Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы N 470 Жарлығы

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569 жарлығымен.

      Шетелде кадрлар даярлауды одан әрi жетiлдiру және оңтайландыру мақсатында қаулы етемін:
      1. Қоса берілген:
      1) Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегі республикалық комиссия туралы ереже;
      2) Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссияның құрамы бекітілсiн.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569 жарлығымен.
      1-1. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясына тағайындау үшiн үмiткерлердi iрiктеу ережелерiн бекiтсiн.
      Ескерту. 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2004.05.14. N 1368 жарлығымен, жаңа редакцияда - 2005.05.04. N 1569 жарлығымен.
      1-2. Қазақстан Республикасы орталық және жергілiктi атқарушы органдарының басшылары жыл сайын 1 қыркүйектен кешiктiрмей Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссияға Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша мамандар даярлауға өтiнiм берiп тұрсын.
      Ескерту. 1-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569 жарлығымен.
      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр актiлерiне мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 5 қарашадағы N 1394 "Шетелде кадрлар даярлау үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендияларын белгiлеу туралы" қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1993 ж., N 43, 515-құжат):
      1-тармақта:
      бiрiншi абзацта "250 халықаралық стипендиясы" деген сөздер "халықаралық стипендиясы" деген сөздермен ауыстырылсын;
      екiншi абзацта "Министрлер Кабинетi" деген сөздер "Үкiметi" деген сөзбен ауыстырылсын;
      4-тармақта "Бiлiм министрлiгіне" деген сөздер "Бiлiм және ғылым министрлiгiне" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5-тармақтың күшi жойылды деп танылсын;
      2) күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      3. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы       
Президентінің           
2000 жылғы 12 қазандағы      
N 470 Жарлығымен         
бекітілген            

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық
комиссия туралы
Ереже

      Ескерту. Мәтiн бойынша "республикалық комиссия" деген сөздер "Республикалық комиссия" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Президентінің 2004.05.14. N 1368 жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссия (бұдан әрі - Республикалық комиссия) Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы (бұдан әрі - "Болашақ" халықаралық стипендиясы) мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.02.08. N 531 Жарлығымен.
      2. Республикалық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен осы Ережені басшылыққа алады.
      3. Республикалық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді. Республикалық комиссияны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы басқарады. Республикалық комиссия төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасы Білiм және ғылым министрі, хатшысы - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым вице-министрі болып табылады.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569 жарлығымен.
      3-1. Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi Республикалық комиссияның жұмыс органы болып табылады. P070984
      Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2004.05.14. N 1368 жарлығымен.

2. Республикалық комиссияның міндеттері

      4. Республикалық комиссияның негізгі міндеттері:
      1) шетелде кадрлар даярлау жөніндегі жалпы стратегияны айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      2) «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережесіне (бұдан әрі - Іріктеу ережесі) сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы, «Болашақ» халықаралық стипендиясынан айыру, одан бас тартуды қабылдау туралы шешім, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша еңбек қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдау;
      2-1) «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуге конкурсқа қатысу үшін жұмыскерлердің санаттарын жыл сайын айқындау;
      3) «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесін жыл сайын бекіту;
      4) Іріктеу ережесінде белгіленген адамдар санаттары үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясының шекті санын жыл сайын белгілеу;
      4-1) «Болашақ» бағдарламасы түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелерін үйлестіруді қамтамасыз ету.
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, негізгі қызмет үшін қажетті өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2008.02.08 N 531, өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 2010.01.27 № 920 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 11.06.2012 N 339; 11.03.2016 N 210 Жарлықтарымен.

3. Республикалық комиссияның ұйымдастырылуы мен қызметінің
тәртібі

      5. Республикалық комиссияның төрағасы республиканың заңдары мен осы Ережеге сәйкес оның жұмысын ұйымдастырады және Республикалық комиссияның қызметiн қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2004.05.14. N 1368 жарлығымен, өзгеріс енгізілді - 2005.05.04. N 1569 жарлығымен.
      5-1. Республикалық комиссияның төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын төрағаның орынбасары жүзеге асырады.
      Ескерту. 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569 жарлығымен.
      6. Республикалық комиссияның хатшысы жұмыс органы дайындаған құжаттар мен материалдарды Республикалық комиссияның қарауына ұсынады.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2004.05.14. N 1368, 2008.02.08. N 531 Жарлықтарымен.
      7. Республикалық комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшы мен мүшелері оның жұмысына қоғамдық негізде қатысады.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569 жарлығымен.
      8. Республикалық комиссияның отырыстары оның жоспарына сәйкес өткізіледі. Жоспардан тыс отырыстар қажеттігіне қарай Республикалық комиссия төрағасының шешімі бойынша өткізіледі.
      Республикалық комиссияның отырыстары комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқан жағдайда құқықтық күші болады.
      9. Республикалық комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелері санының кем дегенде төрттен үшінің дауысымен қабылданады.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.02.08. N 531 Жарлығымен.
      10. Республикалық комиссияның жұмыс органы:
      1) "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткерлердің жеке істерінің мазмұнына қойылатын жалпы талаптарды белгілейді;
      2) Республикалық комиссияның қарауына және бекітуіне басым мамандықтар тізбесін енгізеді;
      3) «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқыту үшін мәндес мамандықтар тізбесін, «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің (бұдан әрі - стипендиат) оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін, «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалылығы кестесін, тілдік курстардың ұзақтылық кестесін бекітеді;
      4) тамақтануға, тұруға, оқу әдебиеттерін сатып алуға арналған шығыстар нормаларын әзірлейді және бекітеді, тұратын жерінен шет елдердің тиісті мемлекеттік органдары, шетелдің жоғары оқу орындары, тілдік курстар мен тағылымдамаларды өткізуді жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар, статистикалық, рейтингілік және өзге де тиісті ұйымдар және/немесе шет мемлекеттің уәкілетті органдары белгілеген оқытуды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсететін шетелдік ұйымдар ұсынған құжаттардың және/немесе өзге ақпараттың негізінде оқитын, тілдік курстардан не тағылымдамадан өтетін жеріне дейін жол жүру бойынша көлік түрі мен сыныбын анықтайды;
      5) "Болашақ" халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін бекітеді;
      6) мүдделі мемлекеттік органдармен, жоғары оқу орындарымен, ғылыми және өзге де ұйымдармен келісім бойынша тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамын, оның жұмысының тәртібін және ұйымдастырылуын, сондай-ақ үміткерлердің тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен дербес әңгімелесуін бағалау парағын бекітеді;
      7) мемлекеттік және шет тілдерін білудің қажетті ең төменгі деңгейін, шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік мемлекеттердің уәкілетті органдары айқындайтын шетелдік ұйымдардың талаптарын ескере отырып, пәндік емтихандар бойынша ең төменгі бастапқы балды белгілейді;
      8) қажетті материалдарды Республикалық комиссияның отырысына енгізеді;
      9) "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша іс-шараларды қамтамасыз ету және іске асыру үшін қажетті, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функцияларды жүзеге асырады;
      10) осы Ереженің 4-тармағында көзделген Республикалық комиссияның міндеттерін жүзеге асыру шеңберінде қарауы оның құзыретіне кіретін мәселелерді қоспағанда, «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияны құрады;
      11) стипендиаттармен оқуға/тағылымдамадан өтуге шарт жасасу, стипендиаттарды орналастыруды жүзеге асыру, стипендиаттардың үлгерімі мен еңбек қызметін жүзеге асыру, стипендиаттардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде ұсынылған кепіл мүлкін ауыстыру, Республикалық комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім шығарған күннен бастап тұрақсыздық төлемін (айыппұлды) қоса алғанда, стипендиатқа жұмсалған шығыстарды өтеу тәртібі мен шарттарын бекітеді.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2008.02.08 N 531, өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 2010.01.27 № 920 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 11.06.2012 N 339 Жарлықтарымен.

4. Қызметінің тоқтатылу тәртібі

      11. Республикалық комиссияның қызметін тоқтату туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң    
2000 жылғы 12 қазандағы
N 470 қаулысына   
ҚОСЫМША        

Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi
республикалық комиссияның
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.12.22 N 204 Жарлығымен, өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284; 27.03.2013 N 533; 13.11.2013 N 692; 11.04.2014 N 795; 17.09.2014 № 911; 08.02.2016 N 191; 09.06.2016 N 275 Жарлықтарымен.

Қазақстан Республикасының      - төраға
Мемлекеттік хатшысы

Қазақстан Республикасының      - төрағаның орынбасары
Білім және ғылым министрі

Қазақстан Республикасының      - хатшы
Білім және ғылым вице-министрі

Республикалық комиссия мүшелерi:

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

Қазақстан Республикасының Әділет министрі

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

Қазақстан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі

Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрі

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады