"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 29 шілдедегі № 399 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2023 жылғы 8 тамыздағы № 775 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 29 шілдедегі № 399 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15598 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 26-8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржы және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидаларында атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидалары;

      3-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "РММ-ны қаржылық қамтамасыз етуге қабылдауды жедел-стратегиялық деңгейдегі тиісті ӘБО Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бюджеттік жоспарлау және қаржыландыру жөніндегі орталық уәкілетті құрылымдық бөлімшесімен келісу бойынша жүргізеді.";

      49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "49. Экологиялық сақтандыруды экологиялық қауіпсіздікке жауап беретін лауазымды адам "Міндетті экологиялық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жоспарлайды. Өтінімге экологиялық қауіпсіздікке жауап беретін лауазымды адам және РММ басшысының жетекшілік ететін орынбасары қол қояды.";

      мынадай мазмұндағы 53-1-тармақпен толықтырылсын:

      "53-1. Жоспарлы кезеңге коммуналдық қызметтерге (электр энергиясы, жылу, ыстық және суық су, кәріздік су ағызу, газ және оны жеткізу, тұрмыстық қатты қалдықтар үшін) төлем есебі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 2 қарашадағы № 1118 қаулысымен бекітілген Бюджет қаражатынан қаржыландырылатын ұйымдар бойынша электр энергиясын, жылуды, ыстық және суық суды және басқа да коммуналдық қызмет көрсетулерді тұтынудың нормативтері негізінде, ал нормалар болмаған жағдайда өткен жылғы тұтынылған коммуналдық қызметтер көлемі негізінде жасалады.";

      60-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "60. Әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемін жоспарлауды әскери қызметші ақшалай ризықта тұрған қаржы бөлімшесі жүзеге асырады.

      Тұрғын үй төлемі осы төлемді алуға құқығы бар әскери қызметшілердің тізімдік саны бойынша жоспарланады.

      Тұрғын үй төлемін алу құқығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 49 қаулысымен бекітілген Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес айқындалады.

      Тұрғын үй төлемін жоспарлау үшін пәтерді пайдалануды қамтамасыз ету бөлімшесінің бастығы ағымдағы және біржолғы тұрғын үй төлемін алушылардың тізімін жасайды және оны ағымдағы жылғы 15 қаңтарға дейін тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілердің есебімен салыстыру үшін гарнизонның аудандық пайдалану бөліміне (бұдан әрі – АПБ) жолдайды.

      Бұл ретте біржолғы тұрғын үй төлемін алушылардың тізімі АПБ-ға жолдау алдында кадр және жасақтау бөлімшелерінің бастықтарымен салыстырылады.

      АПБ-мен салыстырылған тұрғын үй төлемін алушылар тізімі ағымдағы жылғы 20 қаңтарға дейін қаржы бөлімшесіне ұсынылады.

      Тұрғын үй төлемін алушылардың тізімі негізінде қаржы бөлімшесі осы Қағидаларға 20-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ағымдағы тұрғын үй төлемінің және 21-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біржолғы тұрғын үй төлемінің есебін дайындайды.

      РММ жиынтық бюджеттік өтінімді жасау үшін ағымдағы жылғы 8 ақпанға дейін тұрғын үй төлемінің қажеттілігі бойынша бюджеттік өтінімді жоғарғы ӘБО-ға, ал АПБ гарнизон бойынша тұрғын үй төлемін алушылардың жиынтық тізімін ҚР ҚК-нің тұрғынжайға мұқтаж әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерін және қызметтік тұрғын үй қорын есепке алуға жауапты құрылымдық бөлімшесіне жолдайды.";

      72-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) ҚР ҚМ даму жоспарының мақсаттарымен және нысаналы индикаторларымен өзара байланыста жасалған бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) жобаларын ұсынады.";

      мынадай мазмұндағы 74-1-тармақпен толықтырылсын:

      "74-1. Алдағы жоспарлы кезеңнің лимиттерін айқындау үшін ағымдағы қаржы жылының 15 наурызына дейінгі мерзімде мынадай құжаттар әзірленеді және ҚР ҚМ Бюджеттік комиссиясымен мақұлданып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынылады:

      1) ҚР ҚМ даму жоспарын жасауға жауапты құрылымдық бөлімше ҚР ҚМ даму жоспарының жобаларын немесе ҚР ҚМ даму жоспарына өзгерістер мен толықтырулар жобаларын, сондай-ақ ҚР ҚМ даму жоспары жобасының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін қаржылық қажеттілік есептерін;

      2) ЭҚД кезекті жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік бағдарламалар жобаларын.";

      78-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "78. ЭҚД алынған Республикалық бюджет комиссиясының (бұдан әрі – РБК) хаттамасы негізінде он жұмыс күні ішінде жоспарлы үшжылдық кезеңге қолдау тапқан шығыс бойынша ақпаратты әрбір бюджеттік өтінімді жасаушыға жеткізеді.";

      85-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "85. Бос лауазымдардың болуына байланысты, мемлекеттік сатып алу, жоспарланған іс-шараларды орындау не орындамау процесінде қалыптасқан қаражатты үнемдеу ҚР ҚМ бюджеттік шотында жинақталады.

      Жедел-іздестіру қызметін қаржыландыруға жоспарланған қаражатты қоспағанда, РММ және ӘБО қаражатты үнемдеу қалыптасқан жағдайда ҚЖЖ-ға өзгеріс енгізуге өтінімдерді белгіленген тәртіппен ұсынады.";

      86-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "86. Жедел-іздестіру қызметін қаржыландыруға көзделген бюджет қаражатын қайта бөлу ҚР ҚМ әскери барлау органы басшысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.";

      88-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сомасы 8000 еселенген АЕК-дан аспайтын тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге.";

      89-тармақтың 10) және 11) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) қатты тұрмыстық қалдықты, сұйық тұрмыстық қалдықты, қож-күл қалдығын шығару бойынша көрсетілетін қызметтер;

      11) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес өндірістік объектілерді еңбек жағдайы бойынша аттестаттау, қызметкерлерді медициналық тексеру бойынша көрсетілетін қызметтер;";

      90-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "90. Бюджеттік комиссияның шешімінсіз қаржыландыруға жол берілетін, сомасы 8000 еселенген АЕК-дан аспайтын тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге:

      1) кеңсе тауарлары;

      2) ұйымдастыру техникасын техникалық сүйемелдеу, қызмет көрсету және жөндеу;

      3) қамтамасыз ету органымен келісу бойынша шетелде шығарылған автомобиль техникасына техникалық қызмет көрсету, автомобиль техникасын ұсақ жөндеу үшін қосалқы бөлшектер сатып алу;

      4) компьютерлік және перифериялық техникаға қосалқы бөлшектерді, сондай-ақ ақпарат жеткізгіштерді (казтокен, е-токен, флэш-жинақтауыш) сатып алу;

      5) картридж сатып алу, жөндеу және толтыру;

      6) көрсетілетін байланыс қызметтері;

      7) шаруашылық тауарлары мен құрал-жабдықты сатып алу;

      8) бағдарламалық қамтамасыз етуді техникалық қолдау және сүйемелдеу;

      9) көрнекі үгіт-насихатты, плакаттар мен стенділерді жөндеу және жаңарту, бланкілік өнімді жасау;

      10) көрсетілетін нотариаттық қызметтер;

      11) авиациялық техниканы азотпен және оттегімен толтыру бойынша көрсетілетін қызметтер;

      12) метрологиялық жұмыс және көрсетілетін қызметтер;

      13) монша-кір жуу қызметі бойынша көрсетілетін қызметтер;

      14) мемлекеттік рәміздерді, грамоталарды және оларға рамкаларды сатып алу (грамоталарды жасау бойынша жұмыс);

      15) бағалы сыйлықтарды, кәдесый өнімін сатып алу;

      16) өрт сөндіргіштерді толтыру (қайта толтыру);

      17) әуе кемесін күтіп-ұстау және пайдалану үшін шығыс материалын сатып алу;

      18) дәрі-дәрмекті, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу;

      19) медициналық көрсетілетін қызметтер;

      20) мерзімді баспасөзге жазылу;

      21) ҚР ҚК әскери қызметшілері мен қызметшілерін даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру, оқыту және олардың семинарларға қатысуы;

      22) тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтер;

      23) брокерлік көрсетілетін қызметтерді сатып алу жатады.

      ҚЖЖ-ға өзгеріс енгізуге өтінімді жасау кезінде қосымша тиісті бөлімше бастығы жасаған және қол қойған техникалық сипаттама қоса беріледі.";

      92-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) ҚР ҚМ даму және операциялық жоспарының, бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) көрсеткіштеріне әсері;";

      93-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) ҚР ҚМ-ның даму жоспарын жасауға жауапты құрылымдық бөлімшеге ҚР ҚМ даму жоспарының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына қол жеткізуге тигізетін әсері мәніне түсіндірме жазбасымен өтінімді;";

      94-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "94. ЭҚД ҚЖЖ-ға өзгеріс енгізуге өтінімдерді қарау процесін мынадай тәртіппен жүзеге асырады:

      1) қайта бөлуді және қосымша қаржыландыруды қажет ететін іс-шараларды жинау және қорытындылау;

      2) жауапты орындаушылардың өтінімдері бойынша алдыңғы айдың 25-і күніне дейін ҚР ҚМ-ның даму жоспарын жасауға жауапты құрылымдық бөлімшеден қорытынды алу;

      3) қаражатты, оның ішінде құжаттар пакеті толық болған кезде ҚР ҚМ даму жоспарының нысаналы индикаторларына, бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижесі көрсеткіштеріне қол жеткізуге ықпал етпейтін бір ағымдағы бюджеттік бағдарлама шегінде қайта бөлу жөніндегі мәселелерді бюджеттік комиссияның қарауына шығару.

      ҚР ҚМ даму жоспарының нысаналы индикаторларына, бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижесі көрсеткіштеріне қол жеткізуге ықпал ететін, сондай-ақ қаражатты бір бюджеттік бағдарламадан екіншісіне ауыстыруды қажет ететін қаражатты қайта бөлу республикалық бюджетті нақтылау кезінде белгіленген тәртіппен РБК-ның қарауына шығарылады.

      Бюджеттік комиссия жұмысының нәтижесі хаттамамен ресімделеді және бекітілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде ББІОЖ-ға жеткізіледі.";

      101-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) ҚР ҚМ даму жоспарын жасауға жауапты құрылымдық бөлімшеге ҚР ҚМ даму және операциялық жоспарларына ұсыныстар ұсынады.";

      104-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "104. ҚР ҚМ даму жоспарын жасауға жауапты құрылымдық бөлімше тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы ҚР Үкіметінің қаулысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін бір ай ішінде белгіленген тәртіппен ҚР ҚМ даму жоспарына және операциялық жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.";

      138-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "138. Ақшалай ризықтан, жалақыдан және басқа да төлемдерден ұстап қалу атқару құжаттары немесе жұмыскердің жазбаша баянаты бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 115-бабында көзделген жағдайда жүргізіледі.";

      148-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) кәсіптік одаққа жарналар (тек кәсіптік одақтардың мүшелерінен тіркелген өтініштер негізінде).";

      154-тармақта:

      4) тармақша: "4) төлеуге шоттарға растау құжаттары (ақша қаражатын алушылар тізімі, төлем шоты);" деген редакцияда жазылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) орталықтандырылған тәртіппен жоспарланатын іс-шараларға тапсырыс берушілердің төлеуге шоттарына растау құжаттары:

      жүкқұжат;

      тауарларды қабылдау-тапсыру актісі;

      орындалған жұмыс (көрсетілген қызметтер) актісі;

      Нысандар альбомының нысандары (№ НҚ-1 "Негізгі құралдар мен инвестициялық жылжымайтын мүлікті қабылдау-тапсыру (орналастыру) актісі", № МЕА-1 "Материалдық емес активтерді қабылдау-тапсыру актісі", № 429 "Қорларды қабылдау актісі");

      жөндеу және құрылыс бойынша қабылдау актісі;

      салыстыру актісі;

      шот-фактура.";

      160-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "160. РММ-ның мерзімді қызмет әскери қызметшілері мен азаматтық персоналына ағымдағы ай үшін тиесілі барлық төлемді есептегеннен кейін есеп айырысатын бухгалтер бірінші кезекте Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде міндетті зейнетақы жарнасын ұстап қалады және төлейді.";

      179-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "179. РММ басшысы жыл сайын қаңтар айының басында РММ-ның мемлекеттік сатып алуын ұйымдастыру және өткізу рәсімін жүзеге асыру үшін қаржы бөлімшесінің офицерін (штат бойынша мемлекеттік сатып алуға жауапты құрылымдық бөлімше көзделмеген жағдайда) мемлекеттік сатып алуға жауапты лауазымды адам етіп тағайындау туралы бұйрық шығарады.";

      200-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "200. Мемлекеттік сатып алу бойынша барлық құжат қаржы бөлімшесінде (штат бойынша мемлекеттік сатып алуға жауапты құрылымдық бөлімше көзделгеннен басқа жағдайда) сақталатын жеке номенклатуралық іске тігіледі.";

      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) барлық қосымшасымен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар ("Қазынашылық-Клиент" АЖ-дан шарт тараптары қол қойған Бюджеттің атқарылуы ережесінің № 4-02 "Шарттың тіркелгені туралы хабарлама", сондай-ақ № 4-02 ОК "Шарттың тіркелгені туралы хабарлама" нысандары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес шарттың орындалуын қамтамасыз етуді растау, тікелей жасау жолымен бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы есеп, жергілікті қамту туралы есеп);";

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) орталықтандырылып РММ пайдасына жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шартқа барлық қосымшасымен бірге мемлекеттік сатып алу туралы шарттың көшірмесі (бар болса).

      Орталықтандырылған тәртіппен жоспарланатын іс-шараларға тапсырыс берушілерді қоспағанда, РММ-ның тауарларды жеткізуді (жұмыстың орындалуын, қызметтердің көрсетілуін) растайтын бастапқы құжаттары (жүкқұжат, өнім беруші өкілінің сенімхаты, веб-порталда жасалған актілер (тауарларды қабылдау-тапсыру актісі, орындалған жұмыс (көрсетілген қызметтер) актісі), Нысандар альбомының нысандары (№ НҚ-1 "Негізгі құралдар мен инвестициялық жылжымайтын мүлікті қабылдау-тапсыру (орналастыру) актісі", № МЕА-1 "Материалдық емес активтерді қабылдау-тапсыру актісі", № 429 "Қорларды қабылдау актісі"), жөндеу және құрылыс бойынша қабылдау актісі, салыстыру актісі, шот-фактура, орталықтандырып жабдықтау хабарламасы (тек тапсырыс берушінің бухгалтериясында) № 6 мемориалдық ордер – Нысандар альбомының № 408 ұйымдармен есеп айырысу бойынша жинақтау ведомосына және № 7 мемориалдық ордер – Нысандар альбомының № 408 аванстық төлем тәртібінде есеп айырысу бойынша жинақтау ведомосына тігіледі.

      Барлық құжат хронологиялық тәртіппен, ал мемлекеттік сатып алу туралы шарттар нөмірлеу бойынша ұлғаюына қарай тігіледі.";

      мынадай мазмұндағы 217-1-тармақпен толықтырылсын:

      "217-1. ҚР ҚМ әскери барлау органының басшысына бағынатын РММ-ны қоспағанда, РММ кассаға қабылданған қолма-қол ақшаны оны қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті қолма-қол ақшаны бақылау шотына аудару үшін банкке тапсырады.

      ҚР ҚМ әскери барлау органының басшысына бағынатын РММ-ны қоспағанда, РММ-ның ақшаны тиісті қолма-қол ақшаны бақылау шотына алдын ала тапсыруынсыз оны пайдалануына жол берілмейді.

      ҚР ҚМ әскери барлау органының басшысына бағынатын РММ ағымдағы қаржы жылының соңында кассадағы қолма-қол бюджеттік ақшаның қалдығын 206106 "Республикалық бюджеттен бұрын алынған пайдаланылмаған қаражатты қайтару" бюджеттік кірістер сыныптамасының коды бойынша тиісті бюджетке қайтарады.";

      мынадай мазмұндағы 261-1-тармақпен толықтырылсын:

      "261-1. Егер мүлікті бухгалтерлік есепте екі рет қате көрсету нәтижесінде жетіспеушілікке жол берілсе, қатені түзету белгіленген қызмет мерзімінің өтуіне, тозуына, пайдаланылуына, жарамдылығына қарамастан, бухгалтерлік анықтама бойынша жүргізіледі. Бухгалтерлік анықтамаға мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) түгендеу тізімдемесі (салыстыру ведомосы);

      2) мүлік екі рет есепке алынған түгендеу хаттамасы;

      3) қызметтік тергеп-тексеру нәтижесі;

      4) түгендеу қорытындысы бойынша және екі рет есепке алуды есептен шығару туралы РММ басшысының бұйрығы.";

      мынадай мазмұндағы 274-1-тармақпен толықтырылсын:

      "274-1. Орталықтандырып жабдықтау тәртібімен көрсетілген қызметтерді қабылдауды қызметтерді қабылдау актісін (орындалған жұмыстар актісін) жасаумен қабылдаушының комиссиясы (жеткізу базисі) жүзеге асырады. Қызметтерді қабылдау актісі (орындалған жұмыстар актісі) негізінде қабылданған қызметтердің (орындалған жұмыстардың) құнын қабылдаушы (жеткізу базисі) оның негізінде қызметтер (жұмыстар) қабылданған шарттар бойынша ақпаратты міндетті түрде көрсете отырып, 3221 "Ведомствоішілік есеп айырысулар бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредитіне және 1241 "Ішкі ведомстволық есеп айырысулар бойынша қысқа мерзімді дебиторлық берешек" қосалқы шотының дебетіне жатқызады.

      Қабылдаушы (жеткізу базисі) тапсырыс берушіге актіге қол қойылған (бекітілген) күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде қызметтерді қабылдау актісін (орындалған жұмыстар актісін) жібереді.

      Тапсырыс беруші қабылдаушының (жеткізу базисінің) қызметтерді қабылдау актісі (орындалған жұмыстар актісі) негізінде:

      3221 "Ведомствоішілік есеп айырысулар бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 1241 "Ішкі ведомстволық есеп айырысулар бойынша қысқа мерзімді дебиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті бойынша жазба жүргізеді;

      Р-1 нысанындағы орындалған жұмыс актісіне қол қояды және 7090 "Ағымдағы жөндеуге арналған шығыстар", 7140 "Өзге де операциялық шығыстар" шоттарының дебеті және 3210 "Жеткізушілерге және мердігерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек" шотының кредиті бойынша жазба жүргізеді;

      өнім берушіге (мердігерге) төлем жүргізеді және 3210 "Жеткізушілерге және мердігерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек" шотының дебеті және 1081 "Жеке қаржыландыру жоспары бойынша міндеттемелер қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулар" қосалқы шотының кредиті, бір уақытта 1241 "Ішкі ведомстволық есеп айырысулар бойынша қысқа мерзімді дебиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 3221 "Ведомствоішілік есеп айырысулар бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті бойынша жазба жүргізеді.

      Тапсырыс беруші қабылдаушыны (жеткізу базисін) жеткізушіге (мердігерге) көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) құнын төлеу туралы төлем жасалған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде хабардар етеді.

      Қабылдаушы (жеткізу базисі) тапсырыс берушінің хабарламасын алғаннан кейін 3221 "Ведомствоішілік есеп айырысулар бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 1241 "Ішкі ведомстволық есеп айырысулар бойынша қысқа мерзімді дебиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті бойынша жазба жүргізеді.";

      мынадай мазмұндағы 370-1-тармақпен толықтырылсын:

      "370-1. Басқа РММ-ның балансында есепте тұрған пайдалануға берілген мүлік бойынша салыстыру тоқсан сайын жүзеге асырылады. РММ-ның материалдық жауапты адамы тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі бірінші айдың 5-і күніне дейін баланста ұстаушының қаржы бөлімшесіне әскери мүліктің қолда бары және қозғалысы туралы есепті ұсынады.";

      21-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу қағидалары 10-тармағының, Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін қалыптастыру, сондай-ақ оған мәліметтер енгізу жөніндегі нұсқаулықтың (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде жолдауды;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
генерал-полковник
Р. Жақсылықов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2023 жылғы " " тамыздағы
№ ___ бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасының
Қарулы Күштерінде қаржылық
және шаруашылық қызметті
ұйымдастыру қағидаларына
21-қосымша
  Нысан

Біржолғы тұрғын үй төлемінің есебі

      ___________________________________________
(мемлекеттік мекеменің атауы)

 
Р/с №

Бөлімше атауы

Тұрғынжайға мұқтаж әскери қызметшінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде толық)

Отбасы құрамы

Тиесілі тұрғын үй ауданы (шаршы метрмен)

Біржолғы тұрғын үй төлемін есептеу кезеңі (айлар)

Ағымдағы жылғы қаңтардағы статистика саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша өңірде тұрғын үйдің 1 шаршы метрін жалға алу/сатып алу құны (теңгемен)

Заңның* 101-2-бабы 5-тармағының 1-бөлігінде көзделген біржолғы тұрғын үй төлемінің сомасы (6-баған * 7-баған * 8-баған) (теңгемен)

Заңның* 101-2-бабы 5-тармағының 2-бөлігінде көзделген біржолғы тұрғын үй төлемінің сомасы (6-баған * 7-баған * 8-баған) (теңгемен)

Заңның* 101-2-бабының 6-тармағында көзделген біржолғы тұрғын үй төлемінің сомасы (6-баған * 8-баған) (теңгемен)

Заңның* 101-9-бабының 2-тармағында көзделген біржолғы тұрғын үй төлемінің сомасы (6-баған * 8-баған) (теңгемен)

Бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемінің сомасы

Жиыны төлеуге (теңгемен)

Отбасы мүшелерінің саны

Адам саны, оның ішінде әскери қызметшімен

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14















Жиыны әскери қызметші бойынша:












Жиыны мемлекеттік мекеме бойынша:












      * "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы

      РММ басшысы _______________________________

      (қолы, тегі және инициалдары)

      РММ қаржы бөлімшесінің бастығы _______________________________

      (қолы, тегі және инициалдары)

      20 ___ жылғы "____" ______________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады