Талдықорған қаласының аумағында орналасқан ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Жетісу облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 2024 жылғы 12 қаңтардағы № 15-89 шешімі.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына және "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 23 маусымдағы № 122 бұйрығына сәйкес Талдықорған қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Талдықорған қаласының аумағында орналасқан ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің қаңидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      1-1. Осы шешімнің 2- қосымшасына сәйкес Еркін ауылдық округінің және 3-қосымшасына сәйкес Өтенай ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл тұрғындары өкілдерінің сандық құрамы бекітілсін.

      Ескерту. Шешім 1-1-тармақпен толықтырылды - Жетісу облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 05.04.2024 № 19-116 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Талдықорған қалалық мәслихатыының төрағасы Т. Ахажан

  Талдықорған қалалық мәслихатының 2024 жылғы 12 қаңтардағы № 15-89 шешіміне қосымша

Талдықорған қаласының аумағында орналасқан ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Талдықорған қаласының аумағында орналасқан ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің тәртібі "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 23 маусымдағы № 122 "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32894 болып тіркелген) әзірленді және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ тұрғындарының жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бөлек жергілікті қоғамдастық жиыны – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ, ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлауға тікелей қатысуы;

      2) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы.

2-тарау. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу тәртібі

      3. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізу үшін ауылдың, кенттің, ауылдық округтің аумағы учаскелерге (ауылдар, шағын аудандар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер) бөлінеді.

      4. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.

      5. Ауылдың, кенттің және ауылдық округтің әкімі ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын шақырады және өткізуді ұйымдастырады.

      Шағын аудан немесе көше шегінде көппәтерлі үйлер болған кезде көппәтерлі үйдің бөлек жиындары жүргізілмейді.

      6. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жергілікті қоғамдастықтың халқын ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді.

      7. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ашудың алдында тиісті ауылдың, шағын ауданның, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.

      Кәмелетке толмағандардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысуына жол берілмейді.

      Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны осы ауылда, шағын ауданда, көшеде, көппәтерлі үйде тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

      8. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.

      Ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы болып табылады.

      Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында хаттама жүргізіледі, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасын ресімдеу үшін ашық дауыс беру арқылы хатшы сайланады.

      9. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын Талдықорған қалалық мәслихаты бекіткен сандық құрамға сәйкес жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының қатысушылары ұсынады.

      10. Дауыс беру ашық тәсілмен әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысушылардың ең көп дауысын жинаған кандидаттар сайланды деп есептеледі.

      Егер жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында дауыс беру кезінде қатысушылардың дауыстары тең бөлінген жағдайда, бөлек жиынның төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

      11. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасына төраға мен хатшы қол қояды және бөлек жиын өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жиын хатшысы тіркеу үшін тиісті ауыл, кент және ауылдық округ әкімінің аппаратына береді.

      Жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында хаттама жүргізіледі, онда:

      1) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының өткізілген күні мен орны;

      2) тиісті аумақта тұратын және жергілікті қоғамдастық жиынына немесе жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысуға құқығы бар жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жалпы саны;

      3) қатысушылардың саны және олардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетілген тізім;

      4) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);

      5) күн тәртібі, сөйленген сөздердің мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.


  Талдықорған қалалық мәслихатының 2024 жылғы 5 сәуірдегі № 19-116 шешіміне 2- қосымша

      Ескерту. Шешім 2-қосымшамен толықтырылды - Жетісу облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 05.04.2024 № 19-116 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


Еркін ауылдық округінде жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл тұрғындары өкілдерінің сандық құрамы

Елді мекеннің атауы

Өкілдерінің саны (адам)

Еркін ауылдық округі


Еркін ауылы

3

Көктал елді мекені

3

3 – ші бөлімше

3

  Талдықорған қалалық мәслихатының 2024 жылғы 5 сәуірдегі № 19-116 шешіміне 3- қосымша

      Ескерту. Шешім 3-қосымшамен толықтырылды - Жетісу облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 05.04.2024 № 19-116 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


Өтенай ауылдық округінде жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл тұрғындары өкілдерінің сандық құрамы

Елді мекеннің атауы

Өкілдерінің саны (адам)

Өтенай ауылдық округі


Өтенай ауылы

3

Еңбек ауылы

3

Мойнақ ауылы

3

Ынтымак ауылы

3

Пригордное ауылы

3



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады