Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауд Арабиясы Корольдігі Қоршаған орта, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум

Жаңа

Меморандум, 2017 жылғы 10 шілде

      (2017 жылғы 10 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 4, 52-құжат)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауд Арабиясы Корольдігі Қоршаған орта, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрлігі,

      ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, экономикалық және әлеуметтік дамудағы басты рөлін ұғына отырып,

      екіжақты ынтымақтастыққа қолдау көрсетуге, оны нығайтуға және оның нығаюына жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,

      ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықты көтермелеуді және нығайтуды қалай отырып және хижра бойынша 1415 жылғы 27 раби әс-сәниге сәйкес келетін 1994 жылғы 27 қыркүйекте екі ел арасында қол қойылған Сауда-экономикалық, инвестициялық, техникалық және мәдени, сондай-ақ спорт және жастар ісі салаларындағы ынтымақтастық туралы бас келісімді өзаралық пен өзара мүдделерді негізге ала отырып және әр елдегі заңдар мен қағидаларға сәйкес одан әрі ынтымақтастықтың қажет екендігін түсіне отырып,

      бұдан әрі төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптардың өзара тиімділігі үшін бұл саланы көтермелеу және дамыту мақсатында Тараптар ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық орнатуға ұмтылады.

2-бап

      Тараптар арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық:

      - ауыл шаруашылығы өнімінің саудасын;

      - мал шаруашылығын (оның ішінде малды жеткізу және көбейту) және балық шаруашылығын;

      - ветеринария мен ветеринариялық препараттарды;

      - өсімдіктерді қорғауды және өсімдіктер карантинін;

      - ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді;

      - ауыл шаруашылығы ғылымын;

      - ауыл шаруашылығына инвестицияларды және әріптестікті;

      - Тараптармен келіскен ауыл шаруашылығының өзге де салаларын қамтиды.

3-бап

      Тараптар бар ресурстар шеңберінде мыналар бойынша бірлесіп жұмыс істейді:

      - осы Меморандумның 2-бабында көрсетілген ауыл шаруашылығының барлық салаларында ақпаратпен және тәжірибемен алмасу;

      - ауыл шаруашылығы саласындағы ресми адамдардың, сарапшылар мен мамандардың сапарларымен алмасу;

      - өзара мүддені білдіретін мәселелер бойынша ауыл шаруашылығында бірлескен зерттеулер мен зерделеулер жүргізу;

      - ауыл шаруашылығы саласында симпозиумдар, оқу курстарын, семинарлар мен жұмыс сессияларын ұйымдастыру;

      - өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен импортын ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық реттеу саласында ынтымақтасу;

      - коммерциялық ауыл шаруашылығы көрмелерін ұйымдастыру және көтермелеу.

      Ынтымақтастықтың өзге нысандары Тараптардың өзара келісуі бойынша айқындалады.

4-бап

      Тараптар жеке секторды ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобалар құруға ынталандыру, сондай-ақ осы мақсаттарда қажет етілетін рәсімдерді жеңілдету үшін күш салады.

5-бап

      Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Меморандумды іске асыру барысында өзге Тараптан алынған немесе берілген құжаттардың, ақпараттың және басқа да деректердің зияткерлік меншік құқығын, құпиялығын құрметтейді.

      Тараптар осы Меморандумға сәйкес алынған кез келген ақпаратты үшінші тарапқа мұндай ақпарат алынған екінші Тараптың жазбаша келісімінсіз жария етуге міндеттенеді.

6-бап

      Егер өзгеше келісілмеген болса, әр Тарап өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде осы Меморандумның ережелерін орындау барысында туындайтын шығыстарды өзі көтереді.

7-бап

      Осы Меморандумды түсіндірумен және/немесе қолданумен байланысты туындайтын әрбір дау Тараптар арасында бейбіт әдістермен, консультациялармен және келіссөздермен шешіледі.

8-бап

      Тараптардың осы Меморандумға ол күшіне енгеннен кейін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша өтініш жолдау арқылы түзетулер енгізуді талап ету құқығы бар. Тараптардың өзара келісуі негізінде келісілген әрбір түзету 9-бапта көрсетілгендей күшіне енеді.

9-бап

      Осы Меморандум қазақстандық тарап осы Меморандумның күшіне енуі үшін қажетті мемлекет ішіндегі рәсімдердің орындалғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы саудтық тараптың жазбаша түрдегі хабарламасын алған күннен бастап күшіне енеді.

10-бап

      Осы Меморандумның ұзақтығы бес жылды құрайды, Тараптардың бірі екінші Тарапты Меморандумның қолданысын тоқтату немесе ұзартпау ниеті туралы жазбаша түрде және дипломатиялық арналар арқылы хабарландырмаса, автоматты түрде осындай мерзімге немесе мерзімдерге созылады. Мұндай хабарлама осы Меморандумның мерзімі аяқталатын күнге дейін кемінде алты ай бұрын беріледі.

      Меморандумның қолданысы тоқтатылған жағдайда, осы Меморандумның шеңберінде жасалған барлық жобалар мен іс-шаралар үшін оның қағидалары күшінде қалады.

      Осы Меморандум хижра бойынша 143_ жылғы __ _____________ сәйкес келетін 2016 жылғы 24 қазанда Эр-Рияд қаласында қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жазылды. Осы Меморандумның үш тілдегі барлық редакциялары теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында келіспеушілік болған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі нұсқаға жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы Ауыл Сауд Арабиясы Корольдігі Қоршаған орта,
      шаруашылығы министрлігі үшін су ресурстары және ауыл шаруашылығы
      министрлігі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады