Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 18 қазандағы № 32 өкіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 29 өкімі

      Еуразиялық үкіметаралық кеңестің "Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастыру және олардың жұмыс істеуі туралы ережені бекіту туралы" 2016 жылғы 13 сәуірдегі № 2 шешімінің 3-тармағын іске асыру мақсатында:

      1. Қосымшаға сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің "Еуразиялық басымдықты технологиялық платформаларды қалыптастыру туралы" 2016 жылғы 18 қазандағы № 32 өкіміне өзгерістер енгізілсін.

      2. Осы Өкім Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:

      Армения Беларусь Қазақстан Қырғыз Ресей
Республикасынан Республикасынан Республикасынан Республикасынан
Федерациясынан
М.Григорян И.Петришенко А.Мамин Ж.Разаков А.Силуанов

  Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің
  2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 29 өкіміне
ҚОСЫМША

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 18 қазандағы № 32 өкіміне енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР

      1. 2-тармақтағы "14" цифры "15" цифрымен ауыстырылсын.

      2. Аталған өкімге № 1 қосымшада:

      а) бірінші графа мынадай мазмұндағы 11-позициямен толықтырылсын:

      "11. Фотоника";

      б) екінші графа мынадай мазмұндағы 14-позициямен толықтырылсын:

      "14. Жарық техникасы".

      3. Мынадай мазмұндағы № 15 қосымшамен толықтырылсын:

  "Еуразиялық экономикалық
  комиссия Кеңесінің 2016 жылғы
  18 қазандағы № 32 өкіміне
№ 15 ҚОСЫМША

"Жарық техникасы" Еуразиялық технологиялық платформасының ПАСПОРТЫ

      1. Құрылтайшылар:

      "БООС ЛАЙТИНГ ГРУПП" Халықаралық жарық техникасы корпорациясы жауапкершілігі шектеулі қоғамы (Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы);

      "С.И. Вавилов атындағы Бүкілодақтық жарық техникасы ғылыми-зерттеу институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестік (Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы);

      "Никол Думан" өндірістік кооперативі (Ереван қаласы, Армения Республикасы);

      "Горизонт" холдингі басқарушы компаниясы" ашық акционерлік қоғамы (Минск қаласы, Беларусь Республикасы);

      "ҚАЗАҚСТАН ЭЛЕКТРО" жауапкершілігі шектеулі серіктестік (Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы);

      "Электр қауіпсіздігі жобасы" жауапкершілігі шектеулі қоғамы (Бішкек қаласы, Қырғыз Республикасы).

      2. Мақсаттары:

      мүдделі тараптардың (бизнес, ғылым, мемлекет, қоғамдық ұйымдар) (бұдан әрі – мүдделі тараптар) техникалық, қаржылық және әкімшілік ресурстарын біріктіру арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) аумақтарында барлық мүдделі тараптардың жарық техникасы өнімдері өндірісін дамыту саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру;

      платформаға қатысушылардың өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету;

      жарық техникасы өндірісінің перспективалы коммерциялық технологияларын әзірлеу;

      түрлі экономика, ғылым, білім салаларының, мемлекеттің мұқтажы және әлеуметтік сала мүдделері үшін жарық техникасы өндірісінің технологияларын дамыту және тиімді түрде енгізу;

      жоғары технологиялық, инновациялық және бәсекеге қабілетті өнім өндіру, сондай-ақ оны пайдаланумен және жаңғыртумен байланысты қызметтер көрсету.

      3. Міндеттері:

      жарық техникасы өнімдерін өндіру саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жоспарларды әзірлеу;

      өндірістік циклды және мүше мемлекеттерде платформаға қатысушылардың кәсіпкерлік қызметін дамыту бағдарламаларын әзірлеу;

      жарық техникасы өндірісі саласында инновациялық технологияларды дамыту және ғылыми-техникалық жобаларды әзірлеу;

      мүше мемлекеттердің нарықтары үшін жоғары сапалы бәсекеге қабілетті жарық техникасы өнімін әзірлеу және оны пайдаланумен және жаңғыртумен байланысты қызметтерді көрсету;

      жарық техникасы өндірісі саласында мүдделі тараптардың мүдделерін ескере отырып, мемлекеттік-жекеше әріптестіктің барынша тиімді модельдерін енгізу;

      мүше мемлекеттерде жарық техникасы өндірісін дамытуға кедергі келтіретін тосқауылдарды анықтау және оларды жою жөнінде ұсынымдар әзірлеу;

      құрылтайшылардың әлеуетін (кадрлық, ғылыми-техникалық, технологиялық және өндірістік) бағалау және оны өрістете түсу бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      жарық техникасы өнімі өндірісі саласын дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

      4. Қызметтің негізгі бағыттары:

      мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешенінің тамақ және қайта өңдеу өндірістері үшін энергия үнемдейтін жарық техникасы жабдығын әзірлеу;

      платформа қызметінің негізгі бағыттарына сәйкес конгрестер, форумдар, көрмелер, конференциялар және іскер турлар ұйымдастыру және өткізу;

      әзірленетін технологиялар мен жарық техникасы өнімінің патенттік қорғалуы деңгейіне бағалау жүргізу;

      жарық техникасы өнімін өндіру үшін қазіргі заманғы жабдықты және инновациялық технологияларды әзірлеу;

      мүдделі тараптардың жоғары технологиялық, перспективті және бәсекеге қабілетті жарық техникасы өнімін өндіру және оны пайдаланумен және жаңғыртумен байланысты қызметтер көрсету бойынша күш-жігерін біріктіру;

      мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарында және халықаралық ұйымдарда платформаға қатысушылардың ортақ мүдделерін білдіру.".


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады