"Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 2022 жылғы 13 маусымдағы № 127 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Ұ.Қ.Тәжібаевқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Ө. Шөкеев
      А.Ш.Жетпісбай
      Ә.Е.Тұрғымбеков
      С.А.Қалқаманов
      А.С.Сабитов
      Ұ.Қ.Тәжібаев
      Қ.Ә.Қайыпбек
      А.Б.Тасыбаев

  Түркістан облысы әкімдігінің
2022 жылғы 13 маусымдағы
№ 127 қаулысына қосымша

"Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Түркістан облысының табиғи ресурстар жане табиғат пайдалануды реттеу баскармасы" мемлекеттік мекемесі (әрі қарай – Басқарма) өз өкілеттіктерi шегiнде Түркiстан облысы аумағындағы табиғи ресурстарды мемлекеттік басқару және табиғат пайдалануды реттеу, сондай-ақ қоршаган ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласындағы iс-шараларды жүзеге асыру функцияларын орындауда басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.

      2. Басқармада ведомстволар жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазакстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актiлерiне, өзге де нормативтік құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы занды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелері бойынша заңнамада белгiленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен рәсімделетiн шешiмдер қабылдайды.

      8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамага сәйкес бекiтiледi.

      9. Басқарманың орналасқан жерi: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Жаңа қала шағын ауданы, 32 көше, 20 ғимараты, пошталық индексi 160023.

      10. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамысына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады.

      12. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тиым салынады.

      Егер, Басқарма заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттiк органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын, орман, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және теңгерiмдi пайдалану, экологиялық реттеу саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелерге, коммуналдық мемлекеттік мекемелерге қатысты мемлекеттік басқару органының және уәкілетті органның функцияларын жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекеменінің, коммуналдық мемлекеттік мекеменінің жарғыларын әзірлеу;

      облыстық бюджет қаражатынан бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) мемлекеттік сатып алу бойынша ұйымдастырушының және тапсырыс берушінің өкілеттіктерін жүзеге асыру, шарттар жасасу және олардың орындалуын бақылау;

      өз өкілеттіктері шегінде қоршаған ортаны қорғау, су қоры, ормандарды сақтау, қорғау, молықтыру, ормандар мен жануарлар дүниесін пайдалану саласындағы облыстық бюджеттік бағдарламалар бойынша жасалған шарттар шеңберінде жұмыстардың және іс-шаралардың барлық түрлерін тексеруді жүзеге асыру;

      өз құзыреті шегінде қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардан, сондай-ақ ұйымдар мен жеке тұлғалардан қажетті ақпаратты сұрату және алу;

      басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің, коммуналдық мемлекеттік мекеменің қызметіне ішкі бақылауды жүзеге асыру;

      өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардан табиғи ресурстарды пайдаланудың белгіленген ережелерін, нормалары мен шектеулерін сақтауды талап ету;

      2) міндеттері:

      Басқарманың қарауындағы мемлекеттік орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарындағы орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман өсіруді ұйымдастыру мен орман пайдалануды қамтамасыз ету;

      жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      қоршаған ортаны қорғау және экологиялық реттеу саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

      облыстық бюджеттік бағдарлама шеңберінде қалдықтарды жою және орналастыруға арналған полигон объектілер құрылысын қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіру.

      15. Функциялары:

      1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлерді дамыту, республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi ұсыныстарды уәкiлеттi органға енгiзу;

      3) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi ұйымдастырады және оларға мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзудi қамтамасыз ету;

      4) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесiн, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстау-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыныс беру;

      5) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiнде шешiмдер қабылдау үшін облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      6) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлудi түзету жобаларын бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      7) өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi, оларды күзетудi, қорғауды және қалпына келтiрудi, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргiзудi қамтамасыз ету;

      8) заңды тұлға мәртебесi бар жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететiн қызметтер үшiн тарифтер мөлшерiн бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыну;

      9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзуге қатысу;

      10) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын әзірлейді және бекiтедi және паспорттарды уәкiлеттi органға тiркеуге (қайта тіркеуге) беру;

      11) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрiн құру үшiн жердi резервте қалдыру жөнiнде шешiмдер қабылдауға облыс әкімідгіне ұсыныс енгізу;

      12) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау аймақтары шегiнде осы аумақтардың экологиялық жүйелерiнiң, экологиялық дәлiздердiң жай-күйiне, сондай-ақ оларды қорғау және пайдалану режимiне терiс әсер ететiн қызметтiң барлық түрiн шектей отырып, осындай аймақтарды белгiлеу жөнiнде шешiмдер қабылдауға облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      13) өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне, күзетiлуiне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

      14) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi аумағының шекарасын және қорғау режимiнiң түрлерiн бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      15) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем ставкаларын бекіту үшін облыстық мәслихатқа ұсыныс енгізу;

      16) жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды таратады және олардың аумақтарын кішірейту;

      17) белгіленген режимді сақтай отырып, республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдардың аумағында орналасқан жер учаскелерін пайдалануды жүзеге асыру;

      18) белгіленген жағдайда уәкілетті орган ведомствосының ұсынысы бойынша босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріне ауыстыруды жүзеге асыру;

      19) мемлекеттік орман саясатын қалыптастыру және оны іске асыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауға қатысу;

      20) ормандарды күзетудi, қорғауды, молықтыру мен орман өсiрудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi, өздерiнiң функционалдық қарауындағы мемлекеттiк орман қоры аумағында орман пайдалануды реттейдi;

      21) мемлекеттiк орман қоры аумағында ормандағы өрттердiң алдын алу және оларға қарсы күрес жөнiндегi iс-шаралардың жыл сайынғы жоспарларын әзірлейді, бекітеді және iске асыру;

      22) жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ ұйымдардың өрт сөндiру техникаларын, көлiктерi мен басқа да құралдарын ормандағы өрттердi сөндiруге тарту тәртiбiн айқындайды, осы жұмысқа тартылған жеке тұлғаларды жүрiп-тұру өрт сөндiру құралдарымен, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз ету;

      23) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өртке қарсы ерікті құралымдардың жұмыс iстеуiне жәрдемдесу;

      24) орманда өрт қаупi болатын маусымда мемлекеттiк орман қоры аумағында өрттердi сөндiру үшiн жанар-жағар май материалдарының резервiн жасау;

      25) шаруа және фермер қожалықтары мен өзге де ауыл шаруашылығы ұйымдарының орман қорына iргелес аумақтардағы ауыл шаруашылығы алқаптарында, жайылымдық және шабындық жерлерде сабантүбiн, аңыздарды және өзге де өсiмдiк қалдықтарын өртеуiне, қау шөбiн өртеуiне бақылау жасауды қамтамасыз ету;

      26) өртке қарсы насихатты, бұқаралық ақпарат құралдарында ормандарды сақтау, ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерiн орындау туралы мәселелердiң тұрақты берiлуiн ұйымдастыру;

      27) облыс аумағында ормандағы өртке қарсы күрес жөнiндегi жұмыстарды үйлестiредi, қажет болған жағдайда осы мақсатта арнайы комиссиялар құру;

      28) орман қоры аумағында орман зиянкестерiмен және ауруларымен күрес және орманның санитарлық жай-күйiн жақсарту жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;

      29) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күресте авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозольдық iс-шаралар жүргiзген кезде, сондай-ақ орманда өрт қаупi жоғары болып тұрған кезеңдерде жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында болуына тыйым салу туралы, орман пайдалану құқығын шектеу туралы шешiм қабылдауға облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      30) уәкiлеттi органға беру үшiн өздерiнiң функционалдық қарауындағы орман қорының мемлекеттiк есебi, мемлекеттiк орман кадастры, мемлекеттiк орман мониторингi жөнiнде материалдар әзiрлеу;

      31) өздерiнiң функционалдық қарауындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде аяқталған объектiлердi және орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу нәтижесiнде өндiрiлген дайын өнiмдердi қабылдау;

      32) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін (сүректі түбірімен босату үшін мөлшерлемелерді қоспағанда) жобаларын әзірлеу;

      33) уәкiлеттi органның және облыстың жергілікті өкiлдi органының қатысуымен өздерiнiң қарауындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi пайдалануға беру жөнiнде тендерлер ұйымдастыру және өткiзу;

      34) орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген, өз қарауындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер беру;

      35) өздерінің ведомстволық бағынысындағы орман мекемесінің нышанын (эмблемасы мен жалауын) бекіту;

      36) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен басқа санаттардағы жерді орман қоры жеріне ауыстыруды жүзеге асыру;

      37) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      37-1) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы іс-шаралар жоспарларын әзірлейді және іске асырады;

      38) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi өздеріне ведомстволық бағыныстағы органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiру мен бақылауды жүзеге асыру;

      38-1) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы қызметті ұйымдастырады;

      39) жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тiзбесiн бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыныс беру;

      39-1) елді мекендердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерінде орналасқан жасыл екпелерді күтіп-баптауды қамтамасыз етеді;

      40) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) олардың учаскелерін кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарына және (немесе) учаскелерге жатқызу өлшемшарттарына сәйкес кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындары және (немесе) учаскелер бойынша жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тiзбесiн бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыныс беру;

      40-1) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде түбірімен босатылатын сүрек үшін мөлшерлемелерді қоспағанда, өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалану тәртібімен өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін әзірлейді;

      41) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру мен аңшылық және балық шаруашылықтарының қажеттіліктері үшін сервитуттарды белгілеу жөнiнде шешiмдер қабылдауға бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыныс беру;

      41-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жабайы өсетін өсімдіктерді пайдалану құқығына шектеу (тоқтата тұру) белгілеу туралы шешімдер қабылдайды;

      42) кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін балық өсіруді (акваөсіруді) жүргізуге арналған балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне ауыстыру жөнінде шешімдер қабылдауға облыс әкімдігіне ұсыныс беру;

      42-1) жеке және заңды тұлғалардың өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      43) жануарларға ауырып қалған, бекітіліп берілмеген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде олардың қырылу қаупі төнген жағдайда оларға көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      43-1) жасыл екпелердi жасау, күтiп-баптау және қорғау қағидаларын облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну үшін облыс әкімдігіне материалдарды әзірлеу және дайындау;

      44) аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары үшін жануарлар дүниесін пайдаланушыларға аңшылық алқаптарды бекітіп беру бойынша конкурстар өткізу;

      45) жануарларды, оның ішінде жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру жөнiндегi, сондай-ақ қолдан өсiру жөнiндегi қызметтi ұйымдастыру;

      46) аңшылық алқаптарының резервтiк қорында жануарлар дүниесiн қорғауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету;

      47) балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң резервтiк қорын қорғауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету;

      48) ғылыми ұсынымдар негізінде балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін паспорттауды жүргізу;

      49) рекреациялық балық аулау аймағын белгілеуге облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      50) балық шаруашылығы учаскелерінің шекараларын белгілеуге, ұйықтарды (ұйықтық учаскелерді) ашауға және жабуға облыс әкімдігіне ұсыныс беру;

      51) екі және одан да көп облыс аумағында орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында ғылыми-зерттеу үшін аулау, сондай-ақ сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар түрін қоспағанда, жануарлар әлемін пайдалануға рұқсат беру;

      52) облыс аумағында жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырады және (немесе) қамтамасыз ету;

      53) резервтік қордың балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балықтардың қырылу қаупі туындаған жағдайларда уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің шешімі негізінде мелиорациялық балық аулауды ұйымдастыру;

      54) инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу;

      55) акваөсіру (балық өсіру) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға субсидиялар беру;

      56) әсер етуге экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу;

      57) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде III санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу;

      58) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне кірмейтін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік экологиялық сараптаманың өзге де объектілеріне қатысты мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу;

      59) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде қоғамдық тыңдау ұйымдастыру;

      60) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияларды қабылдау;

      61) экологиялық рұқсаттар мен қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялардың тізілімін жүргізу;

      62) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қоршаған ортаға әсер ету туралы қабылданған декларациялар бойынша жиынтық деректерді жіберу;

      63) кешенді экологиялық рұқсатқа енгізілуге жататын міндетті экологиялық шарттарға қатысты ескертулер мен ұсыныстарды беру;

      64) II санаттағы объектілер үшін әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттарды беру;

      65) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есепті қабылдау;

      66) халқы он мың адамнан асатын елді мекендерде атмосфералық ауаға ластағыш заттар шығарындыларының стационарлық көздерін түгендеуді қамтамасыз ету;

      67) халқы он мың адамнан асатын елді мекендерде атмосфералық ауа ластануының жиынтық есеп-қисаптарын жүргізуді және олардың негізінде елді мекеннің шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томын жасауды қамтамасыз ету;

      68) жаңа жинақтағыш-буландырғыштарды жасауға (қолданыстағыларын кеңейтуге) жол беру;

      69)қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      70) өз құзыретi шегiнде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу;

      71) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, облыстық мәслихаттың шешімімен бекітуге ұсыну;

      72) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге, қоршаған ортаны қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңасын салуға инвестициялар тарту үшін жағдай жасау;

      73) қалдықтардың түзілу көлемін азайтуды, түзілетін қалдықтарды қалпына келтіру үлесін ұлғайтуды, олардың қауіптілік деңгейін төмендетуді, қалдықтардың түзілу көлемін азайтуға бағытталған технологияларды енгізетін, өнім өндіру (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) процесінде түзілетін қалдықтарды қалпына келтіруді жоспарлайтын, осындай қалдықтарды жинау мен дайындауды, тиісті кәсіпорындар мен цехтар салуды жүзеге асыратын, сондай-ақ қалдықтарды қалпына келтіруге арналған жабдықтар өндіруді ұйымдастыратын, қалдықтардың түзілу көлемін азайту және түзілетін қалдықтарды қалпына келтіру үлесін ұлғайту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға пайлық үлеспен қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің шаруашылық қызметін ынталандыру жөніндегі іс-шараларды айқындау және жүзеге асыру;

      74) су қорын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      75) су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциялармен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісім бойынша ауыз сумен жабдықтау кездерiнiң су қорғау аймақтарын, белдеулерін және санитарлық қорғау аймақтарын белгілеу жөнiнде жұмыстарды ұйымдастыру;

      76) өз құзыретi шегiнде бассейндiк су шаруашылығы басқармаларының келiсiмiмен су корғау аймақтары мен белдеулерiн шаруашылық пайдаланылудың режимi мен ерекше жағдайларын белгілеудi қамтамасыз етуге облыс әкiмдiгiне ұсыныс енгізу;

      77) өз құзыретi шегiнде конкурстық негiзiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртіппен су обьектiлерiн оқшау немесе бірлесіп пайдалануға беруді ұйымдастыру;

      78) бассейндік кеңестердің жұмысына және бассейндік келiсiмге қатысу, су обьектiлерiн ұтымды пайдалану және қорғау, су бұру жөнiндегi ұсыныстарды бассейндiк кеңестердiң қарауына енгiзу, бассейндік кеңестердiң ұсынымдарын зерделеу, оларды iске асыру жөнiнде шаралар қолдану;

      79) өз құзыретi шегiнде су обьектiлерiн ұтымды пайдалану және қорғау жөнiндегi iс-шаралардың iске асырылуын камтамасыз ету;

      80) өз құзыретi шегiнде судың жай-күйiне әсер ететін кәсiпорындармен басқа да кұрылыстарды орналастыруды және пайдалануға берудi, сондай-ақ су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде құрылыс, түбiн тереңдету және басқа да жұмыстарды жүргiзу шарттарын келісу;

      81) облыс аумағында орналасқан су объектiлерiнiң жай-күйi туралы халықты хабардар ету;

      82) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 27.09.2023 № 213 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3-тарау. Мемлекеттiк органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердiң орындалуына және өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың бiрiншi басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңдамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарманың бiрiншi басшысының өкiлеттiктері:

      1) басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерінің шеңберін белгілейді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді, орындалуы міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      4) заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;

      5) басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен барлық өзара қарым-қатынастарда басқарманың атынан өкілдік етеді;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;

      8) белгіленген еңбекақы төлеу қоры және қызметкерлер саны шегінде міндеттемелер мен төлемдер бойынша Басқарманың қаржыландыру жоспарын, басқару құрылымын бекітеді;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      20. Бiрiншi басшы өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкi

      23. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару кұқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкін.

      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырады.

      24. Басқармаға бекітілген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.

      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың, өзіне бекітілген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетімен неліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелер тiзбесi:

      1) "Бадам орман және жануарлар әлемiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк мекемесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесi;

      2) "Отырар орман және жануарлар әлемiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк мекемесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесi;

      3) "Созақ орман және жануарлар әлемiн қорғау жөнiндегi мемлекеттікмекемесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесi;

      4) "Шардара орман және жануарлар әлемiн қорғау жөнiндегi мемлекеттік мекемесi" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      5) "Жасыл желек" коммуналдық мемлекеттік мекемесi;

      6) "Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы "Сырдария-Түркістан мемлекеттік өнiрлiк табиғи паркі" коммуналдық мемлекеттік мекемесi;

      7) "Жасыл аймақ" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады