Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 281 Өкімі.

      Ескерту. Өкімнің тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 14.07.2020 № 118 өкімімен.

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеуді жүзеге асыру мақсатында мынадай құрамда Комиссия құрылсын:

      Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы, басшы

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры (келісім бойынша)

      "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігі кеңесінің төрағасы (келісім бойынша).

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      2. Комиссия тұрақты негізде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың мақсатты, заңды және тиімді пайдаланылуына мониторингтеуді жүзеге асырсын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландырылатын инфрақұрылымдық және индустриялық жобалардың іске асырылуына мониторинг және қаржылық бөлігіне аудит жүргізсін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 14.07.2020 № 118 өкімімен.

      3. Комиссияға:

      1) мемлекеттік органдардан, мемлекет қатысатын ұйымдардан және лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, кұжаттар мен өзге де материалдарды, оның ішінде тиісті лауазымды адамдардың ауызша жэне жазбаша түсініктемелерін талап ету;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландырылатын инфрақұрылымдық және индустриялық жобалардың іске асырылуына мониторинг және қаржылық бөлігіне аудит жүргізу үшін сыртқы сарапшыларды (аудиторларды) тарту;

      3) тиісті мемлекеттік органдардың және мемлекет қатысатын ұйымдардың лауазымды адамдарының тәртіптік және өзге де жауапкершілігі туралы мәселені шешу үшін материалдарды жіберу;

      4) заңнамада белгіленген тәртіппен қарау үшін ақпаратты құқық қорғау органдарына және ұлттық қауіпсіздік органдарына жіберу құқығы берілсін.

      4. Комиссияның басшысы Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуының жай-күйі туралы жартыжылдық есеп ұсынсын.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 14.07.2020 № 118 өкімімен.

      5. Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы Комиссияның жұмыс органы болып айқындалсын.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 26.11.2022 № 5 Жарлығымен.

      6. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады