Сауда-экономикалық ынтымақтастық принциптері туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметінің арасындағы Келісім

Жаңа

Келісім, Алматы қаласы, 1995 жылғы 30 қаңтар

(Келісім 1995 жылғы 30 қаңтардан қол қойылған күнінен бастап
күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2003 ж., N 11, 79-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі,
      қалыптасқан дәстүрлі сауда-экономикалық байланыстарды сақтауға ұмтылып,
      мемлекеттердің арасындағы өзара тиімді қатынастарды одан әрі тереңдету мен дамыту мақсатында,
      екі республикада нарықтық қатынастарды дамытуға қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін ескеріп,
      халықаралық құқық принциптерін негізге алып, төмендегі туралы келісті:

1-бап

      Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық теңдік, өзара тиімділік принциптеріне негізделіп, екі мемлекеттегі қолданылып жүрген заңдарды сақтап, меншік нысанына қарамастан Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасында шарттар /контрактылар/ жасау жолымен жүзеге асырылады.
      Қажет болған жағдайда өнімдердің аса маңызды түрлерінің өзара берілімінің номенклатурасы мен көлемі жыл сайын контракт жасаушы органдардың арасында жеке хаттамамен айқындалады.
      Шарттардың орындалуына, оның ішінде өзара есеп айырысулардың дер уақытында жүргізілуіне оларды жасаған субъектілер жауапкершілікте болады.

2-бап

      Шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасындағы берілген өнімдер үшін есеп айырысулар келісімді бағалар бойынша жүзеге асырылады.
      Төлем-есеп айырысулар мен кредит қатынастары жеке келісіммен реттеледі.

3-бап

      Тараптар шаруашылық жүргізуші субъектілердің жүктерінің тасымалы мен өткіні екі Тараптың нормативтік актілерімен және Тараптардың  тиісті органдарының арасында бұрын қол қойылған Келісімдермен айқындалады деп уағдаласты.

4-бап

      Тараптар мемлекеттердің кәсіпорындары мен ұйымдарының арасындағы, оның ішінде мамандану, кооперациялану және технологиялық жағынан байланысты өндірістердің шаруашылық байланыстарын сақтауға жәрдем көрсететін болады.

5-бап

      Тараптар жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылған бірлескен кәсіпорындардың мүлкін, мемлекет мүлкін, бір республиканың басқа республиканың аумағындағы заңды ұйымдары мен азаматтарының мүлкін құқықтық қорғалуын қамтамасыз етеді.

6-бап

      Тараптар сауда-экономикалық қызметте мемлекетаралық қатынастарды реттейтін қабылданған нормативтік актілер туралы ақпараттың, өнімнің аса маңызды түрлерінің берілуі туралы тоқсан сайын статистикалық есептің өзара табыс етілуін ұйымдастырады.

7-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану жөнінде даулар пайда болған жағдайда, оларды халықаралық құқық нормаларын ескеріп, келіссөздер жүргізу жолымен шешетін болады.
      Тараптардың екі жақты келісуі бойынша осы Келісімге өзгертулер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне еніп, Тараптардың бірі оның күшін жою туралы басқа Тарапқа кемінде үш ай мерзім бұрын жазбаша түрде хабарлағанша қолданылатын болады.

      1995 жылы 30 қаңтарда Алматы қаласында қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, мұндағы барлық текстің де күші бірдей.

(Қолдары)     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады