Астана қаласындағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Астана қаласы мәслихатының 2024 жылғы 7 наурыздағы № 149/19-VIII шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 6-бабы 2-тармағының 2-6 тармақшасына, "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 15-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің "Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 26 шілдедегі № 312 бұйрығына сәйкес, Астана қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Астана қаласындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Астана қаласының көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы" Астана қаласы мәслихатының 2019 жылғы 6 наурыздағы № 356/45-VI шешімінің;

      2) "Астана қаласының көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 22 ақпандағы № 507-290 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Астана қаласы мәслихатының 2021 жылғы 24 қарашадағы № 106/15-VII шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласы мәслихатының төрағасы Е. Каналимов

  Астана қаласы мәслихатының
2024 жылғы 7 наурыздағы
№ 149/19-VIII шешіміне
қосымша

Астана қаласындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Астана қаласындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 6-бабы 2-тармағының 2-6 тармақшасына, "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 15-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің "Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 26 шілдедегі № 312 бұйрығына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) әлеуметтік еңбек саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйе – уәкілетті мемлекеттік органның, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, еңбек мобильділігі орталықтарының, мансап орталықтарының, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған ақпараттандыру объектісі;

      2) қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен тәртіпке сәйкес тиісінше мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері;

      3) қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын және қандастарға, олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және интеграциялау қызметтерін көрсетуге және уақытша тұруға арналған заңды тұлға;

      4) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қандастардың және (немесе) қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;

      5) қоныс аударушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ішкі көшіп-қонушы;

      6) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қоныс аударушылардың және (немесе) қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;

      7) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган – астананың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы бағыттарды айқындайтын жергілікті атқарушы органы;

      8) ішкі көші-қон – жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының ішінде тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударуы;

      9) ішкі көшіп-қонушы – тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында Қазақстан Республикасының ішінде өз бетінше қоныс аударушы адам;

      10) этникалық қазақ – ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.

2-тарау. Астана қаласында көші-қон процестерін реттеу тәртібі

      3. Астана қаласында көші-қон процестерін мониторингтеу олардың әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және мәдени дамуының жай-күйіне, экологиялық ахуалына әсері ескеріліп жүзеге асырылады.

      Астана қаласында көші-қон процестерінің ерекшеліктеріне халықтың тығыздығы, көшіп келу, эмиграция, еңбек көші-қоны, ішкі көші-қон ағыны, урбандалу процесі, өңірдің экологиялық және діни жағдайы, халықтың ұлттық құрамы, өңірлік еңбек нарығының теңгерімділігі, инженерлік-көліктік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жатады.

      4. Астана қаласында көші-қон процестерін реттеу үшін "Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) халықтың көші-қоны мәселесі бойынша уәкілетті органға:

      Астана қаласының тиісті аумағын қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған өңірлерге жатқызуға (жатқызбауға);

      шетелдік жұмыс күшін, оның ішінде этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға);

      қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған өңірлік квоталарын ұлғайтуға (қысқартуға);

      еңбекші көшіп келушілерді тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға) қатысты ұсыныстар енгізеді.

      5. Басқарма елді мекендер тізбесін Электрондық еңбек биржасында, "Қоныс аудару" бөлімінде орналастыруды қамтамасыз етеді және еңбек мобильділігі орталықтарына, ауылдық округтердің әкімдіктеріне жібереді.

      6. Халықтың кетуі халықтың көбею қарқынына қарағанда көп болған кезде көші-қон процестерін реттеу білікті жұмыс күшін тартуға және оларға жедел әлеуметтік бейімделуге жәрдемдесуге, қандастарды, әсіресе, жастарды кәсіптік оқытуға және қайта даярлауға бағытталған іс-шаралар әзірлеу арқылы да жүзеге асырылады.

      7. Демографиялық дамуды мемлекеттік қолдауға қажеттілігі бар даму әлеуеті бар агломерация және ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтарында қандастарды қоныстандыру үшін бейімдеу бағдарламалары жүзеге асырылады.

      8. Көші-қон жағдайының дамуын мониторингтеуді және болжауды қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер салу мәселелерін шешу, әлеуметтік-экономикалық дамытуды жоспарлау мақсатында халықты тіркеу есебі жүзеге асырылады.

      9. Қазақстан Республикасының азаматтарын, Астана қаласында уақытша болатын немесе тұрғылықты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты және (немесе) уақытша болатын (тұратын) жеріне тіркеу және есепке алу "Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысымен бекітілген Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      __________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады