"Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық әкімдігінің 2023 жылғы 21 желтоқсандағы № 337 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31, 37-баптарына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесі қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда бекітілсін.

      2. "Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 26 шілдедегі № 219 қаулысының күші жойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Солтүстік Қазақстан облысы
Қызылжар ауданының әкімі
Ж. Сәдуақасов

  Солтүстік Қазақстан облысы
  Қызылжар ауданы әкімдігінің
  2023 жылғы "21" желтоқсандағы
  № 337 қаулысымен бекітілген

"Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - бөлім) ауданда халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексіне, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Заңына, "Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 263 бұйрығына, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Бөлім коммуналдық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ және орыс тілдерінде атауы жазылған мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Бөлім егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бөлім басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітіледі.

      8. Бөлімнің орналасқан жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы, Институт көшесі, № 1, индексі 150700.

      9. Осы ереже бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Бөлімнің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.

      11. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен бөлімнің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер бөлімге заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2 тарау. Коммуналдық мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Мақсаттары:

      1) мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар, сондай-ақ, Қызылжар ауданын дамыту жоспары шеңберінде тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу;

      2) жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек саласындағы заңнамаға сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік көмекті ұйымдастыру;

      3) халықты әлеуметтік қорғау саласында жұмыспен қамту бөлімімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді көрсету;

      4) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету.

      13. Өкілеттіктері:

      1) Құқықтары:

      белгіленген тәртіппен ауданның атқарушыоргандарынан, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан ұйымдардан, мекемелерден және кәсіпорындардан Бөлімге жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, қорытындыларды, анықтамалық және өзге де материалдарды сұратып алуға;

      Бөлім өз құзыреті шегінде қызметкерлердің орындау үшін қажетті бұйрықтарды, нұсқаулықтарды және өзге де актілерді шығаруға;

      халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында негізгі қызметті жоспарлауға және дамытуды айқындауға;

      өздерiне берiлген мүлiктi басқаруды жүзеге асыруға;

      ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсетуге;

      жұмыс берушілерден күтілетін құрылымдық өзгерістер және нәтижесінде қызметкерлердің босатылуы мүмкін өзге де іс-шаралар туралы ақпарат, сондай-ақ жұмыс күшіне қажеттілік туралы, босатылатын,

      қабылданған және жүмыстан босатылған қызметкерлердің саны мен кәсіби біліктілік құрылымы туралы өзге де деректер алуға;

      Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінде, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңында, осы Ережеде көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.

      2) Міндеттері:

      Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;

      еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау, бұл туралы халықты хабардар ету;

      халықты әлеуметтік қорғауды дамыту;

      халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.

      14. Функциялары:

      1) халықты жұмыспен қамту саласында;

      еңбек нарығының мониторингі;

      жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларын әзірлеу және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;

      мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар және Аумақтарды дамыту бағдарламалары, сондай-ақ жеке сектор бастамалары шеңберінде іске асырылатын жобаларда сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы Бос орындар және құрылатын жұмыс орындарының болжамы туралы әлеуметтік- еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің дерекқорын қалыптастыруға қатысу;

      бос жұмыс орындары мен жұмыс орындарын қысқарту қаупі барұйымдарға мониторинг жүргізу;

      мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызына дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілеу;

      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыс орындары квотасының шеңберінде жұмысқа орналасу;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың жұмыс орындары квотасының шеңберінде жұмысқа орналасу;

      көрсеткіштер бойынша мониторинг жүргізу, оның ішінде мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарын құру, сондай-ақ Бөлімнің құзыретіне кіретін Қызылжар ауданын дамыту жоспары;

      2) әлеуметтік әріптестік саласында:

      Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысын ұйымдастырады;

      3) әлеуметтік нормативтер және әлеуметтік көмек саласында:

      тағайындау және төлеу мониторингін:

      атаулы әлеуметтік көмек; тұрғын үй көмегі;

      үйде оқитын мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік көмекті жүзеге асыру;

      коммуналдық қызметтер және Қызылжар ауданы ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт, ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу;

      Қазақстан Респубикасының "Ардагерлер туралы" Заңымен, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысымен қарастырылған өзге әлеуметтік көмек түрлерән тағайындау және төлеу;

      қарт адамдар мен мүгедектігі бар адамдарға қайырымдылық көмек көрсету бойынша коммерциялық емес (үкіметтік емес) ұйымдармен өзара әрекет ету;

      4) мүгедектігі бар адамдармен жұмыс саласында:

      мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастыру:

      арнаулы жүріп-тұру құралдарымен;

      протездік- ортопедиялық көмекпен;

      техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен;

      гигиеналық құралдармен;

      санаторий-курорттық емдеумен;

      мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді ұсыну;

      мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту қабілетіне байланысты мүгедектігі бар адамдарға ымдау тілі маманының көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді ұсыну;

      мүгедектігі бар адамдарды жеке бағдарламаларының әлеуметтік бөлігін іске асыруды бақылау және көмек көрсету;

      мүгедектігі бар адамдарды мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығына жолдау бойынша жұмысты ұйымдастыру;

      бейімдеуге жататын нысандарға мониторинг жүргізу;

      5) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында:

      мүгедектігі бар балаларға, жалғыз басты қарттарға және мүгедектігі бар адамдарға үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету;

      халықтың арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттіліктеріне талдау жүргізуді қамтамасыз ету;

      арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен, мемлекеттік мекемелермен өзара әрекет ету;

      арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінің кадрмен қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметкерлердің кәсіптік оқыту, қайта оқыту және біліктілігін арттыру;

      шетелдік жұмыс күшімен жұмыс істеу саласында:

      Еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу;

      7) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін объективті, жан-жақты және уақытылы, қажет болған жағдайда олардың қатысуымен қарау, оларбойынша қажетті шаралар қабылдау, Бөлімнің құзыретіне қатысты мәселелер бойынша азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау;

      8) статистикалық, ведомстволық есептілікті дайындау және ұсыну, автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді жүргізу мониторингін жүзеге асыру;

      9) әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру және қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу туралы шешім қабылдау;

      10) мемлекеттік сатып алуды жүргізуді қамтамасыз ету;

      11) 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығындағы кезеңде кемінде 6 ай жұмыс істеген адамдарға жұмыс өтілін белгілеу үшін арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;

      12) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу және есепке алу үшін арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру. Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендерге жеңілдіктер мен өтемақылар алу құқығын растайтын куәліктер беру;

      13) өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамдардың (отбасылардың) өтініштерін қарау және әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындылар шығару бойынша арнайы комиссия жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;

      14) Мүгедектігі бар адамдардың істері бойынша Үйлестіру Кеңесінің жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;

      15) кәмелетке толған азаматтарға қатысты қылмыстық және азаматтық істер бойынша қорғаншылық және қамқоршылық мәселелері, заңсыз төленген ақшалай қаражатты қайтару, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу бойынша даулы мәселелерді шешу бойынша сотқа қатысу;

3 тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттігі

      16. Бөлімге басшылықты бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      17. Бөлімінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қызылжар ауданының әкімі қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылатын орынбасары болады.

      19. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) Жұмыспен қамту бөлімінің жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді және жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуына дербес жауапты болады;

      2) Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес мемлекеттік органның қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) Бөлім қызметкерлеріне сыйақы, материалдық көмек мәселелерін шешеді және тәртіптік жаза қолданады;

      4) бұйрықтарға қол қояды, Бөлім қызметкерлері орындауға міндетті тапсырмаларды береді;

      5) бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;

      6) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда бөлім атынан өкілдік етеді;

      7) Бөлімнің құрылымы мен штаттық кестесін бекітеді;

      Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды бөлім басшысының орынбасары жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы қолданыстағы заңнамаға сәйкес орынбасардың өкілеттігін анықтайды.

4 тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкінің болуына құқығы бар.

      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және мемлекеттік мүлік туралы заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Бөлімге бекітілген мүлік аудандық коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер өзгеше көзделмесе, Бөлімнің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5 тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Бөлімді қайта ұйымдастыру (бірлестіру, қосу, бөлу, қайта құру) және тарату (жабу) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңына, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады