Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәселелері

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 1999 жылғы 10 желтоқсан N 282.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету мен қорғауды жетілдіру мақсатында қаулы етемін:

      1. Мыналар бекітілсін:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы ереже (1-қосымша);

      2) алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.11.09 № 169 Жарлығымен.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2011.11.09 № 169 Жарлығымен.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті екі ай мерзімде Мемлекеттік шекараны қалыптастыру мен жайластырудың, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін құру мен дамытудың 2000-2003 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеп, Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
1999 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 282 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 17.05.2022 № 893 Жарлығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (бұдан әрі – Шекара қызметі) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік шекараның тұтастығын және қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету, шекара кеңістігінде заңдылық пен белгіленген тәртіпті сақтау мақсатында құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда (оның ішінде суасты ортасында) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) қорғауды және күзетуді жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.

      2. Шекара қызметі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенттің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттарына, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Шекара қызметі республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның қазақ тіліндегі өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Шекара қызметі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Шекара қызметі, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, оның мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Шекара қызметі өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, Шекара қызметі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Шекара қызметінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      Шекара қызметінің бірыңғай жүйесін мыналар құрайды:

      1) əскери басқарудың жедел-стратегиялық органы болып табылатын, "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      2) аумақтық бөлімшелері;

      әскери басқарудың жедел-аумақтық органдары болып табылатын департаменттер;

      әскери басқарудың жедел-тактикалық органдары болып табылатын дербес басқармалар;

      3) ведомстволық бағынысты ұйымдар – әскери басқарудың тактикалық органдары болып табылатын Шекара қызметіне тікелей бағынысты басқармалар;

      4) құрылымдық бөлімшелер: басқарма, дивизион, шекара басқармасы, шекара бөлімі, шекара бөлімшесі (шекара заставасы), оның ішінде теңіз, шекаралық бақылау бөлімі (бөлімшесі), топ, корабль, катер, арнаулы мақсаттағы мобильді іс-қимылдар бөлімі (бөлімшесі), кәсіби даярлық бөлімі (бөлімшесі) және әскери басқарудың тактикалық органдары болып табылатын өзге де бөлімшелер.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан орны: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Желтоқсан көшесі, 48.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.11.2022 № 1068 Жарлығымен.

      9. Шекара қызметінің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Шекара қызметінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Шекара қызметінің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Шекара қызметінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан Шекара қызметіне кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.

      Егер Шекара қызметіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Шекара қызметінің мақсаттары, құқықтары мен міндеттері

      13. Міндеттері:

      1) Мемлекеттік шекара режимін және өткізу пункттеріндегі режимді қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау, оны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге қатысу;

      3) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігінің міндеттерін шешуге қатысу;

      4) Мемлекеттік шекарада, балық аулау аймағында және континенттік қайраңда Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғауға қатысу;

      5) шекаралық аймақта, ішкі және аумақтық суларда, балық аулау аймағында және континенттік қайраңда белгіленген режимдердің сақталуына дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылауды жүзеге асыру;

      6) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын сақтауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау, табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсету;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттер болып табылады.

      14. Құқықтары мен міндеттері:

      1) қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылыстар мен бөгеуіштерді монтаждауды, салуды және орнатуды жүзеге асыру;

      2) байланыс және коммуникациялар желілерін салуды, қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету, оларды жөндеу, реконструкциялау жөніндегі қызметті жүзеге асыру, техника мен қару-жарақты орналастыру және пайдалану;

      3) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге, шектес мемлекеттермен Мемлекеттік шекарадағы режимді орнату мақсатында қажетті құжаттар мен материалдарды әзірлеуге қатысу;

      4) кез келген жергілікті жер учаскелерінде, оның ішінде ерекше қорғалатын аумақтарда және табиғат қорғау аймақтарында болуға (шекаралық нарядтармен жүруге), сондай-ақ қызметтік міндеттемелерді атқару кезінде сол жерлермен жүруге, жер учаскелерінің меншік иелерінен (жалға алушылардан) шекаралық нарядтардың жүріп-тұруына арналған орындарды бөлуді, қоршалымдар арқылы өтетін немесе өзге де кедергілер арқылы өтетін жерлерді жабдықтауды және тиісті түрде күтіп-ұстауды талап ету;

      5) шекаралық саясат және Мемлекеттік шекараны, аумақтық суларды, балық аулау аймағын және континенттік қайраңды күзетуді жедел қамтамасыз ету саласында қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін, сондай-ақ барлау қызметін жүргізу және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдану;

      6) өз өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының шекаралық саясатын іске асыру және уәкілетті органдар мен ұйымдардың шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметін үйлестіру, Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын немесе Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін қозғайтын қызметті жүзеге асыратын өз күштері мен уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыру;

      7) мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, ұйымдарға шекаралық кеңістікте құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін немесе Шекара қызметінің іс-қимылына кедергі келтіретін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсынулар енгізу;

      8) халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шет мемлекеттердің шекаралық органдарымен Мемлекеттік шекараны қорғауда өзара іс-қимылды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

      9) Қазақстан Республикасының шекара өкілдерінің қызметіне тікелей басшылықты жүзеге асыру;

      10) шектес мемлекеттердің шекара өкілдерімен Мемлекеттік шекара режимін ұстап тұру, шекарадағы тосын оқиғаларды реттеу, ақпарат алмасу мәселелері бойынша хат-хабар алмасуды жүргізу, "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен шекара мәселелері жөнінде келіссөздер жүргізу үшін өзара уағдаластық бойынша шектес мемлекеттердің өкілдерін Қазақстан Республикасының аумағына шақыру және шектес мемлекеттердің аумағына өту;

      11) міндеттемелерді орындау үшін уәкілетті органдардан, ұйымдардан және қоғамдық бірлестіктерден қажетті ақпаратты сұрату және өтеусіз алу;

      12) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының дактилоскопиялық ақпарат дерекқорында қамтылатын дактилоскопиялық ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алу және пайдалану;

      13) Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы міндеттерді шешуге азаматтарды ерікті жасақтар құрамында, Шекара қызметінің штаттан тыс қызметкерлері ретінде және өзге де нысандарда ерікті негізде тарту, Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде көзге түскен азаматтарды көтермелеу және қойылатын талаптарға сай келетін адамдарды Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына түсуі үшін ұсыну;

      14) Қазақстан Республикасының халқына құқықтық тәрбие беруге қатысу, шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды жүргізу, құқық бұзушылықтар, құқық бұзушыларды іздестіру туралы халықты хабарландыру үшін және өзге де мақсаттарда бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану;

      15) "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдану;

      16) шекаралық кеңістікте жасалған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар туралы мәлімдемелерді немесе хабарламаларды қарау, оларды тіркеу және олар бойынша тиісті шаралар қолдану;

      17) Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз ететін мамандандырылған есепке алуды және ақпараттық жүйелерді құру және пайдалану;

      18) Мемлекеттік шекараны қорғау саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу;

      19) Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын әскери қызметшілердің киім нысаны мен жарақтарын айқындау;

      20) мемлекеттік кіріс органдарымен бірлесіп, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен жете қарауды жүзеге асыру;

      21) көлік құралдарымен ілесіп жүру және оларда шекаралық нарядтармен жүру;

      22) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен бірлескен шешімдерде айқындалатын тәртіппен Мемлекеттік шекара күзетін күшейту кезінде олар бөлетін күштер мен құралдарды пайдалану;

      23) құқық бұзушылардың ізіне түсу кезінде азаматтардың тұрғын және тұрғын емес үй-жайларына, ұйымдардың аумақтары мен үй-жайларына кедергісіз (қажет болғанда құлып құрылғыларын бұза отырып) тәуліктің кез келген уақытында кіру, сондай-ақ (жиырма төрт сағат ішінде тиісті прокурорды кейіннен хабардар ете отырып) оларды қарап тексеру;

      24) шекаралық іздестірулер мен операцияларды, өзге де іздестіру іс-әрекеттерін жүргізу кезінде бақылау бекеттерін өз бетінше орнату, адамдар мен көлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеу немесе оған тыйым салу, азаматтарды жергілікті жердің жекелеген учаскелеріне жібермеу, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында олардың сонда қалуын немесе осы учаскелерді тастап шығуын міндеттеу;

      25) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төнген кезде Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы және өзге де уәкілетті органдарын хабардар ете отырып, қорғаныс мақсатындағы жұмыстарды, халықаралық міндеттемелерді орындау мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде туындаған салдарларды жоюға байланысты жұмыстарды қоспағанда, шекаралық белдеуде әртүрлі жұмыстарды жүргізуді уақытша шектеу;

      26) қызметтік мақсаттарда байланыс құралдарын, ал Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кіруге тойтарыс беру, Мемлекеттік шекарадағы заңсыз жаппай өтуге және өзге де арандатуларға кедергі келтіру, іздестіру іс-шараларын жүргізу, құқық бұзушылықтарды жасады деп күдік келтірілген адамдарды жеткізу кезінде, ұйымдардың көлік құралдарын, ал қажет болған жағдайларда – Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен иелерінің талаптары бойынша кейіннен оларға шығындарды не келтірілген залалды өтей отырып, азаматтардың көлік құралдарын пайдалану;

      27) Мемлекеттік шекараны кесіп өту, ішкі және аумақтық суларда жүзу кезiнде немесе кемелер қазақстандық порттарда тұрған уақытта құқық бұзушылықтарға жол берген шетелдiк әскери емес кемелер экипаждары мүшелерiнiң және оларда болған өзге де адамдардың жағаға шығуына және жағада болуына тыйым салу;

      28) азаматтардан Мемлекеттік шекарада белгіленген тәртіпті сақтауды, Шекара қызметінің іс-әрекетіне кедергі келтіретін құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтатуды талап ету, бұл талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тиісті шараларды қолдану;

      29) шекаралық кеңістікте белгіленген режимді бұзушыларды Шекара қызметінің әкімшілік ұстауға алынған адамдарды ұстау үшін арнайы жабдықталған үй-жайларында ұстау;

      30) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес әкімшілік ұстауға алынған адамдарды тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында және ұстау үшін арнайы жабдықталған үй-жайларда орналастыру;

      31) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзудың өздеріне белгілі болған мән-жайлары туралы адамдардан түсініктемелер алу мақсатында оларды Шекара қызметінің бөлімшелеріне шақыру;

      32) өткізу пункттерінің балансында тұрған инженерлік-техникалық құрылыстарды, бөгеуіштерді, коммуникацияларды күтіп-ұстауды жүзеге асыру, сондай-ақ пайдаланылатын жабдықтың пайдаланылуы мен сақталуын қамтамасыз ету;

      33) мемлекеттік кіріс органдары жоқ жерде өткізу пункттерінде радиациялық бақылаудың техникалық құралдарын пайдалана отырып, радиациялық бақылауды автоматты түрде немесе қолмен тексеру режимінде жүзеге асыру;

      34) құрамында радиоактивті заттар бар инспекциялық-тексеріп қарау кешендерінің пайдаланылуын ұйымдастыруды, сондай-ақ құрамында радиоактивті заттар бар немесе иондаушы сәуле өндірілетін радиоактивті заттармен, аспаптармен немесе аппаратурамен жұмыс істеген кезде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында радиациялық қауіпсіздікті бақылауды жүзеге асыру;

      35) ішкі және аумақтық суларда, балық аулау аймағында, шекаралық өзендер, көлдер және өзге де су айдындары суларының қазақстандық бөлігінде қазақстандық және шетелдік (суүсті және суасты) кемелерге, мұз үстімен жылжитын құралдарға қатысты:

      егер кеме сұрау салу сигналына жауап бермесе, жүзуге тыйым салынған ауданда болса, Қазақстан Республикасының суларына кіру, онда жүзу және болу тәртібін бұзса, оны тоқтатуға және қарап тексеру жүргізуге құқығы бар. Кемені қарап-тексеру кеме және навигация құжаттарын, экипаж мүшелері мен жолаушылардың құжаттарын, жүктерге арналған құжаттарды, қажет болған жағдайда кеменің үй-жайларын да тексеруді қамтиды. Кемені қарап-тексеру нәтижелері бойынша оған, белгіленген қағидаларды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының суларында жүзуді (болуды) жалғастыруға рұқсат етілуі немесе Қазақстан Республикасының суларын тастап шығу ұсынылуы мүмкін немесе ол Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасына сәйкес ұсталуы мүмкін;

      егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартуға жататын адамдарды ұстау, осы адамдарды анықтау және тергеу органдарына немесе тиісті органдарға тапсыру;

      егер ізге түсу ішкі немесе аумақтық суларда, балық аулау аймағында не континенттік қайраң үстіндегі су кеңістігінде тоқтау туралы көзге көрінетін немесе дыбыстық сигналды (олар осы сигналды көруі немесе естуі мүмкін болатындай қашықтықтан) бергеннен кейін басталса және үздіксіз жүргізілсе, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын немесе заңнамасын бұзған кемелер (мұз үстімен жылжитын құралдар) өз елінің немесе үшінші мемлекеттің аумақтық суларына кіргенге дейін олардың ізіне түсуге және оларды ұстауға құқығы бар;

      36) ішкі және аумақтық суларда су астындағы ортаның жағдайын анықтау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да уәкілетті органдардың күштері мен құралдарын тарту;

      37) ішкі және аумақтық суларда су астындағы объектілер табылған кезде бұл суларға кіру мақсаты туралы сұрау салу жүргізу, бағытын өзгертуді талап ету, оларға су астындағы жағдайдан шығуды, өз туын көрсетуді ұсыну, тоқтату және оларға қарап-тексеру жүргізу, табылған су астындағы объектілер іс-әрекеттерінің алдын алу немесе оларды тоқтату бойынша өзге де шараларды қолдану;

      38) су асты ортасында Мемлекеттік шекараны күзету кезінде, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жататын адамдарды ұстау, осы адамдарды анықтау және тергеу органдарына немесе тиісті органдарға беру;

      39) ішкі және аумақтық суларда Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің және (немесе) жүзудің белгіленген тәртібін бұзған су астындағы құралдарды ұстау, құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтау үшін оларды Қазақстан Республикасының порттарына, өзге де орындарға жеткізу (айдауылмен алып жүру), осы құралдарды анықтау және тергеу органдарына беру;

      40) Мемлекеттік шекараға және Шекара қызметінің іс-қимылына қатысты өзге де мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;

      41) Шекара қызметінің ақпараттандыру объектілерін ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларға қатысу;

      42) ол тұрған жерден тысқары жерлерде Шекара қызметі функциясының бір бөлігін орындайтын және уәкілетті органда есептік тіркеуге жатпайтын оқшауланған құрылымдық бөлімшелерінің болуы;

      43) Мемлекеттік шекарадан өтуді өзгертудің, Қазақстан Республикасының аумағын игерудің кез келген әрекеттерінің жолын кесу;

      44) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының қорғанысы бойынша міндеттерді шешуге, сондай-ақ төтенше және әскери жағдай режимдерін қамтамасыз етуге қатысу;

      45) Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кірулерге тойтарыс беру, Мемлекеттік шекарада қарулы және өзге де араңдатушылықтардың жолын кесу, аталған қылмыстық қол сұғушылықтардан халықты, мемлекеттік және жеке мүлікті қорғау;

      46) адамдардың және көлік құралдарының белгіленген өткізу пункттерінен немесе Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындардан тыс жерде Мемлекеттік шекараны кесіп өту, сондай-ақ өткізу пункттерінде немесе Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда заңсыз кесіп өту әрекеттерінің алдын алу және жолын кесу, Мемлекеттік шекараны бұзушыларды және шекаралық кеңістікте өзге де құқық бұзушыларды анықтау және ұстау;

      47) тиісінше ресімделген құжаттар болған және бақылау түрлері орнатылған өткізу пункттерінен өткен кезде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді өткізуді белгіленген тәртіпте жүзеге асыру;

      48) Мемлекеттік шекара режимінің және өткізу пункттеріндегі режимнің орындалуын қамтамасыз ету;

      49) шекаралық режимнің, ішкі және аумақтық сулардың, балық аулау аймағының және континенттік қайраңның белгіленген режимдерінің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылау, шекаралық аймаққа кіретін орындарда бақылау бекеттерінің қызметін ұйымдастыру;

      50) өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтар профилактикасын жүзеге асыру;

      51) Мемлекеттік шекара арқылы өтетін адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне немесе Қазақстан Республикасынан шығуына құқық беретін құжаттарын тексеру, оларға тиісті белгілер соғу және ондай құжаттарды уақытша алып қою, сондай-ақ жарамсыз құжаттарды алып қою;

      52) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде дактилоскопиялық тіркеуден өткен адамдарға қатысты дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басты растау рәсімін жүзеге асыру;

      53) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат етілмеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басты растау рәсімінен бас тартқан, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде айыппұл салу туралы сот шешімдерін және уәкілетті органдардың қаулыларын орындамаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кіруін шектеу;

      54) шетелде немесе Қазақстан Республикасында болған кезеңде жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен өзге де адамдардың жеке басы анықталғанға дейiн оларды өткізу пункттерінде және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда қалдыра отырып, өткізбеу;

      55) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адамдарды ұстауды және жете-тексеріп қарауды жүзеге асыру;

      56) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзуға жол берген көлік құралдарын тоқтату, қарап-тексеру және ұстау, құқық бұзушылық мән-жайларын анықтау үшін оларды Шекара қызметі бөлімшелерінің орналасқан жеріне жеткізу (айдауылмен жеткізу);

      57) Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жарылғыш, уландырғыш, радиоактивті, есірткілік заттарды, қаруды, оқ-дәрілерді, өзге де жүктер мен тауарларды, сондай-ақ контрабандалық жолмен өткізілетін жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп ұстау және алып қою;

      58) әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны күзетуде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жәрдем көрсету;

      59) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау және табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсету;

      60) Шекара қызметінің инженерлік-техникалық құралдарын, құрылыстарын және бөгеуіштерін жабайы жануарлардың қоныс аудару жолдарын ескере отырып, жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынысы бойынша орнату;

      61) шекаралық кеңістікте байланыс және коммуникация желілерінің сақталуын қамтамасыз ету;

      62) су астындағы ортада Мемлекеттік шекараны кесіп өтуге бақылауды жүзеге асыру;

      63) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту қатері туындаған кезде немесе заңсыз кесіп өту кезінде ішкі және аумақтық суларда, сондай-ақ олардың шегінен тыс жерлерде шет мемлекеттердің шекарасына дейінгі суларда су астындағы объектілерді танып айыру (жіктеу) үшін өздерінде бар құралдарды пайдалану;

      64) Мемлекеттік шекараны қорғау мүддесінде су астындағы ортада сүңгуір қайыққа қарсы және диверсияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

      65) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді жүргізуді және қарауды қамтамасыз ету;

      66) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру;

      67) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша ҰҚК Төрағасы ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін физикалық қорғауды жүзеге асыру;

      68) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен және мерзімде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау әрі қарау;

      69) сотқа жүгіну;

      70) өз құзыреті шегінде құқықтық актілер қабылдау;

      71) қызмет бабында пайдалану үшін;

      72) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 13.03.2024 № 495 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      15. Функциялары:

      1) шекаралық саясатты іске асыру;

      2) Мемлекеттік шекарада жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мемлекеттік және өзге де бағдарламаларды әзірлеуге және орындауға қатысу;

      3) Мемлекеттік шекара туралы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындауды ұйымдастыру;

      4) Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауға қатысты мәселелер бойынша өз құзыретінің шегінде халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысу;

      5) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге қатысу;

      6) белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру;

      7) Шекара қызметі бірыңғай жүйесінің (бұдан әрі – Шекара қызметінің бөлімшелері) іс-қимылына басшылықты жүзеге асыру және келісімділігін қамтамасыз ету, оларға практикалық және әдістемелік көмек көрсету;

      8) Шекара қызметі бөлімшелерінің жауынгерлік және жедел-қызметтік дайындықтың түрлі дәрежесіне ауысуға үнемі дайындығын қамтамасыз ету;

      9) жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызметті өткеруді ұйымдастыру;

      10) Шекара қызметі жедел бөлімшелерінің барлау, қарсы барлау және жедел іздестіру іс-қимылдарын ұйымдастыру;

      11) континенттік қайраң шегіндегі террористік көріністерге ден қою;

      12) ведомстволық байланыс желілерін ұйымдастыру мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету және оларды дамыту бойынша ұсыныстар дайындау;

      13) шифрлау жұмыстарын ұйымдастыру және жүзеге асыру;

      14) шекара маңы аудандарында радиотехникалық және радиоэлектрондық барлауды жүзеге асыру;

      15) Шекара қызметінің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

      16) Мемлекеттік шекара арқылы жүзеге асырылатын шет мемлекеттердің арнаулы қызметтері мен ұйымдарының Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлау және өзге де қызметіне қарсы күрес жөніндегі Шекара қызметінің тиісті бөлімшелері жүргізетін негізгі бағыттарды айқындау;

      17) Шекара қызметі бөлімшелерінің қызметтік-жауынгерлік қызметін моральдық-психологиялық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      18) жеке құрам арасында әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтау, көпұлтты әскери ұжымдарды топтастыру, әскери қызметтің қауіпсіздігі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі іс-шараларды тұжырымдау және іске асыру;

      19) әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың профилактикасы, әскери ұжымдарды топтастыру, әскери қызметтің қауіпсіздік жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу;

      20) Шекара қызметі бөлімшелерінің кадрлық құрамымен әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастыру және әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету;

      21) перспективалық жоспарлауды және, Шекара қызметінің бөлімшелерін пәтерге орналастыруды қоса алғанда, жауынгерлік, техникалық, тылдық, қаржылық, кадрлық, ақпараттық, әскери-медициналық (медициналық) және басқа да қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

      22) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажеттіліктерді жоспарлауды жүзеге асыру;

      23) Шекара қызметі бөлімшелерінің бюджеттік қаражаттарды мақсатты пайдалануын қамтамасыз ету;

      24) Шекара қызметі объектілерінің және оның бөлімшелерінің өртке қарсы қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар тұжырымдау және қабылдау;

      25) Шекара қызметін және оның бөлімшелерін әскери қызметшілермен жасақтауды және жұмыскерлер жұмысқа қабылдауды ұйымдастыру және жүргізу;

      26) кадрларды орналастыруды және әскери атақтар беруді жүзеге асыру, ҰҚК Төрағасының қарауына номенклатураға сәйкес әскери лауазымдарға тағайындау және әскери атақ беру бойынша ұсыныстар енгізу;

      27) кадрлардың кәсіби даярлығын ұйымдастыру және оны өткізу сапасына бақылауды жүзеге асыру;

      28) Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттердің оқу орындарына кадрларды даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберу;

      29) Шекара қызметі бөлімшелерінің жауынгерлік дайындығының сапасын арттыруды қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар өткізу;

      30) белгіленген сан шегінде Шекара қызметі бөлімшелерінің ұйымдастырушылық-штаттық құрылымы мен штаттары бойынша ұсыныстар тұжырымдау;

      31) шектес мемлекеттердің аумағынан Мемлекеттік шекара арқылы жаппай өтуден туындаған әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу;

      32) Шекара қызметінің ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыру;

      32-1) адам саудасының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдау;

      32-2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы тәуекелдерді бағалауға және оларды барынша азайту бойынша ұсыныстар енгізуге қатысу;

      32-3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ұсыну үшін оларды қайта бағыттауға қатысу;

      32-4) ішкі істер органдарын өздеріне белгілі болған дайындалып жатқан не жасалған адам саудасына байланысты қылмыс фактілері туралы хабарлау;

      32-5) адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің нәтижелері туралы жұртшылыққа хабарлау;

      32-6) Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына азаматтарды қорғауға және шекаралық кеңістікте Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуына жәрдем көрсету;

      32-7) басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп адам саудасының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысу;

      33) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 12.08.2024 № 620 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

3-тарау. Шекара қызметінің қызметін ұйымдастыру кезіндегі оның басшысының мәртебесі мен өкілеттіктері

      16. Шекара қызметіне басшылықты ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры (бұдан әрі – Шекара қызметінің директоры) жүзеге асырады, оған Шекара қызметіне жүктелген міндеттердің орындалуы және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі.

      17. Шекара қызметінің директоры Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери лауазымға тағайындалады және әскери лауазымынан босатылады.

      18. Шекара қызметі директорының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери лауазымға тағайындалатын және әскери лауазымынан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Шекара қызметі директорының өкілеттігі:

      1) Шекара қызметінің жұмысын ұйымдастырады;

      2) белгіленген тәртіппен Шекара қызметі әскери қызметшілерінің және жұмыскерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар (өкімдер) шығарады және нұсқаулар береді;

      3) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын актілерден басқа, құқықтық актілерді бекітеді;

      4) мемлекеттік органдармен және ұйымдарымен, сондай-ақ шет мемлекеттердің арнаулы және құқық қорғау қызметтерімен және халықаралық ұйымдарымен өзара қарым-қатынаста Шекара қызметінің атынан өкілдік етеді;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Мемлекеттік шекарада, шекара кеңістігінде немесе шекара белдеуінде жүзеге асырылатын қызметті шектеу немесе тоқтата тұру туралы шешімдер қабылдайды;

      6) өз құзыреті шегінде Шекара қызметінің әскери қызметшілерін әскери лауазымға тағайындайды және әскери лауазымнан босатады;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Шекара қызметінде мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерін әскери қызметтен босатады;

      8) белгіленген тәртіппен Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен жұмыскерлерін көтермелеу, материалдық көмек көрсету және тәртіптік жаза қолдану, сондай-ақ әскери атақ беру мәселелерін шешеді;

      9) ҰҚК Төрағасына Шекара қызметінің республикалық мемлекеттік мекемелерін құру, тарату, орындарын ауыстыру және қайта ұйымдастыру бойынша, сондай-ақ оның құрылымы және штаттары бойынша ұсыныстар енгізеді;

      10) Шекара қызметінің ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерінің, аумақтық бөлімшелері мен құрылымдық бөлімшелерінің ережелерін (жарғыларын) бекітеді;

      11) өз өкілеттіктері шегінде Шекара қызметінің әскери қызмет өткеруге, сондай-ақ жұмыскерлерінің еңбек қатынастарына байланысты мәселелерді шешеді;

      12) белгіленген тәртіппен ҰҚК Төрағасына жоғары әскери атақ беруге кандидатуралар, Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен жұмыскерлерін, сондай-ақ Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдарды ведомстволық наградалармен наградтау бойынша ұсыныстар енгізеді;

      13) Шекара қызметінің қызметтік-жауынгерлік, жедел-қызметтік, әскери-техникалық, қылмыстық-процестік, шекаралық өкілдік және өзге де қызметіне тексеру ұйымдастырады;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Шекара қызметінің директоры болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      20. Шекара қызметінің директоры өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындайды.

4-тарау. Шекара қызметінің мүлкі

      21. Шекара қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлікке ие болуы мүмкін.

      Шекара қызметінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Шекара қызметіне бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Шекара қызметі өзіне бекітіп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқылы емес.

5-тарау. Шекара қызметін қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Шекара қызметін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Шекара қызметінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Арнайы мақсаттағы басқармасы.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызметтік кинология басқармасы.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Техниканы және қару-жарақты жөндеу басқармасы.

      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің "Ақтау" жабдықтау басқармасы.

      5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің "Алматы" жабдықтау басқармасы.

      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің "Жаңғызтөбе" жабдықтау басқармасы.

Шекара қызметінің қарамағындағы аумақтық бөлiмшелердің тізбесі:

      Ескерту. Тізбеге өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 05.07.2022 № 955; 09.11.2022 № 1068 Жарлықтарымен.

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаменті.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаменті.

      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті.

      5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті.

      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департаменті.

      7. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті.

      8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті.

      9. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті.

      10. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Павлодар облысы бойынша департаменті.

      11. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті.

      12. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті.

      13. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Абай облысы бойынша департаменті.

      14. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаменті.

      15. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің "Астана" шекаралық бақылау басқармасы.

      16. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің "Алматы" шекаралық бақылау басқармасы.

  2-қосымша
Қазақстан Республикасы
Президентінің
1999 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 282 Жарлығымен бекітілді

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      Ескерту. Алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.11.09 № 169 Жарлығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады