"Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Федоров ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 27 желтоқсандағы № 304 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Федоров ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берілген "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның көшірмесін электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қостанай облысы бойынша "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін оны Федоров ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі Т. Исабаев

  Әкімдіктің
  2021 жылғы "27" желтоқсан
  № 304 қаулысына
  косымша

"Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі) жергілікті экономика және бюджетті жоспарлау басқару саласында, бюджетті орындау, жергілікті бюджетті орындау бойынша бюджеттік есеп және есеп беруді жүргізу, коммуналдық меншіктегі объектілерді басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімінің ведомстволары жоқ.

      3. Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі ұйымдық – құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген қазақ және орыс тілдерінде атауы бар мөрі, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық басқармасында шоты бар.

      5. Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі азаматтық - құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды мекен-жайы: 111900, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Федоров ауданы, Федоров ауылы, Красноармейская көшесі, 53.

      10. Осы Ереже Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі кәсіпкерлік субъектілерімен "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.

      Федоров ауданының экономика және қаржы бөліміне кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру заңнамалық актілермен құқығы берілмеген.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      1) аудан аумағында экономика және әлеуметтік–экономикалық реформалар мәселелері бойынша бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

      2) макроэкономикалық көрсеткіштер және мемлекеттің ақша - кредит саясаты негізінде қысқа және орта мерзімді перспективаға арналған аудан бюджетінің кірістері мен шығыстары бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      3) Қазақстан Республикасының, облыстың және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының негізінде алдағы жылдарға арналған аудан бюджетінің жобасын жасау;

      4) мемлекет мүддесі үшін коммуналдық мемлекеттік меншікті тиімді басқару;

      5) ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша жұмысты ұйымдастыру.

      14. Өкілеттіктер:

      1) құқықтар:

      ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан, аудан аумағында орналасқан мекемелерден, кәсіпорындар мен ұйымдардан, ауылдық округ әкімдері аппараттарынан белгіленген тәртіпте бөлімге жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін қажетті ақпарат алу;

      жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша секвестр белгіленетін бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша төлемдерді жүзеге асыруды тоқтата тұру;

      істерді зерделеу және жергілікті жерлерде көмек көрсету үшін басқа бөлімдердің мамандарын тарту;

      2) міндеттері:

      өз құзыреті шегінде құқықтық актілер шығару;

      заңнамаға сәйкес коммуналдық мемлекеттік меншікті сату бойынша сауда-саттықты ұйымдастырады;

      Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мекемелер, кәсіпорындар және ұйымдар қызметіне талдау жүргізу;

      бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша аудан әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының келісімі бойынша кеңес шақыру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да өкілеттіліктерді жүзеге асырады.

      15. Функциялары:

      1) аудандық бюджеттің жобасын әзірлейді және оны мәслихатқа ұсынады, аудандық бюджетке өзгерістер мен нақтылаулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      2) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері мен бюджеттік бағдарламаларын олардың бюджеттік және өзге де заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан қарау, бюджеттік өтінімдер мен бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытынды қалыптастыру және оларды аудан әкімдігінің бюджет комиссиясының қарауына жіберу;

      3) жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындайды;

      4) жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді болжау;

      5) аудан аумақтарын дамыту бағдарламасының мониторингін әзірлейді және жүргізеді;

      6) инвестициялық ұсыныстарға экономикалық қорытындылар дайындау;

      7) түсімдер, төлемдер және міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды, бекітеді және оған өзгерістер енгізеді;

      8) бюджеттік есепке алуды және есептілікті жүргізуді, шоғырландырылған қаржылық есептілікті жинауды және ұсынуды жүзеге асырады;

      9) қаржыландыру жоспарларының жылдық сомаларын ай сайын бөлуді талдау және бағалау арқылы бюджет қаражатын игеру, бюджеттік бағдарламалар әкімшісі қаржыландыру жоспарларына енгізетін өзгерістердің негізділігіне мониторингті жүзеге асырады;

      10) аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есепті жасайды;

      11) бюджеттік мониторингті жүзеге асырады және аудан бюджетінің шығыс бөлігінің орындалуы туралы талдамалық есепті жасайды;

      12) берілген бюджеттік кредиттерді есепке алуды, оларды пайдалану мониторингін және қарыз алушылардың бюджеттік кредиттерді қайтаруын жүзеге асырады;

      13) өз құзыреті шегінде бірыңғай бюджеттік сыныптаманың бюджетке түсетін түсімдер сыныптамасының кодтары бойынша түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын бюджеттен қайтару және (немесе) есепке алу үшін қорытындылар дайындайды;

      14) жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарттарын жасасады;

      15) аудандық коммуналдық мүлікті, оның ішінде шаруашылық серіктестіктердегі акциялардың мемлекеттік пакеттерін және қатысу үлестерін жекешелендіруді жүзеге асырады, жекешелендіру объектілерін бағалауды қамтамасыз етеді, объектіні сатып алу-сату шарттарын дайындауды және жасасуды жүзеге асырады;

      16) аудандық коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға береді, сенімгерлік басқару шарттарын дайындауды және жасасуды, сенімгерлік басқарушының аудандық коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша міндеттемелерін орындауын бақылауды жүзеге асырады;

      17) аудандық коммуналдық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) береді, тендер жеңімпаздарымен шарт жасасады және мүліктік жалдау (жалға алу) шарттары талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      18) коммуналдық меншікке иесіз мүлік ретінде айналдырылған және түскен аудандық коммуналдық мүлікті одан әрі пайдалануды ұйымдастырады;

      19) өз құзыреті шегінде аудандық коммуналдық мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

      20) аудандық коммуналдық мүлікті есептен шығаруды келіседі;

      21) мемлекеттік кәсіпорындардың таза табыстың белгіленген бөлігін аудандық бюджетке толық және уақытылы аударуының мониторингін жүзеге асырады;

      22) "Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну" мемлекеттік қызметін көрсету;

      23) мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмысына және мемлекеттік сатып алу бойынша жиынтық есептілікті жасауға мониторингті жүзеге асырады;

      24) аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттері үшін бөлінген республикалық және/немесе облыстық бюджеттерден берілетін нысаналы трансферттерді қоспағанда, бюджет деңгейлерінің дербестік (араласпау) қағидатын сақтай отырып, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы ретінде Тізбеде көрсетілген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды өткізуді ұйымдастырады;

      25) уәкілетті органға және жергілікті атқарушы органға жергілікті қамту үлесінің нысаналы индикаторы бойынша мониторингті және есептілікті жүзеге асырады;

      26) бұйрықтарды дайындауды, іс қағаздарын жүргізуді және құжаттардың орындалуын бақылауды, атқарушы және өкілді органдарға бекітуге ұсынылатын нормативтік актілердің жобаларын, сондай-ақ Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін әзірлеуді жүзеге асырады;

      27) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшылықты "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады

      17. "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.

      19. "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының өкілеттігі:

      1) бөлімнің штат кестесін және құрылымын бекітеді;

      2) бөлім қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      3) бөлім қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      4) заңнамада белгіленген тәртіпте бөлім қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;

      5) бөлімнің бұйрықтарына қол қояды;

      6) қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда бөлім мүддесін білдіреді;

      7) заңнамаға сәйкес басқа да қызметтерді жүзеге асырады;

      "Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      20. Басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Федоров ауданының экономика және қаржы бөліміне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. "Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Федоров ауданының экономика және қаржы бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады