2018 жылғы 6 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияны іске асыру мақсатында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары (бұдан әрі – Стратегиялық бағыттар) бекітілсін.
2. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 2021 жылғы І тоқсанда Стратегиялық бағыттарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітсін.
3. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен Еуразиялық экономикалық комиссия Стратегиялық бағыттардың іске асырылуын қамтамасыз етсін және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесті олардың орындалу барысы туралы жыл сайын хабардар етіп отырсын.
Армения Беларусь Қазақстан Қырғыз Ресей
Республикасынан Республикасынан Республикасынан Республикасынан Республикасынан
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің | |
2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 12 шешімімен | |
БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАРЫ
I. Жалпы ережелер
1. Осы Стратегиялық бағыттар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта (бұдан әрі – Шарт) белгіленген Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) құрудың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін қажетті түйінді шаралар мен механизмдерді қамтиды және оларды Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) экономикалық интеграциясының жаңа нысандарымен және салаларымен толықтыру мүмкіндігін айқындайды. Осы Стратегиялық бағыттар 2018 жылғы 6 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияны (бұдан әрі – Декларация) іске асыруға бағытталған.
Интеграцияны дамыту, мүше мемлекеттердің экономикалық даму деңгейлерін жақындастыру, экономикалық ынтымақтастық салаларын кеңейту, реттеуші ортаны және Одақ институттарын жетілдіру жөнінде жүйелі шешімдер қабылдау оның интеграциялық әлеуетін одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді.
Осы Стратегиялық бағыттар ұлттық экономикалық мүдделерге, әрбір мүше мемлекеттің орнықты және инклюзивті экономикалық даму мақсаттарына сәйкес келеді. Олар мүше мемлекеттердің экономикаларын озыңқы дамыту, инвестициялық және инновациялық белсенділікті көтеру, Одақтың бәсекеге қабілеттілігі мен ғылыми-өндірістік әлеуетін арттыру, әлемдік сауда-экономикалық жүйеде оның салмағын ұлғайту үшін жағдайлар жасауды көздейді. Мүше мемлекеттер экономикаларының даму деңгейлерін үйлесімді дамытуды және жақындастыруды қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына нысаналы жәрдемдесудің икемді механизмдерін әзірлеу қажет.
Осы Стратегиялық бағыттарда көзделген Декларацияның тиісті ережелерін іске асыру үшін қажетті шаралар мен механизмдер:
Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруды, оның ішінде мүше мемлекеттер үшін сезімтал салалардағы бірыңғай нарықтарды жедел қолданысқа енгізу арқылы аяқтауға;
өзара саудадағы алып қоюлар мен шектеулерді барынша азайту және кедергілердің туындауына жол бермеу мақсатында туындайтын мәселелерді бірлесіп реттеу мүмкіндіктерін айқындауға;
экономикалық интеграциялық өзара іс-қимыл салаларының тізбесін кеңейтуге;
салалық саясат (үйлестірілген/келісілген/бірыңғай) тәсілдерін айқындауға;
Одақтың халықаралық құқық субъектісі мен оның әлемдегі беделін нығайтуға;
Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) Алқа мүшелері мен лауазымды тұлғаларының Одақ құқығын сақтауы және Одақ органдарының актілерін орындауы үшін жауапкершілік жүйесін айқындауға мүмкіндік береді.
Осы Стратегиялық бағыттарда көзделген шаралар мен механизмдерді іске асыру интеграцияға қатысушылардың қосымша тікелей және жанама экономикалық пайдасы мен артықшылықтар алуына ықпал ететін болады.
Осы Стратегиялық бағыттар еуразиялық экономикалық интеграцияның мынадай негізгі салаларының әлеуетін іске асыруға шоғырланған.
Одақтың инновациялық даму жолына көшуі жаңа технологиялық құрылым негізінде мүше мемлекеттердің инвестициялық белсенділігін арттыруды және экономикаларын жаңғыртуды көздейді. Ол үшін ғылыми-технологиялық және экономикалық дамуды болжау және стратегиялық жоспарлау жүйесін өрістету жоспарлануда.
Цифрлық технологиялардың тұрақты даму үрдісін және мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін арттыру қажеттілігін ескере отырып, интернет-трафикті, оның ішінде транзиттік трафикті кедергісіз өткізуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
Одақтың ғылыми-техникалық әлеуетін жандандыру және ұлғайту мүше мемлекеттер өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығының және экономикасының басқа да салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірлескен инновациялық бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды әзірлеуді көздейді. Бұл бағыттағы жұмыс мүше мемлекеттердің кәсіпорындарының өндірістік кооперациясы мен өнеркәсіптік ынтымақтастығының механизмдерін қалыптастырумен толықтырылуға тиіс, бұл кооперациялық жобаларды кредиттеудің икемді құралдарын, Одақта қосылған құнның өндірістік-технологиялық тізбегін құруға бірлескен инвестицияларды, оның ішінде жұмыс істеп тұрған институттар – Еуразиялық даму банкі, Еуразиялық тұрақтандыру және Даму Қоры және "Астана" халықаралық қаржы орталығы есебінен қолдануды көздейді.
Одақтың ішкі нарығында және әлемдік алаңдарда табысты жұмыс істеу үшін бірлескен еуразиялық корпорациялар құру мәселесін пысықтауды жалғастыру қажет, олар мемлекеттер сыртқы нарықтарға шыққан кезде өзара іс-қимылда және өзара түсіністікте жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өндірісті оқшаулау мен импортты алмастыру деңгейін арттыруға бірлескен қаржы-өнеркәсіптік топтар мен еуразиялық трансұлттық корпорацияларды қалыптастыру ықпал ететін болады. Ең алдымен, еуразиялық интеграцияның нышандары болуға қабілетті бірлескен ауқымды жоғары технологиялық жобаларды іске асыру үшін.
Теңгерімді аграрлық нарықты қалыптастыру ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісін ұлғайту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік саладағы интеграциялық процестерді дамытуды көздейді.
Одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мүше мемлекеттердің компаниялары мен азаматтары үшін қаржылық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділік деңгейін, сапасын және оларды теруді арттыруға, сондай-ақ мүше мемлекеттердің қаржы секторының өсуін қамтамасыз етуге және тиімділігін арттыруға, осы нарықта бәсекелестікті дамытуға бағытталатын болады.
Көлік пен инфрақұрылымды дамыту: қазіргі заманғы халықаралық стандарттарды қолдана отырып, бәсекелестік, ашықтық, қауіпсіздік, сенімділік, қолжетімділік және экологиялылық принциптерінде бірыңғай көлік кеңістігін дәйекті және кезең-кезеңімен қалыптастыруға; трансконтиненталдық және жыл сайынғы көлік дәліздерін құруға; көлік қызметтерін ұсыну бойынша мемлекеттік кәсіпорындар үшін кемсітпейтін мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған; мүше мемлекеттердің аумақтарында "Шығыс – Батыс" және "Солтүстік – Оңтүстік" бағыттарында, оның ішінде Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасымен ұштасу шеңберінде көлік инфрақұрылымын құру және дамыту; көлік саласындағы мемлекеттердің уәкілетті органдарының тығыз өзара іс-қимылы арқылы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын ырықтандырудың орындылығы туралы мәселені пысықтау.
Кедергілерді толық жою және алып қоюлар мен шектеулерді барынша қысқарту және Одақтың ішкі нарығында тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы үшін бәсекелестіктің ортақ қағидаттары мен қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету тұрақты Стратегиялық бағыт болып табылады. Осы саладағы қолда бар уағдаластықтарды толық көлемде орындау Одақтың жұмыс істеу негіздерін нығайтады, ал Одақ шеңберінде кедергілердің болмауы мүше мемлекеттердің бір-біріне де, комиссияға да сенім деңгейін арттырады.
Одақта техникалық реттеу мен санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану жүйесін, ең алдымен: Одақтың ортақ нарығын қауіпсіз емес өнімнен қорғаудың тиімді механизмін құру; Одақ шеңберінде реттелетін өнімге қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды белгілеу және мүше мемлекеттерде Одақтың техникалық регламенттерін қолдануға біркелкі көзқарасты қамтамасыз ету; Одақтың ортақ нарығында айналымдағы өнім сапасының еуразиялық жүйесін құру арқылы кешенді түрде жетілдіру; стандарттау мен метрологияның жүйелі дамуын қамтамасыз ету; аккредиттелген ұйымдар (сәйкестікті бағалау жөніндегі органдар) қызметінің нәтижелеріне сенімді арттыруды қамтамасыз ету мақсатында бақылау механизмдерін жетілдіру; халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды ескере отырып, қатерді талдау негізінде санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану бөлігінде Одақ құқығын жетілдіру арқылы кешенді түрде жетілдіру қажет.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарықтарының тиімді жұмыс істеуі үшін жағдайларды одан әрі дамыту қажет.
Одақтағы кедендік реттеуді жетілдіру: кедендік реттеуде цифрлық технологияларды қолдануды кеңейтуді және лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз кедендік операцияларды автоматты түрде жасауды қамтамасыз ететін технологияларды енгізуді; Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексін қолдану практикасын ескере отырып оны жетілдіруді және Одақ органдарының актілеріне тиісті өзгерістер енгізуді; кедендік операцияларды жасаудың және кедендік бақылау жүргізудің бірыңғай стандартын қамтамасыз етуді; кеден органдары мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасындағы электрондық құжат айналымын біріздендіруді көздейді.
Одақта кедендік-тарифтік реттеуді жетілдіру оның бірлігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінен алып тастауды жоюға бағытталатын болады.
Мемлекеттік сатып алуға тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүше мемлекеттердегі мемлекеттік сатып алуды толыққанды цифрландыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу, сатып алудың ақпараттық ашықтығы мен анықтығы, оның ішінде сатып алу туралы ақпаратқа, жосықсыз өнім берушілердің тізіліміне және мүше мемлекеттердің сатып алу саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне кедергісіз және тегін қол жеткізуді ұйымдастыру арқылы; банк кепілдіктерін өзара тану, ұлттық режимдерден алып қоюларды қысқарту ықпал ететін болады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында: тұтынушылардың құқықтарын қорғау және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету бойынша мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу; адал іскерлік практиканың жалпы өлшемдерін әзірлеу және Комиссияның ұсынымдары негізінде мүше мемлекеттердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасын одан әрі үйлестіру жоспарланады.
Салықтық әкімшілендіру саласындағы жұмыс салық органдарының сервистік функцияларын дамытуға, сондай-ақ салық төлеушілерді цифрлық сәйкестендіруге бағдарланатын болады. Бұл тәсіл тауарлар мен қызметтердің өзара саудасында жанама салықтар алу жүйесін және салық органдарының трансшекаралық ақпараттық өзара іс-қимылын жетілдіруді, салықтық әкімшілендірудің талдау құралдарын жетілдіруді және қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде тәуекелдерді басқару жүйесін дамытуды қамтамасыз етеді.
Еңбек көші-қоны саласындағы интеграцияның перспективалы бағыттары: Одақ шеңберінде еңбек ресурстарының еркін жүріп-тұруын одан әрі қамтамасыз ету; мүше мемлекеттерде еңбекшілерді жұмысқа орналастыруға және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу; еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасу мемлекетінде болуына қолайлы жағдайлар жасау; мүше мемлекеттердің білім беру жүйелері мен бағдарламаларының салыстырмалылығына талдау жүргізу болып табылады; мүше мемлекеттердің әртүрлі кәсіби қызмет түрлеріндегі мамандар біліктіліктерін дәйекті жақындастыру қажеттігі туралы мәселені пысықтау, сондай-ақ мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне медициналық қызметтер көрсету.
Еңбек ресурстарының Одақтан тыс жерлерге кетуін тоқтату үшін мүше мемлекеттер экономикаларының ғылымды қажетсінетін салаларындағы интеграцияны дамытуға, білім беру бағдарламаларын іске асыру кезінде жоғары оқу орындарының желілік өзара іс-қимыл практикасын кеңейтуге және білім туралы ресми құжаттардың ақпараттық қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар енгізілген.
Спорт саласындағы жұмыс азаматтар үшін осы саладағы қазіргі заманғы жетістіктердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарды даярлауда, қайта даярлауда және олардың біліктілігін арттыруда өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін зерделеуге бағытталатын болады.
Басым міндет экономикалық ынтымақтастықты дамыту және мүше мемлекеттердің туристік тартымдылығының әлеуетін іске асыру болып табылады.
Интеграциялық басымдықтардың бірі энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру, қазіргі экологиялық проблемаларды шешу және тұрақты дамуды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл салада жаңа технологиялар мен инновацияларды, оның ішінде "жасыл" технологияларды, жаңартылатын энергия көздерін, циркулярлық экономика модельдерін, биоинженерия мен нанотехнологияларды құру мен пайдалану жөніндегі күш-жігерді біріктіру көзделеді.
Одақты кеңейту және шет елдермен және халықаралық ұйымдармен экономикалық ынтымақтастықты қарқындату Одаққа қазіргі заманғы әлемді дамытудың неғұрлым маңызды орталықтарының бірі ретінде мыналарды: Одақ жанындағы байқаушы мемлекет институтының әлеуетін пайдалануды қоса алғанда, мүдделі елдермен, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттермен жан-жақты диалог пен көп форматты ынтымақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді; қатысушылар арасындағы сауда қатынастарын ырықтандыруды, көлік-технологиялық инфрақұрылымды бірлесіп дамытуды және үлкен еуразиялық әріптестік идеясы шеңберінде экономикалық өзара іс-қимылдың басқа да мәселелерін қоса алғанда, еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестерді ұштастыру мәселелері бойынша үйлестірілген жұмыс жүргізу; бірлескен жобаларды іске асыруға бағдарланған Одақ пен Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасын ұштастыру; Одақтың Шанхай Ынтымақтастық Ұйымымен, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығымен өзара іс-қимылын нығайту, Еуропалық Одақпен және өзара іс-қимылы өзара экономикалық мүддені білдіретін басқа да интеграциялық бірлестіктермен және мемлекеттермен диалогты жолға қою; экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) ынтымақтастықты кеңейту.
Осы Стратегиялық бағыттарды іске асыру шараларын жүзеге асыру және механизмдерін қолдану Одақ органдарының бірқатар актілерін және оларды іске асырудың нақты нормаларын қамтитын мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерін қабылдауды талап етеді. Бұл үшін мүше мемлекеттердің іс-қимылдарын үйлестіруді күшейту, туындайтын мәселелер мен проблемаларды шешу кезінде ашықтық пен сенім, жалпы нәтиже үшін жауапкершілікті түбегейлі арттыру қажет.
Осы Стратегиялық бағыттарды іске асыруды үйлестіру, мониторингтеу және нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету мақсатында Комиссияға осы Стратегиялық бағыттарды іске асырудың шаралары мен механизмдеріне сәйкес қосымша өкілеттіктер беру қажет.
Комиссия жұмысының тиімділігін арттыруға, Комиссия Кеңесін жеңілдетуге, интеграцияны басқарудағы мамандануды күшейтуге: Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын жетілдіруге; Комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру рәсімдерінің тиімділігін арттыруға; шешімдердің орындалуын бақылау механизмдерін оңтайландыру, Комиссия Алқасы мүшелері мен Комиссия департаменттерінің уәждемелік механизмдерді енгізу арқылы нәтижеге бағдарланған жұмысының тиімділігін бағалаудың нақты жүйесін қалыптастыруға; ғылыми зерттеулерге шығындарды оңтайландыруға бағытталған.
Комиссияға осы Стратегиялық бағыттардың шаралары мен механизмдеріне сәйкес қосымша өкілеттіктер беру оның жауапкершілігін, тәртібін, кадр құрамын, жұмыстың ашықтығын және мүше мемлекеттерге есеп беруін күшейтумен сүйемелденуі тиіс. Комиссия Алқасының мүшелері, Комиссияның, Одақ Сотының лауазымды тұлғалары өздерінің барлық іс-әрекеттері және олар қабылдайтын шешімдер үшін, сондай-ақ өз функцияларын орындау кезінде қабылдайтын міндеттемелер үшін жауаптылықта болуға тиіс.
Одақтың табысты қызметі үшін Одақтың құқығын жетілдіру, оны "түгендеуді" жүзеге асыру және қажет болған кезде Одақ органдарының құқықтық актілерін бір-біріне сәйкес келтіру керек.
Шарттың ережелерін жетілдіру халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мүддесінде мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақты дамуы үшін жағдайлар жасауды, "төрт еркіндік" кеңістігін (Одақ шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын) қалыптастыруды қамтамасыз етуді және жаһандық экономика жағдайларында мүше мемлекеттер экономикаларын жан-жақты жаңғыртуды, кооперациялауды және бәсекеге қабілеттілігін арттыруды өз мақсатына қоятын толық форматты интеграциялық бірлестік ретінде Одақты жан-жақты дамыту мен нығайту мақсатында жүзеге асырылатын болады.
Мүше мемлекеттер интеграцияны одан әрі дамыту, өзара сауда мен бірлескен инвестициялардың өсуі, ғылыми-техникалық ынтымақтастық, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпорындар кооперациясын кеңейту орнықты дамуға, интеграциялық өзара іс-қимылды серпінді өрістету және Одақ институттарының үздік әлемдік тәсілдерді, форматтар мен практикаларды іс жүзінде бейімдеуі негізінде мүше мемлекеттердің экономикалық даму деңгейін жақындатуға ықпал ететіні жөнінде ортақ пікірде .
Осы Стратегиялық бағыттарды іске асыру шаралары мен механизмдері Одақ органдарының стратегиялық сипаттағы қазірдің өзінде бекітілген актілеріне сәйкес іске асыруға жоспарланған іс-шараларды толықтырады және дамытады.
Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешенде:
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2013 жылғы 29 мамырдағы № 35 шешіммен мақұлданған Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатының тұжырымдамасы;
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі № 9 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттары.
Энергетика саласында:
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 8 мамырдағы № 12 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы;
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 31 мамырдағы № 7 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы;
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 31 мамырдағы № 8 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру тұжырымдамасы.
Көлік саласында:
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 8 мамырдағы № 13 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бірінің аумағында орналасқан тасымалдаушылардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағында орналасқан пункттер арасындағы жүктердің автомобиль тасымалдарын
2016 – 2025 жылдар кезеңіне орындауын кезең-кезеңімен ырықтандыру бағдарламасы;
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 19 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үйлестірілген (келісілген) көлік саясатының негізгі бағыттары мен іске асырылу кезеңдері.
Макроэкономикалық саясат және қаржы саласында:
Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 16 қазандағы № 28 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық дамуының негізгі бағыттары;
Еуразиялық экономикалық кеңестің 2019 жылғы 1 қазандағы № 20 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы;
Технологиялар саласында:
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2016 жылғы 13 сәуірдегі № 1 шешімімен бекітілген Станок жасау жөніндегі еуразиялық инжиниринг орталығын құру тұжырымдамасы;
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2018 жылғы 30 наурыздағы № 23 шешімімен бекітілген Еуразиялық технологиялар трансфері желісін құру және оның жұмыс істеу тұжырымдамасы.
Цифрлық күн тәртібі бойынша:
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 8 мамырдағы № 19 шешімімен бекітілген Сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесінде "бір терезе" механизмін дамытудың негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2017 жылғы 11 қазандағы № 12 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттары;
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2019 жылғы 9 тамыздағы № 7 шешімімен бекітілген Трансшекаралық ақпараттық өзара іс-қимыл тұжырымдамасы.
Қызмет көрсету саласында:
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 16 қазандағы № 30 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру ырықтандыру жоспарларына (өтпелі кезең ішінде) сәйкес жүзеге асырылатын көрсетілетін қызметтер секторларының (кіші секторларының) тізбесі.
Халықаралық ынтымақтастық саласында:
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2019 жылғы 1 қазандағы № 19 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың 2020 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары.
Мүше мемлекеттер осы Стратегиялық бағыттарда көзделген шаралар мен механизмдерді жүзеге асыру Декларацияның ережелерін толық көлемде іске асыруға мүмкіндік беретіндігін негізге алады.
ІІ. Стратегиялық бағыттарды іске асыру шаралары мен механизмдерінің тізбесі
1-бағыт. Одақтың ішкі нарығында тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы үшін кедергілерді толық жою және алып қоюлар мен шектеулерді барынша қысқарту
1.1. Мүше мемлекеттердің қабылданған уағдаластықтарды орындауы.
1.1.1. Кедергілерді жою жөніндегі жұмысты жетілдіру:
Еуразиялық экономикалық Комиссия Алқасының 2017 жылғы 14 қарашадағы № 152 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді тосқауылдарға, алып қоюларға және шектеулерге бөлу әдіснамасын жетілдіру;
тосқауылдарды жою тәртібін әзірлеу және бекіту.
1.1.2. Комиссия Алқасының арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы шешімдеріне "вето" құқығын қолдану регламентін айқындау.
1.1.3. Мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдарының тығыз өзара іс-қимылы арқылы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын ырықтандырудың орындылығы мәселесін пысықтау.
1.2. Одақтың ішкі нарығындағы алып қоюлар мен шектеулерді қысқарту.
12.1. Алып қоюлар мен шектеулерді қысқарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ("жол карталарын") әзірлеу және іске асыру.
12.2. Шектеулерді қолдану бойынша туындайтын даулар бөлігінде Одақ құқығындағы құқықтық олқылықтарды анықтау.
12.3. Комиссияның құқық қолдану практикасына қатысты ұсынымдар әзірлеуі және мүше мемлекеттердің реттеуші органдарының ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі.
1.2.4. Шарттың 29-бабында көрсетілген негіздер бойынша мүше мемлекеттер тауарлармен өзара саудада шектеулерді енгізу және алып тастау кезінде мүше мемлекеттер мен Комиссияның өзара іс-қимыл тәртібін әзірлеу және қабылдау
12.5. Одақ шеңберінде жеке тұлғалардың күшті әсер ететін заттарды трансшекаралық өткізу туралы халықаралық шартты әзірлеудің орындылығы туралы мәселені пысықтау.
1.3. Қызметтердің бірыңғай нарығын дамыту.
1.3.1. Одақ шеңберінде көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру ырықтандыру жоспарларына сәйкес жүзеге асырылатын көрсетілетін қызметтер секторларының (кіші секторларының) тізбесін айқындау және толықтыру.
1.3.2. Көрсетілетін қызметтер секторларын бірыңғай нарыққа қосуды ескере отырып, ырықтандыру жоспарларын дайындау және іске асыру.
1.3.3. Мүше мемлекеттердегі (оның ішінде бірыңғай нарыққа енгізілген) көрсетілетін қызметтердің түйінді секторларын реттеуді үйлестірудің орындылығы мәселесін пысықтау.
1.4. Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасына сәйкес ортақ қаржы нарығын қалыптастыру.
1.4.1. Мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру.
1.4.2. Стандартталған лицензия туралы халықаралық шартты әзірлеу және жасасу.
1.4.3. Одақтың ортақ қаржы нарығын реттеу жөніндегі мемлекеттіктен жоғары органы туралы халықаралық шартты әзірлеу және жасасу.
1.4.4. Мүше мемлекеттердің өзара есеп айырысуларында ұлттық валюталардың пайдаланылуын мониторингтеу және талдау және оларды пайдалануды кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
1.4.5. Бір мүше мемлекеттің брокерлері мен дилерлеріне басқа мүше мемлекеттердің биржаларының ұйымдастырылған сауда-саттығына (сауда ұйымдастырушыларына) қатысуға рұқсат беру туралы халықаралық шартты әзірлеу және жасасу.
1.4.6. Одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтермен алмасу тәртібі туралы халықаралық шартты әзірлеу және жасасу.
1.4.7. Мүше мемлекеттерде ұйымдастырылған сауда-саттықта бағалы қағаздарды орналастыруға және олардың айналымына өзара рұқсат беру туралы халықаралық шартты әзірлеу және жасасу.
1.4.8. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2019 жылғы
1 қазандағы № 20 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ Қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасына сәйкес ортақ төлем кеңістігін дамыту.
1.4.9. Ұлттық рейтингтік агенттіктерді өзара тану туралы мәселені пысықтау.
1.4.10. Одақта рейтингтік агенттік құру туралы мәселені пысықтау.
1.5. Жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету.
1.5.l. Мүше мемлекеттердегі еңбек нарығында неғұрлым талап етілетін кәсіптер бойынша қызметкерлердің кәсіптік біліктілігіне және оны растау тәртібіне қатысты ұсыныстар әзірлеу.
1.5.2. Еуразиялық электрондық еңбек биржасын құру туралы мәселені пысықтау және "Шекарасыз жұмыс" іздестірудің біріздендірілген жүйесін құру.
1.5.3. Басқа мүше мемлекеттің аумағында заңды түрде жүрген мүше мемлекеттің азаматтарына еңбек қызметін заңды түрде жүзеге асыру үшін осы мүше мемлекеттің шегінен шықпай келу мақсатын өзгерту үшін, егер мұндай міндет келу мемлекетінің заңнамасында белгіленсе, осы мемлекеттің көші-қон саласындағы құзыретті органдарына жүгінуге мүмкіндік беру.
1.5.4. 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімнің күшіне енуін қамтамасыз ету және оны іске асыру.
1.5.5. Мүше мемлекеттер еңбекшілерінің ғылыми дәрежелері мен ғылыми атақтарын өзара тану туралы халықаралық шартты әзірлеу және жасасу.
1.5.6. Егер жалдаушы басқа мүше мемлекеттің аумағында тіркелген болса, онда мүше мемлекетте жұмыстарды орындайтын қызметкерлердің құқықтық жағдайын Одақ құқығында реттеу туралы мәселені пысықтау,
1.6. Мемлекеттік сатып алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету.
1.6.1. Банк кепілдіктерін өзара тануды қамтамасыз ету мүмкіндігін пысықтау.
1.6.2. Сатып алудың ақпараттық ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жоспарын, оның ішінде:
әрбір мүше мемлекеттің веб-порталын құру;
сатып алу туралы ақпаратты, жосықсыз өнім берушілер тізілімін веб-порталда жариялау (орналастыру) (оның ішінде орыс тілінде);
сатып алу саласындағы мүше мемлекеттің нормативтік құқықтық актілерін веб-порталда жариялау (орналастыру) (оның ішінде орыс тілінде);
егер мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайда, электрондық сауда алаңдарының (электрондық алаңдардың) және (немесе) веб-порталдың шектеулі санын электрондық форматта сатып алу туралы ақпаратқа және осындай сатып алуға байланысты электрондық қызметтерге қол жеткізудің бірыңғай орны ретінде айқындау;
сатып алу туралы ақпаратқа, жосықсыз өнім берушілер тізіліміне және мүше мемлекеттің веб-порталда жарияланатын (орналастырылатын) сатып алу саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне кедергісіз және тегін қол жеткізуді, сондай-ақ осындай ақпарат, тізілім және актілер бойынша мәліметтерді барынша кең іздеуді қамтамасыз етуді ұйымдастыру арқылы әзірлеу және бекіту.
1.6.3. Ұлттық режим шарттарында мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны (электрондық қолтаңбаны) өзара тануды қамтамасыз ету.
1.6.4. Мүше мемлекеттердегі мемлекеттік сатып алуды толыққанды цифрландыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу.
1.7. Кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
1.7.1. Ең үздік халықаралық және ұлттық практикаларды ескере отырып, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту.
1.7.2. Кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнестің әлеуетін ашу үшін қолайлы бәсекелестік ортаны қалыптастыру.
2-бағыт. Тауар нарықтарының жұмыс істеу тиімділігін арттыру
2.1. Одақта кедендік-тарифтік реттеудің біртұтастығын қамтамасыз ету, Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінен алып тастауларды жою.
2.1.1. Мүше мемлекеттердің міндеттемелерін жақындастыру шеңберінде Дүниежүзілік сауда ұйымындағы (ДСҰ) Қазақстан Республикасының тарифтік келіссөздеріне ұсыныстар дайындау.
2.1.2. Қызметтің басым түрлерінде (экономика секторларында) инвестициялық жобаларды іске асыру үшін әкелінетін тауарларға қатысты тарифтік жеңілдікті қолдану тәртібін қабылдау.
2.1.3. Әкелінетін тауарларға қатысты кедендік тарифтік реттеудің келісілген тәсілдерін әзірлеу.
2.2. Одақтың ортақ биржалық тауар нарығын қалыптастыру.
2.2.1. Одақ шеңберінде тауарлардың ортақ биржалық нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын, оның ішінде базистік активі тауар болып табылатын туынды қаржы құралдары нарықтарын, сондай-ақ тараптар биржалық сауда-саттықта оларды өткізу уағдаластығына қол жеткізген тауарлармен биржалық сауда-саттықты дамыту бағдарламасын оған іс-шараларды, оның ішінде биржалық және биржадан тыс баға индикаторларын қалыптастыруға және пайдалануға бағытталған іс-шараларды қоса отырып әзірлеу және бекіту.
2.3. Одақтың энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру.
2.3.1. 2019 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамада (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) көзделген уағдаластықтарды іске асыру арқылы Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру, оның жұмыс істеуі және дамуы үшін құқықтық, экономикалық және технологиялық жағдайлар жасау.
2.3.2. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2018 жылғы
6 желтоқсандағы № 18 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру бағдарламасында көзделген іс-шараларды іске асыру жолымен Одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру, оның жұмыс істеуі және дамуы үшін құқықтық, экономикалық және технологиялық жағдайлар жасау.
2.3.3. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2018 жылғы
6 желтоқсандағы № 23 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың Мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру бағдарламасында көзделген іс-шараларды іске асыру арқылы Одақтың Мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру, олардың жұмыс істеуі және дамуы үшін құқықтық, экономикалық және технологиялық жағдайлар жасау.
2.3.4. Одақтың энергия ресурстарын өндіру және тұтыну теңгерімін әзірлеу.
2.3.5. Комиссияның мүше мемлекеттермен бірлесіп қызметтер көрсету, оның ішінде мүше мемлекеттердің ешқайсысымен ортақ шекарасы жоқ мүше мемлекеттердің табиғи монополиялар саласында қызметтер көрсету туралы мәселелерді пысықтауы.
2.4. Бәсекелестікті қорғау және монополияға қарсы реттеу.
2.4.1. Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында, оның ішінде Комиссияның құқық қолдану практикасын ескере отырып, Одақ құқығын кезең-кезеңімен жетілдіру.
2.4.2. Шаруашылық жүргізуші субъектінің (нарық субъектісінің) Шарттың 76-бабының 3 – 5-тармақтарына сәйкес жол берілмейтін келісім жасасуы туралы, сол сияқты оған қатысу туралы ерікті өтініші кезінде жауапкершіліктен босату тәртібін бекіту.
2.4.3. ЭЫДҰ тарапынан бәсекелестік саласында сараптамалық шолу жүргізу.
2.4.4. Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу блогының қоғамдық қабылдау базасында Комиссия қызметінің түрлі мәселелері бойынша бизнес қауымдастықтармен, оның ішінде үшінші елдермен өзара іс-қимыл жасау құралдарын жетілдіру.
2.4.5. Қолайлы бәсекелестік ортаны қалыптастыру және мүше мемлекеттердің өзара мүдделерін есепке алу үшін трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу фактісі үшін Комиссия салатын айыппұл санкцияларын қолдануды жетілдіру мәселесін пысықтау.
3-бағыт. Одақ шеңберінде кедендік реттеуді жетілдіру
3.1. Одақ шеңберінде кедендік реттеуді жетілдіру.
3.1.1. Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексін қолдану практикасын ескере отырып жетілдіру және Одақ органдарының актілеріне тиісті өзгерістер енгізу.
3.1.2. Радиациялық бақылау, адамдарды, багажды және қол жүгін тексеру (тексеріп қарау), есірткі және жарылғыш заттарды іздеу және сәйкестендіру, телевизиялық бақылау жүйесін қоса алғанда, Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізілетін жерлерде кедендік инфрақұрылым элементтерін техникалық жарақтандыруға қойылатын үлгілік талаптарды жетілдіру және біріздендіру.
3.1.3. Еуразиялық экономикалық одақтың Шартына және Кеден кодексіне және Одақ пен оған мүше мемлекеттердің үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен жасасқан халықаралық шарттарына сәйкес кеден органдары арасында ақпараттық өзара іс-қимылды және ақпарат алмасуды ұйымдастыру.
3.1.4. Кеден органдары мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасында электрондық кедендік құжаттардың бірыңғай құрылымдары мен форматтарын айқындау санын ұлғайту, сондай-ақ Одақ құқығымен көзделген жағдайларда электрондық кедендік құжаттардың деректемелік құрамын қалыптастыру қағидаларын айқындау бөлігінде электрондық құжат айналымын біріздендіру.
3.1.5. Мүше мемлекеттердің кеден органдары мен рұқсат құжаттарын электрондық түрде беруге уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы трансшекаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету.
3.1.6. 2010 жылғы 5 шілдедегі Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтың ерекшеліктері туралы шартта Одақтың кедендік реттеу саласындағы құқық талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілікті белгілеуге барлық қағидаттар мен тәсілдер үшін ортақ айқындау.
3.1.7. Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған елін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы халықаралық шартты әзірлеу және жасасу.
3.1.8. Одақта тауарлар транзитінің бірыңғай жүйесін, оның ішінде мынадай негізгі бағыттар бойынша дамыту:
Одақ транзитінің бірыңғай жүйесі туралы халықаралық шартты әзірлеу және қабылдау;
Одақтың жалпы процестері шеңберінде заңды мәні бар электрондық құжаттармен алмасу арқылы тауарлар транзиті кезінде мүше мемлекеттер кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылын іске асыру;
тауарлар транзиті кезінде кепілдік механизмдерін жетілдіру, оның ішінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету берілмейтін және (немесе) мұндай қамтамасыз ету ішінара берілетін жағдайларды айқындау;
Одақ транзитінің бірыңғай жүйесінің Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің транзиттік жүйелерімен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін іске асыруға бағытталған шаралар кешенін әзірлеу;
мүше мемлекеттер кеден органдарының тауарларды кедендік транзиттеу кезінде тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдануға тәсілдерін біріздендіру;
Одақ шеңберінде, оның ішінде транзиттік тасымалдаудың барлық маршрутында бір электрондық навигациялық пломбаны пайдалану мүмкіндігін, электрондық навигациялық пломбаларды салу (алу) тәртібі мен шарттарын айқындауды, сондай-ақ оларды қолдану жағдайларын, оның ішінде тауарлардың өткізілуін бақылаудың басқа да рәсімдері бойынша кезең-кезеңімен кеңейту мүмкіндігін көздейтін, электрондық навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, кедендік транзиттің кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларды қадағалау жүйесін құру.
3.1.9. Одақтың кедендік аумағында әкелінетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау орындарында үйлестірілген кедендік бақылау жүргізу мәселесін пысықтау.
3.2. Одақта кедендік операцияларды жасаудың, кедендік бақылауды жүргізудің, ақпарат алмасудың, тәуекелдерді басқару жүйелерін біріздендірудің және имплементациялаудың бірыңғай стандартын қамтамасыз ету.
3.3. Одақтың электрондық навигациялық пломбаларын пайдалана отырып тасымалдауды бақылауды ескере отырып, бір мүше мемлекеттің (немесе оның бір бөлігінің) аумағынан мүше мемлекеттердің ешқайсысымен ортақ шекарасы жоқ басқа мүше мемлекеттің (немесе оның бір бөлігінің) аумағына Одақ тауарларының кедергісіз өткізілуін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және іске асыру.
4-бағыт. Айналыстағы тауарлар сапасының, қауіпсіздігінің кепілдіктерін және тұтынушылардың құқықтарын тиісінше қорғауды қамтамасыз ету
4.1. Одақ шеңберінде реттелетін өнімге қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды белгілеу және мүше мемлекеттерде Одақтың техникалық регламенттерін қолдануға бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету.
4.1.1. Көрсетілген Бірыңғай тізбеге енгізілген өнімнің жекелеген түрлеріне қатысты Одақтың техникалық регламенттерін әзірлеудің орындылығын ескере отырып, Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 526 шешімімен бекітілген Кеден одағы шеңберінде міндетті талаптар белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесіне өзекті сипат беру.
4.1.2. Одақтың техникалық регламенттерін әзірлеу және қабылдау рәсімдерін жетілдіруді қамтамасыз ететін Одақтың техникалық регламенттерін әзірлеу тәртібіне өзгерістер енгізу, сондай-ақ ДСҰ-дағы міндеттемелерді ескере отырып, оларға өзгерістер енгізу рәсімдерін ретке келтіру.
4.1.3. Одақ органдарының техникалық реттеу саласындағы актілерінің орындалуына мониторинг жүргізу тәртібін қабылдау.
4.1.4. Кезеңділігін және оларға стандарттардың тізбесін айқындай отырып, Одақтың техникалық регламенттерінің ғылыми-техникалық деңгейіне бағалау жүргізу тәртібін қабылдау.
4.1.5. Одақтың техникалық регламенттерін түсіндіруге және қолдануға бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету механизмін қабылдау.
4.1.6. Техникалық реттеу саласындағы бақылаудағы объектілердің және ветеринариялық, санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралардың сәйкестігін бағалау талаптары мен рәсімдерінің қайталануын жою мақсатында Одақ құқығын жетілдіру.
4.1.7. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2017 жылғы 25 қазандағы № 4 шешімімен бекітілген Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде бастамаларды пысықтау тәртібіне сәйкес Одақта техникалық реттеу саласында цифрлық сервистер жүйесін құру жөніндегі бастамаларды қарау.
4.2. Өнімнің сәйкестігін бағалау деген жаңа тәсілдерге көшу.
4.2.1. Сәйкестікті бағалау саласындағы рұқсат беру құжаттарының электрондық нысандарына көшу туралы нормаларды белгілеу.
4.2.2. Шетелдік өндірістің сериялы шығарылатын өнімінің сәйкестігін бағалау механизмдерін әзірлеу.
4.2.3. Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін қолдану арқылы рұқсат беру құжаттарын беру саласындағы ұлттық ақпараттық жүйелерді интеграциялау.
4.3. Өнім сапасын қамтамасыз ету жүйесін дамыту.
4.3.1. Өнім сапасының инфрақұрылымын дамытуды көздейтін өнім сапасын қамтамасыз етудің еуразиялық жүйесін құру тұжырымдамасын қабылдау.
4.4. Одақ шеңберінде стандарттау және метрология саласын дамыту.
4.4.1. Стандарттау жөніндегі жұмыстарды жүйелі жоспарлауды, прогрессивті халықаралық және өңірлік стандарттарды қолдануды қамтамасыз ететін нормаларды қабылдау.
4.4.2. Стандарттау және метрология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.
4.5. Аккредиттелген ұйымдар (сәйкестікті бағалау жөніндегі органдар) қызметінің нәтижелеріне сенім деңгейін арттыруды және олардың жұмысының тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету.
4.5.1. Қолданылатын рәсімдердің тең мәнділігіне қол жеткізу мақсатында аккредиттеу жөніндегі органдардың өзара салыстырмалы бағалауын тұрақты негізде жүргізу.
4.5.2. Одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарының бірыңғай тізілімін жүргізу, оның ішінде сәйкестікті бағалау жөніндегі ұлттық деңгейде аккредиттелген органдарды көрсетілген тізілімге енгізу және одан сәйкестікті бағалау жөніндегі жосықсыз органдарды алып тастау механизмін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.
4.6. Өнімге қойылатын міндетті талаптарды, сәйкестікті міндетті бағалауды жүргізу қағидалары мен рәсімдерін бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеу бөлігінде мемлекеттік органдардың заңнамасын үйлестіруді қамтамасыз ету.
4.6.1. Өнімге қойылатын міндетті талаптарды, сәйкестікті міндетті бағалауды жүргізу қағидалары мен рәсімдерін бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеу бөлігінде мүше мемлекеттердің ұқсас (салыстырмалы) заңнамасын белгілеу мақсатында Одақтың құқығын құрайтын, жалпы қағидаттар мен тәсілдерді айқындайтын актіні әзірлеу.
4.7. Одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуын бақылау іс-шараларын жүзеге асыру шеңберінде мүше мемлекеттер органдарының тиімді үйлестірілген өзара іс-қимылын ұйымдастыру.
4.7.1. Одаққа қауіпті өнімді айналымға шығаруды және айналысқа шығаруды болдырмау мақсатында мүше мемлекеттердің мемлекеттік бақылау органдарының, кеден органдары мен аккредиттеу жөніндегі органдардың өзара іс-қимыл тәртібін белгілеу.
4.7.2. Мүше мемлекеттерде референттік зертханалар жүйесін құру үшін негіздерді қалыптастыру.
4.7.3. Одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау) шеңберінде мүше мемлекеттер арасында туындайтын даулы мәселелерді қарау және реттеу механизмін әзірлеу.
4.8. Сан мен сапа параметрлерін өлшеуге қойылатын метрологиялық талаптарды біріздендіру (үйлестіру) негізінде Одақтың энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру кезінде метрологиялық қамтамасыз етудің бірыңғай қағидаттарын белгілеу.
4.8.1. Мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекараларындағы мемлекетаралық қималарда Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығында электр энергиясының саудасын жүзеге асыру кезінде электр энергиясының көрсеткіштеріне қойылатын талаптарды белгілеу.
4.9. Энергия тиімділігін арттыру және ресурсты үнемдеу мақсатында Одақ шеңберінде техникалық реттеуге циркулярлық экономика (тұйық цикл экономикасы) модельдерін енгізу.
4.9.1. Одақтың техникалық регламенттеріне өнімді кәдеге жаратудың, оның ішінде оның рециклингінің жалпы тәсілдерімен оларды мемлекеттік заңнамада белгіленген тәртіппен толықтыру бөлігінде өзгерістер енгізудің орындылығы жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
4.10. Одақ шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарықтарының тиімді жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау.
4.10.1. Одақ шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарықтарын одан әрі дамыту тұжырымдамасын қабылдау.
4.11. Ветеринария және фитосанитария саласындағы ұлттық ақпараттық жүйелерді Одақтың белгіленген талаптарына сәйкес келетін өнімді еркін өткізу үшін Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы өнімді бақылау кезінде қалыптастыру және интеграциялау.
4.11.1. Одақтың кедендік аумағына әкелінген және Одақтың кедендік аумағы бойынша еркін өткізу үшін өткізілетін карантинге жатқызылған өнімді Одақтың белгіленген талаптарына сәйкес келетін қадағалаудың ұлттық жүйелерін әзірлеу, енгізу және интеграциялау.
4.11.2. "Фермадан сөреге дейін" жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдерді қадағалаудың ұлттық жүйесін әзірлеу және енгізу.
4.11.3. мүше мемлекеттердің Халықаралық эпизоотиялық бюроның мәртебесін тану туралы сертификаттар алуы (қажет болған жағдайда).
4.11.4. Фитосанитариялық бақылау шеңберінде үшінші елдерден әкелінетін және мүше мемлекеттер арасында өткізілетін карантинге жатқызылған өнімді бақылау тәртібін әзірлеу.
4.11.5. Халықаралық эпизоотиялық бюро мәртебесін тану туралы сертификаттарды мемлекеттердің алуы кезінде тараптардың уәкілетті органдары арасында өзара іс-қимыл механизмін әзірлеу.
4.11.6. Одақтың белгіленген талаптарына сәйкес келетін өнімді еркін өткізу мақсатында Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы Одақтың кедендік аумағына әкелінген және Одақтың кедендік аумағы бойынша өткізілетін карантинге жатқызылған өнімді бақылау кезінде фитосанитария саласындағы ұлттық ақпараттық жүйелерді интеграциялау.
4.11.7. Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдерді қадағалау кезінде ұлттық ақпараттық жүйелерді интеграциялау.
4.12. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау.
4.12.1. Мүше мемлекеттердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу, қабылдау және іске асыру.
4.12.2. Бөлшек сауда саласындағы тұтынушыларға қатысты шаруашылық жүргізуші субъектілер қолданатын адал іскерлік тәжірибенің жалпы өлшемдерін әзірлеу.
4.12.3. Одақ құқығын жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау, адал практикалардың жалпы критерийлерін әзірлегеннен кейін Одақ шеңберінде тұтыну тауарлары, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер нарықтарына қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылдың адал практикасы кодекстерінің жобаларын әзірлеу.
4.12.4. Электрондық саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүше мемлекеттердің ортақ тәсілдерін қалыптастыру.
4.12.5. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың ұлттық механизмдері мен рәсімдерін жақындастыру жөнінде ұсынымдар дайындау, тұтынушылардың құқықтарын сотқа дейінгі тәртіппен тиімді қорғауды қамтамасыз ететін жалпы базалық ережелерді қалыптастыру, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қызметін қолдау.
4.12.6. Кейіннен үздік әлемдік практикаға негізделген ұсынымдарды тұжырымдай отырып, тұтыну тауарлары мен көрсетілетін қызметтер сапасына тәуелсіз сараптама институттарын қалыптастыру және олардың қызметі саласындағы мүше мемлекеттердің әлемдік тәжірибесі мен практикасына салыстырмалы талдау жүргізу.
4.12.7. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жалпы тәсілдерін әзірлеуді талап ететін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тұтыну нарығының салаларын айқындау.
4.13. Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану саласындағы актілерді бұзғаны үшін жауапкершілікті айқындау жөніндегі жалпы қағидаттар мен тәсілдерді белгілеу.
4.13.1. Одақтың құқығын құрайтын, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану саласындағы актілерді бұзғаны үшін жауапкершілікті айқындау жөніндегі жалпы қағидаттар мен тәсілдерді белгілейтін актіні әзірлеу.
4.14. Халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды ескере отырып, тәуекелдерді талдау негізінде санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану бөлігінде Одақтың құқығын жетілдіру.
4.14.1. Халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды ескере отырып, тәуекелдерді талдау негізінде санитариялық және ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану бөлігінде Одақтың құқығын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау.
4.14.2. Халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды ескере отырып, фитосанитариялық тәуекелді талдау негізінде карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану бөлігінде Одақтың құқығын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау.
4.14.3. Ғылыми зерттеулер, оның ішінде мекендеу ортасы факторларының адам организміне зиянды әсер ету қаупін талдау негізінде өнім қауіпсіздігінің санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына өзекті сипат беру.
5-бағыт. Одақтың цифрлық кеңістігін, цифрлық инфрақұрылымдар мен экожүйелерді қалыптастыру
5.1. Одақ шеңберінде тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін жетілдіру.
5.1.1. Одақтың кедендік аумағына әкелінетін және мүше мемлекеттер арасында өткізілетін тауарлардың бақылануын қамтамасыз ету.
5.1.2. Мүше мемлекеттердің ұлттық каталогтарын интеграциялау негізінде Одақ тауарларының бірыңғай цифрлық каталогын әзірлеу.
5.2. Трансшекаралық сенім кеңістігін, ақпараттық өзара іс-қимылды және электрондық құжат айналымын дамыту.
5.2.1. Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен шаруашылық жүргізуші субъектілердің ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету механизмдеріне қойылатын талаптарды белгілеу бөлігінде трансшекаралық сенім кеңістігін құру, дамыту бойынша Одақ органдарының актілерін әзірлеу және қабылдау.
5.2.2. Трансшекаралық сенім кеңістігін айқындауды нақтылау бөлігінде шартқа өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
5.2.3. Мүше мемлекеттер айқындаған салалардағы трансшекаралық ақпараттық өзара іс-қимыл кезінде электрондық құжаттағы электрондық цифрлық қолтаңбаны (электрондық қолтаңбаны) тану және электрондық құжаттардың заңдық күшін қамтамасыз ету жөніндегі Одақ органының актісін әзірлеу және қабылдау.
5.2.4. Тауарларды Одақта еркін өткізу мақсатында тауарға ілеспе құжаттардағы мәліметтердің анықтығын бақылау механизмін әзірлеуді және үшінші елдерден әкелінген өзара саудадағы тауарлар бойынша тәуекелдің баға индикаторларының дерекқорын қалыптастыруды қоса алғанда, Одақ шеңберінде электрондық тауарға ілеспе құжаттарды енгізу және өзара тану және олардан өзара мәліметтер алмасу механизмін пысықтауды жүзеге асыру.
5.3. Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құруды аяқтау және оның толық форматты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
5.3.1. Одақ шеңберінде жалпы процестерді іске қосу мерзімдерінің бұзылу себептерін анықтау, тиімділігін бағалау және оны арттыру жөнінде шешімдер әзірлеу мақсатында Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесіне кешенді талдау жүргізу.
5.3.2. Одақ шеңберінде өзектілігі жойылған және (немесе) пысықтауға жататын жалпы процестерді оңтайландыру, Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуін жетілдіруді қамтамасыз ету үшін қажетті тиісті іс-шаралар жоспарларын ("жол карталарын") дайындау.
5.3.3. Одақ шеңберінде жалпы процестерді іске қосу мерзімдерін бұзу себептерін жоюға бағытталған іс-шаралар жоспарын "жол картасын") қабылдау.
5.3.4. Ұлттық сегменттер мен интеграциялық компоненттерді қамтитын Одақтың аумақтық бөлінген цифрлық платформасының тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту.
5.4. Еуразиялық цифрлық экожүйелерді, оның ішінде Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып қалыптастыру.
5.4.1. Одақта цифрлық трансформация шеңберінде кросс-салалық цифрлық экожүйелерді құру (атап айтқанда, өнеркәсіптік кооперация, Көлік және логистика, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту саласында және т.б.).
5.4.2. Одақтағы деректер айналымы туралы халықаралық шартты (оның ішінде дербес деректерді қорғау туралы) пысықтау.
5.4.3. Одақтың цифрлық жобаларын іске асыру кезінде "реттеуші құмсалғыштар" механизмін пайдалану мүмкіндігін пысықтау.
5.4.4. Цифрлық инфрақұрылымдар мен экожүйелерді қалыптастыру үшін мемлекеттердің жетекші ІТ-парктерінің әлеуетін пайдалану.
5.5. Одақ шеңберіндегі зияткерлік меншік саласындағы цифрлық трансформациялау.
5.5.1. Мүше мемлекеттерде қорғалатын Өнеркәсіптік меншік объектілері туралы ақпаратты онлайн режимінде іздеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сервистер құру.
5.5.2. Одақ шеңберінде ақпараттық-телекоммуникациялық "Интернет" желісіндегі зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды бұзуға қарсы күреске келісілген тәсілдерді әзірлеу.
5.6. Одақ шеңберінде электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ортақ тәсілдерді тұжырымдау.
5.6.1. Одақ шеңберінде электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын ("жол картасын") әзірлеу және қабылдау.
5.7. Жаһандық және өңірлік деңгейдегі цифрлық ынтымақтастық.
5.7.1. Жаһандық және өңірлік деңгейлерде цифрлық ынтымақтастық жобаларын іске асыру.
5.8. Оператораралық шарттар негізінде, сондай-ақ желілердің техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, транзиттік трафикті қоса алғанда, интернет-трафикті кедергісіз өткізуді қамтамасыз ету механизмін әзірлеу.
5.9. Транспаренттілік, алқалылық, нақтылық және басымдық қағидаттарын іске асыруды қоса алғанда, Одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде бастамаларды пысықтау және жобаларды іске асыру механизмдерін жетілдіру.
6-бағыт. Экономикалық дамуға нысаналы жәрдемдесудің икемді механизмдерін әзірлеу
6.1. Мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына нысаналы жәрдемдесудің икемді механизмдерін әзірлеу.
6.1.1. Мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу механизмдерін қалыптастыруға тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу.
6.1.2. Мүше мемлекеттердің экономикалық даму деңгейлерін жақындастыру механизмдерін қоса алғанда, инклюзивті экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттер экономикаларының дамуын қолдау қағидаттары мен критерийлерін айқындау.
6.1.3. Осы мемлекет үшін әлеуметтік және стратегиялық маңызы бар экономика саласына залал келтірілген жағдайда мүше мемлекеттің ішкі нарығын қорғау механизмін құру туралы мәселені пысықтау.
6.1.4. Өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды жандандыру.
6.1.5. Басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін айқындау.
6.1.6. Экономикалық даму деңгейі мен халықтың табысы бойынша мүше мемлекеттердің конвергенциясы үшін алғышарттар жасау.
6.1.7. ДСҰ нормалары мен қағидаларына сәйкес ерекше жағдайларда мүше мемлекеттің ішкі нарығын жосықсыз сауда практикасынан қорғау шараларын қолдану мәселелерін зерделеу.
6.1.8. Жұмыс істеп тұрған даму институттары шеңберінде мүше мемлекеттер өңірлерінің қуып жетуші экономикаларын дамыту үшін негізделген нысаналы қаржыландырудың механизмдері мен бағдарламаларын, оның ішінде қаржыландырудың қолда бар тәсілдерін толықтыру арқылы енгізу мәселесін пысықтау.
6.2. Шарт шеңберінде стратегиялық жоспарлау жүйесін қалыптастыру.
6.2.1. Мүше мемлекеттердің 2035 жылға дейінгі экономикалық дамуының негізгі бағыттарын әзірлеу және олардың іске асырылу барысы туралы есептер дайындау.
6.2.2. Біріккен Ұлттар Ұйымының (ФАО) азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы әдіснамасының қағидаттары мен тәсілдері негізінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы қағидаттары мен тәсілдерін әзірлеу.
6.2.3. Одақта негізгі ауыл шаруашылығы және азық-түлік тауарларын өндіру мен тұтынудың теңгерімін әзірлеу.
6.2.4. Экономиканың дамуын болжау әдіснамасын жетілдіру бойынша, оның ішінде макроэкономикалық саясат саласында қабылданатын шешімдердің трансшекаралық салдарын ескере отырып, ұсынымдар әзірлеу.
6.25. Одақтың ғылыми-техникалық дамуының ұзақ мерзімді болжамын әзірлеу және ғылыми-техникалық дамудың басымдықтары мен нысаналы бағдарламаларын негіздеу.
6.2.6. Одақтың кеңістіктік даму болжамын әзірлеу.
6.2.7. Одақта өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және инфрақұрылымды дамытудың жалпы стратегиясын қалыптастырудың орындылығын жан-жақты бағалау.
6.2.8. Одақтағы өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау құралдары мен деңгейін бағалау және оларды жақындастырудың ықтимал бағыттарын пысықтау.
6.3. Одақтың статистика саласындағы интеграцияны дамытудың
2021 – 2025 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу, бекіту және іске асыру.
6.3.1. Халықаралық статистикалық стандарттарды ескере отырып, статистика салалары бойынша әдіснамалар мен көрсеткіштерді жетілдіру және үйлестіру.
6.3.2. Халықаралық сыныптамалармен (стандарттармен) үйлестіру негізінде Одақтың статистикалық сыныптамалар жүйесін жетілдіру.
6.3.3. Одақтың статистика саласындағы цифрлық күн тәртібін іске асыру.
6.3.4. Одақ шеңберіндегі интеграция бағыттары бойынша статистиканың құқықтық негіздерін жетілдіру.
6.3.5. Одақта қолданылатын тауарлармен өзара сауда статистикасын, оның ішінде мәліметтердің біріздендірілген жиынтығын қамтитын форматтар бойынша ұсыну тәртібін жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес статистикалық деректерді ұсынбағаны үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету.
6.3.6. Одақта қолданылатын көрсетілетін қызметтермен өзара сауда статистикасын, оның ішінде көрсетілетін қызметтердің сыртқы саудасы статистикасы жөніндегі халықаралық ұсынымдар негізінде көрсетілетін қызметтер бойынша мәліметтердің біріздендірілген жиынтығын қамтитын форматтар бойынша ұсыну тәртібін жетілдіру, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес статистикалық деректерді ұсынбағаны үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету.
6.3.7. Кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарын және Еуразиялық экономикалық интеграция процестерін сипаттайтын түйінді көрсеткіштер мен индикаторлар жүйесін құру.
6.3.8. Одақтағы интеграциялық процестердің мүше мемлекеттер экономикаларының дамуына әсеріне талдау және бағалау жүргізу әдіснамасын әзірлеу.
6.4. Бірлескен мақсатты жобаларды әзірлеу және іске асыру.
6.4.1. Одақтың экономикалық дамуының мақсатты бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындау.
6.4.2. Еуразиялық кеңістікте маңызды инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, көлік дәліздерін, оның ішінде трансконтиненталдық және мемлекетаралық дәліздерді құру, Одақтың транзиттік және логистикалық әлеуетін іске асыру мақсатында жолаушылар және жүк тасымалдарын ұлғайту.
6.4.3. Мүше мемлекеттердің Еуразиялық интеграцияның нышандары болуға қабілетті бірлескен ауқымды жоғары технологиялық жобаларды іске асыруы.
6.4.4. Бірлескен кооперациялық жобаларды басқарудың және оларды қаржыландырудың тиімді жүйесін, оның ішінде Еуразиялық даму банкінің, Еуразиялық тұрақтандыру және Даму қорының және Одақта қызметін жүзеге асыратын өзге де даму институттарының, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығының әлеуетін пайдалану арқылы құру.
6.4.5. Одақтың "негіздемелік" сипаттағы ұзақ мерзімді кезеңге арналған ғылыми-техникалық дамуының стратегиялық бағдарламасын әзірлеу және іске асыру.
6.4.6. Импортты алмастыру бойынша бірлескен жобаларды іске асыру.
6.4.7. Бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды, инвестициялық және ғылыми-технологиялық консорциумдарды іске асыру механизмін құру.
6.5. Келісілген макроэкономикалық саясатты іске асыру.
6.5.1. Баға тұрақтылығын қолдау, жұмыспен қамтуды арттыру, әлеуметтік кепілдіктер беру, сондай-ақ тұрақты және теңгерімді экономикалық өсудің негізгі факторы ретінде адами әлеуетті дамыту.
6.5.2. Мүше мемлекеттердің экономикаларындағы макроэкономикалық теңгерімсіздіктердің алдын алу және реттеу жөніндегі ұлттық шараларды мүше мемлекеттердің әзірлеуі.
7-бағыт. Бірлескен кооперациялық жобаларды басқарудың және оларды қаржыландырудың тиімді жүйесін құру, экономиканың өнімділігі жоғары, оның ішінде экспортқа бағдарланған секторларын құру және дамыту
7.1. Экономиканың жоғары өнімді секторларын дамыту үшін жағдайлар жасау.
7.1.1. Одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың кезекті кезеңге арналған негізгі бағыттарын әзірлеу.
7.1.2. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2019 жылғы 30 сәуірдегі № 2 шешімімен көзделген "Өнеркәсіптік кооперацияның, субконтрактацияның және технологиялар трансферінің еуразиялық желісі" жобасын іске асыру.
7.1.3. Трансшекаралық кедергілерді азайту және өндірістік кооперация үшін жағдайлар қалыптастыру.
7.1.4. Инвестициялық белсенділікті ынталандыру және мүше мемлекеттерде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қаржыландыруды тарту мақсатында Одақта қызметін жүзеге асыратын халықаралық қаржы даму институттарының, сондай-ақ мүше мемлекеттердің қаржы орталықтарының әлеуетін пайдалану.
7.1.5. Мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және көлік саясатын дамыту элементтерінің бірі ретінде ортақ энергетикалық нарықтарды жедел қалыптастыру.
7.2. Мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқым шаруашылығы саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
7.2.1. Мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттарын сынау және тұқым шаруашылығы салаларындағы заңнамасын Одақ құқығына сәйкес біріздендіру.
7.2.2. Тұқым және (немесе) отырғызу материалы импортына өте тәуелді мүше мемлекеттердің аумақтарында ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тізбесін қалыптастыру.
7.2.3. Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымын өндірушілердің бірыңғай тізілімін қалыптастыру.
7.3. Мүше мемлекеттердің аумақтарында асыл тұқымды мал шаруашылығының тиімділігін арттыру.
7.3.1. Қажет болған кезде мүше мемлекеттердің асыл тұқымдық ресурстардың импортына елеулі тәуелділігі бар мал шаруашылығының кіші салаларында асыл тұқымдық өнімді импортты алмастыруға бағытталған шараларды іске асыруы.
7.3.2. Мүше мемлекеттердің аумақтарында асыл тұқымдық істі ұйымдастырудың тиімділігін арттыру факторы ретінде жануарларды есепке алу жөніндегі Халықаралық комитеттің жалпыға бірдей танылған ұсынымдары мен әдістемелерін мүше мемлекеттердің енгізуі.
7.3.3. Мүше мемлекеттерде жүргізілетін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету тәртібін қабылдау.
7.4. Маңызды инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеу және іске асыру.
7.4.1. Мүше мемлекеттердің аумақтарында "Шығыс – Батыс" және "Солтүстік – Оңтүстік" бағыттарында, оның ішінде Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасымен ұштасу шеңберінде көлік инфрақұрылымын құру және дамыту.
7.5. Өнеркәсіптік кооперацияны ынталандыру және өндірушілер өнімінің экспортын арттыруға жәрдемдесу механизмдерін құру.
7.5.1. Кооперацияны дамыту және өнімді бірлесіп өндіру жөніндегі жобаларды қолдау механизмдерін әзірлеу және енгізу.
7.5.2. Кооперация мен бірлесіп дайындалатын өнім өндірісін кредиттеу механизмін әзірлеу және енгізу.
7.6. Экспортты дамыту бойынша бірлескен шараларды іске асыру.
7.6.1. Бірлесіп өндірілген өнімді экспорттау кезінде, сондай-ақ үшінші елдердің нарықтарында бірлескен жобаларды іске асыру кезінде ұлттық деңгейде қолданылатын кредиттік-сақтандыру және өзге де қаржылық қолдау шараларын ұштастыру.
7.6.2. Мүше мемлекеттердің өздерінің шетелдік экспорттық инфрақұрылымын бірлесіп дамыту және пайдалану практикасын кеңейту.
7.6.3. Мүше мемлекеттердің компанияларын ақпараттық қолдауды қамтамасыз етуге және үшінші елдердің нарықтарына ілгерілетуге бағытталған бірлескен іс-шараларды іске асыру.
7.7. Мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстарды дамыту үшін қосылған құнның өңірлік өндірістік-технологиялық тізбектерін құратын өндірістерді ынталандыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
7.8. Мүше мемлекеттердің интеграциялық құрамдас бөлігі бар (кооперациялық) жобаларды, оның ішінде мынадай салаларда іске асыруы:
ауыл шаруашылығы өндірісі және машина жасау;
автомобиль жасау;
станок жасау;
авиақұрылыс және ғарыш қызметі;
жеңіл өнеркәсіп;
химия өнеркәсібі;
ағаш өңдеу және ағаштан жасалған бұйымдар өндірісі;
энергетикалық машина жасау және электротехникалық өнеркәсіп;
электромобильдер және зарядтау инфрақұрылымы;
теміржол көлігіне арналған өнеркәсіптік өнім;
қара және түсті металлургия;
құрылыс материалдарын өндіру;
зергерлік өнеркәсіп;
фармацевтика өнеркәсібі;
ядролық және радиациялық технологиялар.
8-бағыт. Бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді ынталандыру үшін күш-жігерді біріктіру
8.1. Ғылыми-технологиялық ынтымақтастық бойынша ұсыныстар қалыптастыру.
8.1.1. Ғылыми-техникалық даму бойынша ұсыныстар әзірлеу.
8.1.2. Халықаралық даму институттары – Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын тарта отырып, мүше мемлекеттермен келісілген бірлескен бағдарламалар мен жоғары технологиялық жобаларды іске асыру.
8.1.3. Инновациялық компаниялардың технологиялық әзірлемелерінің мониторингі және озық технологиялық негізде мүше мемлекеттердің экономикаларын дамытуды ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында технологиялық болжаудың қазіргі заманғы әдістерін енгізу.
8.2. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді ынталандыру.
8.2.1. Ғылыми-техникалық прогрестің бірлесіп айқындалатын басымдықтары негізінде мүше мемлекеттердің ғылыми-технологиялық және инновациялық даму саласында бірлескен зерттеулер жүргізуі.
8.2.2. Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер саласындағы жоспарлар туралы өзара хабардар ету.
8.2.3. Өзара қызығушылық тудыратын салаларда бірлескен зерттеулер мен инновациялық жобаларды ұйымдастыру критерийлерін айқындау.
8.2.4. Зерттеушілердің (магистранттарды, аспиранттарды қоса алғанда) біліктілігін арттыру бағдарламасын мүше мемлекеттердің ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарында өзара тағылымдамадан өту арқылы іске асыру.
8.2.5. Ғылым, оның ішінде технологиялар бойынша бірыңғай мемлекетаралық кодификатор бойынша ақпараттың ұлттық дерекқорын қалыптастыру.
8.3. "Жасыл" технологиялар және қоршаған ортаны қорғау саласындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту.
8.3.1. Энергия және ресурс үнемдейтін технологияларды қолдануды ынталандыру үшін Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының құралдарын пайдалану.
8.3.2. "Ақылды" энергия тиімді технологияларды тарату.
8.3.3. Бір реттік пластикті, оның ішінде пакеттерді әкелуге және өндіруге кезең-кезеңмен тыйым салуды енгізу туралы мәселені зерделеу.
8.3.4. "Жасыл" экономика бағдарламаларының тұрақты дамуы мен дамуын қамтамасыз ету бойынша практикалық жұмыс әдістері туралы озық тәжірибемен және ақпаратпен алмасу.
8.3.5. "Жасыл" технологиялар конкурсының қорытындыларын шығара отырып, мемлекеттік билік органдары, мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтары, халықаралық ұйымдар (ең алдымен БҰҰ) мен қорлар өкілдерінің қатысуымен тұрақты 44 даму мақсаттарында көзделген тақырып бойынша жыл сайынғы іс-шараны өткізу туралы мәселені зерделеу және пысықтау.
8.3.6. Мүше мемлекеттердің энергия үнемдеу, энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылы.
8.3.7. Одақта "жасыл" экономика қағидаттарын енгізу тұжырымдамасын әзірлеу.
9-бағыт. Қабылданған уағдаластықтардың орындалуына кепілдік беретін Одақтың барынша пәрменді институционалдық жүйесін қамтамасыз ету
9.1. Комиссия қызметінің тиімділігін арттыру.
9.1.1. Комиссия Алқасына мүше мемлекеттердің Одақ құқығын сақтауына мониторингті жүзеге асыру жөнінде өкілеттіктер беру.
9.1.2. Комиссия Алқасы мүшелерінің және Комиссияның лауазымды тұлғаларының Одақ құқығын сақтамағаны және Одақ органдарының актілерін орындамағаны үшін жауаптылығын көздейтін механизм құру.
9.1.3. Комиссия Алқасына Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуі шеңберінде мүше мемлекеттердің міндеттемелерді орындауына қатысты бөлігінде Одақ органдарының шешімдері орындалмаған кезде Одақтың Сотына жүгіну құқығын беру.
9.1.4. Комиссия Алқасына қажетті шаралар қабылдау мақсатында ішкі нарықтың жұмыс істеуі шеңберінде мүше мемлекеттердің міндеттемелерді орындауына қатысты мәселелер бойынша Одақ Сотының шешімі орындалмаған жағдайда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске жүгіну құқығын беру.
9.1.5. Комиссия қызметкерлерін мерзімді келісімшарттарға ауыстыру.
9.1.6. Одақ органдары актілерінің нормативтік құқықтық сипаты бар Кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларына нақты әсерін бағалау механизмін енгізу.
9.1.7. Реттеуші әсерді бағалау рәсімін жүргізу шеңберінде Комиссия актілерінің жобаларын жария талқылау үшін ақпараттық портал құру.
9.1.8. Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын жетілдіру және Комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру рәсімдерінің тиімділігін арттыру.
9.1.9. Комиссияның қаржы-шаруашылық қызметіне аудит жүргізу рәсімін жетілдіру.
9.1.10. Одақ құқығына сәйкес Комиссия Алқасы мүшелері қызметінің тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлеу.
9.1.11. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің өтініштері бойынша дауларды қарау үшін Одақ шеңберінде халықаралық төрелік құру туралы бастаманы пысықтау.
9.1.12. Онлайн-трансляциялар өткізу арқылы Комиссия Алқасы отырыстарын өткізудің ашықтығын арттыру.
9.1.13. Комиссияның этикалық кодексін әзірлеу.
9.1.14. Комиссияның Одақтағы өзара сауда, тауарлар айналымы және қызметтер көрсету мәселелерін қозғайтын мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына Одақ құқығының бұзылуы тұрғысынан мониторинг жүргізуі.
9.1.15. Кәсіпкерлік қызметті жүргізу талаптарына әсер етуі мүмкін Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттардың жобаларына қатысты реттеушілік әсерді бағалау рәсімін Одақта жүргізу үшін құқықтық негізді қалыптастыру.
9.2. Одақтың сот жүйесінің тиімділігін арттыру.
9.2.1. Дауларды сотқа дейін реттеу мақсатында (мүше мемлекеттер арасында экономикалық даулар туындаған жағдайда) мүше мемлекеттердің комиссияға жүгіну мүмкіндігін пысықтау.
9.2.2. Одақ Соты шешімдерінің міндетті орындалуын қамтамасыз ету механизмін құру.
9.2.3. Одақ Сотының судьяларын іріктеу және тағайындау механизмін жетілдіруге, сондай-ақ одақ сотының судьяларына, Одақ Соты аппаратының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын жетілдіруге қатысты мәселелерді пысықтау.
9.3. Халықтың Одақ туралы ақпаратқа кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету, комиссия қызметінің ашықтығын арттыру.
9.4. Комиссияның мүше мемлекеттермен бірлесіп сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесінде "бір терезе" механизмін іске асырудың басым құралдарын әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуі.
9.5. Мүше мемлекеттердің азаматтарын, қоғамдық бірлестіктері мен бизнес-қоғамдастықтарын Одақтың жұмыс істеу процестеріне кеңінен тарту және олардың еуразиялық интеграцияны дамытудың одан арғы бағыттарын айқындауға қатысуы.
10-бағыт. Білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт саласындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту
10.1. Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыру кезінде өзара іс-қимылдың желілік нысандарын дамыту және білім туралы ресми құжаттардың ақпараттық қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қазіргі заманғы еңбек нарығы үшін кадрлар даярлау мақсатында қашықтықтан білім беру бағдарламаларын дамыту.
10.1.1. Қашықтықтан білім беруді дамыту, оның ішінде:
кейіннен танымал жаһандық білім беру платформаларында (Coursera, edX және т.б.) орналастыра отырып, онлайн-бағдарламаларды бірлесіп әзірлеу;
мүше мемлекеттердің әріптес жоғары оқу орындарының жекелеген бағдарламалары бойынша ЖОО студенттерін қашықтықтан оқыту және (немесе) оқу (ғылыми) практикасы мүмкіндігін зерделеу.
10.1.2. Ақпараттық-телекоммуникациялық "Интернет" желісіндегі бейінді порталдарға білім туралы мемлекеттік құжаттар (мемлекеттік құжаттарға теңестірілген білім туралы құжаттар) туралы, сондай-ақ осындай құжаттарды иеленушілердің академиялық және кәсіптік құқықтары туралы ресми материалдарды орналастыру туралы мәселені пысықтау.
10.1.3. Мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне білім беру мекемелері (білім беру саласындағы ұйымдар) берген білім туралы құжаттардың түпнұсқалығын қашықтықтан тексеру механизмін құру туралы мәселені пысықтау.
10.1.4. Одақ шеңберінде еңбек ресурстары нарығының жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін мүше мемлекеттердің кәсіптік қызметтің әртүрлі (оның ішінде медициналық, педагогикалық, заңгерлік және фармацевтикалық білім беру саласындағы) мамандарының біліктіліктерін дәйекті жақындастыру қажеттілігі туралы мәселені пысықтау.
10.2. Одақтың білім беру саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйесін құру.
10.2.1. Мүше мемлекеттердің ұлттық білім беру стандарттары мен негізгі жалпы білім беру бағдарламалары туралы мәліметтерді қамтитын білім беру саласында бірыңғай ақпараттық портал құру туралы мәселені пысықтау.
10.2.2. Еңбек және көрсетілетін қызметтер нарығын дамытуға бағытталған ұсынымдарды әзірлеу мақсатында мүше мемлекеттердің білім беру жүйелері мен бағдарламаларының салыстырмалылығына талдау жүргізу.
10.3. Денсаулық сақтау саласындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту.
10.3.1. Мүше мемлекеттердің азаматтары үшін денсаулық сақтау саласындағы қазіргі заманғы жетістіктердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар бағдарламасын әзірлеу және қабылдау.
10.3.2. Мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне жұмысқа орналасу мемлекетінде медициналық көмек көрсету саласында өзара іс-қимыл жасау тәсілдерін әзірлеу.
10.3.3. Озық әдістер мен мамандандырылған білімге қол жеткізуді жеңілдету үшін денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер бойынша халықаралық форумдарды ұйымдастыруға және өткізуге қатысты мәселелерді зерделеу.
10.3.4. Одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде мүше мемлекеттер үшін өзара қызығушылық тудыратын фармацевтика саласындағы бірлескен бастамалар мен жобаларды пысықтау және іске асыру.
10.3.5. Озық технологияларды пайдалана отырып, кооперациялық негізде медициналық оңалту орталықтарын дамыту туралы мәселені зерделеу.
103.6. Темекіге, алкогольге және есірткіге тәуелділікке қарсы күресте халықаралық тәжірибені қолдану туралы мәселені зерделеу.
10.3.7. Одақ шеңберінде қызметін жүзеге асыратын халықаралық қаржы даму институттарының құралдарын пайдалана отырып, денсаулық сақтау саласындағы бірлескен бастамалар мен кооперациялық жобаларды (ең алдымен, инфекциялық аурулардың профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу жөніндегі ғылыми зерттеулер мен инновациялық әзірлемелерді енгізу саласында) қолдау мен қаржыландырудың тиімді механизмдерін құру.
10.3.8. Эпидемиялық әлеуеті бар инфекциялық ауруларды диагностикалау, олардың алдын алу және оларға ден қою үшін ғылыми-практикалық және кадрлық әлеуетті арттыру саласында жәрдем көрсетуге бағытталған бірлескен жобаларды мүше мемлекеттердің іске асыруы.
10.3.9. Қазіргі заманғы оқыту технологияларын пайдалана отырып, мүше мемлекеттердің үздіксіз медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы ынтымақтастығын дамыту.
10.3.10. Инфекциялық аурулар қоздырғыштарының жаңа түрлері туралы ғылыми деректермен алмасу үшін өзара іс-қимыл жасау және инфекциялық аурулардың алдын алуға, диагностикалауға және емдеуге инновациялық тәсілдерді әзірлеу саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу.
10.4. Еңбек көші-қоны саласында денсаулық сақтау мен медициналық қызмет көрсетудің ортақ тәсілдерін жетілдіру.
10.4.1. Әлеуметтік қауіпті аурулардың (туберкулез, АИТВ-инфекциясы, көбінесе жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) таралуына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттердің медициналық және эпидемиологиялық қызметтерінің трансшекаралық өзара іс-қимылының тиімді механизмдерін құру.
10.5. Жұмысқа орналастырушы мемлекетте мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелері үшін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін жағдайлар жасау.
10.5.1. Мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне жұмысқа орналастырушы мемлекетте тегін медициналық көмек көрсету шеңберінде медициналық қызметтердің ең төменгі стандартты жиынтығын айқындау туралы мәселені пысықтау.
10.5.2. Халықтың тұрақты тұратын мемлекеттен тыс жоғары білікті мамандардың қызметтеріне қол жеткізуін кеңейту, медицина мамандарының онлайн-консилиумдарын қалыптастыру мақсатында телемедицина технологияларын пайдалану мүмкіндігін зерделеу.
10.5.3. Мүше мемлекеттердің азаматтарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастығын жүзеге асыру.
10.6. Қазіргі заманғы жетістіктердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттердің туризм және спорт саласындағы экономикалық ынтымақтастығын кеңейту.
10.6.l. Бірлескен еуразиялық туристік бағыттарды әзірлеу. Туристік маршруттар мен объектілер туралы бірыңғай ақпараттық ресурс құру туралы мәселені пысықтау.
10.6.2. Туристік қызмет көрсету сапасының стандарттары бойынша ұсыныстар әзірлеу.
10.6.3. Азаматтар үшін осы саладағы қазіргі заманғы жетістіктердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттердің спорт саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттарын әзірлеу және қабылдау.
10.6.4. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру кезіндегі өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін зерделеу.
10.6.5. Одақ шеңберінде туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу.
11-бағыт. Одақты қазіргі заманғы әлемнің неғұрлым маңызды даму орталықтарының бірі ретінде қалыптастыру
11.1. Одақ жанындағы байқаушы мемлекет институтының әлеуетін пайдалану.
11.1.1. Одақ жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін алған мемлекеттермен диалогты дамыту, Одақтағы мүшелікті және Одақ жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін алуды танымал ету.
11.2. Одақтың және оған мүше мемлекеттердің үшінші тараптармен халықаралық шарттарын имплементациялау.
11.2.1. Одақтың үшінші елдермен сауда келісімдерінде, сондай-ақ Одақ органдарының актілерінде көзделген құралдарды Одақ тарапынан сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың мүдделерін қорғау және ілгерілету мақсатында мүше мемлекеттердің үшінші елдердің нарықтарына кіруін қамтамасыз ету үшін пайдалану.
11.2.2. Тауарлардың шығарылуын верификациялау мен сертификаттаудың электрондық жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Одақтың ақпараттық ресурстарын пайдалану.
11.3. Преференциялық сауда режимдерін қалыптастыру, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және жан-жақты тереңдету мәселелері бойынша Одақтың және оған мүше мемлекеттердің үшінші елдермен және олардың интеграциялық бірлестіктерімен шарттық-құқықтық базасын одан әрі қалыптастыру.
11.3.1. Египет Араб Республикасымен және Израиль мемлекетімен келіссөздерді аяқтау және еркін сауда аймақтарын құру (Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарын жасасу).
11.3.2. Үндістан Республикасымен еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздер жүргізу.
11.3.3. Одақтың негізгі серіктестерімен 2025 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту тәсілдерін айқындайтын стратегиялық құжатты бекіту.
11.3.4. Еркін сауда туралы келісімдер бойынша жаңа әріптестерді айқындау, еркін сауда туралы келісімдер жасасудың орындылығын зерделеу үшін олармен бірлескен зерттеулер жүргізу, олармен келісімдер жасасу туралы келіссөздер жүргізу.
11.3.5. Шарттың 38-бабы шеңберінде мүше мемлекеттерді үйлестіруге жәрдемдесу мақсатында мүдделі мүше мемлекеттердің бастамасы бойынша олардың көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар режимі бойынша шет мемлекетпен (шет мемлекеттер одағымен) келіссөздеріне комиссия тарту.
11.4. Ынтымақтастық механизмдері белгіленген немесе Одақпен өзара іс-қимыл жасауға қызығушылық танытатын үшінші елдермен өзара іс-қимыл, оның ішінде ынтымақтастық туралы меморандумдарды іске асыру.
11.4.1. Негізгі экономикалық іс-шаралар шеңберінде Комиссия желісі бойынша ұйымдастырылатын еуразиялық мәселелер бойынша жария іс-шараларға шетелдік әріптестерді қатысуға тарту.
11.4.2. Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесі желісі бойынша үшінші елдердің іскерлік топтарымен бизнес-диалогты күшейту, оның ішінде:
Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесі шеңберінде Одақ пен өзара іс-қимылдың орнықты механизмдері бар немесе Одақпен ынтымақтастыққа мүдделілік танытатын үшінші елдер арасында бизнес-байланыстарды дамыту механизмдерін қалыптастыру; комиссияның құзыретін ескере отырып, салалық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесінің желісі бойынша мүше мемлекеттер мен үшінші елдер арасында тікелей іскерлік байланыстарды жолға қою.
11.5. Шартта айқындалған салаларда ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастық механизмдерін дамыту.
11.5.1. Комиссия мен ТМД Атқарушы комитеті өкілдерінің өз құзыреті шегінде Одақ және ТМД жұмыс органдарының отырыстарына қатысуы.
11.5.2. ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен тәжірибе және ақпарат алмасу, өзара мүдделілік білдірілген мәселелер бойынша консультациялар өткізу.
11.5.3. Тауарлар нарықтарының жұмыс істеу тиімділігін, айналыстағы тауарлардың қауіпсіздігін арттыру, тұтынушылардың құқықтарын хабардар ету және тиісінше қорғау мақсатында Одақтың ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен өзара іс-қимылы.
11.6. өңірлік жетекші экономикалық бірлестіктермен жүйелі диалогты дамыту.
11.6.1. Үздік интеграциялық тәжірибелерді талдау және пайдалану.
11.6.2. Еуропалық одақпен диалог орнату:
техникалық реттеу, санитариялық және ветеринариялық шараларды қолдану, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, бәсекелестік, сауда саясатының кейбір аспектілері салаларында, сондай-ақ Одақ қызметінің басқа да бағыттары бойынша Комиссия мен Еуропалық комиссия арасындағы диалогты дамыту (Еуропалық одақтың мамандандырылған органдарымен өзара іс-қимылды қоса алғанда);
Комиссия өзара іс-қимылды ресімдеген Еуропалық одақ елдерінің үкіметтерімен, сондай-ақ Комиссиямен өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі Еуропалық одақ елдерінің үкіметтерімен диалогты дамыту;
мүше мемлекеттер мен Одақ және Еуропалық одақ органдары өкілдерінің қатысуымен халықаралық конференциялар мен басқа да іс-шаралар өткізу.
11.6.3. Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығымен сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету:
іскерлік форумдар өткізуді және басқа да бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруды, өзара мүдделі салаларда ақпарат пен тәжірибе алмасуды көздейтін Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығымен бірлесіп жұмыс бағдарламаларын әзірлеу.
11.6.4. Шартта айқындалған салаларда Шанхай ынтымақтастық ұйымымен диалогты дамыту:
ресми және іскер топтар өкілдерінің, сондай-ақ мүше мемлекеттер мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің сарапшылық қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен жария іс-шаралар өткізу мақсатында Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық ету алаңдарының әлеуетін пайдалану.
11.6.5. Оңтүстік Американың ортақ нарығымен (МЕРКОСУР), Тынық мұхит Альянсымен және Анды қоғамдастығымен, оның ішінде экономикалық ынтымақтастықты неғұрлым тиімді ішкі дамыту және тереңдету үшін іскер топтарға тікелей байланыстар орнатуға және тәжірибе алмасуға жәрдемдесу мақсатында бірлескен бизнес-форумдар ұйымдастыру арқылы ынтымақтастықты тереңдету.
11.6.6. Африка одағымен өзара іс-қимылды дамыту:
инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы, сауда, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, өңірлік экономикалық интеграция саласындағы өзара іс-қимылды жандандыру;
іскер топтар өкілдерінің арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесу және тәжірибе алмасу.
11.6.7. Латын Америкасы, Азия, Африка және Таяу Шығыстың жетекші өңірлік экономикалық интеграциялық бірлестіктерімен диалог орнату.
11.7. Жаһандық экономика саласындағы халықаралық ұйымдармен және талдау орталықтарымен өзара іс-қимылды тереңдету.
11.7.1. Одақтың БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы байқаушы мәртебесін алуы. Мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарымен өзара іс-қимылда БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы байқаушы мәртебесін алу туралы БҰҰ-ның қарарын қабылдауға бағытталған шараларды тиісті штат саны бар өкілдікті құрмай іске асыру.
11.7.2. Одақтың БҰҰ жүйесінің өңірлік экономикалық комиссиялары мен ұйымдарында және олардың жұмыс органдарында өкілдігін қамтамасыз ету:
көлік құралдары саласындағы қағидаларды келісу үшін Дүниежүзілік форумға байқаушы ретінде Одақтың қатысу мүмкіндігін пысықтау
(WP.29 БҰҰ ЕЭК);
бірлескен іс-шаралар мен көпжақты кездесулер өткізу.
11.7.3. Комиссиямен тиісті меморандумдар шеңберінде БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясымен, БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен, БҰҰ-ның Латын Америкасы мен Кариб бассейніне арналған экономикалық комиссиясымен өзара іс-қимылды дамыту.
11.7.4. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясымен ынтымақтастықты дамыту:
инклюзивті және орнықты даму, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағыттары бойынша өзара іс-қимыл жасау;
мүше мемлекеттердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі ұсыныстарды дайындау кезінде әлемдік тәжірибені пайдалану;
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама және саясат мәселелері бойынша үкіметаралық сарапшылар тобының жұмысына қатысу;
бірлескен іс-шараларды, көпжақты кездесулерді, оның ішінде БҰҰ бәсекелестік жөніндегі кешенінің F секциясына сәйкес басшылық қағидаттар мен рәсімдер шеңберінде өткізуді, бірлескен талдамалық жұмыстарды жүргізуді қоса алғанда, бәсекелестік саласындағы ынтымақтастықты дамыту.
11.7.5. Дүниежүзілік кеден ұйымымен (ДКҰ) ынтымақтастықты дамыту:
Одақтың ДКҰ-ға мүше мәртебесін алуына бағытталған мүше мемлекеттермен бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру;
ДКҰ-ның негіз қалаушы құжаттарына Одақтың қосылу мүмкіндігін пысықтау.
11.7.6. 2019 жылғы 7 мамырдағы Еуразиялық экономикалық комиссия мен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен ынтымақтастықты дамыту (ақпарат алмасу, іс-шараларға қатысу).
11.7.7. ДСҰ-мен ынтымақтастықты жандандыру:
Комиссия Кеңесі бекітетін тізбе бойынша Одақтың ДСҰ-ның жекелеген органдарында байқаушы мәртебесін алуы үшін ДСҰ Хатшылығымен және ДСҰ-ның тиісті жұмыс органдарымен өзара іс-қимыл жасау.
11.7.8. Аккредиттеу жөніндегі халықаралық форуммен, Зертханаларды аккредиттеу жөніндегі халықаралық ұйыммен, Аккредиттеу жөніндегі еуропалық ұйыммен, Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйыммен, Халықаралық электротехникалық комиссиямен және Халықаралық заңнамалық метрология ұйымымен ынтымақтастықты қамтамасыз ету.
11.7.9. Еуропа Кеңесінің дәрілік заттардың сапасы және денсаулық сақтау жөніндегі Еуропалық директоратымен, медициналық қолдануға арналған дәрілік препараттарды тіркеуге қойылатын техникалық талаптарды үйлестіру жөніндегі халықаралық кеңеспен және Медициналық бұйымдарды реттеушілердің халықаралық форумымен ынтымақтастықты қамтамасыз ету.
11.7.10. ЭЫДҰ жаһандық форумдарының жұмысына, басқа да іс-шараларға және ЭЫДҰ құрылымдарының жұмысына қатысу:
Одақ құқығына ЭЫДҰ халықаралық стандарттарын имплементациялау және халықаралық алаңда жаһандық проблемаларды шешуге Одақ тәсілдерін ілгерілету мақсатында Комиссия мен ЭЫДҰ ынтымақтастығының ықтимал форматтарын әзірлеу және кейіннен іске асыру;
мүше мемлекеттердің ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимылы мәселелері жөніндегі комиссия алаңында ынтымақтастығын дамыту;
ЭЫДҰ бәсекелестік жөніндегі жаһандық форумының жұмысына, басқа да іс-шараларға және ЭЫДҰ құрылымдарының бәсекелестік саласындағы жұмысына қатысу;
ЭЫДҰ бәсекелестік жөніндегі өңірлік орталығының оқыту бағдарламаларына қатысу.
11.7.11. Мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің экспортын қолдау институттарының өзара іс-қимыл форматтарын дамыту.
11.7.12. Халықаралық ұйымдармен және бірлестіктермен, оның ішінде ТМД-мен, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымымен, Еуропалық Одақпен, Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығымен, Африка одағымен, сондай-ақ Халықаралық электр байланысы одағымен және т.б. цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл процесін жандандыру және ресмилендіру.
11.8. Үлкен еуразиялық әріптестік идеясы шеңберінде экономикалық өзара іс-қимыл бөлігінде еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестерді ұштастыру мәселелері бойынша үйлестірілген жұмыс жүргізу.
11.8.1. Одақты Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасымен ұштастыру, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымымен, Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығымен өзара іс-қимылды нығайту, Еуропалық Одақпен және Азия мен Еуропаның басқа да көпжақты бірлестіктері мен мемлекеттерімен диалог орнату арқылы үлкен Еуразиялық әріптестіктің интеграциялық контурын қалыптастыру орталықтарының бірі ретінде позициялау.
11.8.2. Одақты Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасымен ұштастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын ("жол картасын") әзірлеу және қабылдау, оны мүше мемлекеттер мен Қытай Халық Республикасымен келісу және жұмыс жоспары ретінде бекіту.
11.8.3. 2018 жылғы 17 мамырдағы бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімде көзделген Одақ пен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияның жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Осы комиссия шеңберінде сауданы реттеу саласындағы салалық ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кіші комитеттер құру.
11.8.4. 2018 жылғы 17 мамырдағы бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімде көзделген салалық ынтымақтастықтың күн тәртібін іске асыру.
11.8.5. Одақ пен Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасының Үлкен Еуразиялық әріптестікті қалыптастырудың негізгі элементі ретіндегі ұштасуын назарға ала отырып, Одақтың "Бір белдеу – бір жол" бастамасын ұштастыруға тәсілдерін үйлестірудің тұрақты жұмыс істейтін механизмін құру.
11.8.6. 2018 жылғы 17 мамырдағы бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру нәтижелерінің бірі ретінде Одақтың Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасымен ұштасуы шеңберінде іске асырылатын және іске асырылуы жоспарланатын салалық ынтымақтастықтың басым жобаларының (интеграциялық жобалардың деректер банкі) тізбесін қалыптастыру және жүргізу. Көрсетілген деректер банкіне екі және одан да көп мүше мемлекеттердің Қытай Халық Республикасымен жобалары және осы мүше мемлекеттің Комиссияға тиісті өтініші жіберілген кезде бір мүше мемлекеттің Қытай Халық Республикасымен екіжақты жобалары енгізіледі.