Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 8 мамырдағы № 19 шешімімен бекітілген Сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесіндегі "бірыңғай терезе" механизмін дамытудың негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының ХІІ бөлімінің 1.6-тармағын орындау үшін Еуразиялық үкіметаралық кеңес шешті:
1. Қоса беріліп отырған Сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесіндегі "бірыңғай терезе" ұлттық механизмінің эталондық моделінің сипаттамасы бекітілсін.
2. Мүше мемлекеттердің үкіметтері "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерін енгізу және дамыту кезінде осы Шешіммен бекітілген Сипаттаманы ескерсін.
3. Мүше мемлекеттердің үкіметтері мүдделі органдар мен ұйымдарды тарта отырып, осы Шешіммен бекітілген Сипаттаманы ескере отырып, "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерін іске асыруға бағытталған құралдарды құру бойынша жұмысты Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп жалғастырсын.
4. Еуразиялық экономикалық комиссия "бірыңғай терезе" механизмін жетілдірудің, халықаралық сауда рәсімдерін оңайлатудың цифрлық технологияларын дамытудың әлемдік практикасының мониторингі нәтижелері туралы ақпаратты және өзге де материалдарды дайындауды және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге жіберуді 2 жылда 1 рет жүзеге асырсын.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері:
Армения |
Беларусь |
|
Қырғыз |
Ресей |
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2019 жылғы 30 сәуірдегі № 6 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесіндегі "бірыңғай терезе" ұлттық механизмі эталондық моделінің
СИПАТТАМАСЫ
І. Жалпы ережелер
1. Әлемдік қоғамдастық кезекті технологиялық революция сатысын бастан өткеруде. Цифрлық трансформациялау жағдайында деректерге негізделген жаңа бизнес-модельдер туындауда, жеткізу тізбегі және қосылған құнды құру тізбегі өзгеруде, бизнес-процестерді оңайлатуға бағытталған озық технологияларды автоматтандыру және енгузу есебінен шаруашылық жүргізуші субъектілер жұмысының тиімділігі мен жылдамдығы арта түсуде.
Технологиялық инновациялар сыртқы экономикалық қызметті басқарудың жаңа мүмкіндіктерін ашады және "бірыңғай терезе" механизмінің функционалдық мүмкіндіктеріне жаңа талаптар қояды.
"Бірыңғай терезе" болашақ модельдерін құру бойынша ұлттық бағдарламаларды (стратегияларды) іске асыруда басты рөлді мемлекет атқарады.
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер (бұдан әрі – мүше мемлекеттер, Одақ) тиісті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, соның ішінде "бірыңғай терезе" механизмін пайдалану арқылы бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының айқын және қолайлы экожүйесін құру үшін тосқауылдарды жою бойынша шаралар кешенін іске асырады.
3. Сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесіндегі "бірыңғай терезе" ұлттық механизмінің эталондық моделі (бұдан әрі – эталондық модель) "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерінің дамудың жаңа траекториясына, сондай-ақ деректерді, процестерді және ақпараттық өзара іс-қимылды (соның ішінде шаруашылық жүргізуші субъектілердің мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен (B2G/G2B), мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының өзара бір-бірімен (G2G) және шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара бір-бірімен (B2B) тиімді басқаруды іске асыруға көшуін қамтамасыз етуге арналған.
Эталондық модельдің жалпы сипаттамасы және оның сипаттық ерекшеліктері Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 8 мамырдағы № 19 шешімімен бекітілген Сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесіндегі "бірыңғай терезе" механизмін дамытудың негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының V бөлімінде берілген.
4. Осы Сипаттама "бірыңғай терезе" ұлттық механизмін құру және оның жұмыс істеуінің базалық қағидаттарын, эталондық модельдің функциялары мен архитектурасының сипаттамасын, сондай-ақ ұлттық органнан жоғары сегментті ескере отырып, оларды "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу (пысықтау) кезінде қолдану және мүше мемлекеттерде осы механизмдерді іске асыру мақсатында осы модель қамтитын мемлекеттік рәсімдер мен көрсетілетін қызметтер тізбесін қамтиды.
5. Осы Сипаттамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
"деректер" – "бірыңғай терезе" пайдаланушыларының өз қызметін жүзеге асыру процесінде ұсынатын, пайдаланатын, өңдейтін немесе тапсыратын ақпараты;
"жеке кабинет" – тиісті процестер шеңберінде басқа пайдаланушылармен өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік беретін және "бірыңғай терезе" механизмі функцияларына қолжетімділікті қамтамасыз ететін көп функциялы қорғалған сервис;
"бірыңғай терезе" пайдаланушылары" – мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары, мүше мемлекеттердің уәкілетті ұйымдары, шаруашылық жүргізуші субъектілері (мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тіркелген жеке кәсіпкерлер);
"уәкілетті ұйымдар" – мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік функцияларды (әкімшілік рәсімдерді) жүзеге асыру және мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсыну бойынша өкілеттіктер берілген мүше мемлекеттердің ұйымдары.
Осы Сипаттамада пайдаланылатын өзге ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартпен және Одақ органдарының актілерімен белгіленген мағыналарда қолданылады.
6. Осы Сипаттама:
а) озық ұйымдастырушылық-құқықтық, техникалық және технологиялық шешімдерді пайдалана отырып, "бірыңғай терезе" механизмінің заманауи модельдерін құрудың әлемдік тәжірибесін интеграциялайды;
б) тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді жеткізу тізбегіне (бұдан әрі – жеткізулер тізбегі) тартылған қатысушылар мен мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының деректерін, процестерін және өзара іс-қимылын тиімді басқару моделін қалыптастырады;
в) халықаралық стандарттардың ережелерін және Біріккен Ұлттар Ұйымының, Дүниежүзілік кеден ұйымының және Дүниежүзілік сауда ұйымының ұсынымдарын ескереді.
7. Осы Сипаттаманың мақсаттары:
а) орташа мерзімді перспективада:
цифрлық технологияларды пайдалану есебінен "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерін дамыту қарқынын үдету;
халықаралық сауда рәсімдерін оңайлату, шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметінің транзакциялық шығындарын қысқарту, мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары және (немесе) уәкілетті ұйымдар қабылдайтын шешімдердің айқындығын арттыру;
б) ұзақ мерзімді перспективада:
"бірыңғай терезе" ұлттық механизмінің сыртқы экономикалық қызметті басқарудың экожүйесін құруды қамтамасыз ететін дамудың жаңа траекториясына көшуі үшін жағдай жасау;
сыртқы экономикалық қызметті дамыту үшін бизнес пен мемлекет арасындағы орнықты көлденең байланыстармен жағдай жасау.
8. Осы Сипаттаманың 7-тармағында көрсетілген мақсаттарға:
а) құжаттардан деректерді басқаруға көшуді қамтамасыз етуге;
б) деректерді бірлесіп пайдалану негізінде ақпараттық өзара іс-қимылды басқару механизмін дамытуға;
в) "ауқымды деректер" негізінде зияткерлік талдау және болжау механизмдерін дамытуға, өзгерістерді басқаруға көшуге;
г) "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерінің үлесімділігін (интероперабелдігін) қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық-құқықтық, технологиялық және техникалық негіздерді қалыптастыру бойынша міндеттерді шешу арқылы қол жеткізіледі.
9. Осы Сипаттаманың 8-тармағында көрсетілген міндеттерді іске асыру мерзімдері мен кезеңдерін "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерін құру бойынша қабылдайтын іс-шаралар жоспарына ("жол карталарына") сәйкес мүше мемлекеттер белгілейді.
10. "Бірыңғай терезе" ұлттық механизмін енгізу шеңберінде іс-шараларды қаржылық қамтамасыз ету мүше мемлекеттердің бюджет қаражаттары, сондай-ақ бюджеттен тыс көздердің қаражаттары есебінен, соның ішінде мемлекеттік-жекеше серіктестік шеңберінде жүзеге асырылады.
11. Эталондық модель мынадай қағидаттарға негізделеді:
а) икемділік – ғылыми-техникалық прогресс жетістіктері мен "бірыңғай терезе" пайдаланушыларының тұтынушылығын дамыту негізінде функционалдық мүмкіндіктерді трансформациялауға, ауқымын кеңейтуге, ұлғайтуға бейімділік;
б) зияткерлік – адами фактор салдарынан қателесу ықтималдығын азайтуды және, соның ішінде шешімдерді автоматты қабылдау есебінен уақыт үнемдеуді ұлғайтуды қамтамасыз ететін технологияларды пайдалану;
в) ашықтық және айқындық – барлық мүдделі тұлғалардың "бірыңғай терезе" механизміне қолжетімдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ "бірыңғай терезе" механизмінің болжамды және алдын ала белгіленген және жарияланған қағидалар, стандарттар мен регламенттер бойынша жұмысы;
г) сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету – тапсырылатын деректердің құпиялылығын, тұтастығы мен бас тартпаушылығын және ақпараттық алмасуға қатысушылардың олардың дұрыстығына жауапкершілігін қамтамасыз ету;
д) үйлесімділік – оларды регламенттеудің бірыңғай қағидаларын қолдану, Одақтың деректер моделін, Одақтың бірыңғай нормативтік-анықтамалық ақпарат жүйесіне енетін анықтамалықтар мен сыныптауыштарды пайдалану негізінде ақпараттық өзара іс-қимыл процестерінің үндестігі мен стандартталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген ақпараттық қауіпсіздік бойынша талаптарды ескере отырып, ашық, соның ішінде өңірлік және халықаралық стандарттарды қолдану негізінде сыртқы жүйелермен және цифрлық платформалармен интеграциялау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
е) деректерді бір рет ұсыну және көп рет пайдалану – оларды кейін басқа мүдделі тұлғалармен олардың құзыретіне сәйкес бірлесіп пайдалану үшін деректерді стандартталған түрде бір рет ұсыну мүмкіндігі;
ж) клиентке бағдарлану – әртүрлі пайдаланушылық мақсатта ақпараттың кез келген уақытта, кез келген орында және кез келген құрылғыда (кроссплатформалылық) қолжетімділігін қамтамасыз ету.
ІІ. Эталондық модель
12. Эталондық модель "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерін дамыту қағидаттары мен құралдарының жүйесін анықтайтын және сыртқы экономикалық қызметті басқарудың экожүйесін құрудың тұжырымдамалық негізі болып табылады.
Сыртқы экономикалық қызметті басқарудың экожүйесі деп Сыртқы экономикалық қызметті басқару жүйесінде "бірыңғай терезе" механизмін дамытудың негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының V бөлімінің 7-ші кіші бөліміне сәйкес сыртқы экономикалық қызметтің субъектілерін, сондай-ақ осы субъектілердің цифрлық платформа сервистері негізінде цифрлық нысандағы байланысы мен өзара қарым-қатынасын қамтитын ашық орнықты жүйе түсіндіріледі.
Сыртқы экономикалық қызметті басқарудың мұндай тәсіл жеткізулер тізбегінің барлық қатысушылары мен мемлекеттің бірлескен жұмысын кейбір функцияларды ақпараттық, соның ішінде киберфизикалық жүйелерге табыстау мүмкіндігімен ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Сыртқы экономикалық қызметті басқарудың экожүйесі жеткізулер тізбегінің әртүрлі қатысушыларын шынайы уақыт режимінде логикалық байланыстыруға, тауарларды сату-сатып алу және оларды соңғы тұтынушыға жеткізу үшін қажетті деректер мен процестерді басқаруға, қаржы құралдарына қолжетімдік алуға, цифрлық технологияларды пайдалана отырып мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және (немесе) уәкілетті ұйымдармен өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді.
13. Сыртқы экономикалық қызметті басқарудың экожүйесін құру Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2017 жылғы 11 қазандағы № 12 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарын ескере отырып, "бірыңғай терезе" механизмін дамытудың ұлттық тұжырымдамасына, мүше мемлекеттердің цифрлық экономиканы дамыту бағдарламаларына (стратегияларына) сәйкес жүзеге асырылады.
14. Эталондық модельдегі негізгі коммерциялық, логистикалық, реттеушілік және төлем функцияларының жиынтығын Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда рәсімдерін жеңілдету және электрондық іскерлік операциялар Орталығы (БҰҰ СЕФАКТ) ұсынған "сатып алу – тасымалдау – төлеу" ("buy – ship – pay") моделін пайдалану арқылы жеткізулер тізбегі белгілейді.
Жеткізулер тізбегінің бизнес-мақсаты – тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметті соңғы тұтынушыға жеткізу және бір мезгілде жеткізу процесінің тиімділігін арттыра және автоматтандыру есебінен шығындарды қысқарта отырып, оны мүмкіндігінше жылдам әрі сенімдірек орындау.
Егер жеткізулер тізбегі өндірісті, логистиканы, жинауды, сатушылар мен сатып алушыларды біріктіретін толығымен интеграцияланған, жіксіз (омникалды) болса, бизнес-мақсатқа табысты іске асыруға кепілдік беріледі.
15. Интеграцияның жоғары деңгейі жеткізулер тізбегінің қатысушыларына оларды бірлесіп пайдалану үшін ақпараттың айқындылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге және деректерді сапалы басқаруды қамтамасыз етуге және оларды шынайы уақыт режимінде бақылануына бағытталған оңтайлы келісілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
16. Тауарлар, қатысушы тұлғалар, төлемдер және логистиканың тұтастығы туралы сенімді әрі уақытылы ақпарат:
а) ұлттық қауіпсіздікті, соның ішінде экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларда;
б) мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары қызметінің ашықтығы мен айқындығын;
в) мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының өз функцияларын орындау және олардың көрсететін қызметтерінің сапасын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
17. Ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:
а) мүше мемлекеттердің ақпарат, ақпараттық технологиялар, ақпаратты және дербес деректерді қорғау саласындағы (мүше мемлекеттермен тиісті халықаралық шартты жасасқанға дейін), электрондық қолтаңбаны пайдалану саласындағы заңнамасын;
б) Одақтың құқығын құрайтын ақпаратты қорғау саласындағы халықаралық шарттар мен актілерді;
в) Одақ шеңберінде "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерінің ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында ақпарат қауіпсіздігі қатерлерінің моделі негізінде іске асырылатын Одақтың құқығымен белгіленген ақпаратты қорғауға қойылатын талаптарды басшылыққа алу қажет.
18. "Бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерінің ақпараттық өзара іс-қимылы трансшекаралық сенім кеңістігі мен ақпаратты қорғау құралдарын пайдалана отырып қамтамасыз етіледі.
Ақпаратты қорғау құралдары, соның ішінде "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерінің ақпараттық өзара іс-қимылы кезінде ақпаратты қорғаулы қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 7 өкіміне сәйкес іске асырылатын жоба шеңберінде әзірленеді және мүше мемлекеттердің заңнамасы талаптарына сәйкестікке сертификатталады (мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы уәкілетті органның растауы болуы тиіс).
19. Жеткізулер тізбегінің айқындығына, қауіпсіздігі мен сенімділігіне әртүрлі көздерден деректердің барлық элементтерін бірқалыпты интеграциялауды және мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің, мемлекеттік органдарының және (немесе) уәкілетті ұйымдардың деректерді бірлесіп пайдалануын қамтамасыз ететін бірыңғай виртуалды ақпараттық кеңістікті құру арқылы қол жеткізіледі.
20. "Бірыңғай терезе" ұлттық механизмі мыналарды:
а) деректерді бір рет ұсынуды, оларды бірнеше рет пайдалануды;
б) жетістіктер тізбесі туралы ақпараттың айқындығын, сенімділігін;
в) жетістіктер тізбегінің қауіпсіздігін басқаруды;
г) жеткізулер тізбегінің әртүрлі көздерінен деректердің барлық элементтерін интеграциялауды;
д) жеткізулердің нақты тізбегінде олардың құзыреттеріне сәйкес "бірыңғай терезе" пайдаланушыларының деректерге қолжетімділігін шектеуді;
е) деректерді уақытылы ұсынбаудың немесе сенімсіз деректерді ұсынудың алдын алу бойынша шаралар қабылдауды (соның ішінде құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық сипатта);
ж) шынайы уақыт режимінде сыртқы экономикалық қызметтің бизнес-процестерінің беделі туралы ақпарат алу мүмкіндігін;
з) "бірыңғай терезе" пайдаланушыларын сәйкестендіруді және біріздендіруді қамтамасыз етуі тиіс.
21. "Бірыңғай терезе" ұлттық механизмін іске асыру үшін іс-шаралар кешенін, соның ішінде мыналарды өткізу қажет:
а) нормативтік-құқықтық алаңда келісілген анықтауларды әзірлеу, функциялардың (сервистердің) белгіленген жиынтықтарын сыныптау және параметрлеу;
б) өзара іс-қимыл интерфейстерін үйлестіру және стандарттау мақсатында Одақ деректерінің моделін қолдануды қамтамасыз ету;
в) деректерді өткізу процестерін стандарттау, деректерді бірлесіп пайдалану үшін бірыңғай виртуалды ақпараттық кеңістік құру (электрондық деректер алмасу стандарттары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы стандарттар);
г) бизнес-процестерді оңтайландыру;
д) ақпаратқа арнайы құқықтар мен қолжетімділікті белгілеу;
е) жаңа идеялар мен перспективті инновацияларды сынақтан өткізу үшін пилоттық жобаларды жобалау және енгізу, ықтимал бизнес-модельдерді зерделеу;
ж) "бірыңғай терезе" механимзі элементтерін (кіші жүйелерді, функционалдық бөліктерді) сынақтан өткізуде оң нәтижелер беріп, іске асырылған пилоттық жобалар базасында "бірыңғай терезе" механизмінің ұлттық жүйесін (экожүйесін) құру және дамыту.
22. Эталондық модельді енгізу мүше мемлекеттерге:
а) ақпараттың талдау үшін қолжетімділігін кеңейту және өзара деректер алмасуды қамтамасыз ету, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттың жеткізулер тізбегі циклінің барлық кезеңдерінде бақылануын қамтамасыз ету есебінен, соның ішінде тәуекелдерді басқару саласында мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға;
б) сыртқы экономикалық қызметті мемлекеттік реттеу саласында қабылданатын шешімдердің жеделдігі мен сапасын арттыруға, мемлекеттік реттеудің негізділігін және болжамдығын қамтамасыз етуге;
в) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл нысандары мен механизмдерінің өзгеруі салдарынан қолда бар, соның ішінде уақытша, қаржылық ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға;
г) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға;
д) мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының өз функцияларын жүзеге асыру кезінде орындайтын қайталанатын және артық операцияларды жоюға мүмкіндік береді.
23. Шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін эталондық модельді енгізу мынадай басымдықтарға ие болады:
а) соның ішінде мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары ұсынатын деректер санын қысқарту есебінен уақытша, қаржылық және еңбек шығындарын төмендету;
б) мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының және (немесе) уәкілетті ұйымдардың шешімдер қабылдау шапшаңдығын арттыру;
в) мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және (немесе) уәкілетті ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде, соның ішінде деректерді өткізуді автоматты белгілеу, ұсынылатын ақпаратты тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып автоматтандырылған түрде қарау және мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының лауазымды адамдармен және (немесе) уәкілетті ұйымдардың қызметкерлерімен тікелей қарым-қатынас жасауды болдырмау есебінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту;
г) сыртқы экономикалық қызмет саласындағы рәсімдердің айқындығын және болжамдығын қамтамасыз ету.
ІІІ. Эталондық модельдің функциясы мен архитектурасы
24. Эталондық модель деректерді, процестерді және өзара іс-қимылды, соның ішінде шаруашылық жүргізуші субъектілердің цифрлық технологияларды пайдалана отырып, мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылын (B2G/G2B) тиімді басқаруды іске асыруды қамтамасыз етеді.
25. Эталондық модельдің негізі шаруашылық жүргізуші субъектілердің, мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының және (немесе) уәкілетті ұйымдардың ақпараттық өзара іс-қимылын, сондай-ақ заңды маңызы бар деректер алмасуын қамтамасыз ету үшін "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерінің қағидаттарын іске асыру болып табылады.
26. Эталондық модельдің архитектурасы Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерінің ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз етуі тиіс.
Мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының және (немесе) уәкілетті ұйымдардың ақпараттық жүйелерін Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің интеграциялық шлюзімен ұштастыру, әдетте, Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің ұлттық сегменті шеңберінде мүше мемлекеттердің ведомствоаралық электрондық өзара іс-қимыл жүйелері арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
27. Эталондық модельдің функционалдық мүмкіндіктері мыналарды қамтуы мүмкін:
а) реттеушілік функциялар;
б) "Бақылауды басқару" функциясы;
в) "Қауіпсіздікті басқару" функциясы;
г) "Мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және уәкілетті ұйымдармен өзара іс-қимыл" функциясы;
д) "Коммерцияны басқару" функциясы;
е) "Логистиканы және көлікті басқару" функциясы;
ж) "Қаржыны басқару" функциясы.
28. Эталондық модельдің сервистік функциялары мыналарды қамтиды:
а) "Жеке кабинет" сервисі – шаруашылық жүргізуші субъектілердің, мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының және (немесе) уәкілетті ұйымдардың, сондай-ақ олардың ақпараттық жүйелерінің тікелей өзара іс-қимыл сервисі;
б) мынадай жалпы сервистік функциялар:
"Ақпарат жинау" сервисі;
"Ақпараттандыру" сервисі;
"Ашық деректер" сервисі;
"Есептілік" сервисі;
"Архив" сервисі;
өзге де сервистер.
Мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарына арналған эталондық модельдің функционалдық мүмкіндіктерінің сипаттамасы
29. "Реттеушілік функциялар" функциялар тобы шеңберінде мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарына мынадай мүмкіндіктер ұсынылады:
а) сыртқы экономикалық қызметті реттеу және бақылау саласында мемлекеттік функцияларды атқару және мемлекеттік қызмет көрсету, соның ішінде Одақтың құқығымен және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша функциялар, ішкі нарықты қорғау шаралары, техникалық реттеу шаралары, кедендік реттеу және салық салуды реттеу шаралары;
б) сыртқы экономикалық қызметті реттеу және бақылау саласында өзге де мемлекеттік функцияларды атқару және өзге де мемлекеттік қызметтер көрсету.
30. "Бақылауды басқару" функциялары тобы шеңберінде мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарына өз құзыреттері шеңберінде бақылауды жүзеге асыру, соның ішінде:
а) Одақтың кедендік шекарасында үйлестірілген басқаруды қамтамасыз ету;
б) мүше мемлекеттердің бақылаушы органдарымен мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
в) Одақтың кедендік шекарасында көлік әкімшіліктерімен ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
г) тексеру жүргізуге бастамашылық ету мүмкіндігі беріледі.
31. "Қауіпсіздікті басқару" функциялар тобы шеңберінде мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарына тәуекелдерді басқару және өзара тануды жүзеге асыру, соның ішінде:
а) қауіпсіздік қатерлері мен тәуекелдерді бағалау мақсатында деректерге талдау жүргізу;
б) қауіпсіздік қатерлерін бағалау мақсатында тәуекелдер профилін әзірлеу;
в) тәуекелдерді басқарудың ведомствоаралық жүйесін пайдалану;
г) тәуекелдер картасын қоса алғанда, кейіннен тәуекелдер кітапханасын қалыптастыра және жүргізе отырып, тәуекелдер мониторингі мен бағалауды жүргізу;
д) мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының және (немесе) уәкілетті ұйымдардың деректерін, бақылау нәтижелерін, қабылдаған шешімдерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және (немесе) үшінші елдердің ұйымдары берген құжаттарды пайдалану мүмкіндігі беріледі.
Шаруашылық жүргізуші субъектілерге арналған эталондық модельдің функционалдық мүмкіндіктерінің сипаттамасы
32. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің өзара іс-қимылына (B2B) арналған эталондық модельдің функционалдық мүмкіндіктері бизнес-желілерді, сауда алаңдарын және басқа да жүйелерді "бірыңғай терезе" механизмімен интеграциялау арқылы іске асырылады.
33. "Мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және уәкілетті ұйымдармен өзара іс-қимыл" функциялар тобы шеңберінде шаруашылық жүргізуші субъектілерге мынадай мүмкіндіктер берілуі тиіс:
а) қажетті деректерді ұсыну;
б) өзге де заңды маңызы бар әрекеттерді жасау;
в) мүше мемлекеттің мемлекеттік органының және (немесе) уәкілетті ұйымның тиісті шешімін алу мүмкіндіктері берілуі тиіс.
34. "Коммерцияны басқару" функциялар тобы шеңберінде шаруашылық жүргізуші субъектілерге соның ішінде сатуды, тапсырыстарды, сатып алуларды, мәмілелерді, төлемдерді және маркетингті басқару мүмкіндігі ұсынылады.
35. "Логистиканы және көлікті басқару" функциялар тобы шеңберінде шаруашылық жүргізуші субъектілерге жеткізулер тізбегі шеңберінде тауарларды тасымалдау процестерін, оларды қаттап жинауды, сақтауды және қайта өңдеуді тиімді басқару, көлік түрлерінің оңтайлы бағдарларын және рационалды пайдалануды жоспарлау, тауарларды орын ауыстыру мониторингін жүргізу, сондай-ақ тауарлардың әртүрлі көлік түрлерімен орын ауыстыруымен байланысты өзге де процестерді басқару мүмкіндігі беріледі.
36. "Қаржыны басқару" функциялар тобы шеңберінде шаруашылық жүргізуші субъектілерге қаржыны басқару үшін банктермен және өзге де қаржылық ұйымдармен өзара іс-қимыл орнату, соның ішінде:
а) оларды сақтауды қоса алғанда, ақша қаражатын басқару;
б) банк және өзге де қаржы қызметтеріне қолжетімдікті алу;
в) төлемдерді (аударымдарды) жүзеге асыру;
г) төлем сервистерін таңдау;
д) төлемдер (аударымдар) тарихын қадағалау мүмкіндігі беріледі.
Эталондық модельдің сервистік функциялары
37. Шаруашылық жүргізуші субъектілерге арналған эталондық модельдің функционалдық мүмкіндіктері "Жеке кабинет" сервисін пайдалану мүмкіндігін қамтиды.
"Бірыңғай терезенің" тіркеуден және авторластырудан өткен әрбір пайдаланушысы өзінің жеке кабинетіне қолжетімдік алады.
"Жеке кабинет" сервисінің функциялар жиынтығы, интерфейсі және басқа да негізгі ерекшеліктері әрбір пайдаланушының жеке дара белгілейтін және баптайтын көптеген факторларға байланысты.
Мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының және уәкілетті ұйымдардың әртүрлі ақпараттық және есепке алу жүйелерінде сақталатын сыртқы және ішкі деректерді шоғырландырудың арқасында заңды маңызы бар деректер (салық төлеушінің жеке нөмірі, төлқұжат деректері және т.б.) "бірыңғай терезе" пайдаланушыларын тіркеу кезінде автоматты түрде (мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарына және (немесе) уәкілетті ұйымдарға жүгінген кезде оны сәйкестендіру үшін) жүктелуі мүмкін.
38. "Ақпарат жинау" сервисі "бірыңғай терезе" пайдаланушыларына сұрау салуларды модельдеуге, сұрау салу объектісі туралы, соның ішінде тауар, көрсетілетін қызмет, контрагент, мүше мемлекеттің мемлекеттік органы және (немесе) уәкілетті ұйым туралы ақпаратты іздеу және жинау мүмкіндігін, сондай-ақ алынған нәтижелерді өңдеу мүмкіндігін ұсынады.
39. "Ақпараттандыру" сервисі "бірыңғай терезе" пайдаланушыларына мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарынан және (немесе) уәкілетті ұйымдардан түсіндірулер, консультациялар және маңызды хабарламалар алуға мүмкіндік береді.
40. "Ашық деректер" сервисі "бірыңғай терезе" пайдаланушыларына оны кейінірек өңдеуге және талдауға жарамды белгілі бір форматтарда ашық ақпаратты (соның ішінде ашық ақпараттық ресурстарды пайдалану) және мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының және (немесе) уәкілетті ұйымдарының қызметі туралы деректер массиві түрінде "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде орналастырылған ақпаратты жариялау және жинау мүмкіндігін ұсынады.
41. "Есептілік" сервисі "бірыңғай терезе" пайдаланушыларына интерактивті ақпараттық панельдерді пайдалана отырып талдау және жылдам шешім қабылдау, тиісті индикаторларды визуалдауды қоса алғанда, бизнес-процесс туралы ақпарат алу мүмкіндігін, сондай-ақ бірыңғай ақпараттық кеңістікте қамтылған ақпарат негізінде есептіліктің сан алуан түрлерін (мәтін, кестелер, графиктер, схемалар, диаграммалар түрінде) қалыптастыру мүмкіндігін ұсынады.
42. "Архив" сервисі "бірыңғай терезе" пайдаланушыларына деректерді архивтеу, сақтау және оларды қайта пайдалану мүмкіндігін ұсынады.
ІV. Ұлтүсті сегментті ескере отырып, эталондық модель қамтитын мемлекеттік рәсімдер мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі
43. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 22 желтоқсандағы № 171 шешімімен бекітілген "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерінің жұмыс істеуі шеңберінде мүдделі тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және (немесе) уәкілетті ұйымдарымен өзара іс-қимылын үндестіру үшін басым рәсімдерінің тізбесін одан әрі жандандыруды тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен рәсімдерді (ведомствоаралық ақапарттық өзара іс-қимылды (G2G) және мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимылды (S2S) іске асырумен байланысты рәсімдерді қоса алғанда) үйлестіруге қарай Еуразиялық экономикалық комиссия мүше мемлекеттермен бірлесе отырып жүргізетін болады.
44. "Бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерінің ақпараттық өзара іс-қимылы Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып жүзеге асырылады, бұл үшін олардың үйлесімділігін (интероперабельділігін) қамтамасыз ету қажет.
"Бірыңғай терезе" ұлттық механизмдері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды дамыту Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 29 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жалпы процестер тізбесін оңтайландыру арқылы жүзеге асырылады.
V. Қорытынды ережелер
45. "Бірыңғай терезе" ұлттық механизмінің жұмыс істеуі заңнамалық деңгейде реттелуі және әрбір мүше мемлекет өз бетінше белгілейтін өтпелі ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы қамтамасыз етілуі тиіс.
46. Эталондық модельді іске асыру процесі және сыртқы экономикалық қызметті басқарудың экожүйесіне көшу күрделі ұйымдастырушылық-техникалық міндеттер болып табылады, сондықтан олар кезеңдерге бөлінуі тиіс.
47. Осы Сипаттамада көзделген ережелерді іске асыру үшін ұлттық деңгейде әлеуетті мүмкіндіктер мен тәуекелдерді бағалау және қажетті іс-шаралар тізбесін белгілеу қажет.
48. Ақпаратты электронды түрде құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымын және трансшекаралық сенім кеңістігін құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету Еуразиялық экономикалық комиссия бекіткен Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру, жұмыс істеуін қамтамасыз ету және дамыту жөніндегі жоспарларға және Трансшекаралық сенім кеңістігін дамыту стратегиясын іске асыру жөніндегі жобаларға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
49. "Бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерінің жұмыс істеуі шеңберінде пайдаланылатын электрондық деректер құрылымын әзірлеу халықаралық стандарттарды ескере отырып құрылған Одақтың деректер моделі негізінде жүзеге асырылады.
50. Осы Сипаттаманы ескере отырып, "бірыңғай терезе" ұлттық механизмдерін құру мүше мемлекеттерге және олардың бизнес-қоғамдастықтарына сыртқы экономикалық қызмет саласында деректер алмасу процесін жетілдіру мүмкіндігін береді.