"Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 26 мамырдағы № 236 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 14 қарашадағы № 387 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 26 мамырдағы № 236 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің ережесінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) жер ресурстарын басқару, суармалы егіншілік және агромелиорация саласындағы басшылықты жүзеге асырады.";

      15-тармақ:

      мынадай мазмұндағы 62-1), 62-2), және 62-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "62-1) республикалық мемлекеттік мекеме қызметінің нысанасы мен мақсатын айқындайды;

      62-2) республикалық мемлекеттік мекемелерді республикалық бюджеттен қаржыландыру жоспарларын бекітеді;

      62-3) республикалық мемлекеттік мекемелердің филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;";

      мынадай мазмұндағы 84-1), 84-2), 84-3), 84-4), 84-5), 84-6), 84-7), 84-8), 84-9), 84-10), 84-11), 84-12), 84-13) және 84-14) тармақшалармен толықтырылсын:

      "84-1) топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      84-2) Қазақстан Республикасында суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйінің мониторингі мен оны бағалауды және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мелиорациялық жай-күйі туралы ақпараттық деректер банкін мемлекеттік жүргізу қағидалары мен тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      84-3) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша ауыл шаруашылығы өндірісіне агрохимиялық қызмет көрсетудің заттай нормаларын әзiрлейдi және бекітеді;

      84-4) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша:

      суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг және бағалау жүргізуге арналған заттай нормаларды;

      суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін бағалау жөніндегі жұмыстарды орындау кезінде пайдалану шығындарына арналған материалдар шығыстарының заттай нормаларын әзірлейді және бекітеді;

      84-5) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің агрохимиялық жай-күйі туралы ақпараттық деректер банкін құру және жүргізу қағидаларын бекітеді;

      84-6) мамандандырылған мемлекеттiк мекемелердiң суармалы жерлердiң мелиорациялық жай-күйiнің мониторингi мен оны бағалауды жүргiзуін ұйымдастырады;

      84-7) суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг және бағалау жүргізу кезінде республикалық мемлекеттік мекеменің ақылы қызмет түрлерін көрсету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      84-8) суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг және бағалау жүргізу кезінде республикалық мемлекеттік мекеме көрсететін ақылы қызмет түрлеріне арналған тарифтерді әзірлейді және бекітеді;

      84-9) орталық уәкілетті органмен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүргізетін және (немесе) іске асыратын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды белгілеуге қатысады;

      84-10) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

      84-11) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің каталогына сәйкес оператордан ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алады;

      84-12) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құрады және дамытады;

      84-13) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту кезінде стандартты шешімдерді пайдалануды жүзеге асырады;

      84-14) екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті органдарды, екінші санаттағы рұқсаттар беруді келісуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді және рұқсаттар мен хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келіседі;";

      19-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Комитет қызметкерлерінің, Комитеттің аумақтық бөлімшелері басшылары орынбасарларының, Комитеттің ведомстволық бағынысты ұйымының басшылары мен басшылардың орынбасарларының лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;";

      8) және 9) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) Комитеттің аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      9) шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны басшысын және оның орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік мекеме үшін басшының және оның орынбасарларының, бас (аға) бухгалтердің лауазымдық айлықақыларының мөлшерін, оларға сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесін белгілейді;";

      мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-1) республикалық мемлекеттік мекеме басшысын және оның орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;";

      12) және 13) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) Комитет төрағасының орынбасарларын және аумақтық бөлімшелері басшыларын қоспағанда, Комитет жұмыскерлерінің, Комитеттің ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларының және басшылары орынбасарларының, аумақтық бөлімшелері басшылары орынбасарларының тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      13) Комитет төрағасының орынбасарларын және аумақтық бөлімшелерінің басшыларын қоспағанда, Комитет жұмыскерлерін, Комитеттің аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарларын іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;";

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің "Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты (АШАІМИ)" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің "Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің "Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің "Аймақтық гидрогеологиялық-мелиоративтік орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің "Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық мелиоративтік экспедициясы" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      6. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің "Қызылорда гидрогеологиялық мелиоративтік экспедициясы" республикалық мемлекеттік мекемесі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың электрондық көшірмесін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін оның Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрықтан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Сапаров

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады