Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Регламентіне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2007 жылғы 26 маусымдағы N 626-III Қаулысы

      Қазақстан Республикасы Конституциясы 55-бабының 5) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңы 14-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Регламентінің және 175-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Регламентіне өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      1. 55-1-тармақ алып тасталсын.

      2. Мынадай мазмұндағы жаңа 3-1-тараумен толықтырылсын:
      "3-1-тарау. Мәжіліс өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуынан туындаған оның уақытша болмауы кезеңінде Конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау бойынша Республика Парламентінің функциясын орындау.
      55-1. Сенат Конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау бойынша Республика Парламентінің функциясын орындайтын кезеңде заң шығару бастамасы құқығының субъектісі конституциялық заң немесе заң жобасының мәтінін Сенатқа мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қағаз және электронды жеткізгіштерде ресми түрде енгізеді.
      Заң жобасына:
      - заң жобасын арнайы жолдау нысанында енгізу туралы Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған шешім;
      - жобаны Үкімет енгізген немесе ол Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша енгізілсе, Үкіметтің қаулысы;
      - егер заң жобасына Сенат депутаттары бастамашы болса, олардың ұсынуы;
      - заңды қабылдау қажеттігінің негіздемесі, қабылданатын заң мақсаттарының, міндеттерінің, негізгі ережелерінің және болжамды экономикалық, әлеуметтік, заңдық, экологиялық салдарларының жан-жақты сипаттамасы бар түсіндірме жазба;
      - заңнамалық актілерді Президенттің заңнамалық бастама тәртібімен енгізуінен басқа жағдайларда, егер заңды іске асыру шығындарды талап етсе, қаржылық-экономикалық есеп;
      - Сенат депутаттары бастамашы болған, мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды көбейтуді көздейтін заң жобасы бойынша Үкіметтің оң қорытындысы;
      - ғылыми сараптаманың қорытындысы;
      - жобаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган; жұмыс тобының құрамы (егер ол құрылса); заң жобасы бойынша баяндамашы туралы мәліметтер көрсетілген анықтама парақ;
      - заңның қабылдануына байланысты өзгертілуге, толықтырылуға немесе күші жойылды деп танылуға тиіс заң актілерінің тізбесі және заңды іске асыру үшін қажетті нормативтік актілерді әзірлеу туралы ұсыныстар;
      - Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бойынша баптардың қолданыстағы және жаңа редакциясының салыстырма кестесі қоса беріледі.
      Заң жобасымен бірге тәуелсіз сараптаманың қорытындысы табыс етілуі мүмкін.
      Заң жобасы Сенатқа енгізілгеннен кейін Сенат Аппараты белгіленген тәртіпке сәйкес, бірақ екі жұмыс күнінен кешіктірмей оның толықтығына және оған қосымшалардың дұрыстығына тексеру және тіркеу жүргізеді.
      Қажетті қосымшалардың бірі болмаған, сондай-ақ олардың мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі мәтіндері бірдей болмаған жағдайда Сенат Аппараты құжаттарды тіркемей, осы Регламентте белгіленген талаптарды орындау үшін заң жобасының бастамашысына қайтарады.
      55-2. Заң жобасын Сенат Аппаратында тіркегеннен кейін Сенат Бюросы бас комитетті айқындайды, қаралатын заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеудің мерзімін белгілейді және заң жобасын Сенаттың тұрақты комитеттері мен Аппаратына жібереді.
      55-3. Сенатта заң жобаларын қараудың тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясына , "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңына және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
      55-4. Сенат Республика Парламентінің функциясын орындауы кезеңінде Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары, сондай-ақ Сенатқа заң шығару бастамасы құқығының субъектілерінен келіп түскен заң жобалары осы Регламентте белгіленген тәртіппен қаралады және талқылау нәтижелері бойынша Сенат мына шешімдердің біреуін қабылдайды:
      - Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен қабылдансын;
      - заң қабылдансын;
      - заң жобасы қабылданбасын.
      55-5. Сенат Республика Парламентінің функциясын орындауы кезеңінде Сенат лауазымды адамдарының шешімі бойынша Сенат Аппараты Мәжіліс Аппаратынан:
      - Мәжілістің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанға дейін онда тіркелген, соның ішінде Мәжілістің бас комитеті қарауға қабылдаған не қабылдамаған немесе Мәжілістің отырысында бірінші оқылымда қаралған, сондай-ақ заң жобасын Мәжіліс отырысында екінші оқылымда қарау нәтижесі бойынша пысықтау үшін бас комитетке қайтарылған;
      - Сенат өзгерістермен және толықтырулармен Мәжіліске жіберген, өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты Мәжіліс қарамаған;
      - Сенат өзгерістермен және толықтырулармен Мәжіліске жіберген, Парламент палаталарының арасындағы келісу рәсімдерінің сатысында тұрған заң жобаларын қайта сұратып алдыруы мүмкін.
      55-6. Мәжілісте оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанға дейін тіркелген заң жобалары Сенатқа келіп түскеннен кейін олар Сенат Аппаратында тіркеледі және Сенатта Қазақстан Республикасының Конституциясында , "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңда және осы Регламентте белгіленген тәртіппен қаралады.
      55-7. Сенат өзгерістермен және толықтырулармен Мәжіліске жіберген, сондай-ақ келісу рәсімдерінің сатысында тұрған заң жобалары Сенатқа келіп түскеннен кейін Сенат Аппаратында тіркеледі және тиісті бас комитетке беріледі.
      Бұл жағдайда заң жобасы бас комитетте қаралады және Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен не келісу комиссиясының редакциясында, ал келіспеген жағдайда - Сенат ұсынған редакцияда қабылдау туралы ұсыныстарды негіздеп, Сенат отырысының қарауына енгізіледі.
      Талқылау нәтижелері бойынша Сенат мына шешімдердің біреуін қабылдайды:
      - заң Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен қабылдансын;
      - заң келісу комиссиясының редакциясында, ал келіспеген жағдайда - Сенат ұсынған редакцияда қабылдансын.
      55-8. Сенат Республика Парламентінің функциясын орындауы кезеңінде Сенат Мәжілістің қарауындағы не Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларын қарау барысында, қажет болған жағдайда, Сенаттың бас комитеті заң жобасы бойынша баяндамашыны айқындай алады.
      55-9. Сенат қабылдап, Сенат Төрағасының қолы қойылған заң 10 күн ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға жіберіледі.
      55-10. Сенат Республика Парламентінің функциясын орындауы кезеңінде Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайталап талқылау және дауысқа салу Президент қарсылығы жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылығының қабылдануын білдіреді.
      55-11. Республика Президентінің қарсылығымен қайтарылған заңдар немесе заңның баптары Сенат Бюросының шешімімен Сенаттың тиісті тұрақты комитетінің қарауына беріледі, ол Республика Президенті өкілінің қатысуымен қорытынды дайындайды және оны заңмен немесе тиісінше баптармен және Президенттің қарсылықтарымен Сенаттың қарауына енгізеді.
      55-12. Егер қарсылықтарды Сенаттың тұрақты комитетінде және Сенаттың отырысында қарау нәтижелері бойынша Президент Сенат депутаттарының ұсыныстарын ескере отырып, қарсылығында тұтастай заңның не тиісінше оның жекелеген баптарының өзі ұсынған редакциясын өзгертсе, Сенат отырысында төрағалық етуші Президент өзгерістерімен қаралған қарсылықтарды бірден дауысқа қоюға құқылы.
      55-13. Сенат отырысында қайталап талқылау бас комитет өкілінің сөз сөйлеуімен басталады. Бұдан кейін талқылау үшін сөз депутаттарға кезек ретімен беріледі.
      55-14. Заңды немесе оның жекелеген баптарын Сенат отырысында қайталап талқылау және дауысқа салу кезінде, егер заң тұтастай Президенттің қарсылығын тудырған болса, дауысқа салу заң бойынша тұтастай не Республика Президентінің қарсылығын тудырған баптар бойынша жүргізіледі.
      55-15. Егер Сенат депутаттардың жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен заң бойынша тұтастай немесе оның жекелеген баптары бойынша өзі бұрын қабылдаған шешімін растаса, Республика Президентінің қарсылығы еңсерілген болып есептеледі. Бұл жағдайда заң немесе оның баптары Парламент оны бірінші рет қабылдаған редакцияда қабылданған деп есептеледі және Президент бір айдың ішінде заңға қол қояды.
      15-16. Егер Президенттің қарсылығы еңсерілмесе, заң Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.
      55-17. Мемлекет Басшысының қабылданған конституциялық заңдарға қарсылығын Сенат Қазақстан Республикасының Конституциясы , "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заң және Регламенттің осы тарауында көзделген тәртіппен қарайды. Бұл ретте Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын Сенат Палата депутаттарының жалпы санының кем дегенде төрттен үш даусымен еңсереді.".

      Қазақстан Республикасы
      Парламенті Сенатының
      Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады