Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитет туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 28 қыркүйектегі № 128 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7-тармағының, 43-тармағы 2-тармақшасының және 44-тармағының негізінде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитет туралы" 2012 жылғы 15 наурыздағы № 13 шешімі 2-тармағының;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитеттің құрамына өзгерістер енгізу туралы" 2013 жылғы 16 сәуірдегі № 85 шешімінің;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитеттің құрамына өзгерістер енгізу туралы" 2014 жылғы 5 ақпандағы № 13 шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
В. Христенко

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2015 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 128 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитет туралы ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі – Комитет) Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің(2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының (бұдан әрі – тиісінше Алқа, Комиссия) жанында құрылады.

      Комитет салық саясаты, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың XVII бөліміне сәйкес өзара саудада салықтар алу тетіктерін жетілдіру, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер, Одақ) салық саясаты және әкімшілендіру саласындағы бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және оларды іске асыру барысы туралы мәселелер бойынша Комиссияның консультативтік органы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, басқа да халықаралық шарттар мен Одақ құқығын құрайтын актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

ІІ. Комитеттің негізгі міндеттері мен функциялары

      3. Комитеттің негізгі міндеттері:

      а) проблемалық жағдайларды шешу және келісілген бағыттарда мүше мемлекеттердің салық заңнамасын үндестіру мәселелері бойынша Комиссияға ұсынымдар дайындау;

      б) Комиссияға мынадай мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу:

      мүше мемлекеттердің келісілген бағыттар бойынша салық саясатын жүргізудегі бірыңғай тәсілдемелерін қалыптастыру;

      мүше мемлекеттердің аумақтарында өзара саудада жанама салық салу, мүше мемлекеттердің аумақтарында акцизделетін тауарлардың айналымы (соның ішінде алкоголь өнімдері), тікелей салық салу саласында мүше мемлекеттердің заңнамасын жетілдіру;

      мүше мемлекеттердің салықтық әкімшілендіруді жетілдіруі, соның ішінде трансферттік баға белгілеуді салықтық бақылау;

      мүше мемлекеттердің салық органдарының өзара саудада жанама салықтар алуға және кірістерге (бір мүше мемлекеттің заңды және жеке тұлғалары басқа мүше мемлекеттің аумағында алатын (сатып алатын) (мүлікке) салық салуға бақылау жасау үшін қажетті ақпараттық өзара іс-қимылын жетілдіру;

      в) салық салу саласындағы халықаралық шарттарды және Одақ құқығын құрайтын актілерді қолдану практикасын талқылау болып табылады.

      4. Өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін Комитет мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) Комиссияға салық саясаты және әкімшілендіру саласындағы мынадай мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлейді:

      мүше мемлекеттердің өзара саудада жанама салықтар алу қағидаттарына бірыңғай тәсілдемелер әзірлеу;

      мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында жасалатын өзара сауданы және өзге де сыртқы экономикалық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің салық заңнамасын бұзуын болдырмауға және жолын кесуге өзара жәрдем көрсету;

      мүше мемлекеттердің салық органдары арасында ақпараттық өзара іс-қимылды жетілдіру;

      б) салық салу саласында Одақ құқығына кіретін актілерді жетілдіру мәселелері бойынша Комиссия ұсыныстарын қарайды.

ІІІ. Комитеттің құрамы

      5. Комитеттің құрамы мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының басшыларынан (басшыларының орынбасарларынан) және уәкілетті өкілдерінен қалыптастырылады.

      Комитеттің құрамын қалыптастыру үшін Алқа мүше мемлекеттерден мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының уәкілетті өкілдерінің кандидатуралары бойынша ұсыныстар сұратады.

      Мүше мемлекеттер Алқаны Комитеттегі мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының уәкілетті өкілдерін ауыстыру қажеттігі туралы уақытылы хабардар етеді, сондай-ақ оның құрамына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар береді.

      Комитеттің құрамы Алқа өкімімен бекітіледі.

      6. Құзыретіне салық саясаты және әкімшілендіру саласындағы мәселелер жататын Алқа мүшесі (бұдан әрі – Комитет төрағасы) Комитеттің отырыстарына төрағалық етеді және Комитеттің жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады.

      7. Комитет төрағасы:

      а) Комитеттің қызметіне басшылық етеді және Комитетке жүктелген міндеттерді орындау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      б) Комитет отырысының күн тәртібін келіседі және бекітеді, оның өткізілетін күнін, уақыты мен орнын айқындайды;

      в) Комитеттің отырысын жүргізеді;

      г) Комитет отырыстарының хаттамаларын бекітеді;

      д) Комиссия Алқасы мен Кеңесін Комитет әзірлеген ұсынымдар туралы хабардар етеді;

      е) сарапшылық топтар туралы ережені және олардың құрамын бекітеді;

      ж) Комиссия Алқасы мен Кеңесінің отырыстарында және өзге де органдармен және ұйымдармен өзара қарым-қатынаста Комитеттің мүддесін білдіреді;

      з) Комитет төрағасының орынбасарын тағайындайды.

      8. Комитет төрағасының орынбасары болып құзыретіне Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелер кіретін Комиссия департаментінің басшысы тағайындалады.

      9. Комитет төрағасының орынбасары Комитет төрағасы болмаған кезде немесе оның тапсыруы бойынша Комитет төрағасының осы Ереженің 7-тармағында көзделген функцияларын орындайды.

      10. Комитеттің жауапты хатшысын Комитет төрағасы құзыретіне Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелер кіретін Комиссия лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің арасынан тағайындайды.

      11. Комитеттің жауапты хатшысы:

      а) Комитет төрағасының және Комитет мүшелерінің ұсыныстары бойынша Комитет отырысының күн тәртібінің жобасын әзірлейді және оны Комитет төрағасының бекітуіне ұсынады;

      б) Комитеттің күн тәртібінің жобасына және отырысына материалдар дайындауды және ұсынуды бақылауды жүзеге асырады;

      в) Комитет мүшелеріне Комитет отырысының бекітілген күн тәртібі мен оның материалдарын дайындап, жібереді, соның ішінде электрондық түрде жібереді;

      г) Комитеттің кезекті отырысының өткізілетін күнін, уақыты мен орнын келіседі және оны Комитет мүшелеріне хабарлайды;

      д) Комитет отырысының хаттамасын жүргізеді және оны Комитет төрағасының бекітуіне ұсынады;

      е) Комитет отырыстарының жоспарларын қалыптастырады және оларды Комитет мүшелерінің назарына жеткізеді;

      ж) Комитет отырысының нәтижелері бойынша дайындалған қорытынды құжаттарды әзірлеуді және оларды Комитет мүшелерінің назарына жеткізуді ұйымдастырады;

      з) Комитеттің хаттамалық шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады.

      12. Комитет отырысына Комитет төрағасының шақыруы бойынша мүше мемлекеттерден қажетті біліктілігі бар тәуелсіз сарапшылар қатыса алады.

      Комитет отырысына Комитет төрағасының шақыруы бойынша құзыретіне Комитеттің отырысында қаралатын мәселелер жататын Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері қатыса алады.

      13. Комитет жанында Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелерді шешуге арналған сарапшылық топтар құрылуы мүмкін.

      Сарапшылық топтардың құрамдары мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының, салалық қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың уәкілетті өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады, олардың құзыретіне салық салу саласындағы мәселелер кіреді.

IV. Комитеттің жұмыс тәртібі

      14. Комитеттің отырысы қажеттігіне қарай өткізіледі.

      15. Комитет отырысын өткізу туралы шешімді Комитет төрағасы қабылдайды.

      16. Комитет отырысының күн тәртібінің жобасын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды Комитет мүшелері Комитет төрағасына жібереді.

      Комитет отырысының күн тәртібіне енгізуге арналған мәселелерді ұсынған Комитет мүшелері ұсынылған мәселелер бойынша ақпарат пен материалдардың Комитеттің жауапты хатшысына берілуін қамтамасыз етеді.

      17. Комитет төрағасының мүше мемлекеттердің атқарушы билігінің уәкілетті органдарынан және Комитет мүшелерінен Комитеттің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша материалдар мен ақпаратты сұратуға құқығы бар.

      18. Комитет отырысының күн тәртібіне ұсынылатын материалдар мыналарды:

      а) қаралатын мәселелер бойынша анықтамаларды;

      б) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобаларын;

      в) хаттамалық шешімдердің жобаларын;

      г) Комиссияға арналған ұсынымдар жобаларын;

      д) қажетті анықтамалық және талдамалық материалдарды қамтиды.

      19. Комитеттің жауапты хатшысы Комитет мүшелеріне Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін 15 жұмыс күнінен кешіктірмей Комитет отырысының күн тәртібі мен оның материалдарын, соның ішінде электрондық түрде жібереді.

      20. Комитет отырыстары, әдетте, Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.

      Комитет отырысы уәкілетті органдардың салық салу саласындағы ұсыныстары негізінде қабылданатын Комитет төрағасының шешімі бойынша кез келген мүше мемлекетте өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда қабылдайтын мүше мемлекет Комитет отырысын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдем көрсетеді.

      Комитет төрағасының шешімі бойынша Комитет отырысы бейне конференция режимінде өткізілуі мүмкін.

      21. Комитет отырысы, егер мүше мемлекеттердің әрқайсысынан Комитеттің кемінде 1 мүшесінің өкілдік етуі қамтамасыз етілсе, құқылы деп танылады.

      Комитет мүшелері Комитет отырыстарына жеке өзі, ауысу құқығынсыз қатысады. Комитет мүшесінің отырысқа қатысуы мүмкін болмаған жағдайда, оның қаралып отырған мәселе бойынша өз пікірін Комитет мүшесіне жазбаша түрде күні бұрын ұсынуға құқығы бар.

      22. Комитет мүшелері, егер олардың пікірінше аталған мәселе қосымша пысықтауды талап ететін болса, мәселені Комитеттің қарауынан алып тастауға ұсыным білдіруі мүмкін.

      23. Комитет отырысында мәселелерді талқылау кезінде Комитет мүшелерінің тең құқықтары болады. Дауыс беру кезінде мүше мемлекеттерден Комитет мүшелерінің санына қарамастан мүше мемлекеттердің әрқайсысы 1 дауысқа ие болады.

      Комитет отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда Комитет мүшелерінің позициялары тіркеледі.

      Егер Комитет мүшесінің Комитет қарап жатқан мәселе бойынша ерекше пікірі болса, ол жазбаша түрде баяндалады және Комитет отырысының хаттамасына қоса беріледі. Комитет отырысының хаттамасына сондай-ақ қаралып отырған құжаттардың жобалары бойынша ұсыныстар, анықтамалық және талдамалық материалдар мен тиісті негіздемелер қоса берілуі мүмкін.

      Комитет мүшелерінің Комитет отырыстарында берген ұсыныстары мүше мемлекеттердің түпкілікті позициясы ретінде қаралмайды.

      Комитет отырысының хаттамасына Комитеттің жауапты хатшысы қол қояды, Комитет отырысы болған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей оны Комитет төрағасы бекітеді.

      Комитеттің жауапты хатшысы Комитет отырысының хаттамасын Комитеттің барлық мүшелеріне оны Комитет төрағасы бекіткен күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде жібереді.

      Комитет төрағасының шешімі бойынша Комитет отырысының хаттамасы немесе одан үзінді көшірме Комитет отырысына қатысқан шақырылған адамдарға жіберілуі мүмкін.

      Комитет отырыстарының хаттамалары Комитеттің жауапты хатшысында сақталады.

      24. Комитет отырыстарына мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының уәкілетті өкілдерінің қатысуына байланысты шығыстарды оларды жіберетін мүше мемлекеттер көтереді.

      Комитет отырыстарына бизнес-қоғамдастық, ғылыми және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, өзге де тәуелсіз сарапшылардың қатысуына байланысты шығыстарды аталған адамдар дербес көтереді.

      25. Комитеттің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады