Сарқан ауданының Сарқан қаласы мен ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналыстарының регламентін бекіту туралы

Жаңа

Жетісу облысы Сарқан аудандық мәслихатының 2024 жылғы 18 шілдедегі № 27-109 шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 3-1-тармағына, "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 тіркелген) сәйкес, Сарқан аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Сарқан ауданының Сарқан қаласы мен ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналыстарының регламенті осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Сарқан аудандық мәслихатының "Сарқан ауданының Сарқан қаласының және ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналыстарының регламенттерін бекіту туралы" 2021 жылғы 30 қарашадағы №11-51 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №161258 тіркелген) шешімі жойылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сарқан аудандық мәслихатының төрағасы М. Разбеков

  Сарқан аудандық мәслихатының 2024 жылғы "18" шілдедегі № 27-109 шешіміне қосымша

Сарқан ауданының Сарқан қаласы мен ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналыстарының регламенті

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Сарқан ауданының Сарқан қаласы мен ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті (бұдан әрі – Регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының 3-1-тармағына, "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 07 тамыздағы № 295 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 тіркелген) сәйкес әзірленді.

      2. Осы Регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;

      2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;

      3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты облыс, қала, қала, қаладағы қала, ауылдық округ, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл қызметінің мәселелері;

      4) жергілікті өзін-өзі басқару – халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын Заңда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалған тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;

      5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.

      3. Жиналыс регламентін Сарқан аудандық мәслихаты бекітеді.

      4. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.

      Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны қалалық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ халқының жалпы санына байланысты айқындалады:

      1) 10 мың халыққа дейін – жиналыстың 5-10 мүшесі;

      2) 10-15 мың халық – жиналыстың 11-15 мүшесі;

      3) 15-20 мың халық – жиналыстың 16-20 мүшесі;

      4) 20 мыңнан астам халық – жиналыстың 21-25 мүшесі.

      5. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.

      6. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы регламенттің 3-2-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.

2-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыруды жүргізу тәртібі

      7. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:

      бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;

      Сарқан қаласының және ауылдық округтердің бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      Сарқан қаласының және ауылдық округтердің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі қалалық немесе ауылдық округ әкімі аппаратының шешімдерін келісу;

      бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      Сарқан қаласының және ауылдық округтердің бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      Сарқан қаласының және ауылдық округтердің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;

      Сарқан қаласының немесе ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу;

      жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері.

      8. Жиналысты Сарқан қаласының немесе ауылдық округ әкiмі дербес не ол жергілікті қоғамдастық жиыны (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) өкілеттік берген, жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылуы мүмкін.

      Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, Сарқан қаласының немесе ауылдық округ әкіміне ерікті нысанда жазбаша өтінішпен жүгінеді.

      Сарқан қаласының немесе ауылдық округ әкімі үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.

      9. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен хабардар етіледі.

      Әкім аппараты жиналыстың мүшелеріне және әкімге жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында ұсынады.

      10. Жиналысты шақыру алдында Сарқан қаласының немесе ауылдық округ әкімінің аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижесін ауылдық округ әкімі немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.

      Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

      11. Жиналысты шақыруды Сарқан қаласының немесе ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.

      Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.

      12. Жиналыстың күн тәртібін Сарқан қаласының немесе ауылдық округ әкімінің аппараты жиналыс мүшелері, Сарқан қаласының немесе ауылдық округ әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.

      Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдер барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер қосылады.

      Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.

      Жиналысты шақырудың күн тәртібін жиналыс бекітеді.

      Күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.

      13. Жиналысты шақыруға олардың мәселелері онда қаралатын Сарқан аудандық мәслихатының депутаттары, Сарқан аудандық әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Сондай-ақ, жиналысты шақыруға бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатыса алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдерді қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.

      14. Жиналысты шақыруларда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және жиналысқа шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламентін төраға айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.

      Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің сауалдары, түсіндіру және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеулері сөз сөйлеу деп есептелмейді. Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақырылымында жарияланады.

      Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады.

      Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз болмайды.

3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі

      15. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.

      Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

      Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:

      1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;

      2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;

      3) өзге де қатысушылардың саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізім;

      4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.

      Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттамада Сарқан қаласының немесе ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімі қамтылған жағдайларды қоспағанда, екі жұмыс күні ішінде Сарқан қаласының немесе ауылдық округ әкіміне беріледі.

      Қалалық немесе ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде Сарқан аудандық мәслихатының қарауына беріледі.

      16. Жиналыс қабылдаған шешімдерді қалалық немесе ауылдық округ әкімі бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.

      Әкімдер жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтіндігін білдіруге құқылы, бұл регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен осындай келіспеушілік тудырған мәселелерді қайта талқылау арқылы шешіледі.

      Қалалық немесе ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім Сарқан аудандық мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді.

      17. Қалалық немесе ауылдық округ әкімінің аппараты қалалық немесе ауылдық округ әкімінің жиналыс шешімдерін қарау нәтижелерін бес жұмыс күн ішінде жиналыстың мүшелеріне жеткізеді.

      18. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және қалалық немесе ауылдық округ әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.

      19. Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді қалалық немесе ауылдық округ әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе аудан әкімдігінің ресми сайты, интернет ресурстар арқылы таратады.

4-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысы шешімдерінің орындалуын бақылау

      20. Жиналыста жүйелі түрде жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты адамдардың ақпараттары тыңдалады.

      21. Шешімдерді орындамаған немесе сапасыз орындаған жағдайда, тиісті ақпарат хаттамаға енгізіледі, оны жиналыстың төрағасы Сарқан ауданының әкіміне немесе жиналыстың шешімін орындауға жауапты лауазымды адамның жоғары тұрған басшыларына жолдайды.

      Қабылданған шешімдер қайта орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, жиналыс Сарқан ауданының әкімі немесе тиісті лауазымды адамдардың жоғары тұрған басшылары алдында лауазымды адамдардың жауаптылығы туралы мәселеге бастамашылық жасайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады