Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің "Алматы" шекаралық бақылау басқармасы туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметі директорының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 662-қа бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 282 Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы Ережесінің 19-тармағының 10) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту қағидаларына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің "Алматы" шекаралық бақылау басқармасы туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің "Алматы" шекаралық бақылау басқармасының бастығы заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің аумақтық органдарында тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелген күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Заңнамалық және құқықтық ақпараттар институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің "Алматы" шекаралық бақылау басқармасы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметі директорының 2020 жылғы 10 сәуірдегі № 252-қа бұйрығы күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жасауды өзіме қалдырамын.

      5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      6. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мүдделі тұлғаларының тиісті бөлігі таныстырылсын.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Төрағасының орынбасары –
Шекара қызметінің директоры
генерал-майор
Е. Алдажұманов

  № 1 дана
  Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Төрағасының орынбасары –
Шекара қызметі директорының
2022 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 662-қа бұйрығымен бекітілді

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі "Алматы" шекаралық бақылау басқармасы туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің "Алматы" шекаралық бақылау басқармасы (бұдан әрі – Басқарма), өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету мен қорғауда басшылық ететін (бұдан әрі – өткізу пункттері), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери басқарудың жедел-тактикалық органы және территориалды бөлімшесі болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттарына, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның қазақ тіліндегі өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Басқарма, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, оның мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан орны: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, Дунентаев көшесі, 24 үй, индексі 050049.

      9. Басқарманың толық атауы – "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің "Алматы" шекаралық бақылау басқармасы" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарма қызметінің қаржыландыруы республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Басқарманың мақсаттары, құқықтары мен міндеттері

      13. Мақсаттары:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы келісімдерінен туындайтын міндеттерді орындау;

      2) Қазақстан Республикасының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік міндеттерін шешуге қатысу;

      3) Мемлекеттік шекарада Қазақстан Республикасының экономикалық мүддесін қорғауға қатысу;

      4) өткізу пунктінде барлау-диверсиялық іс-әрекеттерді анықтау, ескерту және алдын-алу;

      5) Мемлекеттік шекара режимін және өткізу пунктінде режимді қамтамасыз ету;

      6) шекаралық бақылау аймағында белгіленген режимді сақтауына, жеке немесе уәкілетті органдармен бірлесе отырып бақылау жүргізу;

      7) өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарына, азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын сақтауда көмек көрсету;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес айқындалған өзге де міндеттер болып табылады.

      14. Құқықтары мен міндеттері.

      1) Мемлекеттік шекараны күзетуді жедел қамтамасыз ету мақсаттарына жету үшін шарттарды дамыту, қолдау және жасауға;

      2) Мемлекеттік шекараны күзетуді жедел қамтамасыз ету және шекаралық саясат облысында жедел-іздеу, барлау, қарсы барлау қызметтерін ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды қолдануға;

      4) Қазақстан Республикасының қорғаныс бойынша тапсырмаларын орындауда, сонымен қатар төтенше немесе әскери жағдайдағы тәртіпті қамтамсыз етуде өзінің құзыреттілігі шегінде қатысуға;

      5) белгіленген бақылау түрлерін өткеннен соң және дұрыс ресімделген құжаты бар жағдайда тұлғалар, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізуді жүзеге асыруға;

      6) өткізу пункттеріндегі режимнің сақталуын қамтамасыз етуге;

      7) өз бетімен немесе құзыретті органдармен бірге шекаралық тәртіпті, өткізу пункттеріндегі тәртіпті бақылауға;

      8) Мемлекеттік шекарадан өтетін тұлғалардың Қазақстан Республикасына кіруге және Қазақстан Республикасынан шығуға құқық беретін құжаттарын тексеруге, оларда сәйкес белгілерді жасауға, осындай құжаттарды уақытша алуға, сонымен қатар жарамсыз құжаттарды алуға;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына кіруге рұқсаты жоқ шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға, сонымен қатар дактиласкопиялық ақпарат бойынша тұлғаны растау рәсімін өтуден бас тартқан, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен бекітілген соттық шешімдер мерзіммен және айыппұл төлеу туралы құзыретті органдардың жарғысын орындамаған шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға кіруге шектеу қоюға;

      10) өткізу пункттерінде және Мемлекеттік шекарадан өту жүзеге асырылатын басқа да орындарда, Қазақстан Республикасының шет елде болған уақытта жеке тұлғаны куәландыратын құжаттарын жоғалтқан азаматтарын және де басқа тұлғаларды өткізбеуге;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұлғаларды ұстау және жеке тексеруді жүзеге асыруға;

      12) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамасына сәйкес Шекаралық қызметпен жүргізуге берілген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша хаттамалар толтыруға және іс жүргізуге;

      13) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процессуалдық заңнамасына сәйкес Шекаралық қызметпен жүргізуге берілген істер бойынша тергеу жүргізуге;

      14) Жемқорлықтық құқық бұзушылықтардың алдын-алуды жүзеге асыру, оны болдырмау және ескертуге;

      15) Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке тұлғаны растау рәсімін жүзеге асыруға;

      16) Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын немесе Мемлекеттік шекараны қорғау қызметін атқаратын құзыретті тұлғалар мен өзінің күштерінің әрекеттесуін ұйымдастыруға;

      17) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ісіне кедергі келтіретін немесе шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтарды жасауға әсер келтіретін жағдай мен себептер туралы ұсыныстарды орындауға міндетті ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдарға өзінің құзыреттілігі шегінде енгізуге;

      18) өткізу пункттерінде байланыс желісі мен коммуникацияны қолдануға, техника мен қару-жарақты орналастыруға және қолдануға;

      19) міндеттерді орындауға қажетті ақпаратты құзыретті органдар, ұйымдар және қоғамдық бірлестіктерден өтеусіз алуға және сұратуға;

      20) Мемлекеттік шекараны қорғау облысындағы тапсырмаларды шешу үшін ерікті түрде Шекаралық қызметінің штаттан тыс және басқа да формадағы қызметкерлері есебіндегі еріктілер құрамындағы азаматтарды тартуға, қойылған талаптарға сай тұлғаларды және Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде ерекшеленген азаматтарды көтермелеуге, арнайы әскери оқу орындарына түсуді ұсынуға;

      21) Қазақстан Республикасының тұрғындарын өткізу пункттеріндегі құқық бұзушылықтардың алдын-алуға бағытталған құқықтық тәрбиелеуге қатысуға, тұрғындарды құқық бұзушылықтар, құқық бұзушыларды іздеу және басқа да мақсаттар туралы ақпараттандыру үшін бұқаралық ақпараттар құралдарын қолдануға;

      22) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасы туралы" заңына сәйкес қару-жарақтар мен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және физикалық күшті қолдануға;

      23) шекаралық кеңістіктегі жасалған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар мен өтініштерді қарастыруға, оларды тіркеуге және сәйкес шараларды қолдануға;

      24) Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз еткізетін ақпараттық жүйелер мен арнайыландырылған есепті жасауға және қолдануға;

      25) Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау облысындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындыларының енгізілуін қамтамасыз ету;

      26) Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауға қатысатын әскери қызметшілердің киім түрі мен жабдықталуын анықтауға;

      27) мемлекеттік бақылаушы органдармен бірлесіп бекітілген тәртіпте Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін көлік құралдары, жүктер мен тауарларды тексеруді жүзеге асыруға;

      28) көлік құралдарын шығарып салуға және оларға шекаралық нарядтарды орналастыру;

      29) құқық бұзушыларды қудалау кезінде ұйымдардың аумағына және бөлмелеріне кедергісіз (қажет болған жағдайда құлыпталатын құрылғыларды бұзу арқылы) кез келген уақытта кіруге, сонымен қатар оларды тексеріп қарауға (сәйкес прокурорды жиырма төрт сағат ішінде ескерту арқылы);

      30) азаматтардан Мемлекеттік шекарада бекітілген тәртіпті орындауды, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жұмысына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, сол талаптар орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарымен қарастырылған шараларды қолдануға;

      31) өткізу пункттерінде режимді бұзған әкімшілік ұстауға ұшыраған тұлғаларды күту үшін арнайы жабдықталған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлмелерінде ұстауға;

      32) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процессуалдық заңнамасына сәйкес әкімшілік ұстауға ұшыраған тұлғаларды күту үшін арнайы жабдықталған уақытша ұстау изоляторына, тергеу изоляторына отырғызуға;

      33) шекаралық кеңістіктегі белгіленген тәртіпті бұзудың жағдайын түсіндіру мақсатында аумақтық бөлімшелерге тұлғаларды шақыруға;

      34) Қазақстан Республикасының шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шекаралық саясатты іске асыру облысындағы ұйымдар мен құзыретті органдардың қызметін өз құзыреттілігі шегінде бағыттауға, Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын немесе Мемлекеттік шекараны қорғау қызметін атқаратын аумақтық құзыретті органдар мен өзінің күштерін әрекеттестіруді ұйымдастыруға;

      35) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарымен көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу, мердігерлер мен өнім берушілердің оларды орындауына бақылауды жүзеге асыру;

      36) энергиямен, сумен және жылумен жабдықтау, көлік, байланыс (арнайы мақсаттағы телекоммуникациялар желілерін қоспағанда), коммуникациялар, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, өзге де тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері салаларындағы шаруашылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайтын ұйымдарды тарту;

      37) Басқарманың үй-жайларына және объектілеріне кірерде немесе шығарда жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарын, сондай-ақ олардың алып жүретін заттарын қарап-тексеру;

      38) Басқарманың қарамағындағы мүлікпен белгіленген тәртіпте иелік ету және пайдалану;

      39) талап-арыз жұмыстарын жүргізу;

      40) қаржылық, материалдық және техникалық қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      41) Басқарма жеке құрамының лауазымдық міндеттерін айқындау;

      42) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының дактилоскопиялық ақпарат дерекқорында қамтылатын дактилоскопиялық ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алу және пайдалану;

      43) Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жарылғыш, уландырғыш, радиоактивті, есірткілік заттарды, қаруды, оқ-дәрілерді, өзге де жүктер мен тауарларды, сондай-ақ контрабандалық жолмен өткізілетін жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп ұстау және алып қою;

      44) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен және мерзімде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау әрі қарау;

      45) сотқа жүгіну;

      46) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы келісімдерінен туындайтын міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді;

      2) шекаралық саясатты іске асырады;

      3) Басқарманың және оның құрылымдық бөлімшелерін, жауынгерлік және жедел-қызметтік әзірліктің түрлі дәрежесіне келтіруге ұдайы дайындығын қамтамасыз етеді;

      4) шекаралық бақылау бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан тұлғалардың, көліктердің, жүктер мен тауарларды өткізу бойынша іс-қимылын ұйымдастырады;

      5) жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызметті ұйымдастырады;

      6) құрылымдық бөлімшелерінің жауынгерлік дайындығының сапасын көтеруді қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізеді;

      7) мамандардың Мемлекеттік шекара күзетінде қолданылуы мен дайындау әдістерін жетілдіру бойынша жұмыстарына қатысады;

      8) мемлекеттік органдармен басқармаларымен және шаруашылық жүргізу субъектілерімен белгіленген тәртіпте өзара әрекеттесуді жүзеге асырады;

      9) Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің іс-қимылының үйлесімділігін қамтамасыз етеді және басқаруды жүзеге асырады, оларға тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсетеді;

      10) белгіленген тәртіпте ұйымдастырушылық-штаттық ұсыныстар енгізеді;

      11) Басқарманың жедел-қызметтік жауынгерлік қызметінде кадрлық, идеологиялық (патриоттық) және тәрбиелік жұмысты жүзеге асырады;

      12) әскери қызметтің қауіпсіз шарттарын қамтамасыз ету, әскери ұжымдардың бірлесуі, құқық бұзушылықтардың алдын-алу, әскери заң және тәртіпті нығайту бойынша жұмыстарды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      13) Басқарманың кадрлар құрамымен әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды ұйымдастырады және әскери қызметшілер мен олардың жанұясына әлеуметтік және құқықтық кепілділікті қамтамасыз етеді;

      14) кадрлардың орналастыруын және әскери дәрежелерін иелік етуді жүзеге асырады, номенклатураға сәйкес әскери дәрежелерді иелік ету және лауазымға тағайындау бойынша ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директорына қарастыруға кіргізеді;

      15) Басқарманы жеке құраммен толықтыруды жүргізеді және жұмысшыларды қабылдауды ұйымдастырады;

      16) кадрлардың кәсіби даярлығын ұйымдастыру және оны өткізу сапасына бақылауды жүзеге асырады;

      17) жауынгерлік, техникалық, тылдық, қаржы, ақпараттық, медициналық және басқа да қамтамасыз ету түрлерінің перспективалық жоспарлауын жүзеге асырады;

      18) бюджеттік қаражаттардың мақсатты пайдалануын қамтамасыз етеді;

      19) Басқарманың және оның құрылымдық бөлімшелерінің өртке қарсы қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар тұжырымдайды және қабылдайды;

      20) жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін, жауынгерлік қабілеттілікті, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықты ұстап тұрады;

      21) ведомстволық байланыс желілерін ұйымдастыру мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету және оларды дамыту бойынша ұсыныстар дайындайды;

      22) шифрланған, құпияландырылған және кодталған байланысты ұйымдастыру мен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      23) Басқарманың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      24) Басқарманың ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға қатысады;

      25) диверсияға қарсы қауіпсіздігін және объектілерді күзетуді ұйымдастырады, сондай-ақ өткізу және объектішілік режимдерді қамтамасыз етеді;

      26) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады

3-тарау. Басқарма басшысының қызметін ұйымдастыру кезіндегі мәртебесі мен өкілеттіктері

      16. Басқарманың қызметін басқару Басқарма бастығымен жүзеге асырылады, оған Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуы және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі.

      17. Басқарма бастығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери лауазымға тағайындалады және әскери лауазымынан босатылады.

      18. Басқарма бастығының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери лауазымға тағайындалатын және әскери лауазымынан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарма бастығының өкілеттігі:

      1) Басқарманың барлық жеке құрамымен орындалуға міндетті бекітілген тәртіпте бұйрықтар мен үкімдер шығаруға;

      2) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітуге;

      3) Басқарманың әскери қызметшілері мен құрылымдық бөлімшелер бастықтарының лауазымдық міндеттерін бекітуге;

      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, сонымен қатар шет ел мемлекеттерінің органдарымен арақатынаста Басқарманы таныстыруға, соттық және басқа да мемлекеттік органдарда Басқарманың мүддесін ұсынуға сенімхатқа қол қоюға, контракттар мен келісімшарттарды қорытындылауға;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шекаралық кеңістікте, Мемлекеттік шекара жүзеге асырылатын қызметтің шектелуі немесе тоқтауы туралы шешім қабылдауға;

      6) әскери қызметке алу және әскери қызметтен шығару, Басқарманың әскери қызметшілерін лауазымға тағайындау мен босату туралы өзінің құзыреттілігі шегінде шешім қабылдауға;

      7) көтермелеулер, материалды көмек көрсету сұрақтары бойынша бекітілген тәртіпте шешім қабылдауға және Басқарманың әскери қызметшілері мен қызметкерлеріне тәртіптік жазалар қолдануға, сонымен қатар номенклатураға сәйкес әскери атағын беруге;

      8) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директорына белгіленген тәртіпте әскери атағын беруге, Басқарманың әскери қызметшілері мен қызметкерлерін, сонымен қатар Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын тұлғаларды ведомстволық марапаттармен марапаттауға ұсыныстар енгізуге;

      9) Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің жедел-қызметтік, жауынгерлік және өзге де іс-қимылдарына тексеру жүргізеді;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарма бастығы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      20. Басқарма бастығы өз орынбасарларының, сондай-ақ Басқарманың өзге де лауазымды адамдарының өкілеттіктерін айқындайды, оларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өз өкілеттіктерінің бір бөлігін береді.

4-тарау. Басқарма мүлкі

      21. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлікке ие болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Басқарма өзіне бекітіп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқылы емес.

5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады

Басқарманың қарамағындағы құрылымдық бөлімшелердің тізімі

      1) "Алматы" шекаралық бақылау бөлімі шекаралық бақылау Басқармасы орналасқан орны (орналасқан жері) – Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, Майлин көшесі, "Алматы" халықаралық әуежайы, индексі 050039;

      2) "Алматы" шекаралық бақылау бөлімі шекаралық бақылау Басқармасы орналасқан орны (орналасқан жері) – Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, Майлин көшесі, "Алматы" халықаралық әуежайы, индексі 050039.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады