Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қоса беріліп отырған Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже бекітілсін.
2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 7 маусымдағы "Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитет туралы" № 70 шешімінің 2-тармағының күші жойылды деп танылсын.
3. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтерінен Еуразиялық экономикалық комиссияға осы Шешім күшіне енген күннен бастап 15 күндік мерзімде Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитеттің құрамына енгізу үшін кандидатураларды ұсыну сұралсын.
4. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 9 шілдедегі № 108 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитет туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1. Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі – Комитет) Комиссияға көлік және инфрақұрылым мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындау мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Алқасының жанынан құрылады.
2. Комитет өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
ІІ. Комитеттің функциялары
3. Комитет өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
а) Комиссия шешім қабылдағанға дейін Комиссия Алқасы Комитеттің шеңберінде консультациялар өткізуге міндетті мәселелерді қарайды;
б) мынадай мәселелер:
Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын, оның ішінде оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын ("жол карталарын") орындау шеңберіндегі саясатын қалыптастыру және іске асыру;
мүше мемлекеттердің Одақ құқығын құрайтын көлік және инфрақұрылым саласындағы халықаралық шарттар мен актілерді орындауының мониторингі;
мүше мемлекеттердің көлік жүйелерін жақындастыру, Одақтың бірыңғай көлік кеңістігін қалыптастыру және көлік қызметтерінің ортақ нарығын құру;
мүше мемлекеттердің көлік және инфрақұрылым саласындағы заңнамасын жетілдіру және үйлесімді ету, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 19 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын іске асырудың негізгі бағыттары мен кезеңдеріне сәйкес Одақ құқығын жетілдіру;
көлік және инфрақұрылым саласында Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуіне әсер ететін кедергілерді (тосқауылдарды, шектеулерді, алып қоюларды) жою;
әзірленуі жоспарланып отырған көлік саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары;
Одақ шеңберінде халықаралық шарттардың жобаларын және Одақ органдарының көлік және инфрақұрылым саласындағы актілерін әзірлеу мәселелері бойынша Комиссия үшін ұсыныстар мен ұсынымдар дайындауды жүзеге асырады;
в) Комиссияның басқа да консультативтік органдары мен департаменттері үшін олар көлік саласына қатысты мәселелерді қараған жағдайда ұсыныстар дайындайды;
г) өз құзыреті шегінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.
ІІІ. Комитеттің құрамы
4. Комитеттің жанынан мынадай кіші комитеттер құрылады:
автомобиль көлігі және жол шаруашылығы жөніндегі кіші комитет;
су көлігі жөніндегі кіші комитет;
азаматтық авиация жөніндегі кіші комитет;
теміржол көлігі жөніндегі кіші комитет;
инфрақұрылым және логистика жөніндегі кіші комитет.
Осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген функцияларды қамтамасыз ету үшін Комитет өзге де кіші комитеттерді құра алады.
5. Кіші комитеттер тұрақты негізде, әдетте, салалық белгісі бойынша құрылады және Комитеттің жұмыс органы болып табылады.
6. Комитет өз қызметінің бағыттары бойынша мәселелерді шешу үшін жұмыс топтарын құра алады.
7. Кіші комитеттердің және жұмыс топтарының жұмыс тәртібін Комитет айқындайды.
8. Комитеттің құрамы мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары басшыларының көлік және инфрақұрылым саласын реттеу мәселелері құзыретіне жататын орынбасарларынан, сондай-ақ мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының уәкілетті өкілдерінен (департамент директорынан (басқарма бастығынан) төмен болмайтын деңгейде) қалыптастырылады.
Мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша Комитеттің құрамына бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар енгізілуі мүмкін.
9. Комитеттің құрамы Комиссия Алқасының өкімімен бекітіледі.
10. Кіші комитеттер мен жұмыс топтарының құрамдарына мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының уәкілетті өкілдері, сондай-ақ қажет болғанда бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар енгізіледі.
11. Комитеттің, оның кіші комитеттерінің және жұмыс топтарының құрамына енгізу үшін кандидатуралар бойынша ұсыныстарды Комиссияға мүше мемлекеттердің Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті мемлекеттік билік органдары ұсынады.
12. Комитет төрағасының шақыруы бойынша немесе Комитет мүшелерінің ұсынысы бойынша Комитеттің отырыстарына Комитет мүшелері болып табылмайтын мемлекеттік билік органдарының уәкілетті өкілдері, бизнес-қоғамдастықтардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері де қатыса алады.
Жұмыс топтарының жұмысына тәуелсіз сарапшылар, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері тартылуы мүмкін.
13. Комиссия Алқасының көлік және инфрақұрылым мәселелері құзыретіне жататын мүшесі (бұдан әрі – Комитет төрағасы) Комитеттің отырыстарында төрағалық етеді және оның жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады.
14. Комитет төрағасы:
а) Комитеттің қызметіне басшылық етеді және Комитетке жүктелген міндеттерді орындау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
б) Комитет отырысының күн тәртібін келіседі және бекітеді, оны өткізу күнін, уақыты мен орнын айқындайды;
в) отырыстың күн тәртібіне сәйкес және осы Ереженің 12-тармағын ескере отырып, Комитеттің отырысына шақырылатын Комитет отырысына қатысушылардың құрамын қалыптастырады;
г) Комитет пен оның кіші комитеттері, жұмыс топтары отырыстарының хаттамаларын бекітеді және Комитеттің қызметімен байланысты өзге де құжаттарға қол қояды;
д) Алқаны және Комиссия Кеңесін консультациялардың қорытындылары туралы, сондай-ақ Комитеттің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша Комитет әзірлеген ұсынымдар мен ұсыныстар туралы хабардар етеді;
е) жұмыс регламенттерін, кіші комитеттер мен жұмыс топтарының құрамдарын бекітеді;
ж) Комитеттің құзыреті шегінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.
IV. Комитеттің қызметі
15. Комитеттің отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
16. Комитеттің отырысын өткізу туралы шешімді Комитет мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Комитет төрағасы қабылдайды.
17. Комитеттің отырысын өткізу туралы хаттарды, оның отырысының күн тәртібін және оған материалдарды жауапты департамент Комитет мүшелеріне Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 20 күннен кешіктірмей жібереді.
Комитет отырысының күн тәртібіне материалдар Одақтың ресми сайтында Комитет мүшелерінің жеке кабинеттерінде орналастырылады, сондай-ақ оларды Комиссияның Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелер құзыретіне жататын департаменті (бұдан әрі – жауапты департамент) Комитет мүшелеріне электрондық түрде жібереді (таратылуы шектеулі құжаттарды қоспағанда).
Жауапты департамент Комитет мүшелеріне Комитет отырысының күн тәртібіне енгізілген қосымша мәселелер бойынша материалдарды да электрондық түрде жібереді.
18. Комитет мүшелері Комитет отырысының күн тәртібіне материалдар бойынша ұстанымдарын (оның ішінде Комитеттің хаттамалық шешімдерінің жобалары бойынша өз ұсыныстарын) Комитет төрағасына Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 5 күннен кешіктірмей жібереді.
19. Комитет мүшелері Комитет отырысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді енгізу туралы ұсыныстарын Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей ұсынуға құқылы. Көрсетілген мерзімнен кеш келіп түскен ұсыныстар Комитеттің келесі отырысының күн тәртібіне енгізіледі.
20. Комитет отырысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді енгізу туралы ақпаратты жауапты департамент Комитет мүшелеріне Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей жібереді.
21. Комитет мүшелері, егер мәселе қосымша пысықтауды қажет етеді деп пайымдаса, бұл мәселені Комитет қарауынан алып тастауды ұсына алады (тиісті негіздемені келтіре отырып).
22. Отырыстың күн тәртібіне материалдар мыналарды қамтиды:
қаралатын мәселелер бойынша анықтамалар;
қарауға ұсынылып отырған құжаттардың жобалары (қажет болғанда);
хаттамалық шешімдердің және Комиссия үшін ұсынымдардың жобалары;
қажетті анықтамалық және талдамалық материалдар.
Аталған құжаттар Комитет мүшелерінің Комитет отырысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді енгізу туралы ұсыныстарына да қоса берілуге тиіс.
23. Комитет мүшелері отырыстарға ауысу құқығынсыз жеке өзі қатысады.
Комитет отырысына өзінің қатысуы мүмкін болмаған жағдайда Комитет мүшесі Комитет төрағасына қаралатын мәселелер бойынша өз ұстанымын жазбаша нысанда Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 3 күннен кешіктірмей жібереді.
24. Комитет отырысы, егер онда мүше мемлекеттердің әрқайсысынан Комитеттің кемінде 2 мүшесінің өкілдігі қамтамасыз етілсе, заңды деп танылады.
25. Комитет отырысының нәтижелері Комитет отырысына қатысушы Комитет мүшелерімен келісілетін және Комитет төрағасы бекітетін хаттамамен ресімделеді.
Егер Комитет мүшесінің Комитет қарастырып отырған мәселе бойынша айрықша пікірі болса, ол Комитет отырысының хаттамасына түсіріледі.
26. Комитет отырысы хаттамасының көшірмелерін жауапты департамент Комитет мүшелеріне оны Комитет төрағасы бекіткен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жібереді.
Комитет отырыстарының хаттамалары жауапты департаментте сақталады.
27. Комитет мүшелері Комитет отырысында мәселелерді талқылау кезінде тең құқықтарға ие болады.
Комитет мүшелерінің Комитет отырыстарында өздері ұсынған ұсыныстары мүше мемлекеттердің түпкілікті ұстанымы ретінде қарастырылмайды.
28. Комитеттің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.
29. Комитет отырыстары, әдетте, Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.
30. Комитет отырыстары бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда мүше мемлекеттерде бейнебайланыс жүзеге асырылатын алаңдар туралы ақпарат жауапты департаменттің қызметкерлеріне Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін 24 сағаттан кешіктірілмей жіберіледі.
31. Комитет төрағасының Комитет мүшелері немесе мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары ұсыныстарының негізінде қабылдайтын шешімі бойынша Комитет отырысы мүше мемлекеттің аумағында өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда қабылдаушы мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органы Комитет отырысын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдем көрсетеді.
32. Комитеттің қызметін ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз етуді Комиссияның жауапты департаменті жүзеге асырады.
33. Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының уәкілетті өкілдерінің Комитет қызметіне қатысуымен байланысты шығыстарды оларды жіберуші мүше мемлекеттер көтереді.
Бизнес-қоғамдастықтар, ғылыми және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, тәуелсіз сарапшылардың Комитет қызметіне қатысуымен байланысты шығыстарды аталған тұлғалардың өздері көтереді.
Комиссия Алқасы мүшесінің, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің Комитет қызметіне қатысуымен байланысты шығыстарды Комиссия көтереді.
34. Комиссия Алқасының шешімі Комитет қызметін тоқтатуға негіз болып табылады.
Комитеттің шешімі Комитет құрған кіші комитеттердің және жұмыс топтарының қызметін тоқтатуға негіз болып табылады.