1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 28 ақпандағы № 141-VІ ҚРЗ.

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗ

      1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Əзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау жəне салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Əзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы 2017 жылғы 3 сəуірде Бакуде жасалған хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ

1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы хаттама

      (2018 жылғы 27 сәуірде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 3, 40-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі,

      1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға (бұдан әрі - Конвенция) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама жасасуға ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Конвенцияның атауындағы "табыс пен мүлікке" деген сөздер "табысқа" деген сөзбен ауыстырылсын.

      2. Конвенцияның бүкіл мәтіні бойынша "әкімшілік бөлімшесі" деген сөздер тиісті септіктегі "әкімшілік-аумақтық бөлімшесі" деген сөздермен ауыстырылсын.

2-бап

      1. Конвенцияның 2-бабының 1-тармағындағы "табыс пен мүлікке" деген сөздер "табысқа" деген сөзбен ауыстырылсын.

      2. Конвенцияның 2-бабының 2-тармағындағы "табыс пен мүлікке" деген сөздер "табысқа" деген сөзбен ауыстырылып, ", мүліктің жалпы құнынан", "яки мүліктің" деген сөздер алып тасталсын.

      3. Конвенцияның 2-бабының 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Конвенция қолданылатын қазір алынып жүрген салықтар, атап айтқанда, мыналар болып табылады:

      а) Қазақстан Республикасында:

      (i) корпоративтік табыс салығы;

      (ii) жеке табыс салығы;

      (бұдан әрі "Қазақстан салықтары" деп аталатындар);

      б) Әзербайжан Республикасында:

      (i) заңды тұлғалардың пайдасына салынатын салық;

      (ii) жеке тұлғалардың табыстарына салынатын салық

      (бұдан әрі "Әзербайжан салықтары" деп аталатындар).".

3-бап

      1. Конвенцияның 3-бабы 1-тармағының а) тармақшасының (і) және (іі) тармақшалары мынадай редакция да жазылсын:

      "(і) "Қазақстан" термині Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынада қолданған кезде "Қазақстан" термині оның заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік аумағын және Қазақстан өзінің егеменді құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын аймақтарды білдіреді;

      (іі) "Әзербайжан" термині Әзербайжан Республикасының ішкі суларын, Әзербайжан Республикасына тиесілі Каспий теңізінің (көлінің) секторын, Әзербайжан Республикасының үстіндегі әуе кеңістігін, сондай-ақ халықаралық құқыққа және Әзербайжан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес оның шегінде Әзербайжан Республикасы жер қойнауларына, теңіз түбіне және табиғи ресурстарға қатысты өзінің егеменді құқықтарын және юрисдикциясын жүзеге асыратын аумақ ретінде айқындалатын немесе болашақта айқындалатын кез келген басқа да аумақты қоса алғанда, Әзербайжан Республикасының аумағын білдіреді;".

      2. Конвенцияның 3-бабы 1-тармағының е) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "е) "бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" және "екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" терминдері тиісінше бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын кәсіпорынды және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын кәсіпорынды білдіреді;".

      3. Конвенцияның 3-бабы 1-тармағының g) тармақшасының (іі) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "(іі) Әзербайжанда: Салықтар жөніндегі министрлікті және Қаржы министрлігін білдіреді;".

      4. Конвенцияның 3-бабының 2-тармағы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Осы Уағдаласушы Мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес кез келген мағына терминге осы Уағдаласушы Мемлекеттің басқа заңдары бойынша берілетін мағынадан жоғары басымдыққа ие болады.";

4-бап

      1. Конвенцияның 4-бабының 1-тармағында:

      (i) мынадай сөйлем алып тасталсын:

      "Ол сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттің заңдарына сәйкес құрылған және, әдетте, осы Мемлекетте салық салудан босатылған кез келген ұйымды қамтиды.";

      (ii) "немесе осы Мемлекеттегі мүліктен" деген сөздер алып тасталсын.

      2. Конвенцияның 4-бабы 2-тармағының d) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "d) егер жеке тұлғаның резиденттігі мәртебесін осы тармақтың а), d) және с) тармақшаларының ережелеріне сәйкес айқындала алмайтын болса, онда Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы мәселені өзара келісім бойынша шешеді.".

5-бап

      1. Конвенцияның 5-бабы 3-тармағының b) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "b) қызметшілер немесе кәсіпорын осындай мақсаттар үшін жалдаған басқа да персонал арқылы кәсіпорын көрсететін консультациялық қызметтерді қоса алғанда, қызметтер көрсету, бірақ егер осындай сипаттағы қызмет (осындай немесе оған байланысты жоба үшін) Уағдаласушы Мемлекетте кез келген 12 айлық кезең шегінде 6 айдан астам кезең немесе кезеңдер бойы жалғасатын болса ғана.".

      2. Конвенцияның 5-бабының 6-тармағы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Алайда, мұндай агенттің қызметі осындай кәсіпорынның атынан толық немесе толық дерлік орындалса және осындай кәсіпорын мен агенттің арасында олардың коммерциялық және қаржылық өзара қатынастарында тәуелсіз кәсіпорындар арасында орнатылуы мүмкін болатыннан өзгеше жағдайлар жасалса, онда ол осы тармаққа сәйкес тәуелсіз мәртебесі бар агент болып есептелмейді.".

      3. Конвенцияның 5-бабы мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:

      "8. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекеттің сақтандыру ұйымы қайта сақтандыруды қоспағанда, егер ол басқа Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында жарналар жинаумен айналысса немесе онда туындайтын, осы баптың 6-тармағының ережелері қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға арқылы тәуекелдерді сақтандырса, басқа Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекеме құрады.".

6-бап

      Конвенцияның 7-бабы 1-тармағының екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер кәсіпорын кәсіпкерлік қызметті жоғарыда көрсетілгендей жүзеге асырса, онда осындай кәсіпорынның пайдасына екінші Уағдаласушы Мемлекетте, бірақ тек:

      a) осындай тұрақты мекемеге (өкілдікке);

      b) осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекеме (өкілдік) арқылы сатылатын тауарларға немесе бұйымдарға ұқсас немесе олармен бірдей тауарлардың немесе бұйымдардың сатылымына; немесе

      c) осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылатын, өзінің сипаты бойынша тұрақты мекеме (өкілдік) арқылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметке ұқсас немесе онымен бірдей басқа кәсіпкерлік қызметке жататын бөлігіне ғана салық салынуы мүмкін.".

7-бап

      1. Конвенцияның 11-бабының 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы баптың 2-тармағының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын пайыздарға, егер пайыздардың нақты иесі:

      a) Қазақстан жағдайында:

      (i) Үкімет,

      (ii) орталық немесе жергілікті билік органы,

      (iii) Ұлттық Банк,

      (iv) басқа Уағдаласушы Мемлекетке толығымен тиесілі кез келген басқа қаржы мекемесі;

      b) Әзербайжан жағдайында:

      (i) Үкімет,

      (ii) орталық немесе жергілікті билік органы,

      (iii) Орталық банк,

      (іv) басқа Уағдаласушы Мемлекетке толығымен тиесілі кез келген басқа қаржы мекемесі болып табылса, осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салудан босатылады.".

      2. Конвенцияның 11-бабының 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Егер төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, пайыздар Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер пайыздарды төлейтін тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте оған байланысты пайыздарды төлеу жөніндегі міндеттеме туындайтын тұрақты мекемесі (өкілдігі) немесе тұрақты базасы болса және осындай пайыздар бойынша шығыстарды тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база төлейтін болса, онда осындай пайыздар мұндай тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі.".

8-бап

      Конвенцияның 12-бабының 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Егер төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, роялти Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер роялтиді төлейтін тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте оған байланысты роялтиді төлеу жөніндегі міндеттеме туындайтын тұрақты мекемесі (өкілдігі) немесе тұрақты базасы болса және осындай роялти бойынша шығыстарды тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база төлейтін болса, онда роялти тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі.".

9-бап

      1. Конвенцияның 13-бабының 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті құнының 50 пайыздан астамы басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлікке тікелей немесе жанама түрде байланысты компанияның акцияларын, капиталындағы қатысу үлестерін немесе өзге құқықтарын иеліктен шығарудан алған табыстарға осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.".

      2. Конвенцияның 13-бабы мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Осы баптың алдыңғы тармақтарында көзделгеннен өзге кез келген мүлікті иеліктен шығарудан алынған табыстарға мүлікті иеліктен шығарып отырған тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.".

10-бап

      Конвенцияның 14-бабының 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Уағдаласушы Мемлекеттің резидентінің кәсіби қызметтеріне немесе тәуелсіз сипаттағы басқа да қызметіне қатысты алатын табысына осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады, мұндай табысқа:

      a) егер оның өз қызметін жүзеге асыру мақсаттары үшін басқа Уағдаласушы Мемлекетте оған тиесілі тұрақты базасы бар болса; бұл жағдайда табыстың осы тұрақты базаға қатысты бөлігіне ғана; немесе

      b) егер ол басқа Уағдаласушы Мемлекетте кез келген он екі айлық кезеңде жиынтығында 183 күннен асатын кезең немесе кезеңдер бойы болса; бұл жағдайда осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылатын қызметтен алынған табыстың бөлігіне ғана екінші Уағдаласушы Мемлекетте де салық салынуы мүмкін жағдайлар жатпайды.".

11-бап

      Конвенцияның 19-бабы 1-тармағының а) тармақшасындағы "осы Мемлекетке, әкімшілік бөлімшесіне немесе жергілікті өкімет органына көрсетілетін қызметтерге қатысты" деген сөздер "осы Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы үшін жүзеге асырылатын қызмет үшін" деген сөздермен ауыстырылсын.

12-бап

      Конвенцияның 22-бабы алып тасталсын.

13-бап

      Конвенцияның 23-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

"23-бап
Қосарланған салық салуды жою

      1. Қазақстан жағдайында қосарланған салық салу былай жойылады:

      a) егер Қазақстанның резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Әзербайжанда салық салынуы мүмкін табыс тапса, Қазақстан резиденттің осындай табысына салынатын салықтан Әзербайжанда төленген табыс салығына тең соманы шегеріп тастауға мүмкіндік береді.

      Мұндай шегерім кез келген жағдайда Қазақстанда қолданылып жүрген мөлшерлемелер бойынша осындай табысқа есептелуі мүмкін салықтың мөлшерінен аспауы тиіс;

      b) егер Қазақстанның резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес тек қана Әзербайжанда салық салынатын табыс тапса, Қазақстан бұл табысты салық салу базасына, бірақ тек Қазақстанда салық салынуға жататын осындай басқа табысқа салынатын салық мөлшерлемесін белгілеу мақсаттары үшін ғана енгізуі мүмкін.

      2. Әзербайжан жағдайында қосарланған салық салу былай жойылады:

      егер Әзербайжанның резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Қазақстанда салық салынуы мүмкін табыс тапса, онда Қазақстанда төленген осы табысқа салынатын салық сомасы Әзербайжанда резиденттің осындай табысынан алынатын салықтан шегеріліп тасталуы тиіс. Мұндай шегерім, алайда, Әзербайжанның салық заңнамасына сәйкес есептелген осындай табысқа салынатын оның салық сомасынан аспайтын болады.".

14-бап

      Конвенцияның 26-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

"26-бап
Ақпарат алмасу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы Конвенцияның ережелерін орындау немесе әкімшілендіру немесе Уағдаласушы Мемлекеттердің, олардың әкімшілік-аумақтық бөлімшелерінің, орталық немесе жергілікті билік органдарының атынан салық салу осы Конвенцияға қайшы келмейтін дәрежеде алынатын салықтардың кез келген түріне және сипатына қатысты ұлттық заңнаманы қолдану үшін қажетті ақпарат алмасады. Ақпарат алмасу осы Конвенцияның 1 және 2-баптарымен шектелмейді.

      2. Уағдаласушы Мемлекет осы баптың 1-тармағына сәйкес алған кез келген ақпарат осы Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес алынған ақпарат сияқты құпия болып есептеледі және осы баптың 1-тармағында айтылған салықтарға қатысты бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндіріп алумен немесе сот қудалауымен немесе апелляцияларды қараумен, сол сияқты жоғарыда көрсетілгендердің барлығын қадағалаумен айналысатын тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкімшілік органдарды қоса алғанда) ғана жария етіледі. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдалана алады. Олар ақпаратты ашық сот отырысы барысында немесе сот шешімдерін қабылдаған кезде жария ете алады.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері Уағдаласушы Мемлекетке:

      а) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына және әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларын қолдану;

      b) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша немесе әдеттегі әкімшілендіру барысында алуға болмайтын ақпаратты ұсыну;

      c) қандай да бір сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны немесе сауда процесін ашуы мүмкін ақпаратты немесе ашылуы мемлекеттік саясатқа (ordre public) қайшы келуі мүмкін ақпаратты ұсыну міндеттемелерін жүктейтіндей түсіндірілмейді.

      4. Егер ақпаратты осы бапқа сәйкес бір Уағдаласушы Мемлекет сұратса, басқа Уағдаласушы Мемлекет тіпті, егер осындай ақпарат осы басқа Уағдаласушы Мемлекетке өзінің жеке салықтық мақсаттары үшін қажет болмаса да, сұрау салынған ақпаратты жинау жөніндегі шараларды қолданады. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттемеге осы баптың 3-тармағының шектеулері қолданылады, бірақ мұндай шектеулер Уағдаласушы Мемлекетке осындай ақпаратқа ішкі мүдделіліктің болмауы себебінен ғана ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей түсіндірілмейді.

      5. Осы баптың 3-тармағының ережелері ақпарат иесі банк, басқа қаржы мекемесі, номиналды ұстаушы немесе агент немесе сенім білдірілген өкіл ретінде әрекет ететін тұлға болып табылатындығы себебінен немесе ақпарат меншік құқығы берілген тұлғаға қатысты болуы себебінен ғана Уағдаласушы Мемлекетке ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей түсіндірілмейді.".

15-бап

      Конвенция мынадай мазмұндағы 28-1-баппен толықтырылсын:

"28-1-бап
Жеңілдіктерді шектеу

      1. Осы Конвенцияның ережелері ешқандай жағдайда да Уағдаласушы Мемлекетке өзінің ұлттық заңнамасының ережелерін және салықтан жалтаруға немесе шын мәнінде осылайша сипатталған жалтаруға қарсы шараларды қолдануға тыйым салмайды.

      2. Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне, егер оның ісі басты мақсат немесе басты мақсаттардың бірі осы Конвенциядан пайда алу болып табылатындай құрылған болса, осы Конвенцияны қолдану құқығы берілмеуі тиіс.".

16-бап

      1. Осы Хаттама Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделген оның күшіне енуі жөніндегі рәсімдерді Уағдаласушы Мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен кейінгі 30-шы күні күшіне енеді.

      2. Осы Хаттама мыналарға:

      a) Хаттама күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін алынған табыстардан алынатын төлем көзінен ұсталатын салықтарға;

      b) Хаттама күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын кез келген салық салынатын кезең үшін табыстарға салынатын басқа салықтарға қолданылады.

      Осыны куәландыру үшін, оған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар Конвенцияның ажырамас бөлігі болып табылатын осы Хаттамаға қол қойды.

      2017 жылғы 3 сәуірде Баку қаласында қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Әзербайжан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың әзербайжан тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады