Делиде 1996 жылғы 9 желтоқсанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Үндiстан Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келiсiм бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының
Үкіметі арасындағы инвестицияларды ынталандыру және өзара
қорғау туралы
Келісім
(2001 жылғы 26 шілдеден бастап күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2002 ж., N 2, 26-құжат)
Төменде "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Үндiстан Республикасының Үкiметi,
Уағдаласушы екi тараптың арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту ниетiмен,
Келiсiмге сәйкес инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау Уағдаласушы Тараптардың экономикалық дамуына жәрдемдесетiнiн мойындай отырып,
төмендегi мәселелер туралы уағдаласты:
1 Бап
Айқындама
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
(а). "Инвестициялар" - аумағында инвестициялар жүзеге асырылып жатқан Уағдаласушы Тараптың iшкi мемлекеттiк заңдарына сәйкес өзгерген түрлерiн қоса, белгiленген және алынған активтердiң кез-келген түрiн бiлдiредi, атап айтқанда, бiрақ айрықша емес:
(І) жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi, сондай-ақ кепiлдiк сияқты басқа да құқықтарды, борышы немесе кепiлдiк еткенi үшiн мүлiктi алып қою құқығын;
(ІІ) компания мен оның акцияларындағы үлестердi және облигациялар мен компанияға қатысудың басқа да осындай түрлерiн;
(III) шартқа сәйкес қызметтiң нәтижелерi бойынша, қаржылық мағынасы бар, ақшалық талаптарды немесе басқа талаптарды;
(IV) белгiлi Уағдаласушы Тараптың тиiстi заңдарына сәйкес парасат меншiгiнiң құқықтарын, "гудвилдердi", техникалық рәсiмдер мен нұсқауларды;
(V) мұнай мен басқа да пайдалы қазбаларды барлау мен өндiру жөнiндегi концессияны қоса, заңдарда көрсетiлген немесе келiсiмге сәйкес концессияларды;
(b) "Инвестор" - басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асырушы кез-келген жеке және заңды тұлғаны бiлдiредi.
(i) "Жеке тұлға" дегенiмiз:
Қазақстан Республикасы бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе бодандығы бар тұлғаны немесе оның заңдарына сәйкес осында орнығып тұрған тұлғаны;
Үндiстан Республикасы бойынша, Үндiстанда қолданылатын заңдарға сәйкес, өзiнiң азаматтық мәртебесi бар тұлғаны бiлдiредi.
(II) "Заңды тұлға" - екi Уағдаласушы Тараптарға қатысты кез- келген заңды тұлғаны - компанияларды, корпорацияларды, фирмаларды, ассоциацияларды, заңды тұлғаларды немесе құрылтайлық құқығы бар немесе осы Уағдаласушы Тараптың кез-келген бөлiгiнде оның қолданымдағы заңдарына сәйкес негiзделген кәсiпорынды бiлдiредi.
(с) "Инвестициялардың кiрiстерi" - капитал өсiмiнiң кiрiстерi, дивидендтер, роялтилер немесе комиссиялар сияқты, инвестициялардың нәтижесiнде алынған ақшалай сомаларды бiлдiредi.
(d) "Аумақ": Уағдаласушы Тараптың, оның аумақтық сулары мен оның үстiндегi әуе кеңiстiгiн қамтитын, мемлекеттiк аумағын және Уағдаласушы Тарап оның қолданымдағы заңдарына және, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Теңiз құқығы туралы 1982 жылғы Конвенциясы қамтитын, халықаралық құқықтарға сәйкес егемендiгiн, егемендi құқықтарын немесе айрықша пәрмендiлiгiн жүзеге асыратын, басқа да теңiз аймақтарын бiлдiредi.
(е) Аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың заңдарына және басқа нормативтiк актiлерiне сәйкес жол берiлуi мүмкiн, инвестициялар түрлерiнiң өзгеруi олардың сипатын айтарлықтай өзгертпейдi.
2 Бап
Келісімнің қолданылу ауқымы
Осы Келiсiм кез-келген Уағдаласушы Тараптың инвесторлары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында жүзеге асырған, оның осы Келiсiмнiң күшiне енуiнен бұрын немесе кейiн жүзеге асырылуына қарамастан, оның заңдары мен нормативтiк актiлерiне сәйкес деп қабылданған барлық инвестицияларға қолданылады.
3 Бап
Инвестицияларды ынталандыру және қорғау
(1) Әрбiр Уағдаласушы Тарап оның аумағында инвестициялар жүзеге асырылуы үшiн басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларын ынталандырып, қолайлы жағдайлар жасайды және мұндай инвестицияларға өз заңдарына және саясатына сәйкес рұқсат етедi.
(2) Әрбiр Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары мен инвестициялардан алынатын табыстарына басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында әдiлеттi және тең еркiндiк берiледi.
4 Бап
Ұлттық тәртіп және барынша қолайлылық тәртібі
(1) Әрбiр Уағдаласушы Тарап басқа Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына, оның өз инвесторларының инвестицияларына немесе кез-келген үшiншi мемлекет инвесторларының инвестицияларына берiлетiн еркiндiктен қолайлылығы кем емес еркiндiк бередi.
(2) Одан басқа, әрбiр Уағдаласушы Тарап өзге Уағдаласушы Тараптың инвесторларына, оның iшiнде олардың инвестицияларына байланысты табыстар бойынша, кез-келген үшiншi мемлекеттiң инвесторларына берiлетiн еркiндiктен қолайлылығы кем емес саналатын еркiндiк бередi.
(3) 1 және 2 параграфтардың Ережелерi басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына кез-келген тәртiптiң артықшылығын:
(а) өмiрдегi және келешектегi кез-келген кедендiк одақтан, немесе ол қатысушы болып табылатын, осындай халықаралық келiсiмнен: немесе
(b) толық немесе көпшiлiк бөлiгi салық салуға қатысты, кез-келген мәселелерден туындайтын артықшылық немесе айрықшалық құқықтарын таратуға бiр Уағдаласушы Тарапты мiндеттейтiндей тұрғыдан түсiндiрiлуi мүмкiн емес.
5 Бап
Экспроприация
(1) Қандай да бiр Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында, национализациялауға, экспроприациялауға немесе, әңгiме кемсiтушiлiксiз заңға және тең де әдiлеттi өтемақыға сәйкес қоғамдық мүдделер туралы болған жағдайдан басқа, нәтижелерi национализациялаумен және экспроприациялаумен (бұдан әрi - экспроприация) бара-бар болатын шаралардың әрекетiне жатқызылмайды. Мұндай өтемақы экспроприацияның дәл алдында немесе алдағы экспроприациялау фактiсi жария етiлгенге дейiн, бұл оқиғалардың қайсысы бұрын болғанына қарамастан, экспроприацияланатын инвестициялардың нақты құнының сомасына теңелуге, төлем мерзiмiне дейiнгi әдiлеттi де тең ставка бойына проценттердi қамтуға тиiс, негiзi жоқ кiдiрiссiз төленедi, оның төленiмi iс жүзiнде орындалатын және төлем сомасы еркiн алмасылатын болуға тиiс.
(2) Мүддесiне зиян келтiрiлген инвестор экспроприация жүргiзушi Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес, осы Тараптың сот және басқа органы арқылы өзiнiң немесе оның жағдайын, өзiнiң немесе оның инвестицияларының құнын осы параграфта баяндалған қағидаттарға сәйкес қайта қарауға құқықты. Экспроприациялауды жүргiзушi Уағдаласушы Тарап мұндай қайта қараудың дереу жүргiзiлуiн қамтамасыз ету үшiн барлық шараларды қолданады.
(3) Егер Уағдаласушы Тарап оның өз аумағының кез-келген бөлiгiнде әрекет етушi, заңды тұлғаның құқығын пайдаланатын немесе заңға сәйкес құрылған компанияның активтерiн экспроприациялайтын жағдайда және онда басқа Уағдаласушы Тарап инвесторларының акциялары бар болса, ол олардың инвестицияларына қатысты әдiлеттi де тең өтемақылардың осы акциялардың иесi болып табылатын басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына қамтамасыз етiлуi үшiн қажеттi шектерде осы баптың параграфы (1) ережелерiнiң қолданылуын қамтамасыз етедi.
6 Бап
Зиянның орнын толтыру
Уағдаласушы Тараптың инвесторларына басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында соғыстың немесе өзгедей қарулы қақтығыстың, мемлекетте жарияланған төтенше жағдай ахуалының немесе екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағындағы азаматтық берекесiздiктердiң салдарынан зиян келтiрiлген болса, екiншi Уағдаласушы Тарап реституция, зиянның орнын толтыру немесе өзгеше реттеу жайында - екiншi Уағдаласушы Тарап өзiнiң меншiктi инвесторларына немесе кез-келген үшiншi мемлекеттiң инвесторларына жасағанынан қолайлылығы кем емес жағдай жасайды. Бұған байланысты төлемдер еркiн аударылымды болуға тиiс.
7 Бап
Инвестицияларды және олардың кірістерін қайтару
Әрбiр Уағдаласушы Тарап басқа Уағдаласушы Тарап инвесторларының, оның аумағындағы инвестицияларға байланысты барлық қаржыларын, инвестордың салық салуға байланысты мiндеттемелерiн орындауына қарай, негiзi жоқ кiдiрiссiз және кемсiтушiлiксiз негiзде еркiн аударуға рұқсат етедi. Мұндай қаржыларға:
(а) Капиталды және капиталдың инвестицияларды ұстау және ұлғайту үшiн пайдаланылатын қосымша сомаларды;
(b) Дивидендтер мен олардың иелiгiндегi акциялардың санына тең проценттердi қамтитын, таза операциялық кiрiстердi;
(с) Кез-келген заемды, инвестицияларға байланысты ол бойынша проценттердi қоса жабуды;
(d) Роялтидi және инвестицияларға байланысты қызметтердiң ақысын төлеудi;
(е) Олардың акцияларын сатудың ұтымпұлын;
(f) Инвесторлардың сату немесе iшiнара сату немесе жою жағдайында алған ұтымпұлдарының сомасын;
(g) Басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларға байланысты жұмыс iстейтiн, басқа Уағдаласушы Тарапқа тиесiлi азаматтардың жұмыс ақыларын қамтуы мүмкiн;
(2) Осы баптың (1) параграфы ережелерiнiң бiр де бiрi, осы Келiсiмнiң 6 бабына сәйкес, кез-келген өтемақыны аударуға ықпал етпейдi.
3. Егер Тараптар арасында өзгеше келiсiм болмаса, валюталық аударым осы баптың (1) параграфына сәйкес алғашқы инвестициялардың валютасымен немесе кез-келген алмастырымды валютамен жүзеге асырылады. Мұндай аударым аударым жасалған күнгi қолданымдағы нарықтық алмастыру бағамы бойынша жүргiзiледi.
8 Бап
Суброгация
Егер Уағдаласушы Тараптардың бiрi немесе ол тағайындаған орган Уағдаласушы Тараптың аумағындағы оның кез-келген инвесторлары тарапынан жасалған инвестицияларға қатысты коммерциялық емес тәуекелдiктердiң орнын толтыруға кепiлдiк етсе және олардың шағымдарына қатысты осындай инвесторларға осы Келiсiмге сәйкес төлемдер жасаған болса, басқа Уағдаласушы Тарап бiрiншi Уағдаласушы Тараптың немесе ол тағайындаған органның суброгацияның күшiне сай құқықтарды жүзеге асыруға және бұл инвесторларға талаптар қоюға құқықты екендiгiне келiсiм бередi. Суброгацияланған құқықтар немесе талаптар мұндай инвесторлардың алғашқы құқықтарынан немесе талаптарынан аспауға тиiс.
9-Бап
Инвесторлар мен Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды шешу
(1) Бiр Уағдаласушы Тарап пен басқа Уағдаласушы Тараптың арасындағы бiрiншiсiнiң инвестицияларына қатысты кез-келген дау осы келiсiмге сәйкес, мүмкiн болғанынша, дауға қатысушы тараптар арасында келiссөздер жүргiзу жолымен өзара мәміле бойынша шешiледi.
(2) Алты айға созылған кезеңнiң iшiнде өзара келiсiм жолымен шешiлген, кез-келген мұндай дау, екi Тараптың келiсуi бойынша:
(а) Инвестицияларды жүзеге асыруға рұқсат берген Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес шешу үшiн, осы Уағдаласушы Тараптың құдiреттi сот немесе әкiмшiлiк органдарына; немесе
(b) Халықаралық келiстiру рәсiмi үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық Сауда Заңдары жөнiндегi комиссиясына берiлуi мүмкiн;
(3) Егер Тараптар осы баптың 2 параграфында көзделген, дауды шешудiң рәсiмiне келiспеген жағдайда немесе дау келiстiру рәсiмi үшiн берiлiп, келiстiру шарасы дауды шешу туралы келiсiмге қол қоюдан басқаша аяқталса, даулы мәселелер төрелiк талқылау үшiн табыс етiлуi мүмкiн. Төрелiк талқылаудың рәсiмi мынадай:
(а) Егер инвестордың Уағдаласушы Тарабы да, басқа Уағдаласушы Тарап та 1965 жылғы мемлекеттердiң және басқа мемлекеттер азаматтарының арасындағы инвестицияларға байланысты дауларды шешу жөнiңдегi Конвенцияға мүше болып саналса және инвестор Инвестицияға Байланысты Дауларды Шешу жөнiндегi Халықаралық Орталықтың қарауына дауды тапсыруға түрде келiсiм берген болса, мұндай дау орталықтың қарауына берiледi; немесе
(b) Егер дауға қатысушы екi жақ келiстiру рәсiмiн жүргiзу, төрелiк талқылау жөнiндегi қосымша қараудың және фактiлердi анықтап, оларға баға беру рәсiмiнiң кезiнде осындай келiсiм берсе; немесе
(с) Әрбiр жеке жағдайда құрылған төрелiк сот жағдайында, дауға қатысушы тараптардың бiрi 1976 жылғы Халықаралық Сауда Заңдары жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының төрелiк талқысының Ережелерiне сәйкес мынандай өзгертулердi сақтай отырып:
(i) Ережелердiң 7 бабына сәйкес тағайындауды жүргiзетiн тұлға Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылмайтын Төраға, төрағаның орынбасары немесе Халықаралық Соттың дәрежесi бойынша келесi судья саналады. Үшiншi төрешi Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болмауға тиiс.
(ii) Тараптар екi айдың iшiнде өз төрешiлерiн тағайындайды.
(iii) Төрелiк шешiм осы баптың ережелерiне сәйкес енгiзiледi.
(iv) Төрелiк сот өз шешiмдерiнiң негiздемесiн растайды және кез-келген тараптың өтiнiшi бойынша түсiнiк бередi.
10 бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды шешу
(1) Уағдаласушы Тараптар арасындағы, осы келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға қатысты, даулар мүмкiн болғанынша, келiссөздер жолымен шешiледi.
(2) Егер Уағдаласушы Тараптар арасындағы дау осындай жолмен даулы мәселе пайда болғаннан кейiн алты ай бойы шешiлмеген болса, ол Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелiк сотқа берiледi.
(3) Кез-келген жеке жағдайда мұндай төрелiк сот мынадай тәртiппен тағайындалады. Төрелiк талқылау жүргiзу туралы өтiнiш алынғаннан кейiн Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екi айдың iшiнде алқаға бiр-бiр мүшеден сайлайды. Осы екi мүше бұдан соң үшiншi мемлекеттiң азаматын таңдап алады, ол екi Уағдаласушы Тараптың мақұлдауы бойынша соттың төрағасы болып тағайындалады. Төраға басқа екi мүше тағайындалған күннен бастап екi айдың iшiнде тағайындалады.
(4) Осы баптың параграфында (3) көрсетiлген уақыттың кезеңiнде қажеттi тағайындаулар жүргiзiлмесе, кез-келген басқа келiсiм болмаса, кез-келген Уағдаласушы Тарап, Халықаралық Соттың төрағасын осындай тағайындау жасауға шақыра алады. Егер төраға Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылса немесе басқа да себептерге байланысты жоғарыда аталған мiндеттi атқара алмайтын болса, қажеттi тағайындаулар жүргiзу үшiн төрағаның орынбасары шақырылады. Егер төраға орынбасары Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылса немесе ол да жоғарыда аталған мiндеттi орындай алмайтын болса, онда қажет тағайындауларды жүргiзу үшiн, Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылмайтын, Халықаралық Соттың лауазымы жөнiнен келесi мәселесi шақырылады.
(5) Төрелiк сот өз шешiмiн көпшiлiк дауыспен қабылдайды. Мұндай шешiмдердiң екi Уағдаласушы Тарабы үшiн мiндеттi күшi бар. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өзiне тиесiлi сот мүшесiнiң жұмысына және оның төрелiк соттағы өкiлеттiгiне байланысты шығындарды көтередi, ал қалған шығындарды екi Уағдаласушы Тарап тең бөлiп көтередi. Алайда сот өзiнiң шешiмiмен екi Уағдаласушы Тараптың бiрi шығындардың көпшiлiк бөлiгiн өтейдi деп көрсетуi мүмкiн, ал мұндай шешiм екi Уағдаласушы Тарап үшiн мiндеттi болады. Төрелiк сот өзiне лайықты жұмыс тәртiбiн белгiлейдi.
11 Бап
Ұжым мүшелерінің келуі және тұруы
Уағдаласушы Тарап оның мүшесі болып табылмайтын адамдардың келуіне тұруына қатысты қолданымдағы өз заңдарына және құқықтық нормаларға сәйкес, басқа Уағдаласушы Тараптың жеке тұлғаларына және басқа Уағдаласушы Тараптың заңды тұлғалары қатарына жататын тұлғаларға инвестицияларға байланысты қызметпен айналысу мақсатында оның аумағына келуге және онда тұруға рұқсат береді.
12-Бап
Қолданылатын құқықтық нормалар
(1) Осы Келісімде өзгеше көзделген жағдайлардан басқа барлық инвестициялар осындай инвестициялар жүзеге асырылатын Уағдаласушы Тараптың аумағында қолданылатын заңдармен реттеледі.
(2) Осы баптың 1 параграфының ережесіне қарамастан қолданушы Уағдаласушы Тараптың өз қауіпсіздігінің негізгі мүдделерін қорғау жөнінде немесе оның заңдарына сәйкес өте қажетті болған жағдайларда тиісті шаралар қолдануына, әдетте кемсітушіліксіз негіздегі қалыпты шаралар қолдануына ештеңе бөгет жасамайды.
13 Бап
Басқа нормалардың қолданылуы
Егер Уағдаласушы Тараптардың бірінің заң нормалары немесе халықаралық құқыққа сәйкес қолданылып келген немесе осы келісімге қосымша Уағдаласушы Тараптар арасында кейінірек орнатылуға тиісті міндеттемелер, олардың ортақтығына немесе тікелей қатыстығына қарамастан, басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторлары жағынан осы келісімде көзделген жағдайға қарағанда неғұрлым қолайлы жағдай туғызатын болса, мұндай нормалар неғұрлым қолайлы жағдайлармен осы келісімнің ережелерінен басым болады.
14 Бап
Күшіне ену, күшін сақтау мерзімі және әрекет мерзімінің тоқтатылуы
(1) Осы келісім бекітуге жатады және бекіту грамоталары алмасылған күні күшіне енеді.
(2) Осы келісім күшіне енгеннен соң ұзақтығы 10 (он) жыл бойында күшінде болады және осы баптың параграфына (6) сәйкес оның әрекеті тоқтатылғанша өз күшін сақтайды.
(3) Осы келісім ережелері ол күшіне енген сәттен бастап, 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бастап жүзеге асырылған инвестицияларға қолданылады.
(4) Осы келісімнің әрекет мерзімі тоқтатылғанына қарамастан, Осы келісімнің әрекет мерзімі тоқтатылған сәтке дейін жүзеге асырылған немесе сатып алынған инвестицияларға қатысты оның әрекет мерзімі тоқтатылған сәттен бастап, ұзақтығы он жылдық келесі кезеңнің бойында өз күшін сақтайды.
(5) Осы келісімге ол күшіне енген соң кез-келген уақытта Уағдаласушы Тараптардың хат жүзіндегі өзара келісімімен түзетулер енгізілуі мүмкін.
(6) Келісім әрекетінің ұзақтығы тоғыз айлық немесе одан көп кезеңі өткеннен кейін Уағдаласушы Тараптардан кез-келгені өзінің келісімінің әрекетін тоқтату ниеті туралы жазбаша түрде басқа Уағдаласушы Тарапты хабардар ете алады. Келісімнің әрекеті жазбаша хабар алынған сәттен бастап бір жылдың бойында тоқтатылады.
Осыны растап өз үкіметтері осы мақсат үшін тиісті дәрежеде тағайындаған өкілдері осы келісімге қол қойды.
1996 жылғы желтоқсан айының 9 күні қазақ, хинди, орыс және ағылшын тілдерінде екі данадан жасалды, бұл орайда барлық мәтіндердің күші бірдей.
Әлдеқандай алшақтық болған жағдайда ағылшын мәтінінің басымдық күші бар.
Қазақстан Үндістан
Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін