Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2024 жылғы 27 қыркүйектегі № 601/НҚ бұйрығы

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ережесінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысының 15-тармағының 361-1)-тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Салаларды цифрландыру департаменті:

      1) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      2) осы бұйрық көшірмесінің Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жарияланған күннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы Қ. Төлеушин

  № 601/НҚ от 27.09.2024
Бұйрықпен бекітілген

Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы Ереженің 15-тармағының 361-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар мемлекеттік органдардың және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау процесіне өзге де қатысушылардың қызметін қамтиды.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) бизнес-процесс – белгілі бір оқиғаның басталуы түрткі болатын, әрбір іс-әрекетке бекітілген бизнес-рөлдерді орындаушылар жүзеге асыратын, өзара байланысты әрекеттердің дәйектілігі, ол өзіне тән логикаға сәйкес нысаналы ортада алдын ала белгілі жиынтықтан нәтиже алуды қамтамасыз етеді;

      2) бизнес-процестердің иесі – бизнес-процестің орындалуын реттейтін және бизнес-процестің нысаналы нұсқасын жүзеге асыруға жауапты болып табылатын мемлекеттік орган;

      3) бизнес-процестердің нысаналы нұсқасын жүзеге асыру іс-шараларының жоспары (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) - цифрлық трансформациялау картасының ажырамас бөлігі болып табылатын және жүргізілген реинжиниринг нәтижелері бойынша бизнес-процестердің нысаналы нұсқаларының кезең-кезеңімен іске асыруды айқындайтын, оны іске асыру мерзімдері мен оған жауапты тұлғалар көрсетілген құжат;

      4) бизнес-процестерінің реинжинирингін жүргізу әдістемесі (бұдан әрі – әдістеме) – уәкілетті орган бекіткен және бизнес-процестерінің ағымдағы нұсқаларын талдау және сипаттау, бизнес-процестердің нысаналы нұсқаларын қалыптастыру, сондай-ақ бизнес-процестерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу рәсімдерін сипаттайтын құжат;

      5) бизнес-рөл – белгілі бір әрекеттерді орындау үшін орындаушыларға жүктелетін міндеттердің, өкілеттіктердің және жауапкершіліктердің жиынтығы;

      6) деректерді басқару – деректерді анықтаумен, жасаумен, жинаумен, жинақтаумен, сақтаумен, таратумен, жоюмен, қолдаумен, сондай-ақ олардың талдамасын, сапасын, қолжетімділігін, қорғалуын қамтамасыз етумен байланысты процесс;

      7) процестің ағымдағы нұсқасы ("қандай күйде" нұсқасы) – талдау жүргізілген кезде қолда бар, бизнес-процесті орындаудың объективті түрде қадағаланатын және бекітілетін нұсқасы;

      8) процестің нысаналы нұсқасы ("қандай болады" нұсқасы) – бизнес-процестің іске асыру үшін таңдалған нұсқасы, ол үшін реинжиниринг шеңберінде ағымдағы нұсқадан өту тәсілдері мен әдістері әзірленетін болады;

      9) процестің оңтайлы нұсқасы ("қандай болуға тиіс" нұсқасы) – қолданылатын тиімділік көрсеткіштерінің жүйесі тұрғысынан бизнес-процестің реинжиниринг мақсаттарына қол жеткізу үшін ең жақсы нұсқасы.

      10) реинжиниринг – ұйым қызметінің тиімділігін, сапасын және нәтижелілігін арттыру мақсатында ағымдағы жұмыс процесін түрлендіру;

      11) цифрлық трансформация – цифрлық технологияларды енгізуді, реинжинирингті және деректерді пайдалануды қамтитын іс-шаралар кешені;

      12) цифрлық трансформациялау картасы – мемлекеттік орган жоспарлы кезеңде цифрлық трансформациялау арқылы қол жеткізуді жоспарлаған саланы (аяны) цифрлық трансформациялаудың басым бағыттарын және мемлекеттік басқару жүйесінің нәтижелілігі мен тиімділігінің артуына сәйкес келетін тиісті көрсеткіштерін айқындайтын құжат;

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

      4. Цифрлық трансформациялау шеңберінде мынадай қағидаларды басшылыққа алу қажет:

      1) басқарушылық жауапкершілік – нақты басшының құзыреті аясына кіретін шешімдерді қабылдау және мәселелерді келісуді жоғары тұрған деңгейге және алқалы органдарға беруге жол берілмейтіні;

      2) бастапқы бойынша цифрландыру – мемлекеттік органдардың азаматтармен, бизнеспен және бір-бірімен цифрлық форматта жан-жақты өзара іс-қимыл жасауының басымдығы;

      3) мәннің нысаннан басымдығы – нәтижеге қол жеткізу бойынша жұмыс нысанынан нақты және өлшенетін нәтиженің басым болуы;

      4) регламенттеудің оңтайлылығы – мемлекеттік органдардың қызметтерін регламенттеудің оңтайлы қажетті деңгейін белгілеу, жеткілікті түрде негізделмеген жаңа бюрократиялық талаптарды, есептілік пен бақылау түрлерін енгізуге жол бермеу.

      5) үздіксіз жетілдіру – мемлекеттік аппараттың бюрократияны қысқартуға, жүйелі реинжинирингке және ішкі рәсімдер мен процестерді оңтайландыруға ынталандыратын ұйымдастырушылық мәдениетін қалыптастыру және қолдау;

      5. Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың мақсаттары:

      1) инфрақұрылымды жаңғырту және "электрондық үкімет" архитектурасының негізінде платформалық шешімдерге көшу есебінен цифрлық мемлекет құру;

      2) процестер санын қысқарту есебінен азаматтармен және басқа да мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл арналарын жетілдіру;

      3) мемлекеттік басқарудың алгоритмдік реттеу жүйелеріне көшу;

      4) деректер негізінде шешім қабылдаудың жаңа сапасы мен мәдениеті;

      5) көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа барынша көшіру;

      6) тарихи деректерді толық цифрландыру және қағаз құжаттарды жоққа шығару;

      7) жеке және заңды тұлғалардан "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінде бар деректерді сұратуға толық тыйым салу қағидаттарын іске асыру болып табылады;

      8) көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді композициялық форматқа барынша аудару;

      9) көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді экстерриториалдық форматқа барынша аудару

2-тарау. Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау тәртібі

Параграф 1. Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың функционалдық құрылымы

      6. Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың функционалдық құрылымына мыналар кіреді:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды іске асыру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия);

      2) Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - ВАК);

      3) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган);

      4) мемлекеттік органдар.

      7. Комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 621 Жарлығымен бекітілген Ережеге сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі міндеттері Қазақстан Республикасында цифрландыру, инновациялық технологиялар және байланыс салалары мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ, мониторинг жүргізу және оларды іске асыру болып табылады.

      8. ВАК өз функцияларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2023 жылғы 3 қарашадағы № 169-р өкімімен бекітілген ережесімен, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

      9. Уәкілетті орган мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады, сондай-ақ:

      1) цифрлық трансформациялау жобаларын қарайды және оларды келісу туралы шешім қабылдайды;

      2) саланы цифрлық трансформациялау карталарының іске асырылуы бойынша мониторингті жүзеге асырады;

      3) мониторинг жүргізу қорытындысы бойынша қажетіне қарай, ВАК отырысына цифрлық трансформациялаудың іске асырылу барысы және шешімін талап ететін мәселелер туралы ақпарат енгізеді;

      4) цифрлық үкіметті қолдау орталығын тарта отырып, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын олардың цифрлық трансформациялаудың басым бағыттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды;

      10. Уәкілетті органның жанында:

      1) мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауды ұйымдастырушылық және әдіснамалық сүйемелдеу функциялары, оның ішінде мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациялау кеңселерін, жобалау командаларын және басқа да мүдделі құрылымдарды оқыту арқылы цифрлық үкіметті қолдау орталығына (бұдан әрі – орталық) жүктелген;

      2) "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамытуды әдіснамалық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, деректерді талдау, цифрлық мемлекетке көшуді ескере отырып, "электрондық үкімет" архитектурасын құру жүктелген "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы (бұдан әрі – сервистік интегратор);

      3) "электрондық үкіметтің" өзіне бекітілген ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының қызметін қамтамасыз ету, оның ішінде деректерді талдау және пайдалану үшін "Smart Data Ukimet" ақпараттық-талдамалық жүйесінің қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арасында ақпараттық өзара іс-қимылын ұйымдастыру және қамтамасыз ету жүктелген "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) жұмыс істейді.

      11. Мемлекеттік органдар:

      1) мемлекеттік органдар басшыларының цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары қатарынан цифрлық трансформациялаудың карталарын әзірлеуге және іске асыруға жауапты тұлғаларды айқындайды;

      2) бірінші басшының бұйрығымен мемлекеттік орган жанынан цифрлық трансформациялау офисін құрады, сондай-ақ оның құрамы мен ережесін бекітеді;

      3) осы Қағидаларға сәйкес цифрлық трансформациялаудың карталарын әзірлеуді, келісуді, бекітуді және іске асыруды жүзеге асырады;

      4) цифрлық трансформациялаудың карталарының жобаларын уәкілетті органға келісуге жібереді;

      5) міндеттерді бөлу туралы бұйрықтарға сәйкес жетекшілік ететін саладағы деректерді басқаруға стратегиялық бағыттарға және деректерді басқару саясатын айқындауға жауапты бас офицердің функцияларын мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарларына жүктейді;

      6) реинжинирингті жүзеге асырады.

      8) бизнес-процестердің электрондық тізілімін қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;

      9) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, деректерді басқару, "электрондық үкімет" архитектурасын дамыту, "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту, пайдалану, сатып алу, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер саласындағы ұйымдастырушылық, техникалық, құқықтық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      12. Мемлекеттік орган басшысының цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары:

      1) цифрлық трансформациялаудың картасын басқарады және олардың іске асырылуын, оның ішінде цифрлық трансформациялау іс-шараларын іске асыруды еңбек, қаржылық және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етуді үйлестіреді;

      2) цифрлық трансформациялаудың картасын жалпы іске асырудың тұтастығы мен кешенділігін, оның мақсаттарына және тиімділігі мен нәтижелілігі көрсеткіштерінің мәндеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді;

      3) цифрлық трансформациялаудың міндеттерін, оның ішінде бизнес-процестерді қамтамасыз ету үшін қызмет процестерін оңтайландыруға бастама жасайды және цифрлық трансформациялау картасының нысаналы индикаторлары мен олардың тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге әсер ететін бизнес-процестердің реинжинирингі жөніндегі қызметті басқарады;

      4) цифрлық трансформация офисін жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады.

      13. Мемлекеттік органды цифрлық трансформациялау офисі:

      1) цифрлық трансформациялаудың картасын әзірлейді, сондай-ақ осы үшін қажетті құжаттар мен шешімдер жобаларын дайындауды қоса алғанда, цифрлық трансформациялаудың картасын іске асыру бойынша жедел қызметті жүзеге асырады;

      2) мемлекеттік органда құрылымдық бөлімшелерді, ведомстволық бағынысты ұйымдарды оқытуды қамтамасыз етеді, оларды цифрлық трансформация, цифрлық трансформациялаудың картасы қозғайтын бизнес-процестерді реинжиниринг барысында үйлестіруді және кейіннен нормативтік құқықтық актілердің қажетті жобаларын әзірлеуді, автоматтандыруды жүзеге асырады;

      3) цифрлық трансформациялау картасының іске асырылу барысын бақылауды, сондай-ақ цифрлық трансформациялау картасының іске асырылуын мониторингтеу мен бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті есептік материалдар мен құжаттарды дайындауды жүзеге асырады.

      14. Мемлекеттік орган басшысының цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарының мемлекеттік органды цифрлық трансформациялау офисімен, құрылымдық бөлімшелермен және ведомстволық бағынысты ұйымдармен өзара іс-қимыл регламентін мемлекеттік органдар дербес айқындайды.

      15. Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау құрылымына кіретін органдар берілген өкілеттіктер шегінде әрекет етеді. Бұл ретте олардың өзара іс-қимылы шеңберінде мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау құрылымына кіретін төмен тұрған органдардан жоғары тұрған органдарға шешімдер қабылдау сатысының сақталуы қамтамасыз етіледі.

Параграф 2. Саланы (аяны) цифрлық трансформациялаудың картасын әзірлеу, келісу және бекіту

      16. Осы Қағидалар қабылданған сәттен бастап 3 (үш) ай ішінде мемлекеттік органдар цифрлық трансформациялаудың бес жылдық кезеңге арналған карталарының жобаларын әзірлейді.

      17. Цифрлық трансформациялаудың картасын әзірлеген кезде оны әзірлеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар:

      1) цифрлық трансформациялау картасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының мақсаттарымен және міндеттерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті салаларда іске асырылатын тапсырмаларымен, көрсетілген құжаттарда белгіленген нысаналы көрсеткіштердің (индикаторлардың) мәндерімен және іске асырылу мерзімдерімен, сондай-ақ "электрондық үкімет" архитектурасымен өзара байланысын;

      2) мемлекеттік органның жетекшілік ететін саланың (аяның) субъектілерімен және объектілерімен олардың реинжинирингі үшін жауапты тұлғаларды көрсете отырып өзара іс-қимылының кейстерін қалыптастыру;

      3) жетекшілік ететін салалар бойынша кейстердің реинжинирингін жүргізу, 5 жылдық кезеңге ақпараттандыру объектілерінің мәліметтерін есепке алу бойынша жоспар-кестені әзірлеу;

      4) деректерді басқару талаптарына сәйкес деректерді басқаруды қамтамасыз етеді.

      5) сала проблемаларын анықтау;

      6) серпінді технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектінің қолдануын енгізу;

      7) цифрлық трансформация міндеттерін шешу және цифрлық трансформация мақсаттары және оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың, сондай-ақ бизнес-процестері цифрлық трансформация міндеттерін қозғайтын мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің нысаналы индикаторларын ескере отырып, индикаторлардың мақсаттарына қол жеткізу кезіндегі ұйымдық бірлік.

      8) рееинжениринг кезінде мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін жетілдіру бағыттары бойынша талдау жүргізу.

      18. Цифрлық трансформациялаудың басым бағыттары және олардың нысаналы индикаторлары, цифрлық трансформациялаудың нәтижелілік көрсеткіштері мен олардың мәндері олардың орындылығы, негізділігі, әлеуметтік ықпалы және/немесе экономикаға қосқан үлесі ескеріле отырып қалыптастырылады.

      Цифрлық трансформациялаудың басым бағыттары мен олардың санын мемлекеттік органдар маңызды, нақты, уақыты дәл белгіленген, өлшенетін және қол жеткізуге болатын нысаналы индикаторлар бойынша айқындайды.

      19. Мемлекеттік органдарды цифрлық трансформациялау нәтижелілігінің көрсеткіштері мынадай өлшемшарттардың өлшенуін көздейді:

      1) азаматтардың мемлекеттік, оның ішінде цифрлық көрсетілетін қызметтерге қанағаттануын арттыру және мемлекетпен өзара іс-қимыл кезінде бизнес шығындарын азайту;

      2) мемлекеттік басқарудың, экономика және әлеуметтік салалардың шығындарын төмендету;

      3) мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру;

      4) цифрлық трансформация есебінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету;

      5) ақпараттандыру объектілерінің сенімділік пен қауіпсіздік деңгейін арттыру, цифрлық егемендік.

      20. Цифрлық трансформациялау жобаларын іске асырудың ықтимал тәуекелдерін төмендету, бюджет қаражатын жұмсау тиімділігін қамтамасыз ету үшін цифрлық трансформациялаудың картасына қажетті, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік басқару салаларындағы пилоттық жобаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда енгізіледі.

      Цифрлық трансформациялаудың картасына цифрлық трансформациялаудың картасының іс-шараларын қосымша сипаттау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтер, деректер тізбесі, цифрлық трансформацияның нәтижелілігі көрсеткіштерінің қолжетімділігі мен цифрлық трансформациялау картасының тиісті іс-шараларын іске асыру қажеттігінің негіздемесі, цифрлық трансформациялаудың картасын әзірлеу кезінде пайдаланылған Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының тізбесі, цифрлық трансформациялаудың картасын іске асырудың ықтимал тәуекелдері мен тәуекелдерді басқару сипаттамасы да қоса беріледі.

      21. Цифрлық трансформациялаудың картасын іске асыруға кезекті қаржы жылына және жоспарлы кезеңге арналған бюджет қаражатын жоспарлауды мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      22. Цифрлық трансформациялаудың карталарының жобалары мемлекеттік органдар бекіткенге дейін уәкілетті органмен міндетті түрде келісіледі.

      23. Уәкілетті орган цифрлық трансформациялаудың картасының жобасы келісуге келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде оның осы Қағидаларға сәйкестігі, сондай-ақ мемлекеттік орган мәлімдеген цифрлық трансформациялау нәтижелілігі көрсеткіштері мәндерінің қолжетімділігі тұрғысынан қарауды жүзеге асырады.

      Уәкілетті орган цифрлық трансформациялаудың картасы жобасын қарау үшін орталықты тартады.

      Цифрлық трансформациялаудың картасының жобасын қарау нәтижесі уәкілетті органның бірінші басшысының цифрлық трансформациялаудың картасының жобасын келісу не пысықтау қажеттігі туралы шешімі негізінде ресімделеді.

      Мемлекеттік орган цифрлық трансформациялаудың картасын келісу туралы шешім алған жағдайда картаны цифрлық трансформациялаудың картасының жобасын әзірлеуді жүзеге асырған мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе оны алмастыратын адам бекітеді.

      24. Мемлекеттік органдар цифрлық трансформациялаудың карталары бекітілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оны "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталында және ресми интернет-ресурсында орналастырады.

Параграф 3. Саланы (аяны) цифрлық трансформациялаудың карталарын іске асыру

1-бөлім. Саланы (аяны) цифрлық трансформациялаудың басым бағыттарын іске асыру

      25. Цифрлық трансформациялаудың басым бағыттарының мақсаттарына қол жеткізу мемлекеттік орган басшысының цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары қызметінің негізгі көрсеткіші болып табылады.

      26. Цифрлық трансформациялаудың іске асырылуы жоспар-кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

      27. Цифрлық трансформациялау карталары іс-шараларының іске асырылуына ішкі мониторингті мемлекеттік орган басшысының цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары жүзеге асырады.

      28. Цифрлық трансформациялау карталары, оның ішінде іс-шаралар жоспарлары іс-шараларының іске асырылуын сыртқы мониторингін уәкілетті орган іс-шаралардың орындалуын қадағалау, олардың іске асырылу барысын, мерзімдерін, сапасын, мемлекеттік орган басшысының цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары қызметінің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілуін бағалау мақсатында орталықты тарта отырып жүзеге асырады.

2-бөлім. Мемлекеттік органдардың бизнес-процестерінің реинжинирингін талап ететін саланы (аяны) цифрлық трансформациялаудың басым бағыттарын іске асыру тәртібі

      29. Реинжиниринг бекітілген әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады және мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) мемлекеттік органдардың бизнес-процестерінің ағымдағы нұсқасының сипаттамасы;

      2) бизнес-процестердің нысаналы нұсқасын қалыптастыру.

      30. Цифрлық трансформациялаудың картасы бекітілгеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде бизнес-процестердің иесі мемлекеттік органның бизнес-процестерінің реинжинирингі бойынша қойылған міндеттерді және туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін жобалау командасын қалыптастырады.

      Жобалау командасын қалыптастыруды мемлекеттік орган – бизнес-процестердің иесі жүзеге асырады.

      31. Реинжинирингтің жобалық командасына мыналар кіреді:

      1) мемлекеттік органдардың бизнес-процестер иесінің өкілдері:

      жобалау командасының жетекшісі – тиісті салада қажетті біліктілік деңгейі бар уәкілетті тұлға;

      бизнес-процестерді жүзеге асыруға, сондай-ақ бизнес-процестің әдіснамасы мен басшылығын әзірлеуге жауапты мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері;

      тиісті аяларда (салаларда) сараптамалық білімі бар мемлекеттік органның қызметкерлері;

      2) орталық өкілдері:

      "электрондық үкіметтің" ағымдағы және нысаналы архитектурасына, оның ішінде деректерге, ақпараттандыру объектілеріне талдауды жүзеге асыратын IT-архитектор;

      ұсынылған деректер негізінде зерттеушілік бизнес-талдауды жүзеге асыратын бизнес-талдаушы (IT-талдаушы).

      3) мүдделі ұйымдар, тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік қызметтер көрсету үдерістерін жетілдіру мәселелерін қарау кезінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органнның қызметкерлері.

      32. Бизнес-процестердің ағымдағы нұсқасының сипаттамасы мыналарды қамтиды:

      1) нормативтік құқықтық актілерді, стратегиялық жоспарлау құжаттарын, сондай-ақ бизнес-процестерді регламенттейтін және қозғайтын құжаттарды анықтау;

      2) түйісу нүктелерін көрсете отырып, бизнес-процестердің барлық мүдделі қатысушыларын анықтау;

      3) деректерді басқару талаптарына сәйкес бизнес-процестің әр кезеңіндегі деректер түрлерін сипаттау;

      4) бизнес-процестердің ағымдағы нұсқасының проблемаларын анықтау;

      5) мүдделі тұлғалармен сұхбат және клиент картасын дайындау;

      6) бизнес-процестердің ағымдағы нұсқасын сипаттау.

      33. Цифрлық картада көрсетілген реинжиниринг жүргізу мерзімдерін ауыстыру немесе ұзарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің, сондай-ақ мемлекеттік органдардың даму жоспарларына сәйкес жолдауларына және/немесе тапсырмаларына байланысты мемлекеттік орган жұмысының басым бағыттары өзгерген кезде;

      2) Әдістемеге сәйкес жобалау командасының алдын-ала талдау нәтижелері бойынша, оның аясында бастапқыда жоспарланған (бизнес-процестер саны) жұмыс көлемінде айтарлықтай айырмашылық анықталды.

      34. Жұмыс жоспарына өзгерістер енгізу себептерін көрсете отырып және жоба командасының басшысы қол қойған жобалау командасының хаттамасы негізінде жүзеге асырылады.

      35. Бизнес-процестердің ағымдағы нұсқасын сипаттау кезеңінің нәтижелері негізінде жобалау командасы бизнес-процестердің нысаналы нұсқасын қалыптастыруды жүзеге асырады.

      36. Мемлекеттік органдардың бизнес-процестерінің нысаналы нұсқасын қалыптастыру мыналарды қамтиды:

      1) бизнес-процестердің нысаналы және/немесе оңтайлы нұсқасының сипаттамасы;

      2) ұсынылатын шешімдердің орындылығын әдістемеге сәйкес негіздеу;

      3) іс-шаралар жоспарларын, оның ішінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу.

      37. Іс-шаралар жоспарын мемлекеттік орган басшысының орынбасары немесе цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін лауазымды адам бекітеді.     

      Бизнес-процестің нысаналы нұсқасын жүргізу жөніндегі мемлекеттік органдар келіспеген жағдайда бизнес-процестердің нысаналы нұсқасын бекітуді ВАК-та келіскеннен кейін мемлекеттік орган жүзеге асырады.

      Бизнес-процестің ағымдағы нұсқасы, бизнес-процестің нысаналы нұсқасы және іс-шаралар жоспары бекітілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдар оны "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталында орналастырады.

      38. Жүргізілген реинжиниринг ескеріле отырып, іс-шаралар жоспарында көзделген жағдайларда мемлекеттік органның қызметін, оның ішінде мемлекеттік функцияларды автоматтандыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді "электрондық үкіметтің" архитектурасына сәйкес көрсету (бұдан әрі – қызметті автоматтандыру) жүзеге асырылады.

      Егер "электрондық үкіметтің" архитектурасында қызметті көрсетілген автоматтандыру көзделмеген жағдайда сервистік интегратор оны өзектілендіруді және дамытуды "электрондық үкіметтің" архитектурасын қалыптастыру және іске асырылуын мониторингтеу қағидаларына, "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға сәйкес қамтамасыз етеді.

      Қызметті автоматтандыру "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту жолымен немесе уәкілетті орган бекіткен "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді құру, дамыту, пайдалану, сатып алу қағидаларына сәйкес "электрондық үкіметтің" архитектурасына сәйкес ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алу арқылы жүзеге асырылады.

      Қызметті автоматтандыру "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру мен дамытудың басымдығын қамтамасыз етуді және құру мен дамытуды оператор жүзеге асыратын "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасында ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетуді ескере отырып жүзеге асырылады.

4-бөлім. Саланы (аяны) цифрлық трансформациялаудың басым бағыттарын іске асыруда деректерді пайдалану

      39. Мемлекеттік органдардың және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау процесіне өзге де қатысушылардың деректерді пайдалануы деректерді басқару саласындағы уәкілетті орган бекіткен деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      40. Саланы (аяны) цифрлық трансформациялаудың басым бағыттарын іске асыру кезінде мемлекеттік органдар және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау процесіне өзге де қатысушылар деректерді қолдануды және қайта пайдалануды (оның ішінде қажетті өзгерістерді ескере отырып), сондай-ақ түпкілікті пайдаланушылардың қажеттіліктеріне қарай деректерді жасаудың және пайдаланудың жаңа тәсілдерін қамтамасыз етеді, бұл ретте деректерді қайта жинауға жол берілмейді.

Параграф 4. Мемлекеттік органды цифрлық трансформациялаудың карталарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      41. Мемлекеттік органдарды цифрлық трансформациялаудың картасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) есепті кезеңде мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау құрылымына кіретін органдардың біреуінің қарауының және бағалауының нәтижелері бойынша;

      2) мемлекеттік органды цифрлық трансформациялаудың картасы шеңберінде пилоттық жобаларды жүзеге асыру қорытындылары бойынша;

      3) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына өзгерістер енгізілуіне байланысты;

      4) ағымдағы қызметтегі елеулі өзгерістер (қайта ұйымдастыру және т. б.);

      5) тиісті мемлекеттік органның құзыретінен тыс мән-жайларға байланысты өзгерістер енгізу үшін нормативтік құқықтық актілерде көзделген негіздер туындаған кезде;

      6) осы Қағидаларда көзделмеген жағдайларда – алдыңғы бекітілгенінен кейін 6 (алты) ай ішінде бір реттен асырмай.

      42. Осы Қағидаларға сәйкес бекітілген цифрлық трансформациялаудың картасына өзгерістер енгізу оны әзірлеу, келісу және бекіту тәртібіне ұқсас тәртіппен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады