Республика аумағында төтенше оқиғалардың алдын алу жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 19 наурыздағы N 451 Өкімі

      Қазақстан Республикасының аумағында техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемін:

      1. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
      су көздерін реттеу, олардағы судың қауіпсіз деңгейін ұстап тұру, гидротехникалық құрылыстардың орнықтылығын арттыру, су тасқынына қарсы және жағалауларды бекіту жұмыстарын дер кезінде жүргізу жөнінде қажетті шаралар қолдансын;
      сел жағдайы мен селден қорғау құрылыстарының жай-күйіне тұрақты бақылау орнатсын, аса қысқа мерзімде қар көшкіні мен жер көшкіні туындауы ықтимал қауіпті учаскелерге зерттеу жүргізсін, уақытылы және толық көлемде тиісті алдын алу іс-шараларын жүзеге асырсын.

      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп:
      үйлер мен ғимараттарды жобалау мен тұрғызудың сапасына, оларды пайдаланудың белгіленген ережелерінің сақталуына бақылауды қатайтсын;
      2004 жылғы 1 шілдеге дейін мектептердің, бала бақшалардың, мәдениет үйлерінің, кинотеатрлар мен адамдар жаппай жиналатын басқа да объектілердің, көп қабатты тұрғын үйлердің апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында олардың техникалық жай-күйіне тексеруді жүзеге асырсын.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      2004 жылдың аяғына дейін Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеп, бекітуге енгізсін;
      2004-2005 жылдар ішінде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі қызметтерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерін шешсін;
      ұлттық парктердің, қорықтар мен қорықшалардың аумақтарында, су қорғау аймақтарында, көшкін қаупі бар учаскелерде, туризм инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы құрылыстарды қоспағанда, қандай да бір объектілер тұрғызуға тыйым салсын;
      жер бөліп беру мен құрылыстардың заңдылығын анықтау үшін осы учаскелерде тұрғызылған объектілерге 2004 жылғы 1 шілдеге дейін тексеру жүргізсін.

      4. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады