"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-8 тармағына, "Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №48 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18771 болып тіркелген) сәйкес, Ұлытау облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ұлытау облысында жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың қағидалары осы шешімінің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы | Б.Шингисов |
Ұлытау облыстық мәслихатының XIV сессиясының 2024 жылғы 10 мамырдағы №127 шешіміне қосымша |
Ұлытау облысында жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлытау облысында жерлеу және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-8-тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 48 бұйрығымен бекітілген Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 18771 болып тіркелген) сәйкес әзірленді және жерлеу мен зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
Зират қорымдарын күтіп ұстауға және пайдалануға, қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеуді және қайта жерлеуді ұйымдастыруға, сондай-ақ жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар "Зираттарға және жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 19 тамыздағы № ҚР ДСМ-81 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24066 болып тіркелген) бекітілген.
2. Қағидада пайдаланатын негізгі ұғымдар:
1) азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (бұдан әрі – тіркеуші орган) – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуге байланысты мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің басқа да түрлерін жүзеге асыратын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы;
2) жерлеу – санитариялық, табиғатты қорғау, қала құрылысы және өзге де қағидалар мен нормаларға қайшы келмейтін, марқұмның тілегіне, діни сеніміне, әдет-ғұрпына және дәстүрлеріне сәйкес қайтыс болған адамның денесін (сүйегін) жерге (қабірге, лақатқа) жерлеу немесе күлі бар урнаны қабірге, сағанаға жерлеумен отқа жағу (кремациялау) жөніндегі салт-жора әрекеттері;
3) зират (қабір) – қайтыс болған адамды немесе оның сүйегін жерлеу орны;
4) зират қорымы – қайтыс болған адамдарды немесе олардың қалдықтарын жерлеу үшін арнайы бөлінген аумақ;
5) зират қорымының әкімшілігі – зират қорымын ұстау және пайдалану жөніндегі ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
2-тарау. Жерлеу үшін орын бөлу тәртібі
3. Жергілікті атқарушы органдар зират қорымы орналасқан және оларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден елді мекеннің қайтыс болған әрбір тұрғынын немесе осы елді мекенде қайтыс болған тұрғылықты жері белгісіз адамды жерлеу үшін кемінде алты шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі.
4. Зират қорымының аумағы қабірлерге арналған қатарларға бөлінетін және автомобиль көлігіне арналған өтпе жолдармен және зират учаскелеріне өтетін жолдармен жайластырылатын учаскелерден тұрады.
5. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсында және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 12 шілдедегі № 252/НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33106 болып тіркелген) жария кадастрлық картада зират қорымының бос емес және бос учаскелері бойынша өзекті ақпаратты орналастырады.
3-тарау. Қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеу тәртібі
6. Жерлеу зират қорымының әкімшілігіне қайтыс болуды тіркеуді жүзеге асыратын тіркеуші орган берген қайтыс болу туралы куәлікті және (немесе) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 045/у нысаны бойынша қайтыс болу туралы медициналық куәлікті не "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы хабарламаны ұсынғаннан кейін зират қорымының аумағында жүргізіледі.
7. Жерлеу зират қорымы әкімшілігі жүргізетін есепке алу журналында тіркеледі.
8. Есепке алу журналында мынадай мәліметтер қамтылады:
жерлеу жылы, айы, күні;
зираттың (қабірдің) нөмірі;
қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);
туған және қайтыс болған күні;
өлімнің себебі;
"электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы куәліктің немесе хабарламаның нөмірі, күні және кімнің бергені;
марқұмның жақын туыстарының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі (бар болған жағдайда), жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні мен нөмірі, мекенжайы, туыстары болмаған жағдайда, жерлеуді жүргізген адамның мекенжайы не жерлеуді жүргізген ұйымның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, мекенжайы.
9. Жақын туыстарының, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) жазбаша өтініші бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы қайтыс болған адаммен жақын туыстығын растайтын құжаттарды ұсынған кезде қайтыс болған адамды немесе оның сүйегін бұрын қайтыс болған жақын туысының жанында жерлеу көрсетілген жерлеу орнында бос жер учаскесі немесе бұрын қайтыс болған жақын туысының зираты болған кезде қамтамасыз етіледі.
10. Сот-медициналық зерттеуден кейін мәйітханада жүрген қайтыс болған адамдардың табылған мәйіттерін немесе олардың сүйектерін, суға кеткендерді, үйден тыс жерде кенеттен қайтыс болғандарды жерлеу жерлеу рәсімін ұйымдастыруды өзіне алуы мүмкін туыстары немесе адамдар мен мекемелер болмаған кезде қайтыс болу фактісі тіркелгеннен кейін жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
11. Туыссыз адамдарды жерлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
12. Мына жағдайлардан басқа жағдайда, жұмыс істеп тұрған және жабық зират қорымдарында сүйектерді қайта жерлеуге жол берілмейді:
1) зират қорымын немесе оның учаскесін мерзімінен бұрын жою;
2) сүйектерді Қазақстан Республикасының басқа жерлеріне немесе одан тыс жерлерге қайта жерлеу үшін жекелеген зираттардан тасымалдау жағдайларын қоспағанда, жұмыс істеп тұрған және жабық зират қорымдарында сүйектерді қайта жерлеуге рұқсат етілмейді.
Қайтыс болған адамдарда аса қауіпті инфекциялық ауру (күйдіргі, конго-қырым геморрагиялық қызбасы) болмаған жағдайда жерленген сәтінен бастап алғашқы екі апта ішінде кейіннен үш жылдан ерте емес, құмдауыт жерлерде бір жылдан ерте емес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның келісімі бойынша сүйектерді қайта жерлеуге жол беріледі.
4-тарау. Зираттарды жобалау және салу тәртібі
13. Қабірлерді жобалау және салу:
1) қабірлердің учаскелері арасындағы қашықтық ұзын жақтары бойынша кемінде 1 метрді, ал қысқа жақтары бойынша кемінде 0,5 метрді құрайды;
2) қабірдің тереңдігі топырақтың сипатына және топырақ асты суларының деңгейіне байланысты белгіленеді және жер бетінен табыттың қақпағына (бар болған жағдайда) дейін кемінде 1,5 метрді құрайды. Барлық жағдайларда қабірге арналған белгі жер асты суларының деңгейінен 0,5 метрге жоғары болады;
3) аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болғандар үшін қабірдің тереңдігі 2 метр деңгейінде белгіленеді, бұл ретте түбіне кемінде 10 сантиметр қабатпен хлорлы әк салынады;
4) әрбір қабірдің жер бетінен 0,5 метрге биік үймесі (бұдан әрі – қабір үсті төмпешігі) болады. Қабір үсті төмпешігі қабірді атмосфера суларынан қорғау үшін оның шеттерін жауып тұруы тиіс.
5-тарау. Жерлеу орындарын абаттандыруды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстау тәртібі
14. Жерлеу орындарын абаттандыру және оларды күтіп-ұстау:
Жерлеуге бөлінген учаскенің шекарасында:
1) табиғи тастан немесе бетоннан жасалған қабір үсті ескерткіштер мен құрылыстар, гүлзарлар мен орындықтар орнатуға;
2) қабір басында гүл, кейіннен қырқылып отырылатын сәндік бұтадан қоршау отырғызуға жол беріледі.
15. Зираттарды одан әрі күтіп-ұстауды жақын туысы тиісті тәртіппен қамтамасыз етеді.
16. Ескерткіштер мен құрылыстарды орналастыруға, үстелдерді, орындықтарды және құрылыстарды жерлеу учаскесінен тыс жерлерде орналастыруға жол берілмейді.
17. Зират қорымдарын (өтпе жолдар, соқпақтар, гүлбақтар, көгалдар, кәріздік, электрлік және су құбыры желілері және құрылыстар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті тәртіппен жергілікті атқарушы органдар күтіп ұстайды.
6-тарау. Зиратқа арналған жер учаскелерін есепке алу және тіркеу тәртібі
18. Аудандық (облыстық) маңызы бар қаланың әкімдігі зиратқа арналған жер учаскелерін есепке алу деректерін (мәліметтерін) жинақтауды және тіркеуді ұйымдастырады, сондай-ақ жерлеу жөніндегі істі ұйымдастыру туралы шарт талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады.
19. Облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі зиратқа арналған жер учаскелерін есепке алу журналдарының негізінде есепке алуды және тіркеуді жүргізеді.
7-тарау. Жерлеуге, зират қорымдарын күтіп ұстауға және оларға қызмет көрсетуге шарт жасасу және оның талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі
20. Аудандық (облыстық) маңызы бар қаланың әкімдігі зиратқа арналған жер учаскелерін есепке алу деректерін (мәліметтерін) жинақтауды және тіркеуді ұйымдастырады, сондай-ақ жерлеу жөніндегі істі ұйымдастыру туралы шарт талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады.
21. Зират қорымының әкімшілігі мыналарды:
1) азаматтарға жерлеу қызметтерін көрсету тәртібі туралы, оның ішінде зират қорымы аумағындағы стендтерде ақпарат орналастыра отырып, толық ақпарат беруді;
2) қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеу үшін зираттарды уақтылы дайындауды;
3) жерлеу үшін әрбір жер учаскесін бөліп берудің белгіленген нормасын және зираттарды дайындау қағидаларын сақтауды;
4) ғимараттарды, инженерлік жабдықтарды, зират қорымының аумағын, қоршауды, жарықтандыруды жарамды күйде ұстауды;
5) жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарды және шаруашылық мақсаттағы басқа да учаскелерді жүйелі түрде жинауды, сумен жабдықтау желілеріне қызмет көрсетуді, зираттың бүкіл аумағындағы жасыл екпелерді күтіп-ұстауды, жолдарды ағымдағы жөндеуді және қоқысты уақтылы шығаруды қоса алғанда, зираттарды күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстардың ұйымдастырылуын бақылауды;
6) азаматтарға жерлеу орнын күтіп-бағу үшін мүкәммалды жалға беруді;
7) жерлеу қызметтерінің өзге де субъектілеріне тең қолжетімділікті ұсынуды қамтамасыз етеді.