"Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Ақмола облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берілген Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау Ақмола облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Ақмола облысының әкімі | М.Ахметжанов |
Ақмола облысы әкімдігінің 2024 жылғы 14 қарашадағы № А-11/538 қаулысымен бекітілген |
Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар азық–түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары (бұдан әрі -Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң), "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 тіркелген) (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – Ақмола облысының аумағында агроазық-түлік нарығына реттеуші әсер ету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған азық-түлік тауарларының жедел қоры;
2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту – азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;
3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану – тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;
4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру –азық-түлік тауарларын сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларын өңірлік тұрақтандыру қорында орналастыру және сақтау;
5) ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (бұдан әрі – ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші) - ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
6) сатып алу интервенциялары – мамандандырылған ұйымдардың облыс аумағында бағалар төмендеген кезде, Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;
7) тауарлық интервенциялар – азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын іс-шаралар;
8) тіркелген баға – өндіруге/сатып алуға, сақтауға, табиғи кемуге (кептіруге), межелі жерге дейін жеткізуге жұмсалатын шығындарды, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнынан түсетін маржалық табысты ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы;
9) форвард – сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттармен базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгілі бір мерзімі өткеннен кейін өзіне міндеттеме алатын туынды қаржы құралы;
10) шекті сауда үстемесі – "ішкі сауда субъектілерінің азық-түлік тауарларын түпкілікті тұтынушыларға өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.
3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес іске асырылады.
4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің тиімді және уақтылы қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Ақмола облысының әкімі Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.
5. Облыс әкімінің орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.
6. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуы тиіс. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
7. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:
1) Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;
2) азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін айқындау;
3) осы Қағидаларға сәйкес қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін айқындау;
4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін айқындау жөніндегі мамандандырылған ұйымның ұсыныстарын қарау.
8. Комиссияның құрылуы мен жұмысын ұйымдастыруды жұмыс органы – "Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – жұмыс органы) қамтамасыз етеді.
9. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін жұмыс органымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.
10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге жұмыс органының мамандандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.
Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатының жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.
Егер, мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.
11. Мамандандырылған ұйымның тұрақтандыру қорын пайдалану кезінде туындаған үстеме, коммуналдық және басқа да шығыстары жыл сайын азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағалары арасындағы айырма есебінен жабылады.
12. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың (бұдан әрі – мамандандырылған ұйым) тізбесін Заңның 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
13. Мамандандырылған ұйым жұмыс органына электрондық құжат айналымы, пошта байланысы арқылы не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының кеңсесі арқылы қолма-қол осы Үлгілік қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпаратты ұсынады.
Жұмыс органы Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы және сауда және интеграция министрліктеріне электрондық құжат айналымы арқылы осы Үлгілік қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынады.
2-тарау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша тетіктерді іске асыру тәртібі
14. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында Ақмола облысының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың:
1) тұрақтандыру қорларының қызметі;
2) кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетіктерін іске асырады.
15. Ақмола облысының әкімдігі бөлетін, оның ішінде бұдан бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қаржыландыру көзі болып табылады.
16. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру шеңберінде көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, сондай-ақ қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді өндіру үшін қайта өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру белгіленген бағаны белгілей отырып, форвардты қолданумен жүзеге асырылады.
Көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді өндіру үшін өңдеуші кәсіпорындарын қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде алдын ала төлем және өнім жеткізілгеннен кейін түпкілікті есеп айырысу шарттарында жүзеге асырылады.
17. Форвардтық шарттар шеңберінде сатып алынатын көкөніс өнімінің көлемі Комиссия шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде облыс (қалалық немесе жалпы), республикалық маңызы бар қала, астана халқының үш айлық қажеттілігінің 50 пайызына дейін қалыптастырылады.
18. Мамандандырылған ұйым ауылшартауарынөндірушілерді форвардтық шарттар шеңберінде:
2023 жылғы 10 қаңтарға дейін 2023 жылы ерте шығатын көкөніс өнімдерін өндіру және 2023 жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;
2023 жылғы 1 ақпанға дейін 2023 жылғы күзгі түсімнің көкөніс өнімдерін өндіру және 2024 жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;
2023 жылғы 1 тамызға дейін 2024 жылы ерте шығатын көкөніс өнімдерін өндіру және 2024 жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;
2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін 2024 жылғы күзгі түсімнің көкөніс өнімдерін өндіру және 2025 жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қаржыландыруды жүзеге асырады.
2024 жылдан бастап және одан кейінгі жылдары ауылшартауарынөндірушілерді көкөніс өнімдерін өндіру үшін қаржыландыру мынадай мерзімдерде жүзеге асырылады:
ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейін келесі жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;
ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегіне дейін келесі жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты өніммен қамтамасыз ету үшін.
19. Мамандандырылған ұйым көкөніс өнімдерін сатуды бастағанға дейін ауылшаруашылығы тауар өндірушілерде немесе басқа қоймаларда сақтауды жүзеге асырады. Сақтау шығындарын есептеу жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі сақтаудың ұқсас түрлеріндегі сақтаудың орташа құны туралы деректері негізінде жүргізіледі.
20. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде көкөніс өнімдерін жеткізу мамандандырылған ұйым Ақмола облысы әкімдігімен бірлесіп маусымаралық кезеңде (қысқы-көктемгі кезең: ақпан, наурыз, сәуір; көктемгі-жазғы кезең: мамыр, маусым, шілде) қалыптастыратын график негізінде не ішкі нарықа реттеушілік әсер ету қажет болған жағдайда басқа кезеңдерде жүзеге асырылады.
21. Мамандандырылған ұйымдар Ақмола облысы әкімдігімен бірлесіп форвардтық шарт жасалған сәттен бастап көкөніс өнімдерін өндіру циклінің барлық кезеңдерінде егістікке бара отырып, ауылшартауарынөндірушілердің қызметіне мониторингті жүзеге асырады.
22. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері шеңберінде сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18 және 19-баптарына сәйкес сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.
23. Үлгілік қағидалармен регламенттелмеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың ерекшеліктері (бөлшектері) осы қағидаларда айқындалады.
1-параграф. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорлары қызметінің тәртібі
24. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қызметі өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.
25. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесін айқындайды.
26. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы форвардтық шарттар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады.
27. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32474 болып тіркелді) бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесінен қалыптастырылады.
28. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңы 19-бабының 1-тармағына сәйкес, Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.
29. Комиссия Ақмола облысының әкіміне сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.
30. Ақмола облысының әкімдігі Комиссияның ұсынымдары негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және шекті сауда үстемесін бекітеді.
31. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу тікелей өндірушілерден, оның ішінде форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады. Егер өндіруші өнімді өткізуді тікелей жүзеге асырмаса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме сауда жеткізушілерінен (дистрибьютерлерден) жүзеге асырылады.
32. Мамандандырылған ұйым статистикалық деректер және басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына тұрақты негізде талдау (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың, бағалардың болуы) жүргізеді, өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және сатып алу интернвенциялары туралы шешімді қабылдайды.
33. Мамандандырылған ұйымның сатып алу интервенциялары туралы шешімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін тиімді және уақтылы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қабылданады.
34. Өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.
35. Мамандандырылған ұйым аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.
36. Мамандандырылған ұйым өңірлік тұрақтандыру қорын уақтылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдерін қамтамасыз етеді.
37. Өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе кейін дәл сондай көлемдегі жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылғы жаңа шығымнан азық-түлік тауарларын жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін азық түлік тауарларын қайтару жолымен жүзеге асырылады.
38. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары, азық-түлік тауарларын жаңарту үшін мамандандырылған ұйымдар өздердерінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда объектілері арқылы, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындары шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өткізуді жүзеге асырады.
39. Бұл ретте өңдеу кәсіпорны өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы Ақмола облысының әкімі бекіткен шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және мамандандырылған ұйымның өңдеу кәсіпорнымен жасасқан өткізу туралы шартында айтылады.
40. Ақмола облысының әкімдігі мамандандырылған ұйыммен бірлесіп тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті атқарушы органның және мамандандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халықтың назарына жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.
2-параграф. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі
41. Ақмола облысының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз ету және ақылық талаптарының шарттарымен жүзеге асырылады.
42. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз берілген кезде бюджет қаражатының 70 (жетпіс) проценті ауылшаруашылығы тауар өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға жіберіледі.
43. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме сауда бағаларын белгілеуі жолымен қамтамасыз етіледі.
44. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін Комиссия айқындайды.
Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мынадай бірыңғай талаптар (өлшемшарттар) белгіленеді:
1) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінен алынған құжаттарды қарау күніне салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешектің болмауы;
3) екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;
4) меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде (жалға алу/өтеусіз пайдалану/сенімгерлік басқару) азық-түлік тауарларын тиісті сақтауға және азық-түлік тауарларымен сатып алу, дайындық, тарату операцияларын орындауға арналған қойма үй-жайлары мен арнайы жабдығы бар үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешеннің болуы;
5) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы;
6) мамандандырылған ұйым алдында орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың болмауы;
7) осы Үлгілік қағидалардың 46-тармағына сәйкес міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің болуы.
45. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындағаннан кейін мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектісіне қарыз береді.
46. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызын қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелердің орындалуы кепіл, банктік кепілдендіру, сақтандыру шарты, үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі түрінде қамтамасыз етіледі. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету заңнамада көзделген жазбаша нысанда ресімделеді.
47. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалған қарыз шартында белгіленеді.
48. Қарыз шарттарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің мамандандырылған ұйыммен келісу бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу графигін қалыптастыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен толық көлемде өткізу; әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу фактісін растайтын құжаттарды ұсыну жөніндегі міндеттемелері көзделеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттемелерді орындау бөлігінде қарыз шарты талаптарының орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы қарыз шартын елеулі түрде бұзу деп танылады.
49. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.
50. Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.