ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 28 қаңтар. Күші жойылды - 1995 жылғы 30 тамызда жаңа конституцияның қабылдануына байланысты. ҚР Президентінің 1995 жылғы 6 қыркүйектегі № 2454 Жарлығын қараңыз.

      Біз, Қазақстан халқы,

      дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып,

      қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып,

      адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып,

      демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап,

      азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және

      өз ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді

      қалай отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз және

      конституциялық құрылыстың мынадай негіздерін жариялаймыз:

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС НЕГІЗДЕРІ

      Бірінші. Қазақстан Республикасы (Қазақстан) —демократиялық, зиялы және біртұтас мемлекет.

      Өзін-өзі билейтін қазақ ұлты мемлекеттілігінің түрі ретінде Қазақстан Республикасы өзінің барлық азаматының құқық теңдігін қамтамасыз етеді.

      Екінші. Қазақстан Республикасының жері тұтас, ол бөлінбейді және оған қол сұғуға болмайды.

      Үшінші. Қазақстан Республикасы адамды, оның өмірін, бостандығы мен ажырамас құқығын ең қымбат қазына деп таниды және өз қызметін азамат пен қоғам мүдделері үшін жүзеге асырады.

      Төртінші. Қазақстан халқы Республика мемлекеттік өкімет билігінің бірден-бір қайнар көзі болып табылады.

      Халық мемлекеттік өкімет билігін тікелей және өз өкілдері арқылы жүзеге асырады. Мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру құқығын халықтың қандай да бір бөлігі не ұйым, немесе жекелеген адам иемдене алмайды.

      Қазақстанның бүкіл халқы атынан билік жүргізуге өздерінің конституциялық өкілеттігі шегінде Республика Жоғарғы Кеңесі мен Президентінің ғана құқы бар.

      Бесінші. Қазақстан Республикасы Республика Конституциясы мен заңдары ауқымында әрекет ететін қоғамдық бірлестіктердің тең құқылы мүмкіндіктері болуына кепілдік береді.

      Қоғамдық бірлестіктердің идеологиясы мемлекеттік идеология орнына жүре алмайды.

      Алтыншы. Қазақстан Республикасында мемлекеттік өкімет билігі оны заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципіне негізделеді. Соған сәйкес мемлекеттік органдар өз өкілеттігі ауқымында дербес болады, тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалана отырып, өзара ықпалдасып іс-әрекет жасайды.

      Заң шығарушы конституциялық құрылыс негіздерінің бұлжымастығына сүйенеді. Мемлекеттік өкімет билігі Республика Конституциясы мен заңдары негізінде жүзеге асырылады.

      Жетінші. Қазақстан Республикасы Конституциясының ең жоғарғы заңдық күші бар. Оның тұжырымдары тікелей қолданылады. Конституция ережелеріне қайшы келетін заңдар мен өзге де құжаттардың заңдық күші болмайды.

      Сегізінші. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі.

      Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады.

      Мемлекет ұлтаралық қарым-қатынас тілі мен басқа да тілдердің қолданылу аясын сақтауға кепілдік береді, олардың еркін дамуына қамқорлық жасайды.

      Мемлекеттік тілді немесе ұлтаралық қарым-қатынас тілін білмегендік себептері бойынша азаматтардың құқығы мен бостандығын шектеуге тыйым салынады.

      Тоғызыншы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары - Елтаңбасы, Жалауы, Гимні бар.

      Қазақстан Республикасының астанасы - Алматы қаласы.

I бөлім. АЗАМАТ, ОНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ, БОСТАНДЫҒЫ МЕН

МІНДЕТТЕРІ

1-тарау

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕ

      1-бап. Қазақстан Республикасының азаматтарына нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, әлеуметтік, мүліктік және лауазымдық жағдайына, әлеуметтік тегіне, тұрғылықты жеріне, дінге көзқарасына, сеніміне, қоғамдық бірлестікке мүшелігіне, сондай-ақ бұрын қылмыстық жазаға тартылғанына қарамастан құқықтар мен бостандықтар теңдігіне кепілдік беріледі.

      Азаматтарды кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салынады.

      2-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында құқықтар мен бостандықтары жүзеге асыруды шектеуге басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, конституциялық құрылысты қорғау мақсатында ғана жол беріледі. Бұл орайда конституциялық құқықтар мен бостандықтар мәніне нұқсан келтірілмеуге тиіс.

      3-бап. Адамның және азаматтың құқығы мен бостандығы туралы Қазақстан Республикасы таныған халықаралық-құқылық құжаттар Республика аумағында оның заңдарынан басым болады.

2-тарау

АЗАМАТТЫҚ

      4-бап. Қазақстан Республикасында әрбір адамның азаматтық алуға және оны өзгертуге құқы бар.

      Республика азаматтығын алудың, сақтаудың және одан айрылудың негіздері мен тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді. Қазақстан Республикасының азаматтығынан немесе азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ азаматтарды Республика шегінен тыс жерлерде аластауға жол берілмейді.

      Осы Конституцияда және Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын адам басқа мемлекеттің азаматы болып танылмайды.

      Республика аумағынан лажсыз кеткен республиканың барлық азаматтарының, сондай-ақ басқа мемлекеттерде тұратын қазақтардың басқа мемлекетердің азаматтығымен қатар, егер бұл өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің заңдарына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының азаматы болу құқығы танылады.

      5-бап. Қазақстан Республикасы өз аумағынан тыс жерлердегі азаматтарына қамқорлық жасайды, олардың құқығы мен бостандығын қорғайды.

      Егер Республика таныған халықаралық-құқылық құжаттарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.

      6-бап. Қазақстан Республикасы аумағында жүрген және оның азаматы болып табылмайтын адамдар Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және мемлекетаралық шарттарында белгіленген барлық құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ барлық міндеттерді атқарады, бұған Қазақстан Республикасы заңдарында және мемлекетаралық шарттарында көзделген шектеулер кірмейді.

      7-бап. Қазақстан Республикасы адам құқықтары бұзылуынан зардап шеккен шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарды паналатуға құқылы.

3-тарау

АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚ ПЕН БОСТАНДЫҚ

      8-бап. Өмір сүру құқығы - әрбір адамның табиғи да ажырамас құқығы. Ешкімді де өмірден еріксіз айыруға болмайды.

      Өлім жазасы сот үкімі бойынша айрықша жағдайларда ғана белгіленуі мүмкін.

      Өлім жазасына кесілген әрбір адамның кешірім жасау туралы өтініш беруге құқы бар.

      9-бап. Адамның және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды.

      10-бап. Республика азаматының сөз, сенім бостандығына және оларды еркін білдіруге құқы бар. Ешкімді де өз сенімін білдіруге мәжбүр етуге не сенімі үшін қудалауға болмайды.

      11-бап. Республика азаматы өз қалауы бойынша кез келген заңды жолмен ақпарат алуға және таратуға құқылы.

      12-бап. Республика азаматына ар-ождан бостандығына - өзінің дінге көзқарасын дербес белгілеу, олардың кез келгенін уағыздау не ешқайсысын уағыздамау, дінге көзқарасына байланысты сенімін тарату және соларға сәйкес іс-әрекет жасау құқығына кепілдік беріледі.

      13-бап. Республика азаматының еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты қоныс таңдауға құқы, сондай-ақ Республика аумағынан еркін кетуге және қайтып оралуға құқы бар.

4-тарау

САЯСИ ҚҰҚЫҚТАР МЕН БОСТАНДЫҚТАР

      14-бап. Республика азаматтарының мемлекеттік істерді басқаруға, мемлекеттік және жергілікті маңызы бар заңдар мен шешімдерді талқылауға, қабылдауға тікелей де, өз өкілдері арқылы да қатысуға құқы бар.

      15-бап. Республика азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар бостандығына кепілдік беріледі.

      16-бап. Республика азаматтары өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру үшін ерік-жігерін ықтиярымен білдіру және мүдделер ортақтығы негізінде қоғамдық бірлестіктер құруға құқылы.

      17-бап. Республика азаматтарының мемлекеттік қызмет атқару құқы тең. Мемлекеттік қызметші лауазымына үміткерге қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады.

5-тарау

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰҚЫҚТАР

      18-бап. Республика азаматының меншік иесі болуға құқы бар.

      Меншік иесі өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иеленеді, пайдаланады және оған билік етеді.

      Мүлікті пайдалану экологиялық ортаға нұқсан келтірмеуге, азаматтардың, заңды ұйымдар мен мемлекеттің құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбауға тиіс.

      19-бап. Республика азаматының еңбек етуге құқы бар, ол әрбір адамның дербес өндіруші ретінде немес еңбек шарты бойынша өз қалауына, қабілетіне және арнайы даярлығына сәйкес еркін еңбек етуге мүмкіндік алу құқығын қамтиды.

      Еңбек шартының еркіндігіне кепілдік беріледі.

      Республика азаматының кауіпсіздік және тазалық талаптарына сай келетін еңбек жағдайына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқы бар.

      Еңбек үшін төленетін ақы заңда белгіленген ең төменгі мөлшерден кем болмауға тиіс.

      Сот үкімі бойынша жазаны орындаудан не төтенше жағдай туралы Заңның қолданылуынан басқа реттерде еріксіз еңбекке тыйым салынады.

      20-бап. Республика азаматтарының ереуіл жасауға құқы бар.

      21-бап. Республика азаматының тынығуға құқы бар. Жұмыс уақытының ең көп ұзақтығын, апта сайынғы тынығу мен жыл сайынғы ақылы демалыстың ең аз мөлшерін, сондай-ақ тынығу құқығын жүзеге асырудың өзге де негізгі шарттарын мемлекет белгілейді.

      22-бап. Республика азаматының тұрғын үй алуға құқы бар, Мемлекет тұрғын үй алу құқығын жүзеге асыруға тұрғын үй салуды көтермелеу, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді пайдалануға беру және сату арқылы жәрдемдеседі.

      23-бап. Республика азаматының денсаулығын сақтауға құқы бар.

      Бұл құқық мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде көрсетілетін тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.

      Заңда көзделген негіз бен тәртіп бойынша ақылы медициналық көмек көрсетуге жол беріледі.

      Қазақстан Республикасы жекеше денсаулық сақтау жүйесін дамытуға жәрдемдесіп, денсаулықты нығайтуға, дене шынықтыру мен спортты дамытуға көмектесетін қызметті көтермелеп отырады.

      24-бап. Республика азаматының білім алуға құқы бар.

      Бұл құқық мемлекеттік оқу орындарында орта, арнаулы орта, жоғары білімді тегін берумен қамтамасыз етіледі.

      Заңда көзделген негіз бен тәртіп бойынша азаматтарға ақылы білім беруге жол беріледі.

      Қазақстан Республикасы жекеше білім беру жүйесінің дамытылуына жәрдемдеседі. Білім беруді, ғылым мен мәдениетті дамытуға жәрдемдесетін ұйымдар мен адамдар мемлекеттен қолдау табады. Мемлекет білім берудің, ғылым мен мәдениеттің басым дамытылуын камтамасыз етеді.

      25-бап. Республика азаматының қартайғанда, ауырып-сырқаған, еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айрылған жағдайда және заңмен белгіленген өзге де реттерде әлеуметтік жағынан қамсыздандырылуға құқы бар.

      26-бап. Республика азаматының өмір сүру мен денсаулыққа қолайлы қоршаған табиғи ортада тұруға құқы бар.

      27-бап. Республика азаматтарының көркемдік, ғылыми және техникалық шығармашылық бостандығына кепілдік беріледі.

6-тарау

НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕР

      28-бап. Қазақстан Республикасы азаматының құқығы мен бостандығын жүзеге асыруын оның міндеттерінен ажыратып қарауға болмайды, бұл міндеттердің орындалуы жеке, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз ету үшін қажет.

      29-бап. Қазақстан Республикасының азаматы Республиканың Конституциясы мен заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

      Республика азаматы мемлекеттік нышандарды - Елтаңбаны, Жалауды, Гимнді құрметтеуге міндетті.

      30-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары заң жүзінде белгіленген салықтар мен алымдарды төлеуге міндетті.

      31-бап. Қазақстан Республикасын қорғау - Республиканың әрбір азаматының борышы.

      Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен жүйе бойынша әскери қызмет атқарады.

7-тарау

ҚҰҚЫҚТАР МЕН БОСТАНДЫҚТАР КЕПІЛДІГІ

      32-бап. Азаматты қандай да болсын құқығы мен бостандығынан айыруға немесе олардан шектеуге ешкімнің қақысы жоқ, мұны осы Конституцияға сәйкес қана істеуге болады.

      Белгіленген тәртіппен жарияланбаған заңдар және басқа да қалыпты құжаттар қолданылмауға тиіс.

      33-бап. Азаматтың жеке өміріне қол сұғуға болмайды.

      Азаматтың жеке өміріне араласуға, сондай-ақ оның ар-намысы мен кадір-қасиетіне қол сұғуға тыйым салынады. Азаматтың келісуінсіз жеке басына қатысты ақпарат жинауға, сақтауға, пайдалануға және таратуға заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.

      Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды адамдар әрбір азаматқа өз құқығы мен мүддесіне қатысты құжаттармен, шешімдермен және өзге де материалдармен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

      Заңда көзделген реттер мен тәртіп бойынша болмаса, ұстауға, тексеруге немесе тінтуге, сол сияқты жеке бостандықты шектеудің басқа да кез келген түріне жол берілмейді.

      Ешкімге де азаптайтын, қатал немесе қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттер мен жаза қолданылмауға тиіс.

      34-бап. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Заңда белгіленген келілдіктер сақталып жасалған реттерде болмаса, тұрғын үйден айыруға, оған басып кіруге, тексеруге, тінтуге жол берілмейді.

      35-бап. Қазақстан Республикасының азаматы қажет болған жағдайда қорғануға құқылы.

      36-бап. Қазақстан Республикасы Конституция мен зандарда баянды етілген барлық құқықтар мен бостандықтардың сот арқылы қорғалуына кепілдік береді.

      Ешкімді де өз ісін заңның барлық талаптары мен әділеттілікті сақтай отырып, құзіретті, тәуелсіз және әділ соттың қарауы құқығынан айыруға болмайды.

      37-бап. Заң мен сот алдында барлық адам тең.

      38-бап. Соттан басқа ешкім де адамды қылмыстың жасалуына кінәлі деп тани алмайды және қылмыстық жазаға тарта алмайды.

      Адамның кінәлілігі заңды күшіне енген сот үкімі бойынша танылмайынша, ол қылмыстың жасалуына кінәлі емес деп саналады. Айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емесі Айыпталушының кінәлілігі жөніндегі күдіктің кез келгені оның пайдасына қарастырылады.

      39-бап. Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңнын кері күші болмайды. Егер құқық бұзылғаннан кейін ол үшін жауаптылықтың күші жойылса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады. Қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді.

      Құқық бұзушылықтың бір түрі үшін ешкім де қайталап жауапты болуға тиіс емес.

      40-бап. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, лауазымды және басқа адамдардың азаматтар құқығына нұқсан келтіретін немесе оны шектейтін кез келген шешімдері мен іс-әрекеттері жөнінде сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      Шағым берген адамға немесе онда мүддесі корғалған адамға зиян келетіндей етіп шағымның өңін айналдыруға болмайды.

      41-бап. Заңсыз жолмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды.

      42-бап. Ешкім де өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы куәгер болуға міндетті емес. Діни қызметшілер өзіне сенім көрсететін діндес адамдарға қарсы куә болуға міндетті емес.

      43-бап. Азамат заңға сәйкес жүзеге асырылатын және мемлекет кепілдік беретін білікті заң көмегін алуға және қорғануға құқылы.

      Адамдардың азаматтарды қорғау және оларға заң көмегін көрсету жөніндегі кызметі дербес әрі тәуелсіз жүргізіледі. Оған араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соқтырады.

      Қорғаушының заң көмегін көрсетуге байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді қорғауындағы адамның келісімінсіз жариялауға қақысы жоқ.

      44-бап. Құқық пен бостандықты уақытша шектеу төтенше жағдай кезеңінде заңға сәйкес белгіленуі мүмкін және ол төтенше жағдай енгізу туралы құжатта тура көрсетілуге тиіс.

      Төтенше жағдай кезеңінде Қазақстан Республикасы Конституциясын, сайлау заңдарын және сот ісін жүргізу туралы заңдарды өзгертуге жол берілмейді, референдумдар мен сайлау өткізілмейді, Жоғарғы Кеңестің және соттардың өкілеттігі мен қызметін, сондай-ақ 8, 9, 12, 22-баптарда, 33-баптың 5-бөлігінде, 35, 36, 39-баптарда көзделген құқықтар мен бостандықтарды шектеуге болмайды.

ІІ бөлім. ҚОҒАМ, ОНЫҢ ҚҰРЫЛЫС НЕГІЗДЕРІ

8-тарау

МЕНШІК ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК

      45-бап. Қазақстан Республикасының экономикасы сан алуан меншік түрлеріне негізделеді.

      Мемлекет барлық меншік субъектісінің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді.

      Меншік объектілері мен субъектілері, олардың негізгі салаларының әр түрі, меншік иелерінің өз құқығын жүзеге асыру шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді.

      46-бап. Жер, оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи байлық тек мемлекеттік меншікте ғана болады.

      Аталған объектілерді меншіктенушінің құқықтарын мемлекет атынан жүзеге асырудың шектері мен субъектілері заңмен белгіленеді.

      47-бап. Жеке меншікке қол сұғуға болмайды.

      Соттың шешімі бойынша болмаса, ешкімді де өз меншігінен айыруға болмайды.

      Мемлекет иелігіне алу заңда тікелей көзделген ерекше реттерде ғана қолданылуы мүмкін.

      Қазақстан Республикасы өз азаматтары мен заңды ұйымдарының басқа мемлекеттер аумағындағы мүлкіне меншік құқығын қорғайды.

      48-бап. Мемлекет жеке кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне кепілдік береді және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етеді.

      Заңды бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, негізсіз артықшылықтар алуға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге бағытталған монополистік және өзге де кез келген қызметке жол берілмейді.

      49-бап. Шетелдік азаматтар мен заңды ұйымдардың, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың кәсіпкерлік қызметі Қазақстан Республикасының қорғауында болады және оның аумағында Республика азаматтары үшін белгіленген жағдайларда жүзеге асырылады, бұған Қазақстан Республикасының заңдары мен мемлекетаралық шарттарында көзделген шектеулер кірмейді.

9-тарау

ОТБАСЫ

      50-бап. Заңда белгіленген жасқа толған еркектер мен әйелдердің некелесіп, отбасын құруға құқы бар.

      Неке ерлі-зайыптылардың ерікті түрде келісуіне және құқылық теңдігіне негізделеді.

      51-бап. Ата-аналардың және олардың орнындағы адамдардың міндеті - балаларды асырау, тәрбиелеу және оқыту. Балаларды тәрбиелеудің және оқытудың сипаты мен түрлері баланың мүддесіне нұқсан келтірмеуге тиіс.

      Еңбекке жарамды балалар өздерінің ата-аналарына қамқорлық жасап, оларға көмек көрсетуге міндетті.

      52-бап. Отбасы, ана, әке болу және балалық шақ қоғам мен мемлекеттің қорғауында болады.

      Мемлекет жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айрылған балаларды асырауды, тәрбиелеуді және оқытуды қамтамасыз етеді, балалар жөніндегі қайырымдылық қызметті көтермелеп отырады.

10-тарау

ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР

      53-бап. Қазақстан Республикасында саяси партиялар, бұқарлық қозғалыстар, кәсіптік, шығармашылық одақтар, азаматтардың діни және басқа бірлестіктері қоғамдық бірлестіктер деп танылады.

      Мемлекет қоғамдық бірлестіктердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

      54-бап. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың қоғамдық бірлестіктер қызметіне заңсыз араласуына, сол сияқты қоғамдық бірлесіктердің мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіне араласуына жол берілмейді.

      Мемлекеттік органдардың міндеттерін қоғамдық бірлестіктерге жүктеуге тыйым салынады.

      Саяси мақсат көздейтін қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік басқару органдарындағы, прокуратура мен соттардағы, қарулы күштердегі, мемлекеттік кәсіпорындардағы, мекемелер мен ұйымдардағы қызметіне жол берілмейді.

      55-бап. Нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік, діни төзбестікті, тектік-дәулеттік астамшылықты жариялайтын немесе іс жүзіне асыратын, конституциялық құрылысты күш қолданып құлатуға шақыратын, Республиканың аумақтық тұтастығына қол сұғатын қоғамдық бірлестіктердің құрылуына және олардың қызметіне тыйым салынады.

      Қазақстан Республикасы аумағында Республика заңдарында көзделмеген әскерилендірілген құрамалар, сондай-ақ жасырын қоғамдар мен бірлестіктер құруға тыйым салынады.

      56-бап. Партиялар азаматтардың саяси ерік-жігерін қалыптастыруға және оны білдіруіне жәрдемдеседі. Саяси партиялардың құрылу, тоқтатылу және қызмет тәртібі заңмен белгіленеді.

      Қазақстан Республикасы аумағында басқа мемлекеттердің саяси партиялары қызметіне жол берілмейді.

      57-бап. Кәсіптік одақтар өз мүшелерінің еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін сақтау, олардың еңбек жағдайларын қорғау мен жақсарту үшін құрылады.

      58-бап. Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген. Мемлекет қандай да болсын дінге немесе атеизмге артықшылық бере алмайды.

      Діни негізде саяси партиялар құруға жол берілмейді. Діни бірлестіктер саяси мақсаттар мен міндеттер көздемеуге тиіс.

III бөлім. МЕМЛЕКЕТ, ОНЫҢ ОРГАНДАРЫ МЕН ИНСТИТУТТАРЫ

11-тарау

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕ

      59-бап. Мемлекет халықтың ресми өкілі болып табылады және өзінің органдары мен институттары арқылы оның еркін білдіріп, іске асырады.

      60-бап. Мемлекет, оның органдары мен лауазымды адамдар заң жүзінде белгіленген өкілеттік шеңберінде жұмыс істейді.

      61-бап. Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет мемлекеттік қызметшілердің Республика халқы мен оның әрбір азаматы алдындағы жауапкершілігіне, мемлекеттік қызметке кіру және оны атқару кезіндегі құқылық теңдікке негізделеді.

      Мемлекеттік қызметшілер азаматтар құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекет пен оның органдарының беделін қолдауға тиіс.

12-тарау

ЖОҒАРҒЫ ҚЕҢЕС

      62-бап. Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының бірден бір заң шығарушы және ең жоғары өкілді органы болып табылады.

      Жоғарғы Кеңестің сан құрамы, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.

      63-бап. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 5 жыл мерзімге сайланады.

      Жоғарғы Кеңестің өкілеттігі оның жаңа құрамының бірінші сессиясы жұмысына кіріскен кезден бастап аяқталады.

      64-бап. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдайды оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;

      2) заңдар және өзге де шешімдер қабылдайды, олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      3) Республика заңдарына ресми түсінік береді;

      4) Қазақстан Республикасының шекарасын өзгерту туралы шешімдер қабылдайды; Республиканың әкімшілік-аймақтық құрылысы мәселелерін шешу тәртібін белгілейді;

      5) республикалық бюджетті бекітеді және оның атқарылуын бақылайды, бюджетке өзгерістер енгізеді, мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді;

      6) Қазақстан Республикасының ақша жүйесін белгілейді;

      7) референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;

      8) мемлекеттік қарыздар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешеді;

      9) өзінің үйлестіру, жұмыс, бақылау және өзге де органдарын сайлайды;

      10) Республика Президентінің Қазақстан Республикасы Премьер-министрін, Премьер-министрінің орынбасарларын, Қазақстан Республикасының сыртқы істер, қорғаныс, қаржы, ішкі істері министрлерін, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын және дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын тағайындауына келісім береді;

      11) Конституциялық Сотты сайлайды;

      12) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотын, Жоғары Төрелік Сотын сайлайды және төменгі соттарды құру тәртібін белгілейді;

      13) Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын тағайындайды;

      14) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкісінің Төрағасын тағайындайды;

      15) Республиканың Конституциясы мен заңдарында көзделген реттер мен тәртіп бойынша Қазақстан Республкасы Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының, Жоғары Төрелік Сотының Төрағасы мен судьяларын, Бас Прокурорын, Ұлттық Банкісінің Төрағасын өз міндеттерінен босатады;

      16) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тағайындайды, құрметті және арнаулы атақтарын, жоғары дипломатиялық дәрежелері мен әскери атақтарын белгілейді;

      17) рақымшылық жасау туралы құжаттар шығарады;

      18) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын бекітеді және олардың күші жойылғанын заңдастырады;

      19) Республика Президентінің төтенше жағдай енгізу туралы жарлығын бекітеді;

      20) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;

      21) өзіне Республика Конституциясымен жүктелген өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.

      65-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасын Жоғарғы Кеңес бірінші сессияда Жоғарғы Кеңестің мемлекеттік тілді меңгерген депутаттары арасынан жасырын дауыс беру арқылы депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен сайлайды.

      Жоғарғы Кеңес Төрағасы:

      1) Жоғарғы Кеңестің сессияларын шақырады;

      2) Жоғарғы Кеңестің қарауына жататын мәселелердің әзірленуіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      3) Жоғарғы Кеңестің мәжілістерінде төрағалық етеді;

      4) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасарлары қызметіне Жоғарғы Кеңеске кандидатуралар ұсынады;

      5) Жоғарғы Кеңес атынан парламентаралық келісімдерге қол қояды;

      6) өзіне Жоғарғы Кеңес қызметінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен жүктелген басқа да өкілеттікті жүзеге асырады.

      66-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасарлары Төрағаның уәкілдік беруімен оның жекелеген міндеттерін атқарады және Төраға болмаған немесе ол өз міндеттерін жүзеге асыруы мүмкін болмаған ретте оның міндетін атқарады.

      67-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Республика халқының өкілі болып табылады.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты өзінің пікірін білдіруге және өз сенімі бойынша дауыс беруге құқылы. Жоғарғы Кеңес пен оның органдарының мәжілістерінде дауыс беруді депутаттың жеке өзі жүзеге асырады.

      68-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутатының Жоғарғы Кеңестен тыс қызметті атқаруына, басқа да бір өкілді органның депутаты болуына, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына болмайды.

      69-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутатына ешкімнің тиісуіне болмайды: оны Жоғарғы Кеңестің келісімінсіз қамауға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Қылмыс үстінде ұсталған жағдайларды қоспағанда, оны ұстауға болмайды.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутатының құқылық жағдайы конституциялық заңмен белгіленеді.

      70-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің сессиясы оның пленарлық мәжілістерінде ашылады және жабылады.

      Жоғарғы Кеңестің мәжілістері ашық жүргізіледі. Депутаттардың бестен бір бөлігінің немесе Жоғарғы Кеңес Төрағасының ұсынысы бойынша депутаттардың жалпы саны көпшілігінің шешімімен Жоғарғы Кеңес мәжілістері жабық өткізілуі мүмкін.

      71-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде заң шығару бастамасы құқығы Жоғарғы Кеңес депутаттарына, Қазақстан Республикасының Президентіне, Министрлер Кабинетіне, Жоғарғы Сотына және Жоғары Төрелік Сотына беріледі.

      72-бап. Қазақстан Республикасының заңдары және Жоғарғы Кеңесінің өзге де шешімдері оның депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

      Қазақстан Республикасының Конституциясы Жоғарғы Кеңес депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен қабылданады.

      73-бап. Заңдардың жобалары және мемлекет өмірінің Республика Жоғарғы Кенесінің қарауына жататын басқа да маңызды мәселелері бүкілхалықтық талқылауға ұсынылуы мүмкін.

      74-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелері бойынша заңдар мен шешімдер қабылдауы үшін республикалық референдум өткізілуі мүмкін.

      Оны ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының конституциялық заңымен белгіленеді.

13-тарау

ПРЕЗИДЕНТ

      75-бап. Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттің басшысы болып табылады және Республиканың атқарушы өкімет билігінің біртұтас жүйесін басқарады.

      Президент азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, Республика Конституциясы мен заңдарының сақталуына кепіл болады.

      76-бап. Қазақстан Республикасының Президенті бес жыл мерзімге сайланады.

      Президент қаңтардың үшінші сәрсенбісінде Жоғарғы Кеңес мәжілісінде: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Республиканың Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақстан Республикасының Президенті деген биік мәртебелі міндетті адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін", - деп ант берген кезден бастап қызметіне кіріседі.

      Президенттің өкілеттігі жаңадан сайланған Президент қызметіне кіріскен кезден бастап тоқтатылады.

      Бір адам қатарынан екі мерзімнен астам уақыт Президент бола алмайды.

      77-бап. Президенттің Республика өкілді органының депутаты болуға, өзге де мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерде қызмет атқаруға немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқы жоқ.

      78-бап. Қазақстан Республикасының Президенті:

      1) Республиканың мемлекеттік егемендігін, конституциялық құрылысын қорғау, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қолданады;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарына қол қояды, қол қоюға табыс еткеннен кейін заңды екі апта мерзімнен кешіктірмей қайталап талқылау және дауыс беру үшін өз қарсылықтарымен қоса Жоғарғы Кеңеске қайтаруға құқылы. Егер Жоғарғы Кеңестің депутаттары жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен Жоғарғы Кеңестің бұрын қабылдаған шешімді қуаттаса, Президент заңға қол қояды. Аталған мерзім ішінде қайтарылмаған заң қол қойылған болып есептеледі;

      3) Жоғарғы Кеңестің келісімімен Қазақстан Республикасы Премьер-министрін, Премьер-министрінің орынбасарларын, Қазақстан Республикасының сыртқы істер, қорғаныс, қаржы, ішкі істер министрлерін, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын және дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын қызметке тағайындайды; Министрлер Кабинетінің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады; Премьер-министрдің ұсынуымен Министрлер Кабинетінің құрамын белгілейді, министрліктерді, мемлекеттік комитеттер мен ведомстволарды құрады және таратады; Министрлер Кабинеті, министрліктер, мемлекеттік комитеттер мен ведомстволар құжаттарының күшін жояды не толық немесе бір бөлігінің қолданылуын тоқтата тұрады;

      4) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де кеңесші-ақылдастық алқалар құрады;

      5) мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді;

      6) ұлттық валютаның қолданылу тәртібін, мерзімі мен шарттарын белгілейді;

      7) Жоғарғы Кеңеспен ақылдасқаннан кейін референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;

      8) халықаралық қатынастарда Қазақстан Республикасының өкілі болады; келіссөздер жүргізеді және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қояды, Республика жасасқан шарттар мен ол қабылдаған міндеттемелердің сақталуын қамтамасыз етеді;

      9) өзінің жанында тіркелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және өзге де өкілдерінің сенім грамоталары мен кері шақырып алу грамоталарын қабылдайды;

      10) Қазақстан Республикасының халқына және оның Жоғарғы Кеңесіне үндеу жолдайды, Жоғарғы Қеңеске Республиканың жағдайы туралы жыл сайын баяндамалар табыс етіп, оған Қазақстан Республикасының ішкі саяси және сыртқы саяси қызметінің неғұрлым маңызды мәселелері туралы оқтын-оқтын хабарлап отырады;

      11) Республиканың Жоғарғы Кеңесіне Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты, Жоғары Төрелік Соты Төрағасы мен судьяларының, Бас Прокурорының, Ұлттық Банкісі Төрағасының кандидатураларын ұсынады; Жоғарғы Кеңеске оларды міндеттерінен босату туралы ұсыныс жасайды;

      12) мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту жөнінде шаралар қолданады және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады;

      13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары мен наградтайды, Қазақстан Республикасының жоғары дипломатиялық дәрежелері мен әскери атақтарын, құрметті және арнаулы атақтарын береді;

      14) заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерін шешеді;

      15) азаматтарға кешірім беруді жүзеге асырады;

      16) заңға сәйкес тек қана азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және конституциялық құрылысты қорғау үшін уақытша шара ретінде төтенше жағдай енгізеді;

      17) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттікті жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекет басшысы ретіндегі өз өкілеттігін қандай да болсын органдар мен лауазымды адамдарға тапсыруға қақысы жоқ.

      79-бап. Республика Президенті Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары негізінде және оларды орындау үшін Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар, қаулылар мен өкімдер шығарады.

      80-бап. Қазақстан Республикасы Президентіне ешкімнің тиісуіне болмайды.

      81-бап. Қазақстан Республикасының Вице-президенті Республика Президентімен бірге сайланады және Президенттің уәкілдік беруімен оның жекелеген міндетін атқарады, Президент болмаған немесе өз міндеттерін жүзеге асыруы мүмкін болмаған ретте оның міндетін атқарады.

      Вице-президенттің Республика өкілді органының депутаты болуға, өзге де мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерде қызмет атқаруға немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қақысы жоқ.

      Вице-президентке ешкімнің тиісуіне болмайды.

      82-бап. Қазақстан Республикасының Президенті мен Вице-президенті, өздерінің еркімен, өз өкілеттігін одан әрі жүзеге асыруы мүмкін болмаған ретте орнынан түсуге құқылы.

      Егер Жоғарғы Кеңес депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі бөлігі Президенттің өз еркімен орнынан түсуін жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.

      83-бап. Республика Президенті өз еркімен орнынан түскен, қайтыс болған ретте Президенттің өкілеттігі Вице-президентке ауысады. Президенттің міндеттерін Вице-президент өз мойнына алуы мүмкін болмаған жағдайда бұл міндеттер Жоғарғы Кеңес Төрағасына ауысады. Бұл ретте Президент сайлауы екі ай мерзімде өткізілуге тиіс.

      Вице-президент өз еркімен орнынан түскен, қайтыс болған ретте Президент Жоғарғы Кеңестің келісуімен Вице-президент тағайындайды.

14-тарау

МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТІ

      84-бап. Министрлер Кабинеті Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады және мемлекеттік басқару мәселелерін шешуге қақылы. Министрлер Кабинетінің құқылық мәртебесі мен құзыреті конституциялық заңмен белгіленеді.

      Министрлер Кабинеті мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, Республиканың мемлекеттік органдарында және қоғамдық бірлестіктерде өзге де қызметтер атқаруға немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қақысы жоқ.

      85-бап. Министрлер Кабинеті Қазақстан Республикасының Президенті алдында жауапты.

      Жаңадан сайланған Президент алдында Министрлер Кабинеті өз өкілеттігін доғарады.

      Егер Министрлер Кабинеті өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мүмкін емес деп санаса, ол Республика Президентіне өзінің орнынан түсетіні туралы мәлімдеуге құқылы. Министрлер Кабинетінің әрбір мүшесі өз еркімен орнынан түсуге құқылы.

      86-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары негізінде және соларды орындау үшін Министрлер Кабинеті Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар құжаттар шығарады.

      87-бап. Премьер-министр Министрлер Кабинетінің қызметіне тікелей басшылықты жүзеге асырады, Министрлер Кабинетінің қаулыларына қол қояды, өкімдер шығарып, өзіне жүктелген өзге де міндеттерді орындайды.

      88-бап. Министрлер Кабинетінің мүшелері Қазақстан Республикасы заңдарының орындалу мәселелері бойынша Жоғарғы Кеңес алдында жауапты.

      Республика Жоғарғы Кеңесі Министрлер Кабинетінің кез келген мүшесінің Қазақстан Республикасы заңдарының орындалу мәселелері жөніндегі есебін тыңдауға құқылы. Министрлер Кабинетінің мүшесі Республика Конституциясы мен заңдарын бұзған ретте Жоғарғы Кеңес оны қызметінен мерзімінен бұрын босату туралы Республика Президенті алдында мәселе қоюға құқылы.

15-тарау

МЕМЛЕКЕТТІҢ АЙМАҚТЫҚ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ БАСҚАРУ

      89-бап. Мемлекеттік басқару ісін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының аумағы заңмен белгіленген әкімшілік-аймақтық бөліністерге бөлінеді.

      90-бап. Әкімшілік-аймақтық бөліністерде жергілікті істер Республика заңдарында белгіленген шектеулермен дербес басқарылады.

      Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуді жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады.

      Олар Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Президент пен Министрлер Кабинеті құжаттарының орындалуын қамтамасыз етеді.

      91-бап. Тиісті әкімшілік-аймақтық бөліністер тұрғындарының өкілді органдарын жұртшылық бес жыл мерзімге сайлайды.

      Жергілікті өкілді органдардың құзыреті, олардың ұйымдастырылу және қызмет тәртібі, депутаттардың саны мен олардың құқылық жағдайы заңмен белгіленеді.

      92-бап. Жергілікті атқарушы органның басшысы тиісті әкімшілік-аймақтық бөліністе Республика Президентінің тікелей өкілі болады және оның аумағында мемлекеттік басқару міндетін жүзеге асырады.

      Жергілікті атқарушы органның басшысын заңда белгіленген тәртіппен Президент не жоғары тұрған тиісті жергілікті атқарушы органның басшысы қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.

      Жергілікті атқарушы органның құзыреті, оның ұйымдастырылу және қызмет тәртібі заңмен белгіленеді.

      93-бап. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар өз құзіретіне жататын мәселелер бойынша тиісті аумақта орындалуға міндетті шешімдер қабылдайды.

      Жергілікті өкілді органдардың Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарына сай келмейтін шешімдерінің күші сот немесе заңмен белгіленген өзге де тәртіп бойынша жойылуы мүмкін.

      Жергілікті атқарушы органдар шешімдерінің күшін жоғары тұрған атқарушы орган не Республика Президенті жоюы немесе ол сот тәртібімен жойылуы мүмкін.

      94-бап. Жергілікті өкілді органдардың өкілеттігін заңмен белгіленген тәртіп пен реттерде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі мерзімінен бұрын тоқтатуы ықтимал.

16-тарау

СОТ

      95-бап. Қазақстан Республикасындағы сот билігі Конституциялық Сотқа, Жоғарғы Сотқа, Жоғары Төрелік Сотқа және заң бойынша құрылатын төменгі соттарға тиесілі.

      Ешқандай өзге органның, лауазымды немесе өзге де адамның сот билігі міндеттерін өз мойнына алуға қақысы жоқ.

      Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Конституциясын қорғау жөніндегі сот билігінің жоғары органы болып табылады.

      Жоғарғы Сот, Жоғары Төрелік Сот өз құзіретіндегі мәселелер бойынша сот билігінің жоғары органдары болып табылады және төменгі соттарға сот қадағалауын жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасы соттары мен судьяларының мәртебесі конституциялық заңдармен белгіленеді. Соттардың ұйымдастырылу және қызмет тәртібі заңмен белгіленеді.

      Төтенше, арнаулы соттар мен судьялар қызметтерін құруға және тағайындауға жол берілмейді.

      96-бап. Сот билігі Қазақстан Республикасы атынан жүзеге асырылады және өзіне құқықтар мен бостандықтарды қорғауды, Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.

      97-бап. Сот билігі осы Конституция, Қазақстан Республикасы заңдары мен өзге де құжаттары, халықаралық шарттар және өзге де міндеттемелер негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады.

      98-бап. Соттарда істерді қарау заңдылық негізде, соттасушы жақтардың тікелей қатысуымен сотта іс жүргізілетін тілді сақтай отырып, жариялылық, сайысушылық, тараптар құқықтарының теңдігі, судьялардың тәуелсіздігі және шешімдер шығарған кезде олардың айғақтарды еркін бағалауы жағдайында жүргізіледі.

      Істі жария қарау мемлекеттік, коммерциялық құпияның ашылып қалуына әкеп соғатын кезде, не азаматтардың жеке немесе отбасылық сыры жайылып кетпеуін қамтамасыз ету қажет болған кезде істерді жабық мәжілісте қарауға жол беріледі.

      Сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін іске қатысушы адамдар аудармамен, сондай-ақ сотта ана тілінде сөйлеу құқымен қамтамасыз етіледі.

      Соттарда істер алқалы түрде қаралады. Заңда тікелей көрсетілген реттерде істерді судьяның жеке-дара қарауына жол беріледі.

      Сот ісін жүргізу тәртібі заңмен белгіленеді.

      Сот ісін жүргізудің төтенше түрлерін құруға жол берілмейді,

      99-бап. Соттардың шешімдері мен талаптарын оларды жүзеге асыруға тиіс барлық органдар, кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар мен азаматтар орындауға міндетті. Оларды орындамау заң бойынша жауаптылыққа әкеп соқтырады.

      100-бап. Қазақстан Республикасы судьяларының өкілеттік мерзімі - он жыл.

      Судьялар өз міндеттерін атқарудан сот ісін жүргізуге қатысуына кедергі болатын денсаулық жағдайына байланысты ғана, сондай-ақ өз тілегі бойынша мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.

      Судьялар заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша өз өкілеттігінен мерзімінен бұрын айрылуы мүмкін.

      101-бап. Судьялар тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағынады.

      Соттың Қазақстан Республикасы Конституциясына қайшы келетін заңды қолдануға қақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиіс заң немесе өзге де бір қалыпты құжат Қазақстан Республикасы Конституциясына қайшы келеді деп тапса, ол іс жүргізуді тоқтата тұрып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотына бұл заңды Конституцияға сай емес деп тану туралы өтініш жасайды.

      Соттың сот әділдігін іске асыру жөніндегі қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соқтырады.

      Нақты істер бойынша сот әділдігін іске асыру мәселелері жөнінде судьялар есеп бермейді.

      102-бап. Судья лауазымы депутаттық мандатпен, өзге мемлекеттік органдарда қызмет атқарумен, саяси мақсаттар көздейтін қоғамдық бірлестікке мүше болумен, кәсіпкерлік қызметпен сыйыспайды.

      103-бап. Судьяларға ешкімнің тиісуіне болмайды: судьяны өзін сайлаған орган келісім бермейінше қамауға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Қылмыс үстінде ұсталған жағдайларды қоспағанда, оны ұстауға болмайды.

      104-бап. Мемлекет судьяларға ешкімнің тиіспеуіне кепілдік береді, олардың мәртебесіне сәйкес тәуелсіздігінің әлеуметтік, материалдық және өзге де кепілдіктерін қамтамасыз етеді.

      105-бап. Сот ісін жүргізудің кез келген сатысында кәсіби заң көмегін көрсету және қорғану құқығы танылады.

17-тарау

ПРОКУРАТУРА

      106-бап. Қазақстан Республикасы аумағында заңдардың дәлме-дәл және біркелкі орындалуын қадағалауды өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Прокуратурасы жүзеге асырады.

      Заңда көзделген рет пен тәртіп бойынша прокуратура органдары қылмыстық қудалауды жүзеге асырады, соттың істерді қарауына қатысады.

      107-бап. Прокуратура органдары өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және тек қана заңға бағынады.

      Прокурор лауазымы депутаттық мандатпен, өзге мемлекеттік органдарда қызмет атқарумен, саяси мақсаттар көздейтін қоғамдық бірлестікке мүше болумен, кәсіпкерлік қызметпен сыйыспайды.

      108-бап. Прокуратура органдарының бірыңғай және орталықандырылған жүйесін Жоғарғы Кеңес бес жыл мерзімге тағайындайтын Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры басқарады. Төменгі прокурорларды Бас Прокурор тағайындайды және қызметінен босатады.

      Прокуратура органдарының құзіреті, құрылымы, қызмет тәртібі және прокурорлардың құқылық жағдайы заңмен белгіленеді

18-тарау

САЙЛАУ

      109-бап. Жоғарғы Кеңес депутаттарын, Президентті, жергілікті өкілді органдар депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.

      110-бап. Сайлау жалпыға бірдей болып табылады: Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтарының сайлау құқы бар. Сот қабілетсіз деп таныған азаматтар, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдар сайлауға қатыспайды.

      111-бап. Сайлау тең сайлау болып табылады: әрбір сайлаушы бір дауысқа ие, кандидаттар сайлауға тең негізде қатысады.

      112-бап. Сайлау төте сайлау болып табылады: Жоғарғы Кеңесі депутаттарын, Президентті, жергілікті өкілді органдар депутаттарын азаматтар тікелей сайлайды.

      113-бап. Сайлауда дауыс жасырын беріледі: сайлаушылардың өз еркін білдіруіне бақылау жасауға жол берілмейді.

      114-бап. Отыз бес жасқа толған және алпыс бес жастан аспаған, Қазақстан Республикасы аумағында кемінде он жыл тұрақты тұратын, мемлекеттік тілді мүлтіксіз меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы Президент болып сайлана алады.

      Қазақстан Республикасы аумағында кемінде он жыл тұрақты тұратын, мемлекеттік тілді меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы Вице-президент болып сайлана алады.

      Республиканың Вице-президенті Қазақстан Республикасының Президентімен бірге сайланады.

      115-бап. Республиканың 25 жасқа толған азаматы - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 20 жасқа толған азаматы - жергілікті өкілді органның депутаты болып сайлана алады.

      Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының бір ғана өкілді органының депутаты бола алады.

      116-бап. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізіледі және мерзімі жөнінен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Қеңесінің жаңа құрамын сайлаумен тұстас келмеуге тиіс.

      117-бап. Сайлауға әзірлік ашық және жария түрде жүзеге асырылады.

      Азаматтарға, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктерге кандидаттарды еркін ұсыну, оларды жан-жақты талқылау, жақтап немесе оларға қарсы үгіт жүргізу мүмкіндігіне кепілдік беріледі.

      118-бап. Жоғарғы Кеңес депутаттарының, Президенттің, жергілікті өкілді органдар депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу тәртібі және сайлау комиссияларының өкілеттігі конституциялық заңдармен белгіленеді.

19-тарау

ҚАРЖЫ

      119-бап. Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі бюджеттен және мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың қаржы қорларынан тұрады.

      Республика Жоғарғы Кеңесі нысаналы қаржы қорларын құрып, олардың құралу көздерін белгілеуі мүмкін.

      120-бап. Қазақстан Республикасының бюджет жүйесін республикалық және жергілікті бюджеттер құрайды.

      Қазақстан Республикасы аумағында бірыңғай бюджет-қаржы, салық, ақша-кредит, валюта және баға саясаты жүргізіледі; бірыңғай салық қызметі жүзеге асырылады.

      121-бап. Қазақстан Республикасында банк жүйесін Республиканың Жоғарғы Кеңесі мен Президентіне есеп беріп отыратын Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісі, сондай-ақ өзге де мемлекеттік және жеке банкілер құрайды.

      122-бап. Мемлекет экономикалық, әлеуметтік, зейнетақылық, медициналық және мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлеріне арналған арнаулы ақша қорларын құрады.

      123-бап. Мемлекет сақтандыру мен банк ісінің бимемлекеттік түрлерін дамытуға көмек көрсетеді.

20-тарау

ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК

      124-бап. Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауды оның Қарулы Күштері жүзеге асырады.

      Қарулы күштерді ұйымдастыру, Республика әскери қызметшілерінің әскери қызмет атқару тәртібі және мәртебесі заңмен белгіленеді.

      125-бап. Мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қорғау ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдарына және республикалық ұланға жүктеледі. Олардың мәртебесі және қызметі заңмен белгіленеді.

      126-бап. Қарулы күштерді, республикалық ұланды, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарын мемлекеттік өкімет органдарының қызметіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына бөгет жасау немесе оларды заңсыз шектеу мақсатында, сондай-ақ Конституцияға қарсы өзге де мақсаттарда пайдалануға тыйым салынады.

IV бөлім. КОНСТИТУЦИЯНЫ САҚТАУ КЕПІЛДІКТЕРІ

21-тарау

КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІН ҚОРҒАУ

      127-бап. Қазақстан Республикасы Конституциясының принциптері мен ережелерін жүзеге асыру қоғамды және мемлекетті демократиялық тұрғыдан ұйымдастыру, Конституцияның жоғары заңдық күші, заңның үстемдігі арқылы қамтамасыз етіледі.

      128-бап. Конституцияның тұрақтылығы оны өзгертудің ерекше тәртібі мен жекелеген конституциялық ережелерді қайта қарау рәсімі, сондай-ақ конституциялық заңдар арқылы қамтамасыз етіледі.

      129-бап. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар Жоғарғы Кеңес депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі даусы мен енгізіледі.

      Конституциялық құрылыс негіздеріне қатысты түзетулер Жоғарғы Кеңес депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үш даусымен енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Конституциясында конституциялық деп аталған заңдарды Жоғарғы Кеңес депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі даусымен Жоғарғы Кеңес қабылдайды.

      130-бап. Конституцияны соттың қорғауы және оның үстемдігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүктеледі, ол Қазақстан Республикасы заңдары мен өзгеде құжаттарының, халықаралық шарттар және өзге де міндеттемелерінің Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестігі туралы талаптарды қарайды.

      131-бап. Конституциялық Соттың заңдар мен өзге де құжаттарды Конституцияға сай емес деп табуы Қазақстан Республикасы аумағында олардың күшін жояды, сондай-ақ Конституцияға сай емес деп танылған құжатқа негізделген басқа да қалыпты және өзге құжаттардың күшін жояды.

      Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасының күшіне енбеген халықаралық шарттарын және өзге де міндеттемелерін Конституцияға сай емес деп табуы олардың Қазақстан Республикасы үшін жарамсыздығын көрсетеді.

      Егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Конституциялық Соттың қаулысына қабылданған кезінен бастап он күн мерзімде қарсылық енгізбесе, Конституциялық Соттың қаулылары қабылданған кезінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының Президенті немесе Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Конституциялық Соттың қаулысына қарсылық енгізген ретте Конституциялық Соттың қаулысы тоқтатылып қояды.

      Егер Конституциялық Сот бұрын қабылданған қаулыны судьялар жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен бекітсе, ол қабылданған кезінен бастап күшіне енеді.

      Конституциялық Соттың қаулылары түпкілікті болып табылады және оларға шағым берілмейді.

ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ

I Жалпы ереже

      1-бап. Осы өтпелі кезең ережелері Қазақстан Республикасы Конституциясының құрамдас бөлігі болып табылады және оның ережелерін дәйекті түрде іске асыруға бағытталған.

      2-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енген күні кейіннен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен қоса 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясының (Негізгі Заңының) қолданылуы тоқтатылады, бұған Қазақ КСР Конституциясының 98, 100, 104, 105, 110, 113-баптары жатпайды, олар он екінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің өкілеттік мерзімі біткенге дейін қолданылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасы Конституциясының жекелеген ережелері осы Өтпелі кезең ережелеріне белгіленген тәртіп пен мерзімде күшіне енеді.

II

Заңдар туралы

      4-бап. Өтпелі кезеңде мемлекеттік тілді еркін және тегін оқып үйрену үшін жағдай жасалсын, осы кезеңде Қазақстан Республикасында іс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

      5-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясында конституциялық деп аталған заңдар ол күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде қабылдануға тиіс, бұған мына заңдар кірмейді:

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі туралы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутатының мәртебесі турлы және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен жергілікті өкілді органдары депутаттарының сайлауы туралы конституциялық заңдар, олар 1994 жылғы бірінші шілдеден кешіктірілмей қабылдануға тиіс.

      Егер Қазақстан Республикасы Конституциясында конституциялық деп аталған заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енген кезге дейін қабылданған болса, олар Конституцияға сәйкес келтіріліп, конституциялық заңдар деп есептеледі.

      Қазақстан Республикасының Конституциясында аталған өзге заңдар Жоғарғы Кеңес белгілейтін тәртіп пен мерзімде, бірақ ол күшіне енгеннен кейін екі жылдан кешіктірілмей қабылдануға тиіс. Егер мұндай заңдар осы Конституция күшіне енген кезге дейін қолданылып келген болса, олар Конституцияға сәйкес келтіріледі.

      6-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енгеннен кейін екі жыл ішінде заңдар мен өзге де қалыпты құжаттар, сондай-ақ Республиканың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының құжаттары оған сәйкес келтірілуге тиіс. Бұған дейін олар осы Конституцияға қайшы келмесе, қолданыла береді.

      7-бап. КСРО-ның заңдары мен өзге де қалыпты құжаттары Қазақстан Республикасы аумағында Республиканың тиісті заңдары мен өзге де қалыпты құжаттары қабылданғанға дейін және осы Конституция мен Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтін бөлігінде ғана қолданылады.

      КСРО-ның халықаралық шарттары Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдары мен халықаралық шарттарына қайшы келмейтін болса, Қазақстан Республикасы аумағында қолданылады. Аталған шарттардың қайшы келетін ережелерінің күші Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тоқтатылады.

III

Мемлекет, оның органдары мен институттары туралы

      8-бап. Қазақстан Республикасы Конституциясының 68-бабының ережелері жаңадан сайланған Жоғарғы Кеңестің бірінші сессиясы ашылған кезден бастап күшіне енеді.

      Осы Конституцияның 115-бабының екінші бөлігі жаңадан сайланған жергілікті өкілді органдардың бірінші сессиялары ашылған кезден бастап күшіне енеді.

      9-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енген кезге дейін қолданылып келген заңдарға сәйкес сайланған он екінші сайланған Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі өзі сайланған мерзім біткенге дейін өз өкілеттігін жүзеге асырады.

      10-бап. Осы Конституция күшіне енген кезге дейін қолданылып келген Қазақ КСР заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Президенті мен Вице-президенті кезекті президент сайлауына дейін өз өкілеттігін сақтап қалады. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Президентіне Қазақстан Республикасы Конституциясының бір адам қатарынан екі мерзімнен астам уақыт Президент бола алмайтыны туралы ережесі қолданылады.

      11-бап. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті осы Конституцияның күшіне енуіне байланысты Министрлер Кабинетінің жаңа құрамы құрылғанға дейін өз өкілеттігін сақтап қалады.

      12-бап. Соттарды, прокуратура мен құқық қорғау органдарын ұйымдастыруды және олардың қызметін реттейтін, Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енген кезге дейін қолданылып келген заңдар оның ережелеріне қайшы келмейтін болса, қолданыла береді.

      13-бап. Осы Конституция қол қойылған кезінен бастап күшіне енеді.

      Он екінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясында 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданды.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады