"Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы" мемлекеттік мекемесін құру және ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 19 маусымдағы № 1443 қаулысы

      Ескерту. Орыс тілінде өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді - Шымкент қаласы әкімдігінің 01.09.2023 № 2232 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексi" Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37, 39-баптарына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-1-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына және "Шымкент қаласының басқару схемасы туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы 22 маусымдағы № 31/252-6с шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2023 жылғы 14 маусымдағы № 4/31-VIII шешіміне сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы" мемлекеттік мекемесі құрылсын.

      2. "Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      3. "Шымкент қаласы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын барлық шараларды атқарсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Г.Мауленкуловқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов

  Шымкент қаласы әкімдігінің
2023 жылғы "19" маусымдағы
№ 1443 қаулысына қосымша

"Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Шымкент қаласы әкімдігінің және әкімінің қызметін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомствалары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан жасайды.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсат шағын ауданы, "Nursultan Nazarbaev" даңғылы 10, индекс 160023.

      10. Жұмыс режимі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес реттеледі.

      11. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Басқарма қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      13. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқарма заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      14. Басқарманың мақсаттары:

      жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс саласындағы іс-шараларды іске асыру.

      15. Өкілеттіктері:

      1) Басқарманың құқықтары:

      мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;

      жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарауға, олардың орындалуын бақылауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен олар бойынша жауаптар беруге;

      жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыруға;

      өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;

      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы;

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.

      2) Басқарманың міндеттері:

      жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс, күш құрылымдарымен өзара әрекет етеді және өз құзыреті шегінде азаматтарды әскери қызметке шақыру саласындағы қызметін үйлестіру жұмыстарды атқарады.

      16. Басқарманың функциялары:

      1) жергілікті әскери басқару органдарына олардың бейбіт уақыттағы және жұмылдыру жарияланған кездегі жұмысына жәрдем көрсету, қала аумағында әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар өткізуге қатысу;

      2) әскери міндеттілерді бекітіп қою жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және бакылау;

      3) қала аумағында мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмыс істеуге көшіру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету;

      4) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың мүдделеріне сай міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы экономикасының іркіліссіз жұмыс істеуін және халқының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қала аумағында арнаулы құрылымдардың құрылуын қамтамасыз ету;

      5) қаланың жұмылдыру жоспарын әзірлеу және жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен келісу, қала әкімдігіне бекітуге енгізу, сондай-ақ, қала аумағында жұмылдыру дайындығы бойынша іс-шараларды жүргізу;

      6) жұмылдыру тапсырыстарын белгілеу үшін ұйымдардың өндірістік, қаржылық, қоймалық мүмкіндіктері туралы ақпаратты жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға беру;

      7) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру дайындығын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      8) мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жұмылдыру жоспарларын орындауға экономиканы дайындау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

      9) жұмылдыру тапсырыстары бар әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің жұмылдыру жоспарларын келісу;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмылдыру дайындығы жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемін көздеу;

      11) қала аумағында жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;

      12) жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақытында қала аумағында шақырылуға жататын азаматтарды уақтылы құлақтандыруды және жеткізуді, жиналу пункттеріне немесе әскери бөлімдерге техника беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша өздерінің басқаруындағы қалалық коммуналдық меншігін қорғаныс мұқтаждарына беру;

      13) қала аумағында жұмылдыру дайындығы мақсатында ұйымдармен жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсетуге шарттар (келісімшарттар) жасасу;

      14) аумақтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және іске асыру;

      15) қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері болған жағдайда оларды оқшаулау, адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншіктерді күзету, қоғамдық тәртіпті ұстап тұру жөніндегі іс-шараларды орындау бойынша, қолда бар күштерді, құралдар мен ресурстарды тарта отырып, қажетті көмек көрсету;

      16) аварияларды, төтенше жағдайларды тергеп-тексеруге қатысу;

      17) бекітілген бюджеттік мақсаттарға сәйкес азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және жою бойынша жергілікті бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету;

      18) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесіне басшылық ету;

      19) азаматтық қорғаныс мүлкінің көлемдерін айқындау және оларды жинақтау, сақтау, жаңарту және әзірлікте ұстап тұру жөнінде қажетті шаралар қолдану;

      20) құлақтандыру мен ақпараттандырудың техникалық құралдарын орналастыруды ұйымдастыру;

      21) табиғи және техногендік, сондай-ақ, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және жоюға жергілікті атқарушы органдардың төтенше резервінен қаражат бөлуін ұйымдастыру;

      22) қосалқы (қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттерін құруды қамтамасыз ету;

      23) қаланың әскери басқару органын шақыру (жиын) пунктімен, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ, байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз ету;

      24) азаматтарды әскери қызметке шақыруды өткiзу кестесін келісу;

      25) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

3-тарау. Мемлекеттік органның басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Басқарманы басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Басқарма басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      19. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) өз өкілеттілігін жүзеге асыру кезінде қала әкімі мен жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасарына есеп береді;

      2) қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметшілерін, сондай-ақ, қарамағындағы ұйымдардың басшыларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      3) өз құзіреті шегінде барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы бiлдiредi;

      4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;

      5) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерiне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

      6) бұйрықтарға қол қояды;

      7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      8) шарттар жасасады;

      9) сенімхаттар береді;

      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;

      11) қала әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;

      12) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;

      13) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;

      14) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

      15) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;

      16) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;

      17) мерзімді әскери қызметке шақыруды өткізу кезеңінде шақыру комиссиясының отырыстарына қатысады.

      18) Басқарманың басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқарманың бекітілген мүлкі коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманың қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      Шымкент қаласының "Мамандандырылған базасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады