Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi арасындағы табысқа қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылғы 24 ақпандағы N 73.

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

      1996 жылғы 16 қыркүйекте Бакуде қол қойылған Қазақстан Pеспубликасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi арасындағы табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция бекiтiлсiн.

Қазақстан Республикасының
Президентi



Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан
Республикасының Үкiметi арасындағы табысқа
қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден
жалтаруға жол бермеу туралы
Конвенция

      Ескерту. Конвенцияның атауына өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.
      Ескерту. Конвенцияның бүкіл мәтіні бойынша "әкімшілік бөлімшесі" деген сөздер тиісті септіктегі "әкімшілік-аумақтық бөлімшесі" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi екi Мемлекеттiң арасындағы экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени байланыстарды нығайтып, дамыту ниетiн басшылыққа алып және табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Конвенция жасасуға ниет бiлдiре отырып,

      мынаған келiстi:

1-бап
Конвенция қолданылатын тұлғалар

      Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiреуiнiң немесе екеуiнiң де резиденттерi болып табылатын тұлғаларға қолданылады.

2-бап
Конвенция қолданылатын салықтар

      1. Осы Конвенция салықтарды алу әдiстерiне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлiмшелерi яки жергiлiктi өкiмет органдары алатын табысқа салынатын салықтарға қолданылады.

      2. Жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға салынатын салықтарды, кәсiпорындар төлейтiн ырзықақының немесе жалақының жалпы мөлшерiнен алынатын салықтарды қоса табыстың жалпы сомасынан немесе табыстың жекелеген элементтерiнен алынған табыстарға салынатын салықтар, сондай-ақ мүлiк құнының өсiмiнен алынған табыстарға салынатын салықтар табысқа салынатын салықтар болып есептеледi.

      3. Осы Конвенция қолданылатын қазір алынып жүрген салықтар, атап айтқанда, мыналар болып табылады:

      а) Қазақстан Республикасында:

      (i) корпоративтік табыс салығы;

      (ii) жеке табыс салығы;

      (бұдан әрі "Қазақстан салықтары" деп аталатындар);

      б) Әзербайжан Республикасында:

      (i) заңды тұлғалардың пайдасына салынатын салық;

      (ii) жеке тұлғалардың табыстарына салынатын салық

      (бұдан әрі "Әзербайжан салықтары" деп аталатындар).

      4. Осы Конвенция сондай-ақ осы Конвенцияға қол қойылған күннен кейiн қолданылып жүрген салықтарға қосымша ретiнде немесе солардың орнына алынатын кез-келген бiрдей немесе iс жүзiнде ұқсас салықтарға да қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары өздерiнiң қолданылып жүрген салық заңдарына енгiзiлетiн кез-келген елеулi өзгертулер жайында бiр-бiрiн хабардар етiп отырады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

3-бап
Жалпы айқындамалар

      1. Егер контекстен басқадай мағына тумайтын болса, осы Конвенцияның мақсаттары үшiн:

      а) мына терминдер:

      (і) "Қазақстан" термині Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынада қолданған кезде "Қазақстан" термині оның заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік аумағын және Қазақстан өзінің егеменді құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын аймақтарды білдіреді;

      (іі) "Әзербайжан" термині Әзербайжан Республикасының ішкі суларын, Әзербайжан Республикасына тиесілі Каспий теңізінің (көлінің) секторын, Әзербайжан Республикасының үстіндегі әуе кеңістігін, сондай-ақ халықаралық құқыққа және Әзербайжан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес оның шегінде Әзербайжан Республикасы жер қойнауларына, теңіз түбіне және табиғи ресурстарға қатысты өзінің егеменді құқықтарын және юрисдикциясын жүзеге асыратын аумақ ретінде айқындалатын немесе болашақта айқындалатын кез келген басқа да аумақты қоса алғанда, Әзербайжан Республикасының аумағын білдіреді;

      б) "тұлға" терминi жеке тұлғаны, заңды тұлғаны, компанияны және адамдардың кез-келген басқа да бiрлестiгiн қамтиды;

      с) "компания" терминi салық салу мақсаттары үшiн корпоративтiк бiрлестiк ретiнде қарастырылатын кез-келген корпоративтiк бiрлестiктi немесе кез-келген экономикалық бiрлiктi бiлдiредi;

      d) "Уағдаласушы Мемлекет" және "басқа Уағдаласушы Мемлекет" терминдерi контекстке байланысты Қазақстанды немесе Әзiрбайжанды бiлдiредi;

      е) "бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" және "екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" терминдері тиісінше бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын кәсіпорынды және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын кәсіпорынды білдіреді;

      f) "халықаралық тасымал" терминi теңiз немесе әуе кемесi тек қана басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң бекеттерi арасында пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорны пайдаланатын теңiз немесе әуе кемесiмен жасалатын кез-келген тасымалды бiлдiредi;

      g) "құзыреттi орган" терминi:

      (I) Қазақстанда: Қаржы министрлiгiн немесе оның өкiлеттi

      уәкiлiн;

      (іі) Әзербайжанда: Салықтар жөніндегі министрлікті және Қаржы министрлігін білдіреді;

      h) "ұлттық тұлға" терминi:

      (I) Уағдаласушы Мемлекеттiң азаматтығын алған кез-келген

      жеке тұлғаны;

      (II) өзiнiң мәртебесiнiң Уағдаласушы Мемлекеттiң қолданылып

      жүрген заңдары негiзiнде алған кез-келген заңды тұлғаны,

      серiктестiктi немесе ассоциацияны бiлдiредi.

      2. Осы Уағдаласушы Мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес кез келген мағына терминге осы Уағдаласушы Мемлекеттің басқа заңдары бойынша берілетін мағынадан жоғары басымдыққа ие болады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

4-бап
Резидент

      1. Осы Конвенцияны мақсаттары үшiн "Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi" терминi осы Мемлекеттiң заңдары бойынша өзiнiң тұрғылықты мекенi, тұрақты болатын жерi, тiркелген (құрылған) жерi, басқару орны немесе осындай басқа да белгiсi негiзiнде онда салық салынуға тиiс тұлғаны бiлдiредi.

      Термин сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттi, оның әкімшілік-аумақтық бөлiмшесiн немесе жергiлiктi өкiмет орындарын қамтиды.

      Солай бола тұрса да бұл термин тұлға осы Мемлекеттегi көздерден табыс келтiрiп отырғаны негiзiнде ғана осы Мемлекетте салық салынуға тиiс тұлғаны қамтымайды.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болған жағдайда оның мәртебесi былайша айқындалады:

      а) ол өзiнiң тұрақты баспанасы бар Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi. Егер оның Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де тұрақты баспанасы болса, ол барынша тығыз жеке және экономикалық байланыстары (өмiрлiк мүдделер орталығы) бар Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;

      b) егер оның өмiрлiк мүдделер орталығы бар Уағдаласушы Мемлекеттi айқындау мүмкiн болмаса немесе оның Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiреуiнде де тұрақты баспанасы болмаса, ол өзi әдетте тұрып жатқан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;

      с) егер ол әдетте Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де тұратын болса немесе олардың бiреуiнде де тұрмаса, ол өзi азаматы болып отырған Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;

      d) егер жеке тұлғаның резиденттігі мәртебесін осы тармақтың а), d) және с) тармақшаларының ережелеріне сәйкес айқындала алмайтын болса, онда Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы мәселені өзара келісім бойынша шешеді.

      3. Егер осы баптың 1-тармағының ережелерiне сәйкес жеке тұлға болып табылмайтын тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болса, ол өзi тiркелген (құрылған) Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

5-бап
Тұрақты мекеме (өкiлдiк)

      1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн "тұрақты мекеме (өкiлдiк)" терминi кәсiпорынның кәсiпкерлiк қызметпен толық немесе iшiнара айналысатын тұрақты қызмет орнын бiлдiредi.

      2. "Тұрақты мекеме (өкiлдiк)" терминi, атап айтқанда, мыналарды қамтиды:

      а) басқару орны;

      b) филиал (бөлiмше);

      с) кеңсе;

      d) фабрика;

      е) шеберхана;

      f) шахта, кенiш, мұнай немесе газ скважинасы, карьер, қондырғы, ғимарат немесе табиғи ресурстар барланатын, игерiлетiн және өндiрiлетiн басқа да кез-келген орын (соның iшiнде кеме), сондай-ақ осы жұмыстардың атқарылуын қадағалауға байланысты қызметтер.

      3. "Тұрақты мекеме (өкiлдiк)" терминi сондай-ақ мыналарды қамтиды:

      а) құрылыс алаңы немесе құрылыс, монтаждау яки құрастыру объектiсi немесе осы жұмыстардың орындалуын қадағалауға байланысты қызметтер, егер мұндай алаң немесе объект 6 айдан астам уақыт бойы жұмыс iстеп тұрған болса ғана немесе мұндай қызметтер 6 айдан астам уақыт бойы көрсетiлген болса ғана; және

      b) қызметшілер немесе кәсіпорын осындай мақсаттар үшін жалдаған басқа да персонал арқылы кәсіпорын көрсететін консультациялық қызметтерді қоса алғанда, қызметтер көрсету, бірақ егер осындай сипаттағы қызмет (осындай немесе оған байланысты жоба үшін) Уағдаласушы Мемлекетте кез келген 12 айлық кезең шегінде 6 айдан астам кезең немесе кезеңдер бойы жалғасатын болса ғана.

      4. Осы баптың осының алдындағы ережелерiне қарамастан "тұрақты мекеме (өкiлдiк)" терминi мыналарды қамтымайды:

      а) ғимараттарды кәсiпорынға тиесiлi тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету немесе жiберiп тұру мақсаттары үшiн ғана пайдалану;

      b) осы кәсiпорынға тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорын сақтау, көрсету немесе жiберiп тұру мақсаттары үшiн ғана ұстау;

      с) кәсiпорынға тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорын өзге кәсiпорынның ұқсату мақсаттары үшiн ғана ұстау;

      d) тұрақты қызмет орнын тауарлар немесе бұйымдар сатып алу мақсаттары үшiн ғана немесе кәсiпорынға арналған ақпарат жинау үшiн ғана ұстау;

      е) тұрақты қызмет орнын кәсiпорын үшiн дайындық немесе көмекшi сипаттағы кез-келген басқа қызметпен айналысу мақсаттары үшiн ғана ұстау;

      f) тұрақты қызмет орнының а) тармақшасынан е) тармақшасына дейiн санамалап көрсетiлген амал нәтижесiнде туындаған жиынтық қызметi дайындық немесе көмекшi сипатта болған жағдайда тұрақты қызмет орнын қызмет түрлерiнiң кез-келген осындай амалын жүзеге асыру үшiн ғана ұстау.

      5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, егер осы баптың 6-тармағында айтылған тәуелсiз мәртебесi бар агенттен өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнде басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны атынан әрекет етсе және бiрiншi Уағдаласушы Мемлекетте келiсiм шарттар жасауға өкiлеттiгi болса әрi оны әдетте пайдаланып жүрсе немесе кәсiпорынға тиесiлi тауарлар мен бұйымдар қорын сақтап отырса, олардан кәсiпорын атынан одан әрi өткiзу мақсатында осы тауарлар мен бұйымдар ұдайы жiберiлiп тұрса, онда бұл кәсiпорын осы тұлға кәсiпорын үшiн жүзеге асырып отырған кез-келген қызметке қатысты бiрiншi Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi (өкiлдiгi) бар кәсiпорын болып есептеледi, осындай тұлғаның қызметi осы баптың 4-тармағында ескертiлген қызмет түрлерiмен шектелетiн жағдай бұған қосылмайды.

      6. Кәсiпорын кәсiпкерлiк қызметiн басқа Уағдаласушы Мемлекетте делдал, комиссионер немесе тәуелсiз мәртебесi бар кез-келген басқа агент арқылы жүзеге асырғаны үшiн ғана, осындай тұлғалар өздерiнiң әдеттегi қызметi шеңберiнде әрекет еткен жағдайда, сол Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi (өкiлдiгi) бар кәсiпорын ретiнде қарастырылмайды. Алайда, мұндай агенттің қызметі осындай кәсіпорынның атынан толық немесе толық дерлік орындалса және осындай кәсіпорын мен агенттің арасында олардың коммерциялық және қаржылық өзара қатынастарында тәуелсіз кәсіпорындар арасында орнатылуы мүмкін болатыннан өзгеше жағдайлар жасалса, онда ол осы тармаққа сәйкес тәуелсіз мәртебесі бар агент болып есептелмейді.

      7. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияны бақылауы немесе оның бақылауында болуы яки осы басқа Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметпен айналысуы (не тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы немесе басқадай жолмен) фактiсiнiң өзi-ақ осы компаниялардың бiрiн екеншiсiнiң тұрақты мекемесiне (өкiлдiгiне) айналдырмайды.

      8. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекеттің сақтандыру ұйымы қайта сақтандыруды қоспағанда, егер ол басқа Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында жарналар жинаумен айналысса немесе онда туындайтын, осы баптың 6-тармағының ережелері қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға арқылы тәуекелдерді сақтандырса, басқа Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекеме құрады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

6-бап
Жылжымайтын мүлiктен алынатын табыс

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен алған табыстарға (соның iшiнде ауыл шаруашылығынан немесе орман шаруашылығынан алған табыстарға) осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. "Жылжымайтын мүлiк" терминi қарастырылып отырған мүлiк орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары бойынша қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаға ие болады. Бұл термин кез-келген жағдайда жылжымайтын мүлiкке қатысты қосалқы мүлiктi, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында пайдаланылатын мал мен жабдықтарды, жер меншiгiне қатысты жалпы құқық ережелерi қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлiк узуфруктын және минералдық қорларды, кен көздерiн және басқа да табиғи ресурстарды игеру үшiн немесе игеру құқығы үшiн берiлетiн өтемақы ретiндегi өзгермелi немесе кесiмдi төлемдерге арналған құқықтарды қамтиды; теңiз және әуе кемелерi жылжымайтын мүлiк ретiнде қарастырылмайды.

      3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi жылжымайтын мүлiктi тiкелей пайдаланудан, жалға беруден немесе кез-келген басқа жолмен пайдаланудан алынған табыстарға қолданылады.

      4. Осы баптың 1 және 3-тармақтарының ережелерi сондай-ақ кәсiпорындардың жылжмайтын мүлкiнен алынатын табыстарға және тәуелсiз жеке қызметтер көрсету үшiн пайдаланылатын жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстарға да қолданылады.

7-бап
Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда

      1. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналыспаса ғана осы кәсiпорынның пайдасына тек осы Мемлекетте салық салынады. Егер кәсіпорын кәсіпкерлік қызметті жоғарыда көрсетілгендей жүзеге асырса, онда осындай кәсіпорынның пайдасына екінші Уағдаласушы Мемлекетте, бірақ тек:

      a) осындай тұрақты мекемеге (өкілдікке);

      b) осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекеме (өкілдік) арқылы сатылатын тауарларға немесе бұйымдарға ұқсас немесе олармен бірдей тауарлардың немесе бұйымдардың сатылымына; немесе

      c) осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылатын, өзінің сипаты бойынша тұрақты мекеме (өкілдік) арқылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметке ұқсас немесе онымен бірдей басқа кәсіпкерлік қызметке жататын бөлігіне ғана салық салынуы мүмкін.

      2. Осы баптың 3-тармағының ережелерiн ескере отырып, егер Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса, онда осы тұрақты мекеме (өкiлдiк) нақ осындай немесе осыған ұқсас жағдайларда дәл осындай немесе осыған ұқсас қызметпен айналысатын дербес және бөлек кәсiпорын болып, өзi тұрақты мекемесi (өкiлдiгi) болып табылатын кәсiпорыннан мүлдем дербес әрекет жасағанда алуы мүмкiн пайда әрбiр Уағдаласушы Мемлекетте осындай тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) жатқызылады.

      3. Тұрақты мекеменiң (өкiлдiктiң) пайдасын айқындау кезiнде осы Мемлекеттiң iшкi заңдарында белгiленген нормалардың шегiнде тұрақты мекеменiң (өкiлдiктiң) мақсаттары үшiн жұмсалған шығындарды, соның iшiнде тұрақты мекеме (өкiлдiк) орналасқан Мемлекетте немесе одан тыс жерлерде жұмсалғанына қарамастан, басқару және жалпы әкiмшiлiк шығындарын шегерiп тастауға болады.

      4. Егер Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) қатысты пайданы кәсiпорынның жалпы жиынтық пайдасын оның әртүрлi бөлiмшелерi арасында бөлу арқылы немесе тура және жанама әдiстер негiзде айқындауға рұқсат етiлсе, онда осы баптың 2-тармағында ешнәрсе де Уағдаласушы Мемлекетке әдеттегi практиканы басшылыққа ала отырып, салық салынатын пайданы осындай бөлу арқылы немесе тура және жанама әдiстер негiзiнде айқындауға кесел келтiрмейтiн болады.

      5. Тұрақты мекеменiң (өкiлдiктiң) кәсiпорын үшiн тауарларды немесе бұйымдарды сатып алуы негiзiнде ғана осы тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) қандай да болсын пайда есептелмейдi.

      6. Егер пайда осы Конвенцияның басқа баптарында жеке айтылған табыс түрлерiн қамтитын болса, ол баптардың ережелерi осы баптың ережелерiн қозғамайды.

      7. Егер осындай тәртiптегi өзгерту үшiн жеткiлiктi және дәлелдi себептер болмаса, осының алдындағы тармақтардың мақсаттары үшiн тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) қатысты пайда жылма-жыл бiркелкi тәсiлмен айқындалады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

8-бап
Теңiз және әуе көлiгi

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi теңiз немесе әуе кемелерiн халықаралық тасымалда пайдаланудан алған пайдаға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.

      2. Осы баптың мақсаттары үшiн теңiз және әуе кемелерiн халықаралық тасымалда пайдаланудан алынған пайда, атап айтқанда, мыналарды:

      а) экипажы жоқ теңiз және әуе кемелерiн жалға беруден алынған табысты; және

      b) тауарлар мен бұйымдарды тасымалдау үшiн пайдаланылатын контейнерлердi (соның iшiнде трейлерлердi және контейнерлер тасымалдауға арналған iлеспе жабдықтарды) пайдаланудан, ұстаудан немесе жалға беруден алынған пайданы;

      егер мұндай жалдау немесе мұндай пайдалану, ұстау яки жалдау теңiз және әуе кемелерiн халықаралық тасымалда пайдалануға қатысты негiзгi емес қызмет түрi болғанда қамтиды.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi сондай-ақ пулға, бiрлескен кәсiпорынға немесе теңiз және әуе кемелерiн пайдалану жөнiндегi халықаралық ұйымға қатысудан алынған пайдаға да қолданылады.

9-бап
Ассоциацияланған кәсiпорындар

      1. Мына жағдайда:

      а) Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын басқаруға, немесе оның капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса, немесе

      b) белгiлi бiр тұлғалар Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорнын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса,

      және әрбiр жағдайда екi кәсiпорынның арасында олардың коммерциялық және қаржы тұрғысындағы өзара қарым-қатынастарында тәуелсiз екi кәсiпорынның арасында орын алуы мүмкiн жағдайлардан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда соладың бiрiне есептелуi мүмкiн, бiрақ осы жағдайлардың орын алуына байланысты оған есептелмеген кез-келген пайда осы кәсiпорынның табысына қосылып, оған тиесiнше салық салынуы мүмкiн.

      2. Бiр Уағдаласушы Мемлекет басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны осы басқа Мемлекетте салық салынған пайдасын осы Мемлекет кәсiпорнының пайдасына қосып, тиiсiнше салық салса және осылай қосылған пайда бiрiншi аталған Мемлекеттiң кәсiпорнына есептелуi мүмкiн пайда болса, егер екi кәсiпорынның арасындағы қатынастар тәуелсiз кәсiпорындардың арасындағы қатынастардай болса, онда осы басқа Мемлекет осы пайдадан алынатын салық сомасына тиiстi түзетулер жасауы мүмкiн. Осындай түзетулердi айқындау кезiнде осы Конвенцияның басқа ережелерi қаралуға тиiс, ал Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары қажет болған жағдайда бiр-бiрiмен ақылдасып отырады.

10-бап
Дивидендтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн дивидендтерiне осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Алайда осындай дивидендтерге дивидендтер төлейтiн компания резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер дивидендтер алушы оның нақты иесi болса, осылай алынатын салық дивидендтердiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспайтын болады.

      Бұл тармақ дивидендтер төленетiн пайдаға қатысты компанияға салық салуды қозғамайды.

      3. "Дивидендтер" терминi осы бапта пайдаланылғанда акциялардан немесе пайдаға қатысу құқығын беретiн борыш талаптары болып табылмайтын басқа да құқықтардан алынатын табысты, сондай-ақ пайданы бөлетiн компания резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес акциялардан алынатын табыс секiлдi нақ сондай салық салуға жататын басқа да корпоративтiк құқықтардан алынатын табысты бiлдiредi.

      4. Егер дивидендтердiң нақты иесi Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi бола отырып, дивидендтер төлейтiн компания резидентi болып отырған басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және төленiп жүрген дивидендтерге қатысы бар холдинг шын мәнiнде осындай тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) немесе тұрақты базаға қатысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай осы Конвенцияның 7 немесе 14-бабының ережелерi қолданылады.

      5. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi болып табылатын компания басқа Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алып тұрған жағдайда осы басқа Мемлекет, мұндай дивидендтер осы басқа Мемлекеттiң резидентiне төленетiн немесе өзiне қатысты дивидендтер төленетiн холдинг шын мәнiнде осы басқа Мемлекетте орналасқан тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) немесе тұрақты базаға қатысты болатын жағдайды қоспағанда, осы компания төлейтiн дивидендтердi салықтан толық босата алады және, егер тiптi дивидендтер төленген немесе бөлiнбеген пайда толық не iшiнара осы басқа Мемлекетте пайда болатын пайдадан немесе табыстан тұрған күннiң өзiнде, компанияның пайдасына салық сала алмайды.

      6. Осы Конвенцияда ешнәрсе Уағдаласушы Мемлекетке компанияның осы Мемлекеттегi тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) қатысты таза пайдасына осы Мемлекеттiң ұлттық тұлғасы болып табылатын компанияның пайдасына есептелетiн салыққа қосымша, осылай есептелген кез-келген қосымша салық бұның алдындағы салық салынған жылдары осындай салық салуға ұшырамаған осындай пайда сомасының 2 процентiнен аспайтын жағдайда, салық салуға кедергi келтiретiндей болып пайымдала алмайды. Осы тармақтың мақсаттары үшiн пайда осы тармақта ескертiлген, тұрақты мекеме (өкiлдiк) орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте алынатын қосымша салыққа қарағанда өзгеше барлық салықтарды одан шегерiп тастағаннан кейiн айқындалады.

11-бап
Проценттер

      1. Бiр Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн проценттерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Алайда мұндай проценттерге сондай-ақ олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер проценттер алушы оның нақты иесi болса, ондай жағдайда алынатын салық проценттердiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспауы тиiс.

      3. Осы баптың 2-тармағының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын пайыздарға, егер пайыздардың нақты иесі:

      a) Қазақстан жағдайында:

      (i) Үкімет,

      (ii) орталық немесе жергілікті билік органы,

      (iii) Ұлттық Банк,

      (iv) басқа Уағдаласушы Мемлекетке толығымен тиесілі кез келген басқа қаржы мекемесі;

      b) Әзербайжан жағдайында:

      (i) Үкімет,

      (ii) орталық немесе жергілікті билік органы,

      (iii) Орталық банк,

      (іv) басқа Уағдаласушы Мемлекетке толығымен тиесілі кез келген басқа қаржы мекемесі болып табылса, осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салудан босатылады.

      4. "Проценттер" терминi осы бапта пайдаланылған кезде кепiлмен қамтамасыз етiлген немесе қамтамасыз етiлмеген және борышқорлардың пайдасына қатысу құқығын беретiн немесе бермейтiн кез-келген түрдегi борыш талаптарынан алынатын табысты және, атап айтқанда, үкiметтiң бағалы қағаздарынан алынатын табыс пен облигациялардан немесе борыштық мiндеттемелерден алынатын табысты, соның iшiнде осы бағалы қағаздар, облигациялар яки борыштық мiндеттемелер бойынша төленетiн сыйақылар мен ұтыстарды бiлдiредi. Мезгiлiнде төленбеген төлемдер үшiн алынатын айыппұлдар осы баптың мақсаттары үшiн проценттер ретiнде қарастырылмайды.

      5. Егер проценттердiң нақты иесi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола отырып, проценттер пайда болатын басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және проценттер төлеуге негiз болып отырған борыш талабы шын мәнiнде осындай тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) немесе тұрақты базаға қатысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай осы Конвенцияның 7-бабының немесе 14-бабының ережелерi қолданылады.

      6. Егер төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, пайыздар Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер пайыздарды төлейтін тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте оған байланысты пайыздарды төлеу жөніндегі міндеттеме туындайтын тұрақты мекемесі (өкілдігі) немесе тұрақты базасы болса және осындай пайыздар бойынша шығыстарды тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база төлейтін болса, онда осындай пайыздар мұндай тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі.

      7. Егер проценттер төлеушi мен оның нақты иесi арасындағы немесе сол екеуi мен қандай да болсын үшiншi тұлғаның арасындағы айырқша қатынастарға байланысты борыштық талапқа қатысты және соның негiзiнде төленетiн проценттердiң сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда проценттер төлеушi мен оның нақты иесi арасында келiсiле алатындай сомада асып кетсе, онда осы баптың ережелерi тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнiң басы артық бөлiгiне осы Конвенцияның басқа ережелерiн ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуға тиiс.

      8. Егер проценттер төленетiн борыш талабының туындауына немесе тапсырылуына байланысы бар кез-келген тұлғаның басты мақсаты немесе басты мақсаттарының бiрi осы борыш талаптарын жасау немесе тапсыру арқылы осы баптан пайда алу болса, осы баптың ережелерi қолданылмайды.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

12-бап
Роялти

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнде пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн роялтиге осы басқа Мемлекетке салық салынуы мүмкiн.

      2. Алайда мұндай роялтиге сондай-ақ ол пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер роялтидi алушы оның нақты иесi болса, онда осылайша алынатын салық роялтидiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспауы тиiс.

      3. "Роялти" терминi осы бапта пайдаланылғанда әдеби, өнер немесе ғылым шығармаларына, бағдарламалық қамтамасыз етуге, кинематографиялық фильмдерге, кез-келген патентке, сауда маркасына, дизайнға немесе үлгiге, жоспарға, құпия формулаға яки процеске берiлген кез-келген авторлық құқықты пайдаланғаны үшiн немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн немесе өнеркәсiптiк, коммерциялық яки ғылыми жабдықтарды пайдаланғаны үшiн немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн сыйақы ретiнде алынған төлемдердiң кез-келген түрiн бiлдiредi.

      4. Егер роялтидiң нақты иесi бiр Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола отырып, роялти пайда болатын басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және өздерiне қатысты роялти төленетiн құқық немесе мүлiк шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен (өкiлдiкпен) немесе тұрақты базамен байланысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай осы Конвенцияның 7 немесе 14-бабының ережелерi қолданылады.

      5. Егер төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, роялти Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер роялтиді төлейтін тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте оған байланысты роялтиді төлеу жөніндегі міндеттеме туындайтын тұрақты мекемесі (өкілдігі) немесе тұрақты базасы болса және осындай роялти бойынша шығыстарды тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база төлейтін болса, онда роялти тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі.

      6. Егер роялти төлеушi мен оның нақты иесi арасындағы немесе сол екеуi мен қандай да болсын үшiншi тұлғаның арасындағы айрықша қатынастарға байланысты өзi негiзге алынып төленетiн пайдалануға, құқыққа немесе ақпаратқа қатысты роялтидiң сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда роялти төлеушi мен оның нақты иесi арасында келiсiле алатындай сомадан асып кетсе, осы баптың ережелерi тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнiң басы артық бөлiгiне осы Конвенцияның басқа ережелерiн тиiсiнше ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуға тиiс.

      7. Егер төленетiн роялтиге қатысы бар құқықтарды жасауға немесе беруге байланысы бар кез-келген тұлғаның басты мақсаты немесе басты мақсаттарының бiрi осындай құқықтарды жасау немесе беру арқылы осы баптан пайда алу болса, осы баптың ережелерi қолданылмайды.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

13-бап
Мүлiктi шеттетуден алынатын табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi, осы Конвенцияның 6-бабында айқындалғандай, басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктi шеттетуден алатын табыстарға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте ие болып отырған тұрақты мекеменiң (өкiлдiктiң) кәсiпкерлiк мүлкiнiң бiр бөлiгiн құрайтын жылжымалы мүлiктi немесе тәуелсiз жеке қызметтер көрсету мақсаттары үшiн Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентiнiң басқа Уағдаласушы Мемлекетте қарамағында болып отырған тұрақты базаға қатысты жылжымалы мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға, соның iшiнде осындай тұрақты мекеменi (өкiлдiктi) (жеке өзiн немесе тұтас кәсiпорынмен қоса) немесе осындай тұрақты базаны шеттетуден алынған табыстарға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      3. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын теңiз немесе әуе кемелерiн немесе осындай теңiз яки әуе кемелерiн пайдалануға байланысты жылжымалы мүлiктi шеттетуден алатын табыстарға тек осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

      4. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті құнының 50 пайыздан астамы басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлікке тікелей немесе жанама түрде байланысты компанияның акцияларын, капиталындағы қатысу үлестерін немесе өзге құқықтарын иеліктен шығарудан алған табыстарға осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.

      5. Осы баптың алдыңғы тармақтарында көзделгеннен өзге кез келген мүлікті иеліктен шығарудан алынған табыстарға мүлікті иеліктен шығарып отырған тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

14-бап
Тәуелсiз жеке қызметтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттің резидентінің кәсіби қызметтеріне немесе тәуелсіз сипаттағы басқа да қызметіне қатысты алатын табысына осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады, мұндай табысқа:

      a) егер оның өз қызметін жүзеге асыру мақсаттары үшін басқа Уағдаласушы Мемлекетте оған тиесілі тұрақты базасы бар болса; бұл жағдайда табыстың осы тұрақты базаға қатысты бөлігіне ғана; немесе

      b) егер ол басқа Уағдаласушы Мемлекетте кез келген он екі айлық кезеңде жиынтығында 183 күннен асатын кезең немесе кезеңдер бойы болса; бұл жағдайда осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылатын қызметтен алынған табыстың бөлігіне ғана екінші Уағдаласушы Мемлекетте де салық салынуы мүмкін жағдайлар жатпайды.

      2. "Кәсiби қызметтер" терминi, атап айтқанда, тәуелсiз ғылыми, әдеби, артистiк, бiлiм беру немесе оқытушылық қызметтi, сондай-ақ дәрiгерлердiң, заңгерлердiң, инженерлердiң, сәулетшiлердiң, тiс дәрiгерлерiнiң және бухгалтерлердiң тәуелсiз қызметтерiн қамтиды.

      3. Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн "тұрақты база" терминi, атап айтқанда, жеке қызметтер көрсететiн тұлғаның қызметi сол арқылы толық немесе iшiнара жүзеге асырылатын тұрақты орынды (бөлме, кабинет немесе кеңсе секiлдi) бiлдiредi.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

15-бап
Тәуелдi жеке қызметтер

      1. Осы Конвенцияның 16, 18 және 19-баптарының ережелерiн ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi жалданып iстеген жұмысына байланысты алатын ырзықақыға, жалақыға және басқа осындай сыйақыларға, егер тек жалданып iстейтiн жұмыс басқа Уағдаласушы Мемлекетте атқарылмаса, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер жалданып iстейтiн жұмыс осылайша атқарылса, осыған байланысты алынған сыйақыларға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiне қарамастан, егер:

      а) сыйақы алушы тиiстi салық жылы басталатын немесе аяқталатын кез-келген 12 айлық кезеңде жалпы ұзақтығы 183 күннен аспайтын кезең iшiнде немесе кезеңдер бойы осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүрсе; және

      b) сыйақыны басқа Мемлекеттiң резидентi болып табылмайтын жалдаушы төленсе немесе ол жалдаушының атынан төленсе; және

      с) сыйақыларды төлеу жөнiндегi шығындарды жалдаушының басқа Мемлекеттегi тұрақты мекемесi (өкiлдiгi) немесе тұрақты базасы көтерiп алмаса, Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте жалданып iстеген жұмысына байланысты алатын сыйақыға тек бiрiншi аталған Мемлекетте ғана салық салынады.

      3. Осы баптың осының алдындағы ережелерiне қарамастан, халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын теңiз және әуе кемесiнiң бортында жалданып iстейтiн жұмысқа байланысты алынатын сыйақыға теңiз немесе әуе кемесiн пайдаланатын кәсiпорын резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

16-бап
Директорлардың сыйақылары

      Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi директорлар кеңесiнiң немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның осындай органының мүшесi ретiнде алатын директорлар сыйақылары мен басқа да осындай төлемдерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

17-бап
Артистер мен спортшылар

      1. Осы Конвенцияның 14 және 15-баптарының ережелерiне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi театр, кино, эстрада, радио немесе теледидар артисi немесе сазгер секiлдi өнер қызметкерi ретiнде немесе спортшы ретiнде басқа Уағдаласушы Мемлекетте айналысатын өзiнiң жеке қызметiнен алатын табысына осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Егер өнер қызметкерінің немесе спортшының өзiнiң осы сипатында айналысатын жеке қызметiнен алатын табысы өнер қызметкерiнiң немесе спортшының өзiне емес, басқа тұлғаға есептелсе, онда бұл табысқа осы Конвенцияның 7, 14 және 15-баптарының ережелерiне қарамастан өнер қызметкерiнiң немесе спортшының қызметi жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

18-бап
Зейнетақылар

      Осы Конвенцияның 19-бабының 2-тармағының ережелерiн ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне жалданып атқарған бұрынғы жұмысына байланысты төленетiн зейнетақыларға және басқа да осындай сыйақыларға осы Мемлекетте салық салынуы тиiс.

19-бап
Мемлекеттiк қызмет

      1. а) Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлiмшесi яки жергiлiктi өкiмет органы кез-келген жеке тұлғаға осы Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы үшін жүзеге асырылатын қызмет үшін төлейтiн зейнетақыдан өзге сыйақыға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.

      b) Алайда, егер қызмет осы Мемлекетте жүзеге асырылса және осы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын жеке тұлға;

      (I) осы мемлекеттiң азаматы болса; немесе

      (II) қызметтi жүзеге асыру мақсатында ғана осы Мемлекеттiң

      резидентi болмаса, мұндай сыйақыға тек басқа Уағдаласушы

      Мемлекетте ғана салық салынады.

      2. а) Уағдаласушы мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлiмшесi яки жергiлiктi өкiмет органы жеке тұлғаға төлейтiн немесе олар құрған қорлардан осы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлiмшесi яки өкiмет органы үшiн жүзеге асыратын қызметi үшiн төленетiн кез-келген зейнетақыға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.

      b) Алайда, егер жеке тұлға басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi немесе азаматы болса, мұндай зейнетақыға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.

      3. Осы Конвенцияның 15, 16 және 18-баптарының ережелерi Уағдаласушы Мемлекеттiң немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлiмшесiнiң яки жергiлiктi өкiмет органының кәсiпкерлiк қызметтi атқаруына байланысты жүзеге асырылатын қызметке қатысты сыйақылар мен зейнетақыларға қолданылады.

      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

20-бап
Студенттер

      Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiне келердiң нақ алдында басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерi болған немесе болып табылатын және бiрiншi аталған Мемлекетте тек оқу немесе бiлiм алу және тағылымдамадан өту мақсатында тұрып жатқан студент, аспирант немесе кәсiби оқудан өтiп жатқан тұлға алатын әрi тұруға, оқуға және бiлiм алуға арналған төлемдерге, мұндай төлемдердiң көздерi осы Мемлекеттен тыс жерлерде болған жағдайда, бiрiншi аталған Мемлекетте салық салынбайды.

21-бап
Басқа да табыстар

      1. Осы Конвенцияның осының алдындағы баптарында ескертiлмеген, Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнде пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн табыс түрлерiне осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Алайда мұндай табыстарға сондай-ақ олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте де салық салынуы мүмкiн.

      3. Егер осы Конвенцияның 6-бабының 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстан өзге табыстарды алушы Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi болса, басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса және осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және табыс алуға негiз болған құқық немесе мүлiк шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен (өкiлдiкпен) немесе тұрақты базамен байланысты болса, мұндай табыстарға осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай осы Конвенцияның 7-бабының немесе 14-бабының ережелерi қолданылады.

22-бап
Мүлiк

      Ескерту. 22-бап алып тасталды - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

23-бап
Қосарланған салық салуды жою

      1. Қазақстан жағдайында қосарланған салық салу былай жойылады:

      a) егер Қазақстанның резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Әзербайжанда салық салынуы мүмкін табыс тапса, Қазақстан резиденттің осындай табысына салынатын салықтан Әзербайжанда төленген табыс салығына тең соманы шегеріп тастауға мүмкіндік береді.

      Мұндай шегерім кез келген жағдайда Қазақстанда қолданылып жүрген мөлшерлемелер бойынша осындай табысқа есептелуі мүмкін салықтың мөлшерінен аспауы тиіс;

      b) егер Қазақстанның резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес тек қана Әзербайжанда салық салынатын табыс тапса, Қазақстан бұл табысты салық салу базасына, бірақ тек Қазақстанда салық салынуға жататын осындай басқа табысқа салынатын салық мөлшерлемесін белгілеу мақсаттары үшін ғана енгізуі мүмкін.

      2. Әзербайжан жағдайында қосарланған салық салу былай жойылады:

      егер Әзербайжанның резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Қазақстанда салық салынуы мүмкін табыс тапса, онда Қазақстанда төленген осы табысқа салынатын салық сомасы Әзербайжанда резиденттің осындай табысынан алынатын салықтан шегеріліп тасталуы тиіс. Мұндай шегерім, алайда, Әзербайжанның салық заңнамасына сәйкес есептелген осындай табысқа салынатын оның салық сомасынан аспайтын болады.

      Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

24-бап
Кемсiтпеу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң ұлттық тұлғалары нақ осындай жағдайларда осы басқа Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемеге басқа Уағдаласушы Мемлекетте ұшырамайтын болады.

      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерi болып табылатын азаматтығы жоқ тұлғалар нақ осындай жағдайларда осы Мемлекеттiң азаматтары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салуға және соған байланысты мiндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты кез-келген салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемеге Уағдаласушы Мемлекеттердiң ешқайсысында да ұшырамайтын болады.

      3. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте ие болып отырған тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) салық салу осы басқа Мемлекетте нақ осындай қызметпен айналысатын осы басқа Мемлекеттiң кәсiпорнына салық салуға қарағанда қолайсыздау болмауға тиiс. Бұл ереже Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiн ол өзiнiң төл резиденттерiне олардың азаматтық мәртебесi немесе отбасы жағдайлары негiзiнде берiп отырған салық салу жөнiндегi қандай да болсын жеке жеңiлдiктердi, шегерiмдер мен шегерулердi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерiне де беруге мiндеттейтiндей болып пайымдалмауға тиiс.

      4. 9-баптың 1-тармағының, 11-баптың 7-тармағының, 12-баптың 6-тармағының ережелерi қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн проценттер, роялти және басқа да төлемдер осындай кәсiпорынның салық салынатын пайдасын айқындау мақсатында бiрiншi аталған Мемлекеттiң резидентiне олар қалай төленсе, нақ сондай жағдайларда шегерiлiп тасталуға тиiс.

      5. Капиталы басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң бiр немесе бiрнеше резидентiне толық немесе iшiнара тиесiлi немесе олар тiкелей не жанама түрде бақылап отырған Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорындары бiрiншi аталған Мемлекеттiң басқа осындай кәсiпорындары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салудан яки онымен байланысты мiндеттемеден өзгеше яки анағұрлым ауыртпалықты болып келетiн кез-келген салық салуға немесе онымен байланысты кез-келген мiндеттемеге бiрiншi аталған Мемлекетте ұшырамауға тиiс.

      6. Осы баптың ережелерi осы Конвенция қолданылатын салықтарға қолданылатын болады.

25-бап
Өзара келiсiп алу рәсiмi

      1. Егер тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де iс-әрекеттерi өзiн осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға душар етiп отыр немесе душар ететiн болады деп есептесе, ол осы Мемлекеттердiң iшкi заңдарында көзделген қорғану құралдарына қарамастан өзiнiң iсiн өзi резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң немесе, егер оның жағдайы 24-баптың 1-тармағының қолданылу аясына жататын болса, өзi ұлттық тұлғасы болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органдарының қарауы үшiн бере алады. Арыз осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға душар еткен iс-әрекеттер туралы алғашқы хабар жеткiзiлген сәттен бастап үш жыл iшiнде берiлуi тиiс.

      2. Құзыреттi орган, егер ол шағымды орынды деп есептесе және егер өзi қанағаттанарлық шешiмге келе алмайтын болса, осы Конвенцияға сәйкес келмейтiн салық салуды болдырмау мақсатында мәселенi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органмен өзара келiсе отырып шешуге ұмтылады. Кез-келген қол жеткiзiлген Уағдаласушы Мемлекеттердiң iшкi заңдарында бар қандай да бiр уақыт шектеулерiне қарамастан орындалуға тиiс.

      3. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы Конвенцияны пайымдау немесе қолдану кезiнде туындайтын кез-келген қиындықтарды немесе күмәндарды өзара келiсе отырып шешуге ұмтылатын болады. Олар сондай-ақ осы Конвенцияда көзделмеген жағдайларда қосарланған салық салуды жою мақсатында бiр-бiрiмен ақылдаса алады.

      4. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осының алдындағы тармақтарды келiсу әрi түсiнiсу мақсатында бiр-бiрiмен тiкелей байланыс жасай алады.

26-бап
Ақпарат алмасу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы Конвенцияның ережелерін орындау немесе әкімшілендіру немесе Уағдаласушы Мемлекеттердің, олардың әкімшілік-аумақтық бөлімшелерінің, орталық немесе жергілікті билік органдарының атынан салық салу осы Конвенцияға қайшы келмейтін дәрежеде алынатын салықтардың кез келген түріне және сипатына қатысты ұлттық заңнаманы қолдану үшін қажетті ақпарат алмасады. Ақпарат алмасу осы Конвенцияның 1 және 2-баптарымен шектелмейді.

      2. Уағдаласушы Мемлекет осы баптың 1-тармағына сәйкес алған кез келген ақпарат осы Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес алынған ақпарат сияқты құпия болып есептеледі және осы баптың 1-тармағында айтылған салықтарға қатысты бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндіріп алумен немесе сот қудалауымен немесе апелляцияларды қараумен, сол сияқты жоғарыда көрсетілгендердің барлығын қадағалаумен айналысатын тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкімшілік органдарды қоса алғанда) ғана жария етіледі. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдалана алады. Олар ақпаратты ашық сот отырысы барысында немесе сот шешімдерін қабылдаған кезде жария ете алады.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері Уағдаласушы Мемлекетке:

      а) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына және әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларын қолдану;

      b) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша немесе әдеттегі әкімшілендіру барысында алуға болмайтын ақпаратты ұсыну;

      c) қандай да бір сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны немесе сауда процесін ашуы мүмкін ақпаратты немесе ашылуы мемлекеттік саясатқа (ordre public) қайшы келуі мүмкін ақпаратты ұсыну міндеттемелерін жүктейтіндей түсіндірілмейді.

      4. Егер ақпаратты осы бапқа сәйкес бір Уағдаласушы Мемлекет сұратса, басқа Уағдаласушы Мемлекет тіпті, егер осындай ақпарат осы басқа Уағдаласушы Мемлекетке өзінің жеке салықтық мақсаттары үшін қажет болмаса да, сұрау салынған ақпаратты жинау жөніндегі шараларды қолданады. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттемеге осы баптың 3-тармағының шектеулері қолданылады, бірақ мұндай шектеулер Уағдаласушы Мемлекетке осындай ақпаратқа ішкі мүдделіліктің болмауы себебінен ғана ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей түсіндірілмейді.

      5. Осы баптың 3-тармағының ережелері ақпарат иесі банк, басқа қаржы мекемесі, номиналды ұстаушы немесе агент немесе сенім білдірілген өкіл ретінде әрекет ететін тұлға болып табылатындығы себебінен немесе ақпарат меншік құқығы берілген тұлғаға қатысты болуы себебінен ғана Уағдаласушы Мемлекетке ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей түсіндірілмейді.

      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.02.2018 № 141-VI Заңымен.

27-бап
Салық жинауда көмек көрсету

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары салық жинауда бiр-бiрiне көмек көрсетiп отырады, бұл ретте осы ереже осы Конвенцияның 2-бабының ережелерiмен шектелiп қалмайды.

      2. Осы бапта ешнәрсе де Уағдаласушы Мемлекеттi оның өз салықтарын жинау кезiнде пайдаланылатыннан өзгеше немесе оның әдеттегi практикасына қайшы келетiн әкiмшiлiк сипаттағы шаралар қолдануға мiндеттейтiндей болып пайымдала алмайды.

      3. Осы бапты қолдану жөнiндегi практикалық iс-қимылдар салық заңдарын сақтау мәселелерi жөнiндегi ынтымақтастық және өзара көмек туралы Уағдаласушы Мемлекеттер Үкiметтерi арасындағы Келiсiм арқылы айқындалатын болады.

28-бап Дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдық мекемелердiң мүшелерi

      Осы Конвенция ережелерiнiң ешқайсысы дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдық мекемелер мүшелерiнiң халықаралық құқықтық жалпы нормалары арқылы немесе арнаулы келiсiмдердiң ережелерiне сәйкес берiлген салық артықшылықтарын қозғамайтын болады.

28-1-бап
Жеңілдіктерді шектеу

      1. Осы Конвенцияның ережелері ешқандай жағдайда да Уағдаласушы Мемлекетке өзінің ұлттық заңнамасының ережелерін және салықтан жалтаруға немесе шын мәнінде осылайша сипатталған жалтаруға қарсы шараларды қолдануға тыйым салмайды.

      2. Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне, егер оның ісі басты мақсат немесе басты мақсаттардың бірі осы Конвенциядан пайда алу болып табылатындай құрылған болса, осы Конвенцияны қолдану құқығы берілмеуі тиіс.

      Ескерту. Конвенция 28-1-баппен толықтырылды - ҚР 06.02.2018 № 141-VI Заңымен.

29-бап
Күшiне енуi

      1. Осы Конвенция бекiтiлуге тиiс және Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуi де оның күшiне енуi үшiн әр Мемлекеттiң iшкi заңдарында көзделген рәсiмдердi орындағанын көрсететiн хабардың соңғысынан кейiнгi 30-күнi күшiне енедi және оның ережелерi:

      а) Конвенция күшiне енген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап немесе содан кейiн ұсталатын яки есепке алынатын сомаға қатысты көзден ұсталатын салықтарға; және

      b) Конвенция күшiне енген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бiрiншi қаңтарынан немесе содан кейiн басталатын салық салынатын кезеңге қатысты басқа да салықтарға қолданылатын болады.

30-бап
Қолданылу күшiн тоқтату

      Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрi оның күшiн тоқтатпайынша күшiнде қала бередi. Әрбiр Уағдаласушы Мемлекет Конвенция күшiне енген күннен бес жыл өткен соң кез-келген күнтiзбелiк жылдың аяқталуынан кемiнде алты ай бұрын Конвенцияның қолданылу күшiн тоқтату туралы дипломатиялық арналар арқылы хабарлай отырып, Конвенцияның күшiн тоқтата алады. Мұндай жағдайда Конвенция:

      а) қолданылу үшiн тоқтату туралы хабарлама берiлген жылдан кейiн келетiн жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап немесе содан кейiн төленетiн яки есепке алынатын сомалар бойынша көзден ұсталатын салықтарға қатысты; және

      b) қолданылу күшiн тоқтату туралы хабарлама берiлген жылдан кейiн келетiн жылдың бiрiншi қаңтарынан немесе содан кейiн басталатын салық салынатын кезең үшiн басқа да салықтарға қатысты өзiнiң қолданылу күшiн тоқтатады.

      Баку қаласында 1996 жылғы 16 кыркүйекте әрқайсысы қаза, әзiрбайжан және орыс тiлдерiнде екi дана етiп жасалды, бұл ретте барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Конвенцияның ережелерiн пайымдауда алшақтық туа қалған жағдайда орысша мәтiн айқындаушы болады.

Қазақстан Республикасының

Әзiрбайжан Республикасының

Үкiметi үшiн

Үкiметi үшiн


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады