Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінің кірістері мен шығындарының болжамды көлемін есептеу қағидасын бекіту туралы

Жаңартылған

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы әкімдігінің ауылдық округтер бюджеттерінің кірістері мен шығындарының болжамды көлемін есептеу тәртібін бекіту туралы

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы әкімдігінің 07.08.2024 № 218 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 45-бабының 9-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына және "Жалпы сипаттағы трансферттердің есеп-қисаптар әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес, аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінің кірістері мен шығындарының болжамды көлемін есептеу қағидасы осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Есіл аудан әкімінің жетекшілік ететін орынбасары Қ.Қ.Едіресовке жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі М. Оспанов

  Солтүстік Қазақстан облысы
  Есіл ауданы әкімдігінің
  2021 жылғы "___" ________
  № ____ қаулысына
  қосымша

Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінің кірістері мен шығындарының болжамды көлемін есептеу қағидасы

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы әкімдігінің 07.08.2024 № 218 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы ауылдық округтер бюджеттерінің кірістері мен шығындарының болжамды көлемін есептеу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 45-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және ауылдық округтер бюджеттерінің кірістері мен шығындарының болжамды көлемін есептеу кезінде қолданылады.

2-тарау. Ауылдық округтер бюджеттері кірістерінің болжамды көлемін айқындау

      2. Ауылдық округтер бюджеттері кірістерінің болжамды көлемі Бюджет кодексінің 65-бабына сәйкес бекітілетін бюджет түсімдерін болжау әдістемесіне сәйкес есептеледі.

3-тарау. Ауылдық округтер бюджеттері шығындарының болжамды көлемін айқындау

      3. Ауылдық округтер бюджеттері шығындарының болжамды көлемі Бюджет кодексінің 56-1-бабында белгіленген функционалдық белгісі бойынша шығыстар бағыттарын ескере отырып, ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығындардың болжамды көлемінің сомасы ретінде есептеледі.

      Бұл ретте тұрақты сипаты бар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік басқару функцияларын және мемлекеттің міндеттемелерін орындау жөніндегі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін қамтамасыз етуге, сондай-ақ стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың мақсатына қол жеткізуге, нақты міндеттері мен іс-шараларын шешуге бағытталған ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша шығындардың болжамды көлемі:

      еңбекақы төлеуге, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге, өнімдер мен дәрілік заттарды сатып алуға, жәрдемақылар төлеуге және басқа да шығындардан (бұдан әрі - ағымдағы шығындар);

      материалдық-техникалық базаны нығайтуға, күрделі жөндеуге және басқа да шығындарға арналған шығындардан (бұдан әрі - күрделі сипаттағы шығындар) тұрады.

1-параграф. Ауылдық округтер бюджеттерінің ағымдағы шығындарының болжамды көлемін есептеу

      4. Ағымдағы шығындарды есептеу үшін тұтастай ауылдық округтер бюджеттері бойынша ағымдағы шығындардың болжамды көлемі айқындалады.

      5. Ауылдық округтер бюджеттерінің ағымдағы шығындарының болжамды көлемін айқындау кезінде мыналар ескеріледі:

      1) ауданның әлеуметтік-экономикалық даму болжамына және бюджеттік параметрлеріне сәйкес (жалақыны қоспағанда) жоспарланған кезеңде тұтыну бағалары индексіне ағымдағы шығындардың ұлғаюын ескере отырып, ағымдағы шығындардың жиынтық көлемі;

      2) ауылдық округтер бюджеттерінің ұлғаюын немесе қысқаруын көздейтін және жоспарланатын кезеңде қолданысқа енгізілетін Қазақстан Республикасы заңдарының ережелері;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулылары жобаларының, Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарының, орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларының, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарын бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде олардың құрылымына ведомство кіретін, жергілікті бюджеттердің түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін және жоспарланып отырған кезеңде қолданысқа енгізілетін мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілері;

      4) бұрын ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылған тұрақты сипаттағы шығындар;

      5) аудан бюджеттерінің шығыстарын ұлғайтуды немесе қысқартуды көздейтін және жоспарланып отырған кезеңде қолданысқа енгізілетін облыстық өкілді және атқарушы органдар шешімдерінің ережелері.

      6. Ауылдық округтер бюджеттерінің ағымдағы шығындарының жиынтық болжамды көлемінен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экологиялық үстемеақылар төлеуге, материалдық көмек көрсетуге және мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар жұмыскерлеріне қосымша демалыстар беруге арналған материалдық көмек көрсету алып тасталады және ауылдық округтер бюджеттері бойынша ағымдағы шығындардың болжамды көлемі есептелген соң абсолютті сомалармен қосылады.

      7. Ауылдық округтер бюджеттерінің ағымдағы шығындарының көлемін болжамдаудың есептік базасына жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың нақтыланған жоспарына сәйкес ағымдағы шығындардың көлемі қабылданады.

      8. Ауылдық округтер бюджеттерінің ағымдағы шығындарының болжамды көлемін есептеу Бюджет кодексінің 56-1-бабына сәйкес мемлекеттік функцияларды жүзеге асыратын функционалдық кіші топтардың бөлінісінде жүргізіледі.

2-параграф. Ауылдық округтер бюджеттерінің күрделі сипаттағы шығындарының болжамды көлемін есептеу

      9. Күрделі сипаттағы шығындарды қаржыландыру үшін көзделетін қаражаттың жалпы болжамды көлемі ауылдық округтердің ағымдағы шығындарын қаржыландырудың жалпы көлеміне қатысты пайыздық қатынасқа сәйкес жылдар бойынша бөліністе айқындалады.

      Күрделі сипаттағы шығындарды қаржыландыру үшін көзделетін қаражаттың болжамды көлемін есептеу әрбір ауылдық округтер бойынша жеке мына формула бойынша жүргізіледі:

      КШі = k* ЕШі,

      мұнда:

      КШі – і- ауылдық округтердің күрделі сипаттағы есептік шығындары;

      ЕШі – і-ауылдық округтердің ағымдағы есептік шығындары;

      k – күрделі сипаттағы шығындардың ағымдағы шығындардың жалпы көлеміне пайыздық қатысының шамасы.

      Аудандық бюджет пен ауылдық округтердің бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау үшін k коэффициентінің шамасы өткен үш жылдағы ағымдағы шығын көлеміне ауылдық округтер бюджеттерінің күрделі сипаттағы бюджеттік бағдарламалары бойынша шығындар көлемінің орташа арифметикалық пайыздық қатынасы ретінде белгіленеді.

3-параграф. Ауылдық округтер бюджеттерінің бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығындарының болжамды көлемін есептеу

      10. Бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығындарды қаржыландыру үшін көзделетін қаражаттың жалпы болжамды көлемі ауылдық округтердің ағымдағы шығындарының болжамды көлеміне және кірістерінің болжамды көлеміне пайыздық ара қатынаста жылдар бөлінісінде айқындалады.

      Бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығындарды қаржыландыру үшін көзделетін қаражаттың жалпы болжамды көлемін есептеу әрбір ауылдық округтер бойынша өткен үш жылдағы ағымдағы шығын көлеміне ауылдық округтер бюджеттерінің күрделі сипаттағы бюджеттік бағдарламалары бойынша шығындар көлемінің орташа арифметикалық пайыздық қатынасы ретінде белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады