Ғылыми-техникалық кеңес бойынша ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 27 қыркүйектегі № 681 бұйрығы

      "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 3) тармақшасына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 3-тармағының 4) тармақшасына, "Ғылым және технологиялық саясат туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2024 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарын іске асыру жөніндегі шаралар және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2024 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2024 жылғы 13 мамырдағы № 61-ө өкіміне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2024 жылғы 16 шілдедегі № 98-ө Өкіміне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Медицина және фармацевтика ғылымын дамытудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 12 тамыздағы № 502 бұйрығы;

      2) "Медицина және фармацевтика ғылымын дамытудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 12 тамыздағы №502 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 7 қарашадағы № 978 бұйрығының күші жойылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
А. Әлназарова

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2022 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 681 бұйрығына қосымша

Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Осы Ереже ғылыми-техникалық кеңес (бұдан әрі – ҒТК) қызметінің құқықтық және ұйымдарстырушылық негіздерін айқындайды.

      3. ҒТК Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың басым бағыттары жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау, сондай-ақ ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды бағалау мақсатында құрылады.

      4. ҒТК өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. ҒТК-нің негізгі міндеттері мен функциялары

      5. ҒТК-нің қызметі мынадай негізгі міндеттерді шешуге бағытталған:

      1) денсаулық сақтау саласындағы ғылым және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға ұсыныстар әзірлеу және жәрдемдесу;

      2) денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет саласындағы заңнамалық актілерін жетілдіру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      3) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      4) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға жіберетін қаражатты аудару мен бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу және шараларды іске асыру;

      5) салалық ғылыми ұйымдар мен технологиялық және инновациялық қызмет ұйымдарын дамытуға ұсыныстар әзірлеу және қатысу.

      6. ҒТК өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ғылыми зерттеулерді, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ҒЗТКЖ, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін (бұдан әрі – ҒҒТҚН) коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру мәселелері бойынша:

      1) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын іске асыру мақсатында мамандандырылған бағыттарды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      2) Министрліктің ғылыми-техникалық және ғылыми-технологиялық міндеттері мен бағдарламаларын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      3) Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша ұсыныстарды қарайды және әзірлейді;

      4) денсаулық сақтау саласындағы жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезінде ұсыныстар әзірлейді;

      5) денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған техникалық шарттарды әзірлеу кезінде ұсыныстар әзірлейді;

      6) денсаулық сақтау саласындағы жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға бөлінетін қаржыландыру нысандары мен көлемдерін айқындау үшін ғылым саласындағы уәкілетті органға жіберілген өтініштерді қарайды;

      7) денсаулық сақтау саласында ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жаңалығы, ғылыми-техникалық деңгейі, перспективалары, даму дәрежесі, қаржыландырудың сұралатын көлемінің экономикалық орындылығы жөніндегі ұсынымдарды қарайды және әзірлейді;

      8) Заңға сәйкес Ұлттық ғылыми кеңестердің отырыстарына енгізілген мәселелер бойынша ұсынымдарды қарайды және әзірлейді.

      Мемлекеттік технологиялық саясат және инновацияны мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері бойынша:

      1) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік технологиялық саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      2) денсаулық сақтау саласындағы технологиялық дамудың басымдықтарын және мемлекеттік технологиялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындау бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      3) денсаулық сақтау саласындағы инновациялық-технологиялық дамыту мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлейді;

      4) денсаулық сақтау саласындағы инновациялық жүйені және инновацияларды мемлекеттік қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектілерінің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      5) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік технологиялық саясат жөніндегі ұсыныстарды қарайды және әзірлейді;

      6) негізгі (басымдық) технологияларды, технологиялық құзыреттің салалық орталықтарын, мақсатты технологиялық бағдарламаларды және денсаулық сақтау саласындағы технологиялық платформаларды ұйымдастыруды айқындау бойынша ұсыныстар әзірлейді.

      7) денсаулық сақтау саласындағы технологияларды іздеу жүйесін қалыптастыру және дамыту, оларды анықтау және нарыққа ілгерілетуге жәрдемдесу бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      8) денсаулық сақтау саласындағы инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындау, одан әрі инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұсыныстар әзірлейді.

      Министрліктің міндеттерін орындау шеңберінде:

      1) ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың ғылыми, ғылыми-техникалық қызметі туралы есептерді тыңдайды;

      2) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖООКББҰ), кәсіпкерлік субъектілерімен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен жоғары технологиялық өнімдерді шығаруды және (немесе) жаңа технологияларды енгізуді жүзеге асыратын бірлескен өндірістерді құру мақсатында ынтымақтастық мәселелерін қарайды;

      3) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша тиісті ұсынымдар әзірлей отырып, мәселелерді қарайды.

3-тарау. ҒТК қызметін ұйымдастыру

      7. ҒТК құрамын Министрлік ғылыми қоғамдастықтың және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы заңды тұлғалардың ұсыныстары мен ұсынымдарын ескере отырып қалыптастырады және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі бекітеді.

      8. ҒТК төрағадан, төраға орынбасарынан және тұрақты мүшелерінен тұрады. ҒТК құрамына денсаулық сақтау саласындағы жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдар мен даму институттарының, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Ұлттық холдингтер мен компаниялардың өкілдері, ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің салалық қауымдастықтардың, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылатын бейінді ғылыми ұйымдардың өкілдері кіреді.

      9. ҒТК құрамының талаптарын ғылым саласындағы уәкілетті органмен келісілген Министрлік айқындайды.

      10. ҒТК құрамына сайланатын ғалымдар:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтары;

      2) ҒТК құрамы қалыптасқан күнге дейін 3 (үш) жыл ішінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілерінің жұмыскерлері болып табылатын немесе шетелдік ғылыми ұйымдарда немесе ЖООКББҰ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын ғылым докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым докторы немесе ғылым кандидаты дәрежесінің болуы;

      3) уәкілетті органның реттелетін салаларында ғылыми-зерттеу және (немесе) ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 (бес) жыл болуы тиіс.

      Кандидатта Web of Science (Веб оф Сайенс) және (немесе) Scopus (Скопус) халықаралық базаларына сәйкес Хирш индексінің болуы (3 және одан көп) кандидатураны ұсыну күніне құпталады.

      11. ҒТҚ құрамының 70%-нан (жетпіс пайыз) аспайтын, жұмыс өтілі кемінде 5 (бес) жыл:

      1) тиісті мемлекеттік органдар ұсынған мемлекеттік органдардың;

      2) уәкілетті органның реттелетін салаларында тиісті ұйымдар ұсынған ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың;

      3) "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған жеке кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерінің жұмыскерлерінен және (немесе) сарапшыларынан қалыптастырылады.

      12. ҒТҚ құрамына осы ұйым негізгі жұмыс орны болып табылатын бір ұйымнан бірнеше қызметкер кірмейді.

      13. ҒТК төрағасы және төраға орынбасары бірінші отырыста ҒТК мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы ҒТК мүшелері арасынан сайланады.

      14. ҒТК төрағасы:

      1) отырыстарда төрағалық етеді және оның қызметіне басшылық жасайды;

      2) даулы мәселелерді талқылауда алқалылықты қамтамасыз етеді,

      3) ҒТК отырыстарын өткізудің күн тәртібін, күнін, уақытын, орнын және нысанын айқындайды;

      4) ҒТК отырыстарының хаттамаларына қол қояды;

      5) ҒТК шешімдерінің іске асырылуына жалпы үйлестіруді жүзеге асырады.

      15. Төрағаның болмау мерзімінде оның функцияларын төраға орынбасары атқарады.

      16. ҒТК жанынан ғылыми қамтамасыз етуді ұйымдастыру және ҒТК отырысына шығарылатын бейіндік мәселелерді қарау үшін өз қызметін жүзеге асыратын мынадай бейіндік секциялар (бұдан әрі – Секциялар) құрылады:

      1) Клиникалық зерттеулер бойынша секция;

      2) Іргелі биомедициналық зерттеулер, медициналық және клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер секция;

      3) Қоғамдық денсаулық саласындағы зерттеулер бойынша секция;

      4) Генетика және жасуша технологиясы саласындағы зерттеулер бойынша секция.

      17. Секцияның дербес құрамы ҒТК отырысында бекітіледі.

      18. ҒТК-ның құрамы 3 (үш) жыл мерзімге бекітіледі және әрбір Секция бойынша 7 (жеті) адамнан аспайтын мүшелердің тақ санынан тұрады

      19. ҒТК жұмысы күндізгі және сырттай отырыстар нысанында жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда ҒТК отырыстары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен байланыс жүйелерін пайдалана отырып өткізілуі мүмкін.

      20. ҒТК қажеттілігіне қарай жиналады, бірақ жылына кемінде екі рет. Егер отырысқа оның мүшелерінің кемінде 2/3 бөлігі қатысқанда, ҒТК шешім қабылдайды.

      21. Отырыстарға материалдарды дайындау, жинақтау және жүйелеу, ҒТК мүшелеріне және шақырылған адамдарға ҒТК отырыстары туралы хабарламаларды уақтылы жіберу, отырыстың күн тәртібін қалыптастыру, отырыстарды жазу, ҒТК шешімдерінің жобаларын дайындау және өткеннен кейін хаттамаларды ресімдеу, отырыстарды ҒТК хатшысы жүргізеді.

      22. Отырыс хаттамалары, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар, есептер, актілер Министрлікке беріледі және "Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген) сәйкес сақталады .

      23. ҒТК шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және ҒТК-нің отырысына қатысқан мүшелердің жалпы санының кемінде 2/3-і дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болғанда, шешуші Төрағаның дауысы болады. Хатшы ҒТК мүшесі болып табылмайды және шешім қабылдау кезінде дауыс бермейді. Дауыс беруге шығарылған мәселе бойынша ҒТК мүшелерінің ерекше пікірі болған жағдайда, Хатшы хаттамаға тиісті жазба енгізеді. ҒТК мүшесінің шешімдер қабылдау және дауыс беруден негізсіз бас тартуына болмайды. Қабылданған шешімдер хаттамамен рәсімделеді және оған Төраға, ҒТК мүшелері мен Хатшы қол қояды. Хаттамалардың көшірмелері ҒТК мүшелеріне жіберіледі.

      24. ҒТК жұмыс органы Министрліктің құрылымдық бөлімшесі немесе квазимемлекеттік сектор субъектісі (бұдан әрі – Жұмыс органы) болып табылады.

      25. Жұмыс органы ҒТК қызметін қамтамасыз ету мақсатында:

      1) ҒТК жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету, оның ішінде отырыс өткізілгенге дейін 5 (бес) жұмыс күні бұрын ҒТК мүшелеріне жіберілетін материалдарды дайындауды;

      2) жыл сайынғы негізде ҒТК мүшелерінен Тізбені қалыптастыру бойынша ұсыныстарды жинауды;

      3) ҒТК жұмысы туралы жоспарлар мен есептер жасайды және орындалуын үйлестіруді жүзеге асырады.

      26. ҒТК жұмыс органы жыл сайын есепті жылдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей Министрлікке және ғылым саласындағы уәкілетті органға есепті кезеңнің қорытындылары бойынша ҒТК жұмысы туралы ақпарат ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады