қабылдаған сәттен бастап Қорды тарату үшiн, негiз болып табылады.
3. Қорды ерiктi түрде және мәжбүрлеп тарату Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" заң күшi бар Жарлығында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Қорды тарату комиссиясының өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
5. Тарату комиссиясы таратылатын Қордың зейнетақы активтерiн,
оның зейнетақы шарттары жөнiндегi мiндеттемелерiн басқа Қорға беру
жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
6. Таратылатын Қордың Алушылары мен Салымшылары тарату
комиссиясы белгiлеген мерзiмде басқа Қорды дербес таңдауға құқылы.
7. Таратылатын Қор тарату туралы немесе Қазақстан Ұлттық Банкi
берген лицензияның күшiн жою туралы шешiм қабылданған күннен бастап
он күн iшiнде республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы
Қордың таратылатыны туралы Алушылар мен Салымшыларды хабардар етуге
мiндеттi.
7-тарау. Қорытынды ережелер
26-бап. Қордың қызметiне салық салу
Қордың қызметiне салық салу салық заңдарына сәйкес жүзеге
асырылады.
27-бап. Қордың есебi және есеп беруi
1. Қор қаржылық қызметi бойынша заңда белгiленген тәртiппен
есеп жүргiзедi және есеп берiп отырады.
2. Жыл сайынғы қаржы есебiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң тиiстi лицензиясы бар тәуелсiз аудитор куәландырады. Аудиторлық тексеру нәтижелерi бойынша жасалған құжат (акт) Қордың қызметi туралы жылдық есептiң ажырамас бөлiгi болып табылады. Қаржы есебiн Қордың өз активтерiнiң жеткiлiктi екенiн растайтын актуарий қордың Алушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындау жөнiндегi кепiлдiктерiн сақтандыру үшiн куәландыруға тиiстi.
3. Қор қызметiнiң нәтижелерi бойынша қаржы есебi Қазақстан
Ұлттық Банкiне және Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне
белгiленген мерзiмде және белгiленген нысанда берiледi және ол ресми
басылымдарда жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының
Президентi